ІІ. Санамақтар
Бес саусақ
Бас бармақ бауға барды,
Бір дегенім бүркіт,
Қалады аңдар үркіп.
Екі дегенім есік,
Білмейді ол есеп.
Үш дегенім үкі,
Ұстап жеді түлкі.
Төрт дегенім тиін.
Бес дегенім бұлбұл,
Сайрағанда дүл–дүл.
Алты дегенім арғымақ,
Бір дегенім таяқ қой,
Дөңдеу жерден қарғымақ.
Жеті дегенім жайын
Жайынның жейміз майын.
Сегіз дегенім серке.
Енесіне ерке.
Тоғыз дегенім–түлкі,
Жүрген жері күлкі.
Он дегенім оймақ,
Осымен сөзді қоймақ..
(Т.Қанаев)
Санамақ
Екі көз бен қос құлақ
Бір бас пенен бір мұрын
Нешеу болды қос шырақ,
Санап шығар кім бұрын?!
Екі аяқ пен екі қол,
Бір ауыз бен бір тілің...
Нешеу болды қане, бол,
Санап шығар кім бұрын?!
Сұқ саусағым суға барды
Ортаң қолым орақ орды.
Аты жоғым ағаш жарды,
Жұмсамапты алақаным,
Тек шынашақ–балапанын.
(М. Қуанышбеков)
Топ, топ, добым
Топ, топ, добым домалақ,
Топ, топ, добым домалақ,
Қайда кеттің домалап
Қайда кеттің домалап
Бір, екі деп екі ұрдым,
Шатырға сен секірдің.
Үш, төрт, бес деп үлгердім,
Ішіне ендің гүлдердің.
Алты, жеті дегенде.
Жаттың шаршап еденде.
Сегіз, тоғыз дегенде,
Сайға сырғып жөнелдің.
Топ, топ, добым домалақ,
Қайда кеттің домалап.
Бір апта
Дүйсенбіде доп ойнадық қорада,
Сейсенбіде серуен құрдық далада.
Сәрсенбіде сурет салдық сәнді етіп,
Бейсенбіде би биледік әндетіп.
Жұма күні жидек тердік қыратта,
Сенбі күні кино көрдік клубта.
Жексенбіде үйде болып дем алдық,
Осылайша өте шықты бір апта.
Санамақ
Оң қолымда бес саусақ,
Сол қолымда бес саусақ.
Қосып едім екеуін,
Болып шықты он саусақ.
Оң аяқта бес бақай,
Сол аяқта бес бақай.
Қосып едім екеуін
Болып шықты он бақай
Беске дейін санау
Бірді бірге таяп қой.
Екеу болар қос таяқ ,
Цифры оның тап мына
Ұқсайды бір аққуға,
Екі мен бір – болар үш,
Цифры оның – ұшқан құс.
Үш пен бірің төрт екен.
Төртеу санның көркі екен.
Төрт аяқпен жануар,
Стол, төсек... тағы бар..
Төрт аяқпен нық тұрар
Төрт бірлікті ұқтырар
Бес дегеннің цифры Қарап тұрсаң оп–оңай.
Үштің басын қайырып,
Қоя салған жай бұрап.
(Ә. Табылдиев)
ІІІ. Жаңылтпаштар
Бір ақ шымшық,
Екі ақ шымшық.
Үш ақ шымшық,
Төрт ақ шымшық.
Пеш үстінде бес мысық,
Пеш ішінде бес мысық
Бес күзетші.. бес пысық.
Үш кіші ішік піштім,
Бес кіші ішік піштім
Неше кіші ішік піштім.
Ұшып кетті үш құс,
Ұшып келді ұшқыш.
Есет атам ет асатар,
Ет асатса, бес асатар.
Аппақ, аппақ, бәрі аппақ,
Ақ қар аппақ, бәрі аппақ.
Ақ бұлт, қырау, мақта аппақ
Ақ сүт, айран, қант та аппақ.
Бес түп алма,
Бестік алғандыкі.
Төрт түп алма ,
Төрттік алғандыкі.
ІV. Жұмбақтар
Жаңылмастан жетеуі,
Кезек қызмет етеді.
(Аптаның 7 күні)
«Бәрі нешеу»
Асан ,Айша екеуі,
Қос қуыршақ,
Бір құлыншақ,
Екі ойыншық
Құстай ұшып,
Үйден шықты.
(Жетеу)
Дүкеннен көп сабын алдым,
Оның және қабын алдым.
Екі дептер бір қарындаш,
Тіс ысқышты тағы алдым.
Есептеші сонда бәрі
Қанша болды қолда бәрі?
(Алтау)
Туысқан бес кісі,
Бірінен-бірі кіші
Бәрінің аты бір
Ең кішісі шеткісі
(бес саусақ)
Бес балада бір бешпет,
Бір киініп, бір шешпек.
Оң жағымда бес сарбаз,
Сол жағымда бес сарбаз.
(он саусақ)
Табақта бес алма,
Қолымда екі алма.
Қосқанда барлығы
Болады неше алма?
Бір алма апама,
Бір алма атама.
Екі алма беремін
Мамам мен папама.
Нешеуі қалады табақта?
(үшеу)
Бір үйде біз нешеуміз
Кел санайық екеуміз:
Бас бармағым–папам,
Балаң үйрек- апам,
Ортан терек- ағам,
Шылдыр шүмек,
Титтей бөбек сен
Бір үйде біз нешеуміз?
V. Бой сергіту сәтінде пайдаланатын математикалық тақпақтар
1.Оңға, оңға түзу тұр,
Солға, солға түзу тұр.
Алға қарай бір адым
Жоғары, төмен қарайық,
Орнымызды табайық.
2.Сағаттың тіліндей,
Иіліп оңға бір.
Сағаттың тіліндей
Иіліп солға бір
Сағатқа қарап ап
Жаттығу оңай-ақ.
3.Қақпаға туралап,
Теп допты, оң аяқ
Қақпаға туралап,
Теп допты сол аяқ,
Оң аяқ, сол аяқ
Жаттығу оңай-ақ.
4.Доп безек қағады,
Секіріп еденде
Біресе жоғары
Біресе төменге
Жаттығу оңай-ақ.
5.Қарлығашқа ұқсайық
Қане қанат жасайық
Қарлығаш боп ұшайық,
Ұшып-ұшып алайық..
6. 1, 2, 3
Дем аламыз жинап күш.
«5»- тік баға аламыз
Қуанып үйге барамыз.
7. Ал балалар тұрмайық,
Алақанды ұрайық.
Бір отырып, бр тұрып
Біз тынығып алайық.
8. Тік ұста бойыңды
Жоғары соз қолыңды.
Соз қолыңды тағы да,
Жеткіз жираф мойнына.
9. Оң қолымда бес саусақ,
Сол қолымда бес саусақ.
Алақанды ашамыз
Бесті беске қосамыз.
Кел санайық ал мұны,
Нешеу болды барлығы?
Оң қолымда бес саусақ,
Сол қолымда бес саусақ.
Жасырып ем бесеуін,
Қалды мұнда нешеуі?
Бесеу екен қалдығы,
Нешеу еді барлығы?
10.Сол аяқ, оң аяқ,
Кезек оны тебеді.
Ол тынымсыз домалап,
Зыр жүгіре береді.
Қарапайым математикалық ұғымдарды қалыптастыру кезінде пайдаланатын дидактикалық ойындардың
ұйымдастырылған оқу іс-әрекетінің үлгісі
Ұйымдастырылған оқу іс-әрекетінің тақырыбы: «Осындай пішінді тап»
Ұйымдастырылған оқу іс-әрекетінің мақсаты: Балалардың геометриялық пішіндер туралы алған білімдерін бекіту. Назар аударуын, ойлау қабілетін, есте сақтау қабілетін дамыту.
Көрнекіліктер: Геометриялық пішіндер, ұшбұрыш, дөңгелек, шаршы, суреттер, ойыншықтар, геометриялық пішіндердің суреті бар жолдар.
Ұйымдастырылған оқу іс-әрекетінің барысы:
Тәрбиеші: Балалар бүгін бізде «Ойнайық та ойлайық» вариатиптік сабағынан «Осындай пішінді тап» тақырыбында іс-әрекет өткіземіз. Біздің бұл іс-әрекетімізге көп қонақтар келіп отыр екен, қане қонақтармен амандасып алайық.
Балалар: Сәлеметсіздер ме?
Қонақтар: Сәлеметсіңдер ме!
Тәрбиеші: іс-әрекетті бастамас бұрын геометриялық пішіндерді есімізге түсіріп алайық деп, тәрбиеші төбеде ілініп тұрған пішіндерді көрсетіп сұрайды. Мынау қандай пішін?
Балалар: Мынау үшбұрыш.
Тәрбиеші: Ал, мынау қандай пішін?
Балалар: Бұл дөңгелек.
Тәрбиеші: Мынау ше?
Балалар: Мынау шаршы.
Осы кезде Дымбілмес келеді. Қолында геометриялық пішіндерден құралған мысықтың суреті бар.
Тәрбиеші: Бұл кім болды екен бізге қонаққа келген, балалар сендер білесіңдер ме?
Балалар: Ол–Дымбілмес қой.
Дымбілмес: Мен күн елінен келдім. Ойнап жүріп, мына суретті тауып алдым. Балалар сендер білесіңдер ме? Білсеңдер маған көмектесіңдерші. Мынау ненің суреті екенін айтындаршы?
Балалар: Бұл геометриялық пішіндерден құрастырылған мысықтың бейнесі.
Тәрбиеші: Мысықтың басы қандай геометриялық пішіннен жасалған?
Балалар: Дөңгелек.
Тәрбиеші: Тағы қандай мүшелері дөңгелектен жасалған?
Балалар: Көзі, аяғының басы, құйрығы–шаршыдан жасалған.
Тәрбиеші: Ал құлағы ше?
Балалар: Құлағы-үшбұрыштан жасалған.
Тәрбиеші: Дұрыс балалар, ал Дымбілмес ұқтын ба?
Дымбілмес: Иә, үшбұрыштан, шаршыдан, дөңгелектерден жасалған мысықтың суреті
Тәрбиеші: Балалар мысық қайда тұрады?
Балалар: Үйде тұрады.
Тәрбиеші: Ендеше мына геометриялық пішіндерден үй құрастырайық. Дымбілмес сен де балалармен бірге болып білмегеніңді үйреніп ал.
Дымбілмес: Жарайды, осындай білгір балалармен болғаныма мен өте қуаныштымын.
Балалар: Құрастырады.
Тәрбиеші: Қандай геометриялық пішіндерден құрастырдыңдар?
Балалар: Үшбұрыш және шаршыдан құрастырдық.
Тәрбиеші: Балалар, кәне барлығымыз бірігіп «Өз үйіңді тап» деген ойынды ойнайықшы.
Ойын «Өз үйінді тап» Үш жерде үш түрлі геометриялық пішіндер қойылады. Балалардың қолында әр түрлі пішіндер таратылып беріледі, әуен қосылады. Балалар әуен ырғағымен билейді, әуен тоқтаған кезде балалар қолдарындағы пішінге сәйкес пішінін тауып, қасына тұруы қажет. Осылай ойынды бірнеше рет қайталаймыз.
Тәрбиеші: Өте жақсы енді мына пішіндерге қарайықшы, сендер маған айтыңдаршы, мен көрсеткен пішіндердің қандай түсті екенін.
Балалар: Шаршы түсі сары, дөңгелек түсі көк, үлкен шаршы түсі қызыл, үшбұрыш түсі сары, үлкен дөңгелек түсі жасыл,т.с.с.
Тәрбиеші: Жақсы. Енді маған мына ойыншықтардың ішінен дөңгелекке ұқсас ойыншықты атаңдаршы.
Балалар: Дөңгелекке ұқсас–доп, алма, сағат, тарелка.
Шаршыға ұқсас–кітап, сандық, машинаның кузовы. Үшбұрышқа ұқсас–пирамида, шырша.
Тәрбиеші: Сендер балалар өте жақсы біледі екенсіңдер. Сендер геометриялық пішіндерден не құрастырдыңдар?
Балалар: Үй құрастырдық.
Тәрбиеші: Сол құрастырған үйлеріңнің есігінде құлып бар екен, соны ашайық. Ол үшін құлыптағы пішіндерге ұқсас пішінді тауып үстіне қоюымыз керек, сонда ғана ашылады. Әр баладан сұрау: қолдарында қандай кілттің барын. Енді сол кілттеріңді қолдарыңа алып, мына жердегі жолдармен жүрейік. Жолдар да сыйқырлы. Бір жолдың үстінде дөңгелек пішін, екіншісінде шаршы, үшіншісінде үшбұрыш бейнеленген. Кімнің қолында қандай пішін болса, сол жолмен жүреді. Іс-әрекет соңында балаларды мақтап, мадақтап балаларға геометриялық пішіндерден бейнеленген медальдар тарату.
Ұйымдастырылған оқу іс-әрекетінің тақырыбы: «Ойлау әлеміне саяхат»
Ұйымдастырылған оқу іс-әрекетінің мақсаты: Білімділікке бейімдеу бағытында сандардың қатарын ауызша санауға жаттықтыру оңға, солға, 1 таңбалы, 2 таңбалы сандарды ажыратуға, көршілес сандарды табуға жаттықтыру, жыл мезгілдерін, апта күндерін, ретімен атауға, тақпақтар айтуға үйрету. Геометриялық пішіндер мен денелерді табуға үлкен, кішіні салыстыруға бейімдеу. Жұмбақтар қисынды есептерді бере отырып ойлау, есте сақтау қабілетін дамыту.
Көрнекіліктер: Геометриялық фигуралар, сан тізбектері, ертегілер кейіпкерлері бейнеленген суреттер, карточкалар.
Ұйымдастырылған оқу іс-әрекетінің түрі: Түсіндіру, сұрақ жауап, әңгімелесу.
Ұйымдастырылған оқу іс-әрекетінің барысы:
Бөлмеге Мадияр кіреді.
- Бұл қай жер? Мен оларға жедел хат жіберген едім. Енді не істедім, барып іздеп келейін.
Балалар кіреді.
Тәрбиеші: Сендер, Мадиярды көрдіңдер ме, ол биыл мектепке барғысы келіп, сендерден көмек сұрап, жедел хат жіберген еді. Енді өзі жоқ.
Осы кезде Мадияр кіреді.
- Қайда жүрсіңдер? Уақыт таяп қалды «ойлау әлемі» аралына біз енді баруға үлгермейміз. Сағат неше болды?
Тәрбиеші: Сәлеметсің бе Мадияр? Неге барлығымен амандаспайсың? Сен асықпа, саған көмектеседі. «Ойлау әлемі» аралына неге барғың келеді?
Мадияр: Ол аралда сиқырлы кітап бар. Ол кітапсыз мектепке алмайды.
Тәрбиеші: Балалар көмектесеміз бе?
Мадияр: Әрине көмектесеміз?
Тәрбиеші: Ол аралға бару үшін көптеген тапсырмалар орындау керек. Сен абыржыма балалар көмектеседі.
1 тапсырма:
А) суреттерді сана, жанына сандарды қой.
Б) бір таңбалы сандарда ата.
В) геометриялық пішіндерден үй, машина құрастыр.
2 тапсырма:
Неге үшбұрыш, төртбұрыш, дөңгелек, шаршы дейміз?
Тәрбиеші: балалар, мына суреттерге қарап, қай ертегіден екенін айтып беріңдерші және кейіпкерлердің қанша екенін санаңдар.
Балалар: 7 кейіпкер.
Тәрбиеші: 7 санының қасиеті туралы кім біледі?
7 ата: әке, бала, немере, шөбере, шөпшек, немене, туажат.
7 қазына: ержігіт, сұлу қыз, ақыл, білім, арғымақ, ат, құмай тазы, қыран бүркіт, берен мылтық.
7 жұт: құрғақшылық, жұт, оба, соғыс, жер сілкіну, сел жүру.
Тәрбиеші: Өте жақсы.
Сергіту сәті: Допты лақтырып сұрақ қою.
Сұрақ: бір жылда неше жыл мезгілі бар?
Балалар: бір жылда 4 жыл мезгілі бар.
Сұрақ: жыл мезгілдерін атап беріңдер.
Балалар: жаз, күз, қыс, көктем.
Сұрақ: қазір жылдың қай мезгілі?
Балалар: көктем.
Сұрақ: көктем айларын айтып жіберіңдерші?
Балалар: наурыз, сәуір, мамыр.
Сұрақ: наурызда, мамырда қандай мерекелер болады?
Балалар: 8 наурыз аналар күні, 1 мамыр достық күні, 9 мамыр жеңіс күні.
3 тапсырма:
Тәрбиеші: бір аптада неше күн бар?
Балалар: бір аптада 7 күн бар.
Тәрбиеші: енді осы 7 күнді атап беріңдер?
Балалар: дүйсенбі, сейсенбі, сәрсенбі, бейсенбі, жұма, сенбі, жексенбі.
Тәрбиеші: Өте тамаша. Бүгін қай күн?
Балалар: дүйсенбі, 1 ші күн.
4 тапсырма: Ойлау есептерін шешейік:
Аулада бес үйрек, Екі түйе, екі жылқы,
Қорада үш үйрек. Екі сиыр, екі ешкі
Бір үйрек тығылды, Бір қоян, бір түлкі
Бір үйрек жығылды Табалмасаң күлкі (10)
Қалғаны нешеу? (6)
Қолымда үш алма Жанып тұрған төрт шамның
Табақта екі алма Екеуі сөніп қалды, нешеуі қалды?(2)
Қосқанда болады
Неше алма? (5)
5 тапсырма: батпаққа батпай мына іздерді басып шығуымыз керек, егер сандарды ретімен дұрыс бассаңдар, яғни балалар: 1,2,3,4,5,6,7,8,9,10 сандарын ретімен басады.
Тәрбиеші: міне, балалар сендер «Ойлау әлемінеде» жеттіңдер.
Мадияр: балалар көмектескендеріңе көп рахмет.
Тәрбиеші: балалар бұл араға біз кітап іздеп келдік. Қане, іздейік. Ол үшін мына тастың оң жағына қарай үш қадам, солға екі қадам жасау керек. Тастың астын қара кітап жатыр. Кітапта жазулар бар екен.
Тәрбиеші: әріптер қандай түспен жазылған?
Балалар: қызыл, қара.
Тәрбиеші: неге?
Балалар: себебі, әріптер дауысты және дауыссыз деп екіге бөлінеді. Тәрбиеші: ендеше мына гүлді қараңдар. Қанекей алып оқиық.
Балалар оқиды: АР-А, А-УА, А-НА, А-ТА, А-ЛА, БАЛ-А.
6 тапсырма: мына сөздердің қарама қарсы мағынасын тап:
Ақ қара; үлкен кіші; ұзын қысқа; жылы суық; жақсы жаман; таза лас; қалың жұқа; жуан жіңішке.
Тәрбиеші: мына сөздерді кім оқиды?
Балалар: ө-те жақ-сы
Сау бо-лың-дар.
Тәрбиеші: ендеше сандарды кері ретімен басып қайтайық. Сау болыңыздар қонақтар, деп іс-әрекетімізді аяқтаймыз.
Ұйымдастырылған оқу іс-әрекетінің тақырыбы: «Кеңістікті бағдарлау»
Ұйымдастырылған оқу іс-әрекетінің мақсаты: балаларды кеңістік қатынастарымен (оң-сол, астында, үстінде, арасында) таныстыру; балаларды заттың көлеміне қарай салыстыруға үйрету (жоғары-төмен, ұзын-қысқа). Логикалық ойлауларын жетілдіру, қоршаған орта туралы түсініктерін кеңейту.
Көрнекіліктер: тақтаға ілінетін құралдар өзен, қоян, биік қарағай мен аласа шырша, тиін, кірпі, екі шымшық.
Үлестірмелі материалдар:
1. Жұмыс дәптерлері;
2. Түрлі-түсті қарындаш.
Ұйымдастырылған оқу іс-әрекетінің барысы:
Дәптермен жұмыс.
- Айша, Әлия, Әнел деген үш қыз өмір сүріпті. Айша-ең ұзыны, Әлия- оң жақта тұр, Әнел-сол жақта тұр.
- Қыздардың қайсысының бойы қысқа? Ең ұзын қыздың аты кім? Айшадан қысқа қыздың аты кім?
- Әр қыздың қай үйде тұратындығын ойлап табыңдар да, олардың үйіне қарындашпен жол салыңдар.
- Биік үй қай жақта? (сол жақта)
- Одан аласа үй қай жерде? (олардың ортасында)
Бір күні Айша, Әлия, Әнел орманға барады. Өзенге жақындап келіп, олар мынаны көрді: өзен жағасында екі ағаш өсіп тұр екен, оның аласасы шырша да, одан биігі - ұшы әрең көрінетін қарағай.
Суреті тақтаға ілінеді.
- Шырша қай жерде орналасқан? Қарағай ше?
- Орманда қыздардың нені кездестіргенін жұмбақты шешу арқылы табыңдар.
Жұмбақтар:
Үсті толы ине,
Бірақ та іс тігіп,
Қадамайды түйме.
(кірпі)
Бұтақтарға секіріп,
Әр жерден қылт етеді.
Кейде жаңғақ кеміріп,
Жоғары өрлеп кетеді
(тиін)
Қорыққанда жел аяқ
Отырғанда томардай-ақ.
(қоян)
Тәрбиеші аңның немесе құстың тұрған орнын айтады, ал балалар тақтаға оны қояды.
- Қоян шырша мен қарағайдың арасында отыр.
- Тиін қарағайда отыр.
- Кірпі шыршаның үстінде жүр.
- Қоян қызды көріп, қорқып кетті де шыршаның артына жасырынды.
- Кірпі қарағайдың түбіне жорғалап кірді.
- Ақ тиіндер төменге түсті.
Сергіту сәті: «Алыптар мен ергежейлер»
Бұл орманда алыптар (балалар қолдарын жоғары көтеріп, аяқтарының ұшымен тұрады) және ергежейлілер (балалар жүрелеп отырады) өмір сүріпті. Содан соң бұл қимылды тәрбиешінің айтуымен жылдам орындайды.
Дәптермен жұмыс.
Қыздар орманда серуендеді және толы себетпен үйлеріне қайтты. Айша себетін биік түбірге, Әлия бір түбір төмен, ал Әнел аласа түбірге қойды. Қыздарды өзінің себетімен сызық арқылы қос.
- Әр қыз не жинады?
Іс-әрекетті тәрбиеші қорытындылайды.
Дидактикалық ойын балаға білім берудегі әсер етудегі ең негізгі бір түрі, өйткені ойын балалардың негізгі іс әрекеті. Балалардың қарапайым математикалық ұғымдарын қалыптастыруда дидактикалық ойындардың алатын орны ерекше. Пішіндерді өткен кезде шар, куб, «не домалайды, не домаламайды?» ойыны арқылы осы екі пішіннің ерекшелігі, қасиеті туралы түсіндіру өте тиімді. Білім берудегі дидактикалық ойындарды нәтижелі қолданудағы негізгі шарты: ол ойын таңдаудағы бірізділікті сақтау, келесі дидактикалық принциптер міндетті түрде ескеруі керек; түсініктілік, қайталанылуы, тапсырмаларды біртіндеп орындау. Баламен іс әрекет түрінде өткізілсе, тапсырмалар оңай орындалып, алға қойған межеге жету оңай болады. Ертегі кейіпкерлеріне, ойыншық кейіпкерге көмектесу баланың қызығушылығын оятып, бәсекелестігін арттырады. Сондай-ақ, ойлау, тапқырлық қабілетін дамытып, адамгершілік, мейірімділік қасиеттерін оятады. Іс-әрекетке Дымбілместі қатыстыру баланың алған білімін еске түсіріп, сол Дымбілмеске үйрету арқылы қабілетін арттырады. Дымбілмеске қарай отырып өз жұмыстарын бақылай білуге, қате жіберіп алмауға деген қырағылықтарын арттырады.
Ойын арқылы балаларды геометриялық пішіндердің ортақ белгілері (дөңгелектенген, бұрышты) бойынша біріктіру туралы алғашқы түсініктерін қалыптастырамыз. Уақытты бағдарлауға үйрету үшін тәулік бөліктері, апта күндері, жыл мезгілдері және айлары туралы санамақтар, жаңылтпаштар, жұмбақтарды кеңінен пайдаланамыз. Бұл арқылы баланың ойлау, есте сақтау қабілеттері мен тілін дамытуды көздейміз.
Қарапайым математикалық ұғымдарды қалыптастыру бөлімі бойынша «Таным» білім саласындағы мақсаттар мен міндеттерді іске асыру үшін зейіндерін, есте сақтау қабілетін, логикалық ойлауын дамытуға арналған әлеуметтік ойындарды қолдану қажет. Ойын ойнату кезінде мына кеңестерді естеріңізде ұстаңыздар:
1. Ойын балаға да, үлкендерге де қуаныш әкелуі қажет.
2. Баланы ойынмен қызықтырыңыз, бірақ оны ойнауға мұқтаждамаңыз, ойын тапсырмаларымен ашуға дейін қысым көрсетпеңіз. Ойын кезінде баланы ренжітіп алмаңыз.
3. Баланың қызығулары «толқынмен» өтеді. Сондықтан, балада ойынға қызығушылығы басылғанда, ол ойын туралы екі айға, тіпті көпке дейін «ұмытыңыз», сосын оны бала «кездейсоқ» есіне түсірсін.
4. Ойын кезінде күштеу жағдайын болдырмау керек. Баланың белсенді қимылдарын тоқтатпаңыз.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
¬
1. Артемова Л.В. Дидактикалық ойындар. ¬– М., 1992.
2. Богуславская З.М., Смирнова Е.О. Мектепке дейінгі жастағы балаларға арналған дамыту ойындары. – М., 1991.
3. Дүйсенбай Е. Санамақ. – А., «Ана тілі», 1996.
4. Колесникова Е.В. 3-4 жас балаларына арналған математика. – М., 2008.
5. Леушина А.М. Математикалық түсініктерді қалыптастыру. –А., «Мектеп», 1982.
6. Мәжитқызы Р. Қызықты математика. – А., 1996.
7. Никитин Б.П. Дамытушы ойындар. – М., 1994.
8. Новикова В.П. Балабақшадағы математика – М., 2003.
9. Нұрсейітова С. Оқушылардың сабақтан тыс әрекеттері. //Бастауыш мектеп. - 2003. №10. - 4 б.
10. Отер Е. Білікті жетекшілік қажет //Қазақстан мектебі. -2002.-№3.-36 б.
11. Сансызбайқызы М. Балдырғандарға арналған қызықты математикалық тапсырмалар. – А., «Рауан»,1993.
12. Сатимбекова М.С., Наурызбаева Ә.Н., Әуелбекова: Математика әдістемелік құрал. –А., «Алматы кітап» ЖШС, 2005.
13. Сербина Е.В. Бөбектерге арналған математика. – М., 1992.
14. Шәмшиева Г. Сабақтан тыс жұмыстардың берері көп // Қазақстан мектебі. -2001. №2. - 45 б.
Достарыңызбен бөлісу: |