ЕКІНШІ ТАРАУ
Біз (қазақ - С. М.) қазір суға
тұншығып бара жатқан адамның
халіндеміз. Бізді аман алып қалу үшін,
орыс үкіметі жəрдем беруі керек..
Адамдық қарызын өтеу үшін,
үкімет ислам идеясына қамқорлық
жасауды доғарып, татар медреселерінің,
орнына орыс школын ашу керек.
Содан кейін школа өз жемісін бере жатады...
Шын білім ғана күдікті көңілді бекітіп,
өмірді бағалауға, материалдық тұрмысты
жақсартуға жағдай жасайды.
Шоқан Уəлиханов.
ОҚУ ЖОЛЫНДА
ҚАРАШЫЛАР
Құсмұрын қырқасының орда қонған орта бұлағынан көлдің шығысын
орайтын жол екіге айырылушы еді. Бірі - көлдің дөңін жоталап отыратын
белгілі даңғыл, екіншісі - көлде су бар жылы ернеуін жағалап отыратын,
жоқ жылы ақ тақырдың үстімен Бесшалқарға тете тартатын жол.
Біріншімен жүрсе, Басбұлақтың сайында отырған қарашы ауылдың
желкесін баса, əскерлік бекіністің орын жанай жүреді, екіншісінің бойында
ел жоқ. Аба кешке:
– Хан-ием, екі жолдың қайсысымен тартамыз? – дегенде:
– Саймен, – деген Шыңғыс қысқаша ғана.
Бүгін жолаушылар арбаға орныққаннан кейін бастарын босатқан қос
«Жылан сырт» жұлқи жөнелгенде, Аба делбені сайға қиғаштайтын жолға
қарай икемдей берді. Былайда жүрістері екпінді аттар, жалғыз жетекті ауыр
арба, қамыттарын алқымдарына тірей ілгері итергенде тіпті екпіндеп кетті.
Егер Абаның қарулы қолдары делбені сірестіре тартпаса, аттар бар
пəрменімен өздері жазым болар еді, күйме төңкеріліп, жолаушыларды да
жазым қылар еді. Сондай қауіпті көрген Шыңғыс пен Драгомиров, бірін-
бірі құшақтай ап, біреуі -«аллалап!», біреуі, - «о, божелап!» имандарын
үйіре бастаған шақта, қырындай шапқан аттар, жері тегіс етекке жетті. Аба
аттарға енді ғана ие бола бастаған кезде, күйме түбінде түсіп жатқан
Шоқан басын көтере түрегелді де, оны сыртынан құшақтай ап:
– Қайда барамыз? – деді.
– Жолға шығып бара жатқан жоқпыз ба? – деді Аба, Шоқанға бетін
бұрып:
– Неге бұл жолмен?
– Төтесі осы ғой деп...
– Неге даңғылмен емес?
– Осылай ұйғарылған еді де.
– Кім ұйғарған?
Аба үндемей қалды.
– Бұр, аттардың басын дөңдегі даңғылға қарай! – деді Шоқан, бұйырған
дауыспен.
Аба бұйрықты орындай қоймаған соң, Шоқан оның қасына қарғып мінді
де, делбенің оң жағын тартып, аттарды дөңге, даңғылға қарай бұрмақ
болды. Оған көнгісі келмеген Аба, «не істеймін?» дегендей Шыңғысқа
қарап еді.
– Ықтыяры білсін, – деді Шыңғыс.
Ерік өзіне тигенін көрген Шоқан:
– Бері əкел! – деп, делбені Абаның қолынан жұлып алды. Аба
қарсыласпады.
Делбе қолына тиген Шоқан аттарды ылдидың жырағырақ тұсынан
бекініске қарай өрлейтін жолға қарай бейімдеді.
Ол «аттың құлағында ойнайды» дейтін баланың бірі еді. Төрт-бес
жасынан тайға мініп үйренген Шоқан алты-жеті жасында асау тайларды өзі
үйрете бастаған. Сонда, қазықтай қағылып, тулаған тай қалай мөңкісе де
үстінен түспейтін. Сегіз-тоғызынан бастап ол ірі асауларды да үйретуге
араласқан. Үйретілген жылқылардың қандайына болса да ие: азғана
жасында«жылжыған жорға, жылмиған жүйрік» дегендердің талайына
тақымы тиді, қандай ұшқыр деген жылқылар бар шабысымен келе
жатқанда, арқасында ұршықтай үйіріліп ойнады, қандай «басы қатты»
деген жылқылардың үстіне қонса, елгезек аттай билеп алды.
Ол тек бəйге атының басына ғана мінбеді. Сонда мінгісі келмеген жоқ,
(өз ықтиярына салса, аста тойда жарысатын жүйріктердің талайына мінген
болар еді), Шепенің: «Хан тұқымы бəйге атының басына мініп шапты»
деген не сұмдық? Ондай жеңілденетін халге жеткен жоқпыз, қараларға
күлкі болар жайымыз жоқ», деп еріксіз тыйды. Былайғы жарыстардың
бəріне қатынасып жүрді.
Салтқа сондай мықты Шоқан, кейде əкесіне еріп, арбамен жолаушылай
қалса, делбешіні отырғызып қойып, аттарды өзі жүргізуді жақсы көретін.
Сонда, алысырақ жолға шықса, Шыңғыс пəуескесі мен ат тұрмандарын
ғана алады да, жолшыбай ылаушылап отырады. Салт мінетін көшпелі
заманда, аса бір ірі сұлтандар мен билерде ғана болмаса, «пəуеске» деген
арба өзгелерде атымен жоқ.
«Тарантас» атты арба да елде өте сирек кездеседі. Сондықтан ел
кешкенше,
салт
отыруға
жарамайтын
кəрі-құртаң
адамдардың
атақсыздарын түйеге артқан кебежеге салады екен де, атақтыларын
«сүйреткімен» алып жүреді екен. Онысы бір ұшын салт мінген адам
қолына ұстайтын, жерге сүйретілген екінші ұшынын, араларына кебеже
орнатқан сырық. Жолсыз даламен солайша сүйретудің рахатынан бейнеті
көп болған. Біреулер сүйреткіде өліп те кеткен, орындалмайтын уəдеге
ұрынған қазақтардың əлі күнге «сүйреткіге салып өлтіретін болдың-ау»
деуі сондықтан.
Сондай заманда, арбаға жегуге көнетін аттар да елде өте сирек
ұшырасқан, сондықтан Шыңғыс бет алып шыққан жөнде ылау міндетін
ауылдар, асау аттарын əуелі сүйреткіге сап, бойын жетекке үйретіп алу
қамын жасаған. Бірақ бірен - сараны ғана болмаса, олардың көбі асау,
тарпаң, кебін арбаға аяғын тұсап, құлағынан басып əрең жетеді. Арбалыны
асау аттар жазым қылмау үшін, делбелерін көсем мінген салт қолына алып,
еркіне жібермей жетектеп отырады.
Шоқан осылай жегілген аттардың делбесін ұстауды да, немесе көсеміне
мінуді де жақсы көретін. Сонда анау-мынау жігітке беріспейтін.
Ол делбесін қолына алған қос «Жылан сыртты» да тез билеп алды. Əлгі
бір сəтте ылдиға қарай ала жөнеліп желігіп алған олар, жазықта да делбені
сүзе жұлқып, еркіне кеткісі келіп еді. Шоқан жібермеуге жан таласты.
Ондайда атты қажытудың əдісі - өрге салу. Шоқан сөйтті де, делбесінің оң
жағынан бура тартқан аттарды бекіністің қарсаңына өрлейтін жолға түсірді.
Сонан соң ауыр күйменің салмағы омырауларынан кейін итерген аттар,
арпалысқан қимылын доғарып, бір ырғақты жортаққа ауысты.
Дөңнің қырқасына көтерілген шақта, сол жақтағы тегіс жермен даңғыл
жолды қиып алудың орнына Шоқан аттардың басын оңға қарай бұрды.
– Қайда?! – деді Аба, делбеге қолын созып.
– Ұстама! – деді Шоқан Абаның қолын қағып.
– Жөніміз ол жақ емес қой, – деді, Шоқанның оқты көзімен ата
қарауынан делбені ұстай алуға батылы жетпеген Аба.
– Онда жұмысың болмасын.
– Расында да қайда барады?! – деді Драгомиров Шыңғысқа.
– Балам, қайда бармақсың? – деді Шыңғыс Шоқанға.
– Қарашы ауылға.
– Неге?
– Оны өзім білем.
Өзі қалай біледі? Жеке басы болса бір сəрі. Қасында əкесі келе жатыр.
Ол қарашы ауылдың үйлерін бас сұқпақ түгіл, өмірінде ол ауылға маңайлап
та көрген емес. Хан тұқымын «ақ сүйек» қазақтарды «қара сүйек» деп
есептейтін ол, кей аталықтары немесе чины барлары болмаса, былайғы
қазақтардың үйлеріне түспейтін, кейде əдейілеп қонаққа шақырған ауқатты
қазақтардың үйлерін таңдап, ілуде біреуіне ғана баратын. Ал мынау
«қарашы» аталатын ауылдағы адамдардың көбі, ата жағынан – құлдар, хан
тұқымы, əсіресе бір дуанның аға сұлтаны – Шыңғыс ондай ауылға қалай
бармақ.
Күнтай барғанға дейін (бұл оқиға кейінірек баяндалады) Шоқан да ол
ауылға жолаған емес.
Бес-алты жасында ойын балаларына еріп, қарашы ауылға бір барып
қалған Шоқанды, «бұл не сұмдық?!» деп Шепе өлердей сойған. Қарашы
ауылдың не екенін, өзінің кім екенін сонда ғана түсінген Шоқан, Күнтай
барғанша ол ауылға беттемеген.
Енді неге беттеуі Шыңғысқа белгілі. (Ол жайда төменірек сөз болады).
Соны түсіне тұра, күймеге бастарымен, алысқан екі атты пар жеккен,
полковник дəрежесінде киінген, қасында Омбының дыңдай төресі бар
Шыңғыс, қарашы ауылға періп қалай кіріп барады.
Ол баласына аз сөзбен осыны айтып еді:
– Барам деген соң барам, – деді Шоқан Абамен делбеге таласқан
күйінде, – жібер, иттің баласы! Егер жібермедің бар ғой аттар да, сен де тірі
болмайсың, өзім де тірі болмаймын!..
Сол кезде Шыңғыстың көзі баласынын, көзіне түсіп кетсе, ағы қып-
қызыл боп, жел үрлеген шоқтай жайнай қалған екен. Қанға құмартқанда
Абылайдың көзі осылай жанады дейтін еді. Одан кейін Уəлі мен бірге
туысқан, Кенесарыға жақтас болған он үш жасында кісі өлтірген, өзі
соғыста өлген Мəмке батырдың көзі жауға шабарда осылай қып-қызыл
болып кететін еді. «Қатты ашуланғанда Шоқанның көзі де сөйтеді» дегенді
Шыңғыс естіген, көруі осы жолы ғана.
Шыңғыс баласының көзі қызарудан шоши қалды, себебі, «көздері
қызара қалған шақта, Абылай да, Мəмке де ойға алғанын істемей
тынбайды, ондай халде, тірі адамды өкіртіп отырып қолынан бауыздауға
тайынбайды» деп естіген. Бала болғанмен, Шоқанды сөйтеді десетін. Міне
осыдан қорыққан Шыңғыс Абаға:
– Бер, делбені! – деді.
Олай деуіне тағы бір себеп, былайша қаталдымсып жүргенмен,
Шоқанның басына түскен халға Шыңғыстың іші өте елжіреуде еді.
Дəуірі жүріп тұрған кезінде, «орнымды басары осы балам болар» деп
дəмеленетін Шыңғыс. Мінезінің тентектігі болмаса, зеректік жағынан,
ақыл-ой жағынан ол үмітін ақтарлық та түрін көрсеткен. Оған бірнеше
мысал алайық.
Бірінші мысал: Шоқан ауылда сабақ оқыған бала емес. Сөйтіп жүріп,
мұсылманша хатты кішкене күнінен танып кеткені бар. Кейін ғалым болған
шақта, Шоқанның өз айтуынша: əкесі Шыңғыс, 1841 жылы Күрлеуіт –
Қыпшақтан шыққан Жаманқұл ақынға «Едіге» жырын айтқызғанда, Шоқан
сол жырды қағазға түсірген. Сонда Шоқан алты жаста.
Шыңғыс қазақтың ауыз əдебиетінен «Едігеден» басқа да көп шығарма
жинаған, оған итерме болған нəрсе – Омбыда өзімен бір кезде бірге оқыған,
досы болған, кейін полковник дəрежесіне көтеріліп, Қытай жақ шекараны
күзететін əскердің бастығы болып жүрген Ладыжинскийдің 1884 жылдың
22 февралында, осы тақырыпта жазған хаты. Шыңғыс төңірегіне көп
ақындар жиналған, олардың өздері де жанынан жыр шығарумен қатар,
халық жырларын көп білген. Соларды аулындағы татар молдаға
жаздырайын десе, қазақша сөздердің көбін бүлдіреді, өзінің жазғысы
келмейді, өзге хат білетін адам бұл төңіректе көк. Жаза алатын, «оқымай
молда болған» Шоқан ғана. Оған Шыңғыс жаздырайын деп жаздырмайды,
оның өзі ақындарды тыңдауға құмар. Шыңғыс сонысын пайдаланып,
қызыққан нəрсесін «қағазға түсіре ғой» десе, еркелікпен кейде арындап
қалады да, кейде жазып тастайды. Жəне «аузынан қағып алды» дерліктей,
өте жылдам жазады. Кезінде Ладыжинскийге жіберілген ол қол
жазбаларының кейбірін, ғалым болған шағында, Шоқан архивтерден тауып
та алды.
Екінші мысал: Шоқанның жеті жасында, Қыпшақ руындағы атақты
Балқожа бидің, (Ыбырай Алтынсаринның атасы) Қошаны Шыңғысты
қонаққа шақырады. Сондағы мəжілісте белгілі Өске ақын Балқожаны
мақтап:
Арғыннан Беген менен Шеген шықты, Найманнан Ерден, Жүзен деген
шықты. Кешегі Обағанның жиылысында, Алтайдың Аққошқары мен
Сайдалысы, Əлкеде Тоқа менен Байдалысы, Бəрі де Балжекемнен төмен
шықты, - дегенде, Шоқан əкесіне:
– Қай Балжекең ол? – депті.
– Балқожа би, – депті Шыңғыс.
– Əлгі «Кенесары кеп қалды» дегенде, атына міне қашып, тасып жатқан
Тобылдың суынан етем дегенде, қарық болған Балқожа ма? – депті Шоқан.
Сондай бір қауесеттің бары рас екен: «орысқа бағындың» деп Кенесары
бастаған қолдың, Тобыл жағасында отырған Балқожа ауылын шабуға
келгені рас, басқа қашар жері жоқ Балқожаның байлаудағы атына міне
қашып, тасып жатқан өзенге түсе кетуі де рас, одан арғысын екі түрлі қып
айтады: Балқожаны жақтайтындар «Семіз – атан, (Балқожа) өзеннің ар
жағына жалдап етіп, құтылып кеткен» деседі, қарсылар «суға батып
кеткен» дейді. Қыпшақ атаулы «батып кеткен» дегенді намыс көреді
сондықтан, Қыпшақтар намыстанатын сөзді Шоқан басып қалған соң, ол
үшін Шыңғыс ұялып, «балам былшылдай береді» деген екен. Ал жұрт
қаршадай жеті жасар баланың бұндай сөзді айтуына таң қалып, «ендігінің
данышпаны осы болмаған да!» депті.
Үшінші мысал: Шыңғыстың үйінен «жақсы-жайсаң» аталатындар
арылмайды. Олардың біразы – «айыр көмей, жез таңдай» аталатын, сөзге
шешен – билер. Бастары қосылғанда, олар қағыспай шешендік
салыстырмай əзіл-оспақ айтыспай отырмайды.
Есі кіргеннен бастап, Шоқан олардың да сөздерін тыңдауды жақсы
көрді. Онысын байқаған біреулер, – «ат болатын тай-саяққа, адам болатын
бала - қонаққа үйір» дегендей, сөз тыңдау түріне қарағанда, Шыңғыстың
мына тентегі, түбінде жақсы адам болып кетпегей де!» – десті.
Шыңғыс ордасына Құсмұрын дуанының, билері үш жылда бір жиналып,
елдің дау-шарын бітіретін еді. Орынборға қарайтын көршілес Тобыл
дуанының билері мен Сібірге қарайтын Құсмұрын дуандарының билері, бір
рет Ахмет Жантөриннің үйінде, екінші рет Шыңғыстың үйінде бас қосып,
екі дуандағы елдің дау-шарын айыратын еді.
Шыңғысқа екінші кезек келгенде, Шоқан тоғыз жаста екен. Екі дуанның
саңлақ билері бас қосып əзілдесіп отырғанда, Керей – Тоқсан би өзгелеріне
сөз бермей отырыпты. Сонысын ұнатпады ма, немене, бір сəтте, Қыпшақ -
Ізбасты би, Тоқсанға:
– «Тоқсан, Тоқсан!» деуші еді томашадай-ақ екенсің ғой, – депті.
«Томаша» деген, «шымшық» аталатын құс тұқымының ең кішкенесі
дейді. Тоқсан кішкене денелі адам екен, ал, Ізбасты – ірі денелі кісі екен.
Ізбастының əлгі сөзіне намыстанғандай болған Тоқсан:
– Оның несін сөз деп айтып отырсың, Ізбасты? Томаша тоғыз
жұмыртқалайды, біреуі ғана бұлбұл болады, томаша болсам - бұлбұлмын;
өрмекші он жұмыртқалайды, біреуі ғана бүйі болады, мен - бүйісімін
денесі ірі ешкілер – егіз, ит – сегіз, шошқа – тоғыз табады, бəрі де – ешкі,
бəрі де – ит, бəрі де – шошқа болады; денеңнің ірілігін мақтаныш етпей-ақ
қой, – депті. Сонда Қыпшақтың атақты биінің бірі – Наурызбай, ашуға
тығыла бастаған Ізбастыны сөйлетпей:
– Сөйлеме енді, Ізбасты.
– Сені басты албасты, – деп тоқтатыпты.
Бұл Керейдің Шыңғыспен кикілжің боп жүрген кезі. Шоқан бала да
болса, оны жақсы біледі. Керейдің бəрі Тоқсанның аузына қарауынан да
хабары бар. Айтыста Тоқсанның Ізбастыны жеңіп кеткенін көрген Шоқан
оны мұқатпақ боп:
– Би, сен бұлбұл да болдың, бүйі де болдың. Сонда сенің арғы түбін,
«Тарышы» аталатын себебі не? – депті. Олай дейтіні – Керейдің «Тарышы»
аталатын бір атасы (Тоқсан сол атаның ұрпағы) тары егісін күтетін күңінен
некесіз туыпты-мыс» деген лақап бар. Бала Шоқанның сол «кемшілігін»
бетіне басуын сезе қойған Тоқсан намыстана ғып:
– Оның несін айтасың, балам? Азар болса құлдан туған шығармын. Ол
да адам баласы. Сен «арқар» аталатын аңнан тудың ғой, – депті. («Ұраны
«арқар» хан тұқымының арғы тегі арқардан екен» деген де қауесет бар).
Шоқан Тоқсанға іле жауап қайтарып:
– Оның несін бетіме басасың? Арқар - адал аң. «Керейдің атасы – кер
жорға ит» деген де сөз бар емес пе?
Бұл сөзді өршіткісі келмеген Шыңғыс, «кəрі кісімен салғыласпа!» деп
Шоқанды қуып шыққан. Сонда жұрт: «Сөзі қалай кесек еді, мына
баланың?! Нағашысы – Шорман он үш жасында билік айтып, «Бала
Шорман», «Би Шорман» атанды деп еді, мына баланың осы жасынан-ақ
билік иісі аңқып тұр ғой» деп тараған екен.
Балалық шағында Шоқанның ел көзіне түскен бұлардан басқа да
ақылдылығы, тапқырлығы болған. Олардың бəрін бұл арада санап жатудың
қажеті жоқ.
Міне Шоқанның осындай есті істері мен қылықтарынан дəмеленіп,
«орнымды осы басады» деп жүргенде, басқан орнынан Шыңғыстың, өзі
айрылып, əзірге құланның үйірінен адасқан айғырындай қаңғырып қалды.
Оған Шоқанның болашағы да көмескі. «Суға кеткен тал қармайды»
дегендей, ол күнде, бала Шыңғысты орыстың оқуына беруі, -хандық
дəурені өткен Айғанымның тал қармауы еді. Сол талмен əкімшілік теңізіне
шығып, біраз жыл Құсмұрын дуанын өргізіп, жусатқан Шыңғыстың мінген
қайығы енді төңкерілді де, оның арқасына жармасқан бейбақ, енді қай күні
суға батарын білмеген халға түсті. «Орнымды басардан» күдері үзілгендей
болған Шыңғыстың болашағы белгісіз Шоқанға, шешесі – Айғанымның
үлгісімен ұстатар талы - орыс оқуы. Оның арты неге соғарын құдайым
біледі.
Осындай ойлармен басы дал бола отыра, Омбының оқуына барғысы
келмеген Шоқанды зорлап əкеле жатуы Шыңғысқа іштей қатты батады.
«Бері арығын білгізбес, сыртқа жүнін қампайтар» дегендей, Шоқанның
басына ауыр күн түскелі, көптің көзінше қаталдымсығанмен, оңашада көз
жасын төгіп ап та жүрді Шыңғыс. Əсіресе мана ордадан аттанарда. Сонда
Шепенің үйіне тығылып отырған Шоқанды «көнбесе күштеп алып шық!»
деп Абаны жұмсағанда, іші уылжып тұрды да, қарсыласқан Шоқанды Аба
бақырған қалпымен құшақтап есіктен алып шыққанда, бар денесімен
балқып кетіп, қасында тұрған Драгомировқа сездірмей, теріс қарап көз
жасын төгіп жіберді. «Басқа амал жоқ» деген суық ой ғана қатырды оның
отқа қақтаған қорғасындай еріген денесін. Шоқан делбеге жармасқанда,
Шыңғыстың Абаға «бер» деуіне екінші себеп осы еді.
Делбені қолына алған Шоқанның, аттардың басын қаратып ауылға неге
бұру себебіне тоқырайық. Ол үшін оқырман көпшілікке қарашы ауыл
дегеннің не екенін қысқаша баяндап өтейік.
Қазақта «хан» деген сөзбен «қарашы» деген сөз қатар жүреді. «Хан»
түсінікті. «Қарашы» дегеніміз ханның төңірегіне жиналып, соның
шаруашылық істерінде жүретін, асысуы, киім-кешегі хан шаруасының
мойнында болатын, одан басқа ақы-пұл тілемейтін, ездерінде ешбір меншік
жоқ, қоңсы - қолаңдар. Олар əдетте, бір рудың емес, сан рудың жарлы-
жақыбайларынан, немесе жаугершілікте жау жағынан қолға түскен «құл»
аталатындардан құралады. Хан шаруасынсыз олар күн көре алмайды.
Қазақтың: «Қарашы – хан тұсында, қатын – ер тұсында» деген мақалы
осыдан шыққан. Қарашылар қазақтың байлары мен бектерінде де болған.
Бірақ олар – аз, хан төңірегінде – көп.
Қазақта «төре» мен «төлеңгіт» деген сөздер де қатар жүреді. «Төре»
дегені - хан тұқымдары (бертінде қазақ «төре» деп əкімдерді де атаған),
«Төлеңгіт» дегені - төрелерді «төре» еместерге жəбірлетпеу үшін төңірегін
қоршап отырушылар, жат – жарадан қорғаушылар, қазақ руларынан емес,
басқа халықтардан қазақ болып кеткендер, мысалы, Абылай ханның
төлеңгіттері - қырғыздардан, қара қалпақтардан, монғол тұқымдас
елдерден болған.
Төлеңгіт пен қарашы, хұқұқ жағынан да екі басқа қарашылар – қара
жұмыстан басқаны білмейтін, билік ерлікте жұмысы жоқ жалшылар,
төлеңгіттер – хан тұқымының сойыл соғарлары, қарашыларды төрелер
түгіл төлеңгіттер де қорсынып, жəбірлеуден көз аштырмайды, қарашылар
оларға да қарсыласа алмайды.
Абылай ханның заманында, қарашы ауылдардың саны көп болған. Ол
жаугершілік заман болғандықтан, шабыншылықтан үздіксіз келіп жататын
көп малдың еті мен сүтіне қарашылар да ортақ болып күн көрген. Бертін
Уəлі мен Айғаным заманында шабыншылық азайған соң, қарашылар да
сирек, орданың төңірегіне үйірілген олардың саны бірер ауылдан аспайтын
жəне олардың біразы бұрынғыдай ордаға телмірмей, өздеріне аз да болса
меншік жасап, негізінде содан қоректенуге айналған. Ал, орданың
шаруасын бұрынғы дағдыларымен əлі де тегін бағады.
Шыңғыс атқа мінген шақта қарашылардан 15-20 үйлік жалғыз ауыл ғана
қалған. Ол бірен - сараны ғана болмаса, көпшілігі жеке шаруа иелері,
олардың басымы – кедейлер. Іштерінде бірен-саран ауқаттылары да бар.
Қазір орда шаруасын қарашылардың бəрі емес, жалшылық атасынан
баласына мұра болып келе жатқан, түйешілер, жылқышылар, қойшылар,
қасаптар, қазаншылар сияқты «таңбалы тақырлар» ғана бағады. Оларды
бұл қызметтерінен қыл арқанмен сүйреп кетіре алмайсың. Бұлар басқа
ұрсаң да, бөксеге тепсең де «Э - э - э» демейтін «көнбістер». Бəрі де хан
ордасы шаруасына мейлінше адал қарайтындар.
Шыңғыстың шаруасын сырттан басқаратын қожа – Шепе. Білетіндердің
айтуынша, орданың ол кездегі шаруасында бес жүздей жылқы, мың шақты
қой, жүз шақты ешкі, елу шақты түйе бар. Сиыр жоқ. Кейбір тақыршылық
жылдарда ғана болмаса, жаз айлары түгіл, қыс айларында бұл малдардың
арық - тұрағынан басқасы түгелімен жайылымда жүреді. Соларды бағып-
қағу міндеті жалшылардың мойнында болғанмен, əр түлік малда жүретін
жалшылардың ішінде басқарушы біреу болғанмен, бəрін басқару ісі
Шепеде.
Көп жылдары малдардың көбі аяғынан оттап шыққанмен Шепе жыл
сайын пішен шаптырады да, мая-мая шөпті үйгізіп қояды. Бел орақтың
кезінде, маялық шөп шабу үшін көп қол керек. Шепе оның да ретін тауып,
бір семіз түйені сойдырады да, маңайдағы елді үмеге шақырып сауын
айтады. Қымызды үмеге келетін ауылдардың өздері əкеледі. «Орданың
үмесі» деп, бай немесе ауқатты адамдар сабалаған қымызына ту қой
қосады.
– Осындай əдіспен, – деседі білетін адамдар, – суы жазғытұрым түсіп,
күз құрғап қалатын, өлеңі əлденеше мая шығатын көлдердің бетін
үмешілер бір күнде тып-типыл ғып отап, кейін бір күнде итарқалап, одан
кейін тағы бір күннің ішінде маялап кете беретін.
Басқару ісінде Шепе өте қатал, қойлар мен ешкілердің қырықтық Достарыңызбен бөлісу: |