Абай жолы. 1 кітап



бет3/70
Дата06.05.2023
өлшемі7,5 Mb.
#176199
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   70
Байланысты:
Абай-жолы


2

Күзеуден жетi көшiп отырып Қызылшоқы, Қыдырға, Көлқайнарға жеткен Құнанбай ауылдары ендi осы аралардағы қыстау-қыстауына тарамақ болатын. Бiрақ кеше таңертең Құнанбай бұйрық етiп:
«Хабар алмай көшпесiн, тарамасын!» дептi. Өзi қасына Майбасарды ертiп Шыңғысқа кетiптi. Жер алыс болмаса да, Құнанбай күн ұзын ат үстiнде жүрiп, кешке ғана қайтты.
Келiп түскенi, бәйбiшесi Күңкенiң ауылы едi. Мұнда бүгiн сыбаға әкелген әйел қонақтар көп екен. Iшiнде Құнанбайдың тоқал шешелерi Таңшолпан бар. Ақбердiнiң шешесi бар. Және кәрi жеңгесi Бопай да келiптi. Күнкеге бiрi келiн, бiрi абысын есептi Ырсайдың шешесi, Жұманның шешесi, Жортардың шешесi сияқтылар да бар екен.
Өзге жұрттан бөлiнiп көшкен бұл бiр топ ауылдар – шетiнен Ырғызбай руы. Ұзын саны жиырма шақты ауыл. Көпшiлiгi Ырғызбайдың тоқалдары мен Өскенбайдың тоқалдарынан тараған туысқандар болатын.
Осы абысын, жеңге, келiн атаулының бiр машығы – жылына екi мезгiл Құнанбай үйлерiне сыбаға әкелушi едi. Бiр сыбаға көктемде. Қыстай қыдырып араласа алмай жүрсе, жазғытұры ең алғаш сыбайлас қонғанда, Зере отырған үлкен үйден бастап осы Күңкенiң үйiне де бiр-бiр келеді. Қыстан сақтап шыққан сүрiлерiн әкеледi. Екiншi рет, қазiргiдей қыстау-қыстауға айырыла көшерде әкелетiн.
Құнанбай кеп түскенше, жапырлап сөйлеп, күлiсiп, әзiлдесiп жатқан әйелдер, Құнанбайға Майбасар кеп есiк ашқанда, жым-жырт бола қалды. Еркектер төрге кеп отырған соң, тек Таңшолпан ғана:
– Мына шешелерiң, жеңгелерiң сыбаға әкеп, ендi тарағалы отыр, қарағым. Кәрi әжеңнiң орны бiр басқа. Онiкi өз бетiмен барып жатыр! – деп, Зеренi де есiне алды. Барлық үлкен-кiшi Зеренi «кәрi әжең» дегендiктен Таңшолпан да соңғы жылдар өз күндесiн осылайша атайтын боп едi.
Құнанбай үндеген жоқ. Таңшолпан өр шешенiң бiрi едi. Келiншек кезiнде, жылқыға жау тигенде, жайдақ атқа мiнiп қолына найза ала шапқан ерлiгiн жұрттың бәрi бiлетiн. Өзiнде үйелмен-сүйелмен төрт ұл бар. Ондай көп ұлы бар тоқал, өзiнен-өзi өр боп кететiн әдетi, Таңшолпан Құнанбайдың үнсiз отырғанын жақтырмай, бiр ырғалып қойды да:
– Сыбағаны Күнкеге әкеп отырғанымыз жоқ. Балам да болсаң бас болдың, саған әкелгiзiп отырмын. Ертең қыстау-қыстауға кетемiз де, қыс бойы iнге кiргендей жатып қаламыз. Қатынның күнi со да. Жыл айналғанша амандық тiлеуiм, балама берген батам. Содан басқа бiзде не болушы едi! – дедi.
Құнанбай шешесiне қарап, үндемей бас изедi. Тағы бiраз тұрып:
– Айрыла көшем деймiсiң? Ал, тегi айрыла көшпесек, қайтесiң? Тағы бiр сыбаға жеп жүрмелiк! – деп күлiп қойды.
Құнанбай күлгенге үй iшiндегi қонақ әйелдердiң бәрi күлдi. Ұзын бойлы, қара сұр, ашаң жүздi Күнке, ерiнiң жылы шырайын пайдаланып:
– Мен бүгiн теңдердi шешкiзiп, ертең, үйлердi тiккiзбек едiм. Осы тағы бiр көшi-қон бар ма? Мынау елдi де, өзiмiздi де екi ұдай еттiңiздер ғой! – деп Майбасарға қарады.
– Екi сыбаға жейдi екесiн, «екi ұдай» деген сол бола ма екен! – деп, Майбасар қайнысы күлiп қойды. Жөн айтпады.
– Теңдi шештiрме, үйге де әбiгер болма! Ертең тағы көшесiн! – дедi Құнанбай.
– Е, қарағым, ол қай көш? – деп, Таңшолпан таңданып, үңiле қарап едi.
– Бәрiң де бiрге көшесiң. Ертең ерте Шыңғысқа көшемiз. Қоныс қарап келдiк. Ауылдарыңа соны айта барыңдар! Буынып-түйiне берiңдер, – дедi.
Айтқандай, ертеңiне Күнкенiң үйi алдымен түңлiгiн сыпырды. Ырғызбайдың жиырма ауылы тағы да дүрк көштi. Беттегенi Шыңғыстың жуан ортасы.
Көштер үздiк-создық болмай топтанып иiрiлiп алып, қалың нөпiр боп қозғалды. Әншейiнде, көш деген қаз, тырнадай тiзбек-тiзбек болушы едi.
Қазiр де алғаш жөнелгенде, мынау ел тобына лашын түйiлген шүрегей үйректей, ұйлығып, қарбаласып, ұйқы-тұйқы боп кеттi. Құнанбай таң атар-атпастан асығыс бұйрық берiп:
– Малтықпай тез көшсiн! Шұбалмасын! Қатар қозғалсын! Қауырт жөнелсiн! – деп, қысқа-қысқа әмiрдi ауыл басы сайын кiсi шаптырып айтқызып жатқан. Дағдыдан тыс көштiң дағдыдан тыс көрiнiсi де осыдан едi.
Қызылшоқыдан Шыңғысқа қарай тартатын көш соқпақтың сол жағында жағада бiр жалғыз төбе бар едi. Құнанбай өз қасына Майбасар, Қамысбайды ертiп және өзiнiң Күнкеден туған үлкен баласы Құдайбердiнi алып осы төбенiң басына барлық көштен, барлық аттылардан бұрын кеп шықты. Астында шұбалаң құйрық торы аты бар. Дом боп жарап алған есiк пен төрдей ұзын торы ат көлденең тұр. Қос құлағын қамыстай шаншылтып, арттағы нөпiрге «бассаңдарш ы!» дегендей қарайды. Құнанбай да көш-көштiң алдынан кес-кестеп, бiрдеме айтатындай боп тұр.
Әлi күн шыққан жоқ, елең-алаң едi. Жиырма ауыл жүктерiн артып жатқанда жым-жырт, үнсiз қимылдаса, ендi түйелерiн тұрғызып, жөнелiп бергенде жамыраған қозыдай неше алуан үнге басты. Бiресе, жүк батқан түйе бақырады. Енесiнен адасқан бота боздайды. Әр ауылдың өш иттерi бiр-бiрiне арсылдасады. Айғай салып шапқылаған аттылар, жүкшi жiгiттер көрiнедi. Бала жылайды, шешелер ұрсады. Қиқулап айғай салып, мал қайырған малшылар, жас-кәрiлер үндерi әлсiн-әлi келедi.
Көштер қауырт қозғалған уақытта Құнанбай Қамысбай мен Құдайбердiге:
– Бар, екеуiң тез барып осы барлық көштердiң басты-басты кiсiлерiн – үлкендерiн, осында жиып келiңдер! – дедi.
Құдайбердi мен Қамысбай бұл бұйрықты ести сала тебiне жөнелiстi. Ұзын бойлы, қыпша бел жас жiгiт Құдайбердi мен кең жауырын Қамысбай ойға түсе бере, көштiң алдын көлденеңдеп, жарысып барады. Екеуi лезде барып, көш-көштiң алдындағы еркектер тобына бiр сәт бөгелдi де, әрi қарай жосыта бердi. Бұлар араласқан топтан бiр-екi кiсi дереу сытылып шығып жалғыз төбеге қарай желе текiректейдi. Құнанбайдың күтiп тұрғанын көрiп, өбектеп қамшыланып, асыға жүрiседi.
Құдайбердi арғы шеткi көшке жеткенше, Құнанбай қасына жиырма-отыз аттылар жиылып қалды. Қоңыр күздiң бүгiнгi күнi желсiз, тынық. Аспан да ашық. Соңғы аттылар Құнанбай қасына жеткенде, балқыған темiрдей боп ұшқын атып жарқыраған үлкен күн, алыстағы Арқат тауының ирек-ирек жотасына мiне бастады.
Көштiң алдына көлденең түсiп, қатпар-қатпар болып Шыңғыс жатыр. Ұзаққа, ұшан теңiзге созылып жатқан қалың таудың биiк жоталарын күн сәулесi бiр сәтте алтынға малғандай қып рең бердi. Таулар түңлiктерiн жаңа сыпырды.Аспанда бозторғай, қараторғайлар самғап шырылдайды. Көш жолынан қашып ұшқан болу керек, қаулап кеттi. Көш үстiндегi аспанды мың бұралған үнмен кернедi.
Биiкте, көз ұшында, шалқар көш боп қиқулап, «қош, қош» айтқандай боп қалықтап, бiр топ тырна кеттi.
Құдайбердi мен Қамысбай астарындағы екi бозды танауратып терлетiп, ең соңғы үш үлкен кiсiнi ертiп келгенде, жаңғыз төбеде, Құнанбай қасында елу шамалы аттылар бар едi. Соңғы келген үшеудiң ортадағысы Құнанбайдың тағы бiр тоқал шешесiнен туған Жақып. Құнанбай мұның сәлемiн алды да, тебiнiп қап, «Жүр!» дедi.
Барлық жиын жаңғыз төбенi дүрс-дүрс басып, Шыңғысқа қарай тартты. Көштер қиыс өтiп кетiп едi. Бiрақ, бұл топ әлi асыққан жоқ. Аттылардың қалың ортасын ала Құнанбай келедi.
Екi жағында он шамалы үлкен туысқандар. Әкесiмен туысқан Үркер, Мырзатай, Жортар сияқты ағалары. Тоқал шешелерiнен туған Жақып, Майбасар сияқты тұрғыластары және әлденеше iнiлер, немерелес туысқандар бар.
Құнанбай – өз басы бiр шешеден жалғыз, бәйбiшенiң жалғызы. Қара шаңырақ иесi. Қалың дәулет пен әмiр, билiк иесi. Жасқа да көп туысынан өзi үлкен. Сол себептi, үлкен әкесi Ырғызбайдан тараған осы мына жиырма ауылдың мынандай топтарының iшiнен бiрде-бiр жан әлi күнге Құнанбайдың алдынан көлденең шығып көрген емес. Тiптi, өкпе-назы болса да, ашып-жарып айта алмайтын. Ал, бiрақ Құнанбай сойыл соғарды, қол қимылды, тiзе мен ызғарды керек қылған жер болса, бұл қауымның iркiлетiн бiрi жоқ. Шоқтай жиын – мықты топ. Жер алуда, ел алуда, оңайдан мал табуда бұлар Құнанбайдың қабағын қалт еткiзбей түсiнедi. Неше қабат, бәйбiше-тоқал боп жатқанмен, Құнанбай бұлардың араларындағы араздық болса, лезде жойып отырады. Араздық ұстағанын әлденеше рет пайдадан, олжадан қалдырып, жазалап отырып, өз ырқына көндiредi.
Өзара бiрлiгi – үнемi табыс екенiн жете танытқан. Соны ұққалы осы Ырғызбай шетiнен бай боп алды.
Соңғы уақытта, тiптi, iшiнен атысып жүретiн күндес қатындар да араздығын сыртқа шығара алмайтын боп алған. Олардың кәрiсiн де, жасын да, қайнысы не байы, не баласы от басынан әрi шығармай тұншықтырып, басып отырады. Болмағанын, не байына, не бiр тентек қайнысына сабатып алып, өзгелерi «шоқ-шоқ» деп те тұрысады.
Осымен бар ынтымағын Құнанбайға бағындырған жиырма ауыл дәл бiр ұялас бөрiдей едi. Қалың Тобықты iшiнде ең қолшыл, ең мықты болатын себептерi де осы. Кiшкене шеңберi берiк болған соң, содан арғы маңайдағы аталастан – Топай, Торғай, Көтiбақты да бұлар өз ынтымағымен тартып, басып алып жүредi. Әнет, Жуантаяқ, Сақ-тоғалақ, Көкше сияқты саны көп, сыбағасы жоқ руларды да өздерiнiң айналасына қоршау қып, шырғалап, шырмап ұстайды. Ондайлармен Ырғызбай iшi бiрен-сарандап құда, жегжат боп алып та, «ұзын арқау, кең тұсау» жасайды. Кейде әдейi өздерi түртiп, бiр бәлеге ұрындырып, одан тағы өздерi құтқарып алған боп та баурына тартады.
Аз ауыл Ырғызбайды, кем қойса, басқа жиырма атаның iшiнде, айқыш-ұйқыш, iлiк-шатыс, қарға тамырлы тұзақ шырмауығы жатады. Осындай шытырманның iшiнен жапа-жалғыз Құнанбайды Құнанбай ететiн күй туған. Ырғызбайдың мына тобы Құнанбайды қоршап келе жатқанымен:
«Қайда көшiп барамыз? Неге көштiк?» деген сөздi сұраған емес-тi. Дағды бойынша, «жаманға, залалға бастап бара жатқан жоқ! Күн iлгерi көремiз» дескен.
Алды аяңдап, арты желiп отыратын ұзын торы ат, өзге жиынның барлығын ерiксiз бүлкектетiп, желдiрiп келедi. Сонда да, тап ортадағы торы аттың бас мойны өзге қатардан үздiк шығып отырады. Жүрiп келе жатқан топ намаздағы имамдай қып, аяңшыл торыны, зор денелi Құнанбайды алға салып келедi. Бiрен-саран жастардың аттарының басы оқыс iлгерiлеп кетсе, қасындағы үлкендерi зекiп, күбiр етiп: «тарт, шегiн»! Деп, тойтарып тастайды. Құнанбай жалғыз көзiмен оңды-солын шолып алған. Жиында Ырғызбайдан өзге жан жоқ екен. Әрқайсысының аулында көршi-қолаң, жалшы-жақпай «бұратана – кiрме» деген көп болса да, бұл араға келтiрмептi. Олар сойыл соғар. Бiрақ келеге әсте кiрген емес. Құнанбай жiтi жүрiп отырып, тобын бастап, көштiң алдына түстi.
Содан жиырма ауылдың жиырма басы адамына қазiр Шыңғыс iшiндегi қай сай, қай қыстауға барып жетiп, шаңырақ көтеретiнiн айтып келе жатты. Сөзi ақылдасу емес – байлау. Атағаны – кесiп, пiшiп қойған әмiр менен бұйрық.
Алты күннен соң осы Құнанбай ауылдары көшкен жолмен тағы бiр мол көштер келе жатты. Бұл Бөкеншi мен Борсақтың көшi. Бұлар да Қызылшоқыдан өтiн Шыңғысқа кiргелi келедi. Малды көштер емес. Бiрақ көшкен елiнiң саны көп. Жинақы боп, топталып көшпей, бытырып, ен жайылып, бет-бетiмен келедi. Көш бойында ат мiнген кiсi аз. Әр көште бiрен-саран еркектер мен көш бастаған қартаң әйелдер ғана ат үстiне. Олардан басқа бала-шаға, кемпiр-шал және жас қатынның көбi жүк артқан түйелерге мiнiптi. Жылқысын отарға жiберiп, қысқа арналған мiнгiштi шақтап алған елдерге ұқсайды.
Бiрен-саран тайлаққа мiнген, өгiз мiнген еркектер де бар. Барлық қалың елдiң iшiнде екi-үш ауылдың көшi ала бөтендеу. Ол Шөкеншi руынан Сүйiндiк, Бүгiрдiң көштерi. Борсақ руынан Жексен көшi.
Осы көштердiң алдына Сүйiндiк, Қүгiр, Жексен және басқа да кәрi, жастан жиырма шақты кiсi оқшауырақ келедi. Бұл жиында әзiл-күлкi де, әңгiме де жоқ. Өңшең тон, шекпен киген сұрғылт топтың пiшiнi де, қазiргi күздiң сұрғылт, жабырқау аспаны сияқты күңгiрт, салбыраңқы. Әсiресе, Сүйiндiк пен Мүгiр, Жексен күптi сияқты. Көп жұрт соның аузына қарағанмен, Сүйiндiк ақырын ғана:
– Бара көрейiк. Жүзбе-жүз көрiсейiк. Жауабын өз аузынан естейiк!– дедi.
– Не де болса, бара көрейiк те!
– Не жөн, не жолға сыйғызады екен? Өзiнен естиiк!– деп Сүгiр мен Жексен де соны құптады. Бұл жиындағы жастар мен қартаң шаруалар түйiлiп алған, қатты ашулы едi.
Құнанбай күзеуден ерте қайтып кеткен соң, өзге елдiң бәрi де дағдыдан тыс, күземдi ерте алып көшiп едi. Жаз бойы Бөкеншi мен Борсаққа Құнанбайдың қабағы келiспеген. Қырына ала берген. Болатын.
Сүйiндiк осыдан секем алып, әнеу күнi Бөжеймен ақылдаса барса да, жауапқа жари алмай қайтты.
Содан, күзеуде кейiндеп қалса да, ерте кеткен Ырғызбай жайын сұрастырып отырып едi.
Қазiрде Ырғызбайдың аталастары Топай, Торғай, Көтiбақ та осы Бөкеншiнiң артынан iлесе көшiп келедi.
Көштер Шыңғысқа кiре бере, сайды өрлеп, өздi-өзiнiң жылдағы қыстау-қыстауына қарай тартты. Бөкеншi, Борсақтың Шыңғыс iшiнде қыстау еткен жерлерiнiң енi оншалық мол болмайтын. Сол жердiң орта тұсы Жексен қыстауы – Қарашоқы. Көктемде Қодарды асып өлтiрген жер осы.
Бiрнеше көштердi сай-саймен өз жолдарымен жiберсе де, Сүйiндiк, Жексендер бастаған еркектер тобы жұбын жазған жоқ. Бiрталай қалың көштердi арттарына салып ап, тура Қарашоқының тоғайлы өзенiне кiрiп, соны өрлеп келедi. Қодар құлаған құз жартас та көрiндi. Соның етегiндегi кең шалғын тегiс орылып, мая-мая боп үйiлiп қапты. Жексен қорасының үстiне қаптаған сиыр, түйе, жартастан жоғарылай қонған көп үйлi ақ ауыл. Түтiнi будақтап, қой-қозысы шұбартып, бықып жатыр. Бұл ара ендi Жексен қыстауы емес. Осы мына отырған ауылдың мекенi болғанға ұқсайды.
Жартастан берi, Сүйiндiктердiң қарсы алдында, қалың жылқы ендеп, жайылып келедi. Екi шетi сайдың екi жақ иығындағы сар тұмсықтарға шашырай шығыпты. Iшiнде шұбары мен құласы көп, Құнанбай жылқысы.
– Құдай ұрды десеңшi! Қарағым Сүйiндiк-ай, ендi қайттiм?– деп, Жексен көзiне жас алды.
– Жайлауыңды жау алды, қыстауыңды өрт алды, – деген сұмдық осы да!– деп, құр күрсiнгеннен басқа Сүйiндiк түк айта алмады. Жат сыбысты естiгенмен, дәл мұндай болар деген ой бұл топтағы кәрi-жастың ешқайсысында да жоқ едi. Бұлардың iшiнде, әсiресе, күйгенi Жетпiс болатын.
– Бiр Жексен емес, бар Бөкеншi, бар Борсақтың жерiн бiр-ақ басып алған ғой. Бұл қорлыққа шыдағанша өлген артық!– дегенде, Бөкеншi, Борсақтың тағы бiрнеше жас жiгiттерi аттарын тебiнiп, iлгерi шыға берiстi.
– Жер ашуы – жан ашуы!
– Бұдан арғы амандық садағам!
– Бөкеншi, Борсақ құмадан туып па.?
– Қашанғы шыдаймыз?
– Қорқа, қорқа тапқаның осы ғой!
– Бұға, бұға болдыңдар ғой осы!
– Етек басты қып. Өлтiрдiңдер ғой осы, сендер-ақ!– деп бәрi де Сүйiндiк, Сүгiрге қадалды.
Сүйiндiк бұл сөздердi өз басына тиген қамшыдай сезiп, қатты ширықты. Ерiк берсе осы топ мыа бейбiт жылқыға тиiп кетуден де тайынатын емес. Бiрақ жаңағы сөйлегеннiң бәрiн байқап қараса, шетiнен аталы ауылдың адамдары емес. Бұлар жоқ-жiтiк шаруа көрiнедi. Атақсыз көпшiлiк. Бұлар бiр қимылды iстеуiн iстеп тастайды. Бiрақ салмағы кiмге түспек?
Бәрiн бастап кеп, жылқыға тиген, ауылға шапқан Сүйiндiк болады ертең. Осыны ойлағанда Сүйiндiк сескенiп, шошып кеттi. Малмен де, баспен де жауап беретiн осы Сүгiр, Жексен үшеуi болмақ. Ол атының басын iркiп тұра қап, қатты зіл тастап:
– Әй, жігіттер, тоқта былай! – деді. Жұрттың бәрі іркіліп, соның аузына қарады.
– Сөздерiңнiң түрi мынау болса, бәлеңдi аулақ тарт! Мен бұл тобыңда жоқпын! Бар әне, бара бер! Құнанбай сенiң шошайған жиырма сойылыңнан қорқар деп пе ең? Қорықса бүйтер ме едi? Сен жиырма болсаң, ол жүз, сен жүз болсаң, ол мың болады, әне!-деп, ауылға қарай иек қақты. Жұрт жаңа байқады. Ауыл мен жартас жақтан және екi жағадағы жота-жотадан мына қалың жылқыға қарай жай бастырып келе жатқан көп аттылар бар екен. Бәрiнiң де сойылы бар. Бiреулерi көлденең ұстап, кейбiреулерi тақымына қыстырып, немесе бiлектерiне iлiп, сүйретiп алыпты. Кем қойса, жүз қаралы сойыл соғар. Бәрi де аз уақытта жылқының iшiне кiрiп, ендi бастары қосылып, Сүйiндiктерге таман жылжып келедi.
Сүйiндiк сөзiнен соң ұйлығып қалған Бөкеншi, Борсақтар үндемедi. Бәрi де аттарын баяу бастырып, ана жиынға қарсы жүрдi.
Ендiгi басу айтқан Сүгiр едi. Бөкеншi iшiнде, көп көк ала жылқысы бар, ең үлкен бай осы болатын. Сөзiн ақырын бастап:
– Ағайын бар, ел бар. Бiзге де есе тиер! Айтармыз, жұрт келесiне салармыз. Тек қызу үстiнде бәле бастай көрмеңдер!– деп, жалына сөйледi.
– Осыдан бәле басы болғаның, сол бәленiң тауқыметiн тура өз мойныңмен көтересiң! Қашан айтып ең деме!– деп, Сүйiндiк бар сөздi бiр-ақ тұжырды.
Жылқы iшiнен бұларға қарсы қозғалған қалың топтың тап ортасында Құнанбай бар екен. Ұзын торы ат басын шұлғи тастап, кекiлiн желпiп сермеп, жай басып келедi. Сүйiндiктерге қарсы Құнанбай бар тобымен келген жоқ. Жылқыдан берi қарай бiраз шыққан соң өз қасындағы көп аттыны кейiн қайтарып жiбердi.
Қасында он шақты ғана үлкен кiсiлер қалған едi. Сүйiндiктерге осы тобымен кеп кездестi. Пiшiнi суық, ызғарлы екен. Жуандық ызғары "қайте қоясынның" ажары. Жота жүнiн үрпитiп, үдiрейiп тұр. Iрге бермек емес. Атқа мiнер атаулының, әсiресе, Құнанбайдың сырт айдыны осылай келетiн. Соның домбытпа екенiн бiлсе де, Сүйiндiктер әрқашан мұндай түстен ығыса жүретiн. Бөкеншi тобы бұрын сәлем бердi. Құнанбай ернiн қыбыр еткiзiп қана, үнсiз сәлем алды. Бiраз үндеспей тұрып барып Сүйiндiк:
– Мырза, мына аттылар не?– дедi. Құнанбайды бар Тобықтының атқа мiнерi "мырза" деп атайды.
– Жай, мына жылқыға, отарға шығар алдында, таңба бастырайын деп ем. Соған жиылған ел, – дедi Құнанбай.
Бұл сөз одан әрi өрбiген жоқ. Жексен бұрылып артына қарап едi. Көштiң алды бөктер адырдан берi шығып қалған екен.
– Жә мырза, мынау келе жатқан бiздiң көшiмiз едi. Қыстауымызға келе жатыр ек. Мұнда болса, бүйтiп қапты. Бұл қалай болды?– дедi.
– Е, саған көшiп кел деген кiм бар? Омыраулап, баса-көктеп көшпей-ақ, хабарласып, тiлдесiп алсаң нетушi едi? Көшiң кейiн қайтады!
– Әкiм елге ие, ел жерге ие емес пе едi?
– Әкiм аспанда тұрмақ па екен? Исi Шыңғыстан Ырғызбайға қыстау тимесiн деген кiмнiң бұйрығы. Бiр Шыңғыс демесең, осы өңiрде қыстаулық жерiң аз да емес, олқы де емес едi ғой, мырза!– деп Сүйiндiк ендi араласып едi. Құнанбай iле сөйледi.
– Ей, Кiшекең, Бөбең, – деп бастады. Жiгiтек пен Бөкеншiнi сыпайы айтқанда осылайша – "Кiшекең, Бөбең" десетiн. Құнанбай қазiр солардың бар руын бiр араға жиып ап, соның бар қауымымен бетпе-бет кiнәласып, жүгiнiсiп тұрған кiсi тәрiздi. Аға болдың, бұрын жеттiң. Көлденең созылған Шыңғысқа көлбей орнадың. Ырғызбай аз едi. Сенен кiшi едi. Ен Шыңғыстан бiрде-бiр құйқалы қыстау. Бермепсiң. "Өзге қыстау" дейсiң. Шыңғыс тұрғанда өзге жер қыстау ма? Мен болсам, ендi қашанғы көне берейiн. Қашанғы құр қалайын. Ырғызбайға да Шыңғыстай арқа тiрек пана керек. Ырғызбай да етек алған ел болды. Жатың емес, туысқаның. Есе бермей, құмадан туып па?– дедi. Дауын да, байлауын да өзi айтты.
– Сонда Бөкеншiден қанша қыстау алмаққа ұйғардың, мырза?– деп Сүйiндiк ендi бұл салықтың көлемiн байқайын дедi.
– Бөкеншi Шыңғыстың бұл тұсындағы бар қыстауды бередi.
– Е, бiз қайда кетемiз, – деп Жетпiс күйiп кеттi.
– Шығара қуылған Бөкеншi болғаны ма?
– Ауып кетсiн деген сөз ғой бұл?!
– Жан ашырдың жоқ болғаны ғой!– деп, бағанағы көпшiлiк тағы қозданайын деп едi, Құнанбай Сүйiндiкке қадалып тұрып, қамшысын жаңағы сөйлегендер жаққа нұсқап:
– Тоқтат, аналарыңды!– деп, ақырып қалды. Сүйiндiк өз басын аршып, Құнанбай жағына тайсалақтап, жiгiттерiне:
– Әй, өрекпiме демеп пе ем, көп шуылдақ? Қысқарт ендi!– дедi.
Жұрт ерiксiз басылып қалды.
– Бөкеншi, Борсақ! Қыстауыңды алғанмен далаға қаңғытады деп пе ең? Алсам, текке алмаймын, берiп алам. Осы Шыңғыстың өз бойынан қыстау берiп алам. Ана Жiгiтек пен Көкшенiң арасынан барып орнайсын. Төрi - Талшоқы, ылдиы - Қарауыл, Балпаң. Бар да сонда орнай бер. Мына көштерiңдi қайырып, солай беттеңдер, байлауым сол!- дедi.
Осы кезде күнбатыс жақтан және күншығыс жақтан да бiрнеше аттылар кеп, Сүйiндiк тобына қосылып едi. Батыс жақтан келген екi аттының бiреуi Сүйiндiктiң үлкен баласы Асылбек болатын.
– Бiздiң қыстауға Жақып, Жортар қоныпты. Ендi қайттiк?!- дедi.
Шығыс-жақтан келген Сүгiрдiң көршiсi Қабас едi.
– Бiздiң қыстауларға Ырсай, Мырзатай, Үркер орнапты. Көштi қайттiм? Жүк түсiре алмай дағдарып тұрмыз, – дедi. Осындай қыстаудан, ата қоныстан айрылған ауылдардың жас, кәрi азаматы ендi жан-жақтан, төрттен-бестен келiп жатыр. Бәрiнiң түстерi сұрланған. Түтiгiп, ыза кернеп., булығып келген кiсiлер.
Арттағы көштегi еркек-әйелдердiң – бәрiнiң де наразылығын, қарғысын, ашу-намысын ала келген сияқты.
Бөкеншi, Борсақ тобы көбейе бердi. Бiрақ Құнанбай қайысар емес. Сүйiндiк өз елiнiң күйзелгенiн танып тұр. Өзiнiң де қор болып, аяқ асты болғанын. Әбден түсiндi.
– Қайтейiн, мен қайтейiн? Жаттан көрсек бiр сәрi едi, – дегенде, Жетпiс:
– Әдiлет деген құрығаны ғой!– деп қалды.
– Жанашырдың бiткенi ғой!
– Бүйткенше, қаңғытып қусашы, бұл қор болған Бөкеншi, Борсақты!– деп, көпшiлiк тағы ашу жия бастап едi. Дәл осы уақытта Құнанбай қасына екi топ аттылар келдi. Алдыңғы тобы он шақты кiсi. Мұны бастаған Байсал екен. Қасында Көтiбақ iшiндегi ең iрiктi айтқамiнерлер. Бұлар бастығы Бйсал боп кеп Құнанбаймен ашық, жарқын сәлемдесiп:
– Қоныс қайырлы болсын., мырза!
– Қайыры ұзақ болсын. !
– Мекенiң қайырлы болсын!– десiп, жабырлап құтықтап жатыр.
Осы топтың артынан iле, тағы бiр топ келдi. Бес-алты кiсi едi. Мұны бастаған шал – Құлыншақ. Торғай руының ең жуаны. Құлыншақтың қасында бес азамат баласы бар екен. Белгiлi "бесқасқа" деп атанған өңшең жауынгер, найзагер, батыр ұлдары.
Құлыншақ та Құнанбайға тақап кеп:
– Қарағым Құнанжан, амансын ба? Қонысың қайырлы болсын!– дедi.
Бөкеншi, Борсақ ендi таныды. Ырғызбай жалғыз Ырғызбай боп, мына зорлықты iстеп отырған жоқ. Көтiбақ, Торғай, Топай руларының да бар жуан, содырлары Құнанбай iсiн құптаған тәрiздi.
Сүйiндiктiң дәме қылары Көтiбақ едi. Тым құрмаса, "бiр тоға, берiк Байсал Құнанбай iсiнен сыртқары болар" деп ойлаушы едi.
Астыртын не сөз болған? Не сыр бар? Мәлiм емес. Қалай да мына ажарына қарағанда, Құнанбай исi Олжайдың бар жуандарын түгел соңынан ертiп алған көрiнедi.
Амандаса келген, қайырлы босын айта келген Байсал, Құлыншақ дәл бүгiнгi күн, құр амандасу емес, Бөкеншi, Борсаққа қыр көрсете. Келiп тұр. Құнанбай соны әдейi iстетiп отыр.
Мұны жалғыз Сүйiндiк емес, Жексен де сездi.
– Апыр-ай, ата қонысым едi. Одан қала берсе, осы жиын, осы бәрiңнiң көз алдыңда, кешегi көктемде ғана, осы мынау тастың бауырында Борсақтың бiр баласының қаны тамып едi ғой. Ер азаматымның қаны тамған жер едi ғой!– дедi. Бұл сөз – дәл бұл жиынның күтпеген сөзi. Сүйiндiк өз iшiнен: "алдырған албырт деп оның несiн айтты екен "?– деп, жақтырмады.
Құнанбайға бұл сөз тiптi тосын болатын. Оны дау үстiнде дәлел, далбай қылатын кiсi болар демеген. Сондықтан жауабын ойламай айтты. Жексен айтқан сөздi, Бөкеншi, Борсаққа тағы осы жердi алуына бiр ұпай қып пайдаланбақ болды:
– Не деп тұрсын? Алжығанбысың? "Ерiм" дейсiң! Ерiң сол болса, сенiң елдiгiңде не қасиет қалды? Ол ер емес, Борсақ әруағынан садаға! Ол – сұмырай едi. Мен сол сұмырайды құртып, соның iз-тозы бiтсiн деп, бұл жердi бұл өңiрдi әдейi басқаның мекенi етiп тұрмын. Сандалған несi?– дедi.
Бөкеншi, Борсақтың қалың жиынына мына сөз таспен ұрғандай тидi. Бәрiне де бiр сәтте Қодар өлiмiнiң сыры, Бөкеншi жерiнiң алыну сылтауы бiр-ақ шешiлгендей болды.
Бұған келгенде Сүйiндiктiң де шыдамы таусылып едi.
– Ойпыр-ай, не дейсiң? Әттең, аузыңнан айналайын Бөжей-ай, Қодар өлгенде: "бұл шылбыр Қодардың мойына ғана түскен жоқ. Бұйырса, Бөкеншi, Борсақ, сенiң мойныңа да түскен шылбыр болар" деп едiң. Арманда кетiпсiң ғой, есiл ерiм, Қодар-ай, – деп үнi өшiп, атының жалын құшып, бүгiлiп тұрып қалды.
– Уа, қара бет басым! Қара басқан қу басым! Мен қуарған не еткен ит едiм? Ойбай бауырым! Бауырым, Қодар – деп Жексен өкiрiп жылап, атын борбайлап, Қодар қыстауына қарай шаба жөнелдi. Сол-ақ екен, бар Бөкеншi, Борсақ тегiс:"ойбай бауырымдап " Жексеннiң артынан шаба-шаба жөнелiстi. Сүйiндiк те солармен кеттi. Байсал мен Құнанбай бұл арада ендi тұра алмай, үндемей томсарған күйлерiнде сырт айналып кетiп едi. Құнанбай өз iшiнен:"жаңағы сөздi оғат айттым-ау, қап!– дедi. Бiрақ, Байсалға да сыр берген жоқ. Қайта, Бөкеншiнiң мына мiнезiне сылтау iздеп, өзiнше соны таптым дедi.
– Құтыртқанның кiм екенiн көрдiң ғой! Шымбайына батқан соң, шыңырауда жатқан сырын айтқанын көрмеймiсiң? Қолтығына дым бүрiккен. Бөжей. Анық Бөжей. Тобықты iшiнде менi тосқан қанды қақпан сол болмақ қой. "Береке-береке" дейсiн. Кiнә кiмде? Көрдiң бе!– деп, Байсалға қадала қарап алды да:
– Бiрақ, құдай ақта, көрiп-ақ алармын!– дедi. Аздан соң Байсалға құпиялау қып:
– Сен Сүйiндiк пен Сүгiр, Жексен үшеуiне айт, көптi қоздырмасын! Бассын! Шыңғыстың қай тұсына орнықтырсам да, ол үшеуiнiң сыбағасы олқы емес. Өкiнбесiн! Өкiндiрмеймiн! Осы сертiме сенсiн!- дедi.
Олжайдың алғашқы орнында қалған жиынының ортасында тұрған Майбасар болатын. Ол тұмсық асып шапқылап жылап бара жатқан Бөкеншiлерге қарап:
– Уай, жарандар! Бұл түстен кейiн маңырайтын ақсақ қой дейсiңдер. Тiптi ол емес. Мына Бөкеншi екен ғой түстен кейiн маңырайтын. Көктемде өлген Қодарға күземде кеп сүйекшi болған кiмдi көрдiң? Мұны көрген кiм бар десеңшi, – деп, қарқ-қарқ күлдi.
Көктемде Қодардың сүйегiне жан жоламай кеткенде, Жәмпейiс пен Әйтiмбет қойшы ғана кеп жоқшы боп едi. Жексен ол күнi өз аулының қатын-баласын:"неге жылайсың, көзiң ақсын"! Деп шетiнен бықпырт тигендей. Сабап, Қодар өлiгiне жолатпай қойған. Жәмпейiс пен Әйтiмбетке, солардың өзiндей қойшылар, жаны ашыған кедейлер ғана болысқан. Соның барлығы екi өлiктi Құтжан бейiтiнiң басына апарып, зар қағып. Жылап, жоқтап жүрiп, таза аруалап қойып едi.
Қазiрде Құтжан бейiтiнiң екi жағындағы жаңа қабырлар Қодар мен Қамқанiкi болатын.
Бөкеншiнiң барлық азаматы шапқылап ат қойып кеп, осы бейiттiң үстiне шұрқырап, жылап түсiп жатты. Сүйiндiктер тобы келместен бұрын бейiттердiң басында 3-4 қана адам отыр едi. Ол - Жәмпейiс, Әйтiмбет және бiр-екi басқа қойшы болатын.
Жаз бойы келе алмай, бүгiн көшпен жетiп, ең алғаш еске алып, құран оқып отырған солар едi.
Кейiн осылардың үстiне шулап келген нөпiрдi көргенде, мына кәрiлер таң болды. Жылағанның iшiнде Сүйiндiк бар. Ол бiр жұмбақ.
Әсiресе, бұларды қайран еткен Жексен мен Жетпiс. Екеуi де үш қабiрдi кезек-кезек құшақтап:
– Кеше гөр, арысым, кеше гөр!
– Ағакем, кеше гөр!– десiп кеп зар-зар етедi. Көздерiнен шын өкiнiш жастары ағыл-тегiл шығады.
Бiрақ Жәмпейiстiң жүрегi жылыған жоқ. Ол Қодар мен Қамқаның қайғысынан осы жазда бiржолата белi бүгiлiп, қатты солып кетiп едi.
Қамқаның бейiтiн құшақтағалы еңiреп келе жатқан Жексендi кеудеден қойып қап:
– Өй көзiң ақсын, көзiң аққыр өңшең!– дедi.
Аз уақытта үш қабiрдiң басына еркектер ғана емес, барлық көштердiң әйелдерi де, жас-кәрiсi де үйiлген едi.
Қалың ел болып, зар еңiреп, улап-шулады.

3

Бөкеншi, Борсақ Шыңғыстан қайта серпiлiп көшкенмен, Құнанбай атаған жаңа қыстауларға бармады. Қызылшоқы, Қыдыр, Көлқайнарға жаппа тiгiп қонды да, көшпей отырып алды.
Бұл кезде өзге елдiң бәрi де қыстау-қыстауларына жетiп, жайласқан болатын. Қора басына пiшендерiн тасу, тоңын аудару, қыс жағатын қиларын қалап алу, мал қораның жыртық-тесiгiн бүтiндеу, үй сылау, пеш түзету сияқты iстерi қыстық мекенi бар елдердiң бәрiнiң де тегiс жұмылған науқаны.
Осындай iстерден сырт қалған және қайда барары мәлiм емес Бөкеншi, Борсақ аз күннiң iшiнде ауған босқан ел тәрiздендi.
Құнанбай жорға Жұмабайды Сүйiндiк пен Сүгiрлерге жiберiп: "ана Қарауыл, Балпаң, Талшоқы бойынан таңдаған қоныстарын алсын! Және жайлауына көлденең Шалқарды тұтас алсын! Бiрақ көпке мұрындық болмай., тез барып орнықсын"! деген. Шыңғыстан бiр-бiр қыстау алса, Қарауыл, г- балпаң тисе және, әсiресе, жайлаудағы екi өзен жеке меншiктерiне тисе, тiптi өкiнiш жоқ.
Осымен Сүйiндiк, Сүгiрлер өз есептерi ұтылмайтынын бiлген соң, көш-қонын ойлап, қыбырлай бастап едi. Бүгiн өзге Бөкеншiге айтпастан Сүйiндiк, Сүгiр, Жексендер таң атысымен түйелерiн ұстатып, арқан-жiбiн қамдап, жаппаларын да жыға бастады. Бұлар осылайша iрiткiмен екшелгенде, өзге Бөкеншi, Борсақтан жиырма-отыз кiсi атқа мiндi. Ендiгi жиын - шаруа жиыны. Араларында зор денелi, орта жасты Дәркембай бар.
Ол Қызылшоқының шеткi қонысында отырған Жексен аулына келдi де, Жексен мен Жетпiстi шақырып:
– Елдi тастап, бас сауғалап, қайда барасын түге? Тапжылма! Көшпе! Не көрсең, бiрге көресiн! Жықпа жаппаңды!- дедi.
Жексен қарсыласа алмады. Жалғыз-ақ қиялап
– Жандарым-ау, не бiлгендерiң бар?– дей берiп едi.
Онан да қазiр екеуiң де атыңа мiн! Ер бiзге! Анау Сүйiндiк, Сүгiрге барып сөз байлаймыз.!– дедi.
Жексен мен Жетпiс ерiксiз ердi.
Осы топ Сүйiндiк пен Сүгiрге де көп сөйлеген жоқ. Бұйрықтарын шолақ айтып, көштерiн тоқтатып тастады. Сүйiндiк бұлардың айтқанына амалсыздан бағынды да:
– Ал, бiрақ тапқан ақылдарыңды айтшы! Қылышын сүйретiп қыс келедi. Кемпiр-шалды күркiлдетiп, баланың жағынан боздағын шығарып., қашанғы отырамыз? Қайда барамыз?- дедi.
Дәркембайдың жауабы әзiр болатын:
– Сүйiндiк, Жексен, Сүгiр - үшеуiң де алдымызға түс! Аттарыңа мiн! Жүр әне Бөжейге! Елден жырыла қашып оңбайсын түге! Бөжейге барамыз. Ағайынға салмақ саламыз. Тiптi жан ашыр жоқ болатын болса, арғысын содан әрi көрермiз!– дедi.
Сүйiндiк пен Сүгiрдi, Жексендi қосып алған осы топ дәл осы күн түсте Шыңғыстағы Бөжей аулына келдi. Оның қыстауы Тоқпамбет дейтiн қалың шалғынды, мол тоғайлы, ең бiр құйқалы қыстау едi. Бөжей өз атасы Кеңгiрбайдан ата қоныс есебiнде мұра қып қалған жер осы.
Бөкеншi тобы келген соң, Бөжей лезде кiсi жiберiп, жақын жердегi Байдалы мен Түсiптi шақырып алды. Не де болса Жiгiтектiң ақылы бiр жерден шықсын дегенi.
Бұ топта Сүйiндiк шешiлiп сөйлеген жоқ. Кiбiртiктеп, қылғынып сөйлегендей болды.
– Ағайының келiп отыр. Ақылыңа қоңсы қона. Келiп отыр. Не дейсiң? Нұсқайтұғын бетiңдi айт!– дедi.
Бөжей мұның iшкi сырын бiлмеп едi. "Дағдылы қорқақтығы, Құнанбайға" қарсы шаба алмайтын ежелгi маймақтығы." деп, мырс етiп, мұрт астынан күлiп қойды. Бiрақ Сүйiндiк сондай солғын болғанмен, өзге көпшiлiк олай емес. Оның ажарын сүймей, мойнын сырт қайырып, сұрланып отырған Дәркембай Бөжейдiң күлкiсiн сезiп қап:
– Бөжеке, кiбiртiктей-кiбiртiктей болдық қой. Тура баспас тобан аяқ болған соң иыққа ит те, құс та шығад та! Тек қана "шөк-шөк" дей бермей, осы бiздi де ел қылатын, ер қылатын ақыл айтшы!- дедi.
Байдалы осындай ер мiнездi жақтайтын. Тура айтқанды сүйетiн, өзi де қайратқа, қимылға бой ұрғыш адам. Жiгiтектiң қол күшi, көбiнесе, осы Байдалы басынан айқын көрiнетiн.
– Өй, Сүйiндiк, сен ақылды мына Дәркембайдан сұрасаң еттi. Еркектiң сөзi мына кедейде жатыр ғой, мынау ер кедейде!– деп кеудесiн көтерiп Дәркембайға сүйсiне қарады.
Бөжей бұл тартысты әуелi қолмен емес, жолмен бастап көргендi мақұл деп бiлген. Қолдан келсе, бұл жолы Құнанбайды келеге салып әшкерелеп, көп алдында тентек қып алмақ. Мына келген Бөкеншiге, ертең болатын бәленiң артын да ашып айтып, танытып қоймақ. Әуелi осыдан бастау лайық.
– Бөбең, Борсақ бауырымсың. Саған тигенi - маған тигенi. Сенен шет қалып, амандық, тыныштық iздемеспiн. Бiрақ Құнанбайдың дегенi болса, сенi мен менi де тату қып, туысқан қып қоймақ емес-ау. Талшоқы, Қарауыл, Балпаң деген жерлердi атапты деп есiттiм. Осының түбiн ойламаймысың?– деп, бар жиынға барлай қарап, аз үндемей отырып: – Мұнысы Кiшекең Бөбеңнiң жер жапсары бiр болсын. Екi атаның ұрпағы жерлес болса, татулықтан кетедi. Жақын отырып, бес тал көде мен бiр ұрттам суға да қиталасып таласа берсiн дегенi. Атадан нәсiлге арылмас жiк қалсын дегенi ғой. Бiрақ оның ойлағанының бәрi бiрдей өрге баса бермес. Туысқандығым – туысқандық. Күндердiң күнi боп, Талшоқы мен Қарауылға келер болсаң орның әзiр. Барымды ортаға сап, түс шайыспай-ақ үлесемiн. Ол өзi бiр төбе. Ал, бiрақ одан бұрын айтысып көрейiк. Ара ағайын Кiшекең екен. Бiз кiрiспей кiм кiрiседi?– деп, Түсiпке қарап отырып, – ағайын келiсiне мынауың тентек, мынауың зорлық!– дегендi айтып көрейiк. Қалған iс пен сөздi содан соң шешейiк. Мақұл ма?– дедi. Бөкеншi жиыны да, Байдалы, Түсiп те бұны мақұл дестi.
– Ендеше, Түсiп, сен атқа мiн! Осы сөздi алып, Құнанбайға барып, жауабын бүгiн әкел!– деп, Бөжей сөзiн бiтiрдi.
Түсiптiң баратыны осымен шешiлген соң, Байдалы:
– Тек, жалғыз-ақ, арыла сөйлес. Айтатынның бәрiн айтып кел. Бұға-бұға болғамыз. Ат кекiлiн кессең. Де, қатты айтып, ел өкпесiн түгел жеткiз!– деп, Түсiпке өзi де ашумен сөйлеп, нық қайрат бердi.
Осы сөздi қатты ұстап, Түсiп сол күнi кешке Құнанбайға кеп сөйлестi.
Құнанбай Қарашоқыға үлкен бәйбiшесi Күнкенi қыстатпақ болған. Өзi ол ауылда екен. Түсiп екiндi кезiнде келдi де, Құнанбайды оңаша шығарып, дөң басына отырып, ұзақ сөйледi. Алыстан бастап, "береке-бiрлiк" керегiн айта кеп, ең аяғында:
– Мынау iсiңе Бөбең емес, исi Кiшекең де наразы...– дей берiп едi, Құнанбай бұған жалт қарап қатты зекiп:
– Наразының жоқшысы Кiшекең болмақ па? Ендеше мынау Керей, Уақ, анау Сыбан тегiс наразы. Оңды-солдың бәрi өкпелi. Кiмге өкпелi? Ұрлады, барымталады, ақ малымның есесiн бермейдi деп, дәл Кiшекеңнiң өзiне наразы. Байдалы, Бөжей, мына Түсiп сен... Дәл сендерге наразы. Бөкеншiнi айтқанша өз басыңды ақтап ал! Ұры менен қарыңды тыйып ал!– дедi.
Түсiп бұл араға қатты ашуланып едi, даусы да қатаң шығып кеттi.
– Телi мен тентек қайда болса да бар болатын, Құнанбай! Бөжей мен Түсiп өзi ұры ма едi! Ара ағайынның сөзiн айттың, қарындастың көз жасын айттың деп, тағы жазғырмақпең? Ақ та болсам, жоқ сылтаумен тағы арандатпақпең! Бөжей, Түсiп арам болса айтарсын! Ақ болса, жазықсыз болса, неңдi айтасын?
– Айтқаным айтқан, жазықтысын, арамсын.
– Ендеше мiне, зауал уақты... Сал мойныма арамымды!– деп, Түсiп дiр-дiр етiп, жүгiнiп алды.
– Арамың сол, Бөжей маған қақпан құрғанын қойсын! Бiреудiң сыртын бетке ұстап жүрiп, маған арнап оқ атқанын қойсын! Ендi осыдан қоймайтын болса, ағаш оғын аямасын, тегiс атсын! Бiрақ қашан айттың демесiн! Ендiгi кердi тап өзi көредi. Өз басы көредi! Ал, Керей, Уақтың малын бересiн! Бергiземiн. Ертең үстiңе сияз құрғызамын. Бұл бiр. Екiншi, Бөкеншi сөзiнен аулақ кетсiн. Тартсын аяғын. Тарт аяғыңды! Ара ағайын сен емессiң. Саған сынататын сөзiм емес. Бәле iздемесең, кiрiспе! Кiрiссең, алысқа әдейi кiрiстiң деп бiлемiн. Бар, айт осынымды! Тегiс жеткiз Бөжей мен Байдалыға!- дедi.
Сөз осымен бiттi де, екеуi екi айырылып кеттi.

4

Осының ертеңiнде, түске таман Майбасардың екi атшабары – Қамысбай, Жұмағұл шапқылап кеп, Жiгiтек iшiндегi Үркiмбай аулына түстi.
Қыстауының жанында отырған алты үйдiң барлық итi абалап шығып едi, атшабарлар ақырып, қамшы үйiрiп ұмтылып, бездiрiп жiбердi.
Әрбiр үйдiң есiгiн жамылып, баспағып тұрған балалар да мына тентек қонақтардан қорқып, iнге кiрген тышқандай, есiктерiнiң ар жағына сүңгiп-сүңгiп кеттi.
Үркiмбайдың үлкен қоңыр үйiнде бiрталай еркектер отыр едi. Үй иесiнiң өзiнен басқа Қаумен, Қараша бар-ды. Бұл екеуi – Бөжейдiң жақын ағайындары. Үркiмбайдың кiшкене тұлымды қызы есiктен қашып кеп әкесiнiң қолтығына кiрiп кеттi де:
– Атшабар, атшабар!– дедi.
Атшабар келсе, жанжал келетiнiн балаға шейiн сезетiн.
Мойындарына былғары сөмке салған, төсiне қақпақтай үлкен-үлкен жез знактар таққан екi атшабар үйге кiрiп келгенде, тұлымды қыз:
– Әне, әнеки, әке!– деп, әкесiнiң қойнына жабыса түстi.
– Өй, жандарым, немене шулатып жүргендерiң?– деп, Үркiмбай жақтырмай қарсы алды.
– Iс тығыз, бұйрық тығыз... Асығып жүрмiз!– деп, Қамысбай төрге шықты. Жұмағұл от басына бiр тiзелеп отырып қалды. Қараша:
– Е, не бұйрық? Немене тағы: ел көштi, жау жеттi деп шетiңнен?- дедi де, қабағын түйiп, Қамысбайға ашумен қарады. Бiрақ қырыс атшабар қайысқан жоқ.
– Бұйрық сол, үй тiгесiңдер. Қараша, Қаумен, сендердi iздеп келемiз. Осы Үркiмбай, Қаумен, Қараша үшеуiнiң ауылдарында сияз болады. Ел жиылады. Керей, Уақтың даугерлерi келедi. Елмен елдi ақылдастырамыз, ұрыдан мал әперемiз дейдi.
– Кiм айтады?– деп, Қаумен тiксiндi.
– Әперетiн кiм?– деп, Қараша қайтадан қадалды.
– Ұрыдан әпере ме, жоқ, ұры емеске де салмақ түссiн дей ме?– деп, Үркiмбай да жалт қарады.
Сияз деген мол шығын. Ол, көп елдiң қалың даугерлерi келiп орнайды деген сөз. Осы елдiң жуан, семiз мешкей билерi, күндiз – түстiк, кешке – қонақ асы жеп, асықпастан ай жатады деген сөз.
Ежелден мәлiм: қай ауылдың үстiнде сияз болса, сол ауыл мол шығасылы болмақ. Елден ерекше мазасыздыққа ұшырамақ. Ұлық қай ауылға сияз құрса, сол ауылды қырына алғаны.
Қамысбай бұл отырғандардың сиязға оңай көне қоймайтынын ертеден бiледi. Старшын мен аға сұлтанға айтпаса да, атшабармен көп қиталасады. Бiрақ Майбасар бұйрығы қатты болатын. Бөгелуге болмайды.
– Бұйрық ұлықтiкi. Құнанбай мен Майбасардiкi. Мен шығарды деп пе ең?– деп Қарашаға сыздана бiр қарады да, – бол, болыңдар! Ақылдасыңдар да, үй қамдаңдар. Үшеуiңнiң ауылдарыңдағы бар киiз үйдi осында әкеп тiгiңдер. Сойыс жайын ақылдасыңдар. "Жiгiтек әуелi елу қой сойыс үлессiн"– деген. Соны қай-қай ауылға саламыз. Қазiр осының жайын кеңесейiк, – дедi.
Атшабармен сөйлесiп сөзге, жолға жарымайтынын Қаумен жақсы бiледi. Сондықтан ол егес сөздi молайтпай, жақындағы Байдалымен ақылдасып алмақ болды. Үркiмбай мен Қарашаға:
– Екеуiң берi қараңдаршы, – деп, бiраз үндемей қадалып отырып, – бiз ғана емес, Жiгiтекке тегiс келген селебе ғой. Мына жерде Байдалы бар. Бөжеймен ақылдасуға қашаң боп тұр. Қараша, сен тез атқа мiн де, барып Байдалымен ақылдасып, мына атшабарлардың жауабын алып кел!– дедi.
– Дұрыс, сүйт!– деп, Үркiмбай да қостады, атшабарлар да қарсы болған жоқ.
Қараша лезде тұрып, үндеместен жүріп кетті.
Осымен атшабарлар орнығып, шай iшiп жатты. Үркiмбай олармен жауаптаспаса да, өз iшiнен Майбасар бұйрығына қатты ашулы. Бар Тобықтының iшiнде бiр үй қазанына арам ас салмады десе, сол ең алдымен осы Үркiмбай үйi болатын.
Атшабарлар көп тосқан жоқ.
Үй сыртына бiрнеше атты кiсi дүсiрлетiп кеп, шапшаң түсiп, аттарын тез байлап жатыр.
Келген – Қараша. Қасында Байдалы мен Қарашаның өр атанған ұры түсiргiш жiгiттерi. Жұмағұл атшабар қулау болатын. Iшiнен мыналардың келiсiн жақтырмады.
– Е, неғып ереуiлдеп жүрсiң бәрiң бiрдей?- дей берiп едi, Қожақан деген ұзын қара жiгiт:
– Атаңды жау шапса, бiрге шап деген. Сендерге Жiгiтектiң бар малын тартып әпергелi келдiк, – дедi.
– Бар мал емес, елу-ақ қой керек. Қалған малың көп болса, ана иесi келгенде жетектетерсiн. Асыққаның не?– деп, Қамысбай зәрленiп ашу шақырайын дедi.
– Соны әперетiн осы сенбiсiң– деп, Қараша Қамысбайдың дәл қасына жүгiне отырды.
– Мен болғанда қайтейiн деп ең?
– Сен, қан құйлы, тамам елдi жылатып болдың ғой, осы итаршылықты қоямысың?
– Өй, сандалма әрман! Одан да ана Байдалының жауабын айт.
– Жауабы ма? Ендеше жауабы мiне, – деп, Қараша қолындағы тобылғы сапты жуан қамшыны сермеп жiберiп, атқып тұрып, Қамысбайды бастан тартып-тартып жiбердi.
Малдасын құрып отырған Қамысбай да жалма-жан тұра берiп едi. Үркiмбай, барлық осы үйдегi өз жiгiттерiне ақырын, бұйрық етiп:
– Ұста! Сой екi иттi!– дедi.
Жұмағұл да, Қамысбай да арпалысып, айғайлап, боқтық астына ала бастады. Бiрақ он жiгiт ырық бермедi. Үндеместен жабылып, екеуiн алып-алып соқты да, тiзерлеп басып-басып алды.
– Байдалының жауабы сол. Екi иттiң бауыр сыртынан дүренi соғып-соғып, Майбасарға қып-қызыл жоса қып қайтар, – дедi! Ал! Тұр бәлем!– деп кеп, Қараша Қамысбайдың басына өзi мiнiп алып, құйрығы мен жонынан шықпырта бердi. Жұмағұлды Үркiмбай мен өзге жiгiттер де сондай сабады.
Екi атшабар таяқты Жiгiтектен мейлiнше жеп алып, беттегi қызыл жоса қандарын айғыз-айғыз қылған бойында, сүртпестен шапқылап отырып, Қарашоқыдағы Құнанбайдың алдына тура кеп кiрдi.
Құнанбайдың қасында Байсал, Майбасар бар екен. Және Құлыншақтың батыр ұлдарынан Наданбай, Манас отыр. Ырғызбайдан - Жұман, Төлепбердi, тағы да басқа үй толы жiгiттер бар екен.
Құнанбай әуелi үн қатпай сазарып отырып барып, аздан соң екi атшабардың бетiне нұсқап отырып Байсалға:
– Мiне, көрдiң бе? Қайтiп ағайын болайын? Мына қамшы мыналарға емес, маған жұмсаған қамшысы ғой Бөжейдiң. Тұр тегiс!– деп, бар жiгiтке қатты ақырып бұйрық бердi. – Қазiр барыңдар да сол өз үйiнде сабатқан Үркiмбайды қол-аяғын байлап тұрып, дәл менiң алдыма сүйретiп әпкелiңдер!- дедi.
Басқа бiр кiсi бiр ауыз сөз айтқан жоқ. Құнанбай да мұнан әрi ләм деген жоқ. Он жiгiт атқа мiне-мiне шаба жөнелдi. Iшiнде Құлыншақ балалары бiрге кеттi.
Осы топ ымырт жабыла Үркiмбайдың аулына жетiп, барлық ауылдың еркектерiн бықпырт тигендей сабап жүрiп, Үркiмбайды өз үйiнен сүйреп алып шықты. Үркiмбай үйде қарсыласқанмен, таяқ тиетiнiн байқаған соң, ендi қайтып үн қатқан жоқ.
Бетiнде жалғыз тамшы қан жоқ. Ашудан көкпеңбек боп, булығып алған едi. Ернiн тiстеп, қабағын тастай түйiп ап, шыдай бермек болды. Тыста мұның қолын артына байлап, бiр семiз шабдар атқа мiнгiздi де, артына Төлепбердi қарғып мiнiп алды. Ашулы топ Қарашоқыға қарай тасырлатып, шапқылап жөнелдi.
Қазiрде қас қарайып, iңiр қараңғысы әбден болған екен.
Бұлар Шыңғыстың қалың iшiндегi Үркiмбай қорасынан төмен беттеп, өзендi бойлап шауып келедi.
Аз уақытта өзендi кесiп өтетiн бөктер жолға жеттi. Ендi күнбатыс жақтағы Қарашоқыға қарай бұрыла берiп едi.
Бiрақ алдарында көлденең тұста бiр топ биiк терек болатын. Соның арасынан, бiр сәтте, қалың нөпiр боп:
– Қапта, қапта!
– Түс-түс!
– Өлтiр иттердi, өлтiр!– деген қалың шумен, өңшең бiр көк аттылар тиiп кеп кеттi. Ұзын саны отыз-қырықтан кем емес. Қолдарында шоқпар мен сойыл. Құнанбай жiгiттерi қарсы айғайлап:
– Келсең кел!
– Омай!
– Түссең түс!– деп, сапырлысып, араласып кеттi. Бұларда да сойыл шоқпар сай едi.
Ұзын-ұзын ақ сойылдар кезек-кезек қағысып, сарт-сарт тиiседi.
Қараңғыда тосқауылда тұрып шабуыл жасаған Қараша болатын. Оған Байдалы күндiз бұйрық берiп:
– Бiр қимылды iстеуiн iстедiң. Бiрақ ендi сақ бол!- деген.
Қараша содан кешкi ымыртқа дейiн тау басында, ат үстiнде жүрген. Кешкi ала көлеңкеде Үркiмбай аулына қарай суыт кетiп бара жатқан қалың шоғырды ол мезгiлмен-ақ көрiп едi. Тегiн емес екенiн де бiлген. Содан шапқылап отырып, таудан түсiп өз аулының бес-алты жiгiтiн атқа мiнгiзiп ап, жолдағы Қаумен жiгiттерiн де атқа мiнгiзiп алғанша со болды.
Не де болса Үркiмбай аулында жауды баса алмайтынын бiлген соң, осы қайтар жолдан кеп тосқан.
Қараша қара сойылға мықты болатын. Өз аулының жас жiгiттерi де шетiнен ат үстi төбелеске мойымайтын, "iздегенге сұраған" дейтiн Қожақан сияқтылар едi.
Қоян-қолтық жерден жақсы килiктi. Құнанбай қолын бұл ұрыста бастаған Құлыншақтың батыр ұлы Манас. Ол алдарынан тосқауыл болатынын бiлген кiсiдей екен. Аналар қаптап қоя бергенде, түк сасқан жоқ.
Тақымындағы қара шоқпарын суырып ала, бар жiгiттерiне бұйрық берiп:
– Ал саспаңдар, көп те болса қорықпай ұрыс! Таймай соқ!– деп араласқан.
Осымен, қалың топ жапыр-жұпыр бiрнеше рет айқасты. Манас қолынан екi Жiгiтек құлап түстi.
Төлепбердi бағанадан бiр ақыл ойлап алып едi. Тiптi үлкен қысылшаң болса, ол Үркiмбайды аударып тастап кетпек болатын. Осы ойын өзi орындағанша, Қараша кеп жетiп, ерiксiз iстеттi. Қолы байлаулы жүрген Үркiмбай, бiр айқасып өткен уақытында, Қарашаның атын танып қалған. Сол арада айғайлап:
– Қараша, мен мұндамын, менi айырып ал!– деген. Қайта айналып оралғанда, Қарашаның қуғаны, осы екi кiсi мiнгескен, жер қылаң ат болды. Жақыптың жүйрiк шабдар аты жеткiзбей, көп әлек қылды.
Бiрақ Қараша қалатын емес. Топтан жырып алып, қуып кеттi. Төлепбердi артына алақтап, алдына қарай алмай келе жатты. Үркiмбай осы қысталаңмен пайдаланып, атынан өзi сусып, құлай түсiп кеттi.
Осымен Жiгiтек Үркiмбайды айырып алып қалды. Құнанбай жағынан бұл түнде қолға түскен кiсi болмады. Жiгiтек тауды басына көшiрiп, ұран сала бердi. Сонымен тобы көбейе бастады. Жан-жақтан:
– Қайда? Қайда?– деп андыздап шапқан аттылардың сарыны молайып кеттi. Осыны байқап алған Манас өз жiгiттерiне:
– Ендi жөнел! Қаша ұрысу керек! Сал, қаша ұрысты! Ал, тарт!- деп, өзi бастап тартып бердi.
Үркiмбай босанғаннан кейiн, олар жосытып шапқылап, тау асып кеттi. Құнанбай жiгiттерi қолға түспесе де, Жiгiтек қолынан қорқып, қашып кеттi, Үркiмбайды әкете алмады, тастап кеттi.
Бұл түнде бар Жiгiтекке Үркiмбайды айырып алу да күндiз Құнанбайдың екi атшабарын сабаған сияқты, күш асырып, бел бiтiрген iс болды.
5
Осының ертеңiнде күн райы өзгеше бұзылып, қыс ызғары бiлiне бастады. Шыңғыстан аса соғатын қатты жел бар. Көктемде бұл жел игiлiк желi. Қарды қағып, бөктер мен шидi қарайтып кететiн жел. Қыстыгүнi де Шыңғыс желi шаруаның досы. Тау iшiмен бөктерде бiр жұмадай, он күндей үзiлмей соққанда, қыс қысталаңын сейiлтiп, мал жайылысын кеңейтiп, шаруаның арқасын жазып кететiн.
Бұл өзi оңынан соғатын жел. Сондықтан, оншалық көп суық әкелетiн жел емес. Бiрақ соғуының қаттылығы тым ерекше болады. Бөктерде қиыршық тастарды ұшырып соғатын қара жел.
Шөп атаулыдан да қой оты – мық жусан мен ұсақ, тырбақай бетеге болмаса, өңге бойшаң тамыры босаң шөптердi жұлып, ұшырып әкететiн әдетi бар.
Тегiнде Шыңғыстың асыл шөбi – мық жусан. Бұл қойдың ырысы. Ал, қыстау атаулы қойға жайлылық жағынан бағаланады.
Қойдың құты Шыңғыс болған соң, көп елдiң жақсы қыстау iздегенде тығылатыны да сол Шыңғыс.
Шыңғыстың қара желi өзге уақыттың бәрiнде жақсы болғанмен дәл күздiгүнi жайсыз-ақ. Күндi суытып, аспанды сұрлантып келедi. Бүгiн қара жел басталысымен, қиыршықтап қар да түсе бастады. Биылғы жылдың ең алғашқы қары осы.
Суық жел киiз үйде отырған ауылдарды тегiс бүрiстiрдi. Шыңғыстың бөктерi мен қойнауындағы ауылдар бұл уақытта қыстау-қыстауына мiнбелеп қонып, күн райын бағып отыр едi.
Бүгiн сол елдiң бәрi де киiз үйлерiн жығып, жүктерiн қораға тасып, жылы үйлерiне қауырт кiрiп жатқан. Көпшiлiк осы қарбаласта болса, Құнанбайдың Қарашоқыдағы аулы, ас берген ауылдай, өз әлегiмен өзi ұйқы-тұйқы боп жатыр.
Үркiмбайды ала алмай, көрген қарсылықты тегiс айтып Манастар келгелi, Құнанбай аулынан жан-жаққа қарай үстi-үстiне шапқыншылар ұшыртып кетiп жатыр.
Кешегi Байсал бастаған барлық үлкендер жиыны осы ауылдан тараған жоқ-ты. Олардың үстiне қазiр маңайдағы бар Ырғызбайдың еркек кiндiктiсi түгел аттанып келген. Шапқыншылар кеткен беттерден ондаған, жиырмалаған аттылар, лек-лек, желе жортып келiп жатыр.
Осы келген топтардан он шақты жiгiттi iрiктеп шығарып, бастығын Майбасар етiп, Құнанбай әуелi Бөкеншiге жiберттi.
Қызылшоқыдағы Бөкеншi әлi де көшпей отыр едi.
Мыналар бара сала, тығыз бұйрық етiп, Талшоқы мен Қарауылға қарай сол Бөкеншiнi бiр-ақ көшiрдi. Сүйiндiк, Сүгiрлер осындай сылтауды күтiп, қос қанатын қомдап. Отыр екен. Алдымен көшкен солар болды да, өзге Бөкеншiлер де ерiксiз тартып кеттi.
Бүгiнгi күн көшкен жалғыз Бөкеншi ғана емес, Құнанбайдың өз аулынан көшкендер де бар едi. Ол Өскенбайдың үлкен үйi - Зере отырған ауыл. Және соның қасындағы Ызғұтты, тағы бiрнеше Қарабатыр, Жуан-таяқ ауылдары болатын. Қысы-жазы Ұлжандармен бiрге көшiп жүретiн Жидебай, Барақты қыстайтын ауылдар.
Құнанбай бұл уақытқа шейiн ол ауылдарды қыстауларына жiбермей, өз тобын бiр арада жиып ұстамақ боп келiп едi. Ендi суық түскенде, кәрi шешесiн және Ұлжан қолындағы жас балаларын тоңдырып отыра беруге болмады.
Зере мен Ұлжанға бала атаулының барлығы "қыстауға көшейiк, тоңдық"– деп салмақ салған. Осымен Зере Құнанбайға ұрсып, ерiксiз бүгiн көшетiн еттi.
Осы ауылдарын көшiрiп, жөнелтiп болған соң, Құнанбай дәл бүгiндей Шыңғыс өңiрiндегi әбiгер мен қарбаласты тез пайдаланбақ болды.
Бағана, таңертеңнен берi үстi-үстiне келiп жатқан аттылар қазiр түс кезiнде қалың нөпiр, үлкен қол болды. Тегiс сойыл, найза, айбалта, шоқпар ұстаған, шабуыл мен соғысқа әзiрленген қол.
Бұл келгендер Ырғызбайдан басқа Торғай, Топай, Жуантаяқ, Әнет, Сақ-тоғалақ сияқты рулардың топтары. Және бiр қалың нөпiр Көтiбақ болатын. Осы елдердiң бәрi де Шұнай, Ши, Жидебай, Қыдырдан бастап Шыңғысқа шейiн созыла қыстайтын елдер. Қарашоқыға жақын келетiн қыстаулардың елдерi.
Бәрін жиғанда да Құнанбай әуелі әр елдің ру басыларын қасына алып отырып, арттағы көпшілігіне сол ру басылармен өз атынан сәлем айтып жиғызған. Көтібақ Байсал мен өз атынан айрықша сәлем айтып, шапқыншы қылып та Көтібақтың өз жігіттерін жұмсап еді.
Соңғы уақытта да өзі Қарашоқыны алғаннан бері Құнанбай Байсалға бір уәде берген. Шысғыстағы қыстауы аз, саны мол Көтібақтың жерін молайтпақ еді. Көтібақ Жігітекпен жерлес. Бұрын бар Тобықтыны билеген Кеңгірбай тұсында Шыңғыс ішінен жақсы, құйқалы қыстаудың бәрін басып қалып, әлі нық баурап келеді. Енді басы өскен, малы өскен және ол күндерде жер есесі дұрыстап тимеген Көтібақты ол Жігітектен жер әперіп ырзаламақшы.
Жаз ортасынан бері жатып алды. Бөжейден жырып алып бауырына тартқанда, әсіресе, айқын сездіріп, қызықтырып қоятұғын. Сол Байсалдың өз сыбағасына арнаған бір қыстау болатын, ол қыстау бүгін Бөжей отырған атақты Тоқпамбет.
Құнанбай әзір өз басы алар жерін алғанмен Байсалды жайлатқызған-ды. Оның бер жағында Байсал Жігітек жерін келемен, жолмен алатын шығармыз деуші еді. Құнанбайдан «әперемінді» естігенде Байсал да үндемейтін. Екеуі бірге жасасып, қабақпен ұғысатын болғаннан бері, тегінде, Байсал үндемесе, ол көнгені. Қарсы болған жерінде ол қолма-қол бір-ақ томырылатын. Мына жолы әлі күнге сол үндемеумен келеді. Көтібақты жаздан бері Құнанбайдың дегенінен шет жайылдырған емес. Билетіп, ырқымды, түсімді беріп көрейін, қайда, қалай апарар екен деп байлаған еді.
Ал соңғы екі-үш күннің іші шатасып, шиеленісіп барады. Енді Тоқпамбет зорлықпен тимесе, берекемен тиетін емес. Зорлықпен жылатып тартып алып береке таба ма? Және, әсіресе, Жігітек әрі көп, әрі аталы мықты ру, өзінде Құнанбаймен тіресіп жүрген Бөжей бар. Ол Көтібаққа ата қыстауын ұзақ бауратып, құтты қоныс қып қоя ма? Зорлықтың да қайта оралар орайы болмай ма? Сонда Бөжей Байсалға Тоқпамбетті байырғы, тұрақты қыстау етіп неғып шыдап отырады? Неғылса, зорлықпен алғанның түбі қайыр болар деп айту қиын. Бір алуын алса да, артынан аударып тастап жібермесе.
Міне, бүгінгі күн үндемей, ауыз ашпай Құнанбай қасында жүрген Байсалдың іші осылай еді.
Дәл шаңқай түс кезiнде Құнанбай шарт киiнiп, Байсал, Майбасарды ертiп тысқа шығып, барлық елге:
– Ал, ағайын, мiн ендi тегiс аттарыңа!– деп айғайлап тұрып, бұйрық еттi.
Жұрт жапыр-жұпыр атқа мiндi. Ырғызбай жiгiттерi қаруларын қолға алған. Өзге ел де тегiс қару алды.
Бұл уақытта жел қатайып, күн суытып, таңертеңгi қиыршық қар ендi бетке сабап, қалыңдап түсiп тұр. Айнала бұлыңғыр. Шыңғыстың биiктерiнен бүктетiлiп, булығып түсiп, ағындап өтiп жатқан тұманды шаңыт та бар екен.
Құнанбай ұзын торы аттың үстiнде тұрып, айналаға, күн реңiне қарап алып, iшiнен:"қол қарасы көрiнбейдi, мұнысы тiптi жайлы"– дедi.
Қастарының арасынан түскен екi сай ажымы болушы едi. Сонысы қазiр тереңдеп, қатты түйiлiп алыпты. Бетiнде ұзарып қарауытып шыққан түктер бар. Үлкен, өткiр жалғыз көзi қанталап, шапшаң қарап, жалт-жұлт етедi.
Жұрт тегiс атқа мiнiп болған соң, екi жағында тұрған Байсал мен Майбасарға қарап, бұйыра:
– Бас!– дедi.
Қара қатқақ болған бөктердi дүбiрлетiп, тасырлата басып, қалың қол Жiгiтекке қарай тартты.
Қолдың алдында Құнанбайлар. Қатты жүрiп, сау желiп келедi.
Құнанбай қолы осы күнi түс аумастан, Тоқпамбеттiң батыс жағындағы салбыраған тұмсыққа желе-жортып, шыға-шыға келдi.
Бөжей қыстауы қозы өрiсiндей жерде. Тұр. Қораға кiрген екен. Мүржелерiнен сары қидың түтiнi бықси, шалқып шығып жатыр.
Қораның айналасында, мұнда да нөпiр көп екен. Бiрақ жаяу жүргендер. Дәл қораның өз жанында, сай тұрған аттар бiрен-саран ғана. Құнанбай тез байқады. Ерттеулi аттың барлығы да, қыстаудан жоғары, төмен созылған тоғайлы қалың шабындының бойында өрелеулi жүр екен.
Ырғызбай жағынан шыққан қалың қолды көрiсiмен ауылдағы барлық жиын аттарына қарай асыға жүгiрiстi. Қолдарында, сойыл, найзалары бар. Қарсылыққа бекiнген жиын.
Ендi бiр азғантай аял болса, бұлар да тегiс атқа мiнiп алатын сияқты. Онда қарсылық, шаппа-шап келген соғысқа айналмақ. Осыны есептеп алған Құнанбай пұшпақ тымағының құлағын байлй бере, торы атты тебiнiп қамшылап алып:
– Қапта, қапта! Олжай, Олжай!– деп, ұран салып, ағыза жөнелдi. Барлық қалған қол айғай салып:
– Олжай Олжай!– деген ұрандармен дүрк жөнелдi.
Қатты жел күнi қаптап жанған қаудай болып, жер күңiренткен жайын үн шықты. У-шу, дүр-дүр етiп, дүрiлдеген дүлей күштiң суық үнi.
Бөжей аулындағы жиынның саны, мынау қолдан сонағұрлым азғана.
Жiгiтек, тегi сайлана алмай, қамсыз қалған сияқты. Соғыс болса, мұндайда бұрынғы көпке мәлiм әдет бойынша тұрысатын жерiн айтсын десiп ап, содан кейiн қол жиюшы едi. Құнанбай оны iстемедi. Шұғыл келдi.
Бөжей қасына қазiр жиылған, Шыңғыс iшiндегi Жiгiтектiң ғана бiраз қауымы. Ойдағы Балпаң мен Шидегi Жiгiтек хабарсыз қалған.
Тiптi таудағының көбi де бүгiн қораға кiрудiң әбiгерiнде.
Иiсi Бөкеншi iшiнен, қазiрде Бөжей қасынан табылған он шақты қара шаруа ғана. Оларды бастап келген Дәркембай едi. Жидебай, Мұсақұлдан, Қыдыр мен Көлқайнар, Қызылшоқыдан сойыл ұстап Қарашоқыға қарай шапқылап кетiп жатқан лек-лек аттыларды көрiп, Дәркембай:"осы тегiн емес. Жiгiтекке қарсы, Бөжейге қарсы жиылып жатқан қол" деп байлаған.
Бөжейге де, өзге Жiгiтекке де, бағана түстен бұрын кеп, Құнанбай жағының жаманатын жеткiзушi дәл сол Дәркембайлар болған.
Жолшыбай Байдалы мен Қараша, Қаумен, Үркiмбайды да атқа мiнгiзiп, асықтырып ерткен солар.
Қазiрде Бөжей қорасының алдында тұрған қырық шамалы кiсi бар. Бұлардың ортасындағы Бөжейдiң өзi. Қасында, Бөжейдi жалғыз тастамайық деп қоршап қалған сол Дәркембайлар және Байдалы, Қараша, Үркiмбай, Қаумен, Қожақандар едi.
Бұл сияқты егде кiсiлермен қатар, Құнанбай шабуылын тосып тұрған бiр топ жас жiгiттер де бар. Ол Қауменнiң екi мықты баласы Базаралы, Балағаз, Қарашаның баласы Абылғазы. Және Жiгiтек iшiндегi өзге жанкүйер ағайынның жас азаматтары Бейсембi, Әбдiлда, Оралбай дегендер болатын. Бұлар әуелi:
– Кеңгiрбай, Кеңгiрбай!– деп ұран салып, жаяу болса да, қолдарына шоқпар, сойылдар алып, қыстау жанында тұрған бестi-онды ерттеулi атқа мiнiп, қарсы шықпақ едi.
Байдалы ақырып бұйрық еттi де:
– Тоқта! – Е, мына Бөжейдi жалғыз тастаушы ма едiң? – Өлсең, қасында өл!– деген. Құнанбайлар тақап қалды. Iркiлер емес. Айбар шегiп, сойылдарын көтерiп ұстап, жаланып келедi.
– Қап, қор болдық қой! Қапыда қалған басым! Қапыда кеттiм ғой тағы да!- деп, Бөжей қатты ширықты. Бұлардың азғана сенiмi қыстаудың жоғарғы жағы мен төменгi жағындағы жiгiттер едi. Олар аттарына жетiп қалған екен. Бестен-оннан топталып, сойылдарын көтерiп, жауға қарай жосытып көлденеңдеп шауып бердi. Бiрақ алды солай болғанмен, арттағы көпшiлiгi аттарын тез ұстап мiне алмай жатыр.
Ендi Олжай қолы бұл жаяулардың көпшiлiгiн атқа мiнгiзбей басатын болды.
Құнанбай шауып келе жатып, оң мен солдың екi жағына да жүз қаралыдан екi топты жыра жөнелттi. Солар өреде жүрген аттарды қиқу-айғаймен шошытып бездiрдi.
Сойылдың астына алып, үстерiндегi ер атаулының барлығының қастарын талқан етiп, қиратып жүр.
Жiгiтек жағынан алғаш атқа мiнiп қарсы шапқан селдiр топтар Құнанбай бастап келе жатқан қалың нөпiрдiң өзiн жанай шауып едi. Оларды да көптiң селi басып кеттi.
Екi жаққа бөлiнген топтарынан басқа, Құнанбайдың артындағы нөпiрдiң өзi де тiптi мол.
Көлденеңнен килiккен жiгiттердiң аттары әп-сәтте ойнап шыға бердi. Бiр жiгiтке тақ қырық-елу сойыл қарсы келген болу керек. Оп-оңай ұйпап кеттi.
Аттарына жете алмай, жаяу қалған жiгiттер өздерiнiң үстiне барған қалың топтармен:
– Қайт! Қайт!– деп тұрып, жаяу күйде соғыспақ едi. Бiрақ атты мен жаяу соғыса алсын ба? Аттың екпiнiмен кеп сойылды соққанда, ат үстiндегiлер жаяуларды қағып жығып, домалатып-домалатып кеттi.
Осымен қыстаудан оқшау кеткен азаматтың барлығының да ерiксiз титығы құрыды. Көптiгiне сенiп, өркештенiп алған. Және мыналардың қамсыздығын көрiп, бiржолата дандайсып алған жаулар ендi ұран менен айқай-шуды тiптi қатты үдеттi.
– Айдос! Айдос!
– Ырғызбай! Ырғызбай!
– Топай! Торғай! Топай! Торғай!– деп арғы ұраны Айдосты бiр атап, одан қала берсе бергi әруақтарын да жиi шақыра жүрiп, Жiгiтек жiгiттерiне тақай бергенде:
– Қыр! Жой!– деп барынша шошытып, зәрiн шашып келедi.
Ендi бөгет атаулы жапырылып болған соң барлық қолдары жан-жақтан қыстауға қарай лап берді. Жер-дүние азан-қазан. У да шу айғаймен, тасыр-тұсыр әлекке толды. Нағыз шабын-шылықтың жат сарыны басты.
Бөжей тобы әлi күнге қыстау алдында едi. Барлық бұл арадағы жиын сойыл шоқпарын көтерiп, арқа жүнiн үрпитiп ер тағыдай тапжылмай тұрған-ды. Ендi айналаның барлығын жау алған соң, Байдалы қатты дауыстап:
– Бiттi ғой! Шарасы құрғыр бiттi ғой! Тарт ендi, қораға тарт! Есiк-есiктi алып тұрып, қораға кiргiзбей өлiсiп көремiз!– деп, бар жиынды солай бастады.
Орталықта, үлкен есiк аузында Байдалы мен Бөжей. Бұларды қоршаған өңшең ер жастар, Базаралы, Балағаз сияқты. Қожақан сияқты мықты жiгiттер болатын.
Жау атаулы қалың нөпiрмен қораның үстiне ақтарылды. Шапқылаған күйiнде ағылып кеп, үйiлiп жатыр. Барлығынын үйiрiлгенi Құнанбайдың айналасы екен. Бұйрық, әмiр күткендер. Тап ортада Құнанбай, атының үстiнен әлi түспей тұр.
Дәл осы кезде, қораның iшiнде, Дәркембай Бөжей мен Байдалының арасынан ентелеп кеп, сирақты мылтықты көтере бердi. Қораның iшкi жағынан жаңа жүгiрiп кеп едi, қайдан алып шыққаны белгiсiз, құлағы қайырулы, бiлтелi қара от қойса тарс бергелi тұр. Асығыста Бөжейдi топшысымен қағып, өтiнiш етiп:
– Мынау соқыр аяйын деп тұрған жоқ. Тағы да түбiмiзге жеттi ғой. Атамын! Жайратамын!– деп, шақпағын шаға берiп едi.
Бөжей оны қатты серпiп жiберiп, тоқтатып:
– Атпа, тарт былай! Аруақ бары рас болса, бұдан келген кердi көрермiн!- дедi. Бұл кезде Құнанбай айғай салып, бұйрық берiп:
– Алып шық шеттерiнен! Сүйретiп шық iндерiнен! Қол-аяғын байлап ап шық өңшең тоң мойын құлдың!- деп, Майбасар бастаған барлық Ырғызбайды қораға қарай жаяу қаптатты.
Олар есiк-есiктiң алдында iркiлiп қалғандықтан, Құнанбай тағы ақырып:- қапта, түс аттан!
– Қапта тегiс!– деп, Көтiбақ, Топай, Торғай жiгiттерiн де тұтас айдап салды. Байдалы мен Бөжейдiң қасындағы Базаралы, Балағаз, Дәркембайлар қатты-ақ қимыл етiп едi. Бiрақ, қалың нөпiр үркiп кiрген қалың қойдай боп, кернеп басып кеттi.
Төбесi аласа қораның iшiнде Базаралы, Дәркембайлар сойылдарын да құлаштап тұрып сермей алмады. Аз-ақ уақыттың iшiнде қалың-қалың топырлар Жiгiтектiң қырық кiсiсiн тағы да ұйпап, жеңiп алды. Жiгiтектердi сүйреп-сүйреп алып шығып жатыр.
Қараша мен Үркiмбайдан бастап, жас жiгiт атаулының барлығын тысқа шығара сала, бес-он кiсi жабыла түсiп, торсылдатып дүре соға бастады. Бетi қан, омырауы мен сырты қан болған Қараша, Дәркембайлар тiлiн тартпай, барлық қарғыстың бәрiн Құнанбайдың дәл өзiне арнап, айғайлап айтып жатыр. Бiрақ көптiң шуының iшiнде ол сөздер Құнанбай құлағына жеткен жоқ. Алып шыққанның бәрiне қарап:
– Саба, сал дүренi! Аяма! Қарсыласады ғой бұл Жiгiтек?- деп, өз бұйрығымен сабатып тұрған Майбасар.
Талмастан, бөгелместен қамшы жұмсайтын жалаң қаққан жiгiттер бар. Солардың басы екi атшабар: Қамысбай мен Жұмағұл.
Құнанбай алғашқы шыққандарға қарап тұрған жоқ. Оларға берiлiп жатқан жазаны да елеген жоқ. Үлкен қораның үш есiгiнен шығарып жатқан Жiгiтектердiң пiшiндерiне ғана қадалды.
Күткенi, тiсiн басқаны бiреу-ақ. Мiне ендi, ең соңында оны да алып шықты. Бұл -Бөжей. Өзгелердей емес. Әзiр қыры сынбаған күйде, өз еркiмен шығып келедi. Бас киiмi – пұшпақ тымағы да өзiнде. Басқаларша үстi де жыртылмаған. Итерiп шағарған да кiсi жоқ. Тек екi жағын, алды-артын қамалаған Ырғызбай ғана көп екен.
Құнанбай атына қамшы басып жiберiп, омыраулатып келдi. Мұның қасында тұрған Байсал да осы кезде қатты тебiнiп, қатарласып кеп қап едi, Құнанбай Майбасар мен Қамысбайға ақырып әмiр етiп:
– Соқ дүренi!- дедi.
Бөжейдi сол сәтте Қамысбай мен Жұмағұл екеуi жағадан алып жұлқып, жығып салды.
– Сал дүренi! Артын түрiп қойып соқ!– деп, Құнанбай қалшылдап кеп, төнiп тұр.
– Көзiң аққыр, көзiң ақсын! Ей, Құнанбай, аруақ қаны. Қарғыс атқыр!– деп, Бөжей айғай салып едi, осы кезде оны жығып салып, тоны мен шапанын түрiп тастап, Қамысбай қамшыны қайқайта көтерiп алды. Бөжейдiң етi аппақ екен. Белi мен арқасы ашылып, көлденең жатыр. Барлық қалың жиын дәл осы сәтте жым-жырт боп тына қалды.
Қамысбайдың қамшысы сермеген бойында Бөжейдiң арқасына төне бергенде, бiреу келiп, өз денесiмен Бөжейдi жаба бере, құлап кеп түстi.
Бұл Құнанбаймен ере келген Көтiбақ Пұшарбай едi. Бөжейдiң Көтiбақ iшiндегi құрдасы, досы болатын.
– Уа, жеттi, жеттi ғой, Құнанбай! Араша, араша, – деп айғайлап жығылды.
Құнанбай бұған қатты зәрленiп, оттай күйiп, ашуланып кетiп, өз қамшысын иiрiп кеп:
– Соқ дүренi! Өзiне де соқ бұл иттiң!– деп ақырып жiбердi. Сол кезде Құнанбайдың қақ қасынан қатты ашулы айғай шықты.
– Боқты соғарсың!– деп, саңқ еткен Байсал едi. Құнанбай бұған атып жiберетiндей болп жалт қарап тұрып, бұзылған түсiн анық таныды. Бiрақ өз дегенiнен қайтқан жоқ.
– Соқ! Екеуiне де соқ!– дегенде, Майбасар бастаған Ырғызбай мен атшабарлар батырлатып жөнелдi.
Бөжейге де, Пұшарбайға да қамшы тиiп жатыр.
Байсал ендi өз атын кимелетiп, Майбасарды қаға-маға Пұшарбайды айыра бердi. Барынша ақырып, айғай салып:
– Көтiбақ! Көтiбақ! Ер, соңымнан, Көтiбақ!– деп ұран салып, бар Көтiбақты бiр-ақ сәтте екшеп алды. Қалың нөпiрмен Құнанбай тобынан лезде бөлiнiп ап, Жiгiтек жаққа шыға бердi.
Бiрақ бұл арада оған қосылып, төбелеске шығарлық Жiгiтек тобы мардымсыз. Сондықтан ол Құнанбай қолымен соғысқан жоқ. Осы арада ашумен булығып кеп, Бөжей үшiн, Пұшарбай үшiн, барлық ағайын ел үшiн намысы қайнап, жаны ашып, Жiгiтек жаққа жарқ бергенi анық.
Жұрттың бәрiне де бұл жай оп-оңай танылды. Майбасарлар ендi бұдан ары Бөжейдi ұра алмады. Босатып, тұрғызып жiбердi.
Бөжей тұрып алып, анадай жерде сырттап бара жатқан Құнанбайға айғайлап:
– Әй, Құнанбай! Мен сенi оқтан аяп ем жаңа, сен менi отқа салдың ба? Осыныңды ұмытпа!– деп қалды.
Құнанбай Көтiбақтан басқа қалған қолын iрiктеп алып, әлi де қалың нөпiр болып, Қарашоқыға қарай тартты.
ЖОЛДА


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   70




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет