Абай жолы. 1 кітап



бет14/70
Дата06.05.2023
өлшемі7,5 Mb.
#176199
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   70
Байланысты:
Абай-жолы


2

Мақұлбайдың жетiсi өткенше, Құнанбай Тәкежан үйiнен Нұрғаным аулына қайтқан жоқ. Жас тоқалдың үйiне қайтпауы – осы аз күн iшiнде Нұрғаным айналасында көп пәле туғызып жатыр. Даурығы аз, бiрақ зiлi мен түйiнi қиын пәле. Бұл ауылдарға жат болған аса бiр ауыр тартыс болып тұр. Ол тартыс әзiр Оспан мен Нұрғаным арасында. Екеуiнiң бiр-бiрiне қазiргi күндегi өштiгi, амалсыз iшке тығып жарияланбай жүргендiктен, әсiресе ширығып қатаяды.
Оспанның кеше Абайға айтқан хабарындағы хал бүгiнде де өзгерген жоқ.
Базаралы Құнанбайға сәлем бере келген-дi. Оны Тобықты жiгiтi iшiнен, Құнанбай әр кезде бөлек, ерек көретiн. Өз бала, iнiлерiне жасамайтын iлтипат жасайды. Жас жiгiттi сөйлетiп, әңгiмелерiн тыңдайтын. Мекеден қайтқалы Базаралымен алғаш кездескенi осы жол болғандықтан, оның шаруа қамын да көп сұрастырған. Үй iшiнiң, әке-шешесiнiң күнге жоқшылықтан арылмай жүргенiн естiген. Осы кезде тiптi жүдеп, шөгiп кеткен ауыр мұқтаждық халiн бiлген.
Өзiне бiткен азаматтық, зор көкiректiк бойынша Базаралы жоқ-жiтiк жайын көпшiлiкке айтпайтын. Бiрақ Құнанбайдан ешбiр сырын iрiккен жоқ. Айдауға кеткен Балағаз үйiнiң жетiм-жесiр болған бала-шағасы торғайдай тозып жүргенiн де жасырмаған. Оның ересек тартқан балалары айран-шалап үшiн әлдi ағайынға жалшыға да кетiптi. Жастары болса, iшерлiк сусыны да жоқ.
Күйеуi бейiл көрсеткен азамат ағайынға Нұрғаным да жаттық етер жөнi жоқ. Ол Базаралыға арнап, әртүрлi киiм тiккiзе жүрдi. Әлi күнге Базаралының нұрлы жүзiне, жолбарыстай келбеттi тұлғасына Нұрғаным айнымас ыстық достықпен қарайтын. Дүниеде бұл кешкен тiршiлiкте қызығы басылмас шын қадiрлес ардақтысы – осы қонақ. Нұрғаным бұл ауылдардың өзге адамы не ойлайтынын елеген жоқ. Оспанның бұны сырттан қыжыртып жүрген қабағын сан есiтсе де, түк қымсынбай, ернiн шүйiрiп, "есуас" деп қана қоятын.
"Базарылыға киiм тiккiзгенi де масқара! Әдейi сыр ашқаны ма? Бұдан асқан айғақ бола ма?" деген Оспан сөздерi Нұрғанымға жеткенде, онан да қымсынған жоқ. Құнанбай бұйрығымен iстетiп жатқанын айтуға да ерiнген. "Ойласа ойлай берсiн бар сұмдығын" деп, ерегiсе түскен-дi.
Кеше кешке Ақылбайды өзен жағасына жiбергенде, Нұрғаным Оспанды әдейi бiр кежiрлiк, қиястықпен әзiлдеп сынамақ едi.
Оспанның тұрпайы мiнезiн Ақылбай дәл жеткiзiптi. Бiрақ, оған өр көкiрек, кесек бiтiмдi Нұрғаным ызаланған да, қайысқан да жоқ. Бұрынғы күй, бұрынғы қалпы өзгермедi. Абай көзiнше Оспанның бұны қатты қыжыртқанын Нұрғаным алғаш естiгенi осы болса, одан да қысылған жоқ. Өз iшiнен "Абай Оспанның жетегiнде кетсе, оны да көрермiн!" дегендей болды. Осымен тағы бiр-екi күн өттi. Оспан әлi де томырылған күйде жүр. Бүгiн, таңертең келген малға су құйғызғалы өтiп бара жатып, Нұрғаным мен Базаралының үй iшiнде қатты күлiп, әзiлдесiп отырғанын естiдi. Содан құдық басында тұрғанда Нұрғаным үйiнен шығып, су ала келген жас келiншекке ақырып жiберiп:
– Қайт шапшаң! Нұрғанымға бұл құдықтан су тимейдi. Алғызбаймын, арамдатпаймын құдығымды. Айта бар! Бұдан былай бұл құдыққа қарай Нұрғаным үшiн аяғын қия басатын кiсi болса, желкесiн қырқамын! – дедi.
Және сол келiншек кеткенше малға су құйып тұрған Масақбай, Дарқан сияқты бiрнеше еркектерге: "күндiз-түн осы құдықтың басын күзетiңдер де, Нұрғанымға бiр ауыз су таттырмаңдар!"– деген.
Осы бұйрығын Оспан күнi бойы талмастан өзi бағып, шынымен орындатты. Нұрғаным аулы бiр тамшы су ала алмай қойды. Қолына дырау қамшы алып, бiресе құдық басында отырып, бiр кезек ұзын торы атына мiнiп, Нұрғаным аулынан суға қарай шыққан кiсi болса, ақыра қуады. Кейбiреуiн қамшылап, айдап тастайды. Кешке жақын ауылдан қашаң жердегi өзенге түйемен барып, бөшкелеп су әкеле жатқан екi кексе қатынды көргенде, Оспан өзi алдарынан шығып, суларын түйе үстiнен ақтарып төккiздi де:
– Нұрғанымға айт, Базаралыны кетiрмесе, нәр татқызбай, шөлден қатырамын. Жаны барында қазiр жөнелтсiн! Үлкен пәле iздемесе, тыйылсын қазiр! – дедi.
Түн бойында да су алдырған жоқ. Ертең таңертең тағы сол күй басталды. Бүгiн Оспан қап-қара боп түтiккен. Отырарға орын таппай дiрiлдей түсiп, сабыр-тақаттан бiржола айрылған едi. Нұрғанымның үйi мен аулы ендi судан шын зарықты. Оның үстiне мынау мiнез анық ашық жаулыққа бастады. Кесiр өсек кiмнiң де болсын жаманатын шығарып, абыройын төккендей. Екi жағы да қатерге басып барады.
Қайратты Нұрғаным бүгiн Оспаннан кем ызалы емес едi. Базаралыны аттандырған жоқ, ол түгiл қонағына кешеден бергi қырсық қастықтың елесiн де сездiрген жоқ. Тыста қабағын түйiп, ызалы жүрсе, үйге кiргенде, түк көрмегендей болатын. Нұрлы қызыл жүзi iш қуанышымен, шын рақатымен жадырағандай, жайнай түседi. Базаралыға бұрынғыдан да бетер құрмет көрсетiп, үнемi әзiл қатады. Базаралы болса, сыртта боп жатқан қияс тартыстың бәрiн күтушi әйелден ерте бiлген. Бiрақ ол да өзiнiң майталмандық табандылығына басып, "қайтер екен?" дегендей Нұрғанымға сүйсiне түсiп, ажарын бағады да, өздiгiнен үн қатпайды. Осындай iштей-тыстай арбасу арасында күн түске тақаған шақта, Нұрғаным әйел атаулының бұндайда көбiнiң қолынан келмейтiн батыл байлау жасады.
Ауыл қонып отырған жер сазды көгал. Қай жерiн қазса да құдық болады. Осыны ойлап, өзiнiң көршiсiнен үш бала жiгiттi қасына ертiп, ас үйiне кiрдi. Сондағы келiншекке от орнын босаттырып жiберiп, келген жiгiттерiне:
– Дәл осы үйдiң iшiнен құдық қазыңдар! – деп, бiр-ақ бұйырды.
Жiгiттер Нұрғанымның екi айтқызбас нық әмiрiн орындап, жер қазуға кiрiстi. Нұрғаным саспады. Шошақ қара көздерi жалт етiп, нұр шаша күледi. Кәр өтпес шұғылалы жүзiне егесшiл бiр мысқыл толып:
– Қодар құлдай қара күшiне сенген Оспан масқара болғанын тез бiлсiн. Құдықты шапшаң қазып, самауырды тез қойып жiберiңдер! – дедi.
Толық көркем кеудесiн ерекше паңдықпен кере түсiп, салмақпен шалқия басып, ас үйден өз үйiне қарай көрнек берiп кете барды. Үлкен, ауыр шолпысы Оспанды сықақ еткендей саспай ғана сылдыр-сылдыр етедi. Нұрғанымның бұл iсi осы өңiрдiң барлық әйелiне кейiн аңыз болған едi. Үлкен қайраттың жан қиысар достықтың айнымас айғағындай болған.
Осы күндерде Қорықтағы ауылдардан он бес шақырымдай жерде, дәл осы Қорық сияқты мидай жазық, салқын қоныс Ералыда бiр әбiгер хал болып жатыр. Ащысу өзенiнiң ең суы мол тұсы – Ералы. Биылғы көктемде өз бойына қалың елдi, жүзден аса ауылды тартқан сол Ералы болатын. Ол тұста отырған Ырғызбай, Бөкеншi, Жiгiтек, Көтiбақ рулары. Және осы тұсқа жақын, сонау биiк тау – Орданы қыстайтын Мамай да көп. Қазiр осы Ералыдағы ел үстiне сайлау келдi. Бұл болыс сайлауы. Көп ауылдардан оқшау барып, жиырма-отыздай үлкен ақ үйлер тiзiле тiгiлген. Үйлердiң орналасып отырған қалпы да, мал иесi ауыл емес, не ас пен тойға, не болмаса дәл осы жолғыдай оқшау келген ұлыққа тiгiлген үйлер екенiн көрсетедi.
Ол үйлерге келетiн бұл жолғы ұлық, жай сайлаушы крестьян начальнигi емес, Семейдiң Ояз начальнигi. Қасында топ стражник, урядниктерi бар, екi крестьян начальнигi бар. Бұл Ояз көп пәуескемен, қалың қоңырауларды шылдыратып кептi. Алды-артына орыс-қазактан жасауылдар шаптырып, үлкен бiр айбар шегiп келген. Алғаш тақай берген күндерiнен-ақ, алдынан шыққан Қызыл-адыр мен Шыңғыстың екi старшынына қолма-қол дүре соққызыпты. Сондай жұртты сескендiрген дақпырты ере келдi. Қазiрде Ералы бойында отырған екi болыстың қалың елiне, қыруар ауылдарына бұл келген Ояздың аты " Тентек-ояз " деген лақаппен дабырайып тұр.
Абай Ақшоқыдан келе жатқан бетiнде, Ералы бойында, ұлықтар үйiне жақындау отырған бiр кедей ауылдың қасына кеп тоқтады.
Бұл ауыл – малды ауылдардан қалпы, сұрқы бөлек. Көп үйлi ауыл. Және үйлерiнiң барлығы да шетiнен құрым киiздi, жүдеу, жыртық, қара үйлер, қоңыр үйлер. Азғана аяға үйiле, жиыла қонған малсыз ел екенi оңай танылады. Жақын өңiрде үй саны ең көп ауыл да осы, отыз-қырықтай. Маңында байланған құлын жоқ. Қотан ортасындағы қой жататын қорасы аз. Ауыл айналасында iрi қара да сирек. Анық ауыр жоқтықтың, кем тар кедейлiктiң кейпiн танытады.
Абай мынау ауылдың көп жатақ атанған, көп рудан құралған ауыл екенiн бiлушi едi. Ақшоқыға қыстау салғалы ерте көктемде Абай көшiп келгенде, қыстан қысылып шыққан сол жатақтардың: Дәндiбай, Еренай деген шалдары Абайға келген. Ас-азықтай азды-көптi көмектер алып кеткен-дi. Сол Дәндiбайлар Абайға жайларын айтқан.
– Жатақ деген бiр тайпа елмiз. Бiр шетiмiз – қысты күнi Байғабыл, Мыялыны қыстайды. Бiр тобымыз – мынау өзiңе жақын Кiндiктi Шолпанды паналайды. Бұл жатақтың iшiнде қырық рудан құрылған ел бар. Ордадағы Мамайдан, Шыңғыстағы Көкшеден де, жоқтық қанатын қырқып, шабан-шардақ болған талайлар бар. Қысты күнi жаман-жәутiк, арық-тұрағымызбен әрбiр сайға бұқпалап, паналап тiршiлiк етемiз. Күн көзi жылтырап, көктем келе барымызды салып, үш үй, төрт үйден бiрiгiп, жер тырмалаймыз. Жер емшегiн емген, еңбегi жанса, тым құрмаса талшығын алар деп, егiндi кәсiп етемiз. Маңымызға келiп қыстау салғаныңа елдiк қып күш-көмек етсек жарар едi. Iске жарайтын жiгiт-желеңiмiз болса, қырман шабу, былжыр басу сияқты жұмысыңа жiберемiз. Керегi боса, бiзге оныңды айт! – дескен-дi.
Абай Дәндiбай сөзiнен жақсы бейiлдi аңғарса да, ол кезде көмектерiн алмаған.
– Жатақ болған соң талшығың егiн екен. Көктем сендердiң ауыр бейнет кезiң ғой, егiндерiңдi егiп ал. Аз күштерiңдi алаң қылмайын, бейiлдерiңе тойдым. Қораны осында өзгелер-ақ салар. Бiрақ тобыңа бөтендiгiм жоқ. Жер аяғы кеңiген соң барам, аралап қайтам. Амандық боса, тату көршi болармыз. Ағайын, туғанға сәлем айтыңдар! – деген-дi.
Сол әңгiмеден соң жатақ iшiне Абайдың алғаш келгенi осы. Сайлау басына бармай әуелi осы жатақтарға Абай әдейi бұрылған. Ербол екеуi әуелi қиыс өте берiп, бiрiнен-бiрi: "мұншалық көп кiм екен" десiп сұрасты.
– Осы жатақтар болар. Япырай, жоқшылық қалай жүдеткен мынау елдi! Сонау шетiндегi, әне бiреу, шашылған, жапырылған неменелер? – деп Абай атының басын тартып тұрып, Ерболды да тоқтатқан.
Абайдың көзi түскен шетте үйлер орнына, өңшең қоқсық қордадай, ерекше бiр панасыз жүдеулiк орнапты. Аса кiшкентай қара лашық күркелер көрiндi. Кей жерде ескi кебеже, ағаш мосы, ыңыршақ, ашамайлар, жаман сынық ағаш төсектер тұр. Сондай қоқсық арасында бастары қылқиып қана көрiнiп отырған жас балалар бар. Жыртық-шоқпыт тон-шекпенге оранған, дiмкәс кемпiр-шалдар байқалады. Ербол бұл көрiнiстiң мәнiн өзiнше жорыды.
– Ералыда дауыл қатты бола берушi едi. Осы ауылдың бiр топ үйлерi жығылып қалған ба деймiн! Әне бiреу жағы өңшең баспанасыз қалғанға ұқсайды ғой! – деген.
– Бұрылайық, бұларға не болған, бiлейiкшi! – деп, Абай көп үйлi ауылдың жаңағы күркелер жағына бұрылып келдi. Бұлардың алдынан ұзын таяғын ұстап, сақалы ақшыл тартқан бiреу шықты. Жалаңаш етке киген шекпенiнiң өңiрi жыртылған. Жүдеу жүзiнде ажымы мол Дәркембай екен. Жiгiттер бұны көргенде аттарынан түсiп амандасып, тақау күркенiң жанына келiстi.
Бұл жатақта Дәркембай да барын Абай бiлмейтiн.
– Жатақтың iшiнде сен де бар ма едiң, Дәркембай? Бұндай жайыңды мен неғып бiлмедiм? – дедi.
Дәркембай басында үндемей отырып барып сөз қатты. Сенiң бiлмегенiң, мен жаңа кеп қосылып отырмын.
– Ендiгi қалған тiрлiкте мекенiм, жұртым осы ел! – деп бастап, бiрталай ұзақ сөйлеп кеттi. Осында отырған қырық үйлi жоқ-жiтiктi сұрасаң, менiң теңтұсым екен. Сүйiндiк пен Сүгiрдiң малы бар деп, көшiне iлесем деп, көп өмiрiм текке өтiптi. Шыр бiткен мен жоқ. "Әлiң барда сойыл соғарым едiң. Қыс боса, қара малымның қарақшысы едiң. Қартайғанда, әл кеткенде сенiң де еңбегiң жансыншы. Кәрiлiгiң кәрiптiкте өтпесiншi" деген кiсi жоқ. Таңым айрылды. Ендi ыңыршағымды арқалап, кезбенi қойып, мынандай ел арасына байыздауға келдiм. Осылар еткен тiрлiктi тiрлiк етпек боп келдiм! – деп, өз күйiн жабырқау, жадау қабақпен баян еткен едi. Ербол:
– Бұл ел iшiнде жақын ағайының, туысың бар ма, жоқ па? "У жесең руыңмен" деушi едi. Тобыңнан жырылғанда, мұнда кiмдi пана тұтып кеп жүрсiң? – дедi.
Өзiнiң Бөкеншiлiк, ағайындық сөзiн қосып, Дәркембайды сәл кiнәлағандай сөйлеген едi. Дәркембай iркiлген жоқ. Ол Ерболмен дауласпай, Абайға қарап сөйледi.
– Бөкеншi, Борсақтан шыққан жанкүйер жақыным жоқ. Жақынды мұнда ғана емес, қалың Бөкеншiнiң қайнаған ортасында тұрғанда да көргем жоқ қой. Бұндағы туысым дейтiнiм – осы отырған қырық үйлiнiң бәрi. Атасы туыс емес, тiрлiгi туыс. Көрген көресi, кешкен соры менiмен туысқандар өңшең.
Ербол Дәркембай жүзiне жалт қарап:
– О қалай? – деп едi.
Дәркембай әлi де Абайға қарап:
– Оным сол, дәл солай, Абай! – дедi.
Тағы бiраз үндемей отырып, жуан таяғын көп лашықтарға жағалай нұсқап шықты. Дәркембайдың ендiгi сөздерiне кейде ызалы мысқыл араласады. Бiрақ сонысын да бiр қалыпты, салқын сабырмен айтады.
– Осында исi Ырғызбайдың бүгiнгi байыған Ақбердiсiне, Мырзатайына, Құнекең аулы – өзiңе қысы-жазы малшылықпен құлшылық еткен бiр топ Әнет, Қарабатыр да бар. Бөжей, Байдалы, Түсiптерге бiр күндер малшы, жалшы болған бiрталай жандар тағы бар. Бәрi менiң өзiмдей, талтиған таздар. Бұл елдiң iшiнде кiм бар десең, шал Дәркембай, қатқан шал Дәндiбай, дiмкәс шал Еренайлар бар. Өңшең шабан-шардақ. Азаматы бай малының соңында жүрiп, ауру, мертiк болған бiр алуан да бар. Өмiр бойғы бар қайратын ақ қар, көк мұзда, ақ түтек боранда, жан аямастыққа салғандар. Осы үйлердiң көбiне кiрiп қарасаң: – Бiрi қартайып шөгiп қалған, бiрi жастай семiп, солып қалған. Бiреуiнiң науқасы жел, бiрiнiкi құяң, суық сорған. Бiреуi көзден айрылған, тағы бiрiн сынық-мертiк шоңқитып кеткен. Қысқасы – мынау жыртық-тесiк үйлердiң өзiндей жағалай жүдеген бiр өмiр. Жаңағы Құнанбай, Бөжей, Байсал, Сүйiндiк, Сүгiр, Қаратайлардың көшiне ере алмай, керегiне жарамай қапты. Солардың жұртына тастап кететiн ескi ыңыршақ, тозған қауға, жыртық жабулары болмаушы ма едi! – деп, үлкен ажуа жасап күлдi. – Ал, менiң нем өзгеше? "У жесең руыңмен" дедiң ғой сен, Ербол. Менiң тап бүгiнгi күйiм де, туысым да осы жер. Руым, ұраным да осылармен! – дедi.
Абай Дәркембайдың сөзiнен аса қатты ойға қалып, бiресе қабақ шытып, сұрланып, бiресе күрсiнiп, тымағын қолына алады. Тынымсыз, қиналып отырған орнында қозғалақ қағады. Дәркембайға еңкейiңкiреп, тақай түстi.
– Дәркембай-ай! Жоқшылық пен жаманшылық ел iшiн кеулеген ғой. Сенiң көзiңдi, қыран көзiндей қырағы етiп, сол ашқан екен. Қазақтың сусылдаған дiлмары, су төгiлмес жорғасы, қызыл тiлден май тамызғаны неме керек! Шешендiк күшi шындық қой. Сенiң шоқтай күйдiрiп түсер жаңағы шыныңа қай Құнанбай, қай Сүйiндiк жауап айта алар едi. Жетесiнде азаматтық асылы бар жан болса, "бәрiн үйiп-төгiп, бiр Дәркембай жеңдi" демес пе едi! Мойын бұрғызбай, бұрап соқты дер едi! Өз көзiң ашылумен бiрге, менiң де көзiмдi қоса ашып отырсың десем керек қой! – дедi.
Бұлардың қасына осы кезде бiр топ кiсi тақап келдi. Әр үйден шығып, бас құрасып, кейбiреулерi жүк арасынан, қоқсық, шоқпыт, құрым арасынан шығыпты. Солар келген соң Абай бұл ауылдың бағанадан ерсi көрiнген бiр жайын сұрады.
– Ал мынау әр жерде баспанасыз, қаусап қалған кiмдер? Өзi бiр үй емес, көп үйдiң сiлемi көрiнедi ғой. Бұл үйлер дауылдан жығылған ба? Жөнiн айтыңдаршы! – деп, жаңа келген жатақтардан сұрап едi.
Келгендер арасында Абай бұрыннан бiлетiн Дәндiбай, Еренай сияқты қарттар бар және түстерi жүдеу, ашаң тартып, сұрланған, киiмдерi жыртық, екi-үш орта жасты адам бар. Ернiне насыбайын жымырып, томсарған, қабақ түйген сарғыш беттi жiгiттер де бар едi. Бұл топты Абайлар қасына бастап келген жатақ емес, осында қонақ боп жатқан Қарашаның Абылғазысы екен. Ол Абайлармен амандасқан соң, қастарына келiп, ең алдымен отырған-ды. Жаңағы Абай сұрағына жауапты Дәндiбай шал бердi:
– Дауыл соққан ба дедiң ғой, Абай шырағым! – деп, кекесiнмен бiр езуiн тартып, шала күлдi. Дауыл соққаны рас, дауылға ұшырамаса мынандай толып жатқан үйлер осындай боп жайрап қала ма? Дауыл соқты, бiрақ құдайдың дауылы емес. Ұлықтың, болыстың дауылы. Анау Оязға тiгiлген ақ үйлердiң мына жағында бөлек тұрған он шақты қараша үйдi көресiң бе? – деп, алдағы ұлықтар аулының сол жағын нұсқады. Абай мен Ербол ендi аңғарды. Оқшау тiгiлген ақ үйлердiң маңынан аулағырақ жерде бiр топ қара үй, бас түйiстiрiп кеңескендей, аз ғана аяға бүрiсе қоныпты.
Абайлар сол үйлердi көрiп алғаннан кейiн, Дәндiбай ұлықты бiр боқтап алды:
– Жатуына ақ үй керек. Мазағы мен масқарасына бiздiң лашықтарымыз керек болыпты ғой.
Ербол түсiне алмай:
– Қандай мазақ? Не масқара? – деп едi.
Бастығы Еренай боп, жиылып тұрған кедейлер жапырлап сөйлей бастады:
– Мазақ емей немене, жазалаған кiсiсiн салатын абақты қылам деп бiр үйлерiмiздi алды.
– Ас пiсiретiн үй деп бiреулерiн алды.
– Ол ол ма, Ералының кең жазығы жетпегендей, ұлықтар дәретке отыратын үй деп, тағы бiр үйлерiмiздi алды.
– Алғызып отырған болыс пен шабарман, өңшең қу старшын.
– Бұл қу топыры қашан бiтетiнiн ит бiлсiн. Ауру кемпiр-сампырымыз бар едi, кем-кетiк, ақсақ-тоқсақ, әке-балаларымыз бар едi. Отырған түрлерi анау, шоқпытына оранып. Бәрiнiң баспанасын сыпырды да әкеттi! – дестi.
Абылғазы Абайға бұндағы жұрт кейiсiн жеткiзе түстi.
– Тап осы көп жатақтан ендiгi болыс пен бидi сайлайтын кiсiмсiп, салмағын бұларға салыпты. Тiптi ырзалығын да сұраған бенде жоқ. Майбасар бұйырыпты да шабармандар кеп, жұлып-жұлып, ұйқы-тұйқы қып әкетiптi.
Абай айналасындағы жиынға қарады:
– Тауқыметiн өздерi көтерсiн, сендер неге бердiңдер?
Осы кезде бұлар отырған кебеже, жүктiң арғы бауырында жатқан, жыртық шекпенге ораған, шеке тамырлары көгерген екi кiшкене бала қыңқылдап үн қатты. Ауру балалар екен. Үрпиген қоңырқай шашының астынан бозарып, күстенiп, науқас ажарлы терiсi көрiнген төрт-бес жасар балаға Абайдың көзi түстi. Бала қыңқылдап, қайта тынышталғанда, оның көзiне, езулерiне, құлағының iшiне жапырлап қонған қалың қара шыбын көрiндi. Соған қарап отырып, Абай:
– Көзiне көк шыбын үймелетiп. Онсыз да тұралап жатқан аш-арыққа осынша қаталдық қылатын не қысасы бар екен, өңшең оңбағанның? Дәркембай, сенiң баяғы ашуың қайда кеткен? Шабарманын қақ басқа бiр салып, айдап тастамайсың ба? – деген едi. Жатақтар:
– Ойбай-ау, о не дегенiң!?
– Оған болайын деп тұр ма?
– Қақап тұрған жоқ па?
– Шабарман емес, сабарман ғой! – дестi.
Жатақтардың жаңағы соңғы жайды жапырлап сөйлеп Абайға түгел жабыла айтуы тегiн емес едi. Соның мәнiн Дәркембай таңданып қалған Абай мен Ерболға жайлап отырып баян еттi.
Осыдан он күн бұрын жатақтар ортасына, мынау Абылғазыны қасына ертiп, Базаралы келiптi. Ол тегi Құнанбай аулына, Қорыққа, осы Ералыдан барған болар.
Сол Базаралы мен Дәркембай көп мұңдасып, Ералыда отырған көп жатақтың жайын танытқан екен. Базаралы мен Дәркембай, бiрi үлкен, бiрi жас болғанмен, екеуi бiрдей ер, өр және көңiлi жүйрiк адамдар болғандықтан, кездессе, шұрқырасып табысады екен. Дәркембай айтуынша: "айдалада көк қасқыр соқақ-соқақ!" дегендей, ол бiр жiгiттiң бөрiсi.болған соң, мен өзiм де шүйiркелеп, соған барымды жеткiзгiм кеп, исiнiп тұрам!" дейдi.
Базаралы үш күндей осында боп, Жiгiтектiң, Бөкеншiнiң, Көтiбақ, Мамайдың, Көкшенiң жатақ үйлерiнiң бәрiне кiрiп, жай-күйлерiн бiлiп шығыпты. Ауруының көңiлiн сұрап, сауына ақыл-көмек, кеңесiн айтыпты. Бiр үйiнен шалап, бiрiнен iрiмшiктiң сары суын, шалабын iшсе де тоқмейiл бопты. Барын мiсе қып, көп мұңдар шертiсiптi. Қалың жатақтың көңiл iн көтерiп, ән салып, әңгiме де айтып берiп, қоңыр лашық, жыртық үйлердiң жақын досы боп кеткен екен.
Базаралы ат үстiнде көп жүретiн болғандықтан, Дәркембайға осылардай жатақтың Тобықты iшiнде әлденеше жерде барын баян етiптi. Доғалаң бауырында Сақ-тоғалақ, Тасболат жатағы бар. Бiлде, Кiндiктiде – Әнет, Бәкең, Көтiбақтардан шыққан жатақ, Ордада – Мамай жатағы, Мыялы Байғабылда қырық рудан құралған жатақ барын айтқан. Оның үстiне Базаралы Шыңғыс сыртында, Бақанас бойында орналасқан Керей жатағын да бiледi екен. Көкендегi – Уақ iшiнен шыққан "қырық үйлi" деп аталатын және Семейге бiр бекет жерде Жалпақта, Балторақта сан-сан үйлi жатақтар барын да айтқан. Онысы және қысыр кеңес емес, Керей-уақтың, Бура-матайдың, Ертiс бойлаған елдердiң бәрiнiң жатағы. Базаралы айтуынша солар шетiнен егiншi. Дихан боп, қысқы, жазғы үзiлмес еңбекпен күн кешедi екен. Осындағы бар жатаққа Базаралы ақыл айтыпты.
– Жер емшегiн ем. Екi үйiң, үш үйiң бiрiксең де, бiр жер, екi жер салсаң да, жер тырналап, күш қауқарыңды соған сал. Ен тұрған қалың күзектер, бұлақ, бастау, қоныстар осы бауырда көп қой. Жаздай, жалғыз орақпен болса да, пiшен шабыңдар. Шыңғыстан кетiп, Семейге жақындап кеп отырғаныңның өзi үлкен ақыл. Базарың жақын, артық ауысыңды, пiшен-саламыңды сол базарға тасып, шай-пүйiңдi алып отырасың.
"Ел iшi алтын бесiк, алтын бесiк" деп, дәмелене-дәмелене, дәрменiңдi тауысып болмадың ба? Ол барға бесiк. Жуан мен зорға бесiк. Бос үмiтпен бой алдырғаның аз ба?
"Бәлен жерде алтын бар, барсаң бақыр да жоқ" дей-дей болмадың ба? Ендi бiрiңе-бiрiң сүйенiс те, осы арада өлмес күнiңдi көр, түге! Осы отырған бiр-бiрiңнен өздерiңе жақын ешкiм жоқ. Күйi бiрдiң күнi бiр, дiнi бiр болсын, берекеңнен айрылма! – деп өсиет айтыпты Базаралы.
Бұл сөздер көңiлiне сонша жаққандықтан Дәркембай Абайға бұлжытпай баян еттi. Ербол мен Абай да осыншалық үлкен сыншылықпен және ащылықпен айтылған шындыққа барынша ден қойып отыр.
Абай iщiнен: "Шiркiн, Базаралы оқыған болса, бiр Тобықты емес, бар қазақтың осындай мұң-мұқтажына алтын бергек, асыл дiңгек болар едi-ау!" деп ойлады.
Бұл айтылған жайлар Дәркембай әңгiмесiнiң басы екен. Осыны баяндап кеп, Дәркембай ендi жаңағы көп жатақтың "шабарман – сабарман" деген сөзiне келдi.
Базаралы үш күн қонып аттанғалы отырғанда жатақтар үстiне шапқылап, шабармандар кептi. Жан-жақтан салқар-салқар көш қылып, ақ үйлер артып келген екен. Сойыс малын да қуып келiптi. "Ояз шығады, үй тiгедi, қырғын болады" деп, Тәкежан мен Майбасар жiберiптi.
Таңертең шай үстiнде Базаралы Абылғазы үшеуi отырса, шабармандардың бiр үшеуi келiп, осы жатаққа жаудай тиiптi. Ауыл шетiнде шу шығып жатқанын Дәркембай естiсе де, Базаралыға айтпай отыр екен. Сүйтсе Базаралы да iштей, болыс әлегi келiп жатқанын бiлiп отырыпты.
– Ақсақал, осы аулыңа бөрi шапты ма деп отырмын. Немене, ана жағың азан-қазан боп кеттi? Тағы ұлық пен болыс. Әлегi ме, – деп сұрапты.
Дәл сол кезде, Дәркембай танымайтын үш жас атшабар тасырлатып үй сыртына шауып келiп, "Дәркембай, қайдасың, шық?" – деп айғайлапты. Дәркембай шықпай бөгелген екен, екi иiнiнен дем алып, алқынған жынды жiгiттер: "шық ойбай, құдайсымай! Болыс пен стражник қысып жатса, сен қу кедей де салмақтанамысың?"– деп боқтап, ақыра бастады.
Базаралы томсарып ап, Абылғазыға иек қағып қойып, Дәркембайға: «Шықпай, жауап та бермешi, қайтер екен» деп өзi ана жiгiттерге дауыстапты.– "Уә, жiгiттер! Кiмсiңдер тегi? Мұнда түсiп- ақ сөйлессеңдершi!" деп, сыпайы сөз қатқан екен. Атшабарлар асау аттарының омырауымен Дәркембайдың кiшкене үйiн соғып, құлатарман боп: – "Шық та шық!" деп, боқтаудың астына алады. Соның үстiне, дырау қамшыларымен үйдi сабап, шықырлатып уығын сындыра жаздайды.
Соған жеткен соң Дәркембай шыдай алмай, үйден атқып шыға берсе, әкесiндей кiсiнi, құтырған атшабардың екеуi екi жақтан қамшымен тартып-тартып жiбередi. Осы шақта ашуы әбден қайнап жеткен Базаралы мен Абылғазы, жымнан ытқыған жолбарыстай боп тысқа атқып, ақыра қоя берген. Екi атшабарды Базаралы бiр өзi жағаларынан алып, екi қолымен жалғыз-ақ жұлғанда, табанының астына бiр-ақ салыпты. Тағы бiр атшабарды Абылғазы да бүктеп қалған екен.
Екеуi үш атшабардың басына мiнiп отырып, құйрықтарын түрiп қойып, "ал саба!"– деп Дәркембай көзiн сығырайта күледi. Талайдан бiр айызы қанғандай, құшырлана түсiп әңгiмесiн айтады.
– Несiн айтасың! Баласы мен қыз-қырқынын шулатқан жатақ атаулы жиылып кеп, иiн тiресiп қарап, сондай бiр мәз болмасын ба? Бiрде-бiр жан үшеуiне болысып, жалғыз ауыз үн қатып, арашашы болған жоқ. Тобылғы сапты қамшы сынғанша сабады, Базаралы бағланым! Әй, жiгiттiң ардагерiсiң-ау! Ерiм! – деп, Дәркембай сөзiн бiтiрдi.
Сонымен бiраз үндемей отырып қап едi.
– Ал бiрақ үйiңнен айрылғаның не қылғаның? Баспанасыз отырсың ғой, түге, – деп Ербол сабырсызданып, кейiнгi жайды сұрады.
Ол туралы Дәркембай қысқа айтты. Базаралы тағы екi күн болыпты. Атшабарлар кетiп, жатақ тыныш тұрған екен. Содан Базаралы аттанып, Қорыққа кетiптi. Ал болыстар, ертеңiнде старшын, елубасыларын бастық етiп, отыз кiсi боп келiптi де, жатақтың мынау қазiр жалаңаш қалған, баспанасыз қалған үйлерiнiң бәрiн де, бiр-ақ сәтте тiк көтерiп, көшiрiп әкетiптi.
Дәркембай осыдан кейiнгi сөзiн Абайға бұрды.
– Болысқа, ұлыққа ерген сұмдар, "айт" десе әкесiнiң көрiн ақтаратын иттер емес пе? Дәркембай, сен неге көндiң дедiң жаңа. Дәркембайда дәрмен қалды ма, Абай-ау? Шырағым, азаматым-ау! Одан да қолыңнан келсе, өзiң айтып, үйiмiздi өзiң қайтарып бер. Көп жатақтың үйi болмаса, ас iше алмай, дәретке отыра алмай жүр ме екен, бұл өңшең содыр-сойқандар! – дедi.
– Үйлерiмiздi қайтартып бер. Қорлық-мазағынан құтқар тым болмаса! – дескен сөздердi тiлек етiп, шағым етiп, Абайға осы арада тұрған топтың бәрi айтты.
Ендiгi сөз қысқа, кеңеске салатын дәнеңе жоқ. Абай етегiн қағып, қамшысын мықынына екi бүктеп алды да, Дәркембай бастаған топқа қарап:
– Жүр, жүрiңдер, бәрiң де жүр! Абылғазы, сен де жүр! – деп, жатақтың көп жиынын қасына iлестiрiп алды. Ербол екеуi де аттарына мiнбедi, тек жетекке алысты. Ұлықтардың үйiне қарай, жатақтармен бiрге жаяу әңгiмелесiп кеттi.
Бұл топ саны көп қара үйлер арасымен жүрiп, қотан шетiне қарай бөлiнiп шыққанда, әрбiр жүктiң арасынан, кейбiр қара лашықтардан шығып, осы ауылдың тағы да көп еркектерi қосылды. Абайлар тобының артынан жедел басып, ағылып кеп, көбейiп барады. Арттан жетiп, амандасып жатқан кiсiлердiң iшiнде қазiр қапсағай, биiк бойлы, ажарында қайраты бар, орта жасты кiсiлер көрiнедi. Бастарына шыт орамалдар байлап алған, жалаңтөс, күнге күйген, бұлшық еттi жiгiттер де байқалады. Үнсiз түйiлген қабақтарына ашу мен кекесiн жиылған, буырыл сақал, ақ сақалды, жадау жүздi қарттар да бар.
Абайлар келiс қарсаңында, сайлауға кеткен үйлерде болсын, атраптағы елде болсын, үлкен бiр әбiгер бiлiнедi. Ояз тек қана сайлаушы боп келмеген. Бұл жолы бiр асығыс тергеудi де өз мiндетiне ала кептi.
Тәкежан осы сайлау әбiгерiмен баласының жаназасын шығара сала, аулында қала алмай, Ералы жақта жүр едi. Қысылып қорқа жүрген-дi. Шыңғыс елiнiң беделдi адамдары: Оразбай, Жиренше, Асылбектер де қазiр қысылуда. Кеше Абайға хат жазып шақыртқан Тәкежан емес, Асылбек болатын. Оның Абайға атап айтқаны – Базаралы сәлемi, соның жайы екен. Базаралы ұсталып, қамалып отыр. "Ұстатып отырған Тәкежан, осыны Абай бiлсiн!"– деп, Базаралы Абылғазы арқылы Асылбекке айтқызыпты. Базаралының ұсталғаны кешегi күн.
Асылбек Абайға хабар айтқызғанмен, Абылғазыға:" зге елге бiлдiрме пәледен пәле туып, ұлғайып кетер" деген. Сондықтан, Абылғазы Базаралы жайын жатақтарға да айта қоймаған-ды. Базаралыны бұл тұста, өздерiнiң бiр есебiмен, Оразбай, Жиренше де жақтағандай болды. Олар Тәкежанмен осы жиын тұсында араздыққа тақап тұр.
Өйткенi, Тәкежан бұларды да Базаралы жөнiнде ұлыққа атап берiптi. Сонымен олар қазiр амалсыз Базаралыны жоқтаушылардың тобынан табылғалы тұр. Абайды тосқан осындай топ. Бұлар Абай келiсiмен, оны оңаша алып шығып, жайды баян еттi. Бәрiнiң кезектеп айтқан әңгiмесiнен Абайдың аңғарғаны мынау болды. Тентек-ояздың қасына ерген, өр Найманнан шыққан бiр топ жоқшылар, үлкен сөз ұстап келiптi. Осы өткен қыста сол Найманның Құдайсүгiр деген жуан бiр аулынан Тобықтының барымташысы, бастығы Оралбай болып жылқы алыпты, – дейдi.
Оралбай былтыр Керiмбала дертiнен соң елге қайтпай жоғалып кеткен едi. Iшiнде ыза кеткен жас жiгiт қасына қол жиып ап, мылтық-құрал ұстап, сол бiр жылдан берi, Тобықтыдан, Керей, Сыбаннан және сол өр Найманнан да талайды алыпты. Жуан мықты ауылдарды iрiктеп жүрiп, мал айдатып алып, теңiз жақ шеттегi Керейдiң бiр аш-арық, қалың ауылдарына орнаған екен. Құдайсүгiрдiң арызы Оралбайды:" ұлыққа қарсы, елдiң жуан, жақсыларына қарсы бүлiк басы адам " етiп көрсетiптi. Сол арыз к өршiлес Жетiсу мен Семейдiң екi жандаралының да кеңсесiн көп аралаған екен. Екi болыстың жапсарында мойны қашықта әрекет етiп жүрген өжет, кекшiл, өр жiгiт патшаның әскерiнен де қаймықпапты. Осы қыс пен көктемде Аягөз бен Семейден қуа шыққан бiр отрядты мазақ еткен. Ұзатып әкетiп, ен далада ас iшуге отырған бiр кездерiн бағып келiп, барлық аттарын тиiп әкетiптi. Талай күндер жиырма-отыз кiсiнi жаяу қаңғыртып, аштық пен шөлден иттей қатырыпты.
Екiншi бiр жаманат хабары тағы бар. Оны Оразбай, Жиренше күлiп айтса да, Асылбек сотқарлықты сүймейтiн мiнезiмен сескенiп айтқан.
Ол iс Аягөз бен Шұбарағаш арасында, бекет жолында болған. Семейден Қапалға кетiп бара жатқан қасында екi стражнигi бар крестьян начальнигiн бiреу жолбасарлық қып, шабуыл жасап, тонап жiберiптi дейдi. Осындай үлкен пәлеге де Оралбай жазалы деп, Найман көрсетiптi. Сүйтiп, бар жаманатты сол жiгiт басына үйiп-төккен Ояз тергеуге кеп отыр. Найман өзiнiң малын бiр қуса, крестьян начальнигiнiң кегiн және қуыпты. Әрi куә, әрi пәле басы боп келiп отыр. Олар бес кiсi, Ояздың қасынан шықпайды. Өздерiмен тiлдесiп, қазақ жолымен келiсуге ыңғай көрсетпей отыр. Ұлық болса, "елiңнен сол Оралбайдай сотқар шықты. Ол патша өкiметiне қарсы, сен, соны көрсетпедiң", – дейдi. "Болыс, би, старшын бәрiң де бастарың сотқа кетедi, қылмыстысың", – дейдi. Арызының iшiнде Базаралының аты бiрге жүрген қағаздар да болса керек. Кеше Тентек-ояз келiсiмен Тәкежанмен бiрге, осы отырған үшеуiмiздi шақырып алып: "Оралбайды тап, Базаралыны алдыма келтiр!" деп, қатты ығырып, қатал әмiр еттi. Бұларды солайша қыспаққа ал деп көрсеткен Тәкежан көрiнедi. Оралбай қолда жоқ. Ал, Базаралының iшiне тығып шүпiрекке түйгендей бiзден жасырғаны болса, өзi бiледi. Тек атасы бiр дегенi болмаса, анау Балағаздың iсiндей, бұл жолы да, Оралбайдың көп пәлесiнен оқшау, аман едi! – дейдi.
Жиренше бұдан былайғы жайды әлденеден күрмелiп, бөгеле берiп, тұспалдай сөйледi.
– Тәкежан болыстың ойы елден бөлек. Бiздiң жауабымыз – Оралбайды бiлмеймiз. Ол бұл елден шығып кеткен бiр шығай. Елдiң де, Базаралының да оған құрығы жетпей қалған. Не iстеп, не қойып жүргенiнде бiздiң ортағымыз жоқ. Өзiң ұстап ал да, бiлгенiңдi қыла бер. Алғашқы сөзiмiз, Тәкежанмен, Майбасармен қосыла ақылдасқанда, соған сарқып едi. Бiрақ кеше кешке Оспаннан Тәкежанға хат алып Дарқан келген екен. Базаралы мен ағайын iшi бас араздық боп қалған ба? Не қылсаң өз басыңды ақта, Базаралы қолымда отыр, осыны жау деп ұстап бер! – деп, хабар етiптi. Содан берi Тәкежан өз аулына Жұмағұл шабарманды бастатып, төрт стражниктi жiбертiп, Базаралыны алғызып кеп, жаңа сәскеде ұлық қолына табыс еттi. Ал, Тәкежан Базаралыны айдатқалы жамандап жатыр ма, не десiп жатқанын бiлмей, сенi шақыртып отырмыз. Осыған ақылыңды айт!
Абай бұл арада үлкен түйiн түйiлгенiн сездi. Оспан жағынан жүрген астыртын сырдан, мынау сыртқы пәленiң екеуi де зор. Өте өрескел жұмыстар түйiсiп тұрғанын, Абай Асылбектерден көрi толығырақ аңғарды да, қабағын шытып, қинала күрсiндi. Сайлауға арналған үйлердiң орта тұсында өңшең алты қанат үш үй бiрiне-бiрi тiркестiрiлiп, қосыла тiгiлген екен. Сол үй жаққа көз тастап, зәрлi жасауылдар мен лыпыл қаққан жылпос атшабарларды көрдi. Аяқ ұшымен басып, жүгiре түсiп, қатты қимыл етiп жүрген ынталары байқалады. Арғы үйлерде отырған қатал ұлықтың ызғарын сездiрiседi. Әлi жауап қатпаған Абайды Асылбектiң сөйлеткiсi келдi.
– Сайлауға келген ұлық, әуелi сол сайлау жағынан бастаса керек едi. Мынауың тамам елдi жиып, қамап қойыпты. Болыс жамандаған кiсiнi бас салып қыспаққа алады. Солардың мықтап көрсеткенiне дүре соғады. Ұлығыңның аңғары бiзден де Базаралыны иянаттаған арыз түсiр дейтiн көрiнедi. Соны құшақтай түсейiн деп отыр! – дедi. Абай әлi үндеген жоқ.
Соңғы бiраз сөздi Оразбай айтты. Қысқасы, барды бiлдiң. "Былай баспа – былай бас. Олай iстеме – былай iсте " дегенiңдi бiзге өз аузыңнан осы арада өзiң айтшы! – дедi.
Абай бұл адамдарға көп сөз таратып айтуға үлгермедi. Ұлық үйлерi жақтан. "Шоқа баласы! Шоқа баласы!" деп, Жиреншенi шақырып, "Сүйiндiк баласы!"– деп, Асылбектi, "Аққұлы" деп, Оразбайды шақырып, бiр стражник пен бiр атшабар қамшы былғап келе жатты.
– Әнi, ұлық бiздi керек етiп жатыр! – деп, Жиренше Абайды асықтырғандай. Тез жауап күтедi. Абай оған да асықпай, үшеуiне қарай түстi. Қатты бiр бекiнiспен жұдырығын түйе сөйледi.
– Ұлық бетiнен ықпаңдар, домбытбасы болса сескеңбендер. Базаралыны Оралбай үшiн Тәкежан күйдiртем десе де, сендер бермеңдер. Оралбайды құрығы ұзын ұлық қой, өзi ұстап алсын. Бұл пәлеге Базаралыны батырмаңдар! – дедi.
Осы кезде бұлар қасына жеткен стражникке жаңағы аты аталған үш кiсi ердi де, ұлықтың үйлерiне кеттi. Абай кейiндеп бара жатқан атшабарды өзi отырған орнына шақырып алды. Ұлықтың мыналарға ызғары қандай болады. Маған соны сен бiлдiрiп тұр. Осыны тек саған ғана мiндет етем, бiлдiң бе? Бар! – дедi.
Атшабар Абайды бiлетiн. Осы елдiң өзiнен шыққан жiгiт болғандықтан, ұлықтың қасына ерген болса да, мынау айтылғанды тез аңғарды. Өз басына сын сияқты түсiндi. Уәде берiп кеттi. Абай Ербол мен Абылғазыға да iс тапсырды.
– Жақын ауылдарға тегiс, шапшаң кiсi шаптырыңдар. Ер-азамат, атты-жаяулы түгел, ұлық үйлерiне жетсiн! Ал, мына сайлау басындағы еркек-әйелдiң үлкен-кiшiнiң бәрiн қалдырмай, лезде осы мынау үйлер тұсына жинап келе берiңдер! – дедi.
Жиреншелермен алғаш сөйлескен жерiнде Абай бiр сағатқа жуық отырған кезiнде, сайлау үйлерiнiң айналасына топталған ел анық мол жиынға айналды. Стражник-атшабарлар қалың елдi дәл ұлық үйлерiнiң өз қасына жақындатпай, алысырақ ұстауға тырысады. Айғайлап, айбар шегiп, қамшы, қылыштарын көтере түсiп, доң айбат жасайды. Жұртты жасқап, iркiп жүр. Бiрақ қалың елдiң бүгiнгi әлдеқандай бiр оқшау күйдi тосқан түйiлгендiк байқалады. Базаралының жазықсыз ұсталып келгенiн бұл ел бiлген. Оны аяп, Тәкежанға жирене қараған салқын ызғар бар. Жұрттың көпшiлiгi сұрғылт жұпыны киiмдi, шаруаның елi. Бағанағы Абаймен келген жатақтар да тегiс осында жүр. Базаралы хабарын естiгеннен берi олар әсiресе ширығып қатулана түскен. Абылғазы солардың арасында. Өзiнiң осында келуi Базаралы үшiн екенiн ендi айтып жүрген.
Аздан соң қалың жұрттың Дәркембай, Абылғазы, Ерболдар жүрген бiр шоғырының iшiне Абай тақап келдi.
– Мен қазiр мынау ұлық үйiне кiремiн. Базаралыға қамшы жұмсаса, қарап қалуға болмайды. Жазықсыз азамат басына қорлық таңба соқтыра алмаспыз. Осы жерден тарамаңдар! Ербол, Абылғазы екеуiң менiмен бiрге кiрiңдер! – дедi де, екi жолдасын ертiп, ұлықтың үйiне кiрдi.
Абай араларынан кетiсiмен, анталап тұрған қалың жиын арасына, ауыздан-ауызға көшкен сыбыр бұйрық жайылды. Сыпсыңдап, жылдам тарап жатты. Дәркембай сияқты қартаң адамдардың жүзiнде және жатақтың көп жастарының пiшiнiнде қабақ түйген бекiнiс бар. Ширақтықпен сәт күткендiк бiлiнедi.
Iркес-тiркес тiгiлген үш үйдiң алдыңғысында ел қазағы жоқ. Тек қылышты, құралды стражник-урядниктер мен орта шендi төрелер тұр екен. Тергеу орталық үйде көрiнедi. Есiкке қарсы тап ортада, жасыл жiбек жапқызған кеңсе үстелiнiң жанында ұлықтар. Ширатылған ұзын қоңыр мұрты бар, биiк бойлы суық қабақты қара-сұр Ояз Кошкин ақыра тергеу жасап отыр. Бұның сөзiн қазақшылап тұрған қысық көз, шолақ мұрын, семiзше тiлмаш екi аяғынан тiк тұр. Мойнын қисаңдата түседi. Қазiр жауап берiп отырған Оразбайға о да зiркiлдеп, аяғымен жер теуiп қойып, кәрленiп сөйлейдi. Абай жолдастарымен ауыз үйге кiргенде, жауапта отырған Оразбайдың жалғыз көзi мұны шалып қалды.
Ояз тергеуiнiң ожар, озбыр сөздерi ызасын келтiрiп, зығырын қайнатып болған ба? Немесе Абайдың келiсiн арқаланып, әншейiндегi намысқор ерлiгiне, томырық мiнезiне басты ма, әйтеуiр Оразбай жерде жүгiнiп отырған қалпынан көтерiле берiп, бiр тiзелеп алып, өзiнiң қатты үнiмен тiлмашқа сөйледi.
– Жеткiз ендеше! Мен Оралбай емеспiн. Елдiң жазықсыз, қылмыссыз адамымын. Мына Жиренше, Асылбек айтқаны рас. Сол сөз менiң де сөзiм. Оралбай үшiн күйетiн ел жоқ мұнда. Базаралының да түк жазасы жоқ. Ақырып-шақырмасын мына ұлығың! Жеткiз қазiр осынымды! – дедi.
Тiлмаш осы сөздердi аударып жатқанда Оразбайдың жауабына сүйсiнген Абай Ербол мен Абылғазыға ақырын күбiр етiп:
– Еркек мынау екен, бәсе! – деп, төргi үйдiң есiгiне қарай, " тiлмаш қалай аударар екен " деп, ұмтыла бердi. Сол кезде екi жақта тұрған сақшылар Абайға қатты зекiп:
– Тұр тоқта! – деп қалып едi.
Абай орысша сөйлеп, салмақпен үн қатып:
– Сабыр! Мен уездный начальник мырзаға өтуiм қажет! – дедi.
Бiрақ есiк пен Абай арасына екi стражник тұрып қалған едi. Дәл осы уақытта оң жақта тұрған сыпайы, сұлу пiшiндi бiр чиновник iлгерi қозғалды. Абайдың орысша сөйлегенiне таңырқап, қызыққандай. Стражниктердiң алдынан жанаса келдi де, күлiмсiреген пiшiнмен:
– Сiз кiм едiңiз? Бiлуге рұхсат етiңiз! – дедi.
Абай бұл кiсiнiң сыпайы жүзiне өз тарапынан лайықты тағзым көрсетiп, тымағын алды. Өз қадiрiн жоймайтындай, тең тәрбиелi сыпайылықпен бас иiп:
– Мен Ибрагим Құнанбаевпын. Халықтан шыққан жұпыны кiсiмiн, дедi. Төреге күлiмсiреп, барлай қарап, тоқтап тұр. Абаймен сөйлескен төре бұрынғысынан да жадырап, жақындай сөйледi.
– А, сiз Ибрагим Құнанбаевсыз ба? Мен сiздi бiлемiн. Жақсы бiлемiн. Маған сiздiң досыңыз адвокат Андреев көп айтқан. Таныс болайық, мен Лосовскиймiн! – дедi.
Абай бұл кiсiмен таныса сала, алдыңғы үйдi көрсетiп:
– Мұнда не хал болып жатыр? Бұның бәрi бiзге – халыққа ренiштi... – дей бердi.
Абайдың алдынан шыққан стражниктер, бұл кезде Лосовскийдiң қабағын байқап, орындарына қайтып кеткен едi. Советник Абайға бетiн шұғыл тақады да, аузын алақанымен далдалай берiп:
– Сiздiкi дұрыс. Сiздер ғана емес, реттi әкiмшiлiк үшiн де ренжiрлiк, топастық бар. Самодурство! – дедi. Соңғы сөзiн қып-қызыл боп, ашумен айтты. Бiрақ кейiн шынға жетермiз! – деп шегiне бердi. Барлық ауыз бөлмеде тұрған ұсақ төрешiктерге әдейi бiр қыр көрсеткендей боп, Абайдың алдына алақанын көлденең созып, орталық үйдi нұсқады. "Кiрiңiз, рахым етiңiз!" – дегендей.
Бiрақ Абайдың орталық үйге бас сұға беруi-ақ сол едi. Оразбайдың жаңағы жауабын түгел естiпболған Ояз ақырып, әмiр еттi. Базаралыны нұсқап, бұйрық берiп тұр. Екi стражник Базаралыны иығынан жұлқып жiберiп, шалқасынан бiр түсiрiп, сәтте етпетiнен салып, қамшымен тартып-тартып жiбердi. Абай осыны көре сала, ақырып, айғай салып:
– Постой! Не смей! – деп қалып едi. Үйдiң iшi апыр-топыр. Орнынан жыландай ысқырып, атып тұрған Ояз, Абайға тақай бере:
– Сен кiм? Сенi кiм шақырды? – деп қалды.
Ұзын мұрты қалтырап, көзi жиренiш отын шашып, Абайға тақап кеп, тiк қарап тұр. Абай бойы Ояз бойынан биiк едi. Қаны қашқан, ызалы жүзi бар, екi көзi қанталап, ұлыққа жоғарыдан төмен шаншыла қарайды. Айыптап кiнәлағандай боп, қатты жауап бердi.
– Ақырмаңыз! Менi жиылып тұрған халық жiбердi! Тоқтатыңыз қазiр мынау бассыздықты!
Ояз ызадан қайнап кетiп, жаңа Абай араласқанда қамшыларын көтерiп тоқтап қалған стражниктерге "соқ!" деп, қайта бұйрық еттi де, Абайға саусағымен көзге шұқығандай нұсқады. Асқақ, ашулы ұлық оған да ақырып:
– Сенi абақтыға жапқызамын! – дедi.
Абайдың "Ұрма! Тиме, тарт қолыңды!" деген қарсы айғайын елеген де, ұққан да жоқ. Базаралы үстiне қамшы жауып қалды. Ендi ұлық Жиренше, Асылбектерге де, оқшау отырған Оразбайға да дүре соқпақ. Қолын қайта нұсқап, қасына жиылып қалған төрт-бес стражникке:
– Жиырма бес қамшы, отыз қамшы! Елу қамшы! – деп, ең соңғыны Базаралыға кестi. Абай дәл осы шақта жанып тұрған отқа түскендей. Көз жұмған, өжет ерлiкке басып едi. Ендi ашу емес, ызасы күштi, тартыс қаны қайнағандай. Ұлыққа қарап:
– Ендi бар нәрсеге сен жауап бересiң! Помни, сам виноват! – деп есiкке қарай ұмтыла бердi. Ербол мен Абылғазыға айғай салып, қатал әмiр еттi:
– Ұмтыл, қаптат елдi! Ойран ет! – деп, есiктен өзi де жүгiре шықты. Тыстағы Дәркембайлар, әлдеқайдан, қысқа шоқпар, дырау қамшылар тауып ап сақадай сайланып та қалған екен. Абай шыға бере:
– Құлат! Ойран ет! Талқанда, мынау үйлерiн! – деуi-ақ мұң екен. Айналада сiресiп тұрған ел Дәркембайдың: "қыр, жой!" деген жалғыз айғайымен, үш үйдiң үшеуiне де қамшы, шоқпар ұрып, тозаңын аспанға шығарды. Төрелер өз бастарына тиiп жатқан ызғарлы жаза соққысын көргендей. Ояз Жиренше, Асылбектердi ұр дегенмен, стражниктер оларға ұмтылған шақта, ауыз үйдегi чиновник Лосовский ақыра жүгiрiп келген. Ояздың бетiне бетiн тақап, түгiн атып, түкiрiгiн шаша, қатты сөйлеген. Үй ортасындағы столды кең алақанымен сарт еткiзiп ұрып қап:
– Жеттi бассыздық! Доғарыңыз дереу! Сiз ендi қайтып түзелместей қата еттiңiз! Тыйыңыз дүренi, шапшаң! – деп едi.
Чиновник Абайдың қандай ызамен қайнап кеткенiн, қандай өрт қимылға бекiнгенiн жаңағы шыққан айғайлы жүзiнен анық танып кеп, осыны iстеген-дi. Лосовскийдiң әмiрiнен соң, үй iшi аз уақыт жым-жырт едi. Көтерiлген қамшылар да Жиренше, Асылбек, Базаралыға соғылудан тыйылып, бата алмаған қалпында, асылып, тұрып қалған. Тек алғашқы қамшы тиген Базаралы ғана. О да қазiр жұлқынып, ұшып түрегелдi. Ояздың қасында, аппақ қудай боп, неғыларын бiлмей тұрған Тәкежанға қарап:
– Жауым сенсiң, Тәкежан! Тiрi болсам, кегiм сенiмен кетер! – деп қалған.
Бұндағы сөз осы-ақ болды. Барлық үйге сатырлап тиген қамшы-шоқпар уық-керегенi шатырлата сындырып барады. Ұлықтар басындағы жұқа баспананы, ышқына соққан халық ашуы жапырып, қиратып келе жатыр. Есi ендi кiре бастаған урядник ең алдымен мылтығын суырып ап, шаңыраққа атты. Осының жолымен тағы бiрнеше стражник мылтығын атып қалып едi. Ояз оларға ендi өзi ақырып:! Тоқтат!", "Атпа!" деп әмiр бердi. Сырттағы жұрттың iшiнде, мылтық үнiнен серпiлiп, секiре кейiн шыққан бiрер шалдар болса да, көпшiлiк үш үйдi, сығымдаған шеңгелiнен шығармай тұрған. Ұлықтың үй iшiнен ақырып: "Мылтық атпа! Тоқтат!" деген әмiрiн сыртта анық аңғарған Абай, бар елге қатты айғаймен белгi бердi:
– Сескенбеңдер! Ендi ата алмайды! – деп, жар салды.
Сол арада Ербол, Абылғазы, Дәркембайлардың үндерi саналы ызамен екiленiп, бiрлесе шықты:
– Құлат мынау үйлердi! Жық! Домалат! Ал жұлып, баспанасын! – дестi. Ауыздағы үйдiң сол жақ қанатына барлық ел қаптап кеп, иiн тiресе, жабыла тұра қалды. Бұл қимылдың алдында жүрген көбiнше жатақтар. Солар тобы қалың күшпен еңсере қайрат еткенде, ауыз үйдiң уық-керегесi шықырлай сынды, сығылысып, iшке қарай жапырылды. Қабысып-қабысып барды да, ақыры шарт етiп құлап кеттi.
Орталық үй мен ауыз үйдiң арасы есiк емес, бiр қанат керегенiң орны жоқ, кең өткел-дi. Төргi екi үйде үрпиiсiп қалған ұлықтар, ел ашуынан қорқып тығылғандай. Бiрiне-бiрi сығылысып тұр екен. Абай Оязға, нұсқап тұрып:
– Өзiң кiнәлысың. Сен елдi түзетушi емес, бұзушысың! – деп ақырды да, адымдап барып Базаралыны қолынан жұлқа тартып: "шық былай!" дедi. Базаралы Абайдың сыртына ытқып шықты.
Осындай шақты пайдаланып Асылбек, Оразбай, Жиренше де шапшаң ытқып, Абайдың сыртына қарай, ел iшiне араласып кеттi. Бұл уақытта Дәркембай, Абылғазы, Ерболдар және осыларға ұқсаған толып жатқан көпшiлiк үлкен ызада. Олар – би-старшын емес, бай-бағлан емес, бiрақ сын кезеңдерде ел салмағын тәуекелшiл сом иықпен берiк көтеретiн өжет жандар. Қазiр солар Оязға, Тәкежанға ақыра үн қатып, жан-жақтан қамшы жаудырғандай бұйрықтар сiлтеп тұр. Абай ендiгi сөзде, сол жұртқа кезек бердi. Ербол, Абылғазылардың Ояз бен Тәкежанға анық жеткiзiп айтқан талабы:
– Сайлау бермеймiз! Сен сайлаушы емес, елдi ойрандаушы. Жөнiңе кет, қайт шапшаң! Ендi сенiң бұйрығыңа көнетiн ел жоқ! – деп ұлықтарға бiр айғай салды. Сонымен қатар қалың елге:
– Таратып апкетiңдер анау үйлерiңдi!
– Тарасын ел бұл арадан! Қу томардай сорайып, жалғыз ұлықтың өзi қалсын!
– Немесе, соның бауырына тығылған азғын, сұмдар қалсын!
– Үйлерiңдi ал, жатақтар! Көнбе зорлыққа. Алып кете бер тегiс үйiңдi!
– Тараңдар! Тастаңдар жалғыз ұлықты!
– Қалсын адыра! – десiп, бiрi артынан бiрi айғайлады.
Осы әмiрдi көпке жеткiзiстi де, Дәркембай, Абылғазы, Ерболдар жұртты басып, серпiле жөнелдi. Тарағанда құр бақыра, шақыра тараған жоқ. Кiмнiң ақылы басқарғаны белгiсiз, әйтеуiр ең алдымен ұлықтар маңындағы барлық атты қуып кеттi. Содан кейiн ел ұлықтарды қадiрлеп тiккен үйдiң барлығын лезде жықты. Үйлердi ең алдымен жыққан жатақтар. Олар үйлерiн шапшаң әкеттi. Аз уақыттың iшiнде бiрiне-бiрi дауыл үйiрiп кеп қосып, өрескел күйдi тоқырайтып, мiнгестiрiп кеткендей екi ғана үй қалды. Жарымы құлаған ұлықтар үйi. Маңайы тып-типыл.
Жаңа осыдан бiр-ақ сағат бұрын ұлық мекенi бүкiл Ералы атырабына айбар шегiп, "мен мұндалап" тұр едi. Қазiр көл бетiндегi көбiктей боп жоғалып кеткен. Халықтың кәрi ұрғандай жалп етiп, құлап түстi.
Ел ынтымағы бұнымен бiткен жоқ. Ералыда отырған барлық ауыл ұлықтардың үйiн қу далаға жалғыз қалдырып, сол күнi, дәл түс кезiнде бiр-ақ көтерiлiп, тегiс көшiп те жөнелдi. Өз маңынан елдi үркiтiп, айдалада жалғыз қалғанда, ұлық тобы қас масқара боп қалды.
Айнала елсiз жат. Көз ұшында бiр бұдыр көрiнбейдi. Тысқа шығып осы жайды болжап жүргенде, салмақты Лосовский, екi алақанын жайып, өз өзiнен күлдi де:
– Ең аяғы бұралқы ит те қалмапты, – деп басын шайқады. Өзiнiң өрескел iсiн ендi аңғарған, үнсiз ашумен тек қана басын шайқай түсiп, сенделiп жүрген Тентек-оязға қарады.
– Киргиз даласын көп жылдан берi бiлiп жүрiп, мұндай ұйымдасқан ел көрген жоқ едiм. Осы керек бiзге! Кешпестiк қата жасадық. Елдiң жазықсыз адамдарын орынсыз жабайылықпен жазалау арқылы мынадай соққыны көрiп отырмыз. Менiң адал арым сiзге бар шынымды айтуды талап етедi. Қалаға барғанда, осы жолсыз сапар үшiн сiзбен жоғарғы ұлықтар алдында есеп айырысатын боламыз! – дедi.
Тентек-ояз жауап қатқан жоқ. Қолын бiр сiлтеп, бұрылып жүрiп кеттi. Ұлықтар қасында өзiнiң екi атшабар, екi старшынымен қалған Тәкежан ғана. Әмiр құдiреттiң бұл сәтте қадiрi кетiп, қауқары бiткенi соншалық – ендi бiр жұтым сусын, бiр қайнатым шай, бiр түйiр бауырсақ, iрiмшiк табудың өзi күш болды.
Ұлықтар сайлау жасай алмайтыны айдан айқын едi. Ендi бөгелместен табан тайдырып, Семейге қарай жөнелу қажет. Тентек-ояздың соңғы Ояздық ықтияры сол ғана болды. Тәкеженға өздерiн кешiктiрмей, тез ат тауып жөнелтуге әмiр еттi. Болыс өзi мен маңындағы атшабар, старшындарының аттарынан құрап, төрт пәуескенi екiндi кезiнде зорға жүргiздi.
Тентек-ояз дәл жүрерде, бүгiн болған ғаламат уақиғаны қорытып келiп, өзiне бағынышты чиновниктерге соңғы байлауын мәлiм еттi. Тiлмаш арқылы Тәкежанды, старшындарды да қағыстырып, сұрастырып, өзiнiң ұлықтық ақылымен де қорытып алғаны осы. Қалаға, жоғарғы ұлықтарға апаратын акт, мәлiмдемесi есептi.
Сол қортындысының бiр үлкен "бабы" – бұл Ояздың өз айыбын ақтайды. "Оралбай үлкен қарақшы. Базаралы ел iшiндегi соның сүйенiшi, айлакер, ақылды басшысы. Ал Оразбай, Жиреншедей кiсiлердiң бәрi Базаралыны жақтаушылар. Солардың iшiнде, осы Шыңғыс елiнiң болысы Тәкежан Құнанбаевтың туған iнiсi Абай да бар. Сайлау бермей, жоқты сылтау етiп, пәле шығарушы – Базаралы мен Абайдың әзiрлеп қойған кедей, малай қара бұқарасы.
Бұл елдiң болысы Тәкежан да жаман. Ол Оралбай мен Базаралыға бас араздық арқылы өш болғанмен, ұлыққа қарсы наразылық ашуды тоқтата алмады. Ұлықтарды далаға тастап кеткен қалың елдiң, тым құрса, бiр ауылын да ұстап қалуға жарамады. Базаралыны қашырып жiберген елге түк қуғын жасай алмады. Елдi сайлауға әзiрлей алмағаны үшiн, Тәкежан Құнанбаев болыстық орнынан түсiрiледi. Оның орнына уақытша кандидаты Жабай Бөжейұлы болыс болады!"– деп қорытынды еттi.
Осыны пәуескеге мiнерде, тiлмаш арқылы жариялады.
Өз масқарасының бiраз жарасын өз тiлiмен жалап, қағазбен сылап, емдей түстi. Тәкежанды орнынан алған бұйрығын, осы ел iшiнде құпия тапсырмамен қалып бара жатқан тiлмашқа бердi де, жүрiп кеттi.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   70




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет