– Оның пашпырты сонымен бітті, – деді біреу күліп. Ақыл иесі бір қарт:
– Шырағым, сен, долдануды қой, – деді, əлі де ұстағандардан босаңғысы
келген қимыл көрсеткен Ақпанға. – Істің жайы белгілі болып тұр: Жеңгенді
Шепенің басынғысы келген ғой. Соны долы, дарақы қатыны біліп қап үйіне
əкеткен ғой. Біз білетін қатын болса, сазайын өзгеден бұрын сол
тарттырады. Көрерсіңдер, өлмесе де өлімші қылады оны қатыны, бүгін
түнде. Сен сабыр ет. Болар іс болды. Бəріміздің де бұл іске жанымыз ашып
тұр. Бірақ ордаға түнде сойыл сүйретіп барғанымыз ұят болар, ел-жұрт
алдында мінді болармыз. Біз де аяқ басып жүрген жанбыз. Ертең құдайдың
таңы ата, сұлтанға кісі саламыз да, ағасының мына қылығына не төрелік
берерін күтеміз, сонысына қарай біз де қимыл жасаймыз, – деді.
Ақпан саябырлады. Ол ертеңіне күндегі дағдысымен сауын биелерді
байласып, салбыраңқы еңсемен орда ауылға беттеді де, бұрынғы
дағдысынша ордаға кірмей, Шыңғысқа сəлем бермей, тура ас үйге тартты.
Ол кірсе, бұл кезде орданың сəскелігін даярлаумен əбігер болып жүретін
Күнтай үлкен сабаның қасында, тізесін құшақтай, басын салбырата шөге
түсіп отыр, бұл кезде асын ішіп ойынға кетіп қалатын Жайнақ бар денесі
бір уыс болып, шешесінің жиналмаған төсегінің ірге жағында бүктетіле
жатыр. Бұрын таң ата түрілетін түндік, бүгін жабулы, үй іші қара көлеңке.
Не дерге білмеген Ақпан, табалдырықтан аттай қалшиып тұрып қалды
да, аздан кейін:
– Жайнақ! - деді дыбыс беріп.
Ояу жатқан ол, үйге əлдекімнің кіргенін естігенмен, кім екенін білмеген
еді, кім де болса дыбысынан танымақ боп, үнін күткен еді. Ол үн ағасынікі
болғаннан кейін, шешесі көрген қорлықтың ызасынан үрген қуықтай
тырсылдап жарылғалы жатқан Жайнақ:
– Аға! – деп бақыра түре келді де, жүгіріп кеп мойнына асылып, өкіріп
қоя берді.
Ақпан өмірінде кезінен жас шықпаған адам еді. Сол қаттылығынан əкесі
– Қаңтар өлгенде де жібімегенін көрген жұрт: «Мына кəпір оңбас!» деген.
Нұртай өлгенде де сөйткен. Енді, міне, Жайнақ кеп өкіріп бассалғанда
дірдектеген көз жасының омырауына қалай сорғалап кеткенін өзі де білмей
қалды. Бірақ ол жасын тез тыйды да, белінен құшақтай көтеріп тұрған
Жайнақты босатпастан:
– Жеңеше! – деді Күнтайға.
Баласының жылаған даусын естігенде қосыла жылап жіберген Күнтай,
өксіген дыбыспен қайын інісіне барады.
– Кеттік, жеңеше! – деді Ақпан, қатал даусын өзгертпей. «Қайда?»
дегендей кескін білдірген Күнтайға:
– Біздің үйге! – деді Ақпан. – Тұр, жылдам!
«Ақпан бұлай дер» деген ой Күнтайдың басына кірмеген еді. Не дерге,
не істеуге білмей, Күнтай қозғала қоймап еді:
– Не айттым, мен саған, жеңеше? – деді Ақпан, даусын қатайта түсіп, -
кімнен қорқып отырсың, тұрмай? Шепеден бе?.. Əкесінің аузын... Шепенің!
Маңымызға жолап көрсін, жерге қағып жіберейін.
– Тұр, апа! – деді Жайнақ шешесі қозғала қоймаған соң Ақпанның
мойнынан құшағын жазу орнына қыса түсіп, - тұр енді «тұр» деген соң!
Күнтай тəлтіректей, сүйретіле орнынан тұра берді. Сол кезде есіктің
сықыр еткен дыбысына қараса, оң қолына оңтайлап келдек ұстаған Шепе.
Ана жылы бір рет «тілін қайырам» деп, Шепе үстіне міне түскен де, басқа
көзге төпелеп сабап тастаған, əлі жетерін біле тұра, өзінің «құлдығын»,
ананың «қожалығын» есіне тұтқан Ақпан қарсылық қимыл көрсетпеген.
«Тағы да сөйте ме, қайтеді!» деп қауіптенген Ақпанның, бұл жолы қарсы
тұрғысы келді де, Жайнақ құшағынан жерге түсіріп, айбат шеккен
бейнемен одырая қарады. Анау бұрынғы дағдысымен, сəурік айғырдай
кіжіңдеп, «əкеңнің...» деп, келдегін көтере ұмтылып еді:
– Сенің əкеңнің аузыңмен де, – деп дүрсе қоя берген Ақпан, сілтеген
шоқпарды денесіне дарытпай, шап періп ұстай алды да, қолынан жұлқып
тартып ап лақтырып жіберді. Шепе оған да қарамай жармаса түсем
дегенде, екі жауырынның арасынан қапсыра ұстай алған Ақпан сілтеп кеп
қалғанда, өткен іңірде үлкен қазанға ұйытып қойған қойдың айранына
Шепе күмп ете түсті. Қазаннан шығуға тырмысқан Шепе, бір жақ
ернеуінен ұстай ап көтеріле бергенде, ауған қазанның айраны ақтарылды да
қалды. Қазаннан жанталаса, ақтарылған айранға, тайғанақтай əрең шығып,
сиыршылап түре келген Шепе, Ақпанға:
– Ойбай, əкеңнің... – деп жұдырығын түйе тағы ұмтылғанда, қолын
ұстай алған Ақпан:
– Қоймадың ба, шəуілдеген ит? – деп, желкесінен қапсыра бүрді де,
жұлын тұтасынан қатты қысқан саусақтарымен жанына батыра
мытыңқырап, есіктен шығара, тымақтай лақтырып жіберді.
Сілтеуі күшті болып, Шепе сонадай жерге барып жалп ете түсті. Бұл
жолы тұра жүгіре алмады. Мысықтың алғашқы қатты бүргенінен
шалажансар боп қимылдай алмай қалатын тышқан сияқтанып, бүйірін ғана
соғып, қимылсыз жатты...
– Шоқ, шоқ! – деді орданың есігінен сығалап тұрған Шоқан.
– Тəйт! – деп қалды, туысына жаны ашып отырған, бірақ төбелеске
шығуға мүмкіндігі жоқ Шыңғыс. – Төрені құлдың ұруы да қызық болып
па?
– Төрелігін сақтасын, – деді Шоқан қанден иттей кім көрінгенге үрмесін,
қабамын деп жармаспасын. Əне алды сыбағасын. Бұдан былай байқап
ұмтылады.
Сол кезде ас үйдің есігінен Жайнақты жетектеген, соңына Күнтайды
ерткен Ақпан шыға берді де, тура қарашы ауылға тартты.
– Қап, – деді Шыңғыс, ашық есіктен оларды көріп отырып, –бөгейтін
кісі болмады-ау аналарды!
– Бетегеңде не істемексің, əке? Тай ағаң айтқандай бұл ауылда енді – «не
Ақ апай, не Тай ағаң тұрады». Ақ апайды қимасаң, жібергің келмесе, анау
қортық қошқардай, жалшы-жалаугердің қатынына дамыл бермейтін ағаңды
кетір бұл ауылдан.
Шыңғыс үндемей қалды.
– Барсын! – деді Зейнеп.
Есі кірген, қарашы ауылға жөнеле бергендерге көзі түскен Шепе,
орнынан атып тұрып:
– Арқар, Арқар! - деп айғай салды. Бұл сөз бүкіл хан тұқымының аталық
ұраны еді. Қазақ руларының қысылғанда аталық ұранын шақыруы сияқты,
хан тұқымдары да «Арқар» ұранын өте бір қысылшаң жағдайда ғана
шақыратын. Сонда, өзге рулар сияқты, хан тұқымдары да, туысына жəрдем
беруге қаптай кететін. «Хан тұқымы» дегендер қазақ арасында аз, солар
ұранға шапқанда, хандық есімді қасиеттеп ұстайтын кезде қара қазақтар
көптік жасамайтын, хан тұқымдарының «бірі мыңға» баланып, үркердей
санымен жұлдыздай қара қазақты сабап кететін.
Шепе «Арқарлағанмен» санға толатын хан тұқымы бұл арада жоқ. Бар
болғанмен де, хандық дəреже жойылып, орнын аға сұлтандық басқаннан
кейін, бұрынғы дағдымен «Арқарлаған» талай төрені, қара қазақтар сабай
беруге айналған. Сондай халде екендігін Шепе де біледі. Сөйте тұра
«арқарлауы» - «ауру қалса да əдет қалмайды» деген мақалдың кебін кию.
Ақпан үйіне барған Күнтай, сол қалпында орнығып қалды. Ақпан оған
«жесірім» деп кіжінген жоқ, «аламын» деген сыр білдірген жоқ.
Ақпанның жеке меншігінде бір ұрғашы нар түйесі, бес-алты ешкісі
барын жоғарыда айттық. Қара түсті нардың екі аты бар бірі – «Ебелек»,
екіншісі «Қарабұлақ». Бастапқысы - шақыруға елпілдеп, тез келуінен
екінші, – сүтінің өте молдығынан. Ботасына еміренген кездерінде оның
сүмесі күніне үлкен екі ағаш шелекті еркін толтырады. Ботасынан айырған
кезде де жыл тəулігі суалмай, иелерін шайлық сүттен, қымыраннан
тарықтырмайды. Келер жыл желіндегенде де сүті бола тұра, Бөтікей оны
обалсынып бірер ай ғана саумайды. Өзге түйелерден «Қарабұлақтың»
сүмесі де қою шайға құйғанда қаймақтай түсе қалады. Бір аяқ қымыранын
жұтып алған кісі, ұзақ күнге тоқ жүреді. Күнделік ішуден артылған
қымыранын, Бəтікей күн сайын көрші-қолаңдарына береді. Ешкілері үнемі
егіз лақтайды. Ішулеріне түйе сүті толық жеткен соң «лақтары семіз
болсын» деп, Бөтікей ешкілерін саумайды. Қызылсыраған уақыттарында
егіз лақтар тістеріне сыздық қылуға жетеді.
Күнтай да осы асқа молыға Кетті. Ол аққа болмаса, қызылға құмар емес-
ті. Баласына да бұл үйдің тағамы жетіп жатыр. Ерсіреу ойында жоқ Күнтай
осындай жағдайда өмір бойы тұрып қалар ма еді, қайтер еді, егер Шепе
үрлеткен өсек желі біраздан кейін қабындап кетпесе. Осы өсек Күнтайдың
діңкесін құртатын болды. «Күрке кісісіз болмайды» дегендей, Ақпан үйіне
де ауыл - ағайыннан кіріп шығатындары болады. Солардың еркек
кіндіктілерінен Күнтайға таңылмайтыны жоқ. Əсіресе Итаяқ. Ол да
Нұртаймен құрдас. Өмір бойы қатынсыз өтетіндердің қатарына қосылатын
Итаяқ, көрінген ұрғашымен, əсіресе «құрдас» деп Күнтаймен жарбаң-
жұрбаң ойнай беретін жəне тұрпайы ойнап аузынан боғауыз түспейтін,
қолын да еркін жұмсап, кез келген жеріне жүгірте беретін.
Осы Итаяқ Күнтай Ақпанның үйіне келген соң тіпті құтырып алды.
Бұрын «мен де қалмақпын, Нұртай да қалмақ» деп, «екеуміз саған
ортақпыз» деп жүретін Итаяқ енді «жесірімсің, жол менікі, Нұртайдың
жылын берген соң өзіме қосыласың» деуді шығарды.
Оның расында да дəмесі солай ма, немене, – Ақпанның үйінен
шықпайды жəне үнемі, ол үйде жоқта келеді.
Ол келгенмен, Күнтай рең бермей жүрген шағында, «Итаяққа қосылады-
мыс» деген өсек өрши қалды. Бұл өсекке өзгелер түгіл Ақпанның да құлақ
түре бастаған қалпы байқалды.
Ал, расында Итаяқ Күнтайға құрдастығы ұстаудан немесе алғысы
келуден емес, Шепенің жұмсауымен жампаңдап кеткен еді. Сол шақта
Ақпанның ала көзбен қарауын байқаған Итаяқ Шепеге:
– Дүлей кəпірін, мерт қып жүрмесін! – деген қаупін айтып еді анау:
– Уа, тəйірі алсын сені, тəйірі алғыр! «Қорықпас келін қойдың басынан
қорқады» деп, өзгеден емес, Ақпаннан қорыққаның не қылғаның?! Ол да
өзің сияқты құлдың тұқымы. Айырмаларың ол – жалғыз, сен – көпсің,
қанша алып дегенмен, бəрің жабылсаңдар жерге тығып жібермейсіңдер ме,
оны? Кет, əрмен əрі, бұқпантайланбай! Енді қайтып бұл сезіңді естіртпе.
Əйтпесе, таяқ жейсің! - деп ұрсып тастады.
Шепені шексіз бедел көретін Итаяқ жауап қайырмады. Ал, өз ойында:
«Ақпанның қолына түспе, егер түсе қалсаң бурадай шайнап, тізерлеп
тастайды».
Шепенің жұмсауымен Итаяқ Күнтайға «күн» демей, «түн» демей
кіжіңдей берген соң, жұрттың Итаяққа таңған өсегі күннен күн өрши
берген соң, Ақпанның ол өсекке алаңдауы ұлғая берген соң бір сəтте, үйіне
əлдеқалай келе қалған Зейнепке Күнтай еңіреп отырып мұңын шақты.
Зейнептің де құлағы бұл қаңқудан керең болуға айналған. Ордадан кеткелі
байланысы үзілгенмен Күнтайды жақсы көруінен Зейнеп танбаған сондай
ойдағы Зейнеп, бұл үйге осы өсекті қалай басудың амалын Күнтаймен
ақылдасқалы келген.
– «Сөзде қаңқу жаман, ауруда шаншу жаман» – деп шешен тілмен
бастаған əңгімесінің аяғын Зейнеп, - Ақпанға қосылудан басқа амал жоқ, –
деп бітірді. Күйеуге тию ойында жоқ Күнтай:
– Алла, Үкілі келін, не деп отырсың? – деп шошып кетті. Ойындағысын
істетпек болып келген Зейнеп:
– Неге шошисың. Күн апай? – деді қадалып. – Шошығаныңмен амал
жоқ. Маңыңа оралған өсектен, осыдан басқа құтылар жол жоқ. Еркектей
емес, Күн апай əйелдің жолы тарын. Еркек үшін, көп əйелге таңу, –
мақтаныш, əйел үшін – қоршылық. Əсіресе жесір əйелге. «Иттің аузы жесе
де қан, жемесе де қан» дегендей, жасы кемелінде отырған жесір əйелді,
өсекші жұрт ақ отырса да қаралайды, «байсыз қатын – баусыз оймақ» деп,
кім көрінгенге таңады. Өзің білесің, кеше хан енеме (Айғанымды Зейнеп
солай атайтын. С. М.) жұрт не есек таңбады? Ақырында, сол есектің
құрбаны болған жоқ па, аруағыңнан садаға кетейін енетайым? Оның
қасында сен кімсің? «Өсек» деген - өрт, одан қашқан ғана құтылады, қарсы
жүрген өртенеді. Кеше хан енемді де қолыңнан тəрбиелеп жөнелтіп ең.
маған да шешемнен артық еңбегің сіңді. Балаларыма да солай болдың.
Сондықтан саған жаным ашиды, Күн апай! Менен кеткеніңмен аман, сау
болуыңды, жақсы тұрмыс жасауыңды тілеймін. Ақпанға қосылып, есектен
арыла қалсаң мүмкін, ордаға қайта келерсің де, үйренген тұғырыңа
қонарсың. Шын көңілден қиылып айтам, Күн апай, «тəңірінің жазғаны
осы» деп Ақпанға қосыл.
Амалы жоқ Күнтай, Зейнептің қиылған сөзін достық көрді де,
ризашылық білдірді, көп кешікпей Ақпанның бір семіз тушасы сойылды
да, азынаулақ шал-кемпір жиналып, қарашы ауылда тұратын шала –
дүмбілездеу молда Ақпан мен Күнтайдың некесін қиды. Одан үш жыл
кейін Күнтай қыз тауып, нəрестенің атын өзінің «Күнсұлу» аталатын
есіміне ұйқастырды да, «Айсұлу» қойғызды. Тарала келе, балалық аумай
Күнтайға тартқаны байқалды. Сүйкімді баланы үй іші жанындай жақсы
көріп, «Айжан» деп атап кетті.
Айжан тарала, көркемдене берді. Шешесінің сүті жағымды болды ма,
əлде денсаулығының тазалығынан ба, Айжан қырқынан шықпай
бүлдіршіндей боп, шақырған дауысқа жымия бастады, бір – екі-үш айда
отыруға жарады, жарты жасқа жетпей еңбектеді, жасқа толмай тəй-тəй
басты. Жастан аса тілі шығуға айналды. Шешеден ол қалың қара бұйра
шашты болып туып еді, (Күнтай да солай туған екен), «қарын шашын
қалдыру обал болады» дегенмен, қырқынан шыға, əкесі ұстарамен тап-
тақыр ғып қырғызып тастады. Содан кейін шаш тіпті қалыңдап, тіпті
бұйралап кетті.
«Темірді дəнекер қосады, өмірді бала қосады» дейді қазақ мақалы. Сол
мақал дəл келіп, амалсыздан қосылған Күнтай мен Ақпан, Айжан туғаннан
кейін, бірінен-бірі айрылмастай тұтасып кетті. «Пенде болған соң, үй іші»
болған соң кейде кикілжіңденіп қалса, оның уыты Айжанның бір
ағалағанынан, бір рет жымия қарауынан, бір рет сықылықтап күлуінен
қалмай тарқап кетеді. Енді Ақпан, Күнтайды «қатыным» деп емес,
«Айжанымның анасы» деп сүйеді. Күнтай Ақпанды «ерім» деп емес,
Айжанымның «əкесі» деп сүйеді. «Іңгə» деп даусы шыққаннан бастап əкесі
мен шешесін осылай біріктіріп тастаған Айжан, өскен сайын, қылығы
қызғылықты болған сайын осы бірлікті бекіте түсті.
Бөтікей бұл кезде опат болған еді. Енді осы үйді күтетін жалғыз əйел өзі
болған, өмірлік тұруға көңілі орныққан Күнтай Ақпанның бұрын ішіне
кіргісіз, жалба-жұлба қара құрым кигіз үйін ілезде жақсартып жіберді.
Оның некесі Ақпанға қиылғаннан кейін, «жаңа тұрмысына қосқан
немеурінім» деп, Зейнеп ас үйдің көне - тоз кигізін жіберген еді. Ол, орда
үшін «көне-тоз» болғанмен, Ақпан үйінің қаңқасына жапқанда, қарашы
ауылдағы азғантай бозғыл үйдің бірі болып шықты. Кəрі кемпір –
Бөтікейдің дұрыстап ұстауға əлі келмегендіктен кірлеген, тозған, көбі іске
алғысыз болған үй ішінің бұйымдарын Күнтай тасқаяқтай қағыстырып
тазалап, бүтіндеп... дегендей жұрт жиіркенбестік түрге келтірді. Ақпанның
үсті-басын күтіп, бұрын кір - қоң болып жүретін киімдерін, енді жобалғы
болса да біразы жамаулы болса да, жұрттан ұялмай киетін қалыпқа
келтірді. Бұрын тазаланудың көлге, өзенге сүңгіп шығудан басқа түрін
білмейтін Ақпанды, Күнтай жұма сайын қазақы қара сабынмен көпірте
шомылдырып, оған дейін күстеніп жүретін денесі майлаған қайыстай
жылтырады. Ақпанның бұл үйден татар дəмдерін де Күнтай тіл үйірерлік
қып жасады. Ет пен қымыздан басқа қазақы ас түгел. Қымыз орнына
Күнтай шұбат даярлады. Оған «Қарабұлақтың» сүті жетеді. Содан жасаған
шұбат «өте дəмді» деп естіген соң, «Сұлтанға беріп көрейін» деп, Зейнеп
алғаш кісі жіберіп сұратып алды. Таңдайына мейлінше татыған шұбатты,
Шыңғыс күн сайын Ақпан үйінен алдырып ішетін болды. Шұбатқа
құмартқан Ақпан қымыз іздемейтін болды жəне іздеудің қажеті де жоқ еді:
ұстаудан Күнтайдың қолы үзілгеннен кейін орданың қымызы дəмсізденіп,
əрі сұйық, əрі ақырған ащы болып кеткен. Жұрт оған бұрынғыдай
құмартуды қойып, «татымал да бір, ол да бір, ішсең жүрегіңді
қыжылдатады, кекірте береді» деген лақап жайып жіберген.
Қымызы ғана емес, басқа астарының да дəмі кете бастаған соң, Зейнеп
Күнтайды ас үйге қайта алдырайын деп еді, Күнтай қазақтың «қайта келген
қыз жаман, қайта шапқан жау жаман» – деген мақалын айтып, «енді
алыстан сыйласайық» деп бармай қойды. Содан кейін – «сұлтанға» деген
тамақ Ақпанның үйінде пісіп, атпен тасылатын болды.
...Ал, Шоқанның жатар орны - орда болғанмен, жүрер жері - қарашы
ауыл. Ас ішер жері -Ақпанның үйі, ойнайтыны - сол ауылдың Жайнақ
бастаған балалары. Шепе оны бұл қылығынан тыймақ болғанда, «Тайаға!
Өзіңнің жөніңді жөнде, менде жұмысың болмасын» деп бетін қайырып
тастаған. «Абылай ағама тартты» деген сөз шыққаннан бері, «ендігі
Абылай осы болмаған да» деп Шепе де дəмеленетін еді. Сол сөз расқа
шығардай, Шоқанның қылығы да ерекше, мінезі де өрескел, сондықтан
үлкен болғансып, туысқансып, былайша ұрысқанымен, Шоқанға қол қатуға
Шепе батпайтын.
Шепені тыңдамаған Шоқан қарашы ауылға, онда Ақпанның үйіне күн
сайын барады. Сондағы бір ермегі – Айжан. Соған байланысты Шоқанның
бұрын байқалмаған мінезі көрінді. Өзінің толып жатқан інілері,
қарындастары бола тұра, Шоқан солардың біреуін де жақсы көрген жоқты.
Өйтудің орнына, інілеріне, əсіресе, тетелес өскен Жақып пен Мақметке
дамыл бермей, көрінген жерде бақыртып сабай беретін. Бертінде Жақып
күш теңестіріп төбелесе кетсе, шешесі – Зейнепке сабатып алатын. Ісі оң
болсын, теріс болсын, – Зейнеп Шоқанды жақтайтын. Інілеріне сонша
қатал Шоқан алты ұлдан кейін туған қарындасы – Рахияға да жоламайтын,
оның өзі жоласа шымшып ап, итеріп жіберіп бақыртатын. Сондықтан
Рахия маңайламайтын. «Қыз» деп менсінбейді» дейін десе, сонымен бір
мезгілде туған Айжанды жанындай жақсы көреді. Бесіктегі кезінде тербету,
сүю сияқты мейрімділіктен басталған оның жақсы көруі, Айжан аяғын
апыл-тапыл басқанда тіпті үдеп, көптің көзінше көтеріп жүретін болды.
Жұрт сонысына қарап:
– Хан тұқымы кім көрінгеннен əйел ала беретін еді, мына қылығына
қарағанда, түбінде осы Шоқан осы қызды алмаса не қылсын! – деп күлісті.
«Қыз бала қылтиғанша» дейді қазақ мақалы. Айжан апыл-тапыл
басқаннан-ақ «қыз» бола кетті. Өйтуіне себеп – шешесі. Күнтай оны тəй-
тəй тұрғаннан-ақ əшекейлеп: етек-жеңінде жалбырағы бар ұзын көйлек, өң-
бойына күміс қадаған белі қынамалы қамзол, арзан да болса, қолына түскен
«есек-тас», «жылан бас» сияқты тастармен, күмістен, бақырдан жасалған
моншақтармен безендіріп, төбесіне үкі таққан тақия сияқты киімдер
кигізді. Сөйтіп, Айжан кішкене күнінен тірі қуыршақ болды да шықты.
Айжанның бұл түріне Шоқан қызығып, кейде шешесінен сұрап, кейде
қымқырып Айжанды ажарлайтын бұйымдарды үйінен əкеп жүрді. Оларды
киген Айжан тіпті көркемденіп кетті. Шоқан онымен де қоймай, «Рахиямен
ойнасын» дегенді сылтау ғып, Айжанды үйіне де апарып жүрді.
Намыстанды ма, əлде жұрттың «осы бала мен Айжан, бұл жаманның бала
кездерінен бір-біріне ғашық болған Қозы Көрпеші мен Баяны боп жүрмесе
не қылсын?» деген қаңқуынан қорықты ма – Зейнеп бір сəтте, ретін тауып,
Айжанды ордаға жоламастай қылды.
Айжан ордадан безгенмен, Шоқан одан безген жоқ, оны көруден,
ойнатудан, сыйлықтар апарудан тоқтамады.
Ақпан үйіне орнаған сүйкімділікті Итаяқ қана ала тайдай бүлдірді ғой...
Оқиға былай болды. Ақпан некеленгенге дейін Күнтайға дамыл
бермейтін Итаяқты, үйленгеннен кейін Ақпан оңаша бір жерде ұстап алды
да:
– Қылжағыңды қоямысың енді, жоқ па? – деді.
– Кімге дейсің? – деді Итаяқ өп-өтірік түсінбеген боп.
– Күнтайға.
– Ойбай-ау, құрдасым ғой ол менің.
– Сен оған емес, Нұртай ағама құрдассың да. Енді Күнтай – менің
қатыным. Сен оған да, маған да құрдас болмақпысың?
– Бұрын ойнап қалған дағдыны қайда тастаймын?
– Дағды-мағдыңды білмеймін. Айтпады деме, енді қылжақтасаң,
жоқтауыңды бір-ақ асырам.
Шепе қаншама итермелеген, азғырғанмен, көңілінде Ақпанның əлгі сөзі
жүретін Итаяқ, Күнтайға қалжыңдамақ түгіл, маңайлауды да кеп уақыт
доғарып кетті. Сөйтіп жүргенде Күнтай жүкті болды, бала туды аты –
Айжан қойылған баланы əкесі де, шешесі де жақсы көрді, «кісі боп» өсіп
қалды.
Бір күні Шыңғыс Ақпанды əлдеқайда жұмсады да, үйі «бос» қалды.
Соны пайдаланып, Шепенің Итаяқты Күнтайға ұйтқыттағысы келді. Бірақ
Итаяқ, есі дұрысында, ондай айдауға өлсе жүрмейді, сондықтан оны мас
қылу керек.
Ол кезде сол дуандағы қазақтардың ішінде үш-ақ адамның арақ ішкені
естіледі екен: Уақ руында – саудагер Шардамбай, Керейде – хорунжий чині
бар Байдалы, төре тұқымнан – Шепе. Шепе арақты орыс қалаларынан
алдырады екен де, жұртқа көрсетпей тығып қойып, қымызға қатып ішеді
екен.
«Итаяқты Күнтайға мас күйінде жұмсауға ойлаған Шепе, оған беретін
қымыздың ішіне, бірер ожау арақты сапырып жіберді. Екі-үш аяқты
жөремелдете сімірген Итаяқ ілезде мас болып қалады. Шепе содан əуелі:
– Кісі емессің. Намысың жоқ. «Көн құрысса қалыбына барады» дегендей
құлдығыңа тартасың, əйтпесе, атасы да, болмысы да өзіңмен тең Ақпаннан
қорқар ма едің? – деп біраз қайрайды. Соған өткірленген Итаяқ:
– Не істе дейсің? - дегенде:
– Ақпан қазір үйде жоқ, түн жамыл да жетіп бар, – деді Шепе.
– Ойбай, түнде кіре алмайсың. Байы жоқта есігін ішінен тас қып байлап
тастайды.
– Ендеше, күндіз кір.
– Өйтуге болады, – деді мастықтан басы даң болып отырған Итаяқ
емексіп.
– Бар да əй-түйіне қарамай, бассап құшақта да еркіне қарамай бетінен
сүй. «Қыз қысып сүйгенше» деген. Одан əрі ешқайда кетпейді.
Достарыңызбен бөлісу: |