А. Б. Медешова қыркүйек 2010ж



бет21/30
Дата18.06.2017
өлшемі3,08 Mb.
#19211
1   ...   17   18   19   20   21   22   23   24   ...   30

Дәрістің мазмұны:


1.Әлемдік мұхит бірегей табиғи таралым.

2.Мұхит суының физикалық, химиялық қасиеттері.



Мақсаты: Дүние жүзілік мұхит бірегей табиғи бірлік екенін, мұхит суының физикалық және химиялық қасиетерімен танысып, білу.

Тірек сөздер:промилле, изогалин.

Негізгі сұрақтар:Дүние жүзілік мұхитқа нелер енеді?

Дүние жүзілік мұхит бөліктері дегеніміз не?

Мұхит суының қасиеттері мен құрлық суының қасиеттері арасында қандай айырмашылық бар?

1. Дүние жүзілік мұхиттың көлемі — 1 370 000 000 км3 (гидросфера көлемінің 94%). орташа тереңдігі 4000 м болғанда мұхит жер бетінің 3/4 бөлігін алады. Жердің беті бойынша Мұхиттың суын біркелкі етіп жайғанда оны 2700 метрдей қалыңдықпен бүркеген болар еді. Жердің мөлшерімен салыстырғанда бұл қабат мардымсыз аз, бірақ географиялық қабықта болып жатқан процестерде мұның ролі орасан зор.

2.Біртұтас Дүние жүзілік мұхит бөліктерге — мұхиттарға бөлінеді. Мұхиттарда теңіздер мен шығанақтар бөлінеді.

Теңіз дегеніміз көршілес бөліктерден физикалық және химиялық қасиеттерінің ерекшеліктерімен (температурасы, тұздылығы және т.б.) ағыстары және толысуларының сипатымен ерекшеленетін мұхиттың азды-көпті оқшауланған бөлігі.

Теңіздерді шеткі, жерорталық (ішкі материктік және материк аралық) және аралдар аралық деп бөлуге болады. Шеткі теңіздер материктердің шетіне жақын орналасады, кейде 200 метрден асатын тереңдіктері болады. Мұхиттан бұлар аралдар тізбегімен, түбектермен бөлінеді. Бұл теңіздер Мұхиттармен еркін байланысады.Жерорталық теңіздер материктердің арасында (материк аралық жерорталық теңіздері) немесе материк ішінде (ішкі материктік теңіздер) жатады, Мұхитпен бұғаздар арқылы қосылады да одан әжептәуір ерекшеленеді. Мұндай теңіздердің түбі Мұхиттан немесе көрші теңіздерден шоңғал арқылы бөлінген қазан шұңқыр құрайды. Материк аралық теңіздердің мысалы, Европа мен Африканы бөліп жатқан Жерорта теңізі бола алады. Ішкі материктік теңіздердің мысалы Қара теңіз болып табылады. Материк аралық және ішкі мате-риктік теңіздердің айырмашылығы олардың тек орналасуында ғана емес. Алғашқылардың көлемі үлкен болады және бұлардың тереңдігі әрқашанда 2430 метрден артық, демек олардын, қазан шұңқыры материктердің негізін қиып өтеді.



Шығанақтар — жағаларының конфигурациясының арқасында бөлініп жатқан, бірақ көршілес су кеңістігінен біршама аз ерекшеленетін Мұхиттың (теңіздің) бөлігі. Кейде мұхиттың бөліктерін теңіздер немесе шығанақтар деп атайды.Мысалы: Парсы, Мексика, Гудзон, Калифорния шығанақтарын теңіздер деп атаған дұрысырақ, ал Босфорт, Линкольн теңіздері атына сай емес.

Бұғаздар — материктерді немесе аралдарды бөліп тұратын, Мұхиттың біршама тар бөлігі (мұхиттарды, теңіздерді қосып тұрады). Ең енді (900 км) және терең (5248 м) —Дрейк бұғазы, ең ұзыны (1670 км) —Мозамбик бұғазы. Бұғаздардың гидрологиялық режимі олар қосып жатқан Мұхит беліктерінің (теңіз) ерекшеліктеріне байланысты.

Дүние жүзілік мүхиттың еркін жатқан беті деңгейлік деп аталады. Тыныш күйде бұл геоид бетімен сай келуге тиіс. Алайда көптеген себептердің жиынтықтарының әсері: температура, атмосфера қысымы, жел, толысу түзетін күштер, су балансы жер қыртысының қозғалыстары — оның ауытқуын тудырады. Мұхит деңгейінің үздіксіз өзгерістері кезеңді және кезеңсіз де болуы мүмкін. Ауытқу кезеңдері өте қысқа (бірнеше сағат) және өте ұзақ та (ғасырлық ауытқулар) болады. Мәселен, жазда мұхит суының жоғарғы қабатының қызуы деңгейінің көтерілуін, қыста оның суынуы — төмендеуін тудырады. 1 мм атмосфера қысымының өзгеруіне 1 см су деңгейінің өзгеруі сай келеді. Тропикалық циклондардың өтуінде деңгейдің кенет кезеңсіз езгерістері байқалады.

Мұхит деңгейінің баяу түсуі мен көтерілуі су балансының. өзгерісімен (гидрократтық себептер) тууы мүмкін. Мысалы, Антарктиданың мұз жамылғысының толық еріп кетуі Мұхит деңгейінің шамамен 60 метрге көтерілуін тудырады, яғни құрлықта мұздықтардың пайда болуын мұхит деңгейінің төмендеуін тудырса керек. Мұхит деңгейінің жағдайы жер қыртысы қозғалысына байланысты өзгеріп отырады (геократтық себептер). Мысалы, Голландия мен Дания жағаларының осы кездегі түсуі салдарында Мұхит құрылықты басады, ал керісінше, Скандинавия түбегінің көтерілуі салдарынан Швеция жағаларында шегінеді.

Дүние жүзілік Мұхит деңгейі үнемі өзгёріп, әр жерінде әр түрлі болатындықтан оның өзгерістерінің жалпы келбеті өте күрделі және тіпті көп жылдық деректер Мұхиттың орташа деңгейін есептеп шығаруға мүмкіндік бермейді. Байқаулардың белгілі бір пункттері үшін орташа көп жылдық деңгей есептеліп шығарылады. Биіктігі мен тереңдігін есептеп шығарғанда мұны нольге тең деп қабылдайды. Совет Одағында 100 жылға жуық уақыт ішінде есептеліп шығарылған Балтық теңізінің орташа деңгейі Кронштадтта нольге қабылданған. Марсельде бақыланатын орташа деңгей Кронштадт футшогынан 0,4 м төмен, ал Генуядағы орташа деңгей одан 0,6 м жоғары.



2. Салмағы жағынан алғанда мұхит суы 96,5% таза судан және 3,5% еріген тұздан, газдан және ерімейтін жүзгіш бөлшектерден тұрады. Бұл жер бетіндегі белгілі барлық химиялық элементтер бар қоректік ерітінді. Мұхит суында әсіресе хлор, натрий, магний, күкірт көп болады. Мұнда бром, көміртегі, стронций, бор едәуір аз болады. Барлық қалған элементтерге 1% аз келеді, яғни олардың құрамы мардымсыз аз. Бұлардың арасында организмге қажет биогендік элементтер де (фосфор, азот т. б.) микроэлементтер де бар. Мұхиттағы тұздардың жалпы мөлшері 50-10І6т. Бұлар Мұхит-тың түбін шамамен 60 м, бүкіл жерді 45 м, ал құрлықты 153 м қабат болып бүркей алады. Мұхит суында барлығынан көбі натрий (NаСІ, Nа2S04— 1 литрде 27,2 г) яғни ас тұзы (NаСІ), сондықтан да мұхит суының дәмі тұзды келеді. Содан соң магний тұзы МдС12 (1 литрде 3,8 г) және МдS04 (1 литрде 1,7 г) келеді, суға ащы дәм береді. Мұхит суында 1 м3-те 0,3 мг күміс және 1 м3-тё 0,008 мг алтын болады.

Мұхит суының ерекшелігі — тұз құрамының тұрақтылығы. Мұхиттың түрлі бөліктерінде ерітінді аз немесе күшті болуы мүмкін, бірақ ең басты тұздардың қатынасы өзгеріссіз қалады.

Дүние жүзілік мұхиттың орташа тұздылығы 35‰. Қайсы жағына болсын орташа тұздылықтан ауытқуды негізінен алғанда тұщы судың кіріс-шығыс балансындағы өзгерістер тудырады. Мұхиттың бетіне жауатын атмосфералық жауын-шашындар, құрлықтан келетін ағындар, мұздардың еруі тұздылықты, булануды төмендетеді, мұздың түзілуі, керісінше оны арттырады. Құрлықтан келген су жағалаудың, әсіресе өзен құбылысына жақын жердің тұздылығына айтар-лықтай әсер етеді.

Мұхит бетіндегі тұздылық оның ашық бөлігіңде негізінен атмосфералық жауын-шашын мен буланудың қатынасына (яғни климаттық жағдайларға) тәуелді брлғандықтан оның тара-луында ендік зоналылық байқалады. Бұл изогалин — тұздылығы бірдей пункттерді қосатын сызықтар картасынан жақсы көрінеді.

Экваториалдық ендіктерде судың беткі қабаттары мұнда жауын-шашын мөлшері буланудан көп болуы салдарынан біраз тұщыланған. Субтропиктік және тропиктік ендіктерде беткі қабаттардың тұздылығы жоғары болады, бұл ашық мұхиттың беті үшін максимумы 36—37‰ жетеді. Бұл булануға кеткен судың шығынын жауын-шашынның жаумайтындығымен түсін-діріледі. Мұхит ылғалды жоғалтады, тұз болса қала береді. Тропиктік ендіктерден солтүстікке және оңтүстікке қарай мұхит суларының тұздылығы буланудың, жауын-шашын мөлшерінің артуынан біртіндеп 33—32‰-ге дейін төмендейді. Жоғары ендіктерде мұхиттың бетінде тұздылықтың төмендеуіне қалқыма мұздардың еруі әсерін тигізеді.

Мұхит бетінде тұздылықтың ендік бағытта таралуын ағыстар бұзады: жылы ағыстар оны арттырады, суық ағыстар, керісінше төмендетеді.

Мұхиттар бетіндегі орташа тұздылық әр түрлі. Ең көп орташа түздылық Атлант мұхитында 35,4‰ , ең азы Солтүстік Мұзды мұхитта 32‰. Атлант мұхитының жоғарғы тұздылығы оның салыстырмалы енсіз жағдайында материктердің әсерімен түсіндіріледі. Солтүстік Мұзды мұхитқа тұщыландыратын әрекетті Сибирь өзендері жасайды (Азияның жағалауларында тұздылық 20‰-ге дейін төмендейді).

Тұздылық өзгерістері негізінен алғанда, тұщы судың кірісі мен шығысына байланысты болғандықтан, олар атмосфералық жауын-шашын тікелей жауатын және суды буландыратын бет-кі қабатта және соның астындағы араласу тереңдігін анықтайтын шағын қабатта ғана байқалады. Араласу 1500 метр тереңге дейінгі су қабатын қамтиды. Дүние жүзі мұхиты суының тұздылығы тереңірек те өзгеріссіз қала береді (34,7—34,9°/оо).

Тереңге қарай тұздылықтың өзгеру сипаты Мұхит бетіндегі тұздылықты анықтайтын жағдайларға байланысты. Тереңдікке қарай тұздылық өзгерістерінің төрт типін бөледі:

I— экваторлық, II — субтропиктік, III қоңыржай және IV — полярлық.

I.экваторлық ендіктерде тереңдеген сайын тұздылық біртіндеп өседі де, мұнда мұхиттың тропиктік бөлігінен экваторға қарай неғұрлым тұзды су келетін 100 м тереңдікте максимумға
жетеді. Тұздылық 100 м тереңде кемиді, ал 1000—1500 м тереңнен бастап тұрақты болады.II.субтропиктік ендіктерде тұздылық 1000м тереңдікке дейін тез азаяды, онан тереңде ол тұрақты болады. III қоңыржай ендіктерде тереңдеген сайын тұздылық аз өзгереді.


  1. полярлық ендіктерде мұхиттың бетіндегі тұздылық мейлінше төмен, тереңге қарай әуелі бұл тез өседі, ал содан кейін шамамен 200 м тереңдіктен бастап мүлде дерлік өзгермейді.

Өзін бақылауға арналаған сұрақтар: Мұхит суының негізгі қасиеті?

Мұхит суында тұздылықтың беткі таралуы сипаты қандай?

Мұхит суында тұздылықтың тереңдік бойынша таралу сипаты қалай?

Ұсынылған әдебиеттер:1,3,4,5,6,7,11.
22 дәріс

Тақырыбы: Құрлық сулары.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   17   18   19   20   21   22   23   24   ...   30




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет