ААЛЫ ТОҚАМБАЕВ
Түркі тектес өзге халықтар сияқты, қырғыз халық ауыз әдебиетінің де әр алуан жанрдағы үлгілері көп. Қырғыз халық фольклорында аңыз, ертегі, мақал-мәтел, тұрмыс-салт жырлары, күлдіргі әңгімелер, мысалдар кең орын алады.
Қырғыз ауыз әдебиетінде, әсіресе, батырлық дастандар халық арасында көп тараған. Мәселен, «Құрманбек», «Ер Төстік», «Жаңыл-Мырза» атты батырлық дастандар көпшілікке ертеден мәлім. Сондай-ақ, «Олжабай мен Кішімжан», «Кедей», «Қожаш» деп аталатын лиро-эпикалық дастандар бар.
Әрине, қырғыз фольклорының шырқай биігі – «Манас» эпосы. Бұл жыр дүние жүзілік әдебиет пен мәдениеттің алтын қорына қырғыз халқының қосқан үлесі деуге болады.
«Манас» эпосын ауыз әдебиеті шеберлерінің бір емес, көптеген ұрпағы жасағанын ескерген жөн. Мұнда батыр Манас басқарған жеңімпаз, ақылды, ержүрек қырғыз батырларының сыртқы жауға қарсы жорықтары баяндалады.
«Манас» эпосы негізінен үш үлкен бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімде халық қаһарманы Манас, екінші бөлімде Манастың баласы Семетай, ал үшінші бөлімде Манастың немересіРейткенің өмірі, басынан кешкен қызықтыоқиғалары, адамгершілік қасиеттері, ерлік істері суреттеледі.
«Манас» эпосының сюжеті аса күрделі, шым-шытырман оқиғаларға бай болып келеді. Бұл эпос өз ішіне көптеген дастандарды қамтиды. Оларды достық, отансүйгіштік, ерлік, ел қорғау идеялары көтерілген. Манастың қалмақ ханы жіберген Албасты Қожарт алып, Кучку, Жолай сияқты палуандарды жеңіп шығуы, түрлі өлкелерден ізгі ниетпен келген Ажыбай, Шумақ, Сырғақ, Серек және Алманбет сияқты батырлармен достасып, халықты ауған және қалмақ хандарының зұлымдығынан азат етуі зор шеберлікпен баяндалады.
«Манас» эпосы көптеген тілдерге тәржіма жасалған. Ол –қазақ тіліне де аударылып, тқрт кітап болып жарық көрді.
Қырғыз әдебиеті ХІХ ғасырдың орта кезінен бастап белгілі бір дәрежеде дамыды. Дәл осы кезеңде өмір сүрген Қалығұл ақын мен Арыстанбек ақынның «Тар заман», «Ақыр заман» атты ұзақ толғаулары сақталған. Мұнда жергілікті манаптар мен орыс әкімдерінің қыспағына түскен қарапайым халықтың ауыр өмірі тарихи шындық тұрғысынан бейнеленген.
Сондай-ақ, МОЛДА ҚЫЛЫШ ШАМАРҚАНОВТЫҢ (1866-1917) «Қыз бен жігіт», «Керметау», «Жынды су», «Алдамшы», «Қара қошқар», «Бүркіт тойы», т.б. өлең-жырлары да халық арасына кең тарағаны мәлім.
Қырғыз халқының әдебиеті тарихында халық ақыны Тоқтағұл Сатылғановтың алатын орны ерекше зор деуге болады. Тоқтағұл өзі өмір сүрген дәуірдегі (ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың бас кезі) қырғыз елінің қоғамдық, әлеуметтік, саяси өміріндегі көптеген мәселелерді өз жырларына өзек етті.
Төбесінен төнген ажалдан да тайсалмай, қашанда әділдікке жүгінетін Тоқтағұл ақынды кезінде қырғыз манаптары итжеккенге – Сібірге айдатып жібереді. Әйтсе де, қараңғы қапас, қолындағы кісен, аяқтағы шынжыр қырғыз халқының өжет ақынын жасыта алмады.
Ерлік пен өрлікті, қайсарлық пен өжеттілікті өз толғауларына өзек еткен қырғыз ақыны Махамбет өлеңдерімен үндес, сарындас болып келеді.
Тоқтағұл ақын қырғыз бен қазақ халықтарының сан ғасырлар бойы үзілмей келе жатқан достығын нақтылы түрле, тарихи деректерге сүйене отырып, мейлінше шеберлікпен жырлайды.
Ел едік біз ежелден,
Қазақ, қырғыз бір туған.
Туысқан еді, қасқырлар,
Бір-біріне қас қылған…
Тоқтағұл – қырғыз халық ауыз әдебиетінен сусындап өскен ақын. Ақын поэзиясының бір ерекшелігі – мұнда еспе қайталау, әсіресе, дыбыс қайталауы (ассонанс, диссенанс, аллитерация, т.б.) жиі ұшырайды. Ал, мұның өзі Тоқтағұл өлеңдерін құлаққа жағымды, көңілге қонымды етеді.
Тұйғын едім қағынған,
Тұлпар едім шабынған.
Кетіп барам айдалып,
Аяққа кісен салынған.
…Азабын тартып тұтқындық,
Аша алмадым көңілді.
Ақ таңдай едім сайраған,
Адам білмейді жөнімді.
Тоқтағұл ақын қырғыз елінің сан ғасырлық шежіре-тарихын, ерлік, елдік салтын, арманы мен мұңын, т.б. зор шеберлікпен жырлады.
Қырғыз әдебиетінің көрнекті өкілдері Аалы Тоқамбаев, Жомарт Бөкебаев, Түгелбай Сыдықбеков, Қасымалы Баялинов, Қуанышбек Маликов, Шыңғыс Айтматовтар.
ААЛЫ ТОҚАМБАЕВТЫҢ алғашқы өлеңдері 20 жылдардың І жартысында қырғыздың «Еркін тау» газетінде жарияланды.
Ол –ақын, прозаик, ғалым.
Оның поэзиясы жаңа қоғамды, төңкеріс жемісін, қырғыз халқының шат-шадымен өмірін, халықтар туысқандығын мадақтауға арналған.
Аалы – қырғыз әдебиетіндегі азамматтық лириканы бастаушы. Оның ақындығының күші өлеңдерінде көтерілген мәселелердің өмірмен байланыстылығында, дәуір талабын дұрыс түсініп, замандастарының еңбектегі істерін, ой-сезімін шабытпен жырлауында.
Оның бір топ өлеңдері халықтар достығына арналған. Мысалы:
Орыс халқы қырғызды,
Бөбегіндей баққаны.
Тайғақ кешу, тар жолда,
Талмай баулып, сақтауды, -
Деп орыс халқының достық көмегін айта келіп, Москваға назар аударып:
Отанымның жүрегісің – Москва,
Елдің адал тілегісің –Москва,
-дейді.
Ақынның қазақ халқына, оның бауырмалдығына деген ілтипаты ерекше. Қазақ-қырғыздың тату-тәтті көрші, айнымас дос екенін Аалы жылы сезіммен жырлап, төмендегі жолдарға түсіреді:
Абай, Жамбыл, ақын Біржан жырларын,
Тау, тоғайда, жасыл түзде жырладым.
Тоқтағұлдың тоқсан толғау күйлерін,
Сен де бірге толғай тартып ырғадың.
Қазақ елі, сыңарымсың, ұяң бір,
Қазақ елі, шықсам биік қияң бір!
Аалы әңгімелері мен повестерінде өмір құбылыстарын жан-жақты қамтып, көптеген адамдар образын жасайды.
Ол – Қырғызстанның халық ақыны.
Түгелбай Сыдықбеков 1912 жылы Қырғызстандағы Ыстықкөлге қарасты Кеңсу деген жерде кедей шаруа жанұясында дүниеге келген. Шешесі мен ағасы байларға жалданып күнелткен. Қазан төңкерісінен кейін, колхоздастыру тұсында ерікті, бақытты тұрмысқа қолдары жеткен.
Өлең жазу жұмысымен ерте айналысады, 1970 жылы тұңғыш өлеңі жарияланады. Оның поэзиясының негізгі тақырыптары: жаңа өмір, социалистік еңбек, шекарашылар өмірі. Кейін поэзиядан прозаға ауысып, әуелі әңгіме, очерктермен айналысып, кейіннен күрделі жанрға көшеді.
Оның романы «Кең су». Бұл романда ол байлар мен кулактардың колхозды іштей іріктеп болғаны, Сапарбай, Бекіш секілді комсомолдардың оларға қарсы күрес жүргізгені, соңында дұшпандардың әшкерелегені баяндалады.Роман қырғыз халқының сол дәуірдегі өмірінен бірсыпыра мәлімет беріп, өмір шындығын көрсетеді.
«Темір» романында жазушы коллективтендіру кезіндегі қырғыз ауылының бейнесін көрсетеді. Бұл романда жазушы адамның психологиясын, ішкі дүниесін суреттеуге баса назар аударады. Әлеуметтік мәселені батыл қояды. Шығарма кейіпкері Темір, оның қалыңдығы Күләйдің және т.б. кейіпкерлердің тап дұшпандарына қарсы күресі нанымды суреттеледі.
Сыдықбековтың едәуір өсіп жазушылық шеберлігінің артқандығын көрсететін шығармасы – «Біздің заманның адамдары» романы. Бұл роман – халықтың Ұлы Отан Соғысы жылдарындағы қаһармандық еңбегі туралы шығарма.
Қырғыз колхоздарының бірінде электр станциясы салынбақ болады, бірақ соғыс басталып кетіп, құрылыс тоқталып қалады. Қырғыз жігіттері майданға аттанады.
Қарт ана Қаныш жалғыз ұлы Қасейін майданда жүріп хабарсыз кетсе де қайғырмай, жасымай колхозға көмектесіп, өз қайғысынан халық мүддесін жоғары қояды. Ол өзін жалғызбын демейді, халықпен біргемін деп біледі. Москва түбіндегі немістердің жеңілгенін естіп, колхоз жиналысында жалынды сөз сөйлейді.
Қарт мұрап Ақман-әке колхоз даласына су жіберумен бірге майданға керекті аттарды күтіп-баптайды.
Орыс ұстасы Дмитрий де темірден түйін түйіп, тыл жұмысының жандануына өз үлесін қосады. Романның бас кейіпкерлерінің бірі – Чарғын. Ол жұмысқа ебі мол, әрі адал, бірақ «салымы жоқ» жігіт атанып, жеке өмірінде сәтсіздікке ұшырайды. Ол әскерге шақырылмай, колхозды басқару жұмысына қалдырылады. Бастапқыда ол өзінің тылда қалғанын ар көреді, бірақ кейіннен өз қателігін мойындап, өзіне артылған жұмыс, міндеттің жауапты екенін түсінеді. Елде жүргені болмаса, өзін де майданның солдаты сезінеді.
Соңында Чарғын еңбек, колхозды басқару үстінде мүлде өзгеріп, жаңа адам болады. Өз басына бақыт тауып, арманына жетеді.
Романда халықтар достығы жан-жақты көрсетіледі: қырғыз ауылына келген Люба мен оның нәрестесі Миколаны тұрғындар құшақ жая қарсы алады. Люба да қырғыз колхозын, колхозшыларды өз туысындай көреді.
Шығармада жағымсыз кейіпкер – Чегіртке. Ол колхозшыларды алдап, қорқытқысы келеді, ойлағаны – жамандық істеу болады. Ол романда ұлтшылдық шырмауындағы кейіпкер ретінде суреттеледі.
Бұл роман бірнеше тілдерге, соның ішінде қазақ тіліне де аударылған.
Қырғыз әдебиетінің көрнекті өкілдерінің бірі – Темірқұл Үметалиев. Ол негізінен, қырығз әдебиетінде өз өлеңдерімен лирик ақын ретінде танымал.
1-ден, ол қай тақырыпты қозғаса да, оған өзінің ақындық қатынасын ашық білдіріп отырады;
2-ден, ол қырғыз поэзиясында әлеуметтік лириканы мейлінше өрістеушілердің бірі;
3-ден, ол лирик қана емес, оқиғалы поэмаларды жазуға әбден төселген, ең құлашты ақын;
4-ден, оның поэзиясы қырғыз халық ауыз әдебиетінен нәр алған.
«Қырғыз тауында» өлеңінде ақын өзінің туып -өскен өлкесін,қырғыз табиғатын ыстық ықыласпен жырлайды:
Қарасам, күнде сені, мауқым қанбас,
Қарасам кешке дейін, көзім талмас.
Қырғыз қызы жарына қарағандай,
Қарағаным көп болды, көңілім қалмас.
«Маймолым», «Тоқтағұл туралы жыр», «Қырғыздар келді майданға» өлеңдерінде ақын туған халқының еңбек сүйгіштігі мен ерлік қасиеттерін жырлайды.
Оның келесі топ өлеңдері лирик ақын екендігін дәлелдейтін жастық шақ, махаббат тақырыбына арналған.
Ал «Қазақ еліне» өлеңі қырғыз-қазақ достығына арналған:
Көгенді шешсе, бір шешкен,
Өзен бойлап бір көшкен.
Келін, қызы сырласып,
Біздің сүю бір дескен.
Ас пен тойда жырласып,
Тоқтағұл Жамбыл бірге өскен
Бәйшешектей жараасқан,
Ауылдары жанасқан.
Бір атадан тарасқан,
Бір туғандай санасқан.
Дайым көрші ел біздің,
Бір-біріне қарасқан.
Темірқұлдың «Ителгі», «Қанышбек», «Айсұлу» поэмалары бар.
«Қанышбек» поэмасында жоңғар шапқыншылығы тұсында жауға күң болып бармаймыз деп, қырғыздың қырық қызының биік құздан көлге құлағаны туралы айтылады. Поэманың бас кейіпкері ару қыз Қанышбек өзінің құрбыларына:
Бұл жардан бәріміз де бір құлайық,
Арманды көл түбіне тұндырайық.
Тартынбай ешбіріміз, қолдасып бір,
Қорықпай құздан төмен құлдырайық-
дейді.
Одан әрі поэмадағы қырық қыздың осындай шешімді қодап, соған бел бууы былайша өрбиді:
Дегенде, қолын созып бір-біріне,
Қырық қыз қатарласыптұрды міне.
Ащы зар күңіренді үндерінде
«Ар үшін, намыс үшін!» үн гуледі,
Көл түбі қойнын ашты, күңгірледі.
Шолп етті қырық сұлу суға сүңгіп,
Селк етті түн сілкініп, күмбірледі.
Бұл поэмада туған ел, жерін, дүниені суреттеу, қырық арудың арман-мұң, тілектерін беруде көптеген көркемдік әдістерді ақын шебер пайдалана білген.
«Ителгі» поэмасының негізгі кейіпкері Ителгі – сүйген қызы Зылихаға қосылу үшін жан азабын тартуға дейін барады. Жан қияр жігіт өз сүйгені үшін оң жақ қолын иығынан кесуге де шыдайды.
Темірқұл поэмаларынан көрінетін жайт – ол төтенше, тосын оқиғаларды суреттеуге әуес.
Қысқасы, Т.Үметалиев – қырғыз әдебиетіндегі поэзия жанрына көптеген жаңалықтар алып келген, өзіндік ізі бар ақын.
Қырғыз әдебиетінің қазақ қауымына таныс келесі өкілі Қуанышбек Маликов.
Ол 1911 жылы Фрунзе облысының Қант ауданында дүниеге келген. 1925 жылға дейін ауыл мектебінде оқыған, кейіннен педтехникумды бітірген.
Қуанышбектің қырғыз әдебиетінде алғаш көрінуі – 1928 жыл. Бұл - қырБұл – қырғыз, қазақ әдебиеттеріне жаңа күштер қосылып, әдебиет шеберінің қатары толыға бастаған шақ болатын. Қуанышбек - поэзия әлеміне Т.Жароков, Ғ.Ормановтармен бір жылдарда келген ақын. Олар өздері құрдас болмағанымен, өлеңдері құрдас ақындар.
Қуанышбектің «Жазғы дала» атты тұңғыш өлеңі «Еркін тау» газетінде жарияланған. Оның поэзиясы – алуан қырлы, өрелі де өрнекті поэзия. Қырғыз әдебиетінде отыз жылдан астам еңбек етіп, оның алтын қорына өз үлесін қосқан ақынның өлеңдері мен поэмаларынан біз туысқан қырғыз халқының өмірінде болған жаңалықтар мен өзгерістерді көреміз.Оның поэзиясы қырғыз халқының басынан өткізген көркем шежіресі секілді: ол үн қоспаған, ол жырламаған өмір құбылысы кемде –кем. Оның шығармаларының кейіпкерлері социализм жағдайында тәлім-тәрбие алып өскен жаңа адам. Ол егін егіп, шөп шабады; тас қопарып, кен қазады; білім алып, өнер биігіне өрмелейді; ескілікке қарсы күресіп, өмірдегі жаңалықты орнықтыру үшін аянбай алысады. Қысқасы ол – еңбекқор, күрескер адам.
Ақын өлеңдерінің негізгі тақырыптарының бірі – оның ұлттық рухында, қырғыз халқының жаңарған ой-санасын бейнелей білуінде, халық қасиетінің негізгі сипаттарын ашуында.
Қырғызстанның тамаша табиғат көріністері – оның ақ бас тауы, әсем көлдері мен асау өзендері Қуанышбек өлеңдерінің өзегі.
Әр толқыны бір-бір дастан Ыстықкөл,
Күндік жерден көзді тартқан жасыл бел,-
Дейді, Ыстықкөл туралы ақын.
Лирик ақынның айнымас достық, адал махаббат, жалынды жастық шақ, өмір сүрудің мағынасы, жолдастық қарым –қатынас туралы өлеңдері өзінің сыршылдығымен айрықша көзге түседі. Ақын поэзиясының келесі ерекшелігі – оның сатиралық күшінде. Оның «Сен де қойсаң, мен де қойсам», «Рас па осы», «Мен қандаймын» өлеңдері юмор мен сатираға толы.
Қырғыз әдебиетіндегі поэма жанрының қалыптасуы, дамуы жайлы әңгіме етсек, Қ.Малковқа соқпай өту мүмкін емес. Оның «Жапар мен Шарипа», «Ақылай», «Достық пен махаббат», «Қадыр әке» сияқты поэмалары бар.
Ақынның қырғыз әдебиетін өркендетудегі еңбегі жалғыз поэзиямен шектелмейді. Ол –қырғыз драматургиясын дамытуда жемісті жұмыса атқарған. Ол – «Біз баяғы емеспіз», «Жаңыл», «Күлипа» секілді пьесаларды жазған драматург. Сонымен бірге ол атақты «Ай-чурек» операсының либреттосын жазуға қатысқан.
Аалы, Темірқұл ақындар сияқты Қуанышбектің де өлеңдер жинағы қазақ тіліне аударылып, 1960 жылы «Алтын шынар» деген атпен басылып шықты.
Қысқасы, жоғарыда аталған ақын-жаузшылар қырғыз әдебиетінің барлық сала, жанрының жан-жақты дамып, өркендеуіне өзіндік үлес қосты.
Достарыңызбен бөлісу: |