ЖУРНАЛИСТ, АҒАРТУШЫ – МОЛДАҒАЛИ ЖОЛДЫБАЕВТЫҢ ӨМІРІ МЕН ҚЫЗМЕТІ Бүгінгі таңда отандық ғылым-білімнің қалыптасуына елеулі ықпал еткен қайраткерлердің мұрасы қоғам сұранысына ие болып отыр. Арада біраз ғасырдан астам уақыт өтсе де, алаш қайраткерлерінің еңбектері бүгін де өзектілігін жоя қоймады. Себебі қазіргі тәуелсіз Қазақстанның бет алысы, даму үрдісі алаш қайраткерлерінің еңбектерімен сарындас, мақсаты үндес болып отыр.
Ұлт болашағы үшін жан аямай еңбек еткен тұлғалардың бірі де бірегейі – ғалым, педагог, журналист, қоғам қайраткері Молдағали Жолдыбайұлы. Қайраткер 1887 жылы БҚО Казталов ауданында, нақтыласақ, бұрынғы Орал облысы Ілбішін уезі Қурайлы болысында туған. Тегі – Он екі ата Байұлына жататын Байбақты руы. 1900 жылдың басында Қарасудағы 6 сыныптық орыс-қазақ мектебін үздік тәмамдаған соң болашақ педагог Орынбордағы орыс-қазақ мұғалімдер мектебін «халық мұғалімі» атағымен тәмамдаған. 1910-1918 жылдары Жұбанышкөл, Бұлдырты мектептерінде, Қарасудағы орыс-қазақ мектебінде мұғалім болып жұмыс істеген [1, 3-б.].
Ағарту саласында мәдени-реформаторлық жәдид бағытын, әлеуметтік қөзқараста халықшылдық бағыт ұстады. 1913-1914 ж. «Айқап» журналында мақалаларын жариялады. 1915 ж. «Қазақ» газетінде «М.Жаңа байбақты» деген бүркеншек есіммен ұлттық педагогикадағы алғашқы ең мәнді еңбектердің бірі болып саналатын «Бала тәрбиесі» және «Ғалымның надандықтан жеңілуі» мақалалары жарық көрді. Соңғы жарияланым – Жымпиты кенті жайлы тарихи сипаттағы алғашқы мақалалардың бірі [2, 286-б.].
1917 жылы Орал облысында қазақ съезін ұйымдастыруға ат салысқан. 1917 жылы 1-жалпықазақ съезін өткізуші бюроның атынан Бүкілресейлік құрылтай жиналысына өкіл ретінде ұсынылған. 1918 жылы Қаратөбеде өткен Орал облыстық қазақ съезіне қатысқан. 1919 жылы күзде Орал қаласына келіп, РКП (б) қатарына өтеді [3, 201-203-б.].
1921 жылы РКП(б) Жымпиты уездік комитетінің төрағасы, 1921-1922 жылдары Орал губерниялық атқару комитеті төрағасының орынбасары, 1922 жылы Орынбордағы Қазақ АКСР Халық ағарту комиссариатының Ғылым, баспасөз және әдебиет ісін басқаратын академиялық орталығының төрағасы болып тағайындалған, Қазақ АКСР Халық ағарту комиссариаты жанындағы Ғылыми-әдістемелік кеңестің төрағасы болған. Бұл жылдары қайраткер Қазақстандағы ғылым-білім саласын жолға қою, жандандыру ісіне белсене атсалысқан. Қазақ тілінде оқулық, кітап шығару, аудармаларға ерекше көңіл бөліп, алаш зиялыларының еңбектеріне қолдау білдіріп отырған. Мәселен, ҚР Орталық мемлекеттік архивінің қорында Ғылыми әдістемелік кеңестің төрағасы – М.Жолдыбайұлының Мемлекеттік баспаға А.Байтұрсынұлының кітабы осы қалпында мектептерде пайдалануға жарамды екенін, кітапты жаңа оқу жылына дейін басып шығару керектігін ескерте келіп, қолжазбамен бірге жолдаған хаты сақталған [1, 4-б.].
Молдағали Жолдыбайұлы заманындағы келеңсіздіктерге қарсы тұрып, сынның әділ болуы, қаламгерлердің жазықсыз қараланбауы үшін де аянбай тер төккен.
Көрнекті жазушы Ғабит Мүсірепұлы өзінің естеліктерінде Сәкен Сейфуллиннің «Көкшетау» поэмасы мен Мұхтар Әуезұлының «Қилы заман» повесінің жарық көруіне Молдағали Жолдыбайұлының себепші болғанын айтады.
Молдағали Жолдыбайұлы Сәкен Сейфуллиннің «Қазақ әдебиеті» атты еңбегіне алғы сөз жазып, кітаптың шығуына атсалысқан. Қайраткер мұндай еңбектің маңызын, құнды жақтарымен қоса, кемшіліктерін де айта келіп: «...Қазақ әдебиетін қазақ тілінен басқа тілде оқытып болмайды. Кітап жоқ деп оқытпай қоюға тағы болмайды. Сондықтан қазақ әдебиеті тарихы ең керек кітаптың бірі болады», - деп жазады [1, 4-б.].
Қайраткер қазақтың музыка мұрасын жинақтауда А.В. Затаевичке ақыл-кеңес беріп отырған [3, 201-203-б.].
Қазақ тілінде оқулық даярлау ісіне белсене қатысқан. ҚР Орталық мемлекеттік архивінің қорында Қажым Басымұлы, Шамғали Сарыбайұлы, Әлкей Марғұлан, Ілияс Жансүгірұлы, Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллин, Ғабит Мүсірепұлы, Мұхтар Әуезұлы, Телжан Шонанұлы, Сейіл Жиенбайұлы т.с.с. ғалымдармен қатар педагог ғалым да бастауыш және орта мектеп оқулықтарының авторлары ретінде көрсетілген [1, 4-б.].
Телжан Шонанұлымен бірге бірінші басқыш мектеп үшін «Жаңа арна» атты іс құралын (араб, латын графикасымен бірнеше рет өңделіп, басылған), «Әліппе» оқулығын, ауыл мектептеріне арнап «Жаңалық» атты әліппені, Мұхтар Әуезұлы, Әуелбек Қоңыратпайұлымен бірігіп «XIX ғасыр мен XX ғасыр басындағы қазақ әдебиеті» атты оқулығын, Әуелбек Қоңыратпайұлы, Мұқаметжан Қаратаймен бірге бірігіп 4-сыныпқа арналған «Әдебиет хрестоматиясының» екінші бөлімін, «Саяси сауат» кітабын жазған. Н.Бухариннің «Тарихи затшылдық қисыны» атты еңбегін, Н.Манайұлымен бірге Лениннің шығармаларын қазақ тіліне аударған. «XIX ғасыр мен XX ғасыр басындағы қазақ әдебиетінің оқу кітабының» кіріспе сөзінде құрастырушылар бұл еңбектің тұңғыш рет жазылып отырғанын, кітап жазудағы қиыншылықтарды айта келіп, кітаптың әдебиет материалдарына сүйеніп жазылғанын, әдебиет материалдарының толық болмауын, кейбір ақындардың өмір тарихы туралы мәліметтер де болмағанын, сондықтан кітаптың бірқатар жері жорамалмен құрастырылғанын ескертеді [1, 5-б.].
М.Жолдыбайұлы 1923-1924 жылдары республикамыздағы негізгі басылым – «Еңбекші қазақ» газетінің жауапты редакторы болған. 1927 жылы «Жаңа мектеп» («Қазақстан мектебі») журналының алғашқы редакторы болып тағайындалған. Редактор ретінде М.Жолдыбайұлы басылым беттерінде сапалы мақалалардың жариялануына ерекше мән берген. М.Жолдыбайұлы «Жаңа мектеп» журналына редакторлық еткен кезде А.Байтұрсынұлының саясатқа еш қатысы жоқ, ғылыми мазмұндағы мақалалары жиі жарияланып тұрған. Алайда кейін А.Байтұрсынұлы сынды алаш зиялыларының мақалаларын жиі жариялағаны үшін М.Жолдыбайұлы да қудалауға түскен. 1927 жылы КИНО (Киргизский Институт Народного Образования) студенттерінің шағымы бойынша М.Жолдыбайұлының үстінен іс қозғалады. Педагог дәріс жүргізген кезде бақылауға немқұрайлы болғаны, кеңес үкіметіне қарсы сөйлеген студенттерді тиісті орындарға дер кезінде хабарламағаны үшін сөгіс берілген. Кейін, 1937 жылы осы фактілер негізінде М.Жолдыбайұлы Алашордамен байланысы болғаны үшін жазғырылады [4, 5-б.].
М.Жолдыбайұлы Қазақ халық ағарту иститутында, Орынбор жұмысшы факультетінде, т.б. орыс және қазақ әдебиеті тарихынан дәріс оқыған. 1933-1937 жылдары марксизм-ленинизм институты қазақ бөлімшесінің қызметкері болған, Қазақ педагогикалық институтында, Алматы журналистер мектебінде фольклордан, XIX ғасырдағы қазақ әдебиетінің тарихынан дәріс оқып, «доцент» ғылыми атағына ие болған. ҚР Орталық мемлекеттік архивінің қорында сақталған, бастауыш және орта мектеп оқулықтарының авторларының тізімінде педагог әдебиет бойынша оқулық жазатын автор ретінде көрсетіліп, ҚазПИ-дің доценті, коммунист ретінде тіркелген [1, 6-б.].
Қайролла Мұқановтың «Журналистика ілімінің ізашарлары» атты мақаласында Молдағали Жолдыбайұлы Қазақ журналистика институты жетекшісі әрі қазақтың тұңғыш кәсіби журналистерінің бірі болғаны туралы сөзін келтіре отырып, қайраткердің 1934 жылы Қазақ коммунистік журналистика институты директоры болғандығы айтылады [5, 3-б.].
Журналист Айгүл Аханбайқызының «Жеңіл жазасы атуға ауыстырылған Жолдыбаев» атты мақаласында да 1934 жылы наурыз айында құрылған Қазақ коммунистік журналистика институтының алғашқы ресми директоры болып М.Жолдыбайұлының тағайындалғанын тілге тиек етіп, институтқа алғашқы үміткерлерді қабылдау, көрнекті ғалымдарды оқытушылыққа тарту ісі Молдағали Жолдыбайұлына тапсырылғанын айтады [4, 3-б.].
Ел қамын жеген Молдағали 1934 жылдың жазында Сейітқали Меңдешұлы басқарған үкімет бригадасының құрамында Шығыс Қазақстан облысына аттанып, екі ай бойы ел аралап, ашаршылық салдарын жоюға атсалысқан. Абыралы, Шұбартау, Ақтоғай, Шет, Жаңаарқа, Қарқаралы аудандарын аралап, күйзелген ауылдарға азық-түлік, киім-кешек жеткізіп, көмектескен.
1934 жылы Қазақ Өлкелік Комитеті КПК (б) лениндік ұлт саясатынан ауытқығаны үшін М.Жолдыбайұлын лауазымынан босатады. 1918 жылға дейін Алашорданы қолдағаны, Сәлімгерей Қаратілеуұлының алашордашыл, ұлтшыл, контреволюцияшыл екенін біле тұрып, жалған ақпарат бергені, қызмет бабын пайдаланып, сабақ барысында контреволюцияшыл ұлтшылдардың еңбектерін пайдаланып, насихаттағаны, партия қатарында бола тұрып, ұлтшылдықпен күреспегені үшін айыпталып, партиядан шығарылады. Қайраткер 1937 жылдың 10 желтоқсанында сотталып, 1938 жылы ақпан айында ату жазасына кесіледі. Алаш қайраткерлерімен бірге 1988 жылы ақталған [1, 7-б.].
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1. Жұбаева О. Молдағали Жолдыбайұлы шығармалары. – Нұр-Сұлтан: «Алашорда» Қоғамдық қоры, 2019. – 456 б.
2. Батыс Қазақстан облысы. Энциклопедия. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2010. – 580 б.
3.Тілеш Е., Қамзабекұлы Д. Алаш қозғалысы. Энциклопедиялық анықтамалық. – Алматы: Сардар, 2014. – 465 б.
4. Аханбайқызы А. «Жеңіл» жазасы «атуға» ауыстырылған Жолдыбаев // Егемен Қазақстан. 2019, 31 шілде.
5. Мұқанов Қ. Журналистика ілімінің ізашарлары // «Түркістан», 2015.24.11.