7-Дәріс. Қылмыстық құқық бұзушылықтардың көптігі. Қылмыстық құқық бұзушылықтардың көптігі және олардың түрлері.
Қылмыстық құқық бұзушылықтардың бiрнеше рет жасалуы.
Қылмыстық құқық бұзушылықтар жиынтығы.
Қылмыстардың қайталануы, қылмыстардың қауіпті қайталануы.
1. Қылмыстық құқық бұзушылықтардың көптігі және олардың түрлері. Бір адамның бір немесе бірнеше қылмыстық құқық бұзушылық істеуі мүмкін.
Жеке қылмыстық құқық бұзушылық деп қылмыстық заңда көрсетілген бір әрекеттен, зардаптан, кінәнің нысанынан құрылатын бір құрамды білдіретін және Ерекше бөлімнің бір бабымен ғана сараланатын қылмыстық құқық бұзушылықты айтамыз.
Кейбір жағдайларда бір адам бірнеше қылмыстық құқық бұзушылықты істеуі мүмкін, мұндай жағдайда олардың іс-әрекетін дұрыс саралау үшін қылмыстық құқық бұзушылықтардың көптігінің түсінігі дұрыс анықтау керек.
Жеке қылмыстық құқық бұзушылықтар мен қылмыстық құқық бұзушылықтардың көптігін ажырату, тергеу, сот қызметінде аса маңызды рөл атқарады. Кейбір жағдайларда оны ажырату белгілі бір тұрғыда қиындық та туғызады. Өйткені, жеке қылмыстардың өзі жай, күрделі құрамға, созылмалы, жалғасқан қылмыстар болып және басқа да түрлерге бөлінеді. Жай (бір) құрамда, бір объектіге, бір әрекет арқылы кінәнің бір нысанымен зиян келтіру арқылы жүзеге асырылады. Мысалы, ҚК-тің 188-баптың 1-бөлігі бөтеннің мүлкін жасырын жымқыру. Бұл жерде бір объектіге (біреудің меншігіне) бір әрекет (жасырын ұрлау) арқылы бір кінә нысанымен (қасақаналықпен) жәбірленушіге зиян келтіріліп отыр.
Күрделі құрам деп екі немесе одан да көп іс-әрекеттерден құралатын, оның әрқайсысының бірінен-бірін бөліп қарағанда жай түрдегі қылмыс құрамына жататын, бірақ ішкі бірлігі бойынша бір қылмысты құрайтын қылмыстардың жиынтығын айтамыз. Мысалы, қарақшылықтың құрамын алайық. Мұнда бөтен біреудің мүлкіне иелік ету жәбірленушінің өмірі мен денсаулығына қауіпті күш жұмсау арқылы жүзеге асырылады ҚК-тің 192-бап. Бұл жағдайда және әр түрлі қылмыстық әрекеттер (жәбірленушінің) өмірі мен денсаулығына қауіпті күш көрсету және мүлікті иемдену немесе (иемденуге оқталу) бір күрделі қылмыс құрамын - қарақшылықты құрайды, бірақ осы әрекет ішкі бірлегіне байланысты бір қылмыс құрап тұр. Жеке, күрделі құрамының бір түрі – балама әрекетті қылмыс болып табылады. Оның ерекшелігі сол қылмыс заңда көрсетілген әр бір әрекет немесе әрекетсіздік біткен қылмыс құрамың көрсетеді. Мысалы, ҚК-тің 175 бапта бір қылмыс құрамы мемлекетке опасыздық туралы жауаптылық көрсетілген, осы қылмыстың объективтік жағының әр-түрлі мынадай балама әрекеттерінің әрқайсысы жеке-жеке біткен қылмысты білдіреді: қарулы қақтығыс уақытында жау жағына өтiп кетуінен, сол сияқты тыңшылық жасауынан, мемлекеттiк құпияларды шет мемлекетке, халықаралық немесе шетелдiк ұйымға не олардың өкiлдерiне беруінен, сол сияқты Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделеріне қарсы бағытталған әрекетті жүргізуге оның өзге де көмек көрсетуінен көрінген қасақана іс-әрекеттеріне әр қайсысы жекеленген қылмыс құрамының біткен түрін білдіреді, осы әрекеттердің біреуін немесе бірнешеуін істегенде де бір ғана қылмыс істелді деп есептеледі.
Созылмалы қылмыс кінәлінің өзіне қылмыстық заң жазамен қорқытып жүктеген міндеттемелерін ұзақ мерзімде орындай әрекет немесе әрекетсіздік арқылы белгілі бір қылмыс құрамын үзіліссіз, белгілі бір уақыт аралағында жүзеге асырылу болып табылады.
Мұндай созылмалы қылмыстардың қатарына: Балаларын күтіп-бағауға арналған қаражатты төлеу жөніндегі міндеттерді орындамау, еңбекке қабілетсіз ата-аналарын, еңбекке қабілетсіз жұбайын (зайыбын) күтіп-бағуға арналған қаражатты төлеуден жалтару (139-бап), қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру (287-бап), қылмыс туралы хабарламау (434-бап) және басқаларды жатады. Мұндай жағдайларда қылмысты әрекет кінәлінің кінәсін өзі мойында келген уақытына немесе оның үкімет орны арқылы ұсталуына байланысты жағдайларда ғана үзіледі. Оған дейін істеген іс-әрекет бір жеке созылмалы қылмыс реттінде қарастырылады.
Жалғасқан қылмыс деп ортақ мақсатқа жетуге бағытталған ұқсас бірдей қылмысты әрекеттерден құрылатын, жиынтығында бір қылмыс болып табылатын қылмыстарды айтамыз. Мұндай қылмыстарға мысалы, азаптаулар (146-бап) сияқты қылмыс құрамдары. Жоғарыда сөз болған жеке қылмыстардан қылмыстардың көптігін ажырата білу керек.
Кейбір жағдайларда бір адам бірнеше қылмыстық құқық бұзушылықты істеуі мүмкін, мұндай жағдайда олардың іс-әрекетін дұрыс саралау үшін қылмыстардың көптігінің түсінігі дұрыс анықтау керек.
Қылмыстық жауапқа тартудың мерзімі ескерілмеген немесе сотталғандықтан арылмаған немесе соталғандығы жойылмаған жағдайда бір адамның екі немесе одан да көп қылмыстық құқық бұзушылықтарды істеуін қылмыстық құқық бұзушылықтар көптігі деп айтамыз. Қылмыстық құқық бұзушылықтардың көптігінің өзіндік белгілері: бір адамның екі немесе одан да көп әрқайсысы жеке-жеке құрам болып табылатын қылмыстық құқық бұзушылықты істеуі болып табылады. Сондай-ақ, қылмыстық жауапқа тарту мерзімі ескірген немесе сотталғандықтан арылған немесе ондай атағы жойылған іс-әрекеттер қылмыс көптігіне жатпайды. Қылмыстық құқықта қылмыстық құқық бұзушылықтардың көптігі деп адамның екі немесе одан да көп қылмысты кінәлі түрде істеуін айтамыз.
Іс-әрекеттің құрамына қарай қылмыстық құқық қылмыстық құқық бұзушылықтардың көптігін мынадай үш нысанға бөледі:
1). Қылмыстық құқық бұзушылықтардың бiрнеше рет жасалуы (ҚК-тің 12-бабы).
2). Қылмыстық құқық бұзушылықтар жиынтығы (ҚК-тің 13-бабы).
3). Қылмыстардың қайталануы, қылмыстардың қауіпті қайталануы (ҚК-тің 14-бабы).