Абай философиясының негізгі мақсат - мүддесі – әр пендені адам ету, оны пенделік жолдан құтқару. Абайдың пікірі бойынша, адамның кісі ретінде қалыптасуында орта және тәрбие өте үлкен рөл атқарады. Абайдың «толық адам» ілімі – адам, адамилық, адамгершілік принциптеріне негізделген. Абайдың осы мәселені өзінің терең мағыналы философиялық жүйесінің орталық, өзекті мәселе ретінде алуы оның өз халқының бойында адамилықты дамыту, тәрбиелеу, адамның өмірінің соңына дейін өзінің адамдық қалпын сақтай алуы, бір сөзбен айтқанда «адам болуын» тілеген ой-толғанысының, жүрек қобалжуының нәтижесі деп қарау керек.
Абайдың пікірінше, жәуанмәрт, яғни, жанжақты жетілген толық адамға үш негізгі қасиет: шындық, ізгілік, даналық тән болуы керек. Осыған байланысты 38-сөзінде Абай былай деп жазады: «Енді біздің бастағы тагриф (тану) бойынша құдай тағала ғылымды, рақымды, ғадаләтті құдіретті етті. Сенде бұл ғылым, рақым, ғадаләт үш сипат бірлән сипаттанбақ: ижтиһадің (талап) шарт еттің, мұсылман болдың, һәм толық инсаниятың (адамгершілік) бар болады. Белгілі жәуәнмәрттілік үш хаслат (сипат) бірлән болар деген сиддық (шындық), кәрәм (ізгілік), ғақыл (даналық) – бұл үшіндән сиддық, ғадаләт болар. Кәрәм шафағат болар, ғақыл мағлұм дүр, ғылымның бір аты екендігі, бұлар әр адамның бойында Алла табарақа уатағала тәхмин (шама, шамамен) бар қылып жаратқан. Бірақ оған рауаж (реттеу, пайдаға асыру) беріп гүлдендірмек, бәлки адам өз халінше кәмәләтқа жеткізбек, жеһәтінде болмақ».
Ал пенде мәселесіне келетін болсақ, ол Абайдың айтуынша, өз басында еркі жоқ, барлығына тәуелді – байқұс. Пенденің бүкіл өмір болмысы жан сақтауға бағытталған, оның алдына қойған тілек, мақсаты – мал табу, тамақ пен киім, мансап пен атақ. Пенде жеке басының қамы үшін, жан сақтау үшін арын сатуға дейін барады. Аяқтап келгенде пенденің өмірлік мақсаты – мал табу, тамақ пен жан сақтау үшін арын сатуға дейін барады. Пенденің өмірлік мақсаты – өзінің қара басының қамы ғана. 38-сөзінде Абай айтқандай, пенденің «толық адам» болуына Алла ерік берген. Бірақ, адам әруақытта да Алланың берген еркін дұрыс пайдалана алмаған, көп жағдайда пендешілік жасап, шайтанның торына түсіп отырған. Абай «мұңлы шайтан құдайдың қуған жаны», – деп шайтан дүниетанымына зер салған. Абайтанушы ғалым Ғарифолла Есімнің пікірі бойынша, ақынды қызықтырған шайтанның бейнесі емес, оның мұңға батуы, ал оған кінәлі адам: «Дүниеге мұң әкелген Адам, оған дейін әлемде мұң болмапты. Сонда да адамның болмысында тек адам шындық сияқты ірі қасиеттерден ғана емес, өзгеге мұң әкелген, қайғы әкелген шайтандықтың да болғаны. Шайтан деген ұғым адамға дейін болмаған. Демек, дүниеге ізгілікті де, зұлымдылықты да әкелген – адам». Сонымен, Абай үшін адам болмысы ішкі қайшылықтарға толы күрделі құбылыс.