Абай жолы. 1 кітап



бет12/70
Дата06.05.2023
өлшемі7,5 Mb.
#176199
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   70
Байланысты:
Абай-жолы


3

Сол Бiржан аттанып кеткен жазда, Олжай ортасына бiр үлкен лаң кiрдi. Бұның басы жайлаудың бiр жым-жырт түнiнде, жарық айлы аспанға мұңды жүдеу шер шыққан, нәзiк ырғақ әнмен басталды.
Ел бауырға түсiп келе жатқан кез болған едi. Жайлаудан екi жаққа айрылыса көшкен жапсарлас Тобықты мен Керейдiң барымташы мен жортуылшылары осы кезде түн шабуылын жиiлете бередi. Әр түнде: "алып кеттi", "тиiп кеттi" деп, ел iшi даурығып жүр.
Осындай тынышсыз күндерде сақтық ойлаған Жiгiтек, жылқысының түнгi өрiсiн қалың елдiң ортасына, iшке қарай беттетушi едi. Сол жылқы Қараша, Қаумен ауылдары отырған Суық-бұлақтан кешкi су iшiп өргенде, Сыбайлас – Қаршығалы өлкесiн бетке алып жайылған.
Алды-салды көп болатын кезде, дәмелi ер-азамат түн баласында жылқыны барлап, ат үстiнде болады.
Өз әкесiнiң жылқысы жоққа тән, ап-аз болса да, жылқы бағуды сылтау етiп, бүгiн жылқышыларға ерiп Оралбай да шыққан.
Жылқыда Қараша балаларынан өзi мықты, өзi жау түсiргiш Абылғазы бар.
Ол семiзден жараған аяңшыл қара ала атқа мiнiп, қатқан қара сойылын ерiнiң алдына көлденең салыпты. Жеңiл сұр шекпеннiң омырауын жарық айға қарсы ашып тастап, кiшкене тымақтың бiр құлағын iшiне жымыра киiп, Оралбайға әңгiме айтқызып, өзi анда-санда бiр шырт түкiрiп тастап, көп жылқыдан ұзаңқырап шығып, жер шалып келедi.
Жылқының жайылысымен, жер шалумен түк жұмысы жоқ, тек қана түс тұманында жүргендей жүдеу Оралбай, Абылғазыдай жақын ағайын, жасы үлкен ағаға iштегi шерiн айтып келе жатыр. Үйде осы бүгiн атқа мiнiп шыққанда да қайда барарын, қайтерiн бiлмеген дел-сал дерттен шыққан. Ұйқы, күлкiсiз күн кешкелi де көп болды.
Ағып сөнген жұлдыздай, мұның қиял жұлдызы сонша жарқырап ақты да, ендi мiне өшiп барады. Өшкен емей немене! Қызығын, ыстық жалынын бұған дәл осы жылы бiр ғана кеште ашқан Керiмбала, аз күнде бұның көзiнен ғайып болмақ.
"Қаракесектен күйеуi келедi. Осы жолы алғалы келедi, әкетедi" дейдi. Ендi Оралбай тек дерт құшып, айрылу зарын зарлап қана қалғалы тұр. Iстер шара деген бар ма дүниеде, жоқ па? Өмiр-жастықтан осыдан басқа тiлегi жоқ. Iлгерi тiлеудiң бәрi де орындалмай-ақ қойсын. Қысқа тiлеу, бiр-ақ тiлеу тiлесiн жас! Сонысы осы жол – тек Керiмбала! Соның жолында өлу. Бiрақ бiлегiнен ұстап өлу. Ұзын өрiм, қолаң қара шашын Оралбай өз мойнынан асып тастап, қыпша белiнен бұралта құшып тұратын, айрылмайтын күн болса, одан арғы дүние өртенiп кеп, мұны жұтсын! Арманы да, қыңқ етiп қынжылуы да болмас едi.
Оралбайдың Абылғазыға шаққан зары сол. Осы жылы көктемде, Бiржан келместен бiр ай бұрын, екi жас бiрiне бiрi сыр ашқан екен де, содан берi жан жүзiне бiлдiрмей, iштен тынып жүредi екен. Жiгiт мұңын үн қатпай, сыр бермей тыңдаған Абылғазы, Оралбай әңгiмесiнiң аяғында азғана сөз салды.
Абылғазы емендей, шақпақ сүйек, зiл салмақты адам едi. Оралбайға әуелi "оң, терiс" деп түк айтпай, тек қана бiр жайды бiлмек болды.
– Қыз қалай? О да сендей ынтық па?
– Қыз "жаным сенiмен бiрге шықсашы!" деп едi.
– Ендеше, серттен тайғанды әруақ атсын! Тәуекел қыл да, тас жұт! – деп бiр-ақ түйдi.
Оралбайдың үлкендер iшiнде ақыл салғаны осы болатын. Тiл көмегi болса да мынандай мырза көмекке қуанып кеттi. Ендiгi бiр ғана күдiгi Базаралы екен.
– Базекем не дейдi? Тәуекел етсем, сол қайтедi? – дедi.
Абылғазы оған да iркiлген жоқ.
– Қызың Керiмбала болса, ондай жақсы сұлудан "жан ая" дейтiн Базаралы ма екен!? Өзiнiң кеше ғана қол-аяғын байлатқан Балбаласын қайтедi? Iстерiңдi iстеп ал. Одан ары Базаралы түгiл, бар Жiгiтек саған болысады. Болыспай қайда барушы едi? – дедi.
Оралбай мынау ақылды естiгенде, астындағы күмiс құйрық, ақ көк атын қамшылай жалақтатып, дүр сiлкiнгендей болды. Дәл осы уақытта, екi шалғыншы Қаршығалы жақтағы соңғы бiр ұзын белге шығып қалған екен. Аттарын тоқтатып, аз аял қып, тың тыңдай бергенде-ақ, Оралбайдың құлағына Қаршығалы жақтан жiп-жiңiшке боп, сызыла созылып келiп тұрған ән естiлдi. Еркiне қоймай "қайдасың?" деп, iздеп шарлайды. Үзiлiп, талып жетiп, емiс естiлiп тұрса да, әлде бiр сабырсыз жүрек шырқырап шақырады.
Оралбайдың тақаты қалмады.
– Ағатай-ау, мынау ән менi шақырып тұр ғой! Өзi дәл Бөкеншi жайлауынан, Қаршығалыдан, тiптi Сүгiр аулының үстiнен шығып тұр ғой! – дедi. Аты да тыным ала алмай, ай астында жарқ берiп көлбеңдеп, шырқ айналады.
– Рас, Сүгiр аулынан шығып тұр. Алда сорлы-ай, тiлеуiң қабыл екен ғой! – деп, Абылғазы кеңкiлдеп күлiп қойды.
Қатерден қашатын Абылғазы емес. Бағанадан Оралбайға айтқаны: оның қиналып, ойланып айтқан кеңесi емес-тi. Жым-жырт тыныштықтан да ат үстi әбiгер қақтығысты тiлеп жүретiн әдетi болатын. Сол себептi жiгiт қызуына шоқ тастап қоздыра түсу бұған бiр ермек көрiнген. Рас, лаң шықса одан жасқанып, бой тасалап қашатын да Абылғазы емес. Мына қара ала ат, мына кепкен қара сойылды осы Оралбай үшiн сiлтеуден iркiлмейдi.
Оралбайдай жалын билеген жастың, шынымен өз бетiне қарай ақыл берерлiк кiсi iздегенде, ақылдасары да осы Абылғазы екен.
Жас жiгiт ендi тақат қыла алмай.
– Айтқаның шын болса, ендi жүршi, бiрге жүршi, Аба аға! Бағым ба, сорым ба, осының шақырғаны мен ғой!
Сонымен екеуi: "Жүр! Жүр!" десiп ап, тебiнiп жiберiп, ойдан төмен ағыза жөнелiстi.
Оралбай осыдан аз бұрын, ойындағы тiлек байлауы не екенiн өзi де атап айта алмайтын едi. Қазiр, ақ боз аттың екпiндi желiмен бiрге соққан, құйындай сабырсыз, бiр ғана арманы бар.
Мұның тақатсыз жүрегiне, жаңағы ән, Керiмбаланың өз әнi боп, даусыз сол ғана боп танылады, кiм айтқанын бiлмесе де, "сол!" дейдi. Шауып келе жатып, көз алдында, әнмен толқыған ынтығының әсем бұғақты ақ тамағын, жұп-жұмыр аппақ мойнын көрiп келе жатқандай.
Қазiргi байлауын, дәл осы кештегi әмiрi күштi, құдiрет әнi болмаса, ол әлi талай күн тебiрентiп, толғанып барып шешер ме едi. Ал, бүгiн ән шықты да, жүрек отын найзағай ойнатты. Мөлдiр сулы өзенi бар, шалқия төстиген кең көк өзек – Қаршығалы, қазiр ай астында сұлу сәулеге оранып, ақшыл тартады. Түс мекенiндей боп аппақ буға ораныпты. Өзеннен, шалғыннан шыққан түн буы, кей ауылдарды орай қымтап, көзден тасалайды. Өлкенi өрлей қонған он шақты ауылдың көбi жатқан. Оттар сөнiп, түңлiктер жабылған. Тек қана, оқта-текте әр тұстан ұйқылы үнмен күзетшi айтақтап қояды. Иттер де көп үрмейдi.
Сол қалғыған өлкеде, барған сайын айқындап, ән өктейдi. Жiгiттер шауып келе жатып, танып келедi, әйел әнi. Сүгiр аулы – ортадағы көп үйлi ауыл едi, ән соның үстiне қарай шақырғандай.
Бiрақ екi жiгiт дәл Сүгiр аулының өзiне тақап келгенде, ән мұнда емес, қақ қасындағы ауылда екенi бiлiндi.
Оралбай, Сүгiр аулынан басқа ауылдың әнi боп шыққанына түңiлген жоқ. Үйткенi жақындап тыңдаған сайын, ол әр ырғағынан, әсем зор қалпынан Керiмбаланың әнiн әбден таныған.
Алыстан шақырып әкелген, еркiн алған ән, мұның жүрегiн адастырмай, сүйгенiнiң әнi боп шыққанына, сабырсыз жiгiт тәубе еткендей. Iшiнен: "қандай жақсы ырым едi", "жүрегiмдi жүрегiң қан жайлаудың қалың елiнiң арасынан, қараңғы кеште адаспай танып, шақырып алғаны қалай едi" деп, Керiмбалаға алғыс бейiлiн бағыстап келедi.
Мезгiлсiз дүсiрлетiп келген екi атты ән шыққан ауылдың көп итiн шулата үргiздi. Ән, бiрақ сонда да үзiлiп, баяулаған жоқ. Көп иттiң, көп үнмен өшiгiп үрiсi қалыңдай берiп, ауылдың өзге үндерiн жасыруға тырысса да, Оралбай құлағы ендi Керiмбаланың "Жиырма-бестi" айтып тұрғанын аңғарды. Иттердiң арсылдап үрген мазасыз даңғазылығы, дәл осы күндегi, Оралбай, Керiмбала айналасындағы суық дүние бiтiмсiздiгi сияқты.
Керiмбала мен жеңгесi Қапаны мынау көршi ауылдың бiр бойжеткенi бастаңғыға шақырып, алтыбақан құрған екен. Бағанадан берi, жас жиын қайта-қайта алтыбақанға Керiмбаланы мiнгiзiп, әнiн тыңдап тұр едi.
"Жақында ұзатылады-ау. Жат елдiң адамы боп кете барады-ау. Есiл қыршын, жақсы бойжеткен!" деп, iшiнен Керiмбаланы қимай, бiрақ сыртқа шығарып тiл қатпай, қапаланып тұрған құрбы қыздар, әсiресе, жеңгелер көп. Қапа сияқты аса тату, естi жеңге бүгiн Керiмбаладан басқаның көбiне ән кезегiн бермей, тек өзiнiң қайын сiңлiсiне ғана мұң шағуға ерiк берiптi. Өз қолымен арқанды ырғап, оқта-текте үнсiз жасын Керiмбаладан жасырып, сығып тастап тұр.
Оралбай осы бiр сәтке келдi. Ақ атты, ақ сойылды, жiп-жiңiшке сұңғақ бойлы жас жiгiт алтыбақанға жолдасынан бұрын жеттi. Тықыршып шырқ айналған атынан Оралбай сарт етiп түскенде, Керiмбаланың үнi үзiлiп қалды. Айдың әлсiз ақ сәулесiнен туғандай, бу мен нұрдың тып-тыныш шағынан пайда болғандай жiгiт келдi. Ғайыптан пайда болған қиял жасы – түн жiгiтi, әнмен таласып, өз де әндей боп келген сияқты.
Оралбай асыға басып алтыбақанға келгенде, тiл септiгi аз, тек көңiл, қабақ, әр қимыл ғана: "Келдiң бе? Көрдiм бе?" дегендей.
Керiмбала ешкiмнен қаймықпастан кеп, жiгiттiң қолынан ұстап, саусақтарын қысты да, алтыбақанға тартты.
Жиын жұрт екi әншiге қуанып, қызыға тұрып, кезек бердi
«Ақ дидарың көргенде балқыдым-ай...» –
деп, Оралбай бастап, Керiмбала нақыстап, ерiп кеттi. Екеуiнiң сағынысып келген жүздерi, ай астында аппақ боп толқына қобалжиды. Аға әншi, ұмытпас Бiржан қастарына кеп, "қосағыңмен ағар" деп, жiгiт батасын берiп, бар қиынға батыл бастап тұрғандай.
Керiмбала мен Оралбай көп ән салды. Сағынысып, зарығып қалған жүректер сөзбен айтыса алмас шер, сырларын әнмен үзбей айтады. Бiресе кезектеп, бiрiн-бiрi тыңдап алып, бiресе, айрылыса алмай, қызық шаққа қана алмай, қосылып айтады. Сол әндер екеуiн елтiтiп, ақыл мен еркiн де алды. Барлық алдағы өмiр байлауын да жасатты.
Абылғазы мына екi жастың ажарына көп қарап, үйлес үндерiн көп тыңдап тұрып: "мына екеуiн өлiм ғана айырар" деген ойға кеп едi.
Өзi Әкiмқожаның келiншегi Қапамен құрдасша ойнайтын. Шынында, Әкiмқожа екеуiнiң жас шамалары да жақын. Және ағайын iшiнде үнемi тату, сыйлас болатын. Аз сөзбен, бiр аға, бiр жеңге тез ұғысты да, барлық жасты өздерi меңгерiп, билеп алып, Керiмбала мен Оралбайды өзге топтан бөлiп жiбердi.
Оралбай Керiмбаланың қыпша белiнен құшып, қысып тұрып, өзiнiң бүгiнгi түнде немен келгенiн айта бастап едi. Керiмбала көп сөйлескен жоқ.
– Жаным, жарығым! – деп, жiгiттiң бетiне ып-ыстық бетiн басты. Көзi толы жас бар. Аздан соң жасын жұтқандай боп, тамағын бiр кенеп, бар дүниеге кейiстi шағымын бiлдiрдi.
– Құдайдың құртар күнi, қу күнi келiп қалды ғой сенi мен менiң басыма! Бiрақ ойым онға, санам санға бөлiнсе.де, сенен айрылар мұршам жоқ. Немен келгенiңдi түсiндiм. Әнеу күнi бiр айтқаныңда сұмдық көрiп ем. Ендi ерiк өзiңде. Баста! Бiз де ұрпағы едiк қой. Әруақтар жар болсын, жарым! – дедi.
Оралбай өзiнiң осындай ынтығынан, "жарым" деген сөздi есiткенде, жанып кеткендей боп, жабыса сүйiп, үнсiз қатып қалды. "Жаным, жарым" деп, Керiмбаланың өзi айтқан анық құштар үнiн сыбырмен, қатты құмарлық сыбырмен айтты.
Осыдан соң бiр-ақ күн өттi. Келесi түнде Оралбай қасына құрбылас үш жiгiттi ертiп алып кеп, Керiмбаланы алып қашты. Екi жастың есiн алған жалыны бұларды осындай шаққа жеткiздi. Олжай iшi болса, үстiндегi аспан жарылып, жай оты төгiлгендей өрекпiп бүлiндi.
Керiмбала Сүгiрдей көп "көк аласы" бар, мыңды айдаған байдың қызы. Берген жерi Қаракесек, Қамбардың мықты, малды жерi. Содан сан рет айғыр үйiрiмен, қыруар жылқы алған Сүгiр ендi қызының отауын көтерiп, "ырғап, жырғап" ұзатқалы отырған.
Бөжей, Сүйiндiк заманынан берi бұл күнге шейiн Жiгiтек, Бөкеншi арасында араздық салқыны түсiп көрмеген едi. Бiрақ мына жастардың мынау қылығы ендi Бөкеншiнi тұтас тулатып, өртке салғандай болды. Жай Бөкеншiнiң бiрi де емес, өзi Сүгiр. Бұл күнде Сүйiндiк өлген, ендiгi тiзгiн көбi осы Сүгiрде болатын. Көп жылқысының арасында "бiреуге ат мойын", "бiреуге ат сауырын" дегендi бергiштей жүрiп, Сүгiр салмағы күштi бай боп алған.
Ол содан асып, жуансып та, паңданып та жүретiн. Соңғы жылдар Бөкеншi iшiнде бiр қалжың лақап барды. Сүгiр бай қылаң жылқыға мiнген кiсiнi көрсе: – "Мынаның мiнгенi менiкi емес пе?" деп айтады дейтiн. Ендi сол Сүгiрге қараған Бөкеншiнiң Байгөбек, Жангөбектей үлкен аталары, Борсақ, Дәлекеңдей қоңсы туысы түгел дүрлiктi.
Сүгiрдiң Әкiмқожа, Балқожа, Нұрқожа деген балаларымен өзi боп тулағанда, "әуелi Жiгiтектiң жылқысын тиiп аламыз" деп бiр жасанды. Қаумендi шауып аламыз деп бiр лоқыды. Исi Жiгiтекке: "Тұрысар жерiн айтсын, болмаса бiр күн, бiр түн iшiнде қыз бен жiгiттi алдыма қол-аяғын байлап әкеп салсын!" деп, бiр айбат шектi. Осындай өрттей шалқыған жиын ашуы, әр жаққа бiр лап берiп кеп, аяғында, Бөжей аулына кiсi салды.
Бұл күнде Жiгiтектiң бұрынғы басшылары – Бөжей ғана емес, Байдалы, Түсiп те қайтыс болған. Ендi ел сөзiне ие болып, бiркелкi жас буын шығып едi. Олар Бөжейдiң балалары: Жабай, Әдiл. Сонан соң жаңа перi боп атанған табанды, қырыс Бейсембi. Және "қу бастан қуырдақтық ет алады" дейтiн, қансүлiк Әбдiлда болатын.
Таңертең жаманат бiлiне салысымен, Бөкеншiнiң шапқылай жиналысып, әбiгерге түскенiн, сыбайлас Жiгiтек күнi бойы естiп, бiлiп отырған-ды. Әсiресе, бiр ғана белдiң астында отырған Қарашаның аулы, дамыл алмай хабарланып тұрды. Жансыздар жiберiп, Бөкеншiнiң әр саққа толқыған, iштей сөйлескен ашу кеңесiнiң де бәрiн бiлдi. Өздерi бiле тұра, өзге Жiгiтекке де қайта-қайта кiсi шаптырып, хабарлап тұрған.
"Жылқы аламыз!", "шауып аламыз!" деген сөздер Жiгiтектi Бөкеншiге сол күнi-ақ жауықтырып қойып едi. Өзiнiң саны көп, өзi өмiрде соғыс-шабуылдан қорқып, үркiп көрмеген Жiгiтек, сол күнi түстен кейiн-ақ, сойыл-шоқпарын белдеуiне қыстырып, жарау аттың бәрiн ерттеп мiнiп, суыта бастады.
Бөкеншi болса, Жiгiтекке кiсi салумен қатар, ес жия бере, көлденең, ара ағайынға да кiсi шаптырған, Жiгiтекте Бөкеншi дақпыртын ести сала, сол ара ағайынға қос-қос аттап кiсi жөнелттi.
Екi елдiң де бұл жөнде: "араға кiрiсiп, жөн айтсын, арандатпасын" деп сөз салғаны – Айдос.
Олжай үшке бөлiнгенде – сол Айдос, Қайдос, Жiгiтек боп тарайды. Қайдосы бүгiнгi Бөкеншi. Айдос болса, осы маңдағы Тобықты iшiне күшi мәлiм, iсi мәлiм – Ырғызбай және Көтiбақ, Топай, Торғай – төрт ата болады.
«Айдос» деп сөз салатын екi ағайын, сол Ырғызбай, Көтiбақтарға тегiс жағалай хабар айтқызды. Арнаулы кiсiнi Құнанбай аулына, Құлыншақ аулына жiберген. Көтiбақта Байсалдың орнына бұл күнде ел сөзiн ұстайтын. – Жиренше бар. Соған да екi жақтың шапқыншылары кезек келген.
"Айдос" деп тобына сәлем жолдап жатқандықтан, Жиренше де, Топай, Торғай адамдары да өз беттерiмен жауап айтысқан жоқ. Ырғызбай iшiне бас қосып, Құнанбай аулына келiскен Барлыбай өзенiндегi Ұлжан аулына жиылып жатты.
Ырғызбайды алса, бүгiн Құнанбайдың өзi жоқ. Ендiгi қалған ауылдарының бұндайда сөз ұстайтын үлкенi мен пысығы – Майбасар, Тәкежан. Ол екеуi алғашқы дақпырт шығысымен, өздерiн "iздегендер сол жерден тапсын" деп, Ұлжан үйiне – Өскенбайдың қара шаңырағына орнап жатыр.
Осыншалық көп әбiгердiң себепшiсi екi жас, бүгiн таң атқалы әлi күнге орын тауып, байыздай алмай жүр.
Әуелi, Қаумен, Қараша ауылдарында қалуға болмайтын болды. Бөкеншiге қонысы жақын. Сүгiрдiң ашу сөзi шыққан сайын, тiлеулес жеңге-құрбылар, жастарды бұл арадан жалтартуды қажет дестi. Қанды мойын айыпкер.деп, алдымен көздейтiнi осы ауылдар болған соң, шынында, бұнда болуға жол қалмады.
Одан сырғыған соң исi Жiгiтектiң қарқарадай көрiнетiн атасы, көп Тобықтының ескi шаңырағы – Кеңгiрбайдың аулын паналатпақ болысып, сонда әкелiп жасырып едi.
Кейiн Бөкеншi елшiсi тура осы ауылға кеп түсе бастаған соң: "бiреу болмаса, бiреу сыбыр берiп қояр, Бөжейдiң орнына ел пәлесi орнап қалар" деп, бұл ауылдан да сырғытты.
Содан кейiн, бiр кезек, қазiргi жастың абыройлысы және өзi табанды мықтысы деп, Бейсембiнiң аулына жылжытып едi. Бейсембiнiкi бiр ғана шай iшкiзуге жарады. Содан ары Бейсембi:" ертең мен Бөкеншiмен тартысқа түсем. Сонда сөзге сынық боламын. Бұл жерден тайғыза тұрыңдар!" деп, ол да сырғытып жiбердi. Кешке шейiн осындай түртпекпен жүрген Оралбайдың намысы қайнап:" Базаралының өзi келсiн. Бауырым бар едi десе, осы бүгiнгi күн көзiме бiр көрiнсiн!" деген. Ызалы қысымда тұрып айтқан соншалық қысқа, сондайлық қатты, суық сөз едi.
Осы сәлемдi ести сала Базаралы атқа мiнген. Ол ең әуелi бұл iстi естiгенде, ғажап халге ауысып, бiр ауыз үн қатпаған. Оң дегенi де, терiс дегенi де мәлiм емес. Не бiр қатты ашу ма? Не болмаса тiстенiп алып "өле көрсем де, шыдадым" деген жiгер-қайрат бекiнiсi ме? Әйтеуiр, қатты сезiм бұны буып-түйдi де, әлi күнге үнсiз жүрген. Бiрақ соның орайына, күнi бойы, тек айналадағы жұрттың үнiн қас қақпай тыңдаумен болған. Ол Бөкеншiнiң шарасынан асып, бұрқ-сарқ етiп жатқан хабарын да есiттi. Жат хабарды Жiгiтек алғаш естiген жерде, бiрталай ақсақал, қарасақал боп, Оралбайды қатты кiнәлағанын да бiлдi. Ол ғана емес, кейбiр топтың әуелде: "Бөкеншiмен кетiспеймiз. Ағайын бетiн не деп көремiз? Екi тентек iсi болса, елге ылаң болмасын. Жiгiтке айып тартқызып, қызды қайырту керек" дегендерiн де естiген. Осыны да үнсiз, жауапсыз тыңдап шыққан-ды.
Тек түстен соң ғана Бөкеншiнiң "жылқы алам", "ауыл шабам", "Жiгiтекпен жасасып, соғысам" деген асқақ сөзi келе бастаған соң, Жiгiтек жиындарының бетi өзгере бастады.
Өзгерткен бiр себеп – хабар болса, екiншi себеп – бiр топ жастар мiнезi. Бұлардың басы – Қарашаның Абылғазысы.
Ол Оралбай iсi Бөкеншiге мәлiм болысымен-ақ, ат үстiнен түскен жоқ. Тiптi елден бұрын кеп, Керiмбалаға өзi амандасып: "қадамың құтты болсын!" деп көңiл бiлдiрген. Аға жақынның ең алды өзi едi.
Содан соң күнi бойы не қойшы-қозышыны, немесе бие қайтарған бала жiгiттердi, не ел қыдырған қатындарды жансыз етiп, Бөкеншiге құлағын түрiп.отырған. Бұл адамдары, тек сыртқа қимыл-қозғалысты бағатын "сырт көз" болса, содан соңғы ең бiр шебер iсi – өз аулындағы Бөкеншi қызы, бiр келiншектi дәл Сүгiр аулының өзiне ерте жiберiп қойған. Сол келiншек барысымен Қапаға жетiп, күнi бойы Әкiмқожа мен Қапаның отауында болды. Қасында тайға мiнген Ержан деген бала бар едi – қайнысы болатын. Соны Қапамен екеуi Абылғазыға кезек сәлем айтып, күн ұзын талай жiберiп алды. Баланы бiр белдiң астында Абылғазының қойшылары тосып, қайта жiберiп отыратын. Керiмбаланы өзi аттандырып салып, Қапа таңертең Әкiмқожадан қатты таяқ жеген-дi. "Сенен жасырын сыры жоқ. Ауылға қастық еттiң!" деп, күйеуi сабаса да, Қапа қайын сiңлiсiнiң тiлеуiнен бетiн бұрмаған. Үндемей, сыр бермей таяқты көтерген де, ендi шамасы келгенше Оралбай мен Керiмбаланың керегiне жарамақ едi.
Бар Жiгiтекке, Бөкеншi туралы ең деректi сөздi алып келген Абылғазы, үлкен ептiлiк жасады.
Ол әуелi Оралбайды ақтайтын кiсi боп келген жоқ. Дел салда отырған жиын, Оралбайды ұстап берудi де, Бөкеншiге қарсы тұруды да шеше алмай жатқанда, Абылғазы Бөжей үйiне келдi. Ақсақал, қарасақалдың тап ортасына батыл басып кiрiп, үй ортасына бiр тiзелеп, жүгiнiп отырды. Тымағын алғанда, сұлу бiткен кесек жүзi салқын едi. Үлкен басын, соғысармандай боп, ақ шытпен қатты байлап апты.
Бөкеншi сөзi шыдамнан асып бара жатқанын, әсiресе, айта келдi. "Ауыл шаппақ, жылқыға тимек, тұрысатын жер айтысып, өлiспек. Бұған ендi қызды қайтарғаның да шара болатын емес. Қанды мойын айыпкер боп, түгел Жiгiтек тiзе бүгетiн боп тұр. Одан басқаға Бөкеншi ашуы қайтатын емес. Ендеше соған бiлгенiңдi қыл, әкетай, елдiктен кетiппiз. Қор болыппыз, ашуыңды тарқат, саба менi ашуыңды бас, малымды ал! Менi қатын ет, үйткенi, менде азамат жоқ. Менде қауқар жоқ, қормын" дейiк. "Сүйтiп, алдына түсейiк!" деп, Жiгiтек намысын қатты соққыға алған. Содан қайта қатулана түсiп, суық, құбылып алып:
– Сонша жер табанға түсiп жалпыетек болар не дүниенi бүлдiрiппiн?! Екi ғана, ес тоқтатпаған жастың албырттығы ма? Сол үшiн елдiктен, әруақтан, ежелгi достықтан кетер болса, Бөкеншiнiң сенi қимағаны қайсы? Ол сенi қиып қорлап кетсе, сен неңдi аяп iркiлесiң? Нең қалып едi? – деп, аса өткiр сөйлеп, батыл келген.
Осы сөзден соң Жiгiтек берiк байлау жасамаса да, бiрақ таңертеңнен бергi екi ұдайлықтан, былқ-сылқтан арылып, сөздi бiр араға түйген-дi. Сол түйiнi бойынша, iстiң бәрiн Бөкеншiнiң өз мiнезiне қарай iстейтiн болады. Жiгiтек қазiр жауапкер ел, сондықтан өзгенiң аңысын аңдау.ең үлкен тәсiл болмаққа керек. Әзiрше Бөкеншiнiң алдына түсiп, айыпкер боп беталды бойсұнбайды. "Бөкеншi жақсы сөйлесе, жақсы ағайынның көңiлiн дауалаймыз. Жаман сөйлесе, кiнә өз мойнында – жығыла кете алмаймыз!" деп, сөздi осыған сарыққан.
Базаралы бұл кеңестi де өз құлағымен естiп, үн қатпай кеткен едi.
Қоналқалық орын таба алмай жүрген айыпкер iнiсi мен жаңа келiнiне келе жатқанда, осындай көп хабарға қанып келген-дi.
Оралбай мен Керiмбаланы кешке жақын, бiр үш-төрт үйлi кiшкене кедей ауылға әкелiсiп едi. Жүдеу үйдiң иесi – жас жiгiт Бөкембай бұлардан үркiп қорықпады.
– Сенен жаным аяулы емес. Осында бол! – деп, аз лағының бiрiн сойып жатыр.
Базаралы осы үйге келсе де, Оралбаймен көп сөйлескен жоқ. Оның өзiн тiптi сөйлеткен де жоқ. Тек, Керiмбаламен екеуiне қатар ескертiп:
– Ел көзiне тентек болсаңдар да, иесiз, панасыз емессiңдер. Кiнәласса да, қайда кетушi едi жұртың? Көтермейiм десе де, көтередi ауыртпалығыңды. Болар iс болды, тек өкiнбеңдер. Берiлмейсiңдер, бергiзбеймiз! Бермеймiн, қасыңдамын. Өзiм хабарласып тұрам! – деген.
Осының алдында дәл осы соңғы айтқан байлауына өзi бекiнген соң, түс ауа, Абайға хат жазып, кiсi жiберiп едi.
Салмақ салып, ағалық, базыналық бәрiн қосып, "болды бiр iс. Аралас, тартынба, қорған бол. Тiптi болмасқа кетер болса, билiгiн өзiң айт" деп тапсырған.
Абай осы сәлемдi естiген жерде, оның қасында Ербол мен Әмiр бар-ды. Сол екеуiне ақылдасқандай боп:
– Жә, бiз бұған не дейдi екемiз? – деп, бiр қойып едi. Әсiресе барлағаны Ербол болатын. Соған қарап:
– Бөкеншi – өзiң болсаң, Жiгiтек бауырың. Оның iшiнде Оралбай, Керiмбала болса – тiлеуiң бiр құрбың, тату жас, достарың. Әуре-сарсаң осы болушы ма едi, бұл қалай болды, Ербол!? – дедi.
Ербол өзi де осындай толқында болатын.
– Мұның бәрiнен жаманы, ара ағайынның мiнезi болады. Сол деген жерден шықпайды ғой, Абай. Осындайдың тұсында пәленi басам демей, түлкi бұлтаққа салатындар.көп шығады. Мынау екi жас қапыда сондай пәленiң сылтауы болғалы тұр. Қолдан келсе, пәленi өрбiтпе. Жаны ашығанның iсi сол! Менiң ақылым осы-ақ -дедi.
Абай өз досына аса бiр ырзалықпен қарады. "Бөкеншiмiн" деп ұранға қызып отырған жоқ. Абайға: "Сен өз басың адам боп, азаматтық биiктен табыл!" деп отыр. Сөзi шын, тереңдеп ойлайтын кiсiнiң түкпiрлi сөзi. Ербол туралы iшiнен қорытқаны: "бұның – адал адамның да, еркектiң де сөзi ғой. Түбiнде Ербол осы елдiң сүбе адамының бiрi болады-ау, бара-бара!" деп бiлдi.
Әмiр өзiне арналған сөз болмаса да, Ербол тоқтай салысымен, iле сөйлеп жатыр, Абай Ербол туралы ойланып қалып, оның сөзiнiң басын аңғармап едi. Ендi тыңдаса, жас, таза бейiл, қызу жiгiт:
– Оралбай мен Керiмбаладан аянып қалғанымыз ұят. Бар көмегiне жарау керек. Қаракесек азар болса мал алар, айыбын алар. Болыспай қала алмаспыз. Мен, мiнерiне ат, iшiп-жемiне сойыс жiберу керек деймiн! – дедi.
Абай ақырын күлiп, бас изедi де:
– Бұның да бiр алуан дұрыс байлау. Сенiң қолыңнан бүгiнде одан зордың өзi келейiн деп те тұрған жоқ. Тым құрыса дос замандастарың бейiлiңдi көрсiн, Әмiр. Бөтен жұртқа, көп көзiне дабырайтпа! Бiрақ жаңағы атаған көмегiңдi, өз атыңнан сәлем айтып, Оралбай мен Керiмбалаға жөнелте бер! – дедi.
Осындай үй iшiндегi iшкi кеңестеп соң, Абай Ұлжан үйiндегi жиынға келген.
Онда бұл уақытта бар Айдостың әр атасынан келген атқамiнерлер қымыз iшiп, қызынып отыр екен. Қазiр төр де, сөз де Майбасар мен Жақыпта. Солар қасында қызара, бөртiп, оқта-текте күле түсiп, қоздана сөйлеп қойып, Тәкежан отыр. Көтiбақтан келген Жиренше, бұлардай емес, тартынып отырған сияқты. Топай кiсiсi Базар да онша көп шешiлмейдi. Бiрақ Майбасар, Тәкежанша жеңiл жортып, әр саққа кетiп, әлденеге сүйсiнгендей көтерiңкi отырған – Торғайдың адамы Даданбай көрiндi.
Абай басында үндемей барлап, жұрттың қабағын бақты. Төрт ата Айдостың екеуi бiр мiнезде, екеуi бiр мiнезде отырғандай. Ендi бiраз байқастап барып, Майбасар мен Жақыпқа қарап, Абай:
– Ал мына екi ағайын лаңына не дескелi отыр бұл жиын, ара ағайын? Сөз ұстатып, Айдос атынан Бөкеншi, Жiгiтекке кiсi жөнелттiңiздер ме, жоқ па? – дедi.
Әуелi Жақып қысқа жауап қайырды:
– Жоқ, жiбергенiмiз жоқ! – дегенде, Майбасар бұдан ары ашыла түстi.
– Не деп жiберемiз кiсiнi? Бiтiм айт деп отырған ағайын болса бiр сәрi. Бiрiмiздi "құпта" деп отырған жоқ па? Қайсысына болысайық!
– Сонымен ара қарындас, әншейiн үндемей, түк бiлмегендей боп, қарап қалмақ па?
– Түбi қарап қалмас. Неге үйтсiн?
– Ендеше, екi елдiң араздық өштiгi өрши түссiн деп отырмыз ба?
Абай сұрақтары тергеудей боп, үй жиынын ерiксiз мойын бұрғызып барады. Жұрттың бәрi басқа сөздi қойып, мына қағысуды тыңдауға кiрiстi.
Майбасар Абайдан әзiрге сөзге ығыспағандай:
– Бұл пәле қозданғалы тұрған бiр өрт емес пе? Оған қазiр айтқан басу сөз ем болмайды, сол отты үрлеу ғана болады.
– Е, олай болғанда, әйтеуiр шығатын өрт екен, сол шығып болсын деп отырмыз ғой.
– Ашу алды, ақыл соңы. Әуелi Бөкеншi өрекпiп барып, өзiнiң ашуына ие болатын шаққа жетсiн. Өрт шықса, оны алдынан шығып өшiрмейдi, қуа өшiретiндi бiлесiң ғой! дедi.
– Осыны да "ел тыныштығын, татулығын ойлау" деймiз-ау! "мен кiрiсем, емшi, жамаушы болам. Бiрақ, менi солай араластыру үшiн, әуелi өзiң пәлеге бата түс өртене түс" дейдi екенсiз, ә? – дедi. Ендi Абай ашулы едi. Жиренше мен Базар, Абайға: "анық, осы сөзiң мақұл" дегендей боп, ентелесе тыңдады.
– Бәсе, осы жым-жырт отырыстың бабын мен де таппай отырмын. Жаны ашыр болмайды ғой, бұндай! – деп, Жиренше тiптi күйiнiп отырғандай болды.
Ол тегiнде Жiгiтек пен Көтiбақ достығын қимайтын-ды. Бөжей, Байсал тұсынан қалған достық болса, оны жаңа басшы – Жиренше өзiнiң сақтауына, бағуына қарыз деп бiлетiн, Топай болса, тегi осындай ағайын iшiнiң араздық салқындығына, қулық тәсiлiне көп ермей, тура, әдiл мiнездi болғанды артық санайтын. Осы екi ата сонымен Майбасарлардың iркiлiп, тартынуын бағанадан босаңсыта алмай және дәл сырларын ашып сала алмай отыр едi. Абай сөзi ашылысуға қамшы болды. Сол жайларды аңғарып отырған Тәкежан Абайдың бағанадан бергi тергеуiне ырза емес болатын.
Абай жаңағы соңғы сын сөзiн айтып, "ағайын iшiнiң тыныштығын тiлемей, өртiн iздеген мiнез бар" дегенде, ол iле қағытты:
– Өрт, өрт дейсiң! Соның рас, өрт. Бiрақ бiз бастап, бiз тiлеген өрт демекпiсiң өзiң? Тiптi, түкпiрдi қазыссақ, өрт ендi шығайын деп отырған жоқ, бұрын шығып қойған жоқ па? Оралбайың мен Керiмбалаң салған жоқ па? Соны көрмей отырмысың? Жоқ, әлде "ән" деп, "сән" деп, осы жаз бойы өзiң серiмастанып ең, сондағы серiктерiңдi әдейi бүркеп отырмысың!? – деп қатты кекетiп, мазақтай күлдi.
Абай күлген жоқ, бiрақ қысылған да жоқ.
– Е–е, айыпкер табылды де! Ол – ән екен! Әндi сүйген мен екем ғой! Менiң аулымда Оралбай мен Керiмбала ән салыпты, содан екен ғой! Олай болғанда, тыныштық, татулық күнде, Кiшекең, Бөбең жасының, сенiң аулыңнан iшкен қымызын, жеген қойын тағы айыпкер деп қосамыз ғой! Тiз, тiзе түс! – деп бiраз қадала бердi де, артынан қайта ызаланып, батыл үнмен ашына сөйледi.
– Сеп болуға жарамай отырып, немесе, әдейi сеп болғысы келмей бұқпантай ойнап отырып, айыпкер таппақ! Сеп болмай, еп көздеп, сылтау қуып отырсың ғой, түге! – деп, Ырғызбайдың жиынын жерлеп тоқтады.
Соңғы жылдарда ағайын-ауқымында Абайдың анық iрiлеп келе жатқанының бiр белгiсi осындайда көрiнетiн. Ненi болса көзге шұқып, басқа сабап айтатын. Және соны ашулы қазы, әдiл би түсiнде қатты зекiп, зiлмен айтады. Қазiр ырғаса кеп, соған басқанда, Майбасарлар тоқтап қалды. Абайдың алғырлығы, бет беделi және әдiлдiгi таразыны басып кетiп бара жатқандай. Сөз бен жолда Майбасарлар жеңiлдi. Бiрақ сонда да бұл отырыста Абайдың дегенi болған жоқ. Өзге Ырғызбай бiр бөлек, Абай жалғыз өзi бөлек боп шықты. Мұны қостаған Айдос, Жиренше мен Базар едi. Ал ел емес, екi үлкен атаның сөзi Абайға ердi. Қалған екi ата қарсы болды. Оның iшiнде, Торғайдың, Абайға көнбей Майбасарды ұстанып қалғаны кек-қыжалдан болатын. Жiгiтек iшiнде осы пәлеге қанды мойын айыпкер Базаралы болатынын сезген Даданбай, iшiнен "шоқ бәлем" дегендей боп, әнеугi Балбаланың ызасын есте тұтқан.
Сөйтiп екi ұдай болғандықтан, Айдос тұтас сөз айтып, анау екi елге кiсi жiбере алмады. Бiрақ "пәле өрбiп кете ме, ел арандаса ма" деп қинауға түскен Абай өздiгiнен Сүгiр аулына кiсi шаптырды. Ол жiбергенi – Ербол едi. Ара ағайын сәлемi мен өтiнiшiн Абай Сүгiрдiң өзiне, Әкiмқожаға жолдаған. Тiлегi – "қол қимылы болмасын, iстi насырға шаптырып ап, ежелгi дос Кiшекеңмен кетiсiп қала көрмесiн. Ем табайық, тек жараны ұлғайтпайық. Осыны Айдостың көбi өтiнедi!" деп жiбердi.
Бiрақ Абайлар бiлмептi, Айдос iшiнен Бөкеншiге кеткен алғашқы сәлем бұл емес екен. Майбасар жұрт көзiнше, Бөкеншi кiсiсiне, Айдос сөзiн нақтылы қып ұстатпай, екi ұдай еткенмен, оңаша сөйлескен жерде, Сүгiрге құпия сәлем айтыпты. "Жiгiтекке бата қимыл етсiн, салмағын мықтап салсын, тайқымасын. Айдос түбiнде тентекпен болмайды. Бүгiн алдырып отырған Бөкеншiнiң қасынан табылады" деп жiберiптi.
Майбасар мен Тәкежан мұндай құпия сәлемдi текке айтқан жоқ. Оңаша сөзде Сүгiр кiсiсi бұл екеуiне бiр айғыр үйiр жылқы берудi уәде еткен. Соны екеуi қабылдап отырып, бiр жақтан Айдосты сатып, жаңағы уәде сәлемдi айтты.
Осындай қолтыққа бүрiккен дем өзi ызамен томырылып отырған Сүгiрге, анық қамшы болды. Үйткенi ашу үстiнде аңғармаған Сүгiр өзге сөздiң iшiнен осы сөздi ғана ұқты. Және мұны түгел Айдостың түбегейлеп ұстатқан сөзi деп қалды.
Абай сәлемi бұдан сонақұрым кеш келдi. Күндiз Жiгiтекке жiберген елшiлерi Бөжей аулында боп, бар салмағын салып, " қыз бен жiгiттi қазiр әкеп алдыма сал, қолыма бер, болмаса тұрысатын жерiңдi айт!" деп отырып алған-ды.
Оған Абылғазы кiрiскеннен бергi Жiгiтек байлауы көне алмады. "Бұл – ағайынды ел емес, жауласқан араз елдiң сөзi. Ел сағын сындырмай, келiсетiн сөздi ұстап.кел. Өзiмiздi ақылыңа ала отырып, бiрге ем iздеудiң сөзiн әкел. Сол – ынтымақ сөзi болады. Мыналарың қара күш, зорлық. Кiшекеңдi қорлағаның. Иттiң иесi болса, бөрiнiң тәңiрiсi бар, бұ не қылғандарың? Бiр ғана осы жол болмаса, бұрын Жiгiтек, Бөкеншiден қатал мiнез көретiн не жаманшылық iстеп едi! Екi арамыздан тату ағайын арасы бар ма едi? Қыл өтпестей тәттiлiктi бiр ашуға сатпайық. Кеше осы ұрпақ қамын ойлап, үнемi достық, татулықты бiзге мұра қып кеткен Бөжей, Сүйiндiк, Байдалыны ойлайық. Бөкең сөзiн, сәлемiн ойланып айтсын!" деп, кешке жақын осындай бiр жауаппен Бөкеншi елшiсiн қайырмақ едi. Бұл жолы Бөкеншi сәлемiн әкелген, сол Бөкеншiнiң бүгiндер шыққан, жаңа буын атқамiнерiнiң басы, зор денелi, бiтiмдi жiгiт Күнту болатын. Сол кетер кезiнде Жiгiтектiң өзi тұрғылас жаңа басшылары Жабай, Бейсембi, Әбдiлда үшеуiне оңашалап тұрып:
– Мына жауабыңа Сүгiрдi тоқтатам деп айта алмаймын. Ол бүлiнiп отыр. Пәле шақырдың, ағайын, айтпадың деме! – деген.
Жабай осы соңғы сөзге қайыса жаздап: "Өй тоқташы, бұл қай айтқаның?" дей берiп едi.
Күнту суық жүзiн жiбiтпей, отты қара көздерiн салмақпен, салқын қадап отырып:
– Айтқаным сол! – деген-дi.
Жабай сыр берсе де, бұндай қауiптен әлi күнге бет бұрып, жалтарып көрмеген, өзi сөзуар, өзi орамды, алғыр Әбдiлда ығысқан жоқ.
– Уай, Күнту, таразыға сенiмен мен түспек боп тұрғам жоқ. Әруақ пен ел түсiп тұр. Содан үлкен болдым деп, содан аттап кетем десе, Сүгiрдi де құдай табар! – деп шапшаң да, қатты да айтып, бiр-ақ тұжырған.
Майбасар сәлемi бiр келсе, соған iлес Жiгiтектiң бұл жауабы және келдi. Қыз бен жiгiт те жоқ. Алдына түсiп кiнәсын мойындаған Жiгiтек те жоқ. Жаңағы сөздiң бәрi – "тiл емiзу, қашыртқы салу." деп бағаланды.
Содан соң-ақ Сүгiр айғайды салып, от басын сабап, Бөкеншi әруағын шақырып, тұлан тұтып кеттi. "Мың көк аланы салдым намыс жолына. Шаштым, бердiм қолыңа барымды! Тек, кегiмдi әпер мынадан!" деп жуан бай бүлiкке кеттi. Асып-тасқан содырлыққа басты. Ат-сойылы дайын отырған Бөкеншi тобынан жүз жiгiттi жүз боз атқа мiнгiзiп жiберiп, дәл сам батарда Жiгiтекке аттандырды. Жаулыққа аттандырды. Тапсырғаны:
– Жiгiтек кiсiмдi әкеттi. Малмен ашу баспаймын. Кiсi барымтасының орайы кiсi барымтасы. Жiгiтектiң жанына бататын жерiнен маған да бiр адамын, бiр жесiрiн тартып әкеп берiңдер! – деп жөнелткен.
Абай сәлемi осындай өрескел барымташылар аттанып кеткеннен кейiн келiп едi. Сүгiр Ербол сөзiн үнсiз тыңдап шығып, жауап айтпай, қатып, сiлейiп қалған.
Бөкеншiден аттанған жiгiттер бүлiкке кеткен соң, дегенiне жетiп, бүлдiрiп қайтты. Жiгiтек iшiнде Жапа дегеннiң жаңа түскен мөлдiреген сұлу келiншегi бар-ды. Соны, басындағы желегiмен, есiн шығарып, шошытып тартып алды. Ауылды басып, жаншып келген жүз жiгiт бiрде-бiр кiсiнi тыпыр еткiзбей, келiншектi зорлықпен киiндiрiп тұрып алып кеттi.
Сол түн iшiнде Бөжей аулында қонып отырып, мына хабарды естiген соң, Бейсембi, Әбдiлдалар да сәтте ашу байлауын жасады.
– Жақын деп қапыда жүр екемiз, жат екемiз ғой! Шабысуға кеткен осы болғаны ғой. Жебiр-жесiр етiседi екемiз. Тұр, аттан сен де! – деп, Әбдiлда Абылғазыға бұйрық берген.
"Күш жию, ес жию" деген бөгет, аяң болған жоқ. Жiгiтек ызасы ендi келген екен. Ол айғайсыз, байбайсыз бiр-ақ ышқынып, сазара көгерiп алғандай. Сөз қатқан кiсi аз. Асығып, әзiрленген қимыл бар.
Аздан соң бұдан да жүз жiгiт шығып, Абылғазыға бастатып, түн ортасы болмай-ақ, Бөкеншiге қарай ат қойды. Сол топ, таң атар-атпаста қайта қайтқанда, жылқыға тиiп мал алып қайтқан жоқ. Бұ да кiсi барымталап келдi. Бөкеншiнiң елеулi жiгiтi Солтабай дегеннiң де биыл түскен, о да желек астында жүрген жас келiншегi бар едi. Соны тартып алыпты.
Бұл түндi Бөкеншi-жiгiтек iшiнде ұйқысыз өткерген күзетшi мен жылқышы ғана емес, тегiс ел болатын.
Солтабайдың келiншегi барымтаға түскенiн ести сала, Бөкеншiнiң бар жайлауында түнгi жайылыста жүрген жылқы атаулы ауылға қуылып келiп, күн шықпастан аттар ұсталды. Еркек кiндiктi Бөкеншi тегiс сойыл, найза, айбалта ұстап, атқа қонып, Сүгiр аулының үстiне үйiлдi. Дәл осы сәтте Жiгiтек те осындай, шоқтай боп, жорық-жортуыл, соғыс-қақтығысқа бет түзеп алыпты.
Сонымен күн найза бойы көтерiле бергенде, Жiгiтек қонысы – Сар-көл мен Бөкеншi қонысы – Шалқар арасы, Суық-бұлақ пен Қаршығалы арасы – қайнап сiрескен қолға толып алды. Аз уақыт iшiнде жасыл бел, кең жазық көк төскейдiң бәрi шылқымай майданға айналды.
Жасы алпыстың жуан iшiне кiрiп, жетпiске тақап қалған Сүгiр өзi де найза ұстап соғысқа шығыпты. Қарсыласқан ұрыста бiр кезекте мұның бет алдынан Жабай мен Бейсембi кеп қалып едi. Шал найзасын соларға қадап, үңiле шапты. Жабай қасындағыларына бұйрық берiп:
– Мына кәрi өлгелi жүр ғой, қанына қарайып .. Қол тигiзбеңдер! – деп қалды.
Бiрақ Сүгiр тақап кеп найза саларман болған соң Жабайларды қорғап, Жiгiтектiң бiр жiгiтi көлденеңдей түсiп едi. Сүгiр найзаны әлгi жiгiтке салып жiберiп, ұшырып түсiрдi де, iлгерi ұмтылды.
Бiрақ артына жалтақтап, "жаңағына өлтiрiп алып, құныкер боп қалам ба?" дегендей қауiп ойлап келе жатыр. Қарсы алдына Бейсембi кеп қапты, найзасын ендi соған оқтала бердi. Бейсембi төбелескен жоқ, тек найзаны қармап алмақ едi. Сүгiр соны аңғарғандай боп, өз найзасын бос қана соза берiп, Бейсембiге ұстата салып, кейiн жалт бердi. Бейсембi саспайтын. Есiнен ешуақытта айрылмайтын, тапжылмастың өзi екен. Сақ-сақ күлiп жiберiп:
– Көрдiң бе мынаның қылығын, көрдiң бе?! – деп найзаны шошайтып, Жабайға көрсетiп: – Ана жiгiт өлер болса, түпкi дауға барысқанда: "мен салғам жоқ, найзамды Бейсембi жұлып алған" дегелi, маған ұстатып кетiп барады! – дедi.
Бұл соғыстың бiр тұсы. Өзге тұстарында талай жан қан құшып жарадар боп, аттан құлап, мерт боп жатты.
Жiгiтек пен Бөкеншiнiң нелер ер, балуан жiгiттерi де кезiгiп, шайқасып алды. Әсiресе бүгiн қайратпен, ерлiкпен көзге түскендер: Жiгiтекте – Абылғазы, Бөкеншiде – Марқабай. Кеудесi бiр құшақ, балтыры бесiктей, жасы отызға жаңа iлiнген жалпақ бет, ала көз, қара Марқабай – шын алып қайратты. Өзi Тобықтыға белгiлi түйе балуан, әрi даңқты мешкей болатын.
Бүгiн қайта-қайта ат ауыстырып мiнiп, сол Марқабай талай Жiгiтектi аттан ұшырды. Өзi де сойылды көп жептi. Басы бiтеу жара болса да, оны елең қылған жоқ.
Бұл соғыс түске шейiн созылып, ендi одан ары да кете баратын едi. Жаралы болған, мертiккен кiсiлерiн екi жақ та жауға бермей, ауыл-аулына әкетiп жатқан. Ағайын қанға батысып жатыр. Осыны бiлген Айдос, қалың қол боп түске тақау майдан үстiне жеттi де, екi жаққа да тыйым салды. Әмiр етiп, ақыра сөйлеп, Айдос атынан Жақып шыққан.
– Тоқтамағаның тентексiң! Ендi тыйылмағаның – өзiңе қарсы бiздi жау етесiң! – деп, ерiксiз тоқтатты. Жауласқан екi жақ осыдан соң амалсыз басылып, өздi-өз елiне қарай қайта бердi.
Айдос тобы тап ортада тұрып ап, екi жақтың түгел тарап болғанын күтiп едi. Олар әбден арылып алған соң, қалың жиынымен Жiгiтекке бармай, Бөкеншiге тартты. Бұл Жiгiтектер үшiн жаман белгi болатын. Не екi жаққа бөлiнбей, не арада өзге бiр атаға тартпай, түгел Айдос боп Бөкеншiге бұрылғаны: "күйiндi сол, соның қасында болайын" дегенi ме? Жоқ: "жазықсыз сол, соған болыстым!! дегенi ме? Әйтеуiр көп Жiгiтектi күптi еттi. Айдос тобы Сүгiр аулына түсетiн болған соң, Бөкеншiнiң өз жасағы осы маңдағы Бөкеншiнiң өзге ауыл-аулына тарап түскен.
Соғыс, әлек, қан қырғын боп жүрсе де, сонымен қатар бұл елдер iшiнде әрқашан бiр гу-гу мақтан әңгiме де, күлкi, мысқыл, қылжақ та жүрушi едi. Бүгiн соның бiрiн Жiгiтек, Сүгiр туралы айтып, аңыз қып кетсе, екiншi бiрiн Марқабайдың бiр өрескел мiнезi туғызды. Ол өзiн қоршап, сүйсiне. Қошеметтеген бiр топ жiгiтпен Дәлекен iшiне кеп түскен. Сонда бiр ауылда мұның осы жаз бойы құмартып жүрген қызы – Құндыз бар-ды. Бiрақ қыз көңiлi де мұнда болғанмен, шешесi қатты аңду салып, алты ай жаз Марқабайды бiр маңайлатпай қойған.
Бүгiн Марқабай мына әбiгердi сол бiр тiлегiне сылтау етiп пайдаланбақ боп, көршi үйге жiгiттерiмен түстi де, қасындағы бiр-екi құрбысына: "сендер Құндыздың шешесiн ортаға алып, әңгiмеге бөгей берiңдер" деген. Келiп жайланып, қымызға қанып, күпiлдек әңгiмеге кiрiскенде, Құндыздың шешесi – қатқан қара кемпiр де осы үйге келiп едi. Жiгiттер оны әңгiмесiмен бөгеуге кiрiстi.
Марқабай дәл осы сөздiң қызу кезiнде сусып шығып, тура Құндыздың үйiне асыға кеп кiрдi. Есiк түрулi тұр. Үй ортасында, үлкен қазанда iрiмшiк қайнап жатыр. Құндыз жалғыз, кесте тiгiп отыр екен.
Қыз әңгiме айтқызайын деп, соғысты сұрай берiп едi, Марқабай оған жөндi жауап қатқан жоқ. Бастың бiтеу жарасын да ұмытты. Тек қызға жалынып, құшақтай алды. Анау сескенiп, атып тұрды. Марқабай Құндызды еркiне қоймай, құшақтай түрегелiп, тамағына жабысып, сүйiп, тұрып қалды. Қыз бұлқынып босанайын десе де жiбермей, қатты құшақтап тұр. Дәл осы кезде тақыс кемпiр, бұның анау үйден кетiсiне сенбей, атқып шығып, өз үйiне келген едi, қызын құшақтап, сүйiп тұрған Марқабайға:
– Уай, төбеңнен жортқыр! – деп, ақыра жүгiрдi. Марқабайда үн жоқ, қызды әлi құшақтап сүйiп тұр.
Кемпiр, қаны қайнап, тағы ақырып, қазанда тұрған ыстық шөмiштi жұлып алып кеп, Марқабайдың жалаң бас, бақырдай басына шүйде тұсынан перiп кеттi де:
– Ойбай! Көнiң адыра қалғырдың, көнi кеуiп қалған ба! – дедi.
Марқабай осы кезде ғана қызды құшағынан босатып жiберiп, қаша жөнелдi. Ол осы "шөмiш жеген" жайын жолдастарына өзi айтып берген. Сол күнi дүйiм елге, мынау лаң үстiнде, осындай бiр күлкi де тарап едi.
Бөкеншiге түскен Айдос тек түспептi, Жiгiтектi тентек деп айыптап, Бөкеншiнiң дегенiн iстетпекке түсiптi. Және бiр Абайдан басқа, түгел Ырғызбай, Торғай осында. Қазiрде Көтiбақ, Топай адамы да бұнда келген. Жиренше мен Базар кеше түнге дейiн Абаймен бiр едi. Таңертең, Жiгiтек жаулыққа шығып, Солтабайдың қатынын алып қашып алды деген соң, бұлар ара ағайынды елемеймiн деген екен. Бөкеншi ет ашумен, Оралбайдың тентектiгiне орай, бiр оғат iс iстептi. Бiрақ қайда кете қалушы едi? Сабыр қайда? Аз шыдаса, ара ағайын алдында жеңер ақылға мықты болмас па едi? Ендi өзi бүлдiрдi. Тiптi Оралбай мен Керiмбалаға құтылар жер қоймады. Олардың да сорын өздерi қайнатты. Ендi сол жесiр қайтпай тыным жоқ!" деп байласқан да, Бөкеншiге барған. Сөз осыған жеткен соң, Жиренше мен Базар Абайдан бөлiнiп, Майбасарға ерiп кеттi. Абай жапа-жалғыз болып, қапаланып, үйде отырып қалды.
Ол ел бүлiгi үшiн Керiмбала мен Оралбайдан ұялды. Қол-аяғын қалың елдiң лаңы, қатал жолдың зорлығы буғалы тұр. Бiрақ Абай ендi бiр iске тез қамданып, жол жүрмекке әзiрлендi.
Бөкеншiге орнаған Айдос, Жiгiтекке шапқыншы жiберiп, осы сөздi ұстайтын басты адамына, Сүгiр аулына тез келуге бұйырған екен.
Бұл хабарды алысымен Жабай, Бейсембi, Әбдiлдалар жиырмадан аса кiсi ертiп, атқа мiндi. Дәл жүрерде iс аңғарып жақтырмаған Бейсембi Абылғазы арқылы, Базаралыға хабар айтты:
– Іс райы жаман боп барады. Оралбай мен Керiмбаланы алып, басқа бiр далаға тая тұра ма, қайтедi дептi.
Базаралы бұны естiгенде қатты күйiп, намыстан өртенгендей болды.
– Беделсiз би, қайрымсыз қара бауырлар, өңшең. Сендерге сенем деп бөксе басты болармын ба? Сүгiр – бай, мен – кедеймiн. Оның сөзiн мың көк аласы сөйлейдi, кiсiнеп тұрып. Айдостың сатымсақ бiтiмшiлерiнiң жетегiнде, астында жүрiп сөйлейдi. Менiң, керек десе, қашып кетер, бұт артарым.да жоқ. Жiгiтектiң сөз қуған жемқорларына сойып берер малым да жоқ. Өзiм барам, сол тартысына! – деп, бiр бекiнiп едi.
Абылғазы бұл байлауын қабылдамай, тыйым салды. "Бүлiнiп отырған жұрттың арасына сен барсаң, жанжалды ұлғайтып аласың. Өшiгiп, өршеленiп кетедi" деген. Осыдан соң, Базаралы амалсыздан Оралбай мен Керiмбаланы өз қасына алып, Шыңғыстың елсiз тасына қарай тартты.
Күшiгiн арқалап жортқан жаралы арлан тағыдай боп долданып, ыза кернеп, жортып жөнелдi. Дәл жүрерде, көңiлiне бiр жұбаныш боп, Абайдан хабаршы кеп едi. Ол Әмiр мен Мырзағұл болатын. Екеуi қос-қосардан төрт жарау ат жетектеп кептi және сойысқа бiр тай әкелген екен.
– Осыны керегiне жаратсын. Ағайын ниетi бұзылды. Жерге кiргендей боп отырмын. Бiр ақылымды алар болса, Базекең бұл өлкенiң елiнен қайыр күтпесiн. Ертең Жiгiтек те қуғыншы боп, соңына түседi. Сонда жалғыздық көредi. Ендi не де болса екi жасты алып, қалаға, ұлыққа қарай беттесiн. Осыған көнiп, Семей баратын болса, тек маған лезде хабар етсiн. Мен өзiм де қалаға аттанамын, қазiр жүргелi әзiр отырмын. Сол жерде керегiне, көмегiне жараймын. Осыныма сенсiн де көнсiн. Тез жүрсiн. Болмаса, мынау ел iшiнде жапа-жалғыз қалып, әл-қуаттан айрылып отырмын, – дептi.
Базаралы Абайдың қиын күнде ат сауырын бергенiне. Қуанып тұрып, ырза болды. "Елiм безсе де, сен безбепсiң. Бүгiнгi Тобықтыда кiсi болса, ол сенсiң ғой, Абай. Қалаға түссем, керегiме жарайтының да рас. Бiрақ, қалаға елден безген, қуғын жеген боп не деп барам? Ондайды iстеген бұл өңiрдiң адамы да жоқ. Оның өзiн де бiр сұмдық деседi ғой артымнан. Одан да осы елдiң өрiсiне жетем. Елдiгi бар ма, жоқ па, бар сырына көзiм жеткiзем. Егер азғындыққа басса, жағаласып өлем. Жарғыласпай, қан төгiспей көнбеймiн. Бiрақ қалаға да бармаймын. Ендiгi жаным осы екi жастың жолында шықсын! – деген.
Сонымен Базаралы жас қашқындарды апарып, Шыңғыстағы Қараша-қойтасы деген қиын құздардың арасына жасырды да, оларға Абай жiберген қысырдың тайын сойып бердi. Өзi, белiне сапы асынып, тақымына шоқпар қыстырып, қолына емен қара найзаны ұстады. Жымда тосқан жолбарыстай боп, қой тасқа кiрер ауызда көлденең жортып, күзетiп жүрiп алды. Зор, балғын денесi бұл кезде қатайып, ширап алған, сондай шапшаң. Жүзiнiң қызыл нұры өшiптi де, долданғанда пайда болатын кескiн бiтiптi. Көгере сұрланып, суық томсарып, сазарып алған.
Сүгiр аулындағы жиын, Жiгiтек кiсiлерi барған соң бiр күн, бiр түн керiске түсiп, ақыры, Бейсембi, Жабайларды жасытып, жеңдi де, байлау жасады. Жiгiтектен айып кесiп, мал әперетiн болды. Жер есесi Бөкеншiден асып жүр деп, Қарауыл бойынан Сүгiр пайдасына үш қыстау айыпты тағы кестi. Оның үстiне Оралбайдан Керiмбаланы айырып, Қаракесекке жөнелтетiн болды. Жiгiтек оларға пана болудан бас тартты. Осы байлаумен қашқындарды iздеп таппаққа жендеттер шауып едi.
Бұлардың алғашқы бiр тобы, он жiгiт боп кеп, Базаралыға килiктi. Базаралы жалғыз тұрып, олармен қатты шайқасты. Өлiмге бекiнгенi айқын едi. Бiр ет асым жалғыз алысқанда он жiгiттiң бесеуiн найзалап, қалған бесеуiн жаралы, ызалы жолбарыстан қашқан қорқақ иттей қып, қуып, айдап тастады.
Бiрақ осы бесеуi Шыңғыстың бар биiгiнде андыздап жүрген көп Бөкеншi мен Айдосты тағы әкеп қаптатты. Екiншi кезек, отыз кiсi боп кеп жабылды да, Базаралыны тықсырып Қараша-тасынан шеттетiп әкеттi. Жеңiп, жығып қолға түсiре алған жоқ. Өлермен ердiң бүгiнгi ажарынан маңайласқан Тобықты жiгiтiнiң бәрi сескендi.
Осы кезде қалған көп аттылар Оралбай мен Керiмбаланы тауып алған едi. Жiгiттi арпалысқанына қарамай байлап тастап, қызды ат алдына өңгерiп алысты. Дәл айрылар кезде, байлаулы Оралбай айғай салып:
– Керiмбала сәулем, қайта iздеп барып тағы алып қашпасам, әкем Қауменнен тумай кетейiн! – деп қалды.
Керiмбала да өр ашумен қызарып жанып:
– Жетер болсаң, жолыңа жаным құрбан! – деп кеттi. Зорлық дегенiн еттi.
Осы күн кешке Базаралы шауып отырып, Бөжей аулына кеп, қораның ортасында тұрып, өлi әруақ, көремiсiң мына қорлықты? Қарға! Сiле, мына елдiктен кеткен өздерiңдi!" деп қарғыс атап, азан салып едi. Ауылда отырған Бейсембi, Жабай, Әбдiлда ұмтылысып кеп, ортаға алды, Базаралы Бөкеншiге шауып, "қан төгiсiп өлiсем!" деп тұр екен. Аналар: "мынау пәле шығарады" деп кеп, шылбырына орала кеттi. Екi жағынан жалынып оралған Бейсембi мен Әбдiлда болатын. Долылық буған Базаралы екеуiне де:
– Жанын жалдаған екi қор. Елдiң сорына шықтың ғой! Әлi талай сұмдықты етерсiң екеуiң. Кет жолымнан! – деп, бастарынан қамшымен тартып-тартып жiбердi. Бейсембi мен Әбдiлда сонда да шылбыр-тiзгiнге оралып, қатып қалды. Жабай осы ауылдағы бар жiгiттi жауып жiберiп, Базаралыны аттан түсiрiп, ерiксiз үйге кiргiзiп, тапжылтпай басып отырып алды. Қаруларын да ұрлатып, тыққызып қойды. Түн бойы, жиырма-отыз Жiгiтек Базаралыны осылай қамап, тұтқын еттi.
Бөкеншiге Керiмбала келiсiмен, бағана Оралбай екеуi айтысқан сертi естiлдi. Бұрын да байлау бекiген екен. Сүгiр: "аулыма бұл шiрiген жұмыртқаны сақтап отырмаймын!" деген болатын. Оның үстiне Базаралы мен Оралбайдың тоқтамасын көрген және Керiмбаланың да райдан қайтпасын сезген Бөкеншi, осы кештiң өзiнде, қасына бес жiгiт ертiп, Керiмбаланы Қаракесекке жөнелттi. Мұның алдында Сүгiр құдасына хабар салған едi. Ендi, "үй жасауын бөлек кеп алсын, әзiр мына бұзылған жесiрiн, көзi тiрiде, қолына табыс етемiн. Өзi ие болсын, тыншымас болса, өлтiрсiн мейлi, жоқтарым жоқ. Құдай алдында қарызсыз, құнсыз" деп жөнелттi.
Олжай лаңы осымен бiттi.
Арада екi күн өтiсiмен байлаудан босаған Оралбай, тақат, тыным алмай, құштарының артынан шауып, Қаракесекке келдi. Неге келгенiн, несiне сенгенiн өзi де бiлмейдi. Тек, шер жүректiң қанды жарасын арқалап бiр келгенi. Өз жөнiн жасырған болатын.
Бiрақ Керiмбала жүдеп, жасып қалған екен. Айнала анталаған қайын, абысын көзi де бар. Қайғылы, қара қабақ жiгiт отыр. Қос қанаты қайырылған, сары аурудан тұрғандай, салбырап, жүдеген Керiмбала бар. Екеуi де үнсiз, бейшара бопты.
Отау үйдiң отының басында бiр ұзын бойлы, кең жауырынды қара жiгiт, кеш бойы пышақ қайрап отыр. Бiр кезекте күңк етiп, Керiмбалаға тiл қатты.
– Бүгiн, не сен өлесiң, не жiгiтiң өледi. Райдан қайтпаған болсаң, байлауым сол-ақ! – дедi.
Ол жiгiт Керiмбаланың қайнағасы екен. Дәл ет пiскен кезде жас келiн еттi түсiрiп, жасап болды да, табақтан тiлдi алып, бiр шетiнен ұстап тұрып, Оралбайға қарап:
– Өрiс таусылды, Оралбай. Ақсақ кемпiрдiң соңғы сәлемi осы болсын. Мына тiлдi келiп менiң аузымнан алып же де, сонымен тоқтай бiл, тыйыл, жарқыным! – дедi.
Сөйттi де тiлдiң бiр ұшын аузына алып, Оралбайға қарады.
Жiгiт те жасқанған жоқ, атып тұрып барды да, Керiмбаланы соңғы рет құшып, соңғы рет сүйiп тұрып, тiлдiң жартысын тiсiмен үзiп алды, өлердей жалынман өксiп, күрсiнiп тұрып, кейiн қайтты. Осы түн қонбастан, атына мiнiп, жүрiп кеттi. Содан қайда кеткенi белгiсiз, қан жаралы жас жiгiт жоқ боп кеттi.
Бiрталай күн өткен едi. Сол Оралбайдың өлi-тiрiсi мәлiмсiз боп, құстамен кеткенiне қамығып отырып Абай өз отауындағы Ербол, Әмiр, Әйгерiм үшеуiне бiр сөз қатты. Есiне алған Бiржан екен.
– Есiл Бiржан, қадiрiң қандай едi! Елiмнiң асыл күшiн арқалап жүр екенсiң ғой! Сенiң әнiңнiң лебi ғой осы жастарды осылай тартқан. Өнер болса, осылай боп, толқынсыз апан суға кесек тас түскендай, ұйқы-тұйқы етсiн де. Өмiр соны тiлейдi ғой. Осылай, құйындай соғар күштер болмаса, шiрiп бүксiп күндер өтедi ғой, – дедi.
Ербол Оралбайды әлi аяушы едi.
– Бiрақ соққыны дәмелi жасың, қыршын жасың көрiп қалды ғой. Қанаты қайрылды ғой! – дедi.
Абай ойы басқа екен.
– Бұл сахарадағы қу өмiрге осылай тiзе көрсетер соққы болсын. Ер қайғысын бара-бара сол емдер! – деп, бiраз отырып, үлкен бiр ой түйдi. – "Арыстан айға шауып мерт болғанмен, артында жортқан баласы арыстандық етпей қоймас. Ақ сұңқар ауға шырмалғанмен, ұясынан ұшқан балапаны сұңқарлық етпей қоймас!"– деген қазақ неткен дана. Тобықтының зорлығы мен қараңғылығы Оралбайды жеңгенiмен, өмiрдi, тауарықты жеңе алмас, бұра алмас... Бұра алмас! – дедi.

ЕҢІСТЕ



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   70




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет