Қорғалжын қорығы. Теңіз – Қорғалжын көлдер жүйесін және далалы аймақтың біраз бөлігін қамтитын Қорғалжын мемлекеттік қорығы 1968 жылы ұйымдастырылған еді.
Қорғалжын қорығының аймағы 235661 гектарға тең. Оның көп бөлігін көлдер алып жатыр. Қорғалжын мемлекеттік қорығы ЮНЕСКО белгілеген халықаралық маңызы бар сулы – батпақты резерваттар қатарына жатқызылған. Қорық аймағында құстардың 225 түрін, сүт қоректілердің 30 түрін, қос мекенділер мен бауырымен жорғалаушылардың оншақты түрін кездестіруге болады.
Колония құрып тіршілік ететін қоқиқаздар қорық жеріне ұя салып, жұмыртқа басады. Қоқиқаздан басқа қорық жерінде өте сирек кездесетін аққу, бұйра бірқазан, қызыл жемсаулы қарашақаз, аққұтан, дуадақ, безгелдек сияқты құстар тіршілік етеді.
Марқакөл қорығы – 1976 жылы 1 тамызда ұйымдастырылған. Марқакөл мемлекеттік қорығы Шығыс Қазақстан облысындағы Күршім мен Азу жоталарының аралығында жатыр.
Марқакөл мемлекеттік қорығының аумағы 71 369 гектар. Шалқып жатқан Марқа жағалауы жасыл желек жамылған ну орманға тұнып тұр. Ақ қайың тал, көктерек, үйеңкі, долана, мойыл көздің жауын алады.
Көлде балықтың бірнеше түрі бар. Атап айтқанда, жергілікті тұрғындар «Қызыл қашаған» деп атап кеткен майқан немесе қаяз балығы, хариус, талма, теңге балық, (пескарь) ойнақ салады.
Өсімдіктер мен хайуанаттар дүниесінің ерекшелігімен қатар ол жергілікті ауа райын реттеп отырады.
Достарыңызбен бөлісу: |