Асығыс Шепе Абаның созбақ жауабына ыза боп, малдасын құра отырған
қалпынан лып етіп шарта жүгініп алды да, қасында жатқан қамшысын он,
жақ уысына бүктей ұстап, еркін сөйлейтін Абаға:
– Əй, неменеге болдырған түйедей бұралаңдап тұрсың өзің, тура сұрауға
қисық жауап беріп? «Əкесі өлгенді де естіртеді» дегендей, табылса да,
табылмаса да турасын айт! – деді.
– Табылады! – деді Аба, салмақпен.
– Қап, мынау иттің баласын-ай! – деп Шепе бүктеулі қамшысымен кілем
төселген жерді барлық пəрменімен періп-періп жіберді.
Шыңғыстың бойында ондай қайрат көрсетерлік қуат жоқ еді. Күрең
марқа оқиғасы басталғалы, Шоқанның халы, өзінің халы, ордасының халы
не боларына көзі жетпей, ой-санасын қараңғы тұман басып алған, өкпесі
қабынып, жүрегі төмен тартып, демін зорға алып отырған. Енді міне, Аба
«табылады» дегенмен, сөз əлгі етіне қарағанда, əлі таба алмай келіп отыр.
Қайдан табылады сонда?
Абаға осы сұрауды қоюға Шыңғыстың алқынған өкпесі мен қысқан
жүрегі мұрша бермей, екі-үш рет оқталды да, демі ықылық атып, дыбысын
шығара алмады.
– Жəй тұтығып отырған жоқ Аба, – деді Шепе, Шыңғысқа ашулы үнін
өзгертпей, – «табылады» дегені жəй сөз бұның. Ол енді табылмайтын
бала!..
Шегінен шығара үрлеген қуықтай тырсылдап, біреу шертіп қалса
жарылып кеткелі отырған Зейнеп, Шепенің сөзін естігенде, «аһ!» деп
айғайлап қалды да, талықсыған бейнемен жантая берді. Аба жүгіріп кеп
Зейнепті құшақтай алды да, басын қасында жатқан жастыққа сүйеді.
Сасқалақтаған Шыңғыс, от орнындағы қашқар құманды алып кеп, əйелінің
бетіне су бүрікті... Талықсыған жүрегі аз да болса тыныс алғандай басын
сүйеген Абаға үлкен көзін төңкере қараған Зейнеп əлсіз дауыспен;
– Қайдан? – деді.
– Əйеке, есіңді жинашы! – деді Аба жалбарынған дауыспен, -
«табылады» деген соң табылады.
– Бар болғыр-ау, – деді Шыңғыс Абаға кейіп, – екіұшты сөзіңді қойып,
турасын неге айтпайсың?
– Айтам, Сұлтаным, бірақ Əйекең мен екеуіңе ғана.
– Мен неге бөтен болам? – деді Шепе діңкілдеп.
– Тек табылса болмай ма, тентек аға-ау? – деді Зейнеп əлсіз дауыспен. –
Естиік, қайдан табылуын. Бара тұр, тентек аға!
– Сөйтші, кіші аға! – деді Шыңғыс жалбарынған дауыспен.
Шыға тұруға мойындаған Шепе, қамшысын қолына тұта, есік жаққа
беттей берді де, босағаға жете, артына қайрылып, қамшылы қолын Абаға
безеп:
– Ылайымда табылсын – деді қаһарлы үнмен, – егер табылмады бар ғой,
ендігі ісім сенімен түссін!
Кердеңдей басқан Шепе шығып кетті.
– Қанаш дəуде болса, «Қасқыройнақтың» үңгірінде, – деді Аба Шепе
кеткен соң.
– Оны қайдан білдің? – деді Шыңғыс пен Зейнеп қосарлана.
– Онда болмағанда қайда кетеді? Құс емес ұшып кететін аң емес, інге
кіріп кететін балық емес, суға сүңгіп кететін...
– Енді қалай таппақсың?
– Мен таппаймын анау жатқан – Құтпан табады.
– Аузыңа май! – деді қосарланып.
Салт атқа қонып, Құтпанды қарғысынан ұзын қыл шылбырмен жетекке
алған Аба оны еркіне жіберіп, шылбырдың ұшын ғана қолына орай ұстап
отырды. Құтпанның күшті екенін сонда аңғарды, жерді тіміскілей жүгірген
Құтпан, Абаның сірестіре тартқан қарулы қолын қарыстырып, шылбырды
екі қолымен ауыстырып ұстауға тура келді.
Құтпан аса иісшіл еді. Қар түгіл қара жердің өзінде, қуған аңын ізінің
иісімен тауып алатын. Күшік күнінен иісі сіңген Шоқанды да ол жазбай
табатын. Бірақ бұл жолы адасты ол. Оған себеп – күндіз, Құсмұрынның
тақырында Шоқанның асық ойнауы еді, сортаң иісі мүңкіген тақырдағы
Шоқанның иісінен Құтпан айрылып қалды. Енді қайтып табуды
білмегендей, Құтпан қыңсылап жанталасты. Аба содан кейін итті еркіне
қоя берді. Ит олай-бұлай шапқылап, Шоқанның «Ортабұлаққа» беттеген
ізін тапты да, зымырай жөнелді. Аба да артынан шапты. Бірақ жүйрік ит
жеткізер емес, – ілезде іңірдің қоюлана бастаған қараңғылығына жоқ
болды... Иттің із тауып жөнелгенін аңғарған Аба «дəу де болса
Қасқыройнаққа барар» деген жобамен, сайдың жиегін жағалай желкесіне
тартты...
Қайда барарын білмей дағдарып отырған Шоқан мен Жайнақ, қараңғы
қалың шытырманның ішінен Құтпанның əуелі сыбдыры естіліп, ілезде өзі
көрінген шақта, не ит екенін біле алмай шошып кетіп, орындарынан өре
түрегелді. Шоқан сезімнің сілтеуімен қынындағы кездігіне жармасты.
Иесін тани кеткен Құтпан «қорықпаңдар менмін!» дегендей еркелі үнмен
қыңсылады да, даусын танып «Құтпан!» – деген Шоқанды басына секіре
бассалды. Оны құшақтай алған Шоқанның көзінен жасы ыршып кетті. Итті
Жайнақ та таныды.
Бірақ Құтпан Шоқанмен ұзақ құшақтаспады. Ол ілезде жерге түсіп, сол
маңайды иіскелей тыпырлап қыңсылай бастады.
– Қасқыр жүретін орын ғой, иісін біліп тұр! - деді Жайнақ.
– Япырай, - деді Шоқан көзінің жасын саусағымен сүртіп, - итті «адамға
дос» деген рас екен ғой! Досжаран, аға-іні... дейтін адам атаулыдан ит асты
- ау, іздеп кеп!..
– Мен ше? - деді Жайнақ.
– Сенің жөнің бөлек қой, - деді Шоқан, Жайнақты құшақтап.
Сол кезде қыңсылаған ит ұли беріп үңгірдің ішіне кіріп кетті.
– Ішінде қасқыр болмаған да! - деді Жайнақ.
– Оны қайдан білдің?
– Біріншіден, – қасқыр иісін сезбесе ит кірмейді, екіншіден, – мана,
екеуміз үңгірде отырғанда, сол жақ қуыстан əлдене ыңыранған сияқтанды.
Бөлтіріктерін емізген қаншық па деп ойлап қалдым. Саған айтуға –
үрейленер дедім.
– Ендеше, маған да естілгендей болды сол дыбыс. Мен де сені
үйрейлендірмейін деп ойладым.
Сол сəтте үңгір ішінен арс-ұрс дыбыс естіліп қалды.
– Болды қызық! – деді Жайнақ. –Қасқыр бар екен.
– Несі қызық? – деді Шоқан үрейленіп, – итті жарып тастамаса не
қылсын!..
– Жарғызбайды, біздің Құтпан! – деді Жайнақ, – оның апанға кіріп
қасқырмен алысуы – бір бұл емес, «талайларын апанында жарды» дейтін
аңшылар, «талайларын тысқа тірідей сүйреп алып шықты» дейтін...
Сол сəтте арсылдасқан дыбыстар үңгірдің аузына жақындады да, ит пен
қасқыр жанталаса арпалысқан қимылмен тысқа шыға келді.
Қайсысының басым екенін, үрейлене қараған балалар білмей қалды.
Алыса кеткісі келген олар бассалуға кезек-мезек ұмтылады да, артқы
аяқтарына өре түрегеп, ауыздарын денелеріне дарытпай, алдыңғы
аяқтарымен бірін-бірі серпіп жібереді...
Осындай арпалыстың үстінде, аяқтарын тірей тік түрегелген қасқыр мен
иттің арасына, Шоқанның қалай кіріп кеткенін Жайнақ аңғармай қалды.
Шоқан кейін шегінгенде, шалқалақтап құлай берген қасқырдың үстіне
Құтпан міне түсті де, алқымынан қапсыра қауып қатты да қалды. Қасқыр
аяқтарын серпіп жанталасуда...
– Бірдеме істедің бе? – деді Жайнақ Шоқанға.
– Қасқырдың қарнын кездікпен есіп жібердім.
– Жігіт екенсің! – деді Жайнақ, Шоқанның ерлігіне риза боп.
Дыбысы қырылдап шыққан ит қасқырдың алқымын өршеленіп сыға
түсті. Қасқырдың қимылы бəсеңдей түсті... Сол шақта, жоғарғы жақтан
аттың дүбірі естілді. «Кім?» дегендей балалар аңыра қалды.
«Қанаш!» деген ақырын дауыс естілді..
– Аба! – деді Шоқан.
Атын жетектеген Аба темен түскенше, ит қасқырды тұншықтырып та
үлгерген еді. Сонда да аузын алқымынан алмаған.
Сыбырлаған дауыспен құшақтай амандасқан Абаға балалар ит пен
қасқыр жайын айтты. Қасқырды көрсе – өлген. Иттің мінезі Абаға белгілі:
«күшім-күшім!» деп əуелі жаясынан, одан – жотасынан, одан – мойнынан
сипап кеп, маңдайынан əлденеше сипағанша ол алған аңын босатқан емес.
Онда да, сыр - мінез адамына ғана, былайғы жұртты маңына да
барғызбайды, барам дегендерді қауып тастайды.
Аба солайша сипалағанда Құтпан адырая қарап қойды да, «сен бе едің?»
дегендей қапсырған аузын қасқырдың тамағынан алмақ болды. Бірақ, ала
алмады: жағы қарысып қапты!.. Ондай жағдайда не істеу керек екені Абаға
белгілі. Ол иттің желкесінен де. алқымынан да сипалап, сірескен сіңірлерін
еппен босатты. Жақтары содан кейін əрең ашылған ит, орнынан тұрды да,
анадай жерге барып, етбетінен жатып, езулерін тілімен жалай бастады.
Онысы - сыбаға тілеген белгісі. Аң алғандағы оның сыбағасы, сол аңның
қаны суымаған жүрегі. Сол жайын білетін Аба Шоқанның кездігін сұрап
алды да, қасқыр терісін төсінен шабына қарай іреп жіберіп, төс терісін
етінен ажыратып, төсті қабырғадан сөгіп, ішіне қолын тықты да,
жыбырлауын доғармаған ыстық жүректі суырып алды. Құтпанның
лақтырған кесек тамақты қағып алатын əдеті болушы еді. Қасқырдың төсі
сөгіліп жатқан кезде, сыбағасы асарын білген ол, орнынан түре келді де,
«мə, Құтпаным!» деп Аба жоғары қарай лақтырған жүректі алдыңғы
аяқтарын көтере тік тұрып аузымен қағып алды...
– Ал, үйге барамыз ба, енді? – деді Аба балаларға.
– Мен бармаймын, – деді Шоқан.
– Неге?
– Істің аяғы неге соғарын күтем.
– Қайда?
– Осы үңгірдің ішінде.
– Тек, ойбай! – деді Аба шошығандай.
– Оның несі бар?
– Жау жағы тауып алады.
– Қалай табады?
– Ең алдымен, Құтпан тауып береді. Сені бұл арада көрген ит
маңайыңнан шықпайды да, көптің көзіне шалынады. «Ұстап берді» деген
сол болады.
– Өзі не болып жатыр? – деп сұрады Шоқан.
– Əзірге белгісіздеу, – деді Аба. – Маңайда жүріс-тұрыстардың,
шабыстардың көбеюіне қарағанда, ордаға ұқсастығы барлар, қасқырдай
ұлысып жиналысып жатқанға ұқсайды:
– Рас, – деді, сотқарлығының арты шиеленісуге айналғанын
шамалағандай болған Шоқан, – сөйтеді. Əрине, əсіресе, Есеней мен Қожық.
Бірақ не істейді ұлып табысқанда? Мылтыққа қайсысы қарсы шаба алады.
– Қай мылтық? - деді Аба түсінбей.
– Бекіністі айтам!
Енді ғана түсінген Абаға кенеттен бір ой келіп кетті: «даудың дауылы
басылғанша, – деп ойлады ол, – осы Қанат, сол бекіністі паналай тұрса
қайтеді? Ең берік пана сол ғой, бұған!».
Бекініске барғысы келмеген Шоқанды, Аба өз жанынан сөз жасап
қорқытты.
– Сені үрейлендірмейін деп айта алмай отырған сөзімді енді амалсыз
айтуға тура келеді, -деді ол қынжылған сияқты үнмен, – Есеней де, Қожық
та осы маңда жүр екен ғой. «Төрелер мені басынды, малыма пышақ
жұмсай бастады, егер алғашқы адымында тыйып тастамаса, олар малдан
құрық, бастан сырық айырмауға кірісті; «өгізге туған күн бұзауға да
туады», дегендей төренің бүгін маған сұғынған пышағы, ертең Керей мен
Уақтың өзгесіне де сұғынады. Не айтады бұған, Есеней мен Қожық?» деп
Өтей оларға кісі салады. «Үркейін деп тұрған жылқының құйрығына
жапырақ байласа не жорық» дегендей, əлгі хабарды алғаннан кейін, Есеней
- Керейге, Қожық - Уаққа ат шаптырып, ұран шақырып жатыр дейді...
– Ұрандасқанда не істейді? – деді Шоқан.
– Қайдам, не істейтінін? – деп ойланған болған Аба, іле жанынан тағы
бір сөз шығара қойды, – «айрылар тамыр ердің артқы қасын сұрайды»
дегендей, – деді ол, – өшігіп жүрген Есеней мен Қожық, «пышақшыны
қолымызға бермей бітіспейміз» деп отырып алса қайтеміз.
– Қолына бергенде не істейді? – деді Шоқан, «жəйбарақат» бола қалған
түрінен шираңқырап.
– Айтпа, қалқам, оны! – деді Аба жалбарынған дауыспен, – құдай оған
келтірмесін!.. Егер келтірсе...
Ар жағын айта алмағандай Аба құмығып қалды.
Абаның сөздерін шынға жорып, үрейленіп отырған Жайнақ:
– Төретай, сол дұрыс қой! – деді Шоқанға.
– Не дұрыс? – деді Шоқан.
– Бекініске барып паналау.
– Мен де соны дұрыс деймін! – деді Аба, жалбарынған дауыспен. –
Жаудың беті жаман. Ол көп те, біз аз. Есеней мен Қожықтың қалың қолы
лап қойса, төтеп болар күш жоқ, оларға бекініс төтеп бола алмайды.
– Ендеше, мен неге тығылам? – деді Шоқан.
– «Ауылға шапса» дегенім ғой. Бекініс өз маңайына мың сан қол болса
да жолатпайды. Арандай тізілген қалың мылтыққа кім қарсы шаба алады?
– Сол мылтықтарын ауыл айналасына құрмай ма?
– Онда бекіністі қалай қорғайды?
Шоқан тосылып қалды.
– Тағы бір сөзді айтпай амалым жоқ, – деді Аба, – əке-шешеңнің де айт
дегені осы еді...
– Олардың өздері не істеп отыр? – деді Шоқан, Абаның сөзін бөліп.
– Не істеп отыр дейсің? – деді Аба, жыламсыраған дауыспен. –
Шықпаған жандары отыр, əсіресе, Əя апамның. Сенің халыңды ойлап
зəрелері жоқ...
– Мен табылмасам, олардың өзін бассалмай ма, Керей, Уақ?
– «Балта көтерілгенше, ағаш жал табады» дегендей, – деді Аба, –
естуімше, Керей мен Уақтың желігулері патшаның құлағына шалынып,
оларды күшпен тыю үшін, Орынбордан да, Омбыдан да қарулы қалын,
əскер жібергелі жатқан көрінеді. Хан - иемнің ойы, солар Жеткенше, Керей
мен Уақты алдастырып ұстай тұру. Жеткеннен кейінгісін өзі біле жатады
ғой.
Мына сөзге Шоқанның көңілі елеңдеп қалды. Шарасыздықтан қалай
шығудың амалын білмей тұрған оның қараңғы маңынан, үміт сəулесі
жылтыңдағандай болды, сондықтан, «ризалас, төретайым бекініске бара
тұруға!» деп жалбарынған Абаға «жарайды» деді.
– Əкем қайтеді, сонда? – деген сұрауын Шоқан қайталады.
– Оның бір жөні болар, – деді Аба, – «ел бар, жұрт бар» дегендей,
Абылай атаңның қара шаңырағын жауға жықтырып қоймас. Жаудың өзі де
ол шаңыраққа батып шаба алмас. Олар əкеңді сен арқылы əлсіретуге
тырысады. Іздеген сен табылмасаң не істейді əкеңе? Əкең қысылып бара
жатса, «іздедім, таппадым, нанбасаң өзің іздес» дейді. Не болмаса, «сендер
зорлап əкетпесеңдер, қалын, елдің ішінен қайда жоғалады балам?
Қайтарыңдар баламды, əйтпесе, бір балаға, жүз бала төлетем!» деп
өздеріне пəле салады.
Қанша шəйірғол дегенмен, мына сөз де Шоқанның көкейіне қонды.
– Бірақ, мен – деді ол, – бекініске жалғыз бармаймын, Жайнақпен барам.
– Ол да болсын, – деді Аба, – онда Жайнақ екеуің менің атыма
мінгесіңдер де, бекініске дөңнің көл жақ етегімен тартыңдар. Күзеттегі
солдаттар Шоқанның келерін біледі. Ол маңайдан басқа бейсауат адам
жүрмейді.
Мінгескен балалар сілтеген жобамен бекініске тартты. Аба «ертең келіп
терісін сойып алармын да, бөлтіріктерімен қапқа салып алып қайтармын»
деген оймен қасқырдың өлген қаншығын, үңгірдің бір қабат ішіне тықты
да, өзі жаяулап ордаға қайтты. Ертеңіне ала көбеде келіп байқаса, қаншық
жоқ! Əр жерде бұрқыраған жүн-жұрқаларына, бір жерлерде шашылған
сүйек-саяғына қарағанда, басқа қасқырлар жеп кеткен. Бөлтіріктердің
жатқан жерін тапты, өздері жоқ. Оларды да басқа қасқырлар жеп кетті ме,
əлде, əкесі келіп, өзге орынға тасып əкетті ме, құдайың білсін.
Кешегі түнде балаларға айтқан жорамалын, Абаның аузына «періште»
салған екен. Күрең марқа əңгімесі басталған шақта, бұл жаққа «шырпы-
шиге» қатынасу ниетімен беттеген Есеней, Обағанның орта тұсындағы
Қараоба төңірегін жайлаған Сибанның Күңгене руында қонақтап жатыр
еді. Күрең марқа əңгімесі оған əлдеқайда өскен түрінде жетті.
– Өтейдің биыл жаз іргесін бөлуіне ерегісіп, - деді хабар айтушы, –
Шыңғыс жайлаудан қайтып келе жатқан оның барлық марқасын сайға
біткен шытырман ішінде мауыздатып тастапты. Бұл жұмысты өзгеге емес,
өзінің баласы – Шоқанға істетіпті. Қылығын қылып алған ол бала, қазір
əскерлік бекініске паналап жатыр дейді. Өтей теңдік сұрап кісі салса,
Шыңғыс «білгенін қылсын» деп мықтылық айтып, шашасынан келтірмейді
дейді...
Қожық бұл кезде Құсмұрынға жақын жердегі Қарасу өзенін жайлаған
Уақтың Қараман руында қонақтап жүреді. Оған күрең марқа əңгімесі
Есенейден де өте түсіп жетті.
Есеней мен Қожық өз ара ат салысып хабарласты да, əңгіменің
байыбына бармастан-ақ, елді Шыңғысқа қарсы көтерудің амалына кірісті.
Олай көтеру оңай еді. Құсмұрын дуанына он үш жыл аға султан болғанда,
Шыңғыстың азуы мен тырнағы батпаған ауыл кем де кем, əсіресе
Құсмұрын көліне жақын тұстағы ауылдардан.
Жұртты желіктіру жабдығына кіріскен Есеней мен Қожық, əуелі
Құндызды жағасында жасырын бас қосып алды.
– Бұл былай да лып еткелі тұрған өрт еді, – деді Есеней, – соны тұтатып
жіберуге Өтейдің қозысы себеп болды. Сылтау табылды. Енді осыны
пайдалану керек. Сен – «жаубасарлап», мен – «ұшпайлап» екі жақтан ұран
шақырсақ, Керей, Уақтың сойыл соғар еркегінен атқа қонбаған жан
қалмайды. Олар Құсмұрынның қырқасы түгіл, көлінің аумағын да
əлденеше орап алуға жетеді. Шыңғыстың сүйеніп келгені бекіністегі
солдаттар. Саны – бірер жүздей ғана дейді. Не бітіреді олар сүйеніш
болып? Көпке топырақ шаша ала ма?
– Ештеңе де істей алмас, – деді Қожық кейде жиіленіп кететін кекештігі
бұл жолы азайып, аздап тұтыққанмен, сөздерін еркін айтып, – менің қауіпім
басқада.
– Неде?
– Абылайды алғаш хан көтеріп, алты ақ отау тігіп, алты қызын берген,
алты жүз жылқы, алты мың қой берген Атығай мен Қарауыл деседі ғой.
Мынау əңгіме көтеріліп, көңіліне қауіп ұялғаннан кейін, Шыңғыс соларға
жасырын ат шаптырып, «Керей, Уақ ордасын талауға жиылып жатыр,
қайтеді екен, Атығай, Қарауыл? Талатып қоя ма екен, қорғай ма екен?»
депті дейді. Соған сегіз ата - Қарауыл он екі ата - Дəуіт дүрлігіп, бастығы
Қанай би мен Құрымсы би боп, жігіт жинап жатыр дейді.
– Тағы не дейді? – деді Есеней.
– Бір қауесеттерге қарағанда, – деді Қожық, – Торғай жағындағы Тоқал –
Арғын да жігіт жинап жатқанға ұқсайды. Абылайдың билері мен
батырлары: Қаз дауысты Қазыбек, Шақ-Шақ Жəнібек, Қаракерей Қабанбай,
Қанжығалы Бөгенбай ғой. Солардың бəрінің де елдері, – «Абылай ордасын
шаптырмаймыз» деп жиналып жатқан сияқты.
– Тағы?
Қожық сөзін əрі қарай жалғастыра алмай тұтығып қалды.
– Оттап отырсың, кекеш ит! - деді Есеней, еркін сөйлейтін Қожыққа.
– Не-не-тег-г-ге? - деді Қожық.
– Жинала берсін, Атығай – Қарауыл. Басқалары жиналса да мейлі!
Жаумен санасып соғыспайды. Жабылам десе жасанып қарсы тұрамыз. Уақ
атаңның баласы - сен Атығай -Қарауыл жаққа ие боласың, мен Керей
атаулыны ертіп, Қыпшақ пен Арғын келетін жаққа ие болам. Сонда
қоршауда қалған ордаға олар қалай пана бола алады? Жəне қаңғырған
жалғыз үйлі төрені қорғаймын деп Керей, Уақтың қалың қолымен қалай
шабыса алады олар? Қорғайтын қай бір орда бұл? Қазір бұл – ханның
ордасы емес, орыс патшасы тіктірген балаған ғана. Сол үшін мал басын
бəйгеге тігетін, жынды ма, Арғын мен Қыпшақ?
– Өйте алмайды, – деді Есеней, кекештене сөйлеуге əзірленіп келе
жатқан Қожықты бөгеп, – бірақ қапы болмау үшін жəне Шыңғыстың үрейін
ұшыру үшін қаптаған қалың қол, Құсмұрын көлінің аумағын тез қамау
керек.
– Сондағы түпкі ұстар сөзіміз не болады? – деді Қожық.
– «Екінің бірі» дейміз «не балаңды тірідей қолымызға бер, не істеуді
өзіміз шешеміз немесе бізге өкпелеме, ар жағын найзаның ұшы білектің
күші шешеді» дейміз....
– Ма-ма-мақұл! – деді Қожық.
«Ағаш қамшы көп, аттанарда жоқ» дегендей, Керей мен Уақтың
қаптаған қалың қолы Құсмұрын көлінің жан-жағына шоғырлана бастаған
шақта, Шыңғысқа доспын дейтін адамдардың ілуде біреуі ғана болмаса,
орда маңайына жолай алмады. Өзгені былай қойғанда .«жау қайдалап?»
дамыл бермейтін «ат, шап!» таң аузын жаппайтын, басқарған елінің
Шыңғысқа жауығуына бас себеп болған Шепенің өзі, ордаға қауіп-қатер
төне бастаған шақта, елеусіз зытып отырған. қайда кеткені белгісіз. «Ата
досыңмын» дейтін Өтей де Керей мен Уақтың ауқымынан шыға алмай,
тілектестігін Шыңғысқа астыртын жеткізіп, көзге де, сөзге де түсе алмай
отыр.
Осындай қысыңқы уақытта, қазақ атаулыдан Шыңғыстың қасында
қалған белгілікті адамдар Күрлеуіт руынан шыққан – Сатыбалдының
Жаманқұлы мен Қанжығалы руындағы беделді адамның бірі əрі биі –
Меңдекенің Шəңкісі. «Күрлеуіт те, Қанжығалы да Құсмұрын дуанында аз
рулар, əрқайсысы ең көп дегенде – жүз үйден ғана. Ұлпанды алғаннан
кейін Есеней Баян аула маңайын мекендейтін қалың Күрлеуіттен өз қайын
жұрты Обаған бойына көшіріп алған, солардың ішінде, «қырық мың
жылқы бітіпті-мыс» дейтін атақты Нияз байдың ұрпағы Жаманқұл ақын да
келген. Қанжығалы руының да қалыңы Ереймен тауының маңында.
Абылайдың екі баласы – Уəлі мен Қасым хандыққа таласқанда, Шəңкінің
əкесі – Меңдеке Уəліні жақтаған, сондықтан хан болған Уəлі оның арғы
атасы – Теңізбай тұқымын Ерейменнен көшіріп, қазіргі Сарыкөл (Урицк)
ауданының «Отынағаш» деген орманды, шұрайлы жерінен қоныс берген.
Еркіне салса, Жаманқұл – Күрлеуіт, Шəңкі – Қанжығалысын ерте келер
еді. Өйте алмады олар. Себебі бұл арадағы Күрлеуіт ауылдарының байы да,
бегі де Елтіннің жігіті, ол – Есенейдің апасы – Матайдан туған жиен,
сондықтан тілегі Есеней жақта. Жігіттің аузына қарап отырған Күрлеуіт,
одан ұлықсатсыз аяғын қия баса алмайды. Жаманқұлдың жалғыз да болса
келген себебі Құсмұрын дуаны ашылып, Шыңғыс аға сұлтаны болғалы
үйінен шықпайтын ақыны. Жаманқұлдың суырып салма ақындығында да,
халық жырларын білуінде де түп жоқ. Халық əдебиетін жинап жүретін
Шыңғыс, одан талай жырларды жаздырып алған. «Бес жасынан хат
таныды» дейтін Шоқан да тентектік қылықтарының арасында əкесінің
халық фольклорын жазу ісіне жəрдемдесіп қоятын. Мысалы, біз Шоқанның
жарияланған ғылыми еңбектерінен Жаманқұл айтатын «Едіге» жырын
əкесіне алты жасында қағазға түсіріп бергенін білеміз. Жаманқұл
Шыңғысқа шынымен берілген адам. Сондықтан оның «басына қатер туды»
деген хабарды естіген соң ағайындарының «елден бөлініп қайда барасың?
Жаудың торына түсіп жазым боларсың» дегеніне қарамай, Шыңғысқа
қарсы топталып жүргендердің ара-арасымен ордаға жетті, досының
қасынан қозғалмай отырып алды.
Шəңкінің Қанжығалыны ерте алмаған себебі бұл руда Жəдігердің
Асаубайы дейтін, Орта жүзге аты жайылған шешен болған, өзі кедей
болған. Жолаушылап жүрген Шыңғыс бір сəтте Асаубайдың аулына кез
келіп, сонда шешен дұрыстап қонағасы бере алмаса керек, Шыңғыс соны
кек көріп, Қанжығалыдағы Бексары дейтін даукес біреуге: «Асаубай
отырған «Қорқылдақ» атамның жері еді, əкем Үмбеттен, Асаубайдың əкесі
Жəдігер тартып алды, сол жерді өзіме қайтарып бер» деп дуанға арыз
жаздырған. Қолына түскен арызды, Шыңғыс билерінің қарамағына берген.
Сонда шешен Асаубай, Бексарыны сөзден жығып, билер жер əперудің
орнына өзіне ат, шапан айып салған. Шыңғыс «атын аруаққа кешесің» деп,
шапан орнына Бексарыдан Асаубайға бір тайша əперген екен деседі. Сонда
Асаубай Шыңғысқа:
Ойламап едім бұлайша əпергенің бір тайша, Бексарыдай бұзықтар,
Өтірік арыз жазудан Тыйылар енді қалайша? депті. Аралары содан
шалғайланған Асаубай, Қанжығалының басым көпшілігін Шəңкіге ертпей
ұстап қалды. Азшылығы еруге жүрексінді. Шəңкі атадан алтау еді,
солардан өзімен тетелес інісі – Шауыпкел батыр ғана ерді.
Шыңғыстың ордасына орныққан Жаманқұл мен Шəңкеге Балта руынан
шыққан, бізге өткен тараулардан белгілі - Тұрсынбай батыр ғана қосылды.
Жасы жүзден асқанмен, салт жүруден қалмаған ол, «Абылайдың ордасына
шабуыл жасалып жатыр» деген хабарды естіді де, «хан ағам тұсында
қырық жыл қорғаған қара шаңырақты талатып, үйде қалай отырам» деп,
бір немересін ертіп атқа қонды. Ертерек кезде, бір жорықтан қайтқан оның
үйінде «Абылайдың ала туы» қалып қойған еді, ол осы туды қолына ұстай,
қару-жарағын асына аттанды да, ордаға түспестен туын Құсмұрын
қырқасының тұмсығына тігіп, «келер жау болса осы арада күтемін!» деп,
жатып алды. Шақырған ауылдарға бармады ол. Сыйлайтын адамдар үстіне
күрке тікті де; асты апарып берді.
Есенейді қолдаушылар күн санап молая түсті. Құсмұрын қырқасының
батысындағы «Ханжатқан» сайына талай ақ үйлер тігіліп қалды. Есеней
«бұл жиынның шығынын өзім-ақ көтерем» деп, сойыстыққа жүз шамалы
байталы бар қысырақ үйірлерін, «сауынға» деп, төрт-бес айғырдың үйірін
алыстағы отарынан айдатып алды, қымызды ол «жұрт қанып ішсін» деп
«тайжүзгенге» құйдырды.
Қол қалыңдай түсті. Есеней онымен қанағаттанбай ана жылы Шыңғыс
қонысынан қуып, Торғай жаққа айдап жіберген Ақташы руының атақтысы
Мамыққа, сол Қуғында Уақтың Қытай аталатын руына паналап жалғыз үй
қалған Кетебайдың Садағын жұмсап, «Өш алар кезі жетті, Ақташы
жиналып келсін де, Шыңғысты бізбен бірге шапсын», деп хабар айтты.
Кекті Ақташының қару ұстарлық еркек – кіндіктісі атқа қонып,
«Ханжатқандағы» топқа кеп қосылды.
Көмір қазатын кəсібінен айрылған Тағыш руын бастап Жүргімбек батыр
келді. Ана жылы қонысынан аударарда қарсылық білдірген оны, Шыңғыс
«Ит жеккенге» жер аударып, содан жақында ғана оралған еді. Сондықтан
Шыңғысқа ол да өлердей өш.
Осынша қалың қол, Құсмұрынның қырқасында шекиіп отырған хан
ауылын əлдеқашан бас салар еді де, күл-талқанын шығарар еді. Өйтпей
салқынын алыстан салуын, Шыңғыс «бекіністегі əскерден қорқуы» деп
түсінді. Жан - жақтан торлай бастаған қалың қолдың неге, не мақсатпен
жиналуынан, Шамрай хабардар. Қай тұста кімдер топталуын оларды
кімдер басқарып жүруін, Шыңғыс оған күн сайын əлденеше рет
хабарлайды. Халдың ауырлап бара жатқанын көрген Шамрай, алғашқы
күндері-ақ, топталғандарды зеңбіректің астына алып, быт-шытын шығару,
сөйтіп беттетпей тастау еді. Олай істеуге Шыңғыс қорықты, – «былай да
өшігіп отырған елдерді, одан жаман өшіктіріп алармын» деп қауіптенді.
Бірақ сақтықта қорлық жоқ деп, «егер жау жағы шабуылға кіріссе тойтарыс
берерлік болыңдар!» деп əскерге қам жасатты. Бекініс пен орда арасына
салт мінген қарулы күзет қойғызды. Шамрай Шыңғысқа ереуілшілермен
бекіністе жатып сөйлесуді ұсынды. Өйтуді намыс көрген Шыңғыс, «не де
болса өз үйімде күтіп алам» деді. Жиынның қалыңдай түсуінен қауіптенген
Шамрай, қазақ-орыстың линиялық əскерінің штабы тұратын ЬІстапқа
көтеріліс болу қаупін хабарлап, тығыз түрде қарулы жəрдем жіберуін
өтінді. Штаб Шамрайға деген жолдап, тез арада Ыстаптан бір эскадрон,
Көкшетаудан бір эскадрон жəрдем баратынын хабарлады.
Ордаға күн сайын шапқысы келетін Есенейді тоқтата беретін адам, бері
салғанда бүкіл Керей мен Уақ, əрі салғанда Арғын мен Қыпшақ бедел
көретін, Керейдің Алдай руынан шыққан Тоқсан би. Оны жұрт «тіл
біткеннің шешені, сөз біткеннің алғыры» дейді екен. Тоқсанның əкесі –
Жабай да, оның əкесі – Қара да атақты билер болған. Орта жүз Абылайды
ақ кигізге отырғызып хан көтергенде, бір бұрышын Қара би ұстаған екен
дейді. Оның жасы Абылайдан əлдеқайда үлкен екен. «Қара би қартайып,
жағы түсіп отырған шақта Абылай сəлемдесе келіпті. Сонда Қараның
жүгіріп жүрген немересі - Тоқсанға Абылай қолынан ет асатып,
маңдайынан сипап бата берген екен», дейді. Сондықтан билік істерінде
Тоқсан əкесі Жабайдан асып түскен екен дейді.
Абылайдың аруағын да, ордасын да, ұрпақтарын да сыйлайтын Тоқсан
қартайып үйінде отырып қалғанмен, «ордаға шабуыл жасалғалы жатыр»
дегенді естиді де, бармауға шыдамай қасына жолдас-жорасын ертіп атқа
қонды. Оның келуіне Есеней іштей қатты ренжіді, өзі де аруаққа сенгіш,
сыйынғыш ол, жеті атасынан бері би болып келе жатқан Тоқсанды пір
тұтып, алдынан өтпейтін, сөзін екі етпейтін, шаруасы шағын Тоқсанға жыл
сайын соғым жіберіп; жаз бір, қыс бір қонаққа шақырып батасын алып
тұратын. Соңғы жылдары атқа мінуден қалған Тоқсанға жылында бір рет
өзі барып сəлемдесетін, үлкен бір даулар болса немесе ел басына ауыр
күндер туа қалса, Тоқсанға ақылдасып алмай, дауды шешуге, ауырлықты
жеңілдетуге кіріспейтін. Тоқсан да Есенейді бірде: «Жауды жеңер
батырым» деп, бірде «Шалқыған ырысым» деп, бірде «Жау жасқанар
айбыным» деп еркелететін, Есенейдің сөзін ол да екі қылмайтын.
Тоқсанның келгендегі мақсаты, екі жақты қандастарына ынтымаққа
келтіріп татуластыру еді. Екі жақтың, əсіресе Есенейдің тамырын басып
байқаса, кенеуі кетіп қалған дүние сияқты. Əлсіреп отырған Шыңғыс
келісімге келуге ойлағанмен, Есеней жағы қайыспастай қақиып алған,
сондағы айтары баяғы бір сөз: «Не баласын қолымызға берсін, не
тұрысатын жерін айтсын!»
«Баланы беруге болмайды, – деп ойлайды Шыңғыс берсе – өлтіреді».
«Сонда не істеу керек?» деген сұрауға, Шыңғыстың табар жауабы біреу
ғана. «Қысылып бара жатса, қашып барып бекініске тығылу, одан арғы
үміті – Ыстап пен Көкшетаудан келетін эскадрондар.
Есеней шабуылға əзір болып қалған шақта Тоқсан келіп үлгерді.
Ұлықсат сұраған Есенейге:
– Тоқтай тұр, – деді Тоқсан.
– Қашанға дейін?
– Оны ақылдасамыз.
Тоқсанның естуінше, «хан ордасы таланғалы жатыр» деген хабармен,
Арқа мен Сібірді мекендеген елдердің ру басылары осы маңға келе жатқан
сияқты. Есенейді де бетке қаққысы келмеген ордаға да жаны ашыған
Тоқсан мəселені солармен ақылдаса отырып шешпек.
Қауесет рас болып шықты. «Абылайдың ордасы таланғалы жатыр» деген
қазақтың «ұзын құлағы» кең далаға дауылды желден жылдам тарады. Сол
хабарды естіген соң мына шеті – Ұлытау, Кішітаудағы бес болыс аталатын
Бағаналы боп, одан əрі – «Арғынның сəуірі» аталатын алпыс болыс
Қуандық пен Сүйіндік боп, Қарқаралы мен Баян тауларын төңіректеген
қырық болыс Қаракесек – Қаржас болып, Көкшетау өлкесін жайлайтын
сегіз ата – Қарауыл, он екі ата Дəуіт болып, «Тоқсан екі баулы» аталатын
Қыпшақтың Үй жəне Тобыл өзендерін мекендейтін тең, жарысы: Ұзын,
Көлденең, Торы, Қарабалық рулары болып, Торғай-Тосынды мекендейтін –
Жоғарғы Шекті, Обағанның батысын мекендейтін Төменгі Шекті болып,
Абылайдың ордасын қорғауға ұран шақырды да, əр жерде топталып жиыла
бастады. Бұл жайларды естіген Есеней айылын да жиған жоқ.
– Келе берсін, – деді ол, – «бұл қалай болады?» деп үрейленгендер «Біз
жасанған жаумыз. Қамданған қалын, топтан жынын шашып құтырған бура
да қаймығады. Көрерсіңдер, сол «жиналып жатыр» дегендердің ешқайсысы
Керей, Уақтың қарулы қолымен сойыл соғысуға келе алмайды, олар тек
бітім сұраған билерін ғана жібереді.»
Есенейдің айтқаны келді. «Анау жақтан келеді, мынау жақтан келеді»
дегендердің біреуі де Керей мен Уақтың жасанған жауынгерлеріне
жақындауға бата алмай, салмағын алыстан салғысы келді де, татулық
тілетуге, əр ру өзінің «жақсы-жайсаң» дегендерін жұмсады.
Олардың ішінде аталған рулардың «пəлен би, пəлен шешен»
дегендерінің көбі бар еді. Есеней тіктірген үйлерде бастары қосылған олар:
«Бəріміз қойдай маңырап, қозыдай жамырамайық, Есенейге де, Шыңғысқа
да бітуана сөзді айтатын біреуді ғана шығарайық» десті.
Орта жүзге қарайтын алты ру: Арғын, Қыпшақ, Қоңырат, Найман,
Керей, Уақ бас қосқанда, «аға баласы» деп жолды Арғынға береді.
Бұлардың ішінен қоңыртас төрт ру кептігін салыстырғанда: «Аспандай –
Арғын, жұлдыздай – Қыпшақ, қойдай – Керей, қозыдай – Уақ» деп келеді.
Бұдан Арғынның өзге рулардан көптігі де көрініп тұр.
«Есеней мен Шыңғысқа кім сөйлеседі?» дегенде өзге рулар: «аға баласы
- Арғын сөйлессін» деді. Арғыннан Құсмұрынға жиналған билердің жасы
үлкені де, таңдаулысы да, Аңдағұл руынан келген Өтемістің Құрымсысы
болып шықты. Ол талай топқа түсіп, «қызыл тілден жүлде алған» шешен де
еді, «тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін табатын» білгір де еді.
Дауласқан екі жаққа шешінді сөз айтардан бұрын, Құрымсы əуелі
Шыңғыспен, одан кейін Есенеймен оңаша сөйлесті. Ыстаптан да,
Көкшетаудан да қалың қол келуін күтіп, «қарсы қазақтарды солардың
мылтық күшімен қуам» деген сенімде отырған Шыңғыс Құрымсының:
– Кеше атаң Абылайды хан көтерген одан – əкең Уəліні ол өлген соң
шешең – Айғанымды хан сайлаған Атығай менен Қарауыл еді, өзге
рулардан бір табан саған жақын еді, сондықтан Есенейден гөрі сені жақын
тұтып, бірінші рет саған сөйлесіп отырмын, – деп бастап, татулық əңгімесін
айтып еді. Шыңғыс «бас асаулық» қылып, салам ба деген бұғалығына
тоқырамай, жұлқына берді. Содан кейін Құрымсы айтар сөзінің турасына
көшті.
– Сен неге сіресе бересің? – деді Құрымсы оған, – сонда сүйенерін орыс
үкіметі ме? Үкімет елді қыра алмайды. Азар болса, Есенейін, Қожығы
қамап, Итжеккенге айдатады. Қатыны мен еркегі құрып қалмаса, Керей мен
Уақтан Есенейлер мен Қожықтар тағы туады. Үкімет оларды ит жеккенге
айдап тауыса алмайды. Ерлерін айдату, елдің өшпенділігін күшейте береді.
Өшіккен ел кегін алмай қоймайды. Түбінде үкімет жеңбейді, ел жеңеді.
Ендеше елмен есептеспей болмайды. Жұрт сені «ақылгөй емес, тасыр қой»
деуші еді, рас екен ғой сонысы! «Əлін білмеген əлек» дегендей, өлеріңді
білмейтін адам ба едің сен? Керей, Уақтың қолына беріп отырған
шылбырын босатайыншы, не істер екен саған? Олар аспандағы жұлдыздай,
сен арасындағы үркердейсің. Бір шайқауына келемісің олардың? Ерегісіп
көрші, күліңді көкке ұшырсын! Орта жүздің игі жақсылары сені сыйлап кеп
отырған жоқ, Абылайдың аруағын сыйлап келіп отыр. Тілін алмай көрші,
олар да безеді сенен!... Сонда не істемексің?
Құрымсының шешендік торына іліккен Шыңғыс, амалсыздығын көрді
де:
– Сонда, не істе дейсің маған? – деді.
– Істе дейтінім: басын аман, малын түгел кезде, бұл Құсмұрыннан кет.
– Қайда?
– Оны ойлан. «Өзі болған жігітке, бір кісілік орын бар» дегендей,
өнеріңе лайық орынды табарсың!
«Жарайды» дей қоюға, Шыңғыс əрі «шылқы май» көретін орнын
қимады, əрі «Есенейден қорқып кетіпті» деген атақты қорлық көрді. Бірақ
«ақылына айғыр салып» байқаса, Құрымсының айтып отырғаны шындық.
Ендігі оның ақылдасары, - Орынборға кеткен Драгомиров. «Жаны шын
ашиды» деп ойлайтын Драгомировтің Орынбор сапарынан оралар уақыты
болып қалды, сөзінде тұрса, келіп қалуға тиісті. Ойы соған тоқыраған
Шыңғыс:
– Жарайды қабырғама ақылдасайын, – деді.
– Ұзақ ақылдаспа, – деді Құрымсы, – тезірек шеш. Маған ертең –
бүрсігүні Есенеймен сөйлесу керек. Соған дейін жауабыңды күтем.
– Тым тығыздатып əкеттің ғой, Құреке, Əуелі Есенеймен сөйлесіп ап,
мені соның бетін көргеннен кейін сынамаймысың? – деді Шыңғыс.
– Ол да дұрыс екен, – деді Құрымсы.
Көмейінде тұрған бір сөзді Құрымсы Шыңғысқа айтпады, ол «Аға
сұлтандығыңды Есенейге бер де, өзің бұл арадан тай!» еді. Оны айту үшін
əуелі Есенеймен сөйлесіп алу қажет болды.
Есенейдің алғашқы əйелі – Қанікей, Құрымсымен аталас – Зілғараның
қызы екенін еткен тараулардан білеміз. Сондықтан жасы кіші болғанмен,
жолығысқан шақтарда Құрымсы оны «жездей» деп, өзін еркелейтін
«балдыз» орнына ұстап, ойынды-шынды сөздерін батыл айта беретін.
Ойынға доғал Есеней ел əдетімен «балдыздық» көтере жүріп, қытығына
тиген бірер жолда, «оттама, балдызым» деп бетінен қатты қауып тастағаны
бар. Содан тауы шағылған Құрымсы, кейін байқап əзілдесетін болған.
Бұл жолы сөйлескелі отырған кеңесі – қалжың араластыратын нəрсе
емес, салмақты нəрсе. Сондықтан Құрымсы, Есенеймен сөйлескенде
«тиегін» яғни Тоқсанды қасына ала отыруға ұйғарды.
Тоқсан мен Құрымсы жасты болатын, талай рет кездескен олар,
«құрдаспыз» деп қатты ойнайтын, сонымен қатар, бір-біріне сөздері
тыңдаулы да. Кейде, кейбір дауларды олар сəлем айтумен де бітіріп
тастайтын. Біз сипаттап отырған жиынға Құрымсыны төбе - би қоюда,
Тоқсанның рөлі ерекше болған.
Есенейдің алдын ала Тоқсанмен жолығысқан Құрымсы:
– Құрдас-ау, сен түлкі жортағыңды қоя тұрып, тура сұрауға, тура
жауабыңды берші: Керей, Уақ осынша қара тер болып шапқылағанда, түпкі
мақсатың не? – деді.
– Оның несін сұрайсың, құрдас-ау! – деді Тоқсан, – Атығай мен Қарауыл
– алдымызға өзің салып берген жолың бар емес пе? Біз де сонымен жүреміз
– дағы.
«Жол» деп отырғаны, – Абылайдың Сырымбет тауында тігілген
«хандық» ордасының аға сұлтаны Атығайдың Андағұл руынан шыққан
Зілғараның болуы еді. Дуанды аз жыл басқарған Зілғара, «қартайдым,
жүріс-тұрысты көтере алмаймын» деп, аға султандығын баласы – Мұсаға
берген. Мұса сол қызметінде əлі де тұрған. (Жақша ішінде айта кететін сөз:
Қызылжардың батысында, сексен шақырым жерде, Есіл өзенінің бойында,
орысша «Явленко» аталатын қала бар, қазақтар соны «Мүсін» дейді, онысы
«Мусин» яғни «Мұсаның қаласы» дегені, олай дейтіні, қала түскенше, сол
ара Мұсаның, одан кейін балаларының қыстауы болған).
Тоқсанның не айтқалы отырғанын тұспалды сөзінен түсіне қалған
Құрымсы:
– Сондағы атағалы отырғаның Есеней ме? – деп сұрады.
– Үстінен түскен сөздің несін қайталайын, – деді.
– Мен тоқырармын-ау оған, – деді Құрымсы, – елің тоқырай ма
Есенейге?
– Онда жұмысың болмасын, құрдасжан. Төрелік беруге жолың бос.
Тізгінге қол созба. Оны кімге берерін Керей мен Уақтың өзі білсін.
– Мақұл, құрдасжан.
Есеней пəлденбей, құрылысшы айтқан ұсынысты құшақтай алды.
– Бірақ, – деген шартын айтты ол, – егер бұл арадан аман кетем десе,
Шыңғыс мына жағы ЬІстаптан, ана жағы – Көкшетаудан шақыртып
отырған қарулы əскерін ізімен кейін қайтарсын. Олар шегінбей татулығым
жоқ. Егер шегінбесе, – соғысам. Қай тұста келе жатуларынан биенің
сауыны сайын хабар алып тұрмын. Ыстаптан шыққан əскер бүгін
Қараобаға жеткен, Көкшетаудікі – Қойбағар көліне. Сол жерлерден бір
табан бері аттаса, қашан қырып тастағанша Шыңғысты ұлып – отанымен
жоқ қып жіберем.
Бұл сөзге Тоқсан да қосылды. Есенейдің айтқанын істемей
тынбайтынын білетін Құрымсы:
– Сөйлесейін, Шыңғысқа, – деді.
– Сөйлесу-мөйлесуіңді білмеймін би, – деді Есеней үлкен айран көзін
шатыната қарап, – айтқаным айтқан. Шыңғыс шақырған əскеріне бүгіннен
бастап шапқын жіберіп, шерулерін шегіндірмесе, екі би маған
өкпелемеңдер, мен онда Шыңғыстың түсірген аспанын көріп алам да,
өзімнің қимылыма кірісем.
– Мақұл, – десті билер.
Құрымсының
башайлап
айтқан
сөздеріне
Шыңғыс
«көрерміз,
ақылдасармыз» деген ғана жауап айтты, сондағысы Орынбордан оралатын
Драгомировпен ақылдасу еді. Сол күні келген Драгомиров, əуелі болып
жатқан оқиғаға Шыңғыстан қанып алды да алдымен Есенейдің талабын
орындатып, екі жақтан да келе жатқан əскер бастықтарына өз атынан
«кейін қайтсын» деген бұйрық хатпен кісі шаптырды. Шыңғысқа айтқаны:
– Қызметіңнен алу мəселесін, мен шешпеймін, Омбының генерал-
губернаторы шешеді. Ал маған салсаң, бұл қызметіңнен өзің арыз беріп
босануың керек.
– Неге?! – деді Шыңғыс, Драгомировтің кескініне таңдана қарап.
– Біріншіден, – деді Драгомиров, сөзін нығыздай айтып, – Омбыда
үстіңнен жиналған материалдарды жинастырып көрсем, көбі шындыққа
жатады. Егер ол материалдар сотқа түссе, қызметіңнен босау былай
тұрсын, талайларды қолыңнан айдатқан алыстағы Сібірге өзің айдаласың.
– Қызметтен түскенмен құтылам ба ол істерден? – деді Шыңғыс.
– Құтыласың.
– Қалай?
– Материалдарды өртетіп жібереді.
– Түспей де істемеймісің соны?
– Істей алмаймын.
– Неге?!
– Басқарып отырған еліңнің ауқымына қарағанда, үстіңнен жазылар
шағымның шегі жоқ сияқты. Бұрынғы материалдарды жойғанмен, жаңа
материалдар орнын басады. Түптегенде олар тексерілмей қоймайды.
Жасалатын қорытынды белгілі.
– Екінші сөзіңді айт, – деді Шыңғыс бастапқы ұсынысқа іштей көніп.
– Екіншім, – өзің Омбыға менімен бірге аттан жəне бекіністе қорғалап
отырған балаңды ерте аттан.
– Неге?!
– Менің байқауымша, балаң осы арада тұрса, өшігіп алған жұрт, оның
көзін жоймай тынбайды.
– Мүмкін, – деді Шыңғыс.
– Жəне айтарым, – деді Драгомиров, – хандық заманыңды
көксегеніңмен, ол сенің қолыңнан ұшып кеткен, енді қайтып қонбайтын
құс. Сен қазір «хан» емессің. Россия үкіметінің чиновнигі ғанасың.
– Рас! – деді Шыңғыс ауыр күрсініп.
– Сауатсыз кісі Россияда чиновник бола алмайды. Кенесарыны жойған
шақта патша үкіметі жергілікті елдің, білгілікті адамдарынан жəрдемшілер
тапты да, оларға чиндер, шекпендер берді. Қазір қазақ даласында сотник,
ясаул, хорунжий дегендер толып жатыр, солардың бірі өзіңмен жауласып
отырған Есеней Естемесов. Солардың бірен - сараңы ғана болмаса берілген
наградалардың не екеніне көбі түсінбейді.
– Рас, – деді Шыңғыс.
– Келешекте олардың бəрінен орысша оқыған қазақ озады. Оған мысал –
Тұрлыбек Көшенов.
– Рас.
– Ендеше болашақта «кісі болсын» десең үкімет тізгінін ұстасын» десең,
балаларыңды, ең алдымен анау тентек балаңды Омбыға апар да, орыс
оқуына бер!
Олар осыған келісті.
Билер бас қосқанда, Шыңғыс жиналған жұртқа, бұл дуанның аға
сұлтандығынан еркімен босанатындығын, ол үшін қазір Омбыға жүріп,
ондағы үкіметке арыз беретінін айтты.
Қай «ризашылық» екенін біле тұра, жақтаушылар да, қарсылар да сөз
көтерген жоқ. Драгомировтің қолынан жасалған піргеуірде – Көкшетаудағы
туыстарына барғысы келеді» деген сылтаумен, жұрт Шыңғысқа алғыс
айтып босатпақ болды да, үкіметтен оның орнына «ел қалаған» Есенейді
отырғызуын өтінді.
Сол кезде Құсмұрынға келе жатқан əскерлердің кейін қайтқан хабары да
алынды. Есеней жинаған топ тарай бастады. Шыңғыс Омбыға жүруге
əзірленді.
Шоқан бұл кезде бекіністен үйіне келген еді. Оның қылмысын ешкім
бетіне басқан жоқ, жалғыз шешесі ғана болмаса, басқалардан жан адам
жылы ұшыраған жоқ.
Сондай суықтыққа мəн бермей жүрген тентек баланың құлағына,
əкесінің Омбыдағы орыс оқуына алып кету хабары шалынды.
Баланы шошытпау үшін, еркімен апару үшін жүрерден бірер күн бұрын,
Шыңғыс шақыртып алды да, балалық санасына сіңетін түрде түсіндірді.
Шоқан үндемей шығып кетті.
«Барар, – деп сенді Шыңғыс, – барғысы келмесе, еркіне қарамаспын».
«Ертең аттанамыз» деген күннің кешіне, Шоқан жоғалып шықты.
Ешқайда жоқ!..
Дос көретін Құтпаны, Шоқанға бұл жолы қас болып шықты.
«Қасқыройнақтың» апанына тығылған оны, Шындығында іздеген
адамдарына Құтпан тауып берді...
Үйіне еріксіз сүйреп əкелген Шоқан, көнудің орнына бейпілдігіне басып,
Шыңғыстың аузы - басынан боқтамаған түгін қойған жоқ. Көнбейтінін
көрген Шыңғыс «тағы қашып кетер» деген оймен, Шепенің үйіне қаматты
да, оның зор, семіз денелі жалпақ бет, долы мінезді шикіл сары қатыны, -
Шоңайнаның қолына берді. Өзін «дүмді жердің қызымын» деп ойлайтын
ол мейлі кім болса да алдына жан шығарған əйел емес. Өзге түгіл Айғаным
да одан қорқып беттеспеуге тырысатын, беттесе қалса, жүнін жығылған
жағына сыйпап, жөніне қарай кешетін. Ол бұрын Шоқанды «тентек» деп
жақсы көретін еді. Сол тентектіктің сойылы, ақыры өз басына тиіп, күйеуі
– Шепе сотқарлығының салдарынан қашып кетті. Содан кейін, «құдай
қолыма түсірсе!» деп, жұдырығын түйіп, тісін қайрап жүргенде Шоқан
қолына лекті. Оны «шүу» дегеннен ықтырып алмақ боп, Шоңайна
алақандай көзін қадалта бір қарап.
– Бар ана төрге! Жат мейлің, отыр мейлің – еркің. Қашып құтылам деп
ойлама! Тілімді алмасаң, менен жамандық таппа! – деді.
Өзгеден қорқпайтын Шоқан, Шепенің ұйтқыттауымен, кішірек кезінде
Шоңайнаны боқтап қап, артынан қолына түскенде ауыр санының астына
басып отырып, біраз мытыған. Денесі көкала қойдай боп босаған Шоқан
жылап барып шешесіне шаққанда:
– Көк долы қатын екенін білмейтін бе едің, балам-ау? – деген Зейнеп, –
біле тұра неге соқтықтың? Оны құдайдан басқа ешкім де жеңбейді. Тимесін
десең жолама, атын атап, жөнін жөндеме, аулақ жүр! – деген.
Шыңғыс та Шоқанды Шоңайнаның үйіне сондай мінезін білгендіктен
қаматты. Тырп етсе тағы да таяқ жейтінін білген Шоқан, Шоңайна қолымен
нұсқаған төрге барды да, басына жастық салмастан, төсеулі жатқан ескі,
кір, құрамыс үлкен көрпенің ішіне кіріп, басын тұмшалай бүркеп ап,
арқасын сүйекпен əшекейлеген жүкаяққа тіреп, бүкшие жатып қалды.
Сол қалпынан ол, келер таң атқанша қозғалған жоқ. Іңірде шешесі -
Зейнеп кеп, ағыл-тегіл жылаған дыбыспен, оятқысы құшағына алғысы
келіп, бас жағынан қозғап керіп еді, ояу жатқан Шоқан, қасақана қатты
ұйықтаған боп, ешбір сес бермеді. Зейнеп онысын шын ұйықтағанға
жорып, денесін алдына өңгеріп алмақ болып еді, бала талып жатқан
адамдай былқ-сылқ етіп икемге келмеді. «Мұнысы несі?!.. Əлде есінен
танып жатыр ма?!» деп қорыққан Зейнеп, Шоқанның былқылдаған денесін
күшпен алдына өңгеріп еді:
– Тарт қолыңды! – деген қатал даусы естілді баланың.
– Мен апаңмын, құлыным! – деп еңіреп қоя берген Зейнепке:
– Ұстама! – деді Шоқан даусын қатайта түсіп.
– Менмін ғой, Қанашжан, апаңмын ғой, – деді Зейнеп құшағын қаусыра
түспек боп.
– «Тиме» дедім ғой, – деді Шоқан, шешесінің қаусырған құшағын
жазбақ боп.
Қара көлеңкеде, босағада шынтақтап қисайып жатқан Шоңайна:
– Үкілі келін-ау, – деді Зейнепке, – өз денеңнен шыққан балаға сонша
жалынбай, неге шапалақпен екі жағына тартып-тартып жібермейсің? Сонда
ол «тимені» айтпас еді!
Зейнеп жауап бермеді. Шоңайнаның қаталдығын Зейнеп «өкшесі
қанамаудан» деп жоритын. Шоңайна əсіресе, келеді» деген сылтаумен,
жұрт Шыңғысқа алғыс айтып босатпақ болды да, үкіметтен оның орнына
«ел қалаған» Есенейді отырғызуын өтінді.
Сол кезде Құсмұрынға келе жатқан əскерлердің кейін қайтқан хабары да
алынды. Есеней жинаған топ тарай бастады. Шыңғыс Омбыға жүруге
əзірленді.
Шоқан бұл кезде бекіністен үйіне келген еді. Оның қылмысын ешкім
бетіне басқан жоқ, жалғыз шешесі ғана болмаса, басқалардан жан адам
жылы ұшыраған жоқ.
Сондай суықтыққа мəн бермей жүрген тентек баланың құлағына
əкесінің Омбыдағы орыс оқуына алып кету хабары шалынды.
Баланы шошытпау үшін, еркімен апару үшін жүрерден бірер күн бұрын,
Шыңғыс шақыртып алды да, балалық санасына сіңетін түрде түсіндірді.
Шоқан үндемей шығып кетті.
«Барар, – деп сенді Шыңғыс, – барғысы келмесе, еркіне қарамаспын».
«Ертең аттанамыз» деген күннің кешіне, Шоқан жоғалып шықты.
Ешқайда жоқ!..
Дос көретін Құтпаны, Шоқанға бұл жолы қас болып шықты.
«Қасқыройнақтың»
апанына
тығылған
оны,
Шыңғысын
іздеген
адамдарына Құтпан тауып берді...
Үйіне еріксіз сүйреп əкелген Шоқан көнудің орнына бейпілдігіне басып,
Шыңғыстың аузы - басынан боқтамаған түгін қойған жоқ. Көнбейтінін
көрген Шыңғыс «тағы қашып кетер» деген оймен, Шепенің үйіне қаматты
да, оның зор, семіз денелі жалпақ бет, долы мінезді шикіл сары қатыны, -
Шоңайнаның қолына берді. Өзін «дүмді жердің қызымын» деп ойлайтын
ол, мейлі кім болса да алдына жан шығарған əйел емес. Өзге түгіл
Айғаным да одан қорқып беттеспеуге тырысатын, беттесе қалса, жүнін
жығылған жағына сипап, жөніне қарай көшетін. Ол бұрын Шоқанды
«тентек» деп жақсы көретін еді. Сол тентектіктің сойылы, ақыры өз басына
тиіп күйеуі – Шепе сотқарлығының салдарынан қашып кетті. Содан кейін,
«құдай қолыма түсірсе!» деп, жұдырығын түйіп, тісін қайрап жүргенде
Шоқан қолына лекті. Оны «шүу» дегеннен ықтырып алмақ боп, Шоңайна
алақандай көзін қадалта бір қарап.
– Бар, ана төрге! Жат мейлің отыр мейлің – еркің. Қашып құтылам деп
ойлама! Тілімді алмасаң, менен жамандық таппа! – деді.
Өзгеден қорқпайтын Шоқан, Шепенің кішірек кезінде Шоңайнаны
боқтап қап, артынан қолына түскенде ауыр санының астына басып отырып,
біраз мытыған. Денесі көкала қойдай боп босаған Шоқан жылап барып
шешесіне шаққанда:
– Көкдолы қатын екенін білмейтін бе едің, балам-ay? – деген Зейнеп, –
біле тұра неге соқтықтың? Оны құдайдан басқа ешкім де жеңбейді. Тимесін
десең жолама, атын атап, жөнін жөндеме аулақ жүр! – деген.
Шыңғыс та Шоқанды Шоңайнаның үйіне сондай мінезін білгендіктен
қаматты. Тырп етсе тағы да таяқ жейтінін білген Шоқан, Шоқайна қолымен
нұсқаған төрге барды да, басына жастық салмастан, төсеулі жатқан ескі,
кір, құрамыс үлкен көрпенің ішіне кіріп, басын тұмшалай бүркеп ап,
арқасын сүйекпен əшекейлеген жүкаяққа тіреп, бүкшие жатып қалды.
Сол қалпынан ол келер таң атқанша қозғалған жоқ. Іңірде шешесі -
Зейнеп кеп, ағыл-тегіл жылаған дыбыспен, оятқысы құшағына алғысы
келіп, бас жағынан қозғап көріп еді, ояу жатқан Шоқан, қасақана қатты
ұйықтаған боп, ешбір сес бермеді. Зейнеп онысын шын ұйықтағанға
жорып, денесін алдына өңгеріп алмақ болып еді, бала талып жатқан
адамдай былқ-сылқ етіп икемге келмеді. «Мұнысы несі?!.. Əлде есінен
танып жатыр ма?!» деп қорыққан Зейнеп, Шоқанның былқылдаған денесін
күшпен алдына өңгеріп еді:
– Тарт қолыңды! - деген қатал даусы естілді баланың.
– Құлыным! - деп еңіреп қоя берген Зейнепке:
– Ұстама! - деді Шоқан даусын қатайта түсіп.
– Менмін ғой, Қанашжан апаңмын ғой, – деді Зейнеп құшағын қаусыра
түспек боп.
– «Тиме» дедім ғой, - деді Шоқан шешесінің қаусырған құшағын жазбақ
боп.
Қара көлеңкеде, босағада шынтақтап қисайып жатқан Шоңайна:
– Үкілі келін-ау, – деді Зейнепке, – өз денеңнен шыққан балаға сонша
жалынбай, неге шапалақпен екі жағына тартып-тартып жібермейсің? Сонда
ол «тимені» айтпас еді!
Зейнеп жауап бермеді. Шоңайнаның қаталдығын Зейнеп «өкшесі
қанамаудан» деп жоритын. Шоңайна əсіресе балаларға қатал да, үйіне бала
маңайлай қалса-ақ тілі жеткенше сөгіп, онысын тыңдай қоймаса, қолына не
түссе сонымен періп қалатын, қолы жетпесе бақан, сырық, балта сияқты
нəрселерді жіберіп, өлер-тірілеріне қарамайтын. Кейбір балаларды ол
мертіктіріп те тастаған. Содан кейін, бала атаулы оған маңайлауға
қорқатын.
Құшағынан тырмыса шығып, құрамыс көрпеге енді қалың оранып алған
Шоқанды ырқына көндіре алмасын байқаған соң, іші уылжыған Зейнеп,
бұл түнді осы үйде, соның қасына еткізуге бекінді.
Дəулеті де жақсы бола тұра, табысы да көп бола тұра, тазалық жағынан
бұл үй ең ластардың бірі еді. Не базардан, не киіттен, не парадан келген
нелер асыл мүліктер, бұл үйдің, босағасын аттап кіргеннен бір жыл кейін
танымастық дəрежеде өзгеріп, кірленетін; тегенелерінің, аяқ табақтарының
іші-сыртына
баттасқан
кірді,
тырнақпен
соқа
жыртқан
жердің
қыртысындай сыдырып түсіруге болатын, ол үй мал саумайтын шайға
құятын қойдың сүтін ордадан аяқтап сұрап алатын, жылқы саны жүзден
асып жығылатын бұл үй, ел санатынан қалмай, көктемнен күзге дейін
айғыр
үйір
сауын
байлайтын,
бие
сүтін
құятын
торсықтары
күтілмегендіктен іші-сырты көгеріп, қымызы өңезденіп кететін, аз
пісілгендіктен - қымызы ақырған ащы болатын, сондай жайын білгендіктен
жəне көрші үй – ордада ағыл-тегіл тəтті қымыз болғандықтан,
қыдырушылар Шепенің үйіне басын аз сұғатын, ешкім ішпейтін қымыз
молайып кетсе, Шоңайна түнде, жұрт жата, жер ошаққа төге беретін, сөйте
тұра үйіне аш-арықтар келе қалса, қымыз татырмайтын.
– Неге? – деген сұрауға.
– Олар ішкенше ит ішсін, – деп жауап беретін.
– Ит жер – ошақтан іше ала ма? – десе.
– Жер ішсін, – дейтін.
Үй-ішін, ас-суын күтуге сондай салақ Шоңайна, күйеуінің жəне өзінің
үсті-басына да мейлінше салақ оның да, Шепенің де таза көйлек-
дамбалмен жүретін күні болмайды, кірі асқынып кеткен көйлек-көншекті
босағаға тастай береді, кейде олар үйіліп жатады, киер көйлек-дамбал
қалмаған шақта ғана қарашы ауылдан кір-қоңын жуатын қатынды
шақырып алады, оған ішер асынан басқа ештеңе бермейді, үнемі ұстауға
ас-суын шығынсынады. Ал өзі үй жұмысын атқарудың орнына ертеден
қара кешке шыпши терлеп, бырылдап ұйықтайды да жатады, бұл қылығына
іштей наразы болғанмен, Шепе үн қата алмайды. Баяғыда бір үн қатын
сабамақ болғанда, ірі денелі, қарулы Шоңайна, қол тоқпақтай Шепені алып
ұрып, астына басып жатып, тізерлей төмпештеген. Таяқ батып, ықылық
атқан Шепеге:
– Ендігəрі бүйтемісің? – дегенде:
– Жо-жоқ! – деген Шепе, демін əрең алып.
Сол «жо-жоқ» анты сияқтанып, Шепе оған қол түгіл тіл тигізуді де
қойған. Кейде ашуы қозып, еліріп келе жатса, Шоңайнаның «болды,
болды!» деп қадала қарауы жететін. Ар жағында тым-тырыс бола қалатын.
Салақ, лас иісті үйге Зейнеп көптен бері бас сұқпайтын еді. Енді міне,
Шоқан үшін амалсыз бас сұқты. Ол ол ма? Шоқан үшін осы үйге түнемек
те болды. Елжіреген аналық сезімі сабасына түсіп, осында ұйқтауға бел
байлаған Зейнеп төңірегіне мұрнын шүйіріп көрсе сасық иісі мүңкіп
барады. Үнемі тазалықта тұрып келе жатқан Зейнептің мына иістен жүрегі
лоблып, құсқысы келгендей болып кетті. Баласы мен Зейнептің үнсіз
қалуына таңданған Шоңайна:
– Үкілі келін! – деп дыбыс берді.
– Ие, Сары - апа? – деді Зейнеп.
– Не істеп отырсың?
– Жəй мына Қанаштың қасында.
– Ояу ма, ұйықтады ма?
– Ұйықтады.
– Өзің неғып отырсың?
– Қараңғы түнде қалай отыра бересің, жападан-жалғыз?
– Енді не істеймін?
– Жастық берейін, қисай!
Қараңғыда жүрісі сыбдырлаған Шоңайна, Зейнептің қасына сылқ еткізіп
бірдемені тастай берді. Зейнеп сипап қараса, үлкен жастық пен бүктелген
көрпе екен.
Шоңайна үн-түнсіз жөнеле берді де.
– Үкілі келін! – деді аздан кейін.
– Уə, Сары - апа.
– Мен енді ұйықтаймын. Балаңа не бол. Бізді ұйықтатып тастап, қашып
кетіп, Төрежанның (Шыңғысты солай дейтін С. М.) алдында ұятты боп
қалмайық. Өйтсе ол бала тірі болмайды.
Зейнеп үндемеді. Шоңайнаның тапсыруымен емес, аналық жүрегінің,
бұйрығымен таң атқанша көз шырымын алған жоқ. Жантая сала қорылдай
қалған Шоңайнаның дыбысын естігеннен кейін баласының да ұйқыға
кеткен пысылы естілгеннен кейін, «мен де қалғырма екем?» деген оймен
Зейнеп бүктеулі көрпені астына тартып, жастықты жоғарырақ салып
қисайып еді, оның күлімсі иісі өңменін атып кетті де, жиіркенген қалпымен
басын көтеріп алды.
Тізесін құшақтай бүкшиген Зейнеп ойға кетті. Шоқанның осынша
тентек болуына бас айыпты - Шыңғыстың өзі. Баяғыда Балта Тұрсынбай
батырдың: «Абылай ағама тартқан екен» деген бір ауыз сөзінен кейін
мейлінше далдандатып, не істесе де бетінен қақпаған Шоқан, қайда барса
да қасынан тастамаған Шоқан, міне ақыры, өзі де опық жеді, əкесіне де
опық жегізді. Шыңғыс Шоқанның тентектігінен ғана аға сұлтандықтан
түсіп отырмағанын Зейнеп жақсы біледі. Шоқан тек: «құланның қасуына,
мылтықтың басуы» дегендей, аңдаусызда оққа ұшты əйтпесе, оның
қылмысы əкесі жасаған қылмыстың мыңнан бірі. Шыңғысқа келіп тұрған
көр: «Көп асуға бір тосудың» көбі. Қолында өктемдік барда Шыңғыстың
кімдерге қандай жəбіршілік істегені Зейнептің алақанында. Оның сол
істерін ойлағанда, Зейнептің есіне: «Баяғыда бір ұры болған екен, – деген
қазақ аңызы түседі, – оған əкесі, «ұрлық түбі қорлық» деген, балам
мынауыңнан тыйыл!» десе, баласы тыңдамапты. Сөзін еткізе алмаған əкесі,
баласы ұрлап əкеп сойған малдардың етінен бір-бір жапырақты темір
істікке шанша беріпті. Сол еттер істіктің ұшынан асқан кезде баласы да
ұсталып, абақтыға кетіпті. Содан бері мөлшерінен асқан əрбір істі қазақ:
«Істік ұшына шықты» дейді.
Сол аңыз айтқандай , Құсмұрын дуанына аға султан болғаннан бастап,
кеше ел «түссін» деп піргеуір жасағанға дейін, Шыңғыстың бағынышты
еліне көрсетпеген қорлығы жоқ, соларына қарағанда, қайта өлтіріп
тастамай, тірі жіберіп отыр.
Енді не істемек, Шыңғыс? Ол тек тəңіріге ғана аян. Егер Шыңғыс «Хан
тағында» отырса, Шоқанды алыстағы Омбыға, орыс оқуына Зейнеп тірі
отырып жібермес еді, өйткені «орысша оқыды» деген Шыңғыс не бітірді?
Шоқан да не бітірмек орысша оқып?
Соны ойлаған Зейнеп, Шыңғыстың сездеріне көнбей: «Мені өлтіріп
тастасаң ғана əкетесің Қанашжанды бұл үйден тіріде бермеймін» деп
қасарғанда, Александр Николаевич Драгомиров əрең иліктірді. Орысша,
қазақша, татарша сөздерден араласа құралатын əңгімесінде ол:
– Байбуша, сенікі суз ярами; (өз жүрегін алақанымен басып) сертса
(«шеше», «ана» деген сөздерді білмей) маить, қатынь яхшы, баранчук
(«қазақ баланы солай атайды» деп түсінетін) яхшы. Ну, жигит яхши
боларға кирəк. Қалай? Окумаған бык - огуз. Окуган (бармағын шошайтып)
вон, - яхшы, орус окуган (екі бармағын бірдей шошайтып) дважды яхшы.
Яхшы туре. Патшаға яхшы служит, награда, алать, А окумаган – шайтан,
(түкіріп жіберіп) тіфу жаман...
Осы сөздердің өзін теріп əрең тапқан Драгомиров əңгімесін əрі созуға
жарай алмай, кекештене бастаған соң, ар жағын Шыңғыс жалғастырып
əкетті.
– Орыс екеш орыс та айтып отыр, баламыздың пайдасын. Өлімге
жұмсап отырған жоқ өнерге жұмсап отыр, – деді Зейнепке.
Зейнеп ақыр көнген қалпын көрсетті.
Ол үйде бұрын топырлап жататын қонақ əнеугі сүргіннен кейін азайып,
соңғы кейбір күндерде атымен болмай қалған. Бүгін кешке келген
əлдекімдерді Шыңғыстың көргісі келмей, «қонақ үйде болсын» дей салған,
оның ордада Зейнеппен ғана қалғысы келген. Іңірде Зейнеп:
– Ертең жүреміз дедің ғой, мен Қанашжанның қасында болайын, –
деген. Шыңғыс қарсылық білдірмеген.
Зейнеп осы жайлардың бəрін көз алдынан кешіріп отырған шақта,
Шоқан ыңырсыған сияқтанды. «Неге бүйтті екен?!» дегендей, сипалап
көрсе көрпесі ашылып қалған екен. Өзі ұйқыда сияқты. «Бұл да оранған
көрпенің иісінен жиіркенген болар» деген оймен, Зейнеп Шоқанды
құшағына алмақ болды да, бір қолын мойын астынан, екінші қолын тақым
астынан ақырын сұқты. Бала оянбады. Зейнеп баланы ақырын қимылмен
алдына алып бауырына басты.
Шоқан үнемі Зейнептің қасына ұйықтаушы еді. Өзге балаларын
қысымда ұстайтын Зейнеп, «тұла бойы тұңғышым» деп оны ерекше жақсы
көретін еді де, басқа балаларын бөлек төсекке алысырақ жатқызғанда
Шоқанды үнемі қасына алатын. Шоқанның дағдысы – солында жататын
шешесінің кеудесіне оң қолын тығып, мамасын ұстап ұйықтайтын. Егер
ұйқыдағы қалпында əлдеқалай айрылып қалса, шошып оянғандай «апа!»
деп бақырып қоя беретін, мамасын қайта ұстамай ұйықтамайтын.
Шепенің қараңғы үйінде алдына алған ағасын ол білді ме, машық
дағдысымен кеудесін сипалай бастады. Еміреніп кеткен енесі, күмістен
жасаған үзбелі түймесі бар, қара қазинадан тіккен төс қамзолы баласының
қолына бөгет болатынын абайлады да, тез ағытыла қоймаған, тұқылы
толарсақтай, бауы білемдей үзбелерді бытырлатып үзіп жіберді. Ішкі
көйлектің омырауы кең. Шоқан содан қолын тықты да енесінің емшегін
сығымдап қыса қойды. Зейнептің тұла бойы түгел иіп, суалуына көп болған
емшек үрпінен сүт саулап кеткен тəрізденді.
Бала мен ана таң сібірлегенше, осы қалыптарынан тырп еткен жоқ.
Шыңғыс ше?
Ордада оңаша қалған, ертең Шоқан мен Драгомировты ертіп сапар
шегуге бекінген ол, Тобыл мен Обаған өзендерінің түйіскен жеріндегі
орысша – Звериноголовск, қазақша – Бағлан аталатын қазақ-орыс
станицасына қай жолмен жетудің жайын ойлады. Сол станицаға дейін
бекіністің аттарымен бармақ та одан əрі «қазақ-орыс линиясы» аталатын
жиекпен Омбыға дейін «Жəмшік даңғылы» аталатын жолмен ылаулатып
кетпек. Олай жүруге Драгомировтың қолында «фургонный лист» аталатын,
ылауды тегін мінетін қағаз бар.
Құсмұрынға аға сұлтан болғаннан бері, ол Омбыға екі рет барған еді:
бірінде – Құсмұрыннан Сырымбеттегі туыстарына, одан Баян ауладағы
қайын жұртына соғып, ар жағында Кереку арқылы Ертісті бойлаған; келер
жолы қанатын кеңірек жайып, Атбасар, Ақмола, Ереймен, Қарқаралы
арқылы Семейге жетіп, одан Омбыға пароходпен түскен; бастапқы жолы
«төркіндетем» деген сылтаумен, əйелі Зейнепті ертіп, балуанын, əншісін,
күйшісін, шешенің құсбегін... дегендей жер қайысқан қалың қолмен,
жолшыбай ойын-сауығын жасай отыра, асықпай барған ол сапарынан
абыройлы қайтқан Шыңғыс, келер жолы, жолшыбайғы елдерге сұс
көрсеткісі келіп, Атбасардың Аққошқар Сайдалының Алшынбай,
Қазанқабына... дегендей ылғи шонжарларына соғып, «мені көр!» дегендей
ойқас берген.
Енді міне, үшінші сапарға шығарда, «жағам жығылды» деген ұғымдағы
Шыңғыс, алғашқы екі сапардай «бүлінбей», «кəріп жолы қайсы» дегендей,
елеусіз аттануға тырысты. Егер Драгомиров болмаса, қасына Аба мен
Шоқанды ертер еді де, Бағланға дейін салт кетер еді. Драгомиров бірге
жүретін болған соң, Шамрайдан күймесіне жегетін пар ат сұратты жəне
«жалпы ат» емес, маңдайына басқан екі атын сұратты. Оларды «Жылан-
сырт» аталатын, шымқай қула екі арғымақ болатын.
Шамрай жүріске деген он шақты атын салқын қорада жеммен күттіріп,
семіз күйінде тоқ -жарау ғып ұстайтын. Солардың ішінен «Жылан –
сырттарды» ерекше баптап, өзге аттар шөппен жемделгенде, бұл екеуінің
ауыздарын қолына түсетін аз ғана сұлыдан айырмайтын, басқалардың
тақымын тигізбей, үнемі өзі ғана мінетін, «желден жүйрік» аталатын қос
«Жылан-сырт» үш жүз елу шақырым дейтін Қызылжарға, Құсмұрыннан
ерте шығып, сол күнгі іңірде бара беретін, ертеден қара кешкі желіске
талмайтын, мінген адамдар шаршап тоқтатпаса, өздері тынығуды,
шалдыруды тілемейтін. Өздері тоқ – жарау күйлерінде жылқы баласының
сұлуы: түлеген кезде шымқай сары түктері алтындай жалтылдайды, өресі –
шоқтығына созған қол əрең жететін биік, жондары – үстіне төсек сап
жатқандай жалпақ, астаудай төңкерілген кең сауыры – шыңның тайқия
біткен жылтыр тасындай, қысыр жылан өзекті» дегендей, – жуан денесі
жұп - жұмыр алдыңғы екі аяғы, -ақ қайыңның жуан діңгегіндей тіп-тік төс
қасқасы далиған жалпақ, артқы сандары бурадай дөп-дөңгелек,
тілерсектері жолбарыстай жерге төселе майысып қалған, бас сипаты қазақ
эпостарында:
Құлағын біздей қадаған,
Кекілін қыздай тараған...
Қолтыраудай танаулы,
Сапты - аяқтан ерінді,
Сарымсақтай азулы... –
дегенге дəл келеді. Қара - қоңыр түстің алдары қызық, бірінің жалы -
оңға, бірінікі - солға жығылған, ал екеуінің де шоқтығы – аттанар жақта.
(Қазақтың салт атқа сол жағынан, европалықтардың – оң жағынан мінетіні
мəлім, сондықтан қазақтың «аттанары» - сол жақ), сол қара – қоңыр жалдан
басталып, омыртқаларының, қырқа жонын бойлай, сол түсті құйрыққа
жалғасатын жіңішке қара жолақ бар, түрі созылып жатқан қара жыланға
ұқсайды, аттарды – «Жылан-сырт» деуі содан.
«Жылан-сырттарға» адамның тақымын тигізіп көрмеген Шамрай,
Шоқанды алып Омбыға аттанатын Шыңғысты Бағланға дейін мініп
баруына, іштей қатты қынжыла тұра, амалсыз көнді. Ол көнбес те еді, егер
Шыңғыспен бірге Драгомиров те аттанбаса. Шамрай одан қатты қорқулы
істеріне ревизия жасалғанда жəне халықтан сұрастырғанда, толып жатқан
қылмыстары ашылды, ішінде басы кететін ауырлары да бар. Драгомиров
Шамрайға «осылай да осылай екен» дегенде зəресі ұшқан Шамрай:
– Арты не болады, бұның? – деп сұрады.
– Оны Омбыдағы начальниктер біледі, – деді Драгомиров, – менің
міндетім соларға істің əділетін баяндау.
Шамрай не істеуге білмей қалды. Драгомировтан бұрын келіп, осылай
қадалған бірер ревизорлардың аузын ол жақсылап майлап жіберген еді де,
қопақардай қылмыстар аяқсыз қалып қойған еді. Сырт естуінше
Драгомиров ондайдың адамы емес, ол параға бұрылмайды бірер жерде пара
ұсынғандарды жазаға тартқаны да бар деседі. Сондықтан пара ұсынуға
батылы жетпеген Шамрай, Шыңғысты жұмсап еді, ол белгілі айлакерлігіне
басып:
– Сөйлестім. Дəл айтуға менің де батылым жетпеді, оспақтап айтқаныма
түсінген -түсінбегенін шамалай алмадым, басы жұмыр пенде емес пе,
көмекейі бос сияқты. Оны енді мұнда емес, жолда айналдырам. Тəңірі
бергенін алып кетпесе сəтін келтірермін. Малға бұрылатын болса, оның
көмекейін тығындауға жетерлік ақшам бар. Артынан ауыса жатармыз, –
деді.
Шыңғыстың осындай «соз – бұйда» жетегіне түсіп қалған Шамрай,
жолға екі «Жылан-сыртты» Драгомировтың атын қоса сұрағанда:
– Алсын, – деді амалы жоқтықтан.
Шамрай аттарын сəнді тұрмандарымен безендіріп, үнемі көлеңкеде,
бабында ұстайтын; соларды мінгенде ғана жегетін, тұрқы ұзын, іші кең,
отырғышы терең, белі қайқы, рессоры солқылдақ, ашылып-жабылмалы
шатырының сырты қара бұлғарымен, іші қызғылт бұлғарымен астарланған,
үзеңгісі жалпақ, доңғалақтары мен жетегі қара жəне ақ сырмен
əшекейленген, алдында екі-үш делбеші еркін сыйып отырарлық бөксе -
баспайы бар күймесі болатын. Іші - сыртындағы əшекейлерінің жолағы көп
болғандықтан, халық ол күймені – «жолбарыс» атап кеткен. Айбын
көрсетер жолға шықса, Шамрай «Жылан сырттарын» жегіп осы күймесіне
мінетін. Бар жағы «Шамрай келеді» деп емес, «жолбарыс келеді» деп
дүрлігіп «қайсымызды талап жер екен?» деп үрейленіп отыратын. Былай да
қаһар Шамрай, «жолбарысына» мінген жолы, кездескен елді «шауып –
шаншып» дегендей, қиян-кескі ғып бүлдіріп кететін. Өз қара басын
қазақтар «сұрапыл сұмырай» қойып алған Шамрай, Құсмұрын дуанындағы
елдерге, дүние жүзіндегі ең мықты адам көрінетін. Сондықтан Шыңғыстың
үстінен патшаға, Омбы əкімдеріне арыз жаудырғыш қазақтар, ол арыздарға
қолын қоюға, немесе бармағын басуға қорықпағанмен, Шамрайдың үстінен
кейбір батылдары ғана «домалақ қағаз» (ананимка) айдап, аты-жөндерін
аңғартпайтын, сонда айтары «қарға қарғаның көзін шоқымайды» яғни
патша да, Омбы əкімдері де жергілікті орыс əкімдеріне тимейді; осындай
ойдағы қазақтар – «атыстағы жандаралдан, жақындағы кіпірал» деген
мақал шығарып, шамасы келгенше Шамрайға жағынуға тырысатын оны
«қырдың жанарлы» көретін.
Шыңғыс «қыр жанаралының» «Жылан-сырттарына» қоса, оның
«жолбарысын» да сұратқан еді. Қылмыстарынан қорыққан Шамрай, оны да
бермек болды. Əйтпесе, «Драгомиров» түгіл, қандай «Миров» болса да,
үстіне мінгізбек түгіл, көзіне де көрсетпес еді.
Айтуды ұмытып барады екенбіз. Кенесарымен соғысқанда, қолға тірі
түскендерге мейлінше мейрімсіздік көрсеткендігі үшін, Орынбордың
жазалаушы отрядын бастап келген инфантериян генерал - Игельстрем, өзі
мініп келген осы күймені, Шамрайға сыйға берген. Екі «Жылан сыртты»
Ор қаласында арғымақтар заводын ұстайтын кавалерияның отставкадағы
генералы – (ол да Кенесарыны қуысқан) граф – Столпнер, Шамрай
қонақтап барғанда құлын күндерінде сыйлаған.
Құсмұрыннан Бағланға екі жолмен барады біреуі – көлдің батыс жағын
орап, қалың Қыпшақтың ішін аралай отырып, Тобылға жетеді де, сол өзенді
жағалап отырып, Тобылға құятын үй өзенінің сағасында қазақша
«Қырықбойдақ», орысша – «Устьеуйск» аталатын қазақ-орыс станицасынан
барады. Одан Тобылдың «орыс жағы» аталатын қырқасымен Бағланға
жетеді, екінші жол Құсмұрын көлінің ығын орап, Обаған өзенінің
шығысын жағалап отырады да, сол өзеннің Тобылға құятын «Қара молда»
атты сағасына апарады. Бағлан сол арада.
Бастапқы жолмен жүру көңілдірек жаз айларында қазақ ауылдары
күнгей жақтағы алыс жайлауға көшіп кеткенмен, жолшыбайғы көлдердің,
өзендердің бойларында, кедей қазақтардың кейбірі, үй өзенінің арғы
бетіндегі қазақ-орыс кедейлері бірігіп, аздап егін салады, соларының
ішінде қауын, қияр, қарбыз сияқты, Шыңғыстың құмартатын тағамдары да
өседі. Биылғы жазда бұл жолмен сапар шегу тіпті қызық болуы мүмкін сол
маңнан жаз ортасы ауа өткен қалың жаңбыр, шөліркеген жердің отын
көтергендіктен, тақыр жайлаудағы елдер көшіп кеп жатыр деген хабары
бар.
Бұл бетте Шыңғыстың талай таныстары, достары бар. Орынбор
əкімшілігіне қарайтын олар, Шыңғыстың дəулеті де, дəрежесі де өрге
басып тұрған шақта, жыл сайын кезекпен қонаққа шақырып құрмет
көрсететін. Біреулері Абылайдың Құсмұрындағы тұқымының қыздарына
құда түсуі, біреулерінен олар қыз айттырып... дегендей, қат-қабат құда
болысып кеткен. Мысалы, Арғын руының, сол тұстағы атақты байлары мен
шонжарлары: жоғарғы шектіде - Шеген тұқымымен, төменгі шектіде –
Беген тұқымымен, одан əрі – «Тоқал Арғын» аталатын елдің дəулері –
Ақбас, Байтұрсынмен, Қыпшақтың «Ұзын» аталатын руынан Қанқожа,
Балқожамен, «көлденең» аталатын руынан Ізбастымен, тағы тағыларымен
құдандалы да. Солардың бір де біреуі, кеше Шыңғыстың басына күн туып,
ордасын Керей, Уақтың қалың қолы шаппақ болып қамап алғанда, жауына
қарсы сойыл соғысу түгіл ат ізін салуға да жараған жоқ. Енді оларды
Шыңғыс қалай көрмек?
Шыңғыстың ең ауыр өкпесі – Ахмет Жантуринде. Орынбор əкімшілігіне
қарайтын ол, батысы – Орынбор мен Орға, күнгейі – Сырға, теріскейі –
Үйге, шығысы – Обағанға тірелетін өлкенің сол кездегі аға сұлтаны. Оның
арғы тегі – Кіші жүздің хан Əбілхайырдан, оның бір баласы, Хиуада
хандық құрған – Қайыптан келеді. Қыстаулары Үй мен Тобыл қосылатын
тұстағы жері аса құнарлы – кең арал. Осы Ахмет Құсмұрын дуанына аға
сұлтан болып келген Шыңғысты бір емес, сан рет қонаққа шақырған.
Соңғы бір қонақта, Шыңғыс қасына бес-алты жастағы Шоқанды ертіп
барған. Сонда Ахмет:
– Сен де хан тұқымысың, мен де хан тұқымымын. Аталарымыз алыстан
қосылады. Екеуміз жақындап сүйек алысайық, – депті.
– Алыссақ алысайық, – депті Шыңғыс.
Ахметтің Мұқан деген інісі бар екен. Соның бесіктегі қызын Шыңғыс
Шоқанға атастырып, екі жақ «құда болып, құйрық-бауыр жескен.
Шоқанның пысықтығына, тентектігіне, ұққыштығына қызыққан Ахмет пен
Мұқан Шыңғысқа:
– Біздің тұқым жуасыңқырап барады, мына балаңды бізге күшік-күйеу
ғып бер, босаңсыған жібімізді біраз ширатсын, – депті. Шыңғыс «көрерміз»
деп емексітіпті.
...Міне, сондай дос болған Ахмет Жантурин де кеше Шыңғыстың
ордасын Керей, Уақ, қамап тұрған шақта хабар-ошарсыз тым-тырыс жатып
алды. Бұған өкпелемегенде, неге өкпелейді, Шыңғыс?
Бұрын оларды беліне таңу керуші еді. Енді байқаса, Арғын-Шоқай би
айтқандай, – «Құдайға сенген құстай ұшады» екен де, адамға сенген
«мұрттай ұшады» екен. Ендеше «жолда отыр» дегенмен, қысылғанда
қолғабысы тимеген «достарын» көріп қайтеді?
Осы оймен бірінші жолдан бас тартты Шыңғыс.
Оның екінші жолы да жарқырап тұрған жоқ-ты. Қалың Керей, Уақ
қастаса бастаған шақта, Керейде ол екі адамды қолына ұстаған: бірі –
Есенейдің ет-жақыны, Сибан руынан шыққан Өздембайдың Өсібі. Есеней
мен ол, Сибанның Қошқарбай дейтін баласынан тараған, екіншісі –
Матақай руынан – Қаржаудың Сырымы.
Өсіп Сибанның Есенейден соңғы байы екен. Оны Есеней қоныс жайлы
өкпелетіп Бүркеу деңгейінде «Қарамырза» аталатын қыстауынан Обағанға
көшірген, Шыңғыс соны пайдаланып Өсіптің жолын тосқан да, жақын
жерде қалың ағашы – «Күн тимес», аумағы «Мың қой» аталатын бір
мырыққа мекендеткен. Шоқаннан кейінгі баласы – Жақып туған соң,
Шыңғыс Өсіптің бесікте жатқан қызы – Ақықты атастырып, екеуі «құдай
дескен құда» болып кеткен. Шыңғыстың дəуірі жүріп тұрған кезде Өсіп
жылына бір рет, əсіресе мал семірген күзге қарай, жер қайысқан нөкерімен
қонақ қып жіберетін. «Өсіптің асы -өсіп түседі. Өтенің асы – өшіп түседі»
деген мақал содан қалған. Өте – сараң кісі екен де. Өсіп – береген кісі екен.
Сондай береген Өсіп үйіне Шыңғыс келгенде тіпті «шабылып», «сайдан
май ағызатын» болған. Күнтимес орманының түбінен басталып, көктемде
су тасып, жаз шыға құрғап қалатын, арнасы «Той сай» аталатын жылғаға
қосылатын, жыра бар, аты «Май сай». Өсіп Шыңғысты қонаққа осы
сайдың жағасына өскен бұйрат қайыңның ішінде күздіктеп отырып
шақырады екен де, сайға төккен сорпаның майы, сорға байланған түз
құсап, ағарып жатады екен. Оны ит кеміріп тауыса алмай, ел кеткен соң
қасқырларға азық болады-мыс.
«Май сайдың» жырасы, «Той сай» аталатын өзен сымаққа қосылады.
Олай аталатын себебі: Шыңғыс көп құда түскенде, Өсіп тойына қырық ту
байтал сойып, шекқарнын жуудан, майлы сорпаларды төгуден, сайдағы
жылғаның суы май татып кетіп, келер жылы тасығанға дейін мал да, адам
да суын тата алмаған екен деседі.
Шыңғыстың Өсіпке құда болудағы мақсаты, - оған ерген Сибанды
Есенейге қарсы ұстау болған. Бірақ, Өсіп Шыңғысқа оншалықты пана бола
алмаған - қулығы Шыңғыстан асып кетпесе кем түспейтін Есеней, оның
түпкі ниетін болжаған да, Өсіпті екі бүйірінен қысып, бір жағына Сибаннан
өзін жақтайтын, көп үйлі Жəйілғанды, екінші жағына ең көп Сибан
Күңгөнені қоныстатып, тынысын тарылтып ұстаған.
Матақай сан жағынан Керей руларының ішіндегі азы, 1723 жылы қазақ
халқы басынан өткерген атақты «Ақтабан шұбырынды» жаугершілігінде,
қалың қазақ Сырдариядан Арқаға босады да, өзге рулар сияқты Керейлер
де бытшыт боп: Семей, Ақмола, Көкшетау, Қызылжар, Омбы аталған
өлкелеріне бөлініп кетеді. Сонда, Керей ішіндегі «аттың төбеліндей» аз
ғана Матақай Обаған бойына келіп, жұбын жазбастан отырып қалады.
Барымта заманында жан-жағынан қысым көрген Матақай жаңғақтай
жұмырланып, «жеймін» деген талайлардың тісі батпайды, батырам
дегендерінікі сынады.
Матақайдың бес атасы: Қара кемпір, Аққошқар, Байқошқар, Құлшықай,
Кенжетай ішінде берекелісі, бастаушысы – Аққошқар болған. Одан:
Жүзжасар, Мыңжасар, Əйтімбет, Тұрсын, Тілес болып кетеді, олардың
«шек шығары» – Жүзжасар, одан – Сырымның əкесі – Қаржау.
Есенейдің қалың жылқысы бір жылы Обаған түбегіне тебінге түседі.
Сонда жер қорғағыш Қаржау, «көктемдік жайылымымды жеп қойды» деп,
Есенейдің семіз байталын сойып алады. Есеней «сен оны істесең, мен
мұны істейін» деп, Керейдің: Балта, Көшебе аталатын руларының бір
бөлшегін қаптата кешіріп əкеп, Матақайдың «Балықшы Құлшықай»
аталған кедейлеу бір атасынан басқасын, ішіне Қаржауды қоса, Обағанның
орта тұсындағы қыратқа айдайды да тастайды. Бұны Шыңғыс пайдаланып,
Матақайды бауырына тартады, ең бай, ең беделді деген Қаржаудың
Сырымын оң қолына ұстайды, онымен де құда болады.
«Ағаш қамшы көп, аттанарда жоқ» дегендей, Шыңғыстың басына күн
туып, қалың Керей, Уақ ордасын қамап алғанда, Өсіп пен Сырым да
шылбыр үшін бере алмай, бой көрсете алмай бұғып қалады. Қалай
көрсетсін: жолдарында арыстандай гүрілдеп Есеней жатыр, ол қапса, бір
жерін еңсеріп тастайтыны, немесе өлтіріп жіберетіні мəлім. Ажалға қарсы
шабатын жындары бар ма?!..
Шыңғыстың оларға да соққысы, өздері шалқайып жатқан адамдарға бас
иіп барғысы келмеді. Несіне барсын, – ол достардың бəрінің де, Шыңғысқа
ешбірінің керегі жоқ. Шыңғыс енді оларға ісім түседі деп ойламайды.
Енді қалай жүреді?
Осы жайда ақылдасқанда, бұл маңайдың барлық жолын алақанының
сызығындай білетін Аба төмендегідей ұсыныс жасады:
– Осыдан Құсмұрын келінің шығыс жағымен кетеміз де. Құндызды
өзенін жағалап отырып, Бес Шалқар көлінің біріне түнейміз. Сол көлдердің
жағасында балықшылар болуы мүмкін...
– Бекініс оларды қуған еді ғой, – деді Шыңғыс.
– Қуса да жыл сайын келіп, аулаған балықтарының тең жарасын
бекініске тегін беретін болып жүр.
– Биыл қалай екен?
– Е - е болды ма, биыл төңіректі шолатын? Көктемнен бастап екі бірдей
бүйірімізге қызыл желдей қадалған Керей, Уақ тыныс алдырды ма бізге?
Есімізді енді ғана жия бастаған жоқпыз ба, хан - ием?
– Рас, – деп қойды Шыңғыс күрсініп.
– Биыл балықшы бар-жоғын білмедім, – деп жалғастырды Аба сөзін, –
оны жолда көреміз. Егер бергі – Өсіп, арғы – Сырымға соқпаймын десеңіз,
Обағанға таяу Аяқшалқар мен Босағашалқардың арасындағы қылыдан
өтіп, Обағанның сол жағына шығамыз да, Бурабай көліне тура түсіп, Теңіз
арқылы Бағланға жетеміз. Бұл жолда ел жоқ, қадақ-құдақ балықшылар ғана
бар.
Олар осылай жүрмек болды. Шыңғыстың емес, Драгомировтың
амандығын сақтау үшін, Шамрай қарамағындағы əскерден, басы унтер-
офицер ғып, пар аттың алды-артын орап шауып отыратын қарулы взвод
жібермек еді, Драгомиров қаласа, өзі де қосылмақ еді, оған Драгомиров
ұлықсат етпеді. Шамрайға іштей өшігіп алған ол, əр жағдайда бетін қайыра
беретін қылығын көрсетіп:
– Өздерің жау жоқта жалау көтеріп, елді дүрліктіретін. «Қазақтар орысқа
өш» дегендерің жалған сөз, оны осы даланы сан рет аралағанда көрдім.
Мен де орыспын жəне үкіметтің дыңдай қызметкерімін. Маған неге
тимейді қазақтар, егер «орыс» атаулыға еш болса? Талай рет жалғыз аралап
та көрдім. Еш жерде маңдайыма шертпек түгілі қатты сөз де айтқан жоқ.
Өйтудің орнына жылы қабақпен қарсы алады да, төріне отырғызып, бар
дəмді асын аузыңа тосады. Өзі тимей, ешкімге тиген қазақты көрген емен.
Біреу тисе, ол да тиеді, əрине. Ал, тие қалса, қамшысы сенен гөрі қаттырақ
оның. Кенесарыны орыс əскері жеңген жоқ, одан қорлық көрген қазақтар
жеңді. Шыңғыс та солай. Ретсіз жұмсаған таяғы ақырда өз басына соғылып
жəне қаттырақ соғылып, міне енді, Омбыға есеңгіреген күйде аттанғалы
отыр. Омбыдағы халі не болары əлі мəлімсіз. Əсіресе, сенің халің.
Бұл сөздер жеп жүрген таяғын күшейте түскен ІІІамрай Драгомировке:
«Өзіңіз біліңізден» басқаны айта алмады.
– Ешбір қарауылдың керегі жоқ бізге, – деді Драгомиров, – жол білетін
делбеші болса жетеді.
Құлдық ұруын өткізе алмаған Шамрай:
– Аттарым мықты да, жүрісті де, күйлі де төтемен кетсеңіздер, сіздерді
Омбыға бірер күннің ішінде жеткізеді, – деп еді:
– Жоқ, ол да болмайды, – деді Драгомиров, – біз Звериноголовскиге
(Бағлан) жетеміз де, ар жағында жəмшік жолымен кетеміз.
Сөз осыған тоқырап, Шамрайдың күймеге пар жеккен «Жылан-
сырттарын» Аба Шыңғыс ордасына алып келді. Соңғы күндері бекініске
түнеп жүрген Драгомиров бірге келді.
Аба аттарды Шыңғыс ордасының алдына бертінде қағылған діңгекке
байлады. Драгомиров күймеден түсті де, «кешікпей оралам» деп Құсмұрын
тұмсығының сүйір басында қалың тобылғы өскен жыраға кетті.
Атты байлаған Аба ордаға қарай беттегенде, арғы қонақ үйден
шыққандар бері беттеді. Аба олардың көбін тани кетті. Іштерінде
Қанжығалыдан - Шəңкі мен Сандыбай, Уақтан -Өтей мен Төлеген. Тосып
тұрып сəлем берген Абадан олар:
– Сұлтан жүретін болды ма? – деп сұрап еді:
– Білмедім, – деді Аба əдейі.
– Сұлтанға бізді «сəлемдесе келіп тұр» де, – деді бірнешеуі қосынан.
Дəуірлеп тұрған шағында Шыңғысқа ұлықсатсыз кірмейтін бұлардың
ендігі іркілісі неге екенін түсінбеген Аба:
– Айтайын, – деді де ордаға кіріп кетті.
Шыңғыстың бұларды кешеден қабылдамауы Абаға түсінікті еді.
Ордасын Керей, Уақ қамағанда көмегі тимеген достықтың Шыңғысқа
керегі қанша?..
Ордаға кірген Аба, сыртта тұрғандардың жайын айтып еді:
– Тұра берсін, – деді Шыңғыс салқын түспен. – Менің жолдық киімдерім
қайда?
– Қайсысын айтасыз? Қазақшасы ма, орысшасы ма?
– Қазақша киініп, мен ауылдың айты мен тойына бара жатыр ма ем? –
деді Шыңғыс жекіп, - əскерлік киімімді əкел!
Шыңғыстың адъютанты сияқты болып жүретін Аба, қай киімінің қайда
тұратынын жақсы біледі. Оның «əскерлік» дегені: жасыл шұғадан белін
қынамалау ғып, етегін тізесінен асыра тіккен, өңірлері мен етегі жеңдерінің
ұшы жалпақ алтын оқамен көмкерілген, түймелері - алтын, иығында
полковник дəрежелі офицердің шашақты, жалпақ эполеттері бар, одан
омырауына салбырай түскен аксельбант ширатындыларының түсті
қарындаштар жалғанған ұштары түймелерге қосақталған мундир. Оның
ішінде: зермен əшекейлене тоқылған матадан тігілген жеңсіз, етегі келте –
капот, оның ішінде жібектен кең ғып, етегін ұзын ғып, жеңдерінің аузын
бүрмелі ғып тіккен əр түсті көйлектер. Көк шұғадан қазақша кең ғып тіккен
шалбардың балақ аузы алтын оқамен жиектелген. Қазақтың патша
үкіметінен чин алған адамдарын «шұбар төс, шынжыр балақ» деуі содан.
«Шұбар төсі» – кеудесіне қадаған ордендер мен медальдар.
«Əскер киімі» дегені осы. Оның сыртында егер жауын - шашын болса,
немесе жол шаңдатса бүркеніп алатын жеңсіз, кең жамылтқы бар. Əдетте,
офицерлер жаз айларында жеңіл картуз киеді ғой. Оны Шыңғыс
полковниктік дəрежесіне олқысынып, тықыр құндыздан папаха түрінде
тіктірген, шошақ төбесін алтын зермен тыстатқан бөркін киетін. Салқын
түгіл, ыстық күндерде де сөйтетін.
Əскерлік қызметтен босанғалы, Шыңғысқа қылыштан басқа қару
берілген емес Шым болаттан жасалған, егеулі – жүзінің өткірлігі ұстарадан
күміс қынапты, алтын шашақты, алтын тұтқалы бұл қылыштың сағасында
«Шыңғыс Уалихановқа, Кенесары бандасын қуғанда көрсеткен ерлігі үшін,
Омбы генерал-губернаторы, 1833 жыл» деген, алтын əріптермен
қондырылған жазу бар.
Аталған киімдер мен қылыш, орданың он бүйіріне басын уыққа тірей
қойған, темірден, жасалған денесін де, қайқы қошқар мүйіз тармақтарын да
күміс сыммен əшекейлеген адалбақанға ілініп, үстінен ақ зонт
шымылдықпен бүркеліп қойылатын еді. Оларды Шыңғысқа əперуші де,
ілуші де Аба болатын. Киіндіргенде де, шешіндіргенде де Шыңғыс тік
түрегеп, тас құдайдай қақия қалатын, жеңдерін кигізгенде - қолдарын,
шалбарын кигізгенде – аяқтарын əлсіз қимылмен тосқаны болмаса, басқа
ешбір қозғалыс көрсетпейтін, шалбарының бауын Аба байлап, түймелерін
Аба салатын орыс саудагерлері киетін шегірен етіктен басқаны Шыңғыс
кимейтін, оның шұлғауын аяғына Аба орап, қонышын Аба тартатын.
Бұл жолы да Аба сөйтті.
Далада күтіп тұрған қонақтар, не «кір» демеуіне, не тысқа тез шыға
қоймауына ыза болып тұрды. Киініп болған Шыңғыс:
– Біздің қатын қайда екен осы? – деді Абаға.
– Шепе ағаңның үйінде еді ғой, əлі де сонда болар, – деді Аба.
– Бар, шақыр, мұнда!.. Өзің Шоқанға ие бол, қашып кетпесін.
– Əй, – деді Шыңғыс жөнеле берген Абаға. Ол артына қарады.
– Əлгі Қанжығалылар мен Уақтар тыста тұрса «кірсін» де.
Аба үндемей шығып кетті. Шыңғыстың ұлықсатын күтіп шаршады ма,
əлде көп күттірген қылығына ренжіді ме, қонақтар жатқан үйіне қарай
кетіп барады екен. Аба оларға үн қатпады.
Ол Шепенің үйіне кірсе отырған күйлерінде үн-түнсіз айқаса
құшақтасқан Зейнеп пен Шоқаннан басқа ешкім жоқ. Аба Шыңғыстың
шақырғанын айтып еді, Зейнеп үндемеді. Шоқанда да үн жоқ. Екеуі бір
денедей жабысып қатып қапты. Аба:
– «Хан-ием шақырады» дедім ғой, Үкілі келін, – деп тықылдай берген
соң:
– Барайын, күнім, – деді Зейнеп Шоқанға, құшағын жазып, – қыңыр
атқыған жақтарыңнан түзелмейтін əдеттерін, бар емес пе, хан əулеті?
«Əкетем» деген соң əкетеді əкең. Аттар да келіп қалды. Мен үйге барып
киім-кешектеріңді даярлайын.
Шоқан қарсыласқан жоқ.
Зейнеп қайтып келсе, жүкаяққа белін тіреген Шоқан, екі тізесін қаусыра
құшақтап, басын төмен салбыратып отыр екен.
– Əкең шықты, – деді Зейнеп оған. – Орыстың төресі де келді. Екеуі
күйме қасында тұр.
Əлгі отырысында, Омбыға жүруге іштей көніп қалған Шоқанды,
дағдылы қиқарлығы жеңе қалды да:
– Бара берсін өздері! – деді.
– Күнім-ау, – деді даусы қалтыраған Зейнеп, - болмайтын іске
ерегіспесеңші!.. Бəрібір əкетеді ғой!..
Шоқан үн-түнсіз отырып алған шақта, əлгінде ғана далаға шыққан Аба
қайта келді.
– «Шықсын» дейді əкең, – деді ол Шоқанға.
Шоқан қозғалмады, үндемеді.
Шыңғыстың бұйрығы: «Шықпаса көтеріп əкел!» деді. Аба үшін оның
бұйрығынан үлкен бұйрық жоқ. Ол үндемеген Шоқанға таянды да, алып
қолдарымен денесін қаусыра құшақтап көтеріп алды. Бұлқынған Шоқанды
ол шопақ құрлы көрмей, тебінуіне, бетіне түкіруіне қарамай, есікке қарай
жөнеле берді.
Қорғағысы келгенмен Зейнепте əл жоқ. Оның сол сəттегі халы, темір
ыдыстағы тоң майдай. Сондай ыдысты қызулы жалынға тоссаң еріп жүре
береді ғой, Зейнеп те сондай. Баласын қорғап қалуға шамасы жоғын
аңғарған оның аналық жүрегі, дүрсілдей соғып, денесін қыздыра жөнелді
де, бар болмысын шыжғырып əкетті. Жан-тəнімен еріп кеткен Зейнептің
көз жасы шүмектен құйылған сұйықтай саулап ағыл-тегіл ақтарылды. Қара
күшке ерік берген Аба, боқтай сөйлеп бақырған Шоқанда есіктен
зорлықпен алып шыққанда, Зейнеп «аһ!» деді де талып түсті...
Ол кезде бағанадан шешілген, жүріске елірген қос «Жылан сыртты»
қарулы екі жігіт, тізгіндерінен əрең ұстап тұр еді.
– Əкел, – деді Шыңғыс Абаға Шоқанның арпалысып келе жатқанын
көріп, - арбаға таңып аламыз.
Жолға алған шумақ қыл арқанды бір жігіт арбадан алып жаза бергенде:
– Байлатпа! – деді, дəрмені кеткен Шоқан əкесіне, – Абылай тұқымынан
байланғандар, айдалғандар жетерлік болған!
– Ендеше, мін, мына арбаға! – деді Шыңғыс Шоқанға күймені нұсқап.
– Босат! – деді Шоқан Абаға.
– Жібер! – деді Шыңғыс.
Қысқан құшақтан шыққан Шоқан, жүгіре басып күймеге барды да, оның
тереңі ішіне жоқ болды.
Шыңғыс пен Драгомиров те мінді. Аба делбешілік орнына отырды.
– Жүр, – деді Шыңғыс оған.
Ерігіп тұрған семіз, жарау аттар Аба делбені қозғап қалғанда жұлқына
жөнелді...
Достарыңызбен бөлісу: |