ОҢТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН МЕМЛЕКЕТТІК ПЕДАГОГИКАЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ А.К.Оралбекова
«Жоғары мектеп педагогикасы» пәнінен дәріс жинағы
Шымкент, 2021
№ 1 дәріс. Педагогика ғылымы және оның гуманитарлық ғылымдар жүйесіндегі орны
ЖОСПАР: Жоғары білім беру педагогикасы . Тақырыптың басқа ғылымдармен байланысы. Педагогикалық ғылымдар жүйесі. Жоғары мектеп педагогикасының негізгі категориялары.
Педагогика ғылымының пәні, нысаны, оның ерекшеліктері.
Адам биологиялық тіршілік иесі ретінде дүниеге келеді. Оның тұлға болып жетілуі үшін- тәрбиелеу қажет. Тәрбие адамды ізгілендіріп, оған қажет қасиет, сапаларды қалыптастырады.Тәрбие жөнінде арнайы ғылым қалыптасқан.
Адам тәрбиелеу жөніндегі ғылым педагогика деп аталады. Ол өз атамасын грек сөздері «пайдес»- балалар және «аго»- жетектеу дегеннен алған, тікелей аудармасында «педагогика» сөзі бала тәрбиесін бағыттау өнері дегенді аңдатады, ал «педагог» сөзі бала жетектеуші мәнін білдіреді.
Педагогика мұғалімдері белгілі жас тобындағы балаларды тәрбиелеу ерекшеліктері жөніндегі кәсіби білімдермен қаруландырып, әрқилы жағдайлардағы оқу-тәрбие процесін болжастыруға, жобалауға және іске асыруға, оның тиімділігін бағалауға үйретеді.
Қазіргі заман педагогикасы үлкен қарқынмен дамудағы ғылым. Сол дамуға байланысты өзгерістердің ізімен асығу қажеттігі пайда болып отыр. Педагогиканың іркіліс, кешеуілдеуі адамдардың дамудағдарысына алып келеді, ғылыми-технникалық прогрестің шабандауына соқтырады. Сондықтан да, педагогика қалаған дерек көздерінен жаңа білімдерді теріп жинақтап баруы қажет. Педагогиканың дамуына себепші көздер- адамдардың өмір салтында, дәстүрлерінде, халықтық педагогикада бекіген көп ғасырлық тәрбие тәжірибесі, іс-қызметтері׃ философиялық, қоғамтану, педагогикалық және психологиялық еңбектер׃ әлемде және елімізде жүріп жатқан тәрбие практикасы׃ арнайы ұйымдастырылған педагогикалық зерттеу деректері׃ жаңа идеялар, жаңарған бағыт- бағдарлар, жылдам өзгерістерге келіп тұрған бүгінгі дүниедегі тәрбиенің тиімді соны технологиялары.
Сонымен, педагогика- тәрбие жөніндегі ғылым. Оның басты міндеті адам тәрбиесі жөніндегі ғылыми білімдерді жинақтау және жүйелестіру. Педагогика адамдарды тәрбиелеу, білім беру және оқыту заңдылықтарын ашып, соның негізінде алға қойылған мақсаттарға жетудің ең пайдалы педагогикалық жолдары мен тәсілдерін көрсетіп отырады.
Педагогика нысаны. Педагогика ғылымының нысандық ерекшелігі жөнінде батыл ой ұсынған ғалым және практик А.С.Макаренко болды. Оның пікірі׃ көпшілік педагогика нысаны бала деп біледі, алайда бұл дұрыс емес.Ғылыми педагогика зерттеулерінің объектісі- бұл «педагогикалық дерек». Дегенмен, бала, адам да зерттеуші назарынан тыс қалмайды. Осыдан, педагогика өз нысаны ретінде тек өкілі не оның психикасын қарастырмай, оның дамуына байланысты педагогикалық- тәрбие құбылыстар жүйесін зерттеуге алады. Сондықтан да педагогика нысаны деп қоғамның мақсатты бағдарланған іс- әрекеттері үдерісінде дара адам дамуына себепкер болған болмыс құбылыстарын айтамыз.
Педагогика пәні. Арнайы әлеуметтік мекемелерде׃ отбасы, білім беру және мәдени- тәрбие орындарында- мақсат бағдарлы ұйымдастырылған шынайы біртұтас педагогикалық процесс ретінде көрінетін жүйеленген білім саласы.
Педагогика ғылымының қызметтері.Дербес ғылым ретінде танылған педагогиканың қызметтері оның жоғарыда аталған пәндік сипаттарымен сабақтас, яғни табиғи бірлікте іске асырылуы қажет теориялық және технологиялық міндеттер.
Педагогиканың теориялық міндеттері үш деңгейде жүзеге асырылады׃ -сипаттау немесе түсіндіру- озат әрі жаңашыл педагогикалық тәжірибені зерттеу.
-анықтау- педагогикалық құбылыс жағдайын, педагог пен оқушы іс- әрекеттерінің нәтижелілігі немесе тиімділігін және оларды қамтамасыз етуші шарттар мен себептерді айқындап алу.
-болжау- барша педагогикалық, табиғи түтастық күйінде эксперименталды зерттеуден өткізу және оның негізінде педагогикалық болмыстың жаңаланған моделін құрастыру.
Педагогиканың технологиялық қызметтері де үш көрініс береді׃ -жобалау- педагогикалық іс- әрекет пен оның мазмұны әрі сипатын қалыптастыру және реттеуге нұсқау болғандай теориялық тұжырымдар мен анықтамаларды қамтыған қажетті әдістемелік материалдарды жасауға байланысты
-жаңалау- тәрбие және білім беру тәжірибесін жетілдіру мен қайта түзу мақсатына орай педагогика ғылымының замандық жетістіктерін мектеп өміріне енгізе, пайдалану.
-ықпал таныту және реттеу- түзетулер енгізу- ғылыми зерттеу нәтижелерінің оқу- тәрбие ісіне болған әсер ықпалын бағалау және одан соңғы ғылыми теория мен тәжірибелік іс- әрекеттер байланысына қажет болып қалатын реттеу- түзетулерді іске асыру.
Педагогикалық ғылымдар жүйесі. Педагогика – кең ауқымды ғылым. Бүгінгі педагогиканы тәрбие жөніндегі ғылымдар жүйесі деп атаған дұрыстау келеді.
Педагогиканың ірге тасы- философия, дәлірек айтсақ, тәрбие проблемаларымен арнайы шұғылданатын оның тәрбие философиясы тармағы. Философия- педагогикаға танымның жалпы бағыт бағдарын, педагогикалық құбылыстар мен прцестерді зерттеудің әдіс- тәсілдерін көрсетеді.
Қоғамдық құбылыс ретінде тәрбие дамуы мен педагогикалық білімдердің өткен жолын педагогика тарихы зерттейді. Педагогика жүйесі келесі салаларды қамтиды׃ жалпы педагогика, жас кезеңдер педагогикасы, әлеуметтік педагогика, арнайы педагогика.
Жалпы педагогика-адам тәрбиесі заңдылықтарын зерттеп, барша типтегі тәрбиелік мекемелердегі оқу- тәрбие процесінің жалпы негіздерін теориялық тұрғыдан қарастыратын іргелі ғылыми пән. Қалыптасқан дәстүр бойынша жалпы педагогика төрт бөлімнен тұрады. 1) оқу-тәрбие процесінің негіздері. 2) дидактика. 3) тәрбие теориясы. 4) мектеп тану. Жас кезеңдер педагогикасы педагогиканың мектепке дейінгі және мектептік жүйелерін өз алдына бөліктеп қарастырады. Бүгінгі күнде жас кезеңдер педагогикасы орта білім берудің барша жүйесін қамтиды, әрқилы жас топтарында немесе оқу мекемелерінде тәрбие айырмашылықтарын танытушы дербес педагогикалық салалар пайда болуда.
Ғылыми пәндер ішінде ересектердің педагогикалық проблемаларымен айналысып, қарқынды даму жолына түскен- жоғары мектеп педагогикасы. Оның міндеттері- барша деңгейдегі ресми, ресми емес тіркелген жоғарғы оқу орындарында жүріп жатқан оқу- тәрбие процесінің заңдылықтарын ашып беру, қазіргі ауыспалы кезеңде жоғары білім алудың арнайы проблемаларын зерттеу, жоғары технологиялық және компьютерлік оқу жүйелерінің принциптерімен таныстыру.
Әлеуметтік педагогика ауқымында отбасы педагогикасы, мәжбүрлі тәрбие педагогикасы, алдын алу педагогикасы дамуда.
Өз дамуында әрқилы мүшелік бұзылыстар мен ауытқуларға ұшырған адамдар арнайы педагогика аймағында зерттеледі.
Тәрбиеге байланысты жаңа ғылым салалары педагогиканың дәл және техникалық білімдермен тоғысында қылаң бере бастады. Олар- кибернетикалық, математикалық, компьютерлік педагогика, суггестология және т.б. Осы заманғы педагогика адам жөніндегі басты ғылымдардың бірі ретінде ауқымды да қарқынды даму жолына түсті.
Сонымен, бұл күнде педагогика кең тармақты ғылыми жүйе ретінде танылған. Бұл жүйеде мектеп педагогикасы маңызды орынға ие. Себебі тәрбие процесі әсіресе балалық шақта жылдам жүрісте болады, сондықтан да оны жоғары кәсіптік деңгейде басқара білу қажет.
Педагогика және басқа ғылымдар. Педагогиканың философиямен байланысы өте бір ұзақ та өнімді болды, себебі философиялық идеялардан педагогикалық тұжырымдар теориялар туындап отырды.
Педагогиканың ежелден келе жатқан дәстүрлі де аса бір құнды байланысы жантану ғылымымен орныққан. Адам табиғатын білу, оның тума қасиеттері мен мүмкіндіктерін түсіну, тұлға дамуы мен оның жандүниелік қозғалыстарында байқалатын заңдылықтар және оларды басқарушы тетіктерді ескеру, сонымен бірге оқу мен тәрбие жүйесін осы психикалық заңдылық, қасиет- сапа, қажеттіліктер мен мүмкіндіктерге негіздей отырып құрастыру талаптарын елеулі ғұлама- педагогтардың бәрі де алға тартып отырған.
Педагогиканың медицинамен байланысының нәтижесінде педагогикалық білімдердің арнайы саласы коррекциялық педагогика пайда болды.
Педагогика және экономикалық ғылымдар арасындағы қатынастар өте күрделі, бірақ біртекті емес.