9. Мен соқырмын, көмектесіңізші



бет2/2
Дата09.01.2020
өлшемі228,5 Kb.
#55606
1   2
Байланысты:
Əнгіме
90, Seixas-2015-A-Model-of-Historical-Thinking (1), практические занятия 2 семестр В2, Практика Махметова Раушан 2022ж!!, 1сынып. Ана тілі 104-110 сабақтар. Ләззат (копия), Тәрбие сағаты ОТБАСЫ- БАҚЫТ МЕКЕНІ (копия)

Басқа пәле - тілден

Бір ауқатты әйел ақылгөй қариядан кеңес сұрауға келеді. Ол жан дүниесін таза ұстағысы келетінін, бірақ жеңе алмай жүрген бір кемшілігі бар екенін айтады. Ақылгөй егер шын ниеті болса, жеңілмейтін кемшілік жоқ екенін айтты.

Әйел өзінің кемшілігі- басқалар туралы әңгімелейтінін, қанша талпынса да осы әдеттен құтыла алмай жүргенін айтады.


  • Маған көмектесе аласыз ба? – деп сұрайды.

  • Жақсы, - дейді ақылгөй.

  • Базарға барып, тауық сатып ал. Үйге қайтып келе жатқанда, мамықтарын бір – бірлеп жұлып, көшеге лақтыра бер, сосын маған кел, - дейді.

  • Әйел таң қалады. Келесі күні барлық айтқандарын бұлжытпай орындап, қайтып келеді.

Өте жақсы, - дейді ақылгөй, - бірінші тапсырманы орындадың. Енді екінші тапсырманы орында.

Базарға бар, қайтып келе жатқанда, кеше лақтырған қауырсындарды теріп ал , - дейді.



  • Бұл мүмкін емес қой, - дейді әйел.

Жел оны жан – жаққа ұшырып алып кетті. Қалай жинап аламын?

Бұл сөздер әйелге қатты әсер етіп, ол үйге келгесін, жаман ойлар мен басқалар туралы нашар сөздер айтпауға бекінді.



Ұлылар биіктеген сайын аласарады
Көктемгі су тасқыны кезінде Хуанхэ өзеніне көптеген өзендер келіп құйып, су арнасынан асып кетті.
Судың тасығаны сонша, жағалаудың бір шеті мен екінші шетіндегі тұрған тірі жанды айыру мүмкін емес еді.
Хуанхэ өзенінің иесі масаттанып, шығысқа қарай жүзді, бір кезде мұхитқа келіп жетті. Айналасына қарап еді, мұхиттың шеті мен шегі жоқ екенін көрді.

Ол басын бұрып жан - жағына біраз қарап тұрды да, мұхитқа құрметпен бас иіп, күрсінді де, былай деді:

«Мен мұндай шексіздік барын білмеп едім, егер мен осы қақпаға келмегенде, басқаларға күлкі болып жүре беретін едім. Өйткені, мен жоғарылар бізден де ұлылар бар дегенде сенген жоқпын», - деді.

Мұхиттың иесі айтты:

- Құдықтың түбінде өмір сүретін бақаға мұхит туралы айту ақылға сыймайды: Ол өзінің апанынан ешқайда шығын көрген жоқ. Тек қана жаз мезгілінде өмір сүретін шыбын – шіркейге қыстың суығы мен көктем туралы әңгіме айтуға болмайды: ол шектеулі уақытта ғана өмір сүреді.

Мұхитқа шығып, сен өзіңнің кішкентай екеніңді көрдің. Мұхитқа жүздеген өзен келіп құяды, бірақ ол сонда да тасып кетпейді, сарқылып та қалмайды. Ол көктемде де, күзде де өзгермейді, су тасуы немесе құрғақшылық дегеннің не екенін білмейді.

Ол өзін ешқашан ешқандай өзеннен артықпын деп есептеген емес, өйткені аспан және жермен салыстырғанда өзін тамшы сияқты сезінеді екен.

Адамды сүю – адамгершіліктің түп қазығы.

Жағдаятты талдап, өз көзқарасыңыз айтыңыз.

Бұл Сиэтлдегі олимпиада ойындары кезінде болған еді. Мүмкіндігі шектеулі тоғыз атлет жүз метрлік қашықтыққа жүгіруге алаңға шықты. Олардың толқулары көрініп тұрды. Олардың әрқайсысының жүздерінен жеңіске жеткісі келетіндіктері байқалатын еді. Белгі берілген сәттегі толқуларын жеңу оларға оңайға түскен жоқ. Көбінде ебедейсіз қимыл қиындық туғызса да, олар алға қарай ұмтылды. Ортада келе жатқан жас атлет кенеттен жолдың шетіне сүрініп құлап, тұра алмай қалды да, мәреге жете алмағанына ызаланып, жылап жіберді.

Стадионның үлкен мониторы құлаған спортшыны анық көрсетті.

Өзге спортшылар ұзағырақ қашықтыққа кетіп қалған еді, экраннан көріністі байқап, тоқтады да, кейін қарай жүгірді. Даун синдромы бар қыз атлеттің жанына отырып, бетінен сүйді де «Тәуірсің бе?» деп сұрады. Келіп жеткен спортшылар баланың тұруына көмектесіп, бәрі құшақтасып финишке қарай қозғалды.

Стадиондағы көрермендер бәрі орындарынан тұрып, қол соқты. Стадион экранынан кез келген қиындықты жеңе алатын осы адамдардың бақытты жүздері барлығына анық көрініп тұрды. Бұл ерекше жандар ұлы даналықты таныған еді. Өмірде ең маңыздысы - өзіңнің жеңісің емес, өзіңнің қозғалыс бағытыңды өзгертіп, тоқтасаң да - өзгенің жеңуі үшін көмектесе алу екендігі.


1. Неліктен көрермендер спортшылардың әрекеттеріне қол соқты?

2. Адам өміріндегі ең маңызды не?



Адам болып қалу

В.Сухомлинский.

Үлкен қаланың кішкентай ауруханасында Қара шашты және

Ақ шашты екі ана жатты. Олар бір күнде ұлдары дүниеге келіп, өте бақытты еді. Олар балаларының болашағы туралы армандады.

Ақ шашты ана өз баласының әйілі сазгер немесе жазушы, мүсінші немесе инженер болғанын армандады.

Қара шашты ана өз баласының қайырымды адам болғанын, ешқашан анасын, өз үйін ұмытпағанын, Отанын, табиғатты, адамдарды сүйгенін қалайтынын айтты.

Отыз жыл өтті.

Қаланың шетіндегі кішкентай емханада Қара шашты және

Ақ шашты ана тағы кездесті.

Олардың шаштарына ақ түсіп, беттерін әжім басқан еді. Олар бір – бірін таныды. Олар бір палатаға түсіп, өз өмірлері туралы, қуанышы мен қайғысы туралы айтты. Қайғылары - екеуінің де күйеуі Ұлы Отан соғысында қаза тапқан, қуаныштары – ұлдары қастарында.

Қара шашты ана сұрады:


  • Сенің ұлың кім болды?

  • Атақты сазгер, - деп мақтанышпен айтты.

Ақ шашты ана:

  • Ол қазір оркестрді басқарады, дирижер, қаладағы ең үлкен театрда, шынымен менің ұлымды білмейсің бе? – деді.

Әрине, Қара шашты ана белгілі сазгерді жақсы білетін еді, үлкен табыстары жөнінде жақында ғана оқыған-ды.

  • Ал, сенің ұлың қайда, кім болды? - деп сұрады Ақ шашты ана.

  • Егінші. Колхозда тракторист, комбайнер, фирмада да жұмыс істейді дейді, - Қара шашты ана. Көктемнен күзге дейін, қар түскенше менің ұлым егін салады, егін жинайды, жер жыртады сөйтіп отбасын асырайды. Біз ауылда тұрамыз. Оның екі баласы бар, қызы және ұлы.

  • Сонда да сені бақыт айналып өткен екен, сенің ұлың ешкімге белгісіз, қарапайым адам болыпты,- дейді

Ақ шашты ана.

Қара шашты ана жауап қайтармады. Бір күн өтпей жатып Қара шашты ананың баласы алыстағы ауылдан келді. Анасымен сыбырласып ұзақ сөйлесті. Қара шашты ананың көзі қуаныштан нұр шашты. Ұлы кетіп бара жатып, үстелге жүзім, бал, алма қойып, «тез жазылыңыз», - деп анасының бетінен сүйіп қоштасты.

Ал Ақ шашты анаға ешкім келген жоқ.


  • Менің балам қазір концерт қойып жүр. Әйтпесе, келер еді, - деді ол. Қара шашты ананың баласы күн сайын бал, алма, қарбыз, өз қолымен өсірген бидайдан пісірілген хош иісті нан әкеліп, келіп тұрды.

Қара шашты ана баласы келген сайын қуаныштан жазылып келе жатқандай еді.

Ақ шашты анаға ақыры ешкім келген жоқ. Бір ай өтті. Дәрігерлер Қарашашты анаға: «Сіз толықтай сап – сау адамсыз, жүрегіңізде шу жоқ, соғысы таза», - деді.

Ақ шашты анаға «Сізге әлі де жату керек. Сіз де жазыласыз», - деді. Осыны айтып, дәрігер терезеге қарады (неге екені белгісіз).

Қара шашты ананы алып кетуге ұлы келді. Бірнеше қызыл раушан гүлдерін барлық дәрігерлерге үлестірді. Бәрінің жүзінде күлкі пайда болды.

Қара шашты анамен қоштасарда Ақ шашты ана:


  • Қымбаттым, сен өз ұлыңды қалай тәрбиелегеніңді айтшы? Сен бақытты екенсің, ал мен... – деп көз жасын төгіп жіберді.

  • Мен саған шындықты айтайын, - деді Қара шашты ана.

  • Сенің ұлыңмен бір күнде туған ұлым қайтыс болған, ал мына балам - асырап алған ұлым! Мен оны үш жасынан асырап алдым. Осы күндері менің қалай қиналғанымды білсең ғой, сен үшін тіпті ауруханадан кеткім келген еді, менің ұлымның әр келгені саған уайым, қобалжу әкелді ғой.

  • Мен адамды жүрегіммен сеземін, ұлыма осыны үйреттім.

1. Екі ананың арманы орындалды ма? Қалай?

2. «Қара шашты ананы бақыт айналып өтті» деуге бола ма? Неліктен?

3. Қара шашты ананың тәрбиесіндегі данышпандық неде|?

4. Ақ шашты анаға қалай көмектесуге болады?

Кедейлік және Байлық.
Бір күні Кедейлік пен Байлық қайсысы көрікті екендігі жөнінде таласып қалады. Олар бұл сұрақтың жауабын білу үшін өтіп бара жатқан адамға жүгінеді.

«Ең алғаш кездескен ер адам біздің дауымызды шешіп берсін», - дейді екеуі. Олардың алдынан орта жастағы ер адам шығады. Алғашқыда ол екі жағынан шыққан Кедейлік пен Байлықты байқамай қалады.



  • Тек сен ғана біздің қайсысымыз әдемі екенімізді шешіп айта аласың, - дейді екеуі асығып.

Ер адам ойланып тұрып: - Қандай қиын, егер мен Кедейлік әдемі десем, Байлық ренжіп кетіп қалады».

Ал егер Байлық әдемі десем, Кедейлік ашуланып, маған шабуыл жасауы мүмкін. «Не істесем екен?», - дейді.

Ол біраздан соң: - сіздер бірге тұрғанда мен бірден айта алмаймын.

Сіздер әрі – бері жүріңіз, мен қарайын - дейді. Екеуі жол бойында қарама – қарсы жүреді, әрқайсысы әдемі боп көрінуге тырысады.



- Ал, қайсымыз көрікті екенбіз? – деп жамырайды олар. Бір кезде ер адам жымиды да, жауап қатты: - «Сен, Кедейлік, өте әдемісің, арқа жағыңнан қарағанда», кетіп бара жатқанда. Ал Байлық сен әдемісің , алдыңнан қарағанда.



Лотерея билеті
Жер бетінде өзгелерден еш айырмашылығы жоқ бір адам өмір сүрді , оның бір тілегі бар еді: ол лотереядан ақша ұтуды армандайтын.

Осы мақсатпен күн сайын шіркеуге барып, Николай Угодник әулиеге шырақ жағып және Құдайдан сұрайтын: «О, құдайым, менің лотереядан ұтуыма көмектесе гөр».

Оның бір – екі емес, сансыз уақыт сиынғаны соншалықты, оған періштелер де немқұрайлы қарауға қиналды. Олар Құдайдан көмек сұрады: «Жаратушы, сізге бейшара адамға көмектесе салу қиын емес қой, оның сізге сенімі де нығайды», - деді.

«Мен оған баяғыда – ақ көмектесе салар едім, өзім де оның жалынғанына қиналамын, - деп жауап қатты Жаратушы, - ол тек қана бір лотерея билетін сатып алса екен...»



Ойыңдағыны жүзеге асыру үшін іс – қимыл жасауға, өз үлесіңді қосуға дайын болмасаң, саған жаратушының өзі де көмектесе алмайды.


Ана туралы әпсана
Менің анамның бір көзі ғана болды. Мен оны жек көруші едім. Өйткені оның осы жағдайы үшін қатты ұялатын едім...

Отбасын асырау үшін ол мектепте аспаз болып жұмыс істеді. Мен бастауыш сыныпта оқып жүргенде бір күні анам маған келді.

Қатты ұялғаннан маған жер қозғалып кеткендей көрінді. Мен оны көрмеген болып, жек көре теріс айналдым.

Келесі күні сыныптас досым: «Сенің анаң бір көзді екен ғой» дегенде жерге кіріп кете жаздадым. Мен анамның қайда болса да жоғалып кетуін тіледім.

Сол күні: «Мені күлкіге қалдырғанша, өлгенің жақсы болар еді», - дедім. Анам ешқандай жауап қайырмады. Мен не қатты ашуланғаннан не айтқанымды ойламадым, мені оның қандай сезімде болғаны қызықтырмады.

Мен көп жерде жұмыс істеп, мүмкіндік болғанда Сингапурға оқуға кеттім. Сол жерде үйленіп, өзіме үй сатып алдым. Мен балалы – шағалы болып, өмірге дән риза едім. Бір күні маған анам келді. Ол ұзақ жылдан бері мені және немерелерін көрмеген-ді. Ол есікке жақындағанда менің балаларым оған күлді. Менің үйіме келіп, балаларымды қорқытуға оның қалай дәті барды? Мен оған «Жоғал, бұл жерден!» деп айғай салдым.

Анам жай ғана: «Мені кешіріңіздер, шамасы өзге үйге кіріп кеткен екенмін» деп, көзден таса болды.

Бір күні мен мектебімнен хат алдым – біздің сынып кездесуді жоспарлапты. Кездесуден кейін ескі үйімді көріп шығуға әуестік биледі. Көршілерімнің менің анамның қайтыс болғанын айтқанына еш қайғырған жоқпын. Анам маған хат қалдырыпты. «Менің сүйікті ұлым, мен сен туралы әрдайым ойлайтынмын. Мен Сингапурға барып, сенің балаларыңды қорқытқаныма өте өкінемін. Сенің мектеп бітірушілер кешіне келетініңді естіп, қатты қуандым. Бірақ мен сені көру үшін төсектен тұра аламын ба, білмеймін. Сенің мен үшін үнемі ұятқа қалғаның өте өкінішті.

Білесің бе ұлым. сен нәресте кезіңде, бақытсыз жағдай болып, сен бір көзіңнен айырылдың. Сенің анаң ретінде сенің бір көзді болып өскеніңді қаламадым. Сондықтан саған өзімнің көзімді бердім. Қазір де менің орныма осы көзіңмен көріп жүргеніңді мақтан етемін. Сені шын жүрегімен сүюші – сенің мамаң».

Жолыңның болмағаны үшін өзгені кінәлауға болмайды.

Конфуцийдің айтқан әңгімесінен:

Бір аңшының екі ұлы болды.

Олар орманда тұратын еді.

Ұлдары өсіп, күш – қуат жинап ержеткен соң, аңшы балаларына садақ пен жебе беріп:



  • Менің көзімнің көруі шамаланды, енді өздерің аң аулайсыңдар, - деді. Жігіттер мергендікке үйрене бастады. Үлкені оқ атып еді, жебе меженің қасынан өтіп кетті.

  • Жел кедергі болды, - деді ол.

Кішісінің оғы да тимеді, бірақ ол үндемеді. «Өзім кінәлімін»,- деп ойлады ол. Қанша рет атса да үлкен ағасының оғы тимей қойды. Оған бәрі кедергі келтірді. Біресе садақты шамалы тартты, біресе көзіне күн түсті, біресе киімі қысып тұрды, біресе жаңбыр кедергі келтірді. Кіші інісі өзін кінәлаумен болды.

Кешікпей – ақ олар аң аулауға аттанды. Әркім өзі таңдаған жағына кетті.

Әкесі үйде қалды.

Бірінші болып үлкен ұлы құр қол оралды. Түрі ашулы көрінді.

Табалдырықты аттамай жатып әкесін кінәлауға кірісті:

- Сен мені мұндай қолайсыз ауа райында неге аң аулауға жібердің?

Біресе жауын жауды, біресе күн көзімді қарықтырып, көрсетпеді. Жел соғып садағым оқты далаға атты, тар киім беріпсің, ол қысып, мазамды алды. Сондықтан жебені дұрыс тарта алмадым. Сенің кесіріңнен ештеңе алмай қайтып келдім,

-деді.


Әкесі басын шайқады. Ол үлкен ұлынан жақсы аңшы шықпайтынын түсінді. Біраздан соң кіші ұлы бір қап олжамен оралды.

  • Сен қалай ауладың, оқ атуды бірге үйреніп едік қой, - деп таң қалды ағасы.

  • Мен тек қана өзімнің жолымның болмағаны үшін ешкімді кінәлаған емеспін және қателіктерімді түзетуге тырыстым, - деді.

Жақсы мен жаман – біздің өміріміздің бөлігі

Алыстағы ауылда бір қарт өмір сүріп жатты.

Оның жақсы жылқысы болатын. Ол кісі кедей болса да, атын сатып алғысы келгендерді талай рет кейін қайтарып жіберетін еді, өйткені ол оның ең жақын досы саналатын. Ауыл тұрғындары қарт атын сатса, кедейліктен құтылар еді деп әңгіме етеді.

Бір күні оның қорадағы аты жоқ болып кетеді. Тұрғындар жылқыны ұрлап кеткен шығар, егер атыңды сатсаң, бұлай болмас еді, біздің айтқанымызды тыңдамадыңыз деп қартты табалайды. Бірақ қарт адам басқаларға: «Қора бос тұрса, оны басқадан көрудің қажеті жоқ, өзгелерді босқа кіналамаңдар»- деп жауап береді.

Бірнеше күннен соң, жылқысы артынан бір қора жабайы жылқыларды ілестіріп қайтып келеді.

Енді ауыл тұрғындары қарт адамның басына бақ қонғанын сөз қылады.

Қарт адам тағы да алдын ала болжам жасамауын сұрайды.

Көп кешікпей, қарттың жалғыз ұлы жабайы жылқыларға мініп жүріп, құлайды да, екі аяғын сындырып алады. Ауылдағылар қарттың жалғыз сүйеніші – ұлы еді, оның басына қандай бақытсыздық келді деп әңгімелей бастады.

Қарт өз көзқарасынан танбады: артық сөйлемеңдер деумен болды. Бір күні көрші патшалықты соғыс басталды да, барлық жастарды әскерге алып кетті. Ал қарттың ұлы ауылда қалды.
Әр қиындықтың артында бір жақсылық бар.
Өмір сүргің келсе, қозғалыс жаса.
Екі бақа ыдыста тұрған қаймаққа түсіп кетеді. Біреуі қатты қорқып отыра береді де, бір мезгілде қаймаққа батып, тұншығып өледі. Екіншісі жан дәрменімен аяқ – қолын сабалап, қимылдай бастайды. Бір кезде қаймақ қоюланып, майға айналады да, бақа секіріп шығып кетеді.

Сонда, қиындықтан құтылу үшін, қандай болмасын қимыл, қозғалыс керек екен.


Құдық туралы әпсана
Бір күні есек құдыққа құлап кетті де, бар даусымен ақырып, көмекке шақыра бастады. Оның айқайына қожайыны жүгіріп жетті де, қолын бір сілтеді. Өйткені есекті құдықтан шығару мүмкін емес еді.

Қожайын: «Менің есегім қартайды, өлуі де жақын. Мен бәрібір жас есек сатып алайын деп жүр едім. Ал мына құдық болса, өте терең, мен жаңа құдық қазуды баяғыдан ойлап жүр едім. Маған неге екі қоянды бір оқпен атып алмасқа – ескі құдықты топырақпен толтырып, есекті де көміп тастайын», - деп ойлады. Көп ойланбастан көршілерін шақырады.

Бәрі қолдарына күрек алып, құдыққа топырақ лақтыра бастайды. Есек не болғанын бірден түсініп, бар дауысымен ақырады, бірақ оған ешкім көңіл аудармай, құдыққа топырақ лақтыруды жалғастыра береді.

Біраздан кейін есек үнсіз қалды. Қожайын құдықты қараған кезде өз көзіне өзі сенбеді, есек арқасына топырақ түскен сайын сілкініп, аяқтарымен таптай берген екен. Ең соңында басқаларды таң қалдырып, есек құдықтан секіріп шықты. Бұлай боларын ешкім күтпеген еді...

Мүмкін сіз де өміріңізде талай қиындықтарды бастан өткерген шығарсыз. Болашақта өмір сізге жаңа қиыншылықтарды жіберуі мүмкін. Әр уақытта сізге кезекті ауыртпалық түссе, сіз оны сілкіп тастап, соның арқасында одан да биікке көтерілуіңіз мүмкін емес пе?

Әрбір шешімін таппай тұрған мәселе- бұл сізге өмірдің лақтырған қатты тасы десек, сіз осы тастардың үстінен аттап өтіп, күтіп тұрған қатты дауылдан құтыла аласыз.

Қарапайым ережелерді есте сақтаңыз:


  1. Өз жүрегіңізді жек көрушіліктен босатыңыз - өзіңізді ренжіткен адамдарды кешіріңіз.

  2. Өз жүрегіңізді толқулардан босатыңыз – олардың көбі пайдасыз.

  3. Қарапайым өмір сүріңіз, барға қанағат етіңіз.

  4. Істеген жақсылығыңызға мақтау күтпеңіз

  5. Сіз басқаларға қалай қарасаңыз, өзгелер де сізге солай қарайтынын ұмытпаңыз.



Өзіңнен басқа ешкімді түзете алмайсың...
Бір әйел күн сайын таңертең жаттығу жасап тұрып, өз үйінің терезесінен көршісінің кір жуып, оны өз ауласына жайып жатқанын байқайды. Бұл әйел сонымен берге күйеуіне күн сайын көршісінің салақ екенін, өйткені оның жуған кірлері салтақ, дақтар көрінетінін айтады.

Ал күйеуі ренжіп, басқаларды әңгімелегенше өз үйін дұрыстап ұстауын сұрайды.

Бір күні әйел әдеттегідей терезеден қарап, көрші ауладағы ілулі тұрған жуулы киімдер таза, қардай аппақ екенін көреді.

Ол жаңалықты күйеуіне жеткізуге асығады. Ал күйеуі болса, күліп жібереді де, мұнда таңқаларлық ештеңе жоқ, ерте тұрып, әйелінің жаттығу жасайтын бөлмесінің терезесін жақсылап жуып қойғанын айтады.


Болмыс туралы әпсана
Жол бойында кеуіп қалған ағаш тұрды. Түнде осы сол жолмен ұры өтіп бара жатып қорқып кетті: ол ағашты өзін күтіп тұрған сақшы деп ойлады.

Бозбала өтіп бара жатып, жүрегі қуанышты соға бастады: ол ағашты өзінің ғашығына балады.

Кішкентай сәби ағашты көргенде жылап қоя берді: ол қорқышынты ертегілерден естіген қарақшы деп ойлады.

Қандай жағдайда да бұл тек қана ағаш еді.


Біз әлемді өзімізге сәйкес қабылдаймыз.

Адамның үш түрі
Үнді патшасына көрші мемлекеттен бір – бірінен айнымайтын алтын мүсіндер сыйға тартылады.

Түсіндірме хатта әрбір мүсіннің бағасы, мазмұны түрліше екені айтылады.

Патша сарай маңайындағыларға мүсіндердің айырмашылығы неде екенін табуды тапсырады.

Қызметшілер олардың салмағын, ұзындығын өлшейді, алтынның сапасын тексереді, бірақ ешқандай айырмашылық таппайды.

Жұрттың бәрі де мүсіндерден еш айырмашылық таба алмағасын қолдарын сілтейді.

Бір ақылды уәзір ғана берілмейді.

Ол мүсіндердің біреуінің құлағынан кішкене саңылау тауып, оған алтын жіп өткізгенде көргені мынау еді: бірінші мүсінде жіп келесі құлағынан шығады, екіншісінде – аузынан, үшіншісінде – кіндігінен шығады екен.

Кішкене ойлаған уәзір: «Ұлы Мәртебелім, меніңше жұмбақтың шешуі табылды», - дейді.

Бірінші мүсін «Естігені бір құлағынан кіріп, келесі құлағынан шығып кететін» адамды еске түсіреді.

Екіншісі «Естіген жаңалығын тездетіп ойланбастан басқаларға жеткізуге ұмтылатын» адамды көрсетеді.

Үшіншісі «Естігенін жүрегінен өткізіп барып, ішіне сақтай алатын» адам.

Ең бағалысы осы – дейді.




Кешір мені, Жаратқан
«Мен бүгін автобуста алтындай сары шашты, өте әдемі қызды көрдім. Алғашында мен оған қызғанышпен қарадым – ол өте көңілді де, өмірге дән риза болып көрінді. Ол шығар есікке жақындағанда қолында балдағы бар, бір аяғы жоқ екен. Ол автобустан түсіп кетті. Мен қатты ұялдым.

Өмірге көңілім толмаған болса, кешір мені. Мен екі аяғыммен жер басып жүрмін, бүкіл әлем менімен бірге екен ғой».

Мен самса алуға кезекке тұрдым...

Мен алдымда тұрған бозбаламен біраз әңгімелестім, ол маған өте ұнады. Ол кетерінде «Сіз мейірімді адам екенсіз, көп рахмет, көріп тұрсыз ғой, менің соқыр екенімді» деді.

Мен бақытты екенмін,

Бүкіл әлем көз алдымда

Менің налыған кезім болса, кешір жаратқан ием!

Көшеде кетіп бара жатып мен ойнап жүрген басқа балаларға қарап тұрған көгілдір көзді баланы байқадым. Мен оның қасына жақындадым «Сен неге оларға қосылмайсың?» деп сұрадым. Ол маған қарады да, үндемеді, мен оның мылқау және құлағы естімейтінін түсіндім.

Кешір мені Жаратқан!

Мен дүниедегінің бәрін естимін,

Қандай бақыттымын!

Менің қайда барғым келсе де, бара алатын аяқтарым бар, құстың сайрағанын еститін құлақтарым бар, ойлағанымды жеткізе алатын тілім бар.



  1. Мен бақытты екенмін

  2. Кешір мені, Жаратқан,

Бүкіл әлем менікі.

Барға қанағат ету, шүкіршілік ету, алғыс сезімі адамдағы көре алмаушылық, қызғаныш, сарандық сияқты қасиеттерді жоя алады.

Адамдармен жақсы қарым – қатынаста болу үшін өзіңнің және өзгелердің жақсы жақтарын көре білу керек.

Біз өз кемшіліктерімізді, мінезімізді өзгерту арқылы тағдырымызды өзгерте аламыз.


Кәмпиттен жасалған көйлек (ертегі)
Бір күні ханшайым айнаға қарап тұрды да, терең күрсініп:

  • Мынау көйлектер мені тойдырды.

Жібек, мақпал, шілтер т.б. Мұндай көйлектер барлық қыздарда бар.

Маған ерекше көйлек қажет. Жұрттың бәрі таң қалатын болсын, - деп тепсінді.

Ханшайымның сөзін оған ғашық жас жігіт естіді.

Ол бірінші көйлекті ермексаздан жасап әкеліп еді, көйлегі күн көзіне ери бастады.

Ханшайым мұрнын шүйіріп, көйлекті лақтырып тастады.

Екінші көйлек түрлі түсті қағаздан жасалды. Жел соққанда көйлек қатты сытырлап, Ханшайымның берекесін қашырды. Көңілі қалған жігіт көйлекті ағаштан немесе теріден жасарын білмей ел кезді.

Ақырында кәмпит сататын дүкен көзіне түсті. Түрлі кәмпит, мәмпәсилер күн көзіне жалтырап, көздің жауын алады екен.

Бұл көйлек кәмпиттен жасалады, - деп шешті жігіт.

Түні бойы кондитер екеуі кәмпиттен көйлек жасап, таңертең патша сарайына жеткізілді.


  • Қандай керемет! – деп қуанғанынан айғайлап жіберді ханшайым. Күмпиген етегі бар, жақұттай жарқыраған қызғылт, жасыл мұз кәмпиттер көздің жауын алады екен.

Құмшекерден жасалған өрнектер, мармелад ленталар, мәмпәси белдік – бәрі де ерекше әдемі еді.

Ханшайым сарай алдына шыға келгенде, тәтті иіске көбелектер үймелеп, айналшықтап, кетпеді.

Адамдар көйлекті көріп, келе бастады. Балалар мен иттер тәтті көйлекті жалап, дәмін көруге ұмтылды, күзетшілер оларды жолатпады.

Ханшайым алаңда серуендеп жүріп, таң қалған дауыстарды естумен болды.

Бірақ оны ренжіткен жағдай – бәрі таңғажайып көйлек пен оны жасаған шебер туралы айтумен болды. Көйлек кімнің үстінде екені туралы бір ауыз сөз болған жоқ.

Ханшайым өзі ұмытылып қалғанын сезіп, қатты ренжіді.

Ғашық жігіт те қайғырды.

Бір мезгілде аспанда бұлт пайда болып, жазғы жаңбыр құйып берді. Кәмпит көйлек көздің жауын алып, ери бастады.

- Қараңдар, көйлек еріп барады! – деп айқайласты адамдар. Шынында да Ханшайымның үсті алуан түрлі түске боялды. Жігіт тездетіп ханшайымды сарайға кіруге шақырды. Күні бойы қызметшілер оны жабысып қалған кәмпиттерден тазартумен болды. Кешкі тамақтан кейін ханшайым жігітті шақырып алып, былай деді.

- Білесің бе, бүгін мен өте маңызды нәрсені түсіндім. Сенің үстіңдегі киіміңе емес, өзіңе таңданғаны әлдеқайда жақсы екен ғой. Солай емес пе?

Жігіт әрқашан да ханшайымның өзіне таңғалып келгенін айтқысы келді.
- Ертегінің басты мағынасы неде?

- Адамның несіне тандануға болады?


Түсіністік
Ерте заманда бір ерекше жанұя болған екен. Ол өте үлкен – жүз адамнан тұрғанына қарамастан, онда бейбітшілік, татулық өзара келісім орнаған екен.

Бұл жанұя туралы хабар ел басына да жетеді. Мұндай үлкен отбасында реніш, жанжал болмауы мүмкін емес деп ойлайды ол. Елбасының отбасы он екі адамнан тұрады, бірақ олар үнемі бір – бірімен ренжіседі, ұрсысады. Ол естігенінің растығына көз жеткізу үшін әйгілі отбасын көруге көрші қалаға аттанады.

Естігенінің бәрі рас екенін түсінген ол жанұя басшысы болып есептелетін қарт адамнан: «Сіздерге ешқашан ренжіспей, тату тұруға не көмектеседі? Себебі неде?» - деп сұрады.

Сонда қарт қағаз алады да, онда жүз сөз жазып, елбасына береді. Ол тез оқып шықты да, таң қалды: қағазда жүз рет бір сөз қайталанып жазылған екен. Ол – «Түсіністік» - деген сөз.




Екі соқа
Екі соқа ұста көрігінде тұрды. Олардың түрлері бірдей екен.

Соқаның біреуін шаруа арбаға жегіп егін алқабына алып кетті.

Жұмыс істеген соқа жарқырап, сұлуланып кетті.

Екі соқа қайтадан сарайда кездескенде бір – біріне таңдана қарады. Жұмысқа пайдаланылмаған соқа таттанып кеткен екен.

Ол құрбысына қызғана қарап:


  • Сен қалай сұлуланып кеткенсің, сырын айтшы. Мен осы өз бұрышымда тұрғанда еш қиындық көрген жоқпын, маған жақсы еді, - дейді.

  • Сен жұмыссыздықтан түрің бұзылыпты, ал мені еңбек көркейтті – дейді.

Даналық:

Еңбектенсен - көркейерсің.



  1. Адамның ішкі дүниесі (әлемі) сыртқы түріне қалай әсер етеді?

  2. Танымайтын адам туралы сыртқы түріне қарап қорытынды жасауға бола ма? Неліктен?



Кім маңыздырақ?

Ауыз, мұрын және көз тату – тәтті өмір сүріп жатты. Өкінішке орай, үшеуінің арасында ойламаған жерден дау – дамай басталды. Оны бастаған сөйлемпаз ауыз бәрінен көп жұмыс істегеніне қарамастан жұрттың бәрінен төмен орналасқанын тілге тиек етіп, мұрынға қарап айғай салды:



  • Әй, мұрын! Мен бағзы заманнан бері ненің дұрыс, бұрыс екенін айтып тыным таппай жұмыс істеп келемін, ал сенің қолыңнан не келеді? Соған қарамастан, менен неге жоғары отырасың?!

  • М...м..., - деп тартыншақтады мұрын. Сенің ішіп – жейтін

тамағыңның иісін айыратын мен емес пе? Мен келісіп бергеннен кейін барып бәрі саған түседі. Сондықтан мен сенен бекерге жоғары отырған жоқпын.

Көз болса, ауыз бен мұрынның ұрыс – керісін бақылап отырған еді. Екеуіне жақтырмай қарап былай деді:



  • Әй, екеуің, сендердің кім жоғарыда, кім төменде екенін талдауға қандай құқыларың бар? Шынына келсек, бәрінен жоғары тұратын мына біз – көздер! Алыс – жақынның бәрін көріп тұратын бізбен кім таласа алады? Ең жоғарғы орынға біз лайықпыз.

Сөйтіп, көздер мақтанып жатқанда өздерінің жоғары жағынан төніп тұрған екі қара қасты байқап қалды да, ашу шақырды:

- Әй, сендер, қанша жыл өтсе де өзгермейсіңдер, қап – қара болып! Бізден жоғары отырғандарыңнан не пайда? Мұндай сөздерді естіген қастар көңілсіз кейіпте түйіліп:

- Мейлі, бізден ешқандай пайда жоқ болса болсын, бірақ қасы жоқ бет қандай болып көрінер еді? – деді.

Сұрақтар:

1. Бұл дау – дамайда сіз кімнің жағында болар едіңіз?

2. Дауды доғару үшін сіз ауыз, мұрын, көз бен қасқа не айтар едіңіз?

3. Осы жағдаятқа ұқсас дау – дамайға мысал келтіре аласыз ба?
Шебердің өсиеті
Шебер қарындашты қорапқа салмас бұрын оны жанына қойып: - Сені әлемге аттандырмай тұрып, сен білуге тиіс бес қағида бар, - дейді.

Әрқашан есіңде ұста және ұмытпа, сен сонда ең жақсы қарындаш атанасың.

Біріншіден: сен өзіңді біреудің қолында ұстауға рұқсат етсең ғана көптеген істер жасай аласың.

Екіншіден: сен уақыт өткен сайын ұштаған кезде жаның ауырып, қиналасың, бірақ бұл жақсы қарындаш болуың үшін қажет.

Үшіншіден: өзің жіберген қателеріңді түзеп отыруға қабілеттісің.

Төртіншіден: сенің ең маңызды бөлігің сенің ішіңде орналасады.

Бесіншіден: кез – келген тегіс жерде өз ізіңді қалдыруға тиіссің.

Қандай жағдайда болғаныңа қарамастан сен жазуыңды жалғастыруың керек. Ең бастысы, барлығын махаббатпен қабылдап, қайтаруың керек.

Қарындаш бәрін түсініп, есте сақтауға уәде берді және қорапқа жүрек қалауымен орналастырылды.
1. Шебер қарындашқа қандай ақыл айтты?

2. Осы бес қағиданы адамға арнауға бола ма? Әрқайсысының мәнін түсіндіріңіз.








Достарыңызбен бөлісу:
1   2




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет