«Қазіргі заманғы мектептегі жас мұғалім – бұл...»
«Маған жақсы мұғалім бәрінен де қымбат, өйткені мұғалім-мектептің жүрегі» -деп Ыбырай Алтынсарин атамыз бекер айтпаса керек.
Мұғалім деген кім? Алдымен осы сұрақтың жауабын тағы да бір айқындап бағайық. Мұғалімге тән ең бірінші қасиет – баланы құрметтеу, сыйлау, ерекше сезіммен жақсы көру және оның жан дүниесін түсіне білу. Бұл мұғалімнің терең дүниетанымы мен үлкен жүрегінің кішіпейілдігінен келіп шығады. Әркімнің қолынан келе бермейтін, ерекше талантты қажет ететін, бай қиялды адамға тән қасиет. Алдында қандай іс түссе де оны жеңу жолдарын іздестіре білетін, қиындықты мойымай жеңіп шығатын адал мамандық иесі.
Жүректегі далдығымен білімінің ұршығын идірген, тәрбиенің айғайшысы бола білген, Ұлы Отан Соғыс ардагері, «Отан соғысы», «Қызыл Жұлдыз» ордендерінің және бірнеше медальдардың иегері, «Қазақ КСР Халық ағарту ісінің озық қызметкері» ұлағатты ұстаз нағашы атам Хафиз Нұрбекұлы нағыз қайырымды, қарапайым үстаз еді. Соғыстан кейінгі өмірін оқу-ағарту ісіне, балаларды тәрбиелеуге арнаған. Атам шағын ауылдың мектебінде 40 жыл ұстаздық етті. Мектеп директоры, оқу ісінің меңгерушісі қызметтерін атқарды. Жұмысына өте жауапкершілікпен қарап, қағаз-қаламын орнынан қозғалса, ренжіш білдіретін дейтін анам. Кітаптарды, газет-журналдарды өте көп оқыпты. Атамнын алдында талай ақын-жазушылар тәрбиеленіп шықты. Т.Ысмайлов, Т.Жұртбаев, Ә.Қасымов, Б.Жақып т.б. шәкірттері атамызды мақтанышпен еске алып отырады. Ұстазына арнаған өлең-дастандары әлденеше.
«Нұрбек әулетінің бәйтерегі» Хафиз Нұрбекұлы атамыз туралы естеліктер атты, 90 жас мерейтойына арнап шығарылған кітабын қолыма алып оқып, нағыз ұстаз менің атамдай болу керек деп ойлаймын. Туыстарым және анамның айтуынша атам ешқашан біреуге дауыс көтеріп, зекігенін көрмепті. Өте мәдениетті, сыпайы адам болыпты. Кез-келген оқушыны өз баласындай бауырына тартатын бауырмал, кішіпейіл ұстаз болыпты. Әкімнің баласын да, қойшының баласын да тең көретін, таразының басын тең ұстайтын ұстаз еді. Қасында бірге істейтін мұғалімдерді де еңбегіне қарап бағалайтын әділетті жан болған. Осындай қасиеттерінен болар, ауылының үлкен-кішісі «Хафиз мұғалім» деп ерекше құрметтеген. Атамды еске алып, мен өзім ұстаздық жолды тандағаныма мақтанамын.
Шығыс даналығы айтады: «бір жылыңды ойласаң күріш ек, он жылынды ойласаң тал өсір, өміріңді ойласаң ұстаз бол»-деп. Ұстаздардың әсерлі үнмен, асықпай мәнерлеп сөйлеген сөзінен әрбір оқушыға деген қамқоршылықтың, аналық,әкелік сезімнің, дана ойының ыстық ебі есіп тұрғандай. Иә адамның жан дүниесін түсініп, ренжітпей, қателігін сездіре білу бұл нағыз шеберлік. Бала бойына ата-анадан кейінгі ақыл-ой, адамгершілік, әдептілік, ар-ұят, ұлттық сана-сезімді сіңіруші адам-мұғалім. Ендеше, өз ісіне берілген, жаңалықты жатсынбай қабылдайтын шәкіртінің жанына нұр құйып, өмірге өзі бақытты болып өзгелерді де бақытқа жеткізсем деп жүретін ұстаздар.
Ұстаздар-әрқашанда өзін қоғам талабына сай үздіксіз тәрбиелеп отыраты, адамдармен, әсіресе, оқушылармен қарым – қатынасқа тез түсе білетін, ұйымдастырушылық қабілеті бар, өз пәнін жетік білетін әрі уағыздаушы, таланты мен тәжірибесі тоғысқан, өзінің қоғамындағы саяси өмірге белсенді араласып, өз елі мен жерін деген сүйіспеншілігі негізінде оқушыларға үлгі болуы керек.
Қорыта айтқанда, мұғалімнің басты қызметі жаңа қоғамға сай білімді, көкірегі ояу, тәрбиелі, әр уақытта еліне қызмет ететін, оңды-солын білетін жақсы азамат қалыптастыру. Ал, мұғалімнің негізгі міндеті қазіргі кездегі жаңа оқыту мен тәрбиелеу технологияларын меңгеріп, өз кәсібін әрі қарай дамыту. Сондықтан да жас педагогкеғ жемісті еңбек ете алатын, өзінің қаблеттері мен мүмкіндіктерін жүзеге асыратын жағдайлар туғызу қажет. Жас мамандардың тіршілігін, еңбегі мен жоғары оқу орындарынан кейінгі кәсіптік білім алуын мақсатқа бағыттап ұйымдастыру керек.
Достарыңызбен бөлісу: |