Абай жолы. 1 кітап



бет1/70
Дата06.05.2023
өлшемі7,5 Mb.
#176199
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   70
Байланысты:
Абай-жолы



Мухтар Әуезов
Абай жолы

Бірінші кітап

ҚАЙТҚАНДА
I
Үш күндiк жолдың бүгiнгi, соңғы күнiне шәкiрт бала барын салды.
Қорықтан күн шыға атқа мiнейiк деп асыққан-ды. Бұны қаладан алып қайтқалы барған ағайыны Байтасты да таң атар-атпастан өзi оятып тұрғызып едi.
Күнұзын аттан да түспей, өзге жүргiншiлерден оқ бойы алда отырған. Кей-кейде өзiне таныс Көкүйiрiм мен Буратиген, Тақырбұлақ сияқты қоныс-құдықтардың тұс-тұсына келгенде бала оқшау шығып, астындағы жарау құла бестiсiн ағызып-ағызып та алады.
Арттағылар – Байтас пен жорға Жұмабай:
– Мына баланың ауылға асығуын-ай!
– Сорлы бала қыстай iш құста болып қалған-ау, – деседi. Шәкiрт бала ұзап кеткенде бұлар да ерiксiз желе шоқырақтап шауып отырып қуып жетедi. Жорға Жұмабайдың тақымында қара шоқпары бар. Байтастың да аяғының басына iлген ұзын қайың сойылы барды. Тақырбұлақ тұсына келгенде Байтастар баланы жеке шабудан тежеп:
– Ендi бiзден кетпе! Анау Есембайдың жырасын бiлесiң ғой! Ұры жатады...– дедi.
– Сенi мен бiздi манадан көрiп отыр!"қоқырақтап жалғыз шабатын неме екен, түсiрiп атын әпкел өзiнiң!"– дейдi де, сенi төбеден бiр-ақ нұқып, мына бәйге бестiңдi алады да кете барады, – дедi Жұмабай да.
– Е, сендер ше? Сендер берiп жiбересiңдер ме?
– Ойбай, бiзде не қауқар бар? Бiз екеу-ақ.
– Олар самсаған сары қол. Бұл Есембайда ұдайы жау жатады. Тек бiздi өзiмiздiң елдiң адамы деп аман қалдырмаса, жер жаман, – деп Жұмабай шошыта сөйлегiсi келедi.
Баланың қытығына тиетiнi. Осы жерi.
– Әйтеуiр сендерден дәрмен жоқ екен, ендеше бiрге жүрдiм не, жеке жүрдiм не? Ал кеттiм!– деп, соқтырта жөнелдi. Бұл – Тақырбұлақтан өте бергенде бастағаны едi.
Содан жаңағы қауiптi деген Есембайға жеткенше, артына бiрде-бiр қараған жоқ. Көз ұшына кетiп ұзап алып, ылғи жапа-жалғыз шауып отырған.
Жолдың бұл тұстары ылғи белес-белес болатын. Осы қазiргiдей боп жұрт Шыңғысқа, жайлауға қарай көшкенде елсiз боп қалатын жер. Алыстан жолды бағып отыратын тұрғылары бар. Тақ иекартпадан, өкпе тұстан жүргiншiге жауды қоян-қолтық, құшақтастыра түсiретiн ұры сай, жасырын жыралары да бар.
Бұдан бұрынғы екi күндiк жолда үлкендер жылдам жүрмей, баланың шыдамын әбден тауысқан-ды. Ол сондықтан, бүгiн ауылға жететiн күнi үлкендердi ерiксiз қатты жүргiзудiң айласын тапқанына дән ырза. Күнi бойы осылай етуге байлаған.
– Бала деген қорқар болар едi. Ес бар ма өзiңде, пәруәрдiгер, – деп Байтас бабын таба алмай басын шайқайды.
Жұмабай әбден болмаған соң:
– Қап мынаның баласы! "Мен бөрiнiң бөлтiрiгiмiн" деп келедi-ау! Қой, не де болса қалмайық ендi. Байтас, жүр!– деп шаба жөнелдi. Екеуi де жарыса бастады.
Байтастың мiнгенi Құнанбайдың қара жал бурыл аты, дәмелi бәйге аттың бiрi едi. Жұмабайдың астындағы да сол Құнанбайдiкi – Найманкөк деген үлкен ақ көк ат болатын. Екеуi жарыса жөнелгенде, амалсыз егеске түсiп, "мен озам, мен озаммен" тепкiлесiп, созыла бердi. Бiр белден асып екiншi белдiң өрiне қарай тоқтамай жарысып келе жатты. Осы өрде бурыл ат есiк пен төрдей алға түсе берiп едi. Белге шығып алып шауып келе жатып қарағанда, бала көрiнбедi. Бұлар тағы да сiлтесе бермек болды. Сөйтiп, осы белдiң ойына қарай құлай бергенде, жорға Жұмабай арт жағынан, сол иығы тұсынан тасырлатып кеп қосылған бiр дүсiрдi есiттi. Дәл Есембай биiгiнiң тұсы. Және дәл Есембай жырасының өзi екен.
– Әй, кәпiр, содан қосылған болды-ау. Баланы алып, бiздi баққан екен-ау!- деп ақ көк атты тепкiлей бердi. Артына қорқақтай қарап, шала бұрылып, көз қиығын тастап көрдi.
– Мас көзiңдi., мас!- деп, әзiрейiлдей төнiп келе жатқан бiрдеме. Атын да, кiсiсiн де болжай алмады. Әдейi танытпайын деп, бет-аузын таңып алыпты. Бұл өңiрдегi күндiз шабатын ұрының әдетi. Байтаста үн жоқ, өз бетiмен зымғап барады. Қолды болса, болатын жорға Жұмабай.
Ендi не де болса жанды қармайын деп, тақымындағы шоқпарына жабысты. Соны суыра берiп: "Әй, анау да көк желкеден ұрады-ау!" – деп жасқаншақтап келе жатыр едi.
Қуғыншы ойлағандай-ақ шоқпарды жөндеп суыртпады. Тақымынан толық шығарып алғанша бастырмалатып кеп, Жұмабайдың қалың қара тымағын көзiне қарай баса кигiзiп жiберiп, сол сәтте шоқпарға жармасты. Жұмабайдың басын көтерiп, тымағын түзеуге мұршасы келмедi.. Тартысуға да қорғаншық, шабуға да мүгедек болып қалды. Сүйткенше, жырынды жау мұның жаңағыдай сасқалаңымен пайдаланып, шоқпарды да тартып алды.
Ендi, ақ боз ат та бiрдемеге тiрелiп тоқтағандай. Жұмабай зорға дегенде бойын түзеп ап, жаңа ғана тымағын кейiн қайырып қап едi. Қараса, бұның шоқпарын тартып ап, ақ боз аттың алдынан көлденең шығып, қазiр iшек-сiлесi қатып, үнсiз күлiп тұрған бағанағы шәкiрт бала. Өзi айтқан "Құнанбайдың бөлтiрiгi" – Абай екен.
Баладан қорыққан ына Жұмабай ұялды да, ыза болды.
– Өй, балам-ау, мына жер – жау жатағы. Бұл ұрының ойнағына кеп алып жаман ырым бастағаның не қылғаның? – деді.
Байтас та күлген бойында қайта оралып келедi екен.
Абай өзiнен үлкен кiсiнiң қорыққанына қатты ырза едi. Жұмабайдың неге ашуланғанын ұғып тұр. Қоңыр жүзi қызарып, төмен қарап қысыла күле берiп, бөркiн айналдыра бастады. Кәдiмгi "жолбасар" ұрыларша шапан-бөркiн айналдырып киiп, мұрны мен аузын қызыл орамалмен таңып алып, Жұмабайды қуғанда тағы сол ұрыларша, "даусымды танытпаймын" деп, мыңқылдап сөйлеп бұйрық берген. Байтас қорықса, қорықпаса да сыр алдырған жоқ.
Сондықтан, Жұмабайдың ашуын алыстан танып, мәз болып күлiп келе жатып:
– Құла бестiнiң төбелiн де жоқ қыпты, қарай гөр өзiн!– дедi.
Жұмабай да жаңа байқады. Бала бестiнiң төбелiн саз балшықпен баттастырып тұрып сылап қойыпты. Жұмабай кiсiлiктi кiсi. О да күлкi бола бергiсi келмейдi. Ендi бұ да уақиғаны ойынға айналдырғысы кеп, мысқылдап:
– Өй, ұқсамасаң тумағыр!" ұры Тобықты, ұры Тобықты!" деп Керей, Уақ зар қағады. Қаршадай баласына шейiн ұры болудың жөнiн жете бiлiп тұр. Зар қақпай қайтсiн Керей, Уақ!– деп өзi де күлдi.
Жұмабайдың қалаға бұ жолы не жұмыспен барғанын Абай дәлдi бiлмейдi. Бiрақ, оның Байтасқа айтқан бiр сөзiнде Құнанбай тапсырған бiр жұмыспен барып келе жатқаны мәлiм боп едi. Абайдың бұрыннан байқауынша, бұл Құнанбайға қадiрi бар кiсi. Абайға ашуланып, ренжiп барса, алдымен әкесiне шағады.
Осыны еске алып кеп, Абай ендi күлкiден тыйылып, жаңа қатарласқанда:
– Жол ұзақ. Ұйқы ашар болсын деп ойнап ем, ғайыпқа бұйырмаңыз, Жұмеке!-дедi. Ендi тiптi сыпайы. Сызылып тұр.
Жұмабай жас баланың пiшiнiне ырза болып қарады да, үндемедi. Байтас Абайды құрбысындай қағытып:
– Жарайсың, "ғайыпқа бұйырмаңыз". Сенiң мынауың, менiң:" Көшкенде жүк артамын сары атанға, айтамын не бетiмдi Ойке апама?!" деген өлеңiм сияқты болды-ау!– дедi.
Абай жете түсiне алмады.
– Қалай дейсiң, Байтас аға? Ойке апа деп кiмдi айтасың?
– Е, Ойке апаны бiлмеушiмең?
– О несi екен?!
– Бәсе. Бәсе, Ойке апа деген бiздiң қатын. Былтыр ала жаздай серiлiк құрып, ел қыдырып, қыз-келiншекпен сауық-сайран салмадым ба? Содан, аяғы қызық бiтiп, үйге қайтатын да мезгiл жеттi. Ендi қатынға қалай қарарға да, не деп барарға да бет жоқ. Сонда әдейi бетiнiң зәрi қайта берсiн деп, "не бетiмдi айтамын Ойке апама..." деген өлеңiмдi өзiм ауылға бармастан бiр-екi күн бұрын айтқызып, жолдастарымды жiберiп жатып ем. Сол осы күнi мәтел боп кетiптi, – дедi.
Абай да, Жұмабай да қызығып тыңдасты. Өзi серi, әншi, сұлу Байтасқа екеуi де – бiрi кәрi, бiрi жас бала - қызғана да, тамашалай да қараған едi. Абайдың көз алдына Ойке деген жеңгесi де, Байтастың былтыр жаздағы әншiл, сауықшыл жолдастары да толық елестедi. Естiген әңгiмесiнiң бәрiн еңсесiмен ынтыға тыңдайтын бала бұрын Байтаспен сырлас, әңгiмелес болмаса да, жаңағының аяғы немен тынғанын бiлгiсi кеп, қызығып келе жатты. Байтастың құрбыдай қалжыңдағанын пайдаланып:
– Ал, Ойке апаңа не бетiңдi айттың сонымен, Байтас аға?– деп жабыса түстi.
Байтас бұған күлiп, ендi iрiленiп қарап:
– Не бетiмдi айтушы ем? Сорлы қатын алыстан әнмен арыз айтып жатқанға шыдасын ба? Келсем, алдымнан өзi шығып, атымды байлап жатыр, – деп, Жұмабай жаққа қарап, иек қағып қойды.
Абай үндеген жоқ. Iшiнен "алдаған екен ғой" деп байлады.
Сол әңгiме жүргiншiлердiң таңертеңнен бергi қатты жүрiсiн Найманкөктiң ақырын бүлкегiне әкеп салған едi.
Шәкiрт бала ауылға асыққан, лепiрген күйiне қайта келiп, тағы да тебiне жөнелдi.
– Уә, қой деймiн, бала! Ат зорықтырасың!
– Жапа-жалғыз ұзап кетiп, жауға жем боласың!– деп, екi жолдасы тағы тежей бергiсi келдi.
Бiрақ қаладан, жабырқау медреседен жаңа құтылып, ендi үйiне, ауылға жетуге асыққан шәкiрт бала ол сөздердi тыңдайын деп ойысқан жоқ.
Үлкендер қорыққан Есембай да, тiптi ұрылар да Абайға сондайлық жат, суық боп көрiне алмады. Ұры десе, осы елдiң өздерiндей қазақтары. Көп болса: киiмдерi, ер-тұрманы ғана жаман; қолдарында сойылдары ғана бар. Ондай ұрылар жайында Абайдың естiген әңгiмелерi соншалық көп. Кейде. Тiптi, сары тоқым ұры. Болған – ел iшiндегi үлкендердiң өз аузынан естiген әңгiмелерi де ұмытылмайтын. Қайта бiр кездесiп, дәл жауға шапқан пiшiндерiн көрсем деген, iште жүрген ынтықтығы да болатын.
Ал, "Қарауылбиiгi анау, жасырын жырасы мынау" деген Есембай – Найзатастар болса, ол Абайдың өз аулының аса мәлiм қоныстары. Көктем мен күз уақыттарында, жылында екi рет осы жерлерге Құнанбай ауылдары келiп қонып, ұзақ уақыт отырып, жайлап та кететiн. Анау көрiнiп тұрған төскейдiң сай-саласы, бие бауы, ауыл қонысы, қой өрiсi – барлығы да соншалық таныс, жақын. Тiптi, былтыр боқырауда, күзем үстiнде, қалаға оқуға кеткенде дәл осы қоныстан, Есембайдан, кеткен болатын. Сонда тайға шапқан, асық ойнаған құрбы балаларымен жаяу жарыс жасап, асыр салған ең соңғы бiр ыстық қоныс осы болатын. Қыс бойы ауылды, елдi сағынғанда есiнен кетпейтiн соңғы күндерi дәл осы Есембайда өткен.
Ендi кеп: "бұл жерде ұры бар, сұмдық жер, бәле жатқан жер" деген сөздiң қандайы болса да көңiлге дарымайды. Жазықсыз сары биiк, көкшiл қоныс, ақ көделi әдемi өлке мұнарланады. Барлық айналадағы кең дүниеге, әсiресе мынау өзi туған сахара, өлке белдерiне соншалық бiр туысқандық ыстық сезiммен, кешiрiммен де қарайды. Жабыса, сағына сүйедi. Үзiлмей, қатаймай, бiр қалыппен желпiп соққан әдемi салқын қоңыр жел қандай рақат. Осы желмен құлпыра, толқып, су бетiндей жыбыр қағып шалқып жатқан ал күрең көде мен селеу далалары... Дала емес – теңiздерi қандай! Сол даладан көз алмай, тоя алмай, үнсiз телмiрiп, ұзақ-ұзақ қарайды. Шамасы келсе, бұл жерлердi құбыжық көру емес, үрке қарау емес, құшағын керiп аймалар едi. Сылап-сипап: «мен сенi сағындым, өзгелер жаман жер десе, мен олай демеймiн. Тiптi, қойныңа тыққан ұры-мұрыңмен де жатсың, бөтенсiң демеймiн» деп қараған сияқты.
Тағы да шапқылап, қара үзiп, алыстай бердi. Болмайтын болды.
– Артында қалып, майырға ерген лаушыдай қашанғы текiректеймiз. Бұл қорлықты көргенше кел, Жұмеке, бiз де аттың басын қоя берейiк, – деп, Байтас бурыл атты ағыза жөнелдi. Жұмабай да ерiксiз шапты.
Аздан соң, Абай бұларды тосып алып, ендi үшеуi бiрдей ұзақ-ұзақ жарысуға айналды.
Қорықтан шыққалы таңертеңнен берi бөгелместен тартқан үш салт атты, аттарын қан сорпа қылған қалпында, кешкi екiндi кезiнде Көлқайнардағы Құнанбай аулына, Абайдың өз шешесi Ұлжанның отырған аулына, кеп жетiп едi.
Көлқайнар суы мөлдiр мол бұлақ болғанмен, кең қоныс емес. Жайлауға қарай, Шыңғыс асқалы беттеп келе жатқан елдiң үш-төрт аулы қоныпты.
Бұның бәрi «Құнанбай аулы» деп аталады. Өзiнiң аулы мен жақын туысқандарының ауылдары.
Көлемi аз бұлақтың айналасына жиi қонған ауылдардың үйлерi де, шұбыртқан малы да, адамдары да кешкi мезгiлде ыю-қию араласып жатқан сияқты. Жер ошақтардан шыққан түтiндерi де бiрiне бiрi қосылып ұласып, тұтасқан көкшiл мұнардай тарайды, үрген иттер, мал қайырған айғайлар, маңыраған қой, қозы шулары араласып жатыр. Кешкi суға келе жатқан қалың жылқының кiсiней шапқан дүбiрi, шаң-тозаңы болсын, немесе оқта-текте азынай кiсiнеп, үйiрiн iздеп шапқан, мiнуден босаған жас айғырлар дауыстары болсын – барлығы да осы отырған ауылдардың осы кештегi тiршiлiк тынысын бiлдiрген сияқты. Баланың барынша сағынған көрiнiсi. Қазiр жүрегiн аттай тулатып, соншалық қуантып, еркiн алған көрiнiсi. Жүргiншiлер бұлақтың дәл қасына ең жақын қонған ауылға келе жатыр. Ортасында бес үлкен ақ үйлер бар, көп үйлi ауыл – Абайдың екi шешесi Ұлжан мен Айғыздың аулы.
Осы ауылдың шеткi үйлерiн сырттап, кешкi жайылымға, батыс жаққа қарай жаңа өрiп бара жатқан бойдақ қойдың iшiн аралап, ортадағы үлкен үйлерге қарай беттеп келе жатқан үш аттыны бұл ауыл тез таныды. Әсiресе қораның ортасында қосақталған қойды сауып отырған қатындар бұрын көрген екен. Етектерiн белдерiне қайырып түрiп алған, алжапқыш тартқан қалыптарымен, қолдарына шелектерiн ұстасып, жүргiншiлерге қарап:
– Қалашылар, қалашылар келедi!
– Анау Абай, Абай ғой, айналайын-ай! Апасына айтайыншы, – дедi бiр қартаң қатын.
– Бәсе, Телғара ғой... Жаным-ау, мынау. Телғара! Әпкеме айтайыншы, – деп, тағы бiр жас қатын, жеңге де үлкен үйге қарай ұмтылысқан.
Сағынған баласының келер мөлшерiн Байтас кеткеннен берi шешесi Ұлжан да есептеп, осы бүгiнге ұйғарып жүр едi. Қырықтың iшiне жаңа кiрiп, семiз тартып қалған сары қызыл бәйбiше жаңағы дауыстарды түгел естiдi. Өз үйiнен шығарда, төрде отырған енесi Зеренi де хабарландырып, сүйемелдеп ерте шықты.
Құлағы көптен мүкiс тартқан кәрi әжесiнiң ең бiр жақсы көретiн немересi Абай-ды. Оны есiнен шығармай, дұғасына кiргiзiп, тiлеуiн тiлеп отыратын.
Аттылар үйдiң сыртына келе бергенде, алдарында, сол үлкен үй мен күншығыс жағына тiгiлген қонақ үйдiң екi арасында, бұларды күткен бiр топ жан тұр екен. Жаңағы шешелерден басқа: жеңгелер, көршi үйлердiң қатындары, бiрен-саран тыста жүрген шал-кемпiр, онан соң осы ауылдың барлық үйлерiнен шығып, жүгiрiсiп келiп жатқан балалар бар. Бұл топқа қарай ауылдың үлкендерi де жан-жақтан дабырлап сөйлеп, ағылып келiп жатыр.
Осы жиынға қараған бетiмен, екi жолдасынан озып кеп бұрын түскен Абайдың атын бiреу алып кете бердi. Бала көп iшiнен, ең алдымен өзiнiң шешесiн көрiп, соған қарай жүре берiп едi, шешесi анадай жерде тұрып:
– Әй, шырағым балам, әуелi аржағыңда әкең тұр. Сәлем бер! – дедi.
Абай жалт қарап барып жаңа көрдi. Анадай жерде, қонақ үйдiң сыртында, қасында екi-үш үлкен кiсi бар – әкесi Құнанбай тұр екен. Ыңғайсыздықпен қысылып қалған бала, шешесiнiң сондайлық салқын сабырының мәнiн ұқты да, әкесiне қарай тез бұрылды.
Байтас пен жорға Жұмабай да анадайдан түсiп жаяулап жетектеп, Құнанбайға қарай келедi екен. Бiрақ өңi сұп-сұр, зор денелi, бурыл сақалды Құнанбайдың жалғыз көзi бұларда емес. Батыс жақтан 4-5 атты жолаушы келедi екен. Арты Қыдырдан шыққан жолаушылар тәрiздi. Өздерi өңшең толық денелi, үлкендер сияқты. Құнанбайдың бүгiн әдейi тосып отырған адамдары болу керек. Ол соларға қарап тұр.
Байтас пен Жұмабай тақай бергенде, Абай да қасына кеп қалып едi. Үшеуi бiрдей жамырай сәлем бердi. Құнанбай тез бұрылып сәлемдерiн алды да, қысқа ғана амандық сұрады. Тұрған орнынан қозғалған жоқ. Баласын қасына да шақырмады. Азғантай уақыт Абайға қарап алып:
– Балам, бойың өсiп ер жетiп қалыпсың-ау! Молда болдың ба? Бойыңдай боп бiлiмiң де өстi ме?– дедi. Кекету ме, жоқ күдiк пе? Немесе шынымен жай бiлгiсi келгенi ме?
Бала ес бiлгеннен берi қарай әкесiнiң қабағын жұтаң қыста күн райын баққан кәрi бақташыдай бағып, танып өскен. Әкесi де бұл баласының сондай сезгiштiгiн өзге балаларынан артық санаушы едi. Ұялғанды, жауап айтпағанды кешiрмейтiн әке мiнезi Абайға мәлiм. Ол сабырлы, момын пiшiнмен:
– Шүкiрлiк, әке, – деп бiраз тұрды да – ат барған соң, дәрiс тамам болмаса да, хазiреттiң рұқсатын, фатиқасын алып қайттым, – дедi.
Тiптi ересек адамша сөйлеп қапты. Баланың бұл ерте әзiрлеген жауабы едi.
Әкесiнiң қасында тұрған Майбасар мен соның атшабары екен. Майбасар Құнанбайдың тоқал шешесiнен туған iнiсi. "Төрт тоқал" атанған туысқандарының бiр тоқалынан осы Майбасар. Бұны биыл Құнанбай өзi аға сұлтан болғаннан кейiн, осы Тобықтыға болыстық старшын еткен-дi.
Майбасар Абайдың жауабын ұнатып тұрып:
– Өзi, тiптi, көшелi кiсi боп қапты!– дей берiп едi, Құнанбай оның сөзiн аяқтатпастан Абайға:
– Бар, ана шешелерiң жаққа бар, амандас, балам!– дедi.
Абайдың күткенi де сол едi. Әлi тосып, бар қозғалысын алыстан қарап, әңгiме етiп тұрған шешелерге қарай бұрылғанда, Абай қайтадан өзiнiң жасына лайық қуанышты бала қалпына келе қалды. Арт жағында жорға Жұмабай Абайдың бүгiн оны қорқытқанын әңгiме қып жатты. Бала ендi асығып, өз шешесiне қарай жақындай берiп едi, Жұманның қатыны, Қалиқа деген бiр жеңгесi:
– Телғара! Айналайын Телғара! Соқталдай азамат боп кетiпсiң-ау!– деп, мойынынан құшақтай алып, бетiнен сүйдi. Тағы бiр жеңгесi - Ызғұттың қатыны Тобжан да сүйдi. Содан кейiн үлкен қатындар және осы топтағы үлкен еркектiң, ағалардың да бiр-екеуi сүйiп жатыр. Абайды шын балаға айналдырып жiберген осы сүйiстер едi. Ол қысылып қызарғанмен қашып та құтыла алатын емес. Наразы боларын да, құптарын да бiлмедi. Бiрнеше үлкен қатындардың көзiнен жас та көрiндi.
Барлық үлкеннiң құшағына амалсыз кезек-кезек кiрiп болып, ендi сытылып, шешесiне қарай баса бердi. Абайдың өз шешесi Ұлжан мен екiншi шешесi, сұлу жүздi – Айғыз қатар тұр екен.
Бала топтан шыға бергенде, Айғыз күлiп:
– Пай, жаман қатындар сiлекейлеп, баламыздың бетiнен сүйер жер де қалдырмады-ау, – деп паңдана күлдi де, Абайды көзiнен сүйдi.
Кезек өз шешесiне келгенде, ол сүйген жоқ. Қатты бiр қысып, бауырына басып тұрды да, маңдайынан иiскедi. Абайдың әкесiндегi тартымды салқындық шешесiне де көптен берi мiнез болған. Бала осыдан арғыны күтпеушi едi. Бiрақ, бауырына басқанның өзiнде де Абайдың жүрегiн қатты-қатты соқтырған аса бiр өзгеше жақындық бiлiндi. Ана құшағы! Ұлжан көп ұстаған жоқ.
– Әжеңе бар, әнеки!– деп үлкен үйдiң алдына қарай бұрып жiбердi. Кәрi әжесi Зере бәйбiше, таяғына сүйенiп, ұрсып тұр екен.
– Жаман неме, маған бұрын келмей, әкеңе кеттiң-ау "! Жаман неме!– дей берiп, қасына, құшағына немересi барғанда, "жаман неменiң" артынан iлезде:
– Қарашығым, қоңыр қозым... Абайжаным...– деп кемсеңдеп, жылауға айналып кеттi.
Әжесi құшақтаған бойында үлкен үйге кiрген Абай, ымырт жабылғанша осында болды. Шешелерi бұған бiресе қымыз, бiресе тоңазыған ет, бiресе шай ұсынып тықпалай берсе де, баланың бойына ас батпады. Жөндеп iшкен де жоқ. Күнi бойғы аштығы да ұмытылған сияқты.
Ас бере отырып, бойлары үйренiскен сайын, шеше, жеңгелерi баладан:
– Елдi сағындың ба, кiмдi сағындың?
– Молда болдың ба?
– Оқып болдың ба?– деген сияқтыларды қайта-қайта сұрады. Абай өзге сұрақтарға жөндi жауап берген жоқ. Жалғыз-ақ кiмдi сағындың дегенде:
– Оспан қайда? Ол қайда жүр?– деп өзiнiң кiшi iнiсi, тентек Оспанды бiрнеше рет сұрап едi.
Ұлжан басында ол сұрауын елеусiз қалдырып, артынан тағы бiр айналғанда:
– Е, жүр-дағы жынды неме. Бүгiн осында маза бермеген соң әжең екеумiз қуып шыққамыз, – деп әжесiне нұсқады.
Әжесi өзiне байланысты бiр нәрсеге ишара қып отырғанды көрiп:
– Не дейдi? Не деп жатырсыңдар, естiмедiм, – деп едi, Абай Оспан жайын айтып кеп, қатты сөйлеп:
– Әже-ау, былтыр мұндай емес ең. Құлағыңа не болған, неге естiмейсiң?– дедi. Көптiң ортасында отырса да, ерiксiз жапа-жалғыз боп оқшауланып қалған әжесiне жаны ашып, құшақтап алдына жантайды.
Әжесi түсiндi де, аз ғана босаңсып:
– Балам-ай, әжеңде кеуде болмаса, не сымбат қалды?– деп, өзiнiң дағдылы мұң-шыңына қарай беттеп едi. Баласы қимады.
– Жазыла ма өзi? Емдесе қайтедi?– дедi.
Үй iшi де, әжесi де құр күлiп қана қойды.
Кәрi шеше күле отырып, баласының талабы қайтпасын дегендей қып:
– Үшкiрсе, кейде ашылып қалады. Үшкiрген жағады, - дедi.
– Үшкiрсе, мына балаң молда боп келдi ғой. Үшкiрт балаңа, – деп Айғыз күлдi.
– Үшкiрсiн, баласы үшкiрiп берсiн.
– Сорлы кәрiнiң көңiлiне о да болса демеу ғой!– деп үйдегi үлкендер, әсiресе, жеңгелер Абайдан шын бiрдеменi дәметкендей.
Абай бұған iшiнен ыза болды. "Үшкiру, iшiрткi жазу, қасида оқу "молдалықтың ел үйренген дағдысы екенi рас. Бала көңiлiне қатты жиренiштi көрiнетiн балгер, құшынаш сияқты, бақсымен тең молда, қожа аз емес. Абай соны еске алып, өз жайын мысқылдағандай болып, аз күлiмсiреп отырды да, бiр кезде оқыстан, әжесiнiң басын құшақтай ап, сыбырлай күбiрлеп, бiр нәрсенi шұбырта жөнелдi. Жұрт аңыра қарап отырып, басында дұғалық оқып жатыр екен деп едi. Кәдiмгi молдадай шарт жүгiнiп алып түсiн томсартып жiберiп, шешесiне төнiп отырып:
Юзі раушан, көзі гауһар,
Лағылдек бет ұшы ахмар.
Тамағы қардан әм биһтар
Қашың, құдрәт, қоли шиға. –
деп, көпшiлiк ұға қоймайтын өлеңдi шұбырта берiп, дауысын "тәбәрәк" оқыған молдаларша ұзайта созды.
Мұбада болса ол бір кәз
Тамаша қылса юзма-юз…
Кетіп қуат, юмылып көз,
Бойың сал-сал бола нига?–
деп кеп көзiн жұмып, ернiн жыбырлатып, әжесiнiң құлағын ашып "су-ф" деп қойды. Бұл өзiнiң биыл осы көктемде Науаи, Фзулидi оқып жүрiп жазған өлеңi болатын. Отырғандар әлi де дел-салда. Күдiк етушiден де шын дұғалық екен деушiлер көп. Бала солардың шама-шарқын танып, мысқыл еткендей боп алдаңқырап келдi де, ендi шынын танытпақ боп, даусын ашық етiп қатайтып алды. Тағы да көзiн жұмып, түсiн томсартып, құран аударған молдадай, iлгерi-кейiн теңселе берiп:
Ұшады бозша торғай көдені ықтап,
Басасың аяғыңды нықтап-нықтап,
Кәрі әжем естімейді, нана берсін,
Берейін өлеңіммен шын ұшықтап…–
деп кеп, тағы да "су-ф-ф!" деп қойды. Үйдiң iшi ендi сезiп, ду күлiстi. Соңғы өлеңнiң тұсында әжесi де түсiнген. Ол, үнi өшiп, сүйсiнiп күлiп, баласын арқаға қағып, маңдайынан иiскедi.
Абай күлместен, мысқылдай қарайды. Әжесiне жабысып отырып:
– Қалай, құлағың ашылды ма?– дедi.
– Е, жақсы боп қалды. Өркенiң өссiн, балам!– деп әжесi алғыс айтты.
Үлкендер бала мiнезiне бiр күлiп, бiр таңданып сүйсiнiп қалды. Қара сұр бала көптiң көзi бiр өзiне қадалғанда ендi қысылыңқырап, қызарып едi. Бiрақ, көзiнде жайнай жанған от бiлiнедi. Өзге балаларының ажарынан бөлек, қызулы, саналы оты бар сияқты.
Ұлжан тартымды болумен қатар, сыншы да ана. Баласының жаңағы мiнезiне бiраз ойлана қарап отырды. Биыл денесi өскелеңдеп қалған баласы, мiнез жағынан да ересек тартқан сияқты. Ұлжан көппен бiрге күлген жоқ едi. Ендi байқай отырып, ақырын мырс еттi де:
– Балам-ау, қаладан молдалық әкелдi десем, нағашыңа тартып қайтқанбысың, немене?– дедi.
Үлкендердiң бәрiне бұл өте түсiнiктi едi. Жаңағы бала мiнезiнiң дәл шешуi сияқты болып, қайта күлдiрдi.
– Бәсе, Шаншар?
– Битан, Шитан!
– Тонтекеңнiң жиенiмiн деп тұр ғой! – десiп, Абайдың нағашыларын есiне алысты. Өлерiнде:"жазыла-жазыла қожа-молдадан да ұят болды, ендi өлмеске болмас!" деп кеткен Тонтай сөздерi де көптiң есiне түстi.
– Апа-ай, ендi бақсы-құшынаш боп, елтiрi-сеңсең жинағанша, Тонтекеңе тартқаным көш iлгерi емес пе?– деп Абай iле жауап бердi.
– Жарайды, ендеше, ер жетiп қапсың, балам, – дедi шешесi.
Дәл осы кезде Майбасардың атшабары кеп кiрдi. Бұл бағана, кеште Құнанбайдың қасында тұрған қаба сақал, қара Қамысбай едi. Келдi де:
– Абай шырағым, сенi әкең шақырып жатыр,– дедi.
Үй iшi де, Абай да үн қатқан жоқ. Бағанадан бергi еркiн, ойнақы, бала мiнездiң бәрiнен тартынып, бойын жиып шәкiрт бала үндемей үйден шықты да, әкесi отырған үйге келдi.
Қонақ үйi шешелер үйiндей емес, сыртынан да салқын, үнсiз. Абай есiктен кiре, үйде отырған үлкендерге ашық дауыспен, айқын етiп сәлем бердi. Үлкендер де мұның сәлемiн дауыстап алды. Кiсi көп емес, Құнанбай мен Майбасар, Жұмабайдан басқа осы өңiрдегi Тобықтының белгiлi үлкендерi: Байсал, Бөжей, Қаратай, Сүйiндiк екен. Және осылардың жанына ерткен жас жолдасы тәрiздi, Байсалдың немере iнiсi – бала жiгiт Жиренше бар. Абайдан жасы үлкендеу болса да, ол құрбыша ашына едi.
Әкесiнiң бағанағы кешке күткен кiсiлерi осы үлкендер болды. Абайдың бала күнiнен сезетiн бiр жайы: мұндай кiсiлермен, әсiресе, дәл осы төрт-бес кiсiмен бас қосу ел iшiнде басталатын бiр үлкен iстiң, оқшау iстiң белгiсi болатын. Оларды әкесi ежелгi дағдысы бойынша әдейi шақыртып алған сияқты.
Бұрын ондай сөздерiне Абай араласып та, тыңдап та көрмеген. Бүгiн бiрiншi рет әдейi алғызып отыр. Бiр ойдан Абай өзiме бiрдеме айтпақ па екен деп ойлады. Бiрақ еш нәрсенiң қисынын таба алмады.
Абай келiп отырысымен анау үлкендер бұдан: қала жайын, оқу жайын, саушылығын сұрастырды. Өзге үлкендер iшiнде Абайға, әсiресе, көңiл бөлген сөзуар, жарқын жүздi Қаратай. Ол Абайды көре отырып, Құнанбайдың өзге жас балаларын да еске алды.
– Осы, ана Ысқақ бiр жошын! Бiр түрлi пысық та, сергек неме!– дедi.
– Ол әлгi Күнкенiң қолындағы ма?– деп сұрап алып, Бөжей:
– Рас, құлдырап тұр!– дедi.
– Иә, рас-ау, соның оты бар! – деп, Байсал да қостады. Мұның бәрi қиялап айтқан Құнанбайдың қошеметi.
Үндемей түйiлiп, сұп-сұр боп отырған Құнанбай ол сөздерге көп шiмiркенген жоқ. Қайта, терiс көргендей мойын бұрып, Абайға қарап:
– Одан да, не күтсеңдер де осы жаман қарадан күтсеңдершi!– дедi.
Құнанбайдың мына баласын осында шақыртып алып отырған және жаңағыдай етiп бұларға танытқалы отырғанын өзгеден Қаратай бұрын аңғарған. Ол, дағдылы, майысқақ ептiлiкке салып, ендi Құнанбайдың жаңағы бетiмен Абайды сөз қыла бастады. Бөжей мен Байсалға қарап:
– Сендер мұның сүндетке отыртқанда не дегенiн естiп пе едiңдер?– деп, аз күлiп алды. Абай өзiнiң балалық, шалалық мiнезiнiң бiрiн, мынадай суық пiшiндi үлкендердiң ортасына салғалы келе жатқан Қаратайға тiптi ырза емес едi. Қысылып, ұяла бастады. Бiрақ тоқтар шарасы жоқ. Сондықтан, бар тапқаны – ол бала өзi еместей, үндемей сазарып қалды.
Қаратай күле отырып:
– Сүндетке отырғызғанда, ауырсынып жылап жатып:" құдай-ай, бұл қорлықты көргенше, қыз қып неге жаратпадың!" дептi. Сонда шешесi: "ақылсыз-ау, қыз болсаң бала таппас па едiң, содан қиын боп па?" десе, мынау:"Ойбай, онысы тағы бар ма едi?", деп жылауын тыя қойып, шыдай берiптi, – дедi. Үлкендер ақырын мырс-мырс күлiп қойды.
Құнанбай естiмеген сияқты, ешбiр белгi бермедi. Бұл сияқты сөз оны мен Байсалдардың қабағына қарағанда ұзаққа бармайтын тәрiздендi. Абайға жайлысы сол болып едi. Әйтпесе үлкен адамша орталарына шақырып ап, ақымақ бала қып қойып күлгендерiне ырза болайын деген ойы жоқ.
Сөйткенше, сырттан Оспан кiрiп келдi. Кiшкене iнiсi. Ауылға келгелi көп сұраса да, көре алмаған тентек, содыр iнiсi.
Ол сәлем берудi ұмытқан жоқ. Бiрақ, әкесi мен өзге ешкiмге қарамастан, келе Абайды құшақтай алды. Өзiнiң де ең жақсы көретiн туысқаны Абай едi. Екеуiнiң арасы 5-6 жас. Сондықтан Абай қазiр де оған аға есептi. Оспан келе бергенде бұ да құшағын жайып бетiнен сүйдi. Үлкендер бұлардың жаңа көрiскенiн сезiп, мына мiнездерiн кешiргендей. Бiрақ, келесi минутта-ақ Оспан өзiнiң тентектiгiн танытып, абыройдан айрыла бастады. Ол, "қайда жүрдiң" деп ақырын сұраған Абайға жүресiнен отырып, ағасының мойнынан құшақтап, өзiне қарай тартты да, құлағына бiр нәрсе сыбыр еттi. Бұнысы бiр қатты нашар боқтық сөз едi. Шеткi үйде өзiнiң ағасы Тәкежаннан үйренiп кептi. Сағынған ағасымен ең алғаш тiл қатқанының өзi осы. Абай сескенiп, құлағын тартып қап:
– Өй, не дейсiң?– дей берiп едi, Оспан атып тұрып, мұны бас салып құшақтап:
– Айтпа, айтпа деймiн анаған! Айтушы болма анаған!– деп, әкесi жақты нұсқап, Абайдың аузын аштырмай, шалқалатып жыға бердi.
Абай бiр жағынан ерiксiз күлiп, екiншiден қысылып, бойын жиып алайын деп едi. Денесi кесек, қолы қайратты Оспан түрегелiп алып, шалқалата жығып салды. Және соның үстiне, ұртына тығып жүрген бiр сiлекейлi қатты нәрсенi әп-сәтте Абайдың көйлегiнiң омырауын ашып, жалаңаш етiне тигiзе тастап жiбердi. Абай сескенiп, тiтiркенiп ырши берген. Үлкен кiсi сияқты боп отырған шәкiртi, мына бала бiр сәтте кiшкене балаша алыстырып, арпалыстырып жiбердi.
Оспан оның тiтiркенгенiне мәз болып, әкесiн ұмытып сақылдап күлiп:
– Бақа! Бақа салып жiбердiм көйлегiңе, – деп, Абайды бұрынғыдан да жаман тiтiркендiрдi.
Құнанбай өзiнiң арт жағында отырған балаларының не қып жатқанын байқамаған. Ендi тентек Оспанның дағдылы мiнезi құтырып, үдей бастаған соң ашуланып, шұғыл бұрылып, жалт қарады. Жаңа байқады. Алпамсадай болған, асау қара баласы, Абайдың кеудесiне мiнiп ап тұрғызбай жатыр екен.
Құнанбай өз алдындағы мына бейбастыққа қатты ашуланып, Оспанды сол қолымен өзiне қарай жұлқып сүйреп алды да, жақтан тартып-тартып қалды. Оспан екi бетi нарттай жанып, үлкен көздерiмен әкесiне шоқтай қадалып, сазарып тұрып алды. Ұрғанына титтей мiз баққан да, қалт еткен де жоқ. Бұның бәрiн көрiп отырған Сүйiндiк Байсалға күбiр етiп:
– Жаным-ау, қасқыр бала мынау ғой!– дедi.
– Құж, десеңшi. Мынадан ба, мынадан шығар-ау!– деп Байсал да күңк еттi.
Құнанбай атшабарға қатты әмiр етiп:
– Бар, алып кет қарғыс тигендi!–деп Оспанның бетiн бұрды да, итерiп қалды. Бала сүрiнiп құлай бергенде, атшабар да қармап көтере бердi. Оспан дәл сол әкеден құтыла берудi күткендей атшабар ендi көтерiп алғанда, үйдегiнiң бәрiне естiрте, арт жағынан жел шығарып, "тырқ" еткiздi де кете барды. Майбасар Қаратайға көз тастап, бiр езуiн тартып, басын шайқады.
– Қап, мына абыройсыз, бар абыройдан бiр-ақ айрылды-ау!– дедi. Қонақтардың кейбiрi ақырын күлiп қалды.
Қаратай, Байсалдар Оспанның кетiсiн өз iштерiнде:" қорқып кеткен жоқ, егесiп кеттi"– деп бағалаған.
Құнанбайдың бұрыннан да түйiлiп, айтар сөзiн бастамай ызаланып отырған қалпы бар едi. Мынау тұста тағы да суынып, түнере түскендей болды. Үй iшi бiрталай жым-жырт отырып қалды.
Сонымен, бiраз томсарып отырып барып, қайта қыбырласқанда Құнанбай ойдағы сөзiн бастады.
2
Қонақ үйде, дөңгелек үстел үстiнде, қызғылт, күңгiрт сәулесi бар тас шам жанып тұр. Оқтын-оқтын iргеден соққан жел лебiмен әлсiз шам кейде ұйтқып, шалқи түсiп, кейде лапылдап, жалпылдай жанады. Қырын отырған әкесiнiң үлкен кесек пiшiнi Абайға жартылай ғана көрiнедi.
Түсi суық. Қара сұр жүзiне бозғылданып түгi де шығып алыпты. Жалғыз өзi ұзақ сөйлеп отыр. Зор даусында ыза мен зiл бар. Кейде Абайға қызық көрiнетiн бiр мақалдар, мәтелдер айтылып кетедi.
Абай әкесiнiң сөз желiсiн, түп мәнiсiн түсiнген жоқ. Кейбiр мақалдарын ғана таңдана шешiп отыр. Осы бар үлкеннiң мұндай жердегi салты бойынша, әкесi де тұспалдап, орағытып ұқтырмай сөйлейдi. Бiр сөзiмен бiр сөзiн жалғастыруға Абай үлгiрмей, адасып қап отыр. Өзiне салса, жаңағы көңiлдi үйге, шешесiнiң жанына қазiр кетер едi. Бiрақ, әкесi шақырған соң, ендi шығып болмайды.
Сондықтан бiр уақыт ол, әке сөзiнiң сыртын, ағымын тыңдайды. Кейбiр өзi бiлмейтiн қиын, жаңа сөздерiн ұстап қалады. Әлдекiмге қаптап, зiркiлдеп сөйлеп отырған әке сөзi кейде бұған бiр жортуыл, шабуыл үстiндегi шұбырынды, ұзақ сарын сияқтанады. Кейде ұғымсыз сөзден iшi пысып, әкесiнiң пiшiн тұлғасына қарап, қадалып қалады.
Тегiнде, ертекшi, өлеңшi, не басқа әңгiмешi адамға талай уақыт тапжылмай тесiле қарап қалу Абайдың кiшкентай күнiнен бергi әдетi едi. Адам пiшiнi әрдайым бұған бiр тамаша, өзгеше қызық сурет тәрiзденетiн. Әсiресе, ажымы мол үлкендер пiшiнi бiр қызық хиқая тәрiздi. Ол кей адамның айғыз-айғыз ажымынан, салбыраған ұртынан, қыртыстанған маңдайынан, немесе бояуы оңған көздерiнен, әр алуан сақал-мұртынан – өзiнше неше түрлi жанды, сызаты көп сипаттарын көргендей болатын. Қына басқан, сызаты көп тас па? Я селдiр тоғай ма? Не, көде-көкпек пе? Кейде мал мен аң бейнесi ме? Бәрiне де ұқсап кетiп отыратын адам мүсiндерi болады.
Әкесiнiң ат жақты келген, ұзын сопақ басынан құлақтан жоғарғы жерi қаз жұмыртқасындай көрiнедi. Онсыз да ұзын, үлкен бетiне, ұп-ұзын боп дөңгелей бiткен сақалы қосылғанда, басы мен бетi бiр өңiрдей. Сонда, Құнанбайдың жалғыз сау көзi, оның көтерiңкi жал-тұмсығының сол иығына шығып алып, қалғымай, сақшыдай бағып, осы өңiрдi қалт етпей күзетiп тұрған сияқтанады. Қоя берiп, салғырттығы жоқ сергек қатал күзетшi.
Жалғыз көз шүңет емес, томпақша. Тесiле, сыздана қарайды. Кiрпiгiн де сирек қағады. Иығына бота iшiгiн жамылып, шалқия отырып сөйлеген Құнанбай, осы үйде әркiмге қарамайды. Қарсысына таман отырған Сүйiндiкке ғана қадалып сөйлейдi.
Сақал-шашы бiр реңдес, қара бурыл Сүйiндiк оқта-текте бiр қарап қойғаны болмаса, Құнанбайға тесiле қарамайды. Көзiн төмендете бередi. Абайға оның пiшiнi – көп кездесетiн, әңгiмесi аз пiшiн сияқты. Бөжей де оншалық өзгеше емес. Түсi ақ сұр келген, өзi қоңыр сақалды, кесек мұрынды Бөжей - осы отырғанның бәрiнен де сұлу. Бетiнде ажымы да аз. Бiрақ, Абайдың көзiн оған көп тартатын бiр нәрсе - мұның бiтiкшелеу, кiшкене келген көздерi.
Құнанбай ұзақ сөйлеп отырған кезде Бөжей қыбыр етiп қозғалған жоқ. Көзiн де төмен салған қалпынан бiр көтермедi. Сондықтан оның ұйықтап отырғаны, я ойланып отырғаны мәлiм емес. Қалың еттi, салбыраңқы қабағы кiшкене көзiн көрсетпей, тасалап алған сияқты.
Құнанбайға бұлардың iшiнен көз алмай, қырандай қарап отырған - дәл төрдегi Байсал. Қызыл жүздi жирен сақалды Байсалдың денесi iрi, қапсағай. Көкшiл түстi үлкен көздерi – әрi салқын, әрi сыр берместей сабырлы.
Бұлардан басқа барлық салқын, томсарған жандар iшiнде ең жандысы, ең шапшаң, қағiлезi Қаратай мен Абай қасындағы Майбасар.
Үлкендер тобына бiр жақтан, әкеден төмен отырып, телмiре қараған Абай болса, дәл осы тәрiзденiп, барынша бой салып, қарап отырған – ана шеттегi жас жiгiт Жиренше.
Бұл – Көтiбақ iшiнде Байсалдың жақын туысқаны Шоқанның баласы. Байсал әрдайым қасына ертiп жүредi. Әрi жiгiтi, әрi сөз ұғып, адам болар деген жасы. Осы әңгiме атаулыны көп бiледi. Қызық қып айтады. Өзi күлдiргi. Абайды еркелетiп те қоятын кезi бар-ды. Қазiргi осы жиында Абайдың оңаша кездесудi iздейтiн жалғыз ыңғайлы көрер адамы осы.
Бiрақ оның шыны ма, иә, әдейi үлкендерге көз қыла ма, әйтеуiр, қазiр Құнанбай сөзiнен басқа бар дүниенi ұмытқан. Сонымен бiрге Абайды да былай қоя тұрған сияқты.
Жиренше қабағын бiр шытып, қозғалақтап қалды. Абай ендi байқады, әкесi сөзiн аяқтап келедi екен.
– Қодар сұмның қылығы сырт елдiң алдында менiң бетiме салық болса, осы елге, өз келеңе келгенде, осы отырған бәрiмiзге салық. Мынау отырған сендерге салық!- деп аз тоқтап, Сүйiндiкке қадалып отырған жалғыз көзiн ендi төрдегi Байсалға аударды. Одан өзiнiң оң жағында отырған Бөжейге қадалды.
Бiрақ Бөжей мен Байсал мызғыған жоқ. Өзге отырғанның барлығы сөздiң салмағы мен түйiнiн өз арқаларынан сезгендей боп қозғалақтап, ырғалып қалысты.
– Ендеше, өлiмнен ұят күштi. Ел көрмеген сұмдыққа, ел көрмеген жаза керек!– деп, Құнанбай байлауын айтты. Қайта басар түрi жоқ. Тас түйiн боп бекiнiп, түйiлiп алған көрiндi.
Отырғандар осы күйдi танып қалды. Құнанбайдың бұлай беттеп алғанда, қайта оралар қайырымы жоқ, оны бәрi бiледi.
Не айтысып-шарпысып кету бар. Немесе iштен қоштамаған уақытта Байсал, Бөжейдiң бiр тәсiлi: мiндет, мысалды Құнанбайдың өзiне бастатып, артын өзiне тастап кететiн әдетi бар-ды.
Жан күйер жер болмағанда, олар осы соңғы мiнездi көп қолданатын. Екеуi де жарытып, тiс жарып сөйлемейтiн.
Бiрақ Құнанбайдың мына сөзi үндемеске де қоймайды, үндеуге де жiбермейдi. Дел-сал еттi. Үй iшi бiрталай уақыт жым-жырт отырды.
Қодарды Абай бiлмеушi едi. Оған бұл ат әуелi – " Қозы-көрпеш – баянның" Қодарын елестеттi. "Сұм" дегенiне қарағанда да, былтыр Байкөкше ақын бұның шешелерiне жырлап берген Қодардың бейнесi сияқты. "Қодар деп соған ұқсаған бiреудi әдейi сол атпен айтып отыр ма" деп ойлады.
Жым-жырт жиынның iшiнен алдымен сөйлеген – майысқақ Қаратай. Ол:
– Сұмдық екенi рас. Ұлы-қызыңның басына бермесiн. Шын болғанда, кәпiр қауымында кететiн iс қой бұл, – деп, "Қодардың айыбы шын ба, бекер ме?" деген өз ойларындағы күдiкке ептеп қана бiр соғып, қиялап салды. Қодардың бұл жиындағы аталасы – Сүйiндiк. Құнанбай бағанадан зiл салғанда, әдейi соған шұқшиған. Оны да жұрттың бәрi бiлiп отыр. Қодар қылығының орайын алдымен өз туысына "айыпты", "сорақы" дегiзiп өз аузынан айтқызып алу Құнанбайға да керек.
Ал Сүйiндiк сол сөздi оп-оңай, бiр айналмай айтып салса ертеңгi тауқымет бұнда. Және алдымен Қодардың сол Құнанбай айтқандай айыптылығына да көзi жеткен емес. Ол Қаратайдың шапшаңдығынан бiр пайда да тапқандай болды. Әсiресе, оның "шын болғанда" деген босаң тастаған жерiн ұстады да:
– Осы айыбына көз жетсе, тұрғызып қойып бауыздайық. Бiрақ сол шынына жеткен жан бар ма?– дей берiп едi. Құнанбай серпiлiп, iлгерi ұмтыла түстi.
– Ей, Сүйiндiк, – деп киiп кетiп ұрыса сөйледi, – албасты да қабаққа қарай басатын.
Қыры жоқ, қасиетi жоқ басшы болса ыбылыс, жын иектемей нетедi. Адал десек, аман десек, жан берейiк, ақтайық, ақыретте айыбын өз мойнымызға алайық. Бiрақ, меңiң екi бiрдей жаным жоқ. Майысар болсаң, жаныңды да берерсiң. Беремiсiң, жаныңды?!– деп сарт етiп өзiне жабыса түстi. Сүйiндiк Құнанбайдың бағанадан бергi зiлiне ендi ызалана бастап едi.
– Е, тастай алмай жүрген жаным жоқ! Терге демесем, жанымды ала ғой деп кепiлге келiп пе екемiн, – деп томсарып қалды. Мұның қолынан келген бар қарсылығы осы едi. Баж еткенмен, ықтап кеткен секiлдi. Құнанбай сездi де, ендi жүйемен ұтпақ боп, қуғынға салды.
– Тергесең, Қодар сұмдығын аңыз қып, көпке жайып әкеткен елдi терге. Ел тұрсын, кешегi жиында бетiмiзге былш еткiзiп, жарып айтқан жатты терге. Соған да жеткен. Бар да "өтiрiк" деп соны иландырып келшi. Ел аузына қақпақ болып көршi. Бiрақ ол қолыңнан келмейдi. Ендеше, не ер бол да, ақта! Немесе илан да жазала! Тек, жарықтығым, дүмбiлезiңдi көрсетпе, былқыл-сылқылыңды аулақ әкет!– дедi.
Ендi Сүйiндiк те үндей алмай қалды. Аз бөгелген соң бағанадан Құнанбайға сыр алдырмай, салқын ғана қарап отырған Байсал:
– Қара деп жазалаған күнде, мұның жазасы не болмақ, – деп едi, Құнанбай:
– Жазасы шариғат жолы. Шариғат не бұйырса, сол болады. Мұндай сұмдыққа қазақ айтқан жол жоқ. Кесiгiн де айтпапты, – дедi.
Құнанбай бұған шейiн ашумен, зiлмен кеп, ендi осы тұста күйзелгендiк күй көрсетiп, осымен жиынның қабырғасын қайыстырғысы келген.
Бәрi де тiрелiп қалды. Ат тұмсығы, бiр бiтеу, меңiреу қабырғаға тiрелген сияқты. Жалтара алмады да, үндеспедi.
Аз ойлағанда Бөжей өз iшiнен "Шариғат та жөнге, шынға қарайтын шығар, ақай жоқ, ноқай жоқ, көрiнгенге бұйда бере бермес" дегендей.
Бiрақ, бұл ойын айтса, Құнанбай тағы бойлап тартып кетедi. Сондықтан үндеген жоқ. Тағы да шапшаң Қаратай:
– Ал, шариғат бұл Қодар қылығына не бұйырады екен?– дедi.
Құнанбай бағанадан төмен отырған жорға Жұмабайды ендi ғана еске алғандай бұрыла қарады.
– Мына Жұмабай қалаға барып, Ахметриза хазiреттен фатуа сұрап келдi. Жазасы дарға асу дептi.
– Дарға?– деп Қаратай үркiп қалды.
Бөжей Құнанбайға ажырайып, тiксiне қарап едi, аямас түсi айқын екен.
– Барлық байлау осы болғаны ма? Ит те болса бауыр емес пе едi?– дегенде, Құнанбай қынжыла түсiп.
– Оны бауыр дегеннiң бауыры езiлсiн! Шариғатпен шарпыспақпыз ба? Қодар емес, құтпаным болсын, қайтпаспын да, тынбаспын, - дедi. Ендi бұғалық әкететiн, бойлауық жерiне жеткен екен. Бөжей iшi мұздай отырып:
– Көзiң жетсе, мейлiң бiлсiн, – дей салды да, ойдағысын iшке бүгiп қалды. Байсал үн қатпаған күйде жым-жырт. Құнанбайды ақтамаса, Бөжейдi де құптаған жоқ.
Сүйiндiк те осы топтың дағдылы мiнезiне басты.
– Ел де сенiкi, ел iшiндегi тентек те сенiкi. Қашқанның да, қуғанның да келетiнi өзiңсiң. Тек, не бұйырсаң да тергеп алып бұйырғайсың. Қалғанын өзiң бiл, – дедi. Бұл Бөжейдiң қабағын баққан болатын. Өзi қалай көшерiн айқын бiле алмай, "соның бiр бiлгенi шығар" деген есеппен жалт бердi.
"Тергеп алып, бiлгенiңдi қыл" дегендi, аяқтап келгенде әрқайсысы да бiр-бiр қайырған-ды.
Бiрақ бұл сөздерi – сүйей салды. Бағанадан бергi сөзде Құнанбаймен аралары арбасып боп, айтыспай-ақ iштей жер танысып қалған.
Бөжей бiлсе, Қодар жайы – Құнанбайдың тағы бiр қыры. Осал емес, үлкен қыры болғалы тұр. Қайда беттер екен? Неге соғар екен? Не де болса, ендi салмағын Құнанбай өзi көтерiп алатын болады. Бұлар жалпылдап қостаған жоқ. Оны Құнанбай бiлетiндей болды. Түбiнде, дәл осы отырған кiсiлер осы жөнде ұстасса да қисыны бар.
Сүйiндiк, Бөжей жағының ойы осы болса, Құнанбай да өз есебiн алдын ала өзi өлшеген бетпенен iшiне iрiктi. Жаңағыдан әрi жазылған жоқ. "Пәлен етем" деп кесiктi байлауын да айтпады.
Осы отырған бес-алты адам дәл қазiргi күйiнде пәлен мың Тобықтының талай түйiн, шытырман жайларын осы араға жиып әкеп отырған адамдар, iштерiнде: көп қалтаға көп есептер салып кеп отырған атқамiнерлер.
Құнанбай аға сұлтан болды да, өзгелерiнiң қатарынан озғындап кеттi. Онда әкiмдiк бар. Сыртқа да, ұлыққа да жақындық бедел бар. Әрi қолы ұзын, малды. Сөзге жүйрiк, мiнезбенен iске де алғыр. Осының бәрi өз ортасын бойымен басып жыға беруге себеп болатын.
Бiрақ Құнанбайдың мықты жерi Тобықты iшi болса, әлсiз жерi де осы Тобықтының iшiнде. "Құс қанатымен ұшып, құйрығымен қонады". Сол қанаты мен құйрығы ел iшiнде өзi тұстас ру басылар. Осы Байсал, Бөжейлер.
Осылар соңғы бiр жыл бойында бұрынғыдай ашық жарқын емес. Iщтей Құнанбаймен аңдысып қалған сияқты. Оны Құнанбай бiледi. Бiрақ, осындай қып қосарына iлестiрсе болғаны. Түбi, бәрiнiң де бағатын таразысы – ел. Сол елдiң алдында байлауды, Құнанбаймен бiрге байласқан осылар болған соң жеттi. Күйсе, Құнанбаймен бiрге күйедi. Ал, iшiнде не жатыр, оны бiлмейдi. Олай болса, Құнанбайдың да сырты, бұлардың iшiн бiлмеген, елемеген кiсi тәрiздi болатын.
Тобықты көп рулы көп ел болғанымен барлық үлкен шеңберiнiң таразысы осы отырған бес-алты адамның руларымен өлшенедi. Әсiресе, ру басы осы адамдардың өздерiмен салмақталады. Бөжей – қалың Жiгiтектiң адамы. Бұрын орталарынан Кеңгiрбайдың терiс азу, мықты биi шыққан ел. Бертiнде, ұрыншақ, қолшыл болып және барымташы жортуылшы жiгiтi көп шықты. Шетiнен сөзуар Жiгiтек. Байсал да сондай мол ру Көтiбақтың тұрғысы. "Тоқпақ жалды торы" деп атағанда үйiрi қалың айғырдай, көптiгiнен атанған. Бұл, әсiресе, мал көбейтiп, жердi мол қамтуға тырысатын, көптiгiне сенiп, анау-мынаудан онша қысылып, қымтырыла қоймайтын ауылдар. Сүйiндiк осы ағайынды елдер iшiнде ең азы Бөкеншiнiң кiсiсi. Мал, дүниеге шағыны да осылар. Бөкеншiнiң кiрмелеу туысы - Борсақ. Жаңағы бұлар сөз қылған Қодар – сол Борсақ болатын.
Құнанбай болса – Ырғызбай руынан. Бұл, бас жағына келгенде Жiгiтектен де, Көтiбақтан да аз. Бiрақ, әрi малды, әрi көптен берi Тобықтыны билеп-төстеп келе жатқан ауылдар.
Туыс жағын алғанда, Бөжей мен Сүйiндiктен көрi, Құнанбайға Байсал жақын. Сойыл соғарға келгенде, қолға, санға келгенде Құнанбайдың мықтап сүйенетiнi сол Байсал елi – Көтiбақ. Оны әлi күнге өз ырқынан шығарған емес.
Қаратай болса, бұлардың барлығына алыстау. Ара ағайын тәрiздi Көкше деген рудың атқамiнерi. Аз да болса, пысық және шөре-шөреде жүргендiктен бiр мүшеден қалмай iлесiп отыратын.
Осы отырған ру басылардың мiнезi, артта жүрген үлкендi-кiшiлi атқамiнер, ақсақал, қарасақалының бәрiне де мiнез, тәсiл бола жүредi.
Құнанбай қасындағы қой көздеу, сұлуша Майбасар старшын болды да, өз достарынан да, Құнанбайдың жақындарынан да ажырай бастады. Қазiр, Құнанбай алдында, жастан бергi дағдысы бойынша үндемей отырғанмен, бұл ерен бүлiк, сотқар адам. Құнанбайдың ұлықтығына бақ масы. Болған Ырғызбайдың басы осы.
Бүгiн Бөжейлердiң, Құнанбаймен iштей суысуына себепшi болған да осы Майбасар.
Бұдан екi ай бұрын зықысы әбден шыққан ел Бөжейдi салып, Құнанбайдан:"Майбасарды орнынан түсiр" деп тiлеп едi.
Құнанбай Майбасар мiнезiн бiлсе де түсiрмедi. Ол өзiнiң қара күшi, зiлi сияқты болатын осындай бiр Майбасардың жүруiн мақұл көрдi. Үлкен бiр есебi. "Анау жұртты шақар айғырдай мойын салып қуып ықтырған уақытта, ел арыз айта өзiме келедi, өз бауырыма қайырып беріп отырады» деп топшылаған.
Қодар жайындағы сөздердің артын Құнанбай ашып шешкен жоқ. Аналардың емеурінін есітті де, қалғанын үндемей бітірді.
Аздан соң сөзді басқа жаққа көшіріп, осы көктемде мал тойыны қандай, шөп шығымы қандай, көшi-қонның мезгiлi қандай болатынын айта бастады. Биыл да, бұл отырған барлығының кеңесi Шыңғыс сыртындағы Бақанас, Байқошқарға шейiн көшiп барыспақ. Ол, Керей қонысы болса, сол Керейге мiнбелей барып қонып, екi өзендi тағы да жылдағыдай баурай бермек болысты. Тобықтының осы жуандары малы аз ғана Керейден сол екi өзендi, жылма-жыл қона жүрiп, тартып алмақ ниетте болатын.
Бұл әңгiмелерге келгенде барлық бағанағы томсарған жиын шешiлiп, жазыла сөйледi.
Осы кезде Жиренше Абайға ым қақты да, тысқа шығып кеттi. Абай, Қодардың қылмысы не, өзi кiм екенiн бiлмеген қалпында болатын. Ол жалғыз-ақ "дарға асу" деген жерде, iшiнен бiр түрлi тiксiнiп қалды. Әкесiне сене алмай, сескене қарап,"соны iстейдi-ау" деп бiр ойлады. Бiрақ байқап, болжап көрсе, дар деген қырда, бұл елде әсте болмаған нәрсе. Естiп көрген де емес. Ол мұның түсiнiгiнде, Һарон-Рашит Халифа заманында, әлдеқайдағы Бағдат, Мысыр, Ғазнада ғана болатын жаза сияқтанады. Сондықтан, "дарға асу" деп жай айтылған болар. Ол болмас, болмайды!"- деп байлаған едi.
Сонымен бiрге, әкесi Жұмабай жайын айтқанда да, Абай қайран болды. Қала мен жолда талай күн бiрге болған уақытта бiрде-бiр сездiрсешi!
"Фатуа", "дарға асу" деген үкiмдердi жасырып алып келе жатып Абаймен жарысады. Қалжыңдайды, ойнайды. Ендi түк көрмегендей, үндемей отырған түрi де мынау. Бүгiн күн ұзын Абаймен құрбысындай жарысып келгеннiң де бiрде-бiр белгiсi жоқ.
Соған қарап Абай үлкендердiң осындай iшi қатпарлы, қиын жататынын ойлады. "Үлкен болсам, осылардың мiнезiн әрдайым бiлiп, танып тұратын болсам" деп, сол үлкендiкке тағы да бiр қызыққан, асыққан едi. Абай үлкен болуға тегi көп асығатын, қызығатын.
Ендi есiне түстi. Жұмабай қалада бұған түсiнiксiз бiраз мiнездер iстеген. " хазiретке сыйға апарам, Құнанбай жiбердi " деп, қысырдың бiр семiз қара көк құнан шығарын жетектеп жүрген-дi.
Абайдың молдасы және мешiттiң имамы Ахметризаның үйiн сұрап алып, артынан Абайға "молданың үйiне ертiп жүр" деп, бұны бiрге де ала барған.
Екеуi асау көк құнанды жетектеп бара жатқанда, бiр төбелесқой, тентек Сағит деген баланың бұларға iстеген қырсығын да есiне алды. Қазiр нығызсып отырған Жұмабайға қарап, жымиып күлiп қойды.
Бұлар қақпасының жанынан өте бергенде Сағит терезеден көре сала жүгiрiп шығып, тас лақтырып, айғай салған. Асау құнанның үркетiнiн көрiп алған соң, онан да жаман құтырып едi. Қақпаға қайта жүгiрiп кiрiп шыбық алып шығып, бұғып келiп асау құнанды шаптан да түртiп қалған. Сонда көк құнан ышқына шапшып, безе жөнелгенде Жұмабай айырылмаймын деп тырысып көрiп едi, тай сүйреп, дедектетiп әкетiп, Жұмабайдың аяғы тарп-тарп етiп қаздаңдап, тымағы, тақиясы да ұшып түсiп қалған-ды. Басының жалтыры да көрiнiп, Абай ерiксiз күлген-дi. Асау тоқтамаған соң, шылбырды белiне орап алған Жұмабай, шалқайып табандап тартып, көше бойының құмын боратып, тағы да рәсуа болған. Бұл тұста Сағитқа қосылып Абайдың да iшек-сiлесi қатып едi.
Жұмабай көк құнанды зорға тоқтатып алған соң, Абай Сағитты маңайлатпай қуып жiберiп, сол бәледен Жұмабайды да, құнанды да өзi құтқарып шыққан.
Бұлар хазiреттiң қорасына кiрiп, асау құнанды ат қораға байлағанда, хазiрет өзi көрiп сыйлық екенiн iшi бiлiп, үн қатпаған болатын.
Кейiн үйге кiргенде, Жұмабай Құнанбайдан сәлем айтты да:
- Мына баласына - өзiңiздiң шәкiртiңiзге фатихасын сұра деп едi, – деген.
Хазiрет:
– Бәрәкалла, бәрәкалла... Бирахматика я архамәррахимин, – деп отырып, Абайға қол жайып бата берген-дi.
Содан әрi хазiретпен не деп жауаптасудың бабын таба алмаған және тiптi шүлдiреген, кiтапшылаған тiлiн ұға алмаған Жұмабай тағы бiр ойдағы әңгiмесiн тұпа-тура, қолма-қол бастап едi. Онысы Құнанбайдың айтқан сәлемi екен. Сұрап кел деген бiр үлкен сөзi екен. Осы жөндерiн айтты да, Жұмабай Абайға бiр хазiретке бiр қарап:
- Бiрақ ол жайын оңаша, құпия сөйлес деп едi. Балам, сен...– деп Абайға оқтала бергенде, хазiрет те сезiп, Абайға:
– Ибраhим, сiз хазiр мәдрәсәгә қайтыңыз, балам. Бәс ауылға қайтмас бұрын мюңға кiрiп, фатихамны алып кетiңiз, – дедi. Абай шығып кеткен.
"Соқалап отырып, ойдағысын жеткiзiп, жаңағы фатуаны сонда алып шыққан екен-ау, бұл" деп ойлады.
Өзiн керек еткен сөз бен шырайды көрмеген соң, ендi Абай да Жиренше кеткеннен кейiн бiраздан соң ақырын сусып, тысқа шықты. Бұл уақытта Жиренше соңғы атқа шiдер салып, отқа жiберiп жатыр екен. Есiк ашылған жерден Абайды көрдi де, ақырын дауыспен:
– Абай, берi кел, мұнда кел...– дедi.
Абай бұған жетер-жетпестен:
– Өй, Жиренше, жаңағы осы Қодар кiм? О не қылған? Айтшы, – дедi.
– Қодар – жақыны жоқ, жалғыз үйлi бiр Борсақ. Ол қайда?
– Е, ол мына Шыңғыстың ет бөктерiнде, Бөкеншi асуының бауырында.
– Ал, ол не қылған?
– Сол биыл қыстыгүнi жалғыз баласы өлгеннен кейiн, келiнiмен жақын бопты дейдi. Ана кiсiлердiң сұмдық деп отырғаны сол.
– Жақын? Қалайша?
– Не қалайшасы бар? Шөккен дейдi.
– Не дейсiң?
– Е, сығыр, шөккендi бiлмеушiмең? Бура мен iңгенше? Бiлесiң?– деп Жиренше өте бiр тұрпайы қозғалыстар жасады. Ол үлкендер арасынан әбден iшi пысып шығып, ендi салқын далада азырақ ойнақы күйге кеп тұр едi. Абайды күлдiрмек болатын. Бiрақ Абай күлер емес. Көңiлiнде қатты қобалжу бар.
– Сол рас па екен?– деп, Абай қадала сұрады.
– Бәсе, сол анық-танығы мәлiм емес. Бiрақ ел өсек қып әкетiптi. Сүйiндiктiң, жаңағы, анығын бiлейiк деуi сол ғой, – деп Жиренше салмақты болып сөйлеп едi.
– Ендеше, бекер жала-дағы?
– Тiптi солай десетiндер де көп. Бiрақ әнеугүнi Құнекең мына Сыбан iшiне топқа барса, сонда Солтабай төре осыны бетiне салық қыпты. Мына кiсi төреге насыбайды тастасаңшы дегенде, анау: "мен насыбайымды тастайын, бiрақ, Шыңғыстың бөктерiндегi шашты сайтаныңды сен де тыйсаңшы!" деп бетiнен алыпты дейдi. Соған намысы келiп, Құнекеңнiң қатуланып отырғаны әлгi ғой, – дедi.
Абай әкесiнiң жаңағы "дарға асу" деген жердегi аяздай суық пiшiнiн еске алды. Үндемей бiраз тұрып, қабағын шытып, қатты күрсiндi де, айналып жүрiп кеттi. Күрсiнуi ауру дененiң қиналған ыңқылына ұқсағандай болды. Шешесiнiң үйiне қарай беттедi. Жиренше басқа да бiрдеңелер сөйлеспек боп, бөгемек едi, қайрылған да, үндеген де жоқ. Кете бердi.
3
Келiнi жаңа ысытып әкелген, құрт қосқан қонақ көженi анда-санда бiр ұрттап отырып, Қодар:
– Қарағым Қамқа, бүгiн күн жұма ғой осы?– дедi.
– Жұма, бейiт басына барып, құран оқып қайтайықшы, – дедi де, Қамқа күрсiнiп алып:– Құданың құдiретi, бүгiн түсiме балаңыз бiртүрлi боп кiрдi, – дедi.
– Пәке паруардигар! Паруардигар!- деп, мол келген батыр кеудесiн қақ жарған шердi Қодар да шығарды. "Түс шiркiн жұбаныш па, тәңiр-ай "! Бүгiн өз түсiне де Құтжаны – жалғызы кiрген едi. Бiрақ Қамқа түстi кәдiмгiдей медеу көредi. Айтсын. Бала көңiлi тым құрса, сонысымен уанған болсын. Тыңдайды.
– Осы дәл өңiмдей, үйдiң сыртына кеп аттан түсiп, асығып, жайраңдап кiрiп келдi. Келдi де:"әкем екеуiң жылай бересiң. Зарлай бересiң. Менi шын өлдi деймiсiңдер? Ал, мен, мiне келдiм. Тiптi өлгем жоқ. Қойшы, Қамқа! Қабағыңды ашшы!" деп, осы бiртүрлi сай-сүйегiмдi босатты!- дедi.
Осы кезде Қамқаның да, Қодардың да көздерiнен үнсiз жастар бiртiн-бiртiн сорағытып ағып отыр едi.
Жым-жырт үйде Қамқаның құлағына тыс жақтан бiр ызың естiлдi. Қазiргiдей таңертеңгi уақытта, мұның құлағына осымен бiрнеше рет, бiр ызың естiледi де тұрады.
Қаны қашып, аппақ сұр болған бетiн төр жаққа, атасы жаққа бұрып, қадала тыңдады. Екi көзi жасқа толып, қызарып тұр. Аш бетiнде көк тамырлары бiлiнедi.
– Шыңғыстың бөктер желi ғой, қарағым.
– Ызыңы несi?
– Қораның төбесi ашылып қалыпты. Оның да тозығы жеткен емес пе? Тесiктерден сорайып шығып тұрған ескi қамыстар бар. Сол құрғыр, жел соқса ызың салады ғой, - дедi.
Аздан соң екеуi де тысқа шықты. Тозығы жетiп қалған жалғыз қоңыр үй, жапа-жалғыз кiшкене, ескi шым қораға ықтап тұрғандай. Маңайда басқа не қыстау, не бiрде-бiр киiз үй де, тiрi жан да жоқ. Көшерлiк өз көлiгi жоқ болған соң, Қодар ешкiмнен көлiк те сұрамаған, қыстаудан да iрге аударып жылжымаған.
Бұрын баласы:"Жатақ боп жатамыз ба?" деп көлiк әкеп, көп ел ойға көшсе - ойға, қырға көшсе – қырға iлесе беретiн. Мал тойыны, шаруа есебi дейтiн емес. Әйтеуiр құр жас болған соң дүрмектен қалмау сияқты. Онда Қодар өзi де, "тым құрыса, аққа тәуiр болармыз, бiреуден там-тұм сауын сауармыз" деп, елге ергенге қарсы болмаушы едi.
Ал, биыл ағайын өзi бiлмесе, балам өлiп едi деп, ендi жатқа телмiргендей көлiк сұрап жүрудi лайық көрмедi.
Қамқа да, өзi де Құтжанның жас қабiрiн құлазытып, жалғыз тастап, " жайлау бар едi, сайран бер едi " деп кеткiсi келмедi. Күндiз-түнi егiлген жаспен еңiреген зарлылар арысын тастап кетерлiк дәрмен де таба алмас едi.
Бұларда мал дейтiн мал да шағын. Азын-аулақ болса, осы қыстау маңын қысы-жазы жесе де, бөктер шөбiнiң тұмсығын сындыра алмайды. Жалғыз үйдiң қолындағы бары: жиырма-отыздай ешкi, лақ, қой – тұяқ пен бiр бұзаулы сиыр, екi торпақ болатын. Осы малды бағарлық, бұт артары бiр ғана қоңыр ат. Құтжанның қоңыр аты.
Баласы өлген соң Қодар қыстыгүнi, осы ел iшiнде кiрме боп, әркiмде жалда жүретiн бiр шал жиенi Жәмпейiстi өз қолына алып едi. Жәмпейiсте қатын да, бала да, баспана да жоқ. Өмiрi шыр бiтпеген сорлы едi.
"Екi жарты бiр бүтiн болайық. Кiмге сенемiз? Иық сүйесiп күн көрейiк " деп, Құтжанға құран оқи келгенде, Қодар Жәмпейiске зарын шақты да, қолына ұстап қалды. Қазiр қоңыр атпен бар қара-құраны қосып жайып жүрген сол Жәмпейiс.
Малда алаңы жоқ. Үйде де мiнбелеп тұрған шаруа жоқ. Сондықтан, өмiр мен уақыт бүгiлдiрген бiр кәрi, дерт пен зар бүгiлдiрген бiр сорлы боп, екi шерлi баяу басып, бейiт басына қарай аяңдады.
Жарқыраған май күнi бiртүрлi боп нұрланып, тамылжып тұр. Аспанда ұсақ қана ақ мамық бұлттар қалқиды. Айналадағы жазық пен төбешiктiң бәрi де ал қара көк. Аласа, тықыр, бiрақ тығыз бетегемен жайнаған, қызғалдақ, жауқазын, сарғалдақ, бәйшешек дегендер қызыл, сары, көкшiл түстермен құлпырып жайнайды. Гулеп ұшқан көбелектей көп бояулы, неше алуан.
Бөктер желi таңертең әрдайым Шыңғыс аса соғатын қоңыр салқын күйiнде. Қазiрде де күн қызуын жеңiлдетiп, майда қоңыр лептей үрiп тұр. Бiрақ, бұл жарастық, бұл жастық кiмдер үшiн?
Әлдекiмнiң рақаты, әлдекiмдердiң қызығы, сайраны үшiн болар. Жалғыз-ақ, мынау екi қаралылар үшiн ол жоққа тән.
Бұлардың алдында, кiшкене көк төмпешiк үстiнде, құбыла жақтағы серек тасы шошайған жалғыз бас бейiт қана тұр. Көздерi де, көңiлдерi де сонда.
Дүниенiң көктемi Құтжанның былтыр ғана осындай кезде, күлiп жайнап жүрген аман шағын, сау шағын еске түсiредi. Еске түсiредi де, тағы да толқып келген құсамен басады. Жүрек басынан запыран, зәр төгiлгендей болады.
Қодар батыр денелi, алпысқа жаңа кiрген, бурыл қарт едi. Жалғыздық пен осы қаралылық иықтан баспаса, өмiрдiң мұны мойытар өзге күшi жоқтай. Ол жасында найзагер батыр болған.
Осы жасына шейiн өз қасиетiн жоятын жаман аттан да аулақ.
Жуан кiм, көп кiм, бақ масы. Есер кiм? Ешбiрiн де ол бiлмейтiн. Өз өмiрi, өз үй-iшiмен, өз айранын iшiп күн кешетiн.
Үйден шығып, әлдебiр сөзге, сыпсыңға да араласпаушы едi. Сондықтан алысты қойып, ағайын iшiнде де бұны бiлетiн жан аз. Өзi де азғана Борсақтан, Бөкеншiден басқа жұртты танымайтын.
Соңғы алты ай iшiнде, барлық жалын атқан қайғысы - жалғыз баласы Құтжан жайы.
Ендiгi үмiт не? Құлазыған қу өмiрде тiрек не? Ойланғанмен тапқан емес. Таппасын бiлген соң, соңғы кезде оны ойламайтын да.
Жалғыз жан күйерi мынау қайғыдан сөнiп бара жатқан, санадан солған бейшара келiн. Оның алды немене? Не болады? Бұны шешуге тоналып қалған көңiлi баспайды. Батылы бармайды. Бөтен боп кете ме деп ойлай бастаса, Құтжаны бiр өлген емес, екi өлгендей көрiнедi.
Келiнi Қамқа мен Құтжан арасының тәттiлiгi өзгеше едi. Бұл бейшара жетiм қыз екен. Құтжан сонау алыстағы Сыбан iшiндегi нағашыларын iздеп барып, содан алып қашып келген. Бұнда да артына оралар, ие шығар туыс жоқ. Сондықтан ба, әйтеуiр Қамқа Құтжан мен осы үйдiң тiлеуiне бар ынтасымен құлаған едi. Қодар соны танып, Қамқаны дәл өз iщiнен шыққан Құтжаннан бiрде-бiр кем сүйген емес. Оның да, бұның да тең ортақ әкесi болды.
Бiртоға, кесек мiнезi бойынша осы көңiлiн өле-өлгенше сақтаумен, көрге бiрге әкетемiн деп сенушi едi.
Бiрталай күн болды, Жәмпейiс тауда, көршi ауылдардың қойшыларымен кездесiп, сондағы естiген сөзiнен бiрдеменi бықсытып айта бастағанда, Қодар толық түсiнбей, түсiнгенiне ыза боп, түсiнгiсi келмей тойтарып тастаған, айтқызбаған. Естiген сөздерiне қарағанда, басы аман өсекшi-ағайын тек отыра ма? Соның шырғасы ғой:
– Бұл Қодар неге қыстаудан шықпай, iнге кiргендей жатып алды?- деседi дейдi. Тағы бiр кезде:
– Осы Қодардың келiнi ненi үмiт қылып отыр? Не ойлаған ойы бар?- деп сұрастырады дейдi.
Осындайға келгенде, Қодар мұндай жыбырдың iшкi зәрiн, суығын сезгендей болған. Оның өз топшылауы бойынша, бұндайдың арты жесiр қатынға әмеңгер iздеу. Мал шығармай бiреудiң үйiне тегiн қатын кiргiзiп беру. Қодар малына ие болатын мұрагердi iздеу, соны табу.
Бұндай жай, өтiрiк ағайын болмыс, жан күйер атқамiнер қулардың құлшына кiрiсетiн сыпсыңы.
Қодар елге жоламай, елдiң келуiн де тiлемей қойғанда, әсiресе, осындайдан қорқатын. "Тым құрмаса, баламның жыл уақыты жетсiн" деп, оның ар жағын тiптi ойламай, жауып қоюға тырысатын.
Ендi мiне, өмiр аязының алдыңғы лебi болып, Жәмпейiс арқылы, қойшылар арқылы келiп жатқан сұм салқын сол ғой деп ұққан-ды.
Қодар қиналып, қатуланған соң Жәмпейiс өз естiгенiн тегiс айтқан жоқ. Және айтам десе де, өзi сөз бiлмейтiн, сөзiн кiсiге ұғымды қып айта алмайтын аса бiр орашолақ адам едi. Сонысынан тағы жасқанып, Қодарды қинамайын деп қойған-ды.
Бiрақ бiр күнi далада бiр кәрi қойшы бұған сұмдық айтты.
– Қодар келiнiмен жақын дейдi. Сен не бiлдiң?– деген-дi.
Бұған Жәмпейiс жаман түршiгiп:
– Оңбай кетейiн, естiген сұмдығым емес. Тарт. Тарт, кәпiр, мына сөзiңдi, тарт!– деген. Ақтағаны ма? Жоқ, жай шошығаны ма? Бiлiп болмайды.
Бiрақ жаңағы сөздi бастаған кәрi қойшы өзi де сұмдықтың адамы емес-тi. Өз iшiнен:" мына бақыр бiлсе, бүйтпес едi. Тегi, не аналар аман да, не мынау түк бiлiп сезбеген ғой " – деп ойлаған. Кейiн де осы көршi қойшы Әйтiмбет Қодарға анда-санда қатнасатын кедей-кепшiктен жағалатып, сұрау салып, жаңағы жаладан Қодарды аман деп ұйғарды.
Бiрақ жақындағы жарлы-жақыбай солай дегенмен, осы өсектi қайта-қайта шығара берiп, көпке жайып кеткен бiр "көз" тағы бар. Не қылса да Әйтiмбет Жәмпейiстен алғаш сұраған кезден бастап, осы жала Қодарға оралып соға беретiн бiтпес жала болды.
Қодарда соңғы күндерде Құтжан дертiнен бөлек өзгеше бiр ыза бар. Оның себебi, осыдан үш күн бұрын Сүйiндiк бiр кiсi жiберiптi. Оңаша алып сөйлескен Бектен деген бiр сөзуар көсе бұған әрненi шарлап кеп:
– Ел аузына кiм қақпақ болады? Қан көтерiп әкетiптi. Жаны ашыған жақсы да сол өсектi басам десе, баса алмапты, – деп, Сүйiндiктi атап, оны бiр мақтап қойған. Содан тағы бiраз орағытып кеп:
– Жаман айтады. Сенi мен мына келiнiңдi жаман атқа тағады!- деп былш еткiзгенде, Қодар:
– Өй, жаным, не шатып отырсың?– деп, Бектен көсенi таптап тастардай болады. Анау бiрақ безбүйрек қайтпас екен.
– Сол сөзге иланып алған Құнанбай, саған қатты жаза бұйыратын түрi бар. Сүйiндiк өз бауырын қисын ба? Саған менi әдейi жiберiп отыр. Сөз айқындап ашылғанша тая тұрсын, бiр жерге жалтара тұрсын дейдi, – деп келген.
Қодар ыза мен қорлықтан өлердей боп булығып, орнынан атып тұрып:
– Уа, кет, жоғал! Құдайдың кәрiн көрiп болған Қодар Құнанбайдың кәрiнен қорқар деп пе ең? Жоғал әрман!- деп айдап жiберген.
Осы сөз бүгiн де Қодарды ызаменен қайнатады. Бiрақ Қамқамен бұл жайды сөз қылуды ойлаған емес. Өзiнiң әкелiк жүрегi өзiне мәлiм. Балалық жақындығы Қамқаның да өзiне мәлiм – берiк. Сол қайғы үстiнде, күндегi бiр-бiрiне мұң айту, күрсiне отырып зарларын шағу, екеуiн әбден келiн мен ата халiнен кетiрiп, ортақ қайғыдағы ене менен келiндей, немесе әке мен баладай жақындатқан. Адам мен адам боп танысып, табысқан-ды. Бiрақ өзге көп жайды екеуi де iрiкпей, бүкпей ашық сөйлессе де жаңағы сұмдықты, жарылмаған уыздай, сорлы шерлi баласына айтуға, бiр беткей Қодардың батылы да бармас едi.
Екеуi ақырын аяңдап бейiт басына келдi. Қодар құран оқи бiлмейдi. Қамқа да оқыған емес. Бiрақ екеуi де өздi-өзi iшiнен Құтжанға тiлеуiн, зар болғанын, арманда қалдырғанын айтады. Әрқашан жан күйер жақын қабiрiне ыстық-ыстық жастар төгедi. Қайта-қайта бас қояды. Үндемей иiндерi тиiсiп, көздерiн алмай, ұзақ-ұзақ отырысады. Бұл қабiрдiң әр тасы екеуiне санаулы. Әлдеқалай жел ұшырып түсiрген шөп-шалам болса, оны алып тастап, немесе, топырағының ойсыраған, қопсыған жерi болса, соны қайтадан түзеп оңдай отырысады. Тағы да бiрталай уақыт отырып қалып едi. Бiр кезде бұлардың сырт жағынан дүрсiлдетiп келiп қалған бiрнеше аттының дабыры естiлдi.
Қодар да, Қамқа да бұрылған жоқ. Аттылар мiнбелеп кеп түсiп жатты. Бұлар бес кiсi екен. Бастығы Майбасардың қара сақал атшабары – Қамысбай қалғанының екеуi Бөкеншi, екеуi Борсақ. Қамысбай аттан түсе бере:
– Көрдiң бе, жәдiгөйдi!- деп күңк еттi. Қодар мен Қамқаны бұл күйде көремiз деген жоқ едi. Мынадай сарылып отырған қайғыны көргенде, өзге болса жүрегi шайылар едi. Қасындағылар аттан түсуден де iркiлгендей болатын. Бiрақ, Қамысбай "шаш ал десе, бас алатын", Майбасардың өзiнен асқан бүлiк, бұзақы, қан құйлының өзi.
– Түсiңдер!– деп бұйырды да, бәрiн аттан түсiрдi.
Борсақтың да оны қостайтын бiреуi табылды. Ол Жексен дейтiн даукес шалдың iнiсi – Жетпiс едi.
– Көрден бас бұрмауын, көрде басы қалғырдың!- дедi Жетпiс те.
Қодар мыналардың әдейi келген жайын байқап бұрылды да, сабырлы суық жүзбен:
– Нелерiң бар, жандарым?– деп едi.
Қамысбай тепсiнiп кеп:
– Немiз болушы едi? Сендердi ұлық шақыртып жатыр. Мына Қарашоқыда елдiң игi жақсысы жиналып отыр, тосып отыр!– дедi.
– Жақсың кiм? Ұлығың кiм өзi?
– Ұлығым – старшын Майбасар, бастығы – Құнанбай. Мына келiнiңмен екеуiңдi жауапқа шақыртады. Тұр, жүрiңдер!
– Сандалып жүрмiсiң? Не ақың бар?
– Не дейсiң? Әкiм шақырса, ақың не деймiсiң?
– Құдай жүзiн көрмегiр, мынау кiм өзi әкiреңдеген!– деп Қамқа қаны қайнап, қатты ашуланды. Құдай жүзiн көрмейтiн сендерсiң қос қара бет! Сенсiң, шашты сайтан!– деп, Қамысбай бастырмалатып, қамшы үйiре бастады. Жүр, ал! Алып жүр! Мiнгiз ана атқа екеуiн де?– деп, қастарындағы жiгiттерге бұйрық еттi.
Төрт жiгiт әуелi Қодарға қарай ұмтылды. Қодар:
– А, құрыған құдай, нең бар едi?– дей берiп, қасына бұрын барған екi жiгiттi қойып-қойып жiбергенде, бiреуi мұрнын басып ұшып түстi. Бiрақ сүйткенше болмай, қалған төртеуi жабыса кетiп, даяр шылбырмен қолын сыртына қайырып, байлап алды. Қамқаны да сүйретiп отырып, аттың жанына алып кеп, Қамысбайдың алдына мiнгiздi.
Қодардың артына Жетпiс мiндi. Ол да еңгезердей мықты жiгiт. Жалма-жан аттарына тегiс мiне сап, күншығыс жақтағы Қарашоқыны беттеп, тұмсық аса шаба жөнелiстi. "Шабар қылыш, атар оқ, бұлармен сөйлесер сөз де жоқ. Не де болса ұлығымен бiр тiлдесермiн" деп ойлап едi Қодар.
Өзiмен аталас болса да, жол бойы артындағы Жетпiспен де бiр ауыз тiл қатқан жоқ.
Шынында Қодар мен Қамқаның осы сорына себепкер болған да дәл осы Жетпiс пен соның ағасы даукес, бәлеқор Жексен.
Олар Қодардың ең малды ағайыны болатын. Басында Құтжан өлген соң, осы көктемде жұрт Жексендi кiнәлай бастады.
Қодар аталас жақыны едi. Әрi кедей, әрi жалғыз, жетiм-жесiр боп қалды. Соған қолы ұзын Жексен қарайласса нетушi едi? "Көшерге көлiк бермей, бiр қораға жалғыз тастап кеттi" деп кiнәлаған-ды. Осы сөздi бiр емес, екi емес есiте берген Жексен, ең әуелi өзiнiң болыспауына сылтау етем деп:
– Сол құрғырдан көңiлiм тiксiнiп жүр, болыспайын демеймiн, бiрақ, шошып қалдым, – деп, Бөкеншi – Борсақтың жиынында ең алғаш бәле сөздiң басын бiр шығарған.
Артынан Сүйiндiк осы сөздiң мәнiсiн сұрағанда:
– Келiнiмен жақын екен ол кәпiр. Маған не қыл дейсiң? Қасыма алып жүрсем, ертең бетiме түкiрмеймiсiң?– деп ақталған-ды.
Алғашқы бiр дақпыртты осымен жұртқа жайып жiбергеннiң бiрi, ендi Сүйiндiк те болды.
Бiрақ басында өздерi жайып жiберiп, кейiн осы өсек, ерiккен қызыл ауыздың. Бәрiн кернеп кеткен уақытта, Сүйiндiк тағы бiр келiп Жексеннен ендi анық дерегiн сұраған. Жексен қыстыгүнi – Құтжанның жетiсi болған күнi, Қодар айтқан бiр сөздi дәлел қылды.
Қодар қайғыдан сандалып, жаны күйiп отырып:
– Маңымда тұлдыр жоқ. Құдай маған қылды ғой. Кәпiр өтсем де ендi кәрiнен аянарым жоқ. Құдай маған қылса, менiң құдайға қыларым сол...– деген.
Осыны Жексен өз бетiмен топшылап, "бұл құдайға не қылады?" деп жүрiп-жүрiп кеп, ақыры:" мұнысы келiнi болды!" деп байлаған-ды.
Содан берi өсектi таратуына тағы бiр себеп: Қодарда бiраз жер бар. Мұның қыстауына ең жақын, жерлес адам сол. Әйтеуiр жайы бiткен неме ғой. Елден қудырып жiберiп, жерiн де басайын!– деген арғы түкпiрде жатқан есебi едi.
Осыдан ұшқындаған сөз Құнанбайға жетiп, одан Сыбанның жиынында Солтабай Тобықтыны мазақ етiп сөйлептi" дегеннен берi қарай, Сүйiндiк бәленiң ұлғаятынын бiлiп, Жексеннен қайта кеп сұрастырған. Жалғыз Жексен емес, маңайдан да сұрау салды. Көршi ағайын, бастығы Әйтiмбет қойшы боп, өз еркiмен осының анығына жетудi ойлады. Сөз бақпаған. Момын ағайынның бәрi де Қодарды қараламады. Қайғы шеккен, дерттi күйiн ғана айтушы едi.
Бiрақ Жексен мен мына Жетпiс болса, сол қайғының өзiн де:
– Әдейi iстеп жүрген сырты. Сүйтпей қоя ма? Бәленi түн жамыла бастайды ғой, – дескен-дi.
Өзi анығын бiлмеген және ол анық болса, осыны сылтау қып Құнанбай Борсақ, Бөкеншiге бiр нұқсан келтiредi. Деп есептеген Сүйiндiк, сырт кiсiмен сөйлескенде:
– Осы сөз бекер болар,– деген. Құнанбай алдында да соны нық ұстармын деп едi. Бiрақ Құнанбай ырық бермедi. .
Оның үстiне, жақында Қодарға өзi әдейiлеп жiберген Бектен көсе жолшыбай Жексен аулына соғып, тiптi бүлдiрiп қайтты.
– Қодар: "Құдай да, Құнанбай да керек емес. Не қылсам өз еркiм, менде не ақыларың бар?"– деп қуып шықты. "Құдай маған, қылса, мен құдайға қылдым"– дегенi дәл сол бәленiң өзi болды!– деп ентелетiп, төндiрiп келген-дi.
Құнанбай жағынан ықтап қайтқан Сүйiндiк, көзi жетпесе де байлау еттi. Сонымен ақыры Қодар күйi кеп бұған соқты.
Жолшыбай "келiнiмен тiлдестiрмеймiн" деп, Қамысбай Қодарды алдына салып, өзi әдейi оқ бойы жер артта, iркiле жүрiп келе жатыр.
4
Қарашоқы Қодар қыстауынан алыс емес. Шыңғыстың үлкен биiгiнiң бiрi. Соның бауыры әдемi, тоғайлы өзен болатын. Тал-терегi болсын және тау қайыңы қисықша қызыл қайың болсын, барлығы да көктеп, жайнап тұр. Бұл ара бiр құйқалы, жақсы қыстау. Бөкеншi, Борсақ ерте кеп, осында орнап қап, әлi бауыр басып келедi.
Ырғызбай iшiнен, әсiресе, осы Қарашоқыға қызығушылар көп болатын. Бұнда отырған ауылдар Борсақ, Жексен аулы. Ол, Борсаққа әлдеқандай көрiнгенмен, өзге жұрттың келесiнде бұта құрым болатын.
Жиын осында екен. Жексен аулы төрт үй. Өзенге мiнбелеп, төнiп тұрған бiр тiп-тiк жартастың түбiне қоныпты. Осы араға Қодар мен Қамқаны алып келе жатты. Тыста:
- Келе жатыр. Алып келе жатыр. Әне Қодар...– деген үндер естiлген соң, Жексен үйiнде отырған Құнанбай бастаған топтың бәрi тысқа шықты. Тұмсық асып келе жатқан Қамысбайлар келгенше, мұндағы барлық жиын бiр араға қарай екшелiп, ауылдың сыртына барып топтанды. Сол арада қазыққа бұйдалап байлап, шөгерiп қойған бiр үлкен, биiк қара атан жатыр. Белiне шом салып, екi өркешiнiң арасын жоталап биiктептi де, соның үстiнен бастыра бiр ашамайды орнатып, мықтап шандып, таңып тастапты.
Қамқа жиыннан шошып кеттi. Жолшыбай сұрамаса да, ендi ауылға тақала бергенде Қамысбайдан:
– Жаным-ау, адам баласысың ғой. Осы айыбымыз не? Не қылмақсыңдар? Айтып өлтiрсеңшi?- деген.
Бұған шейiн "ләм" деп жауаптаспай келген Қамысбай ендi ғана тiл қатты. Бiрақ тiлi зәрдей едi:
– Анау атаңмен – Қодармен жақын болғаның үшiн, қазiр екеуiң де жайрайсың!-дедi. Ол осыны айтып, "Қамқаны не дер екен?" деп едi. Байқаса Қамқада үн жоқ. Бiр ғана ыңыранды да, сылқ, етiп, аттан құлап барады. Қамысбай өзi де аттан жығылып қала жаздады. Қамқаны құшақтап, қысып алды да, желiп отырып, жиынның алдына келдi.
Алдыңғылар Қодарды түсiрiп жатыр екен. Бұ да кеп Қамқаны сүйемелдей ұстап тұрып, өзi бұрын түсiп, артынан келiншектi түсiрдi. Қамқа түскен жоқ. Былқ етiп құлап жығылды да, талған бойында жерде сұлқ жатып қалды.
Қодардың алдында жүз қаралы жиын тұр. Ортасында: Құнанбай, Бөжей, Байсал, Қаратай, Сүйiндiк, Майбасар – бәрi бар. Алдағы осылар да, артынан ентелеп тұрған ақсақал, қарасақал. Әр рудың, көп рудың адамдары. Ылғи атқамiнерi ғана. Iшiнде жұпыны киiмдi бiреу жоқ.
Қодар сәлем бермедi, өзi таңулы. Iшiнде удай қайнаған ыза мен ашу бар.
Жиын ортасында, жалғыз көзi бұған оқтай қадалып тұрған Құнанбайды танып, соған қарап түйiлiп, қатты ақырып:
– Уәй, Құнанбай, менi құдайдың жылатқаны аз ба едi? Бұ не қырсығың?– дей бергенде, Майбасар бастаған әулекi жуандар:
– Тарт тiлiңдi!
– Қысқарт!
– Жап аузыңды!– деп арс-арс еттi. Құнанбайға жаңағы Қодарша зекiп сөйлеген қарсылық сөздердi олар естiген емес.
Қодар аз үндемей тұрып, аналар басыла бергенде:
– Ел-жұртқа масқара етiп, қор етiп, анау соқыр көзiңнiң құнын менен алайын деп пе едiң!- дегенде Құнанбай:
– Шығартпа үнiн! Жоғалт көзiн!– дедi.
Майбасар да iлесе:
– Өй, қуарған көк төбет!- деп, қамшы үйiрiп кеп қап едi.
Қодар саспастан тұрып, қарсы ақырды.
– Иә, мен көк ит болсам, сендер көп итсiң! Жабыларсың, таларсың да жерсiң!– дегенде, Қамысбай мен бағанағы төрт жiгiт Қодарды сүйрей жөнелдi. Сүйретiле бара жатып, Қодар зор дауыспен барынша шырқап:
– Ақ, қарамды тексермедiң бе, өңшең қан жұтқан, қара бет?!– деп, қанталаған көзiмен Құнанбайға бұрылып, атып жiбергендей қарады.
Бiрақ, осы кезде мойнына шылбыр түсiп қалып едi. Төрт жiгiт жетектеп жылдам тартып, анадай жатқан қара атанның оң жағына апарды. Басына қап сияқты бiрдеңенi жаба салды. Бес-алты кiсi тапжылтпай, түйенiң қабырғасына басып, жығып ұстап тұрды. Қодар тағы лағнат айтып айғайлай берiп едi. Сыртынан бiр қатты күш тарпып, серпiп жiбергендей болды. Тұрып бара жатқан түйенiң қабырғасы қаққан екен. Осыдан әрi мойнынан "лық" етiп, темiрдей қысып, жанын суырып әкетiп бара жатқан таудай ауыр күш басты. Жалған жапырылып, үстiне кеп құлады. Көзiнiң оты жарқ еттi де, сөнiп бара жатты, жиында үн жоқ. Түйенiң ар жағына Қодармен тең қып асқан Қамқа, түйе тұрысымен, бiр сәтте үзiлiп кеттi. Оны бәрi көрiп тұр. Қодар бiр жиырылып, бiр созылып, тез өле алмады. Батырға бiткен зор денесi, созылған уақытында, бұрынғысынан да ұзарып нар түйенiң бойына теңелгендей, аяғы жерге тиер-тиместей болды. Түйенi тұрғызып бiрталай ұстап тұрғанда, жиын әлi үн қатпады. Екi жанның өлiм азабын өз үстiне арқалап тұрған түйе де үнсiз.
Дәтi шыдамаған Байсал кейiн бұрылып, шетке шығып кеттi. Сөйлегендер болса, сыбырмен ғана сөйлейдi. Қаратай Бөжейге күбiр етiп:
– Өле алмай қиналды-ау, бақыр! Бишараны жаңа бiлдiм, арыс екен ғой!– дедi.
Бөжей мұның бетiне қатты сұрланған жүзбен, ажырайып қарады да:
– Арысыңды, ендеше, арыстан жедi, – деп сырт айналып кеттi.
Жұрт сыбырлап:
– Өлген жоқ, әлi өлген жоқ...– десе бердi.
Қодардың денесi шынында әлi де тiтiркенгендей дiрiлдеп қап, кейде тартыла түсiп қояды.
Құнанбай жұрттың күбiрi көбейiп бара жатқанын ендi сездi. Өлтiргеннен де қинау бататын тәрiздi. Ол қолымен қатты ишарат қып, түйенi шөгер деп бұйырды.
Түйе шөккенде Қамқа серейiп сұлқ түстi де, Қодар өлмеген екен, бүктетiлiп түстi. Сол арада жұрттың есiн жиғызбастан, Құнанбай қасындағы құзды көрсетiп:
– Шық алып, мынаның басына! Құлатыңдар содан кәпiрдi! Бiтсiн сонымен!– дедi.
Бағанағы Қамысбай мен сол жiгiттер, үнсiз Қодарды түйенiң үстiне көлденең салып, арқанмен байлады да, тау басына тарта жөнелдi.
Бұл құздың арғы сырты жазаң. Көлбей бiткен бетегелi жазаң болатын. Тосып тұрған жұрттың iшiнен бiрен-саран дәтi шыдамағаны сусып, кетейiн деп едi, Құнанбай:
– Ей, тарқама түге! Тоқта былай!– деп саңқ етiп зiлдi бұйрық бердi. Жұрт қайта иiрiлдi.
Аздан соң құздың басына ереуiлдеген жаяулар шықты да, ойдағы жиынға қарады. Құнанбай түрегелiп, оқшауырақ шығып, қолын төмен сiлiктi, "таста" дегенi. Жоғарыдағы төрт жiгiт, Қодар денесiн қаумалап, iлгерiлi-кейiндi толқытып тұрып, бiр кезде тастап жiбердi. Бұл тас - бауыр жағы ойылғандай шұқшиған тас едi.
Азап пен қорлық шеккен, онсыз да өлi дене, жолшыбай бiр тасқа соқпастан тұпа-тура ағып кеп, ауыр салмақпен күрс етiп бiр-ақ түстi. Қазiр де шоқтай жиылып қалған топтың қақ қасына кеп құлады. Шетiрек тұрған кiсiлерге естiлгендей боп, ақырын ғана күтiр етiп сүйек-сүйегi сына түскендей болды.
Дәл осы кезде Жексен аулына төменгi тоғай iшiне шығып, қатты жүрiп кеп, екi салт атты түсiп едi. Денелерi ықшам, бiреуi бала бейнелi. Олар аттарын шеткi үйге байлай сала, жылдам басып келе жатқан Абай мен Жиренше болатын.
Аттан түсе бере, бұлар тас басына тегiс аңырып, қарап тұрған жиынды көрiп, өздерi де солай қадалды. Бiр кезде шекпенiнiң етегi қанаттай боп шалқи шашылып, құлап келе жатқан дене көрiндi. Жиренше атты байлай сала топқа қарай жүгiргенде, Абай көзiн басып отыра кеттi. Бiттi, өлдi.
Мезгiлiмен жетсе, әкесiне өмiрiнде бiрiншi рет жалынып, аяғын құшса да өлтiртпей алып қалмақ едi. Кешiгiп қалды. Ендi топтың iшiн көрмек емес. Атына қайта жүре берейiн деп едi. Бiрақ дәл осы кезде, үнсiз тұрған жиын жақтан жапыр-жұпыр дауыстар естiлiп қалды.
– Сен ал!
– Е, сен ше?
– Ал өзiң?– десiп қау-қауласып тұрған жұрт, қолды-қолына бiр-бiр кесек тас көтерiп алыпты. "Төбелес" пе деп едi. Солай басты. Бұл төбелес емес-тi. Қодар құласымен Құнанбай:
– Әлi жаны шыққан жоқ. Ендi анау кәпiрден өз жанымызды ақтап, аулақ әкету үшiн, қырық рудың қырық кiсiсi кесек атсын. Ал, осы жиындағы әр атаның баласынан бiр-бiр кiсi кесек алыңдар қолдарыңа!– деген.
Өзi алдымен алды да, Бөжей мен Байсалға қарап жердегi тасты нұсқап: "алыңдар"!– дедi. Бұйыра айтты. Аналар бағынды да тас алды.
– Мiне шариғат бұйрығы. Атыңдар кесектерiңмен!– деп, алдымен өзi лақтырып, Қодардың жонынан ұрды. Бөжейлер алған кезде тасты бiреу алып, бiреу алмай тартыныңқы едi. Жаңағы дабырлаған дауыс сол тас алдырып, ұрғызудың бұйрықтары екен.
Абай жеткенше жұрт бiрi артынан бiрi тас жiберiп ұрып жатыр. Топтың шетiне Абай келе бергенде, Жиренше қолынан ұстай алып, бетiне бетiн тақап:
– Ананы қара! Мынау ұрғалы жатқан шалды қара! Осы Қодардың жақыны. Өзi шал. Өзi Борсақ. Жексен! Бұған не жоқ екен, көк төбетке!?– дедi.
Абайға нағыз өлтiрушi осы сияқтанды. Ентелей ұмтылып, Жексеннiң желке жағынан тақай бергенде, Жексен Қодардың өлiгiне қарап:
– Кет, бәлекет, жүзi қара! Кет!– деп, үлкен кесек тасты жiберiп қалды. Қодардың денесiн Абай жаңа көрiп едi. Бас сүйегi мылжа-мылжа болыпты. Жүрегiне қан төгiлгендей қайнап кеп:
– Өй, кәрi малғұн!– деп, Жексендi желкеден қойып жiбердi.
Жексен Қодарды ұрған бiреудiң топшысы тидi ме деп сырт айналып қарағанда:
– Не деген имансыз едiң, кәрi төбет?!– деп тұрған Құнанбайдың баласын көрдi. Абай сырт айналып кете берiп едi, Жексен бұған зекiп:
– Өй, бала! Ой, сен өзiң?– деп тұрып дауыстап:– Мен бе екен? Ер болсаң, әне... Әкең!- дей бердi.
Жұрт. "О не, о не?" десiп жатты. Абай жылдам басып атына жеттi.
Белдеуден атын шешiп жатып, осы үй iшiнде жылап отырған көп жанның үндерiн есiттi. Әйелдер көрiнедi. Бiрi солқылдап, бiрi ыңырсып, бiрi сыбырлай сөйлеп жылайды. Дауыстарын шығара алмай, қыстығып жылаған қатындар.
Еркектер бұл ауылдың бар әйелдерi мен баласын осы үйге ерте бастан қаматып қойған. Солар екен. Қатты қорқытып қойған болу керек, дауыстарын шығара алмай жаншылып, егiлiп жылайды. Бұ да Абайға оқтай тидi. Тыңдауға дәтi шыдамай. Атына мiне бердi.
Осы кезде Құнанбайға Жексен шаққан болу керек, әкесi Абайға айғайлап:
– Ей, құдай ұрған, тұра тұр! Көрермiн бәлем!– дедi. "Ұстаңдар, алып келiңдер" деп айта алмай қалды. Абай атына мiне сала, ауылға қарай шаба жөнелдi.
Артынан мұны қуып жеткен Жиренше:
– Әй, Текебай тентек. Текебай тентек!– деп ат қойып апты. Бұлар ойға қарай жосытып кете барды.
Жиын болып, кiсi өлтiрiп, ел ортасында құлақ естiп, көз көрмеген сұмдықты өз қолдарымен iстеп шыққан топ, атқа мiне сала, жан-жаққа шашырай тарады. Үнсiз, жым-жырт айрылысты.
Жалғыз-ақ, Бөжей ғана Сүйiндiк, Қаратаймен бiрге үшеуден-үшеу боп оқшау кетiп бара жатып, күрсiнiп:
– Ер өлтiргенге құн сұраушы ең. Ендi құн сұрамақ түгiл, өкпе-кiнә қылар да мұршаң жоқ. Өлтiрген өзiңсiң. Қырық рудың адамы кесек атып өзiң өлтiрiп отырсың, не бетiңмен үн шығарасың? - дедi.
Қаратай танып келедi, Бөжейдiң түп есебiнiң көбiн Құнанбай бұзып кеттi. Бөжейге, әсiресе, Құнанбайдың осы айласы батқан тәрiздi. Қаратай соны ескерiп:
– Шариғаттың шын бәлесiн түпке сақтапты ғой. Бұл шариғат та айлаға құрық бере. Беретiн болды ғой. О да Құнанбайдың қойны-қонышында десейшi, – дедi.
Сүйiндiк басылып, шошып қалғандай екен:
– Құрсын! Тек бәле осымен бiтсiн, тынсын десеңшi!– дедi.
Бөжей, көп арбасқандықтан Құнанбай тәсiлiн түкпiрлей танушы едi:
– Бiту, тыну ма?– деп күрсiндi де:– Бөкеншi, Борсақ, қашан айттың деме, шылбырды Қодар мойнына салған жоқсың. Бұйырса, осыменен өз мойныңа да салған боларсың, жазған!- дедi.
Әрқайсысы да осы ойдың соңында едi. Үндемей салбырап кете барысты.
5
Абай мен Жиреншенiң бүгiн бұл бәленiң үстiнен шығамыз. Деген ойы жоқ болатын. Үлкендер тегi көпшiлiк құлақтанбасын деп, бүркеп ұстаған болу керек. Ешбiр ауылда бұндай сыбыс айтып, сыр берген жан бiлiнген емес.
Жиренше таңертең Құнанбай аулына бiр әдемi тарғыл тазы ертiп келдi.
Келуi ауылды азан-қазан қып, бала-шағаның көбiн тысқа ерiксiз шығарған. Бұл шудың басы тентек Оспан болған.
Жиренше тазысымен қонақ үйдiң сыртына тақай бергенде, Оспан анадайдан көрiп қалып:
– Айтақ, айтақ, жеңдер. Ойбай, жеңдер, әне Жиреншенiң тазысын! Жолдаяқ, Бөрбасар, Бөрбасар!– деп Құнанбай үйiнiң көп сары аласын ұран шақырғандай қып өре тұрғызған.
Жиренше Оспанның бүлдiретiнiн алыстан бiлiп:
– Өй, Оспан! Айналайын! Қалқатайым...Қой! Қоя ғой!– деп сонша тоқтатпақ болып едi, Оспан:
– Бөрбасар... Hайт!– деп сақылдап күлiп, секiрiп ырғып, бар итiн тарғыл тазыға қарай қаптатқан болатын.
Осы кезде қонақ үйге жетiп қалған Жиренше атын тастай берiп, тазы итiн мойнынан ұстап тұра қалған. Бiрақ жетi-сегiз сары ала, әрбiр үйдiң ығынан құлшынып, құтыра шығып, "гүр-гүр" етiп кеп, қоршап алды. Үйге де кiргiзбей, табан аудырмай да қойған едi. Оспан Жиренше "қой" деген сайын сақ-сақ күлiп, иттерiн өшiктiрiп:
– Ыр-р!- деп, өзi тап-тап беретiн. Бiрақ, өңшең кексе тартқан иттер Оспанның күнде осындай сан рет жоқ шатаққа бастай бергенiнен мезi болған ба, тазыны жұлмады. Құр ырылдауы мен арсылдауын ғана молайтып тұр.
Үлкен үйде отырып, осы шуды естiген Ұлжан бәйбiше, таңертеңгi асын iшiп отырған Абайға:
– Шықшы, Абайжан! Қушы анау итi құрғырды! Тағы бүлдiрiп жүрген әлгi жынды неме ғой!– деп, Абайды тысқа шығарып және үйге кiрген бiр жас әйелдi де жұмсаған. Абай Жиреншенi айырып алып, тазысымен екеуiн қонақ үйге қарай алып жүрген. Бұлар сонда кiре бергенде, жаңа тапқан қызығы шұғыл бiткенге наразы боп қалған Оспан арттарынан бұғып кеп, дәл үйге кiре берерде Жиреншенi қылтадан қатты шымшып алды. Анау ит екен деп, ытқып, шошып кеткенде төбесiн маңдайшаға соға-моға қонақ үйдiң төрiне барып бiр-ақ шыққан. Оспан оған да сақылдап күлiп:
– О, қорқақ, қорқақ, – деп мазақ еткен.
Мойнында сылдырмақ, қарғысы бар, қара ауыз, тарғыл қаншық Абайға бiр түрлi сұлу көрiндi. Жұтынып тұр, жылмаң қағады.
Аты не?– дедi Жиреншеге.
– Желқұйын.
– Аты да әдемi екен.
– Аты емес-ау, өзi де қоян дегенiңдi тап құйындай ұйтқытып соғады!– дедi.
Бұл Желқұйын туралы өз аулындағы бiр үлкен аңшының айтқан сөзi едi. Жиренше осыны үнемi айта жүретiн.
Абайды сол сөзбен Желқұйынның жаланып тұрған түрi қатты қызықтырды.
– Қоянға шығамысың?- дедi.
– Жүр, атың бар ма? Мен сол қоянға шығып барам.
Осымен екеуi, Абайдың құла бестiсi ерттелгенше қымыз iшiп алды да, күнбатыс жақтағы Қызылшоқы деген ұсақ адырға қарай желе жортып, тартып кеткен.
Бұлар Қызылшоқыға кiре бере, алғаш келген екпiнiмен бiр қоянды бездiре қуып едi. Алыстан қашқан қоян оңай жеткiзбей, екi-үш қырқадан асқанда ғана Желқұйын талдырып жетiп ерiксiз алған-ды. Осыдан басқа қоян тез көрiнбеген. Соны iздеп табамыз деп, екеуi Қызылшоқының Шыңғыс жаққа қараған шеткi тұмсығына шейiн барып қалыпты.
Осы араға келгенде Шыңғыстың Қарашоқы тұсынан шығып келе жатқан бiр салт атты кездескен. Ол Майбасардың тағы бiр атшабары Жұмағұл болатын.
Сол Жиреншеге қарап:
– Сендер одан да ана Қарашоқыға барыңдар. Бүгiн сонда Қодарға бiр сын болады. Жұрт жиналып жатыр!– деген. Жиренше қатты ентелеп:
– Е, немене, Қодар мен келiнi қайда?- дегенде:
– Жаңа, Қамыспай бар, бес жiгiт боп ұстап әкелгелi кеттi. Жиын Жексен аулында, – дедi. Жұмағұл атын қамшылап, асыға шауып кеттi. Жиренше осыны естiген соң Абайға:
– Барайық, көрейiк! Жүр! Ал жүр!– деп, ойландырмастан елiктiрiп, алып кеткен.
Көргенi әлгi. Ендi қайта беттеп, тоғайлы өзендi құлдилап желе шауып келедi. Абайдың iшi мұздап, жүрек қаны, жан тамыры дiр-дiр қағып қалтырап үрiккендей. Кiмнен, неден үркедi? Әсiресе, әке... Әке iстеген мiнез, әке қолындағы қаннан үркедi. Өз әкесi... Қатал, кәрлi әкесi!
Абай Жиренше сөздерiне жауап та айтпайды. Өзендi бойлап бөктер таудың iшiнен жуықта шыға алмады. Жол болса, жалғыз аяқ. Екеуi қатар жүре алмайды. Абай алға түсiп, желе шоқытып келедi. Әлi қалмай жүрген Желқұйын екеуiнiң алдында. Жолдың ыңғайсыздығы әңгiменi тыятын жөнi бар едi. Бiрақ Жиренше Абайдың артынан өкшелеп қалмай отырып, сөйлей бердi.
Ол жаңағы Жексен аулында бiр-екi кiсiмен тiл қатып, оны-мұны естiп алған екен. Соны айтады. Ауырған адамдай қалтырап, жүрегi қатты қобалжып келе жатқан Абай Жиреншенiң бар сөзiн ұқпаса да, бiр-екi жерiн анық аңғарды.
Тегi, жиын iшiнде бүгiн екi сөз ауыздан ауызға көшкен тәрiздi. Екеуi де Қодар сөзi деп айтылған. Бiреуi бұрып алған сөз де, бiреуi дәл өз сөзi. Соның алғашқысы Қодарды кiнәлаушы сөз. Бүгiнгi қатал жазаның дәлелi, тiрегi.
Ол: "құдай маған қылса, мен құдайға қылам!"– дептi деп, өлтiрушiлердiң қайта-қайта айтатын сөзi.
Екiншiсi аз айтылған. Бiрақ, о да жиынға тегiс жеткен. Тегiс iште, есте қалған сөз. "Мен көк ит болсам, сендер көп ит. Таларсың да жерсiң!" деген сөзi.
Абайды қатты толқытқан осы сөз болды. Ол жаңағы қатындардың жасырын зарын да еске түсiрдi. Жиреншенiң алдында келе жатып еңiреп қоя бердi.
Артта келе жатса да Жиренше Абайдың жылағанын байқап қап:
– Өй, өй, Текебай тентек! Сен неғып келесiң!– деп қатарласқысы келдi. Абай жасқа толы көзiмен Жиреншенiң торы қасқа атының басы мұның үзеңгiлiк тұсына келiп қалғанын көрдi де, тебiнiп қап шаба жөнелдi.
Бұл уақытта екеуi де бөктер таудан құтылып шығып, жазыққа түсiп едi. Абай Құлабестiнiң басын Көлқайнар жаққа бұра бере, қамшы басты.
Жиреншеге көз жасын көрсетпегiсi келдi. Анау да шапты. Бiрақ Абай жеткiзетiн емес. Ол оқ бойы ұзап кетiп бара жатып, өз-өзiне ерiк берiп, өксiп-өксiп жылап келе жатыр.
Көп жылдан берi Абай жылаған емес едi. Тоқтай алмай егiлiп жылады. Ағындап ұшып келе жатқан бестiнiң екi жағында көделi, бетегелi көк дала, тасқын судай зулап жөнелiп артқа қарай құлдырап ағып кетiп жатыр. Екi құлағын бiтiргендей боп, дыңылдап соққан екпiн желi Абайдың көзiнен аққан жастарды, қат-қат тамшыдай, жаңағы көде мен бетегеге ұшырып түсiрiп келедi.
Абай бұрынғы жас бала күнiнде мұндайды аңғарып сезiнген де, таныған да емес. Ендi байқады.. Көздiң жасында адамды барлық өне бойымен өзiне қарай құлата тартқан бiр өзгеше ыстық күш бар екен. Үлкен құз биiктiң басына шыққанда, бiр сәт ойға қарай құлап кеткiң келетiн сияқты, өзiне тартқыш, ұғымсыз күш. Бала жүрегiнде бұл шақта көп сезiмнiң алай-түлей құйыны соққандай.
Бұнда қорлықпен өлгендерге барынша жан ашыған мейiрбандық та бар. Өлтiргендерге ыза мен қарғыс та бар. Сонымен бiрге, әсiресе, бiр-бiрiмен шарпысқан сезiм: "әке" деп жамандыққа қимау бар да және сол "әкеден" шошып, үрку бар.
Барлық iшiн теңселте сiлiккен бала жанын ойран етiп, сескенте тiтiреткен сезiм.
Жылап егiлуi, бiр сәтте, медiресе, дiн халфелер айтуы бойынша – айыптылардың күнәсына өтесiн сияқты, соның кешiрiмiн тiлеген сияқты жалбарынудың жасы ма?– деп едi. Бiрақ, одан тез түңiлiп кеттi.
– Ол емес!
Өйткенi олар дiн атынан, әсiресе, имам берген фатуа бойынша iстеп отыр ғой. Кiмге шақпақ? Құлазығандай жапа-жалғыз! Өзiн бiр ең панасыз, ең сорлы жетiмдей сезiндi. Iштен тағы да бiр үлкен, ауыр толқын бүктелiп, булығып кеп, бала жүрегiн жаныша ұрғанда, ол бұрынғысынан да қатты, аса қатты бiр өксiкпен, солқылдап жылап жiбердi.
Дауыстап жылады. Жиреншеге бiлдiрмеймiн деп, әлi де ағызып шауып келе жатқан.
Сол шабыс қосылды ма, болмаса өзiнiң бала көңiлiнiң сенделуi сондай ма, Абай бiр уақытта жылау үстiнде лоқсып-лоқсып булығып кеп, құсып-құсып жiбердi. Аш өзегi ақтарылғандай. Жаны да, денесi де қатарынан қатты азап шектi.
Бiрақ сонда да тоқтаған жоқ. Аттың жалын құшып алып, тек қана құлап қалмасты ойлап, шаба бердi.
Жиреншеге жеткiзбеген күйiнде Көлқайнарға жетiп, шешесiнiң үйiне кеп түстi.
Ұлжан тыста тұр екен. Баласы үйге тақай бергенде, өңiне көзiн салып, тiксiнiп қалды. Абайдың түсi құп-қу, қатты өзгерген. Тiптi Абай сияқты емес. Ұлжан: көзiм бұлдырап тұр ма?– деп, кiрпiгiн жиi қағып, қайта қарады. Абай. Бiрақ, тiптi жат реңдi. Баласы атын байлап қасына келгенде, жаңа байқады. Көзi де қып-қызыл боп iсiп кетiптi.
– Өй, Абайжан, қарағым, не болды? Бiреу тиген бе?– деп, iшiнен "әкесi ұрды ма?" деп те ойлап қап едi. Далада өзге кiсi жоқ екен, Абай үндемей шешесiн құшақтай алды да, бауырына кiрiп, өзiнiң ып-ыстық басын анасының төсiне басып, жабысып тұрып қалды. Жетiмдiктен құтқарғандай анасы бар екен! Жылау артынан ықылық атқандай, денесi дiрiлдеп, солқ-солқ еттi. Бiрақ бұл кезде Абайдың көзiнде жас жоқ-ты. Бәрiн жылап тауысқан. Ендi жыламасқа, көз жасын ешкiмге көрсетпеске бекiнiп, iштен қатты түйiнiп алған.
– Жөнiңдi айтшы, қарағым, не болды? Әкең ұрды ма?
– Жоқ, ешкiм де ұрған жоқ, кейiн айтам. Апа, төсек сап бершi, жатқызшы!- деп Абай шешесiн құшақтап қысқан бойда, үйге қарай аяңдады.
Сабырлы Ұлжан осыдан әрi еш нәрсе сұрап тақымдаған жоқ. Үйде әжесiн де, өзгенi де үркiткен жоқ. Абай жайын бiр жанға бiлдiрмедi. Үлкен ақ үйдiң оң жағына әкелiп, әжесiнiң жер төсегiн жайлап бердi де, шешiндiрiп жатқызып, өзiнiң мол пұшпақ iшiгiмен жауып, қымтап қойды.
Әжесi:
– Немене, қарағым? Ұшындың ба әлде, – деп бiрдеңе бiлгiсi келiп едi, Ұлжан:
– Ұшынған ғой. Тимейiк. Жатып ұйықтап тұрсын, – деп, малшы қатын Қатшаны шақырып ап:
– Түңлiктi жауып, есiктi түрiп қойшы. Абайға күн түспесiн, – деп ақырын ғана айтты.
Әжесi iргеге қарап жатқан Абайдың сыртына қадалып отырып, қабағын түйiп, тамсанып қойды. Ернiн үнсiз ғана қыбырлатып сыйына бастады.
Таңертең Абайды ертiп кеткен Жиреншенiң қайда екенiн Ұлжан бiлмеп едi. Тыста бағанағыдай тағы да ит шулаған соң, "тазысымен келген сол болар ма?" деп үйден шықты. Жиренше қонақ үйдiң сыртына түсiп, атын байлап жатыр екен. Ұлжан үлкен үйдiң жанында тұрып, Жиреншенi өз қасына шақырып алды да, жөн сұрады.
Жиренше таңертеңгi қоян қуғаннан бастап Жексен аулында көргенiн де, жолшыбай не болғанын де тегiс айтып болып:
– Абай қайда өзi?– деп едi, Ұлжан Абайдың жатып қалғанын айтып, Жиреншеге бiраз наразы салқын жүзбен қарады.
– Шырағым, сен бала емессiң, естиярсың. Өзiң барсаң бiр сәрi. Ондай жаман, сұмдық жерге Абайды несiне апардың?– деп, "жаман", "сұмдық" дегендi шынымен баса айтып: – Бала емес пе? Шошынар деп ойласаң неттi?– дедi.
Жиренше сөз таба алмай ұялып, қысылып қалды
– Ұят болды. Өзiм де өкiндiм. Бiрақ құдай ақына өлiгiн көремiз деп ойлаған жоқ ем!
– Жарықтығым, ендiгәрi Абайды бұндай жерге бастай көрме! Тiптi, басың жас, үлкеннiң ондай бәлесiнен өзiң де аулақ жүр! Өзiмен кетсiн! Көрiп-бiлiп нетесiң?– дедi.
Талай үлкеннiң iшiнде сөзiн осындай байсалды қып айтқан, сондай өтiмдi, салмақты қып айтқан кiсiнi Жиренше бұрын көрмегендей болды.
Ұлжанның жай, салқын айтқан сөзi бұған ұрысқаннен да, ұрғаннан да жеңiл тиген жоқ.
Қысылғаннан, бiраз жер шұқып тұрып, қонақ үйге қарай қайта бұрылды. Ұлжан да өз үйiне беттедi. Жиренше еш нәрсеге айналып бөгелместен атына мiнiп, тазысын жетектеп алып кетiп қалды.
Бұл - түс ауып бара жатқан кез едi.
Абай кешкi қозының жамырауынан оянды. Бүгiн қойды кеш сауып болған ба, немене, ымырт жабылып қалыпты. Дүние у-шу, ызың-ызың. Бiрақ соны көмескi, бұлдыр бiр түс араластай болжайды. Басы мең-зең. Етi лапылдап, күйiп тұрған сияқты. Аузы құрғап, ернi қатты кезерiп қапты. Құр тамсанады. Қасында шешесi мен әжесi отыр. Ұлжан мұның маңдайына алақанын қойып, төмен қарап отыр екен.
– Апа. Әже. Немене, мен аурумын ба осы?– деп, көзi жасаурап, шешелерiне қарай аунап түстi.
– Иә, етiң ыстық. Ауырған жерiң бар ма?– деп, Ұлжан сұрады. Абайдың аунап түскенде екi шекесi қатты шаншып, қысып ауырғандай болатын. Соны айтты.
Ұлжан енесiне бағана Абай ұйықтап жатқанда бiр жайды айтқан.
Екеуi де:
– Шошынған ғой, содан ұшынған ғой – деп байлаған-ды. Зере Жиреншеге де, үлкендерге де қатты ұрсып, жерге түкiрген.
Абай шешелерiнiң күндiзгi жайды бiлгенiн байқады да:
– Әкем. Әкем!– деп әкесiн еске алып, күрсiнiп, кеудесiн сипап, шешелерiне құпия қып шаққандай боп:- не деген қатал, не деген қатты едi!- дедi. Әкесi турасындағы iште жүретiн көмескi, жұмбақ ауыр сезiмдерiн өмiрiнде сыртқа шығарып, ең алғаш адам баласына айтқаны осы. Әжесi шала есiттi. Ұлжан үн қатпай, Абайға жауап та айтпады. Бiрақ, енесi бұған қадалып, тiзесiнен түртiп, "не дегенiн айт" дегендей ишарат еткен соң ернiн Зеренiң құлағына тақап:
– Әкесiн айтады. Қатал екен, неге аямады дейдi, – дедi.
Әжесi ұқты да, күрсiнiп, Абайдың бетiне таман төнiп кеп маңдайынан ұзақ иiскеп отырды.
– Айналдым, қарашығым, қоңыр қозым!– деп алып: – Аямайды, аямайды ол!– деп келiп, көзiн жұмыңқырап, басын жоғары көтере бердi.
– Иә, құдай, зар тiлегiм босын. Бейуақтағы тiлегiм. Осы қарашығыма әкесiнiң осы ит мiнезiн бере көрме! Тас бауырлығын бере көрме! Иә, жасаған!- деп құрысқан әлсiз қолдарымен ажымды, мейiрiмдi жүзiн сипап бата бердi. Ұлжан да iшiнен "әмин" деп бата қылды.
Екi ана ортасында жаны ауырған бiр бала. Бейуақтағы үшеуiнiң құпия тiлегi – зор шындықпен емiренiп тiлеген тiлегi осы едi.
Абай өзi де бетiн сипап, ана тiлегiн барынша қабыл алып, бата қылды. Өмiрiн, балалығын қайта тапқандай, iшiне сол сәуле, игi сәуле кiргендей.
Бiрақ, ол iшi. Ал, денесi әлi ауру. Көңiлi сергиiн деп едi, етiнiң қызуы мен басының шаншуы қайта меңдеттi. Ендi үшеуi де үнсiз, жым-жырт. Даладағы қой-қозының шуы да алыстап барып сөнген болатын. Үй iшi сияқты дала да бүгiн дағдыдан тыс – жым-жырт.
Осы кезде Абай мен анасының құлағына ерекше бiр жат, суық үн естiлдi. Бiреу:
– Ойбай, бауре-ем! Ойбай, бауре-ем, – деп ат қойып келе жатыр. Бұл елде кiсi өлгенде алыстан ат қойып шабатын еркектердiң салты бар. Сонда осылайша: "ойбай баурым" деп шабады. Үйдегi екеуiнiң де жүректерi су ете түстi. Кәрi шеше бұл дауысты естiген жоқ.
Ұлжанның көңiлiне алғаш қорқыныш үстiнде кеп қалған ой:" осы үйдiң бiреуi жазым болды ма, әлде Құнанбайдың өзi жазым болды ма?" деп едi. Шошып, елең еткен бойында құлағын сыртқа бұрды.
Үркiп қалғандықтан аңғара алмапты. Тасырлатып шапқан ат даусы жоқ. Өзi жақын жерде және жаяудың үнi. Абай бұрын бiледi. Даусын әдейi жуандатып зорайтып айғайлағанмен, баланың үнi. Тiптi, дәл тентек Оспанның үнi екен.
Ол даладағы ойыннан қайтып келе жатып, "жаман ырым" анау-мынау дегенге қарамастан, қаннен-қаперсiз өтiрiк жылауды үдетiп:
– Ойбай, бауырым Қодар! Ойбай, Қодар, – деп, санын сабап шауып келдi. Қодардың өлiмi барлық ауылға да, оған да естiлген. Жаңа, кешке жақын, бұлақ басындағы бiр тақырға жиналған өзi құрбы балаларды бастап осылай ат қоюды көп ойын қылған. Тақырдың ортасынан шұқыр қазып, соған бiр қу сүйектi әкеп бейiтше томпайтып көмiп қойып жан-жақтан андыздап "ат қойып", ұзақ шуласқан.
Ұлжан Абайдың сырқатының үстiнде өзiн жаңағыдай жаман шошытқан Оспан мiнезiне қатты ашуланды.
Күнi бойы батпақ кешiп, аяғы әрi былғаныш, әрi күс-күс болған Оспанды:
– Берi келшi, әй, балам! Берi келшi!– деп, ешбiр сыр бiлдiрмей, ұрыспай шақырды. Ұрсып, зекiп сөйлесе Оспан мұндайдағы әдетiне басып, қаша жамандасып, қолға түспей қояды. Ол қазiр шешесiне қарай тарпылдап жүгiрiп, дәл от басынан Абайдың төсегiне дейiн бiр-ақ секiрiп, Ұлжанның тiзесiне соға дүрс етiп кеп түстi.
Шешесi мұны сол қолынан шап берiп ұстап алып:
– Сен жаңағы ат қойған деген пәленi қайдан шығардың? Оның жаман ырым екенiн айтпап па едiм! Үйде бала ауырып жатқанда, өй ит қуар жынды неме!– деп, жұлқып қалып етпетiнен салып, құйрығына шапалақпен салып-салып жiбердi.
Оспан әкесi ұрғанда жыламаса да, шешесi ұрған уақытта тiптi жылауық. Әке жылағанға қарамайды. Ал, шешесiне қарсы кейде бұның емi бар. Бас қорғаудың жылауы. Қазiрде де бақырып, бар дауысымен шырқап, азан-қазан қылды. Шешесiнен босап барып сол жақтағы биiк сүйек төсектiң үстiне секiрiп шығып, етпетiнен жатып ап жылады. Бiрақ, бұл жолы қанша жыласа да, оған қайысып, уатам деген шеше жоқ. Оны бiледi. Сондықтан аяқ кезде көзде жас болмаса да, өтiрiк анда-санда бiр бақырып қойып жатыр. Өзi де жылауынан жалыға бастады. Ендi тағы да ойнақы тентек мiнезiне бой ұрып, жылаған боп жатып, әредiкте қысқа ғана:
– Ойбай, бау-рем!- деп қояды. Бiр-екi рет қайырып көзiнiң астымен шеше жаққа қарап жатыр, қозғалған кiсi көрiнбейдi. Сондықтан тағы бiр бақырып қойып, соның артынан және бiр тың бәленi шақырып, жынды ұлғайтты.
– Ойбай, бау-рем Абай!– деп қойып, сұңқ еттi. Абай басы ауырып жатса да, ерiксiз күлiп жiбердi.
Оспан ендi байқады. Шешесiнiң үлкен, толық денесi қайта қозғала бастады. Ол тұрғалы жатыр екен. Тағы бiр тықырдың болатынын бiлiп, шешесi тұрып болғанша Оспан төсектен ырғып түсiп:
– Ойбай, бау-рем Абай, Абай! Абай!– деп есiкке қарай атқып бердi. Шешесi тұрып алып ұмтылайын деп едi, болмады.
– Әй, кiм барсың? Ұста! Ұстап әкелшi жындыны!- деп едi. Оспан есiк алдында қайқаңдап, секiре-секiре түсiп, шеткi үйлер жаққа қарай зыта жөнелдi. Тыстан шешесiнiң бұйрығын естiп, мұны ұстап келгелi тап берген үлкен ағасы Тәкежанды көрiп қапты.
Абай осыдан бiрталай, ұзақ ауырды. Алғашқы күндер бiреу "ұшынған" деп, бiреу "соқпа" деп, тағы бiреуi "сүзек" деп, әр түрлi топшылағанмен дәл басқан ешкiм болған жоқ. Әсiресе, ем iстелген жоқ.
Жалғыз-ақ, алғаш жығылған күннiң ертеңiнде, әжесiнiң бұйрығы бойынша, бiр қартаң қатын, күн батарда Абайды далаға алып шығып, жаңа сойған қойдың өкпесiмен қақты. Бетiне су бүркiп, үшкiрiп:
– Кет, бәлекет, кет! Көш, баламнан, көш!– деп, батып бара жатқан қып-қызыл күнге қаратып қойып, бiрдеме ем iстеген болды. Ұшықтағаны едi.
Абай, буындары қалтырап, басы айналып зорға шыққан. Көзi бұлдыр тартқаннан ба, әйтеуiр қазiргi бар дүниенiң қызылы бұрын бұл көрмегендей бiр түрлi ерекше көрiндi. Ертегi ме, түс пе? Әйтеуiр бiр басқаша ғаламның өзгеше суретi тәрiздi.
Екi күн өткен соң, ауыл Көлқайнардан Шыңғысқа қарай көштi.
Бiрталайдан берi, ел-елдiң үлкендерi, шаруа иелерi "жайлаудың тоңы жiбiдi ме екен? Көгi жетiлдi ме екен?" деп, өткен-кеткеннен ылғи сұрау салумен болған. Бауыр, бөктер көктегенмен, Шыңғыстың сырты тез жылына қоймайтын да, ерте көктемейтiн. Қар қалың түсетiн биiк сырт. Бар Тобықтының мол сулы, кең жайлауы ұзақ өрiс, мол қоныстары сол Шыңғыстың ар жағында.
Құнанбай аулы көшкен шамада, айналадан өзге қалың ел де дүрк көшкен. Ойдағы мол шалғынды қыстаулық жер: Жидебай, Мұсақұл, Шүйгiнсу сияқты қорықтардан да ағылып көшiп жатыр. Әр ел, тұс-тұсындағы Ақбайтал, Көлденең, Жiгiтек, Шатқалаң, Бөкеншi сияқты асу-асуларға қарай беттедi. Шыңғыстағы кей асулардың аттары таудың сол тұсын иемденген ру атымен аталады, "Жiгiтек", "Бөкеншi" деген сондай аттар едi.
Бөкеншi асуына Қодар қыстауы мен Жексен қыстауының аралығындағы кең сайды өрлеп баратын.
Сау болса, Абай көштi көңiлдi өткiзiп асыр салар едi. Көктемде Шыңғыс асып жайлауға көшу, үлкен атаулыға, әсiресе шаруа адамдары мен жоқ-жiтiкке соншалық ауыр, үпәд бейнет көрiнгенмен балаларға сейiл сияқты.
Абай да бұрынғы жылдар осы Көлқайнардан, сонау алыс, сырттағы Байқошқар өзенiне жеткенше он шақты көшiп баратын сапарды қызығы бiтпес қан базардың көшкенiндей көретiн.
Биыл да көшу солай. Жолдағы белгiлi қоныстар: Талдыбұлақ, Барлыбай, Қызылқайнар. Кей қонысқа таңертең кеп қона сала, кешке тағы көшедi. Үдере көшу. Кей қоныста бiрдi-екiлi күн отырар-отырмастан кетедi: үлкен үйлер тiгiлмей – "Ұраңқай", "абылайша", "жаппа", "итарқа" деген неше түрлi кiшкене, тар, аласа күркелер тiгiледi. Әркiм өзi сүйген үйшiгiн тұрғызады. Жалпақ ел, бар ауылдар осы жайлауға көшу сапарында балалардың " ауыл-ауыл ", "күрке-күрке" деген ойынын ойнап жүрген сияқтанады.
Қыс пен көктем, күзеуде бiр-бiрiнен алыс жүретiн ауылдар осы сапарда қоныс жағдайымен әлдеқайдан түйiсiп, қым-ғуыт араласып қонысады. Адамдары, малдары, күркелерi де қосылып, бiр ауылдан бiр ауылды айырып та болмайды.
Өзгеге жеңiл болса да, осылайша болған көшу қойшы, қозышы, жылқышыларға аса бiр тынымсыз бейнет, масыл күндер болушы едi. Бiреудiң жылқысына көш аттар, саяқ-сандырақтар кетiп қалған. Бiреудiң қойына бiр ауылдың қозысы жамыраған. Қоймен қой араласып шатасып кеткен. Осындай қарбаласта "бармақ басты, көз қысты" боп, талай момынның тоқты-торымы сотқар ауылдардың жемi боп жүредi.
Өзiнiкiн жеуге үнем қып, кiсiден кiрген "қоспа", "кiрме" болса, соны түн баласында ақтармалап, шикiлi- пiсiлi домалатып, қылғып салып отыратын, талай пәле басы атқа мiнерлер болады.
Осы сапарда көп елдiң қауырт көшiмен қатар жаңағыдай үйiле қонуына себеп болатын тағы бiр нәрсе: сыртта, алғашқы күндерде қасқыр қатты болады. Елсiз болғандықтан осы өңiрде тау сыртында күшiктеген қасқыр, ел келгенше тышқан, суыр аңдумен күн көрiп жүрсе, ендi мал қаптаған уақытта, түн баласында тыным бермей құйындай соғатын. Көп ауылдар түн бойы қотандарын атпен күзетiп, ауыл-ауылдың шеттерiне үзбестен лапылдатып оттар жағып отырып, айғай-шумен таңды таңға ұратын. Осының бәрi жайлауға көшу сапарын жайшылықтағы, өзге мезгiлдегi, өзге тұрмыстың баршасынан басқаша қып жiбердi. Күндiз болса барлық жұрт ат үстiнде. Еркек атаулы көш бойында қолдарына найза, сойыл, айбалталарын ұстай жүредi. Бұл көрiнiсте жалпы көшу сапарын жортуыл-жорыққа, шеру мен аттанысқа ұқсатады.
Бiрақ, дәл биылғы жыл, жылдағыдай қайталаған осы көштер. Абайға ең бiрiншi рет соншалық мазасыз бейнет боп өттi. Оны меңдетiп жеңген ауру да жоқ. Бiрақ сау да емес. Жүрейiн десе көзi қарауытып, басы айналып, құлап қалады. Бұның ауруына қарап, көшпей отыруға болмайды.
Үш күн, төрт күнде Ұлжанның үйiне бiр-ақ соғатын Құнанбай, көбiнесе, сұлу тоқалы Айғыздың үйiне қонады. Оқта-текте бәйбiшесi Күнкенiң қасында болады. Ол бөлек ауыл. Соның көшiмен жүрiп кетедi.
Баласының сырқатын алғашқы кезде бiр рет сұрастырды да, кейiн ұмытқан сияқтанды.
Абай атқа мiне алмайды. Жүк артқан түйеге мiнгiзуге: "жүк құлап, түйе жығылса мерт болады" деп шешесi оған да мiнгiзбедi. Кәрi әже мен Ұлжанның ортасында жалғыз арба бар едi. Тегi, бұл ел көшпелi болғандықтан арба дегендi бiлмейтiн. Тобықты iшiне ең алғаш келген арба осы Зеренiң, Құнанбайдың кәрi шешесiнiң көк арбасы десе де болады. Құнанбай аға сұлтан сайланған сапарында шешесiне:
– Көшкенде осыған мiн!- деп, Қарқаралыдан әдейi әкеп едi.
Таулы жерде атпен жүру бұл күнде Ұлжанға да қиын болатын. Ол ұлғайып, етi ауырлап қалған.
Ендi Абай жайын ойлай келгенде, Ұлжан өз тыныштығын қойды да, арбаға әжесiнiң қасына Абайды мiнгiзетiн болды. Өзi бiр жуас торы биеге мiнiп, ылғи осы арбаның қасында жүрiп отырды.
Жайлауда Құнанбай аулының көбiрек орнығып отыратын қонысының бiрi – Ботақаношағы. Көлқайнардан осыған кеп жеткенше жиырма шақты күн өттi. Сол жиырма күн iшiнде жол бойы сүле науқас қалпынан айықпаған Абай, ендi-ендi ғана анықтап тәуiр бола бастаған сияқты. Өздiгiмен түрегеп жүруге, кiрiп-шығуға да жарады.
Ендi көңiлi де айығып, бұрынғы балалық шаттығын да, ойын-ермегiн де тапса керек едi. Бiрақ, ғажап! Биылғы жыл, әсiресе, соңғы көп күндер iшiнде Абай балалықтың қызу ермегiнен, қызығынан шеттеп, салқындап қапты. Тiптi балалығынан айрылыңқырап қалғандай. Әлде, аурудан тұрғандығы ма? Немесе соңғы уақыттар көңiлiнен кешкен ауыр сезiм, терең азап салдары ма? Әлде, тiптi балалық өтiп, үлкендiкке қарай бой ұрғандығы ма? Аралықта белге соққандай бiр дағдарыста қалған сияқты.
Биыл Абайдың жасы он үшке толған едi. Денесi де бiр аралық кейiпте. Бойы өскен. Қол-аяғы ұзарған. Бұрын мұрны шолақтау болушы едi, биыл бiраз ұзарып қалыпты. Бет бейнесi баладан гөрi iрiлеңкiреп, бала бозбалалық қалпына бейiмденген. Бiрақ, әлi сол мүсiнде үлкендiк жоқ. Толық, балғын емес. Сидиып, арықтап, құр созылған сияқты. Күн көрмей өскен, реңi солғын, бойшаң ғана өсiмдiк бейнелес.
Бұрын қара болушы едi, бетiнiң қызылы да бар едi. Қазiр де қаладан қайтқандық және ауру қосылғандық бар ма, әйтеуiр бозғылданған. Сұйықтау қоңыр шашының арасынан бас құйқасы да қылаңданып көрiнедi. О да ауырғандық пен күн көзiнде болмағандық белгiсi.
Абайдың осы сияқты қалпына ендiгi мiнез машығы да бiр алуан боп өзiнше үйлестi.
Ол атқа мiнiп жүруге жарағанымен үйден көп шықпайды. Өзге баладан гөрi басқа бiр ермек, бөлек бiр дос тапты. Онысы, әсiресе, әжесi. Одан қала берсе шешесi.
Абай биыл ғана анық бағалады. Бұның әжесi бiр түрлi шебер әңгiмешi екен. Қызық сөйлейдi. Әңгiмесiнiң барлық жерiн дәмдi қып, қызықтырып айтады. Әуелi Абай ауыра бастағанда бiр күнi кешке ұйықтай алмай жатып, әжесiнен әңгiме айтуды сұрады. Сонда, ол ойланып отырып:
– Е-е. Бұлдыр-бұлдыр күн өткен. Бұрынғыда кiм өткен?– деп, кiшкене тақпақтап бастап едi. Абай соны ұғып қапты. Келесi жолы әңгiме сұрағанда әжесiн тiзесiнен ақырын қағып:
– Е-е. Бұлдыр-бұлдыр күн өткен. Бұрыңғыда кiм өткен?– деп, тағы да әңгiме тiлегенiн бiлдiрушi едi.
Әжесi әуелде көп-көп ертектер айтқан. "Едiл-жайық", "Жұпарқорығы", "Құламерген" – бәрi де айтылды. Оның әңгiмелерiн түсте де, кешке де, тiптi көш бойы да Абай айтқыза беретiн болды.
Бертiн келе, тәуiр болып алған соң, әжесiнен тағы бiр әңгiмелер тапты. Ол осы ел iшiнде Зеренiң жасынан бергi көргенi, естiгенi жайындағы әңгiмелер. Ел мен елдiң шабысы, таласы жайында бiрталай күндер айтты. Осыдан жиырма-отыз жыл бұрын Найманның осы елге, осы ауылға шапқанын, сонда Бостанбек деген өзiнiң асыранды баласы өлгенiн және Найман қолынан осы ауылға тұтқынға түсiп, жыл жарымдай кiсенде жатқан Қожамбердi деген ақын жайын айтады. Соның көп өлеңiн шұбыртады. Басқа да "Қарашоршапқан" сияқты шабысты, жортуылды айтады.
Тағы бiр күндер Мамыр, Еңлiктей қыздардың қайғыларын да айтып бердi. Абай қажымай, жалықпай ылғи ғана ынтыға тыңдайтын. Кейде әжесi шаршап, айтпай қойса өз шешесiне жабысатын. Ұлжан да көп әңгiме бiлушi едi. Және көбiнесе, өлеңдi, бiлдiрмей, сақтап жүрген зейiнiне таң қалады. Нелер ескi заман жырларын, айтыс, өсиет әзiлдерiн де көп айтып бередi. Екi анасын көңiлдендiрiп тағы айтқызу үшiн кейде өзi де қаладан әкелген кiтаптарының iшiнен: "Жүсiп-зылиха" сияқты қиссаларды оқып бередi. Әндетiп мақалдап қояды. Шешелерiне ұғымсыз болған түрiк тiлiнiң жеке сөздерiн жолшыбай қазақшалап отырады. Осымен қайта көңiлдендiрiп алып, ескi әңгiмелердi тағы айтқызады.
Зере ел шабысын әңгiме еткенде, сол iстердiң бәрiн ел басына әлек салған, ұлардай шулатқан., кесел күндей айтатын.
Кiшкентей күнiнен ертек-әңгiменi көп сүйетiн бала осы жазда, тiптi, көп есiтiп, көп бiлiп алған сияқты.
Сондай шеше әңгiмелерiне бар бейiлiн берiп жүрген күндердiң бiрiнде бұл үйге екi бөгде қонақ келiп қонды. Бiрi- қартаң, бiрi – жас қонақ. Жасын Абай бiледi. Таныған жерде қуанып кеттi. Ол былтыр жайлауда келiп, осы үйде үш күндей жатып, "Қозы көрпеш баянды" жырлап берген Байкөкше деген жыршы, қасындағы қартаң кiсiнi Абай өзi бiлмегенмен шешесi әбден таниды екен.
Қонақтармен жай сұрасып, амандасып болған соң Ұлжан Абайға қарап жымиып:
– Ал, балам, әжеңмен екеумiздi қажай берушi едiң, әңгiме-жырдың дүкенi мiне, жаңа келдi. Мына кiсi Барлас деген ақын!– дедi.
Шоқшалау ғана ақ сақалы бар, келбеттi келген, зор дауысты ақ сары кiсi Барлас Абайға салғаннан ұнады. Бiлгенiн iшiне бүгiп, үндемей отырған өзге үлкендердей емес.
Барлас iле сөйлеп кететiн жарқылдақ, ашық. Осы үйде талай күннен жатып жүрген, ауыл адамы сияқты.
– Е, балам, "шешенiң судай төгiлген, тыңдаушың бордай егiлген" дегендей, сөйлеудi де, тыңдауды да сүйген ел – ел-дағы. Тыңдауға өзiң жалықпасаң, айтуға Байкөкше жалықпас!– деп, жас жолдасына қарап күлiп қойды.
Жайлауға келiп қонғалы бөгде қонақтар келгiш едi. Барлас Сыбан болатын. Жайлауға қоныстары жақындаған соң жылдағы дағдысы бойынша осы ауылдарға амандаса келген екен. Жолшыбай, Мамай iшiнен Байкөкше қосылыпты. Ол Барластың ақын шәкiртi. Жылда осылайша қасына ерiп, бiрнеше айларды бiрге өткiзущi едi.
Үй iшi тегiс қош алған соң, екi ақын да оңай шешiлдi. Осы түнде ас пiскенге шейiн Барлас "Қобаланды батыр" жырын жырлады. Абайдың қазақ аузынан да, кiтап iшiнен де өмiрi естiп бiлмеген ең бiр сұлу, ең бiр әсерлi, күштi жыры осы едi. Барлас жырын бiтiрiп, қол жуғалы қамданған уақытта Абай:
– Мұны айтқан кiм? Осы өлеңдi шығарған кiм екен?– деп, бағанадан берi өзiн сүйiндiрген ақынның атын бiлмек едi.
– Әрiден келе жатқан деседi-ау, балам, бұның түбiн...– дедi.
Қобландының қоштасқаны, Тайбурылдың шабысы, Қазан мен Қобландының жекпе-жегi Абайды, әсiресе, елтiткендей болатын. Жатқанда көпке дейiн қызып, ұйықтай алмады.
Ертеңiне Ұлжан Барлас пен Байкөкшенi жiбермедi.
– Жүрмеңдер, асықпай әлi бiраз күн қонақ боп жатып кетiңдер, - дедi. Бұл Абайдың тiлегi. Абай бұрын тағлiм, үлгi - кiтапта; бiлiм, өнер - медреседе ғана деп түсiнетiн. Оған, дастан шеберi – Низами, Науаи, Фзулиде; мұң нәзiгi – Шайх-сарди, Хожа-хафизде, батыр жыры – Фердаусиде көрiнетiн.
Қазақта нелер "Баян көрпеш", талай "Ақбала боздақтар" барын анық бiлмеушi едi.
Тiлi ұғымды, өмiрi таныс болғаннан ба, немесе Барлас пен Байкөкшенiң кезектеп айтқан жырларының кейде шырқаған, кейде қалқып баяулаған, кейде лекiтiп соқтырып, ескектете желген әнiнен бе? Бебеу қаққан қоңыр, майда баяу домбырадан ба? Қалайда болса Абай бұл күнге шейiн өмiрiнде дәл осы Барлас, Байкөкше баян еткен дастан, жырларға барабар ешнәрсе есiтпеген сияқты болды.
Күндiз де, түнде де Барластардың қасынан шықпайды. Екi ақын Ұлжан үйiн барлық осы үлкен ауылға қанбазардай қалың жиын үйi қып жiбердi.
Бие байлап болғаннан кейiн, түске жақын, ауыл қымызға жиылады. Қыза отырып жыр тыңдайды. Күндiз ылғи ұзақ жырлар жырланады. Немесе, әредiкте шешендер, дiлмарлар айтқан тақпақ, тартыс, билiк даулар айтылады.
Ал ел айығып оңаша қалғанда, Барлас өз жырларына қоса өзi құрбы өзге ақындар айтқан жырларды термелеп кетедi.
Бұлардың iшiнен заман зарын, көп мұңын шертетiн сөздердi, әсiресе, бөлiп айтады. Барлас бiреудi мақтап, бiреуден сұрап жырлайтын ақын емес.
Абай мен шешелерiнiң кешкi уақытта тыңдаған жырларының көбi: Барластың өзi сүйген құлақ күйi сияқты термелер болады. Мұндай кезде Барлас Абайға күндiзгi Барластан тiптi басқа боп көрiнедi. Қызықты қызуды, қыздырманы ғана айтатын күлкiшi, сауықшыл Барлас емес кешкi кездерде, ол бiр үлкен өсиетшi, кейде шерлi қарт сияқтанады.
Сондай-сондай кездерде өзiнiң де iшiн ашып:
Құлағың сал жырыма,
Йлана қара сырыма.
Шат-шадыман емеспін,
Құр құландай жортқанмен,
Құбылтып күй тартқанмен,
Қайғыдан Барлас, құры ма?!–
деп, өз жайын термелеп кетедi.
– Қайғысы не?– деп Абай кейде шешесiнен сұрайды.
– Әйтеуiр, үлкен қасиетi – болымсызды дардай қып мақтай беретiн әдетi жоқ екен. Ел ақтаған. Ақын емес қой. Сөзiн ұғып ал осының!– деп қоюшы едi Ұлжан.
Тыңдай келе, Абай Ыарластан тағы бiр соны сөздер есiттi. Ол осы заманның ұлығы мен бегiн айтқан, сынап-мiнеп айтб сөздер. Бiр терменiң iбде Барлас:
Аға сұлтан ұлық бар,
Елге мәлім қылықтар,
«Өл» дегенде өлмесең,
«Жүр» дегенде жүрмесең,
Малы құрым құрықтар,
Кісен салып құлыптар! –
деп бiр кеттi.
Абай әкесiнiң үйде жоғын еске алып: "келмей-ақ қоя тұрса екен", "қыдыра түссе екен" деушi едi. Шынында да Берластар келгелi Құнанбай бұл үйiне кеп қонған емес. Ол бiр топ үлкендермен ел аралап, жолаушылап кеткен Ұлжанның Барласты жiбермегенi де сол. Ақын мен әншi Құнанбай жоқта болмаса, мұның аулына онша үйiр боп, бой жазып жата алмайтын.
Барлас "ұлық пен бек" дегенде кiмдi айтады? Онысын ашпайды. Бiрақ Абай оның мұндай жырларын ылғи өзiнше ұғады. Мысалдың көбiн жақыннан iздейдi. Бiрақ бұл бала да сырын, ойын ешкiмге ашпайды.
Старшын дейтін әкім бар,
Пайдасын көрер жақындар.
Қалың елі тек жемі
Боранды күн тиіскен
Аш қасқырдай тақымдар...
Бұл – "старшын Майбасар" деп ойлайды Абай .
...Жарлы, зарлы демейді,
Кеңінен ашып көмейді
Түгіменен түйесін
Жұтам десе қай сорлы
Қалтқы болып бөгейді?
Соны көріп ақынның
Аса түсіп ағы да
Әжімі де көбейді,-
деп "аh ұрғандай" боп кеткенде, Абай Барластың қайғысын да танығандай болады.
"Ел ұйтқысы шайқалды" дейдi. Бұрын Абайдың естiмеген зар-шерi сияқты.
Бетi-түсi айқын болмаса да, әр заманда, әр жерде күңiренiп, қайғы шеруiн тартып жатқан кәрi әжесi сияқты, көп жасаған, көп қайғыны көрген, үлкен бiр шерi бар. "Ол кiм?" дәлiн, барын Абай бiле алмайды.
Осы жолы Абай әрi өзi ысылып, әрi шешесi арқылы салмақ салып, Барлас пен Байкөкшенi дәл бiр айдай жiбермедi. Бұл уақыттарда жас бала Барлас, Байкөкшемен бiржолата дос, жақын боп алды. Бертiн келе түнде ол Барластың қойнына кiрiп те жатады. Күндiз барынша күтедi. Мұның ұғымтал зеректiгiне қатты ырза боп, шын сүйсiнген Барлас, бiр оңашада, жай ғана тақпақтап:
Шырағым, ер жетерсің,
Ер жетсең сірә не етерсің,
Алысқа шырқап кетерсің,
Шындасаң шыңға жетерсің,-
деп кеп Абайға домбыраны ұсынды.
– Мiне, балам, осы менiң батам болсын. Тiптi, шынымен мейiрiм түсiп айтқызып отыр, – дедi. Абай ыңғайсызданып қысылды да, үндемедi. Бұл "Барластар ертең жүредi" деген түнде, ас алдында болған сөз едi.
Ертеңiнде ақындар аттарын ерттеп, жүрерге тақағанда, Абай шешесiн тысқа шығарып алып:
– Апа, екеуiне де жақсы қып тұрып сый берiп аттандыршы, – дедi. Ұлжан үндеген жоқ.
Қонақтар қымыз iшiп болып, ендi қоштасарға келгенде Ұлжан Барласқа қарап бiр сөз айтатындай пiшiн бiлдiрдi. Қонақтар iркiлiп қалған едi.
– Мынау балам оқудан қайтқалы сүле науқас боп, арыла алмай қойып едi. Сендер келгелi жақсы сөздерiңмен ем әкелгендей болдыңдар. Қадамы құтты. Қонақ болдыңдар!– дедi.
Абай шынында да дәл осы кезде өзiн-өзi бар сырқаттан құлантаза боп арылғандай, нық бiр қайрат жиып алғандай сездi. Шешесi үндемесе де, ашып айтпаса да, "бiлгiш, танығыш, сыншы" сияқты көрiндi. Ол бөгелсе де сөзiн бiтiрген жоқ-ты.
– Тағы да келе жүрiңдер. Анау кәрi әжесi мен бiздi де көп сейiлттiңдер. Жолдарың болсын! Келген сапарларыңа тыста бiр азырақ ырым байлаттым. Ала кетiңдер. Риза, қош боп аттаныңдар!– дедi.
Абай тысқа шығып, Барластарды аттандырып жатып, ендi көрдi. Осы үйдiң екi жылқышысы Теркiмбай ментарқынтарласқа арнап бiр семiз көк атты, Байкөкшеге арнап бiр торы құнанды ноқталап ұстап тұр екен.
Екi ақын екеуiн жетекке алып, тағы да "қош, қош айтып, жүрiп кеттi.
Абай шешесiне риза боп қуанып кеп, бұрынғы бiр кiшкентай күнiндегi еркелiгiне басты. Ұлжанның мол денесiн қапсыра құшақтап, қатты қысып, бетiнен, мұрнынан, көзiнен қайта-қайта сүйдi.
ҚАТ-ҚАБАТТА


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   70




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет