Абай және орыс әдебиеті бәкірбекова Ф. О. «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының студенті



Дата15.09.2017
өлшемі141,22 Kb.
#33721
АБАЙ ЖӘНЕ ОРЫС ӘДЕБИЕТІ
Бәкірбекова Ф.О.

«Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының студенті

Ғылыми жетекшісі, ғылым магистрі А.Ж. Байболова
Абай заманы, ақындық өнерге, ағартушылық жолындағы күреске барын салып кіріскен кез - қазақ халқының тарихындағы ең күрделі, талас-тартысы, қайшылығы мол дәуір болатын. Бұрынғы хан билейтін заман артта қалып, ел арасынан сайланған аға сұлтандар шыққан болса, ондай тәртіп те жарты ғасырға жетпей өзгертіліп, қазақ даласы ұсақ-ұсақ болыстарға бөлшектеніп, ел билеу тізгіні уезд бастықтарының - патша әкімдерінің қолына көшкен еді. Бұл болыстардың билікке таласуын, ұлықтардың жолсыздығын, бассыздығын, парақорлыққа бейімділігін арттырды. Қазақ жерінде Ресейден көшіріліп қондырылған кедей шаруалардың саны көбейіп, патшалық әкімшілік талай шұрайлы жерлерді тартып алып, елді ата мекенінен ығыстырды. Патша үкіметінің Қазақстанды отарлау саясатының жемісі, нәтижесі болған осындай ауыртпалықтан, заңсыздықтардан, рухани кіріптарлықтан елді құтқарудың ендігі жаңа жағдайда бірден бір ұтымды жолы - білім-ғылым үйрену еді. Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбаев секілді алдыңғы қатарлы қоғам қайраткерлері осыны жақсы түсініп, ұлттық ұранға айналдырды. Олар Ресеймен қарым-қатынасты күшейте түсудің аса пайдалы жағы орыс мәдениетінің үздік үлгілерін ел ішіне, жұртшылыққа тарату деп санады. Мал бағумен қатар елдің егіншілікке, сауда-саттық секілді кәсіптерге бейімделуі қажет екенін де олар басқалардан бұрын сөз қылған. Қазақ елі мен көршілес орыс халқының арасында мәдени ауыс-түйіс бұрыннан орын алған еді десек те, орыс әдебиетінің қазақ мәдениетіне үлкен жаңа арна болып қосылуы осы кезде басталды. Орыс әдебиетін білуге, оны еркін игеруге ұмтылған Абай орыс ақын-жазушыларының шығармаларын тек қана өнерпаздықтың, көркемдік- шеберліктің үлгісі деп қараған жоқ, айналадағы қоғамдық өмірді терең танып-түсінудің таптырмас құралы деп санады. Орыс жазушыларының шығармалары Ресейдің тарихынан, орыс халқының өмірінен хабардар болу үшін ғана емес, қазақ даласында әкімшілік жүргізіп отырған патша үкіметінің саясатын, ол саясатты жүзеге асырып отырған Ұлық-әкімдерді білу үшін де қажет еді [1].

Абай орысша кітаптарды, орыс әдебиетін оқуға шындап кіріскен уақыты - жасы 30-дан асқан кезі. Абайдың Семейге жер аударылып келген Е.П. Михаэлиспен танысуы осы тұста. Михаэлис Петербургте 60 жылдары студенттер қозғалысын ұйымдастырғандардың бірі болғаны үшін біраз жылдар айдауда Сібірде жүріп, кейінірек, 1869 ж. Семейге келіп орналасқан. Абай 1870 ж. Семей кітапханасында Л. Толстойдың «Русский Вестник» журналында басылған романын сұрап тұрғанда Михаэлис онымен сөйлесіп, екеуі сол жерде танысқан. Ал ондай кітапты оқу үшін орыстың әдеби тілін жақсы меңгерген адам болу керек екені анық. Бұл жылдары Абай қыс кезінде үш-төрт ай бойы Семейде жатып, кітапханадан әр түрлі кітаптар алып оқып жүреді. Сонда Михаэлиспен жиі кездесіп, кеңесетін болған. Жасынан Н. Г. Чернышевскийдің революциялық идеяларына көңіл бұрған, ғылымның әр саласынан хабары мол, әсіресе орыстың қоғамдық ой-пікірлерінен терең мағлұматы бар осы бір айрықша білімдар адаммен жақсы таныс, жақын болуы Абайдың орыс әдебиеті, сыны, тарихы ғана емес, жалпы қоғамдық ғылымдар бойынша да көптеген құнды кітаптар оқуына ықпалы аз болмаса керек. Сонымен қатар бұлардың қарым-қатынасы Михаэлиске де пайдалы болғаны сөзсіз. Жергілікті халық - қазақтың өмірін, тұрмыс-жағдайын жете білу оған да аса қажет еді. Михаэлис кейінірек Семейде құрылған Статистикалық Комитеттің хатшысы қызметін атқарып, қазақ даласының шаруашылық, географалиялық жағдайын зерттеуде елеулі еңбек еткенін ескерсек, оның Абайдан көп нәрсе естіп-білгені, үйренгені анық. Абай Михаэлиспен достасып, аралас-құралас болып жүріп, Н.И. Долгополов, С.С. Гросс сияқты Семейге айдалып келген бірнеше адамдармен де жақын танысады. Бұлар жас кезінде революциялық қозғалысқа қатысып көзге түскен, ал кейін орыс мәдениеті мен ғылымына өз қадырынша елеулі үлес қосқан адамдар. Сондықтан олар Абайға орыс халқының өмір-тұрмысынан әр түрлі мағлұмат берген болса, соның өзі оның орыс мәдениетін, әдебиетін еркін игеруіне себін тигізген деуге лайық [2].

Ал әдебиет, тарих, қоғамдық мәселелерді айтсақ, Абайдың ой-өрісін, дүние-танымын кеңейтіп, шырқау биікке көтерген, әрине, орыстың Александр Сергеевич Пушкин, М.Ю. Лермонтов, И. А. Крылов, В. Г. Белинский, Н. Г. Чернышевский, Л. Н. Толстой, Н. А. Некрасов, И. С. Тургенев, М. Е. Салтыков-Щедрин секілді ең көрнекті жазушы, қоғам қайраткерлерінің шығармаларын оқып, олардың озық ой-пікірлерімен тікелей танысуы екенін атап айтқан жөн. Абай сол замандағы орыстың қоғамдық ойының, әдебиетінің ең құнды жетістіктерін қадағалап, зерлеп білуге көп күш жұмсаған. Пушкин, Лермонтов, Крыловтан басқа ақындардың шығармаларын сирек аударған Я. П. Полонскийден «Жүректе көп қазына бар, бәрі жақсы...», И. А. Буниннен «Қорқытпа мені дауылдан» деген өлеңдер, басқа ақындардан тек екі-үш өлең ғана аударады.Абай аудармалары жайлы сөз болғанда, алдымен айқындап аларлық жай - олардың бірталайы бүгінгі қалыптасқан мағынадағы аударма емес, Абайдың қолынан шыққан бара-бар, дәлме-дәл аударма дерлік өлеңдер бар да, сонымен қатар еркін тәржімаланған, әр түрлі өзгерістер енгізілгендіктен сарындас шығарма дерліктей сипат алғандары және аз емес. Осы топтағы шығармалардың ішінде төлтума туындыға айналған өлеңдер де бар. Сондықтан аударма өлеңдердегі сәйкес дәлме- дәл түсетін тұстарын артықшылығы, ал өзгеше, өзгертіліп берілетін жерлерін кемістігі деп санау қисынға келмейді. Өйткені Абай аударып отырған өлеңінің мағынасын бастан-аяқ дәл, тура жеткізуге үнемі ұмтылмайды.

Орыс әдебиетіне зер салғанда Абай назарының алдымен Пушкинге ауғаны тегін емес-ті. Пушкин орыс әдебиетіндегі жаңа дәуірдің, қоғамдық мазмұны, тақырып-идеялары мен көркемдік сапасы мүлдем жаңа классикикалық әдебиеттің басы болды. Ол қоғамдық ой-өрісі, дүниетанымы, тарихи мақсат-нысанасы, эстетикалық-көркемдік жүйесі - барлық сипат-қасиеттері өзгеше сөз өнерін қалыптастырды, орыс әдебиетінде реализм әдісін берік орнықтырды. Пушкиннің аса көркем туындыларының бірі - «Евгений Онегин» шын мағынасында халықтық шығарма. Бұл - Пушкиннің ең бір ішкі сыры молынан ақтарылған шығармасы, оның қиялының сүйікті перзенті, Пушкиннің тұлғасы «Онегинде» көрінгендей ақын тұлғасы мейлінше толық, жарқын және анық көрінетін туындылар өте сирек кездеседі. Абай Пушкиннің ең таңдаулы туындысы «Евгений Онегинді» аса жоғары бағалады, оның жеке үзінділерін бұдан бір ғасырға таяу уақыт бұрын асқан көркемдік шеберлікпен қазақшалап берді. Абай қазақ тіліне аударып, арнайы ән шығарған «Татьяна хаты» халық арасында өткен ғасырдың аяқ кезінде өте кең тарап, ең сүйікті өлеңдердің біріне айналуы - Ұлы орыс ақынының ерте кезден-ақ қазақ халқына етене жақын болып кеткенінің айқын дәлелі. Сондай-ақ, Татьяна әнінің осындай көпшілікке жағымды болуының сыры қазақтың өлең-жырға, әнге құмарлығында ғана емес, орыс халқының өміріне қазақ жұртының мейірімді сезіммен қарағандығында еді. Татьянаның тағдырын қыр елі қазақ қызының, қазақ әйелінің тағдырына орайлас сезінді. Татьянаның еркіндік сүйгіштігі мен парасаттылығы, сабырлылығы қазақ жастарын да тебірентті. Пушкиннің Ұлылығын сол заманда, сол ортада отырып тани, бағалай білгендігі - Абай ұлылығының бір жарқын көрінісі. Абайдың Пушкинмен үндестігі, оны жақын тартуы тегін емес. Ол өз дәуіріндегі қазақ әдебиетінде бір кезде Пушкин орыс әдебиетінде атқарған қызметті атқаруды, сондай жүкті көтеруді мақсат етті. Қазақ қоғамы алдына қойған зор міндетті - жаңа реалистік әдебиетті қалыптастыру ісін Абай тиянақты атқарған болса, оған орыс әдебиетінің асқар алыбы Пушкиннің әдеби мұрасының демеуі тимей қалған жоқ. Тек осының өзі ғана Пушкиннің мұрасы, есімі қазақ әдебиетімен қаншалықты жақын болып кеткендігін айқын көрсетсе керек. Әсет, Әріп сияқты ақындардың «Евгений Онегинді» дастан етіп айтып жүргені Абай орнықтырған дәстүрдің сол кездің өзінде-ақ жалғастық тапқанын керсетеді.



Орыстың лирикалық поэзиясынан көптен-көп сүйіп аударғаны - М.Ю. Лермонтов өлеңдері. Өзі әдебиетке Пушкиннің ізін суытпай келген, оның дәстүрлерін тікелей жалғастырған десек, Лермонтов екеуінің ақындық тұлғасында айырмашылық аз емес. Арынды жігер, қажырлы қайрат, әрекет-күрес сағынған ақынды осынау заман туғызған. Ерте есейген жас Лермонтовтың өлеңдерін оқыған адам тұтқиылдан ой-қиялдың соншалықты сарқылмас қызық дүниесіне кіргендей болады. Ұшқыр қиял - Лермонтов поэзиясының рухы, жаны секілді. Лермонтов поэзиясының бір берік қазығындай «Ой» деген толғау-жырын еске алсақ, оның Абайдың назарына тегін ілікпегенін байқай аламыз. Дүние, өмір жайлы тынымсыз ойға батып, бәрін сынап, ақылменен саралап, асқақ қиялға, үміт пен арманға әбден берілген күйі де, жазықсыз жапа шеккен, ауыр бейнет тартқан көптің атынан азулы, күштілерге айтқан қатты наразылығы, бәрі де осы өлеңінен мол сезіледі [3].

Абайдың Лермонтов поэзиясына деген ықыласы ерекше еді. Ол орыс ақынын айрықша жақын көрді, сырлас, мұңдасын тапқандай болды.Орыс поэзиясына бейімделе ден қойған Абайдың ең көп үндестік тапқан ақыны, ең бір өзіне үндес сезінген адамы Лермонтов. Абай ұлы ақынның, тіпті сол кездегі орыс қауымының тілек-талабын, мұңын ұға алатын дәрежеде еді. Ол мұңын ұққан халықтың жырын да ұқты. Лермонтовтың ыза-кегі, наразылығы орыс халқының, езілген қауымның кегін, наразылығын танытатынын, оның қайғы-мұңынан, налуынан ел мұңы, халық мұңы көрінетінін сезінді. «Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өскен», «мыңмен жалғыз алысқан» ақын, өзі де ашу-кекті, ызаны «жалын мен оттан жаралған» жырларына нәр еткен-ді. Оның «қаны қара бір жанмын, жаны жара» деп ашулы мұң шерткені де белгілі. Лермонтовты ол «ерекше ызаның ақыны, махаббаты ашумен уланған ақын» деп, өте-мөте іш тартып, жақын көрді.Абайдың ұлылығы алдымен лирикалық поэзиядан анық көрінетіні айрықша дәлелдеуді қажет етпейді. Абай қазақ әдебиетіне, поэзиясына лирикалық шығармалардың бұрын орын теппеген, таралмаған жаңа түрлерін енгізді десек, соның ішінен адамның жан дүниесін суреттейтін өлең-жырлар, ақындық өнерді, оның қоғамдық мәнін айқындайтын өлеңдер, табиғатты суреттейтін өлеңдер тобын еске алуымызға болар еді. Осы шығармалардың мүлде жаңа әдеби дәстүр орнықтырғаны айқын-ақ. Әрине, қанша тың, соны болса да, бұлар - қазақ топырағында туған жаңалық. Халықтың өлең-жыр теңізіне терең бойлап өскен жеміс. Абайдың кейбір өлеңдері әлеуметтік өмірдегі орнын, мақсат-міндетін терең түсіну, өлең сөздің халықтық сипатын жоғары бағалау жағынан Пушкин, Лермонтов шығармаларына ұқсас келсе, тағы бір топ өлеңдері адамның ішкі сезімін және табиғат керінісін таңқаларлық көркемдік шеберлікпен суреттеуімен, өмір шындығын мейлінше айқын, әсерлі көрсетуімен соларға жақын сезіледі. Мұндай ұқсастықты өмірдің өзі туғызған бірнеше ақынға ортақ белгілер деп таныған жен. «Өзіңе сенбе жас ойшыл...» өлеңін Абай Лермонтовтың ақынның қоғам алдындағы міндетін түсінуі өз эстетикалық көзқарастарымен үйлес болғандықтан аударған. Өнерпаздық жолға түскен жас ақын құрғақ қиялдануға, өзімен өзі болып, әлденеге кейіп налитын әсерленгіштікке бой алдырмай, өмірдің ауыртпалығын көріп, азабын тартып жүрген адамдардың мұңын түсіне білсе ғана нағыз құнды, татымды поэзиялық шығарма тудыра алады деген осы өлеңнің негізгі идеясын Абай қазақ өмірінің жағдайына сәйкестендіріп еркін жеткізеді. Лермонтов жас ақынға сахнада жасаңды, ойыншық семсерді оңды-солды сілтейтін трагедиялық актерге ұқсап елге күлкі болма дейтін болса, Абай ол кезде театрды білмейтін қазақ жұртшылығына түсініксіз бұл салыстыруды қол- данбайды, оның есесіне жеке бастың мұңын айтып, «басқаға мазақ болма» деген ойды үстемелей түседі.

«Күлкі болмай қой, жаным,

Сен бүйтесің, ол қайтті?

Олар керген арманын

Кімге шақты, кім айтты?..»

«Альбомға» атты өлеңінде Абай поэзиялық шығарма кімнің қажетіне жарайды деген мәселені қозғайды. Бұл тұста ғақлияларының Бірінші сөзіндегі мына жолдар ойға оралады: «Ақыры ойладым: осы ойыма келген нәрселерді қағазға жаза берейін, ақ қағаз бен қара сияны ермек қылайын, кімде-кім ішінен керекті сөз тапса, жазып алсын, я оқысын, «керегі жоқ» десе, өз сөзім өзімдікі дедім де, ақыры осыған байладым, енді мұнан басқа ешбір жұмысым жоқ». Осындай пікірін Абай өлең жайында да айтқан («Өзгеге кеңілім тоярсың...»). Енді Абай Лермонтовтың өзіне үндес шығармасын аударып, мынаны айтып отыр:



«Қолжазуды ермек ет, жатпа бекер,

Бұл көңілсіз дуниеден көп жыл өтер.

Өзі қыска, өзі асау, тентек өмір,

Арттағыға бір белгі қойса нетер?

Кім біледі көз болса арттағылар,

Ойға салып оқыр да, сөзін сынар.

Көзін салып, ойланып кейбір сөзін,

«Рас-ау» деп, мағынасын о дағы ұғар.

Сөйтіп, Лермонтов шығармасын аудара отырып, Абай өз пікірін де анық білдірген. «Менің сырым, жігіттер, емес оңай...» өлеңінің идеялық мазмұны Абайға жақын, өте түсінікті еді. Ол жалғыздық сезіміне бойын жеңдірмейді. Өзін «судан қайтпас», «үлкен жартас», «үлкен жан» деп сезінді, өзінің қандай қиыншылыққа болса да, «теңіздей таудай толқып соқса-дағы» «бет бұрып» қайтпайтын күрескер екендігіне сенді. Осы ой-сезімін ол аударма өлеңіңде де шебер жеткізеді.Абайдың оптимистік идеялары оның халықпен тығыз байланысынан, халық күшіне сенуінен туды. «Дұға» мен «Қасиетті дұға» секілді өлеңдерден біз өмірді шын сүйетін, ізгі тілек-талапқа толы, ертеңгі күнге батыл қарайтын қайраткердің бейнесін кереміз. Абайдың Лермонтов текстін қазақша жеткізу әдістері әр түрлі, аударманың түп нұсқаға жақындық дәрежесі ылғи бірдей емес. Бара-бар, дәлме-дәл аудармаларында Абай Лермонтов шығармасының ішкі әлемін, оның толқын-лебізін, жаңа сапасын қазақ тілінің суреттеу мүмкіншіліктерін пайдаланып мол жеткізеді. Абай Лермонтов нұсқасын барлық жарастық сәнімен, бар ерекшелігімен қазақ тілінде қайтадан туғызады. Мысалы, «Альбомға», «Жолға шықтым қараңғы түңде жалғыз...» сияқты өлеңдерді атауға болады. Абайдың Лермонтовтан тәржімалаған шығармаларының тең жартысы дерлік - осындай дәл, жақын аудармалар. Ал қалған жартысы еркін аудармалар. Бұған мысал ретіңде «Теректің сыйы», «Ой» сияқты өлеңдерді атауға болады. Осы соңғы өлеңнің бастапқы шумағында Абай Лермонтовтың бұл жұрт көңілде сенім жоқтықтан білген білімді іске жарата алмай отыр деген пікірін өзгертіп, сол көздегі қазақ жағдайына ыңғайлап: «Білім де жоқ, білімге сенім де жоқ, Өнерсіз қартаяр деп біл балаңды...» - деп кетеді [4].

Мұндайда Абайдың Лермонтов өлеңінің мазмұнын бастан-аяқ бұлжытпай дәл жеткізуді мақсат етпей, кейде толғанып, тебіреніп жарыса отыратыны көзге түседі.

И.А. Крыловтың орыс әдебиетінде мысал жанрын поэзиялық үлгіде дамытуға қосқан үлесі мол болды. Ақынның мысал өлеңдері бірден әдебиет сүйгіш қауымның назарын аударып, жақсы баға алды. Мысал өлеңдерінде Крылов қоғамдық өмір қайшылықтарын, әр түрлі топтардың мінез-құлқын ашып көрсетіп, күнделікті тұрмысқа қатысты сан түрлі жәйттарды орынды қозғап, баяндап бере алған. Абайдың мысал өлеңдері Крылов шығармаларынан аударма деп саналып жүр. Алайда осы өлеңдерді талдап, бағалағанда бір жайды толық ескеру қажет. Олар толық мағынасында аударма емес, көбінесе белгілі бір сипат еркін баяндалады. Абай орысша мысалдың мәтінін дәлме-дәл тәржімәлауды мақсат етпеген, оқиға желісін негізінен сақтай отырып, бірақ мысалдағы жай-жағдайларды қазақ өміріне, ұғым-түсінігіне, ойлау, сөйлеу ерекшелігіне жанастырып, өзінше бейнелеуге ұмтылған. Абай Крыловтан айтарлықтай алшақтамайды. Есектің бұлбұл әнін тыңдап алып, «сен біраз әтеш әнін үйрен!» деп өзінше білгішсіп ақыл бергенсігендей болғаны орысша текстегідей мейлінше әсерлі, тартымды көрсетілген [5].

Абай мысалдары оның ақындық шеберлігін танып-білу жағынан бағалы екенін атап айтуымыз керек. Көп ретте ақынның шеберлігін, өнерпаздық өнегесін сөз еткенде аударма деп саналған өлеңдер есепке алынбайды, оларға пәлендей мән берілмейді. Ал шынына келгенде ақынның өнер жарысына түсетін, сыналатын бір тұсы - осы басқа ақыңдардың шығармасына үңіліп, соны өзінше қалай айтып жеткізетіні десек, артық емес. Дәл аударма болсын, тек жалпы сарынын сақтай отырып еркін тәржімаланған шығарма болсын, түп нұсқасымен салыстыра тексерілсе, ақынның көркемдік талғамы, тақырып таңдауы, өзінше айта білетін тапқырлығы, шеберлігі жайында нақтылы ой-түйіндер жасауға мүмкіндік береді. Түгелдей алғанда, Абай аудармалары қазақ поэзиясының еркендеп өсу жолындағы баға жетпес зор табыс болды. Олардың өткен ғасырда қазақ сөз өнеріне мол жаңалық әкелген тарихи мәнін былай қойғанда, қайталанбас көркемдік сипаты да ешқашан кемімейтін айрықша құндылығын таныта алады. Орыс әдебиетінің жетістіктерін еркін игеріп, таңдаулы үлгілерін кеңінен насихаттаған Абай дәстүрлерін Шәкерім Құдайбердіұлы, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев, Сұлтанмахмұт Торайғыров,. Спандияр Көбеев секілді көрнекті ақын-жазушылар жалғастырып, өрістетіп, жан- жақты дамытты.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
1. Ахметов З. Қалың елім қазағым...– А., 2002 ж.

2. Байғалиев Б. Абай өмірбаяны архив деректерінде. –А., 2001ж.

3. Әуезов М. Абай жолы Төрт томдық эпопея. –А., 2002ж.

4. Байғалиев Б. Абай өмірбаянының дереккөздері. – Алматы, 2001ж.



5. Ысмағұлов Ж. Алтын ғасырдың ақ таңы. – Алматы, 2009ж.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет