А. Х. Тажибаева Қазақстан республикасының ЕҢбек қҰҚЫҒЫ



бет2/12
Дата27.12.2016
өлшемі2,14 Mb.
#6267
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12

1.4 Еңбек құқығының жүйесі
Еңбек құқығының жүйесі дегеніміз құқықтың сол саласының құрылымы мен мазмұнының бүтіндігін, ажырамас бірлігін құрайтын құқықтық нормалар жиынтығы. Құқықтық реттеудің мәні мен әдісінің болуы еңбек құқығын ұлттық құқықтың дербес саласы етіп бөледі. Осыған сәйкес еңбек құқығы меншік түріне, шаруашылық жүргізудің ұйымдық-құқықтық нысандарына қарамастан еңбекті қоғамдық ұйымдастыру, ұйым қызметкерлерінің еңбек және әлеуметтік құқықтарын қорғау саласыңдағы қатынастарды реттейтін құқықтық нормалар жиынтығы болып табылады.

Еңбек құқығының пәнін беретін құқықтық қатынастардың салыстырмалы өзгешелігі мен сапалық ерекшелігі, осы қатынастарды құқықтық реттеудің бірыңғай тәсілін қамтамасыз ететін өзіндік әдістің болуы еңбек құқығын қалыптастырудың жүйе құрайтын факторлары болып табылады. Еңбек құқығының саласын тұтастай алсақ, ол құқықтық қатынастарды реттеудің жалпы республика бойынша ортақ принциптері мен тәртібін анықтайды.

Еңбек құқығы жүйесінде еңбекті қоғамдық ұйымдастырудың барлық элементтеріне қатысы бар нормалар көрініс береді. Олардың жиынтығы еңбек құқығының Жалпы бөлімін құрайды. Азаматтардың еңбегін қолданудағы қоғамдық қатынастардың кейбір топтарын реттейтін құқық нормалары еңбек құқығының Ерекше бөлімін құрайды. Басқаша айтқанда, еңбек қатынастарының құрылымы, дегенмен, еңбек құқықтарының жүйесін тұрғызудың объективтік критерийі болады.

Еңбек құқығының Жалпы бөлімі сол саланың мәнін, әдісін және жүйесін, еңбек қатынастарын реттеудің принциптерін, еңбек құқығының көздерін, субъектілердің құқықтық жағдайларын, еңбек құқығы саласындағы құқықтық қатынастарды, сондай-ақ еңбек құқығы ғылымының мәні мен методологиясын қамтиды. Бұл мәселелердің барлығы еңбек құқығының нақты тарауларын (институттарын) терең зерттеудің іргелі негіздерін құрайды.

Еңбек құқығының Ерекше бөлімі еңбекті қоғамдық ұйымдастырудың кейбір элементтерін реттейтін және еңбек қатынастарына қатысушылардың құқық субъектілігін белгілейтін құқықтық нормаларды қамтиды. Тиісінше, еңбек құқығы жүйесінде құқықтық институттар, еңбек қатынастарын құрайтын бөліктерді реттейтін құқықтық нормалардың жиынтығы өзінше бөлек алынады. Ерекше бөлімге еңбек құқығының мына негізгі институттары кіреді: жұмысқа орналастыру, еңбек шарты, ұжымдық шарттар мен келісімдер, жұмыс уақыты және демалыс уақыты, еңбек ақы, еңбек шартына отырушылардың материалдық жауаптылығы, еңбек тәртібі, еңбекті қорғау, кәсіби даярлау, кадрлардың біліктілігін көтеру, еңбек даулары.

Еңбек құқығының Жалпы және Ерекше бөліктері өзара тығыз байланысты, олар бірін бірі толықтырады. Оларды дәйекті зерттеу нәтижесінде еңбек құқығын, оның нормаларының сипаттары мен мазмұнын, сондай-ақ еңбек қатынастарын құқықтық реттеудің механизмін дұрыс түсінуге мүмкіндік туады.


1.5 Еңбек құқығының қайнар көздері
Еңбек құқығының қайнар көздерінің түсінігін беру үшін еңбек туралы құқықтық нормалардың мазмұнын анықтау қажет. Еңбек құқығының қайнар көздері деп еңбек қатынастарын реттейтін нормативтік құқықтық актілерді айтады. Олар мына негізгі белгілермен сипатталады. Біріншіден, жалпыға міндеттілігі құқықтық нормаларға тән мәндік қасиет, бұл оларды басқа әлеуметтік нормалардан (мысалы, қызметтік этикадан) ажыратуға мүмкіндік береді. Екіншіден, еңбек туралы құкықтық актілер (кодекс, заңдар, жарлықтар, қаулылар, т.б.) ерекше нысанда арнайы тәсілдермен бекітіледі, олар жалпыға бірдей міндетті әлеуметтік нормативтер болып саналатын құқықтық актілер.

Еңбек қатынастарын реттейтін құқықтық актілердің жиынтығы еңбек туралы заңнаманы кұрайды. «Еңбек құқығы» және «еңбек заңнамасы» ұғымдарының арасында бірлік және айырмашылық бар. Еңбек құқығы және еңбек заңнамасы ұғымдары мәні және әлеуметтік мақсаты жағынан бір біріне жақын, өзара байланысты, бір текті ұғымдар, еңбекті қоғамдық ұйымдастырудың жалпы құқықтық принциптеріне бағынады, бүтіндей ұлттық құқықтық жүйенің элементтері болып табылады. Еңбек заңнамасының жүйесі мен еңбек құқығы жүйесін бір ортақ бастама біріктіреді: еңбек құқығы өзінің бірлігінде құқықтың дербес саласын құрайтын, құқықтық реттеудің пәні мен әдісі бойынша ерекшеленген құқықтық нормалар жиынтығы. Еңбек заңнамасының жүйесі бұл жағдайда еңбек құқығының сыртқы нысанының көрінісі, оның ішкі салалық мазмұны ретінде болады. Сонымен қатар, еңбек құқығы мен еңбек заңнамасының бірлігі олардың өзінше дербес дамуын жоққа шығармайды. Еңбек құқығы саласы мен заңнама саласының сәйкестігі олардың тепе-теңдігін көрсетпейді. Еңбек құқығы саласының дамуы оның қалыптасуының объективтік факторларымен байланысты. Еңбек заңнамасы саласының дамуы субъективтік факторларға байланысты, ол құқық шығарушылық қызметте, еңбек заңнамасын жүйелеу қызметінде көрініс тапкан. Заң шығарушының қалауы бойынша еңбек туралы құқықтық норма салалық немесе кешенді заң актісінде бекітілуі мүмкін. Еңбек жайында заңда белгіленген жалпы құқықтық норма заңнан төменгі нормативтік актілер арқылы жүзеге асырылады.

Еңбек заңнамасының жүйесі күрделі, көп деңгейлі құрылым, ол құқық нормалары жүйесі мен еңбек қатынастары кұрылымының ішкі бірлігін көрсететін, өзара байланыстын, әртүрлі заңдық күші бар еңбек жайындағы нормативтік құқықтық актілердің жиынтығын қамтиды. Еңбек туралы заңнама Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және ҚР Еңбек кодексінен, қызметкерлердің кейбір санаттарының еңбек қатынастарын реттейтін басқа да нормативтік құқықтық актілерден тұрады. Қазақстан Республикасы бекіткен Халықаралық шарттардың еңбек туралы ұлттық заңдар алдында басымдылығы бар, және, егер оны қолдану үшін Қазақстан Республикасының заңын шығару шартта көрсетілмеген болса, бұл халықаралық шарттар тікелей қолданылады (ҚР ЕК 2 бабы).

Қазақстан Республикасындағы еңбек құқығының қайнар көздеріне сипаттама бергенде мыналарды және өзге де факторларды ескерген жөн: 1) нормативтік құқықтық актілердің өзіндік үстемдіктеріне қарай еңбек заңдары жүйесін қалыптастырудағы кейбір ерекшеліктерді; 2) тиісті нормативтік құқықтық актілер қабылдауға құқығы бар өкілетті органдардың құзырын; 3) актілерді жариялаудың белгіленген тәртібін; 4) еңбек туралы халықаралық құқықтық актілердің қолдану ерекшелігін; 5) локальдық (жергілікті) норма шығарушылықты.

Еңбек құқығы қайнар көздерін қалыптастыруда Халықаралық еңбек ұйымы (ХЕҰ) конвенцияларының маңызы ерекше. Көптеген жылдар бойы еңбекті қолданудың әртүрлі мәселелері бойынша конвенциялар қабылданды, атап айтқанда - еңбек саласындағы саясат туралы, кейбір салаларда жұмысқа қабылданатын ең төменгі жас туралы, ананы қорғау туралы, өндірістік ұйымдардағы апта сайынғы демалыс туралы, жұмыс уақытын 40 сағатқа дейін қысқарту туралы және т.б. Халықаралық конвенция еңбек құқығының қайнар көзімен салыстырғанда тек ұсыныстық сипаттағы халықаралық құжат. Оның бір елдің ішкі еңбек заңнамасына араласу мақсаты жоқ, бірақ, егер қаңдай да бір конвенцияны елдің парламенті бекітсе, ол еңбек құқығының қайнар көзіне айналады және еңбек туралы ұлтгық заңнаманың құрама бөлігі болып саналады.

Еңбек құқығы қайнар көздерін қалыптастырудың тағы бір ерекшелігі - еңбек ұжымдары мен көсіподақтардың қатысуымен жергілікті нормалар (ұжымдық шарттар, келісімдер) шығару. Нарықтық қатынастар жағдайында еңбек қатынастарын ұжымдық-шарттық әдіспен реттеудің орны даму үстінде. Ұжымдық шарттар мен әлеуметтік келісімдердің көмегімен тараптар жұмыс беруші мен қызметкерлердің өзара мүдделері негізінде еңбек жағдайын белгілей алады. Белгілі тәртіпте жасалып қабылданған ұжымдық шарт жергілікті нормативтік құқықтық актіге айналады. Ұжымдық келісімер әлеуметтік әріптестіктің нысаны ретінде нормативтік құқықтық актілер болып табылады, олар белгілі бір аймақтардың, салалардың және кәсіподақтарға біріккен қызметкерлердің еңбек жағдайын және әлеуметтік кепілдіктерін белгілейтін тараптардың міндеттемелері болып саналады.

Сонымен, еңбек құқығының қайнар көздері – иерархияға негізделген және белгілі тәртіп бойынша қабылданатын еңбектік құқықтық қатынастарды реттейтін нормативтік құқықтық актілердің жиынтығы.

Еңбек құқығының қайнар көздерінің түрлері негізгі және туынды болып бөлінеді. Негізгі еңбек құқығының қайнар көздеріне жататын нормативтік құқықтық актілер: 1) Қазақстан Республикасының Конституциясы; 2) ҚР конституциялық заңдары; 3) ҚР еңбек кодексі; 4) ҚР Президентінің нормативтік құқықтық жарлықтары; 5) ҚР Үкіметінің, Конституциялық кеңесінің және Жоғарғы сотының нормативтік қаулылары; 6) министрліктер мен кейбір мемлекеттік орталық басқару органдары басшыларының нормативтік бұйрықтары, мемлекеттік комитеттер мен басқа мемлекеттік орталық органдардың еңбектің салалық жағдайларына қатысты нормативтік қаулылары; 7) маслихаттар мен әкімдердің еңбекті ұйымдастырудың аймақтық жағдайын белгілеу мәселелері бойынша нормативтік құқықтық шешімдері.

Еңбек заңнамасы саласындағы туынды нормативтік құқықтық актілерге әртүрлі ережелер, нұсқаулар, ұсыныстар жатады. Олар негізгі нормативтік құқықтық актілерге сүйеніп қабылданады немесе бекітіледі, солармен бірге қолданылады. Еңбек жайындағы туынды нормативтік құқықтық актінің маңыздылығы негізгі актінің маңыздылық деңгейіне қарай анықталады. Ережелер (правила) - еңбекті қоғамдық ұйымдастыру саласындағы қызметтің кейбір түрін ұйымдастыру және жүзеге асыру тәртібін анықтайтын нормативтік құқықтық актілер. Қағида (жобылық қағида, типтік қағида – примерные положения, типовые положения) - белгілі бір мемлекеттік органның немесе оның құрылымдық бөлімшесінің мәртебесі мен өкілеттігін, сонымен қатар, қызметтің нақты түрін жүзеге асыру тәртібін анықтайтын нормативтік құқықтық акт. Нұскаулық (инструкции) - еңбекті қоғамдық ұйымдастыру саласындағы еңбек заңнамасын қолдануды жіктеп көрсететін нормативтік құқықтық акт.


Еңбек туралы нормативтік құқықтық актілер белгілі уақытта, кеңістікте және адамдар бойынша қолданылады.
Еңбек туралы нормативтік құқықтық актілердің уақыттағы қолданылуы: еңбек туралы нормативтік құқықтық актілерді күшіне енгізудің міндетті шарты - олардың мемлекеттік тіркеуден өтуі. Тіркелмеген нормативтік құқықтық актілердің заңдық күші болмайды. Еңбек туралы нормативтік құқықтық актінің күші мерзімсіз және уақытша болуы мүмкін. Егер актінің өзінде немесе оны күшіне енгізу туралы актіде басқадай мерзім көрсетілмесе, нормативтік құқықтық акт мерзімсіз күшінде болады деп саналады. Уақытша мерзім жалпы акт үшін де, оның жеке бөлігі (бөліктері) үшін де белгіленуі мүмкін, бұл жағдайда еңбек туралы нормативтік құқықтық актінің (немесе оның бөлігінің) қанша мерзімге күші сақталатыны міндетті түрде көрсетіледі. Бұл мерзім өткеннен кейін акт шығарған орган оның күшін жаңа мерзімге ұзарта алады немесе оған мерзімсіз сипат бере алады. Құқық қолдану тәжірибесінде еңбек туралы нормативтік құқықтық актінің күшін тоқтата тұру немесе біржолата тоқтату болады. Нормативтік құқықтық актілер заңнамада белгіленген мерзімде күшіне енгізіледі, бұл еңбек туралы нормативтік актілер иерархиясында сол нақты актінің алатын орнына байланысты: ҚР еңбек кодексі, ҚР заңдары, ҚРП жарлықтары, Үкімет қаулылары олар алғаш ресми жарияланғаннан 10 күн өткен соң күшіне енеді, егер актілердің өзінде немесе оларды күшіне енгізу туралы актілерде өзге мерзімдер көрсетілмеген болса; ҚР Парламенті мен оның палаталарының қаулылары алғаш ресми жариялаған күннен, ҚР Конституциялық кеңесінің қаулылары оларды қабылдаған күннен күшіне енеді; ҚР Үкіметінің құрамына кіретін және кірмейтін орталық атқарушы және өзге де орталық мемлекеттік органдардың, оның ішінде ҚР Жоғарғы сотының және Ұлттық банкінің, жергілікті өкілетті және атқарушы органдардың нормативтік құқықтық актілері олар алғаш жарияланғаннан 10 күн өткен соң күшіне енеді, егер актілердің өзінде өзге мерзімдер көрсетілмеген болса.

Еңбек туралы нормативтік құқықтық актілердің кеңістіктегі қолданылуы: ҚР Президенті, ҚР Парламенті мен Үкіметі, орталық атқарушы және өзге орталық өкілетті органдар қабылдаған нормативтік құқықтық актілердің күші Қазақстанның барлық аумағына тарайды, егер актілердің өзінде немесе оларды күшіне енгізу туралы актілерде өзге бір ерекшелік көрсетілген болмаса. Жергілікті өкілетті және атқарушы органдар қабылдаған нормативтік құқықтық актілердің тиісті әкімшілік-аумақтық бөліністерде ғана күші болады. Нормативтік құқықтық актілердің кеңістіктегі күшін еңбек құқығының тұтастық және бөлшектік принципін жүзеге асырудың бір нысаны деп түсінуге болады. Қазақстан Республикасы аумағының кеңдігі, оның табиғи климаттық жағдайына байланысты түрлі жерлердегі еңбек жағдайларының ерекшеліктері (шөлді, таулы жер, т.б.) ескеріліп қызметкерлердің кейбір санаттарының жалақысына түрлі жеңілдіктер, кепілдіктер орнату үшін өзге де арнаулы құқықтық актілер қабылданады. Осыны ескеріп еңбек туралы заңнаманы жалпы және арнайы деп топтастыруға болады. Жалпы заңнама, экономика саласына және еңбек жағдайына қарамастан, барлық қызметкерлерге тарайды, арнайы заңнама - еңбектің ерекше жағдайларына бағытталған.

Еңбек туралы нормативтік құқықтық актілердің адамдар бойынша қолданылуы: ҚР еңбек кодексінің күші тек республика азаматтарына ғана емес, сонымен қатар Қазақстанда еңбекпен айналысып жүрген шетел азаматтарына да, азаматтығы жоқ адамдарға да таралады (егер Конституцияда, заңдарда және Қазақстан Республикасы бекіткен халықаралық шарттарда өзгедей көзделмесе). Қазақстан аумағында орналасқан, құрылтайшысы немесе иегері (толықтай немесе оның бөлігіне иелік ететін) шет елдің заңды тұлғасы болып табылатын ұйымдардың немесе шет елдің жеке кәсіпкер-тұлғаларының қызметкерлеріне де Қазақстан Республикасының еңбек заңдары қолданылады. Сонымен қатар, жеке және заңды тұлғалардың еңбек құқықтық субъектілігінің ерекшелігін ескере отырып, еңбек құқығын жіктеуге байланысты қызметкерлердің кейбір санаттарының (мемлекеттік қызметкер, мүгедек, кәмелетке жасы толмаған, т.б.) еңбек қатынастарын реттеу үшін еңбек туралы арнайы құқық нормалары болады.

Сонымен, еңбек туралы нормативтік құқықтық актілер белгілі уақытта, кеңістікте және адамдар арасында жоғарыда келтірілген тәртіп бойынша қолданылады.



Бақылау сұрақтары:

1 Еңбекті қоғамдық ұйымдастырудың түсінігі.

2 Еңбекті қоғамдық ұйымдастырудың құрамдас элементтері.

3 Еңбек құқығының мәндік белгілері.

4 Еңбек құқығы пәнін еңбекті қолдануға (мердігер, тапсырма, т.б.) байланысты азаматтық-құқықтық қатынастардан шектеп бөлу.

5 Еңбек және қызметтік-құқықтық қатынастардың әкімшілік құқықтағы бірлігі және арақатынасы.

6 Еңбек құқығы әдісінің түсінігі және ерекшелігі.

7 Еңбек құқығы әдісінің негізгі элементтері мен көрініс табу нысандары.

8 Еңбек құқығының жүйесі.

Тақырып 2. Қазақстан Республикасының еңбек құқығының қағидалары
Тақырыпты меңгеру бойынша әдістемелік нұсқама
Тақырыпты меңгеруге көшпес бұрын, ең алдымен құқықтық принциптер ұғымын анықтап алуымыз қажет. Еңбек құқығының принципі дегеніміз негізге алынатын, бастаушы бастама, ол осы саланың және оның институттарының құқықтық нормаларының мәні мен ішкі үйлесімділігін білдіреді. Принцип еңбек құқығы жүйесінің негізге алынатын элементі ретінде заңнамада міндетті түрде көрсетіліп, бекітілуге тиіс. Бұл жағдайда ол құқықтық принципке айналады.

Еңбек құқығының принциптерін оқу барысында оның жалпы, салалық және салааралық принциптерінен ажырата білуіміз қажет. Еңбек құқығының салааралық принциптері Қазақстан Республикасының еңбек кодексінің 4 бабында берілген және бұл принциптерді толық түсіну үшін Қазақстан Республикасының еңбек кодексіне түсініктемесін қарауға болды (Комментарии к Трудовому кодексу РК. Под ред. Сапарбаева Б.М. Астана 2008.).


2.1 Еңбек құқығы принциптерінің түсінігі және рөлі
Еңбек қатынастарын құқықтық реттеудің мәні мен ішкі бірлігін білдіретін ғылыми және құқықтық санат ретіндегі еңбек құқығының принциптері туралы мәселеде маңызды теориялық және практикалық мән бар. Принциптердің сақталуы еңбек құқығы нормаларының дұрыс қолданылуының, еңбек қатынастарын реформалаудың қажетті шарты, олар республикадағы әлеуметтік-экономикалық қайта құру процестеріне ықпалын тигізуге тиіс.

Еңбек құқығының принципі негізге алынатын, бастаушы бастама, ол осы саланың және оның институттарының құқықтық нормаларының мәні мен ішкі үйлесімділігін білдіреді. Принцип еңбек құқығы жүйесінің негізге алынатын элементі ретінде заңнамада міндетті түрде көрсетіліп, бекітілуге тиіс. Бұл жағдайда ол құқықтық принципке айналады.

Еңбек құқығы принциптерінің қызметтік рөлін мына негізгі позициялармен сипаттауға болады:

а) принциптер еңбек құқығы субъектілері үшін арнайы бағдар болады, себебі олар еңбек құқығы нормаларында бекітілген және қатысушылар әрекетін мемлекеттің еңбекті қоғамдық ұйымдастыру саласындағы құқықтық саясатын басқарушы идеяларға сәйкес бағыттайды;

б) принциптер еңбек қатынастарын құқықтық реттеу үшін бастапқы нұсқау (алғашқы негіз) болып табылады; бұл сапада принциптер еңбек туралы заңның мәні мен мазмұнын және оны қолдану практикасын алдын ала анықтайды, сондай-ақ еңбек туралы жаңа құқықтық нормалар жасағанда бұл басқарушы идеялардың жүзеге асырылу механизмін қарастыру жайында заң шығарушыға бағдар береді;

в) принциптер еңбекті қоғамдық ұйымдастырудың құқықтық негіздеріне тұрақтылық береді; еңбек ресурстарын даярлау, бөлу және тиімді пайдалану, еңбек қорғауды ұйымдастыру мен өндіріс қауіпсіздігі және еңбекті қоғамдық ұйымдастырудың басқа элементтері саласындағы басқарушы идеяларды заңда бекіте отырып, мемлекет еңбекті басқарудың барлық механизмі үшін іргелі құқықтық негіз, еңбек қатынастарының тиянақты нысандарын құруды қамтамасыз етеді;

г) принциптер құқықтық. реттеудің мәнімен және әдісімен бірге еңбек құқығын ұлттық құқықтың басқа салаларынан ажыратудың объективтік критерийі болады, себебі құқықтың осы саласының мәндік ерекшеліктерін білдіреді;

д) принциптер азаматтарға, мемлекеттік аппараттың лауазымды адамдарына, ұйымдардың қызметкерлеріне тәрбиелік ықпал жасайды.

Сонымен, құқықтық принциптер еңбек құқығының теориясында және заң практикасында даму алған бұл қасиеттері еңбек қатынастарын құқықтық реттеу механизмінің мәндік негізін құрайды.

Еңбекті ұйымдастыру және қолдану саласындағы принциптер өздерінің мазмұны , әрекет ету саласы және мақсаттық бағыты жағынан алғанда бір мағыналы емес. Олар жалпы (салааралық), салалық (еңбек құқығы) және еңбек құқығының жекелеген институттарының принциптері болып бөлінуі мүмкін. Принциптердің бұл топтары өзара байланысты, бірін бірі толықтырады, олар бірлесіп еңбекті қоғамдық ұйымдастыруды құқықтық реттеудің ілгері негізін құрайды.

Жалпы (салааралық) принциптер еңбекті және тиісінше еңбек құқығы салаларын құқықтық реттеудің базалық принциптері болып табылады. Оларды Қазақстан Республикасының Конституциясында бекітуі олардың жалпы ортақтық сипатын білдіреді. Жалпы принциптерге мыналарды жатқызуға болады: заңдылық; азаматтардың құқықтарының бостандығының және заңды мүдделерінің мемлекет мүдделері алдында басымдығы; Мемлекеттік қызметке тең қол жеткізу; қоғам пікірін ескеру және жариялылық; халықаралық қарым-қатынас.
2.2 Еңбек құқығы принциптерінің жіктелуі: сала аралық және салалық принциптер
Еңбекті ұйымдастыру және қолдану саласындағы принциптер өздерінің мазмұны, әрекет ету саласы және мақсаттық бағыты жағынан алғанда бір мағыналы емес. Олар жалпы (салааралық), салалық (еңбек құқығы) және еңбек құқығының жекелеген институттарының принциптері болып бөлінуі мүмкін. Принциптердің бұл топтары өзара байланысты, бірін бірі толықтырады, олар бірлесіп еңбекті қоғамдық ұйымдастыруды құқықтық реттеудің іргелі негізін құрайды.

Еңбек құқығының салалық принциптері:

1) адам мен азаматтың еңбек саласындағы құқықтарының шектелуіне жол бермеу;

2) еңбек бостандығы;

3) кемсітушілікке, мәжбүрлі еңбекке және балалар еңбегінің ең нашар түрлеріне тыйым салу;

4) қауіпсіздік және гигиена талаптарына сай келетін еңбек жағдайларына құқықты қамтамасыз ету;

5) өндірістік қызмет нәтижелеріне қатысты алғанда қызметкердің өмірі мен денсаулығының басымдығы;

6) еңбегі үшін жалақының ең төменгі мөлшерінен кем емес, әділетті сыйақыға құқығын қамтамасыз ету;

7) тынығу құқығын қамтамасыз ету;

8) қызметкерлердің құқықтары мен мүмкіндіктерінің теңдігі;

9) қызметкерлер мен жұмыс берушілердің өздерінің құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін бірігу құқығын қамтамасыз ету;

10) әлеуметтік әріптестік;

11) еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелерін мемлекеттік реттеу;

12) қызметкерлер өкілдерінің Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының сақталуына қоғамдық бақылауды жүзеге асыру құқығын қамтамасыз ету болып табылады (ҚР ЕК 4 бабы).

Еңбек құқығына қатысты алғанда еңбек бостандығы қызмет түрі мен кәсіпті еркін таңдау, еңбек кабілетін еркін көрсете білу еңбек шарттары бостандығының салааралық принципі арқылы көрініс табады, ол азамат пен жұмыс беруші арасындағы жұмыстың шарты мен сипаты өзара келісімде келтіріледі. Еңбек құқығының салалық принципі болып табылатын еңбек шартының бостандығы қызметкердің толық емес жұмыс күні жағдайында бірнеше жұмыс берушілермен еңбек шартын жасауға құқығы бар екендігін білдіреді.

Еңбек саласындағы адам мен азаматтың құқықтарын шектеуге жол бермеу принципі ҚР Еңбек кодексінің 5 бабында көзделген. Яғни Еңбек кодексінде және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген жағдайлар мен тәртіптен басқа, ешкімнің де еңбек саласындағы құқықтарына шек қойылмайды.



Еңбек бостандығы принципі әркімнің де еңбекті еркін таңдауға немесе еңбекке қандай да болмасын кемсітушіліксіз және мәжбүрлеусіз еркін келісуге құқығы, өзінің еңбекке қабілеттілігіне иелік етуге, кәсіп және қызмет түрін таңдауға құқығы бар екендігін білдіреді (ҚР ЕК 6 б.).

Еңбек саласындағы кемсітушілікке және мәжбүрлі еңбекке тыйым салу принципі әркімнің де еңбек саласындағы өз құқықтары мен бостандығын іске асыруға тең мүмкіндіктері бар екендігін білдіреді. Ешкімді де өзінің еңбек құқықтарын іске асыру кезінде жынысына, жасына, дене кемістіктеріне, нәсіліне, ұлтына, тіліне, мүліктік, әлеуметтік және лауазымдық жағдайына, тұратын жеріне, дінге көзқарасына, саяси сеніміне, руға немесе текке-топқа, қоғамдық бірлестіктерге қатыстылығына байланысты ешқандай кемсітуге болмайды. Еңбектің осы түріне тән талаптармен айқындалатын не әлеуметтік және құқықтық басымдықпен қорғалуға мұқтаж адамдар жөнінде мемлекеттің ерекше қамқорлығынан туындаған өзгешеліктер, ерекшеліктер, артықшылықтар мен шектеулер кемсітушілік болып табылмайды. Мәжбүрлі еңбекке тыйым салынған (ҚР ЕК 7 және 8 баптары).

Қауіпсіздік және гигиена талаптарына жауап беретін еңбек жағдайын қамтамасыз ету құқығы принципі азаматтардың денсаулыққа құқығын қарастырады қызметкерлердің қауіпсіздік және гигиена талаптарына жауап беретін еңбек жағдайына құқығын білдіретінін көрсетеді.

Ең аз жалақы мөлшерінен кем емес еңбек ақы төлеу құқығын қамтамасыз ету принципі - ҚР Конституциясы (24 баптың 2 тармағы) азаматтардың ешқандай кемсітусіз еңбек ақы алуын көздейді. Бұл талапта жалпылама сипат бар, себебі ол еңбектегі құқықтық қатынаста тұратын, қай салада болса да еңбек ететін барлық адамдарға қатысты. Бұл жерде мәселе - кемсітудің қандай түріне болса да тыйым салынғандығында (Конституцияның 14 бабы). Еңбек құқығына қатысты алғанда бұл конституциялық принципті салалық принцип түрінде - еңбек ақы заңда белгіленген ең аз мөлшерден төмен емес деп келтіруге болады. Бұл принциптің күші қандай қызметпен айналысатынына және қай жүйеге бағынатынына қарамастан экономиканың мемлекеттік секторының барлық ұйымдарының қызметкерлеріне, сондай-ақ жеке меншік нысанындағы ұйымдарда жалданып жұмыс істеушілерге қатысты болады.

Демалу құқығын қамтамасыз ету принципі - еңбек құқығының салалық принципі. ҚР Конституциясы (24 баптың 4 тармағы) азаматтардың демалу құқығының жалпыға бірдейлігін қарастырған. Бұл принцип кімнің қайда істейтіндігіне қарамастан барлық адамдарға түгелдей қатысты. Еңбек шарты бойынша жұмыс істейтіндерге жұмыс күнінің ұзақтылығы, демалыс және мереке күндері, жылсайынғы төленетін демалыс заңда белгіленіп кепілдік берілген ең ұзақ жұмыс уақытын, апта сайынғы демалыстың және жыл сайынғы төленетін демалыстың ең аз мөлшерін, сондай-ақ демалуға құқықты жүзеге асырудағы негізгі басқа да жағдайларды мемлекет белгілейді.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет