Абай жолы. 1 кітап



бет22/70
Дата06.05.2023
өлшемі7,5 Mb.
#176199
1   ...   18   19   20   21   22   23   24   25   ...   70
Байланысты:
Абай-жолы


АБАЙ АҒА


1

Күз аспаны күңгірт, бұлыңғыр. Ауада дымқыл сыз бар. Таң салқыны қазір күздің суық желіне айналған. Маңайда қызарып солған қурайлар көп көрінеді. Бүрінен айрылған тобылғыда қуқыл ренді. Ұзарып сарғайған селеу мен бозғыл көде, жусан — бері де жел лебінен қалтырайды. Бас шұлғып, елбек қағады. Қара жел қуған қаңбақ кең жазықта көп бұлыңдап, тынымсыз кезіп, жосып өтеді. Таң жаңада атқан. Салқын түннің қалың шығы жүргіншілердің аттарының тұяғын жылтыратып, шашасына шейін суландырған.
Ералының кең жазығына жаңа келіп ілінген жүргіншілер — ерте көшкен ауылдың ер-азаматы. Көшіп келе жатқан Абай аулы мен көрші ауылдар. Сол көштің алдында ұзаңқырап кеткен мынау бір топ аттылар — Абай мен оның жас достары, кей ақын-әншілер. Топтың алдыңғы қатарында Абай, Көкбай, Шұбар үшеуі өзгелерден озыңқырап, оңаша әңгімелесіп барады. Артқы топ Ақылбай, Мағаш, Кәкітай, Дәрмен болатын. Бұлардың артында Ербол мен Баймағамбет бір бөлек келеді.
Жүрістің ертелік мазасыздығына қарамай, күн райының мұңды, сұрқай көңілсіздігіне қарамай, ортадағы жастар тобы үнемі дабырлап сөйлесіп, әзілдесіп, күліп келе жатыр. Шетінен ақын жастар болғандықтан, бұлар соңғы кездерде өлең шығарудың әр алуан үлгілерін байқап көрісетін. Үйде отырса жазып айтатын ақындар топқа кезіксе домбыраға қосылып ән шырқайтын. Ал осындай ат үсті, жол-жөнекейде аға ақын Көкбайдың қыздыруымен көбінше шапшаң өлең айтуға да, бәсеке мен жарысқа да түсе берісетін.
Осы соңғы күндерде Ақылбай бір алуан жарыс үлгісін айтқан еді. Ол төрттік жырды төрт ақын болып, іліп-қағып айтатын бір дәстүр.
Кейінгі топтың жол ұзақтығын, мезгіл жүдеулігін елемей, көңілді күлкімен келе жатуына қазірде де себеп болған сол іліп-қақпа өлеңдер. Бірін-бірі ет ауыртпайтын әзілмен мысқылдап, өнерге бәсекелеседі, құрбылық әзілде де дамылсыз тайталасады, Енді бір кезекте Мағаш ат үстіңде құныса түсіп, Кәкітай мен Ақылбайға қарап, тағы бір төрттіктің алғашқы бір жолын оқыс бастады:
Күз жетті ме, батыр-ау, неге тоңдым,—
дегенде, бағанадан кезек қағысып, шапшаңдыққа өздерін қайрағандай боп келе жатқан ақын жігіттер тегіс елең ете қалысты. Бірақ алдымен іліп әкеткен Ақылбай болды:
Тоңғаның рас, бозарып түсің де онды,
Ендігі кезекті Дәрмен айтуға бейімделді. Ол — бұлардың ішіндегі ең шапшаңы және тапқыр, айтқышы. Дәрмен бағанадан бергі дағдысымен төрттіктің соңғы екі жолын тағы өзі бітіруге ыңғайланғанда, Мағаш қатарыңда келе жатқан Дәрменнің тізгінін ұстап күліп тұрып, әзіл айтты.
- Дәрмен, сен шабытыңды ірке тұр. Бағанадан бері есеміз мына Кәкітайда кетіп барады. Бұл неге қосылмайды? Осы айтсын. Айт, кәне, шапшаң!—деп, Мағаш көзін сығырайта күліп, өзінің үнемі қатты қалжыңдасатын құрдасы Кәкітайға қарады, Ол да осындай бір шабуылды тосқандай екен. Жолдастарын таңғалдырғандай оқыс өжеттік көрсетті.Өзінің шарылдаған қатты үнімен дауыстап тұрып, іле жөнелді:
Бірің тоңып, бірің оң, жұмысым жоқ,
Ойына түк кірмейді Кәкітай шоңның —
деп қатты күліп жіберді.
Ақылбай баяу мінезімен таңырқаған бойында Кәкітайға бұрылды да, «шоңның»... деп, соңғы ұйқасты қайталап:
- Бұл не деген ұйқас?!— деді.
Дәл осы сәтте Мағаш пен Дәрмен Кәкітайды мысқыл етіп, Ақылбайдың күдігін қостап, күле жөнелісті.
- Қысылғаныңа көрінсін, Кәкітай, «шоңның» деген сөз жоқ. Өлең айтса Кәкітайдың бір обқа жығылатынын білуші ем. Барып
шыққан жерін қарасаңшы,- деп Мағаш күліп келеді, Дәрмен де ақсия күліп:
— Бұл қайдан алған ұйқасың, қазақ естімеген сөзді қайдан сүйреп әкелдің, Кәке-ау?— деді.
Кәкітай олардың күлкісін біраз еркіндетіп жіберіп, екі көзі күлімдеп, өзі де лекіте күлді де, енді жауаптасып, дауға кірісті:
— Өлеңнің сөзі Мағаш пен Дәрмен айта беретін, күндегі көптің құлағына сіңген сөз бола ма екен? Кейде айшықты сөз әлдеқайда алыстан кеп, осылай таңырқатып та кетуі керек. Мен білсем, осы төрттікті өлең ғып тұрған жалғыз менің жаңағы ұйқасым,—деді.
Бірақ жолдастары, бастығы Ақылбай болып, Кәкітайға қарсы жабыла дау айтты. Қатты күлкілерін естіген соң топқа енді Баймағамбетпен Ербол кеп қосылды. Оларға да Мағаш өзінің сөзін мақұлдатпақ. Өлеңдерін қайталап айтысып, бәрі де жасы үлкен аға Ерболдың төрелігін тілесті. Кәкітай айналадағының қаңқуы, әжуасы көбейген соң көп күлкіні ауырламаса да өзінің ісі дұрыстығын Ерболға қуаттатқысы келді, оған жалынғандай шағынып сөйледі.
— Ербол аға, мыналардың орынсыз күлкі, жалған сықағын тыйыңызшы! Арашашы тіледім сізден! Құдай ақы, «шоңның» деген қазақ сөзі бар деп айтып беріңізші мыналарға!—деді.
Ербол төреші болғандықтан, енді жұрттың бәрі жаттап алған төрттікті өзі тағы бір айтып, аз ойланып, бас шайқады. Кәкітайға жолдастары әлі күліп келе жатыр. Ербол оған жаны ашығандай қабақ білдірсе де, жігітті қостай алмады.
— Айналайын Кәкітай, даусың шырылдағанда жазықсыздан күйіп бара жатқандай көрінесің-ақ! Бірақ мен өлең сөзде әділ би болатұғым. Баяғыда Абай мен Қуандықтың айтысында Абайды Қуандыққа жығып бергем-ді. Сен арыз айтқаныңмен, зорлық етіп тұрсың. Қазақта «шоңның» деген сөз жоқ! Бұл өңірде арғы-бергіде біз естімеген сөз,— деді.
Кәкітай ендігі қалған Баймағамбетке жабысып, тағы да бұрынғысынан да даусын қатайтып, шырылдай түсіп:
— Ойбай-ау, мына жұрт не дейді, Бақа!? Естімеген сөзің жоқ, көрі құлақты өзің ең. Өзің айтшы!— деп содан үміт қып еді, Баймағамбет бағанадан «шоңның, шоңның» деген сөзді қайталап, күбірлеп, қабағын түйіп айтып келе жатқан. Қазір ол өзінің тура кететін бірбеткейлігімен:
— Кәкітай, сенікі теріс! Ешбір ертегі-хикаяда «шоңның» деген сөз жоқ. Мұндай өлеңді есітіп көргенім жоқ!— деді.
Жұрт Кәкітайдың күйгелек мінезінен тағы бір оқыс нәрсе күтіп, даурыға түсті. Бірақ ол әлі мойындаған да, жасыған да жоқ. Атын тебініп жіберіп:
— Ой, Тәңір-ай, жеріне жетпей Кәкітай жығылмайды. Анау Абай ағама жүгінемін. Жүр, білгіштерінді сонда көрермін, кәне!— деп жорта жөнелді.
Қалған топтың барлығы да сар желіп отырып, Абайларды қуып жетті.
Өзгелерден бұрын жеткен Кәкітай жаңағы қызу үстіндегі ащы үнімен Абайға дауларының жайын мәлімдеп келеді. Дау «шоңның» деген сөздің айналасында екенін білгенде, Көкбай күліп жіберді. Ол бірдемені білетін сияқты. Кәкітай соған дәмелене қарады. Артқы аттылардың барлығы қатарына жеткен соң, Абай Ербол мен Баймағамбетке бұрылып:
— Мағашқа сен екеуің де қосылып, Кәкітайды жығып бердіңдер ме шынымен?— деп еді. Ербол қалжыңдап:
— Мен Кәкітай ғана емес, әділетіне келгенде сені де сан жерде жығып бергем. Сонымды айтқам жоқ па!—деді.
— Жығып беру оңай ғой. Ұтықты төрелік айтсаң, жыққаның — жыққан. Ал Кәкітайдікі дұрыс болса қайтесің?— дегенде, жаңағы желпініп келген аттылардың барлығы да аңырып қалды. Кейбіреулері сәл тоқтап, Абайдың аузына қадалды.
— Қазақта «шоң» деген кісі аты да бар. Кісі болғанда Шоң, Торайғыр деген ағайынды екеуі бірдей суырылған шешен. Сүйіндік ішінен шыққан қос өркештей адамдар болған. Олар айтты деген нақыл-тақпақ исі Орта жүзге мәлім. Ал сол «шоң» деген сөздің түп төркіні, мен білсем, қазақ сөзі емес. Мына Ұлы жүз, Үйсін ақындарының, шешендерінің ескі ырғақтарында да ұшырып отырады. Осы сөздің асыл түбі қырғыздан ба деп топшылаймын. Қалайда, Кәкітай бәрінді қирата жеңіп отыр. Шынында, «тоңдым», «оңдымдарыңа» еркек ақын болып қайратты ажар берген Кәкітай!— деп Абай әзіл етті.
Жеңген Кәкітай да, жеңілген ақындар да, оларды құптаушылар да Абайдың зілсіз мысқылына мәз бола түсті.
Жүргіншілер Ералының қазірде қуаң тартқан шалғынын біраз аралап өтті. Топтың алдына таман озғындатып келе жатқан Абай бір кішкене төбешікке қарай тартты. Ол төбенің басына шыққанда, барлық аттылар сәл ғана томпайып жатқан ескі екі моланы керді.
Жастардың жүзінде Абайдың бұл молаға тоқтағанына таңырқау бар. Олар осы ескі моланың кімнен қалған көне белгі
екенін білмеуші еді. Абай атының басын өзгелерден оздырыңқырап кеп, қос молаға көз жіберіп, көп үнсіз тұрып қалды.
Бұның селдір сұлу сақалына енді сәл ғана ақ араласқан. Айналасына азырақ әжім жиылған мұңлы көзін кейде қысыңқырап қарайды. Кейде әлдебір күңдерді алаңсыз көңілмен есіне түсірмектей, көзін жұмып тұрып ойланып қалады. Шұбар мен Дәрменнің қолындағы екі көк қаршыға да молаға бас изей түсіп, оқыс бір анды күткендей, қадалып қапты. Алтын сары көздерін кірпік қақпай шаншылтады. Шабыттағы бапты құстар қапысыз сәтті бағып тұр.
Көпке түсініксіз түрде бірталай үнсіз тұрып қалған Абай бір кезде денесін бұрмай, оң қолын ғана көтеріп, артына қарай қайырды да, жігіттерге белгі етті. Барлық топ көрнексіз молаға әлі де таңырқай қарап, Абайдың қатарына келді. Ат тұяқтарының тықыры басылып, жұрт тегіс тыныш жым-жырттыққа ауысқанда ғана Абай сөз қатты. Ақырын қоңыр үнмен сөйлей бастады.
— Осы жалғыз мола осынау елсіз жотаға пайда болғалы, міне, биыл жүз рет жадырап жаз, кірбең тартқан күз кепті. Сол бір ықылымнан бергі көп буындар тіршілігінің үнсіз куәсі осы мола. Бұл қос мола — ішіне аса бір ауыр сыр бүккен молалар. Шанда бір осы тұсқа соғып өткенде, әлдебір арылмаған қарызым бардай боламын. Ақындық қарызым сияқтанады. Бұнда жатқан бірі — қыз, бірі — жігіт. Жігіт — Кебек, қызы Еңлік атанушы еді!—деген кезде Абайдың үні ажарланып, машықты қалпына ауысып, қатаң сөйледі.
— Осы екеуін махаббат үшін өз елінің қатал үкімі, өз замандастарының қолымен, зорлықпен өлтірткен болатын. Жүз жылдан бұрын да, содан кейін де, дәл бүгінгі күнге шейін де ұлға тұсау, қызға бұғау болған ел заңы осы екеуін ат құйрығына байлатып, сүйретіп өлтірткен.
Абай аз тоқтап, күз желінің суылдай соққан лебінен әлдебір суық сарын есіткендей болды. Аласа төбенің селеу мен көдесі қалтырай түсіп, бас шұлғып, баяғы бір ескі зардың болғанына куәлік айтқандай. Абай қарасөзбен көне бір баллада сазын шертіп тұрғандай.
— Еңлік пен Кебек қуғыннан қашып, андай боп, мына Орда тауын паналап, азғантай ғана дәурен сүрген-ді. Сол бұйырмаған махаббат, достықтан біткен екеуінің баласы, жөргектегі нәрестесі — жас ұлан, әкесі мен шешесінен айрылған күні жөргегінде жылаған күйінде мынау шеткі Ақшоқының есіз биігінің басына апарып тасталды. Дәл сол қаза күні байып батқанша шегі қатып,
жылап жатты. Суық дүние, тылсым дүние ортасында, тас бауыр адамнан алыс, жалғыздықта... үні өшті!.. Мәңгі өшті!..— деді де Абай сөзін бітірді.
Жастар үріккендей боп түйілген қабақпен, шошынған жүзбен қарасады. Ең алғаш шапшаң үн қатқан Дәрмен еді.
— Кімнің бұйрығы солай етті, Абай аға-ау?
— Өлтірген кім?
— Өлтірген кім?— десіп, Мағаш, Кәкітай да сұрасты.
— Өлтірткен — Кеңгірбай! Осы тұрған көбіміздің атамыз. Сол күндегі елдің анандай иен кешін бастаған әруағымыз Кеңгірбай!— деп, Абай айнала тұрған жастардың түріне барлағандай бағып қарады.
Бұл сөзге Шұбар сескеніп қалған-ды. Өзге жастар үнсіз аңырғандай. Тек Дәрмен ғана:
— Әруағы да езі, жастарының жендеті де өзі болғаны ма?— дегенде, Абай оған сәл сүйсіне қарады.
Шұбар Дәрменді қағып:
— Тек, аңдап сөйле!— деп қалды.
Абай Дәрмен жүзіндегі басылмаған ақындық ұшқынды танып
тұр.
— Содан бері ол шынжыр қазақ қызының мойнына бұрынғыдан да бата түсті! — деп тағы тоқтады.
Осы кезде қолындағы қаршығасындай екі көзі оттанып, ұшқындаған Дәрмен оқыс бір оймен тұтанғандай болды.
— Абай аға, рұқсат етіңізші! Жүз жыл бойында талай жолаушы мен өткінші Еңлікке өзі білген құранын оқып, бата қылды ғой. Олары тие берсін! Мен бүгін сол Еңліктер жүрегіне арналған басқаша, өзгеше бір құран оқиын. Соған рұқсат па екен?— деді.
Абай іркілген жоқ. Дәрменге қызыққандай, жылы шыраймен қарады да: «Оқы!..»— деді. Сол белгіні күткен Дәрмен:
— Ендеше, Еңлік, Кебек құраны мынау болсын,— дей салып, тамағын кенеп алып, шырқап тұрып, әсем қоңыр даусымен ән бастады. Көкбай мен Шұбар мынандай оқыс мінезден қысылғандай қыбылжып, бір нәрсе айтардай болысып еді. Абай тыныштық тілеп, екі қолын шапшаң сермеді де, барлық топқа тыйым салып, Дәрменді тыңдауға бұйрық етті. Көпшілік үнсіз тұрып, құптағандай, ұйып тыңдап қалды. Дәрменнің өзгеше мұңмен аса сезімтал ажар беріп айтқан әні амандық, бейбітшілікте айтылатын сауық әні тәрізді емес. Өлгендердің әруағына арналған, дертті жүрек жоқтауы сияқты. Жүзінің сыр толқыны көп әнші-ақын, бұл топтың бәріне мәлім бір әнді бастаса да, қазіргі айтуында соны осы сәтке аса бір орайлы саздай созады. Айтып тұрғаны Абай әні -«Көзімнің қарасы».
Мағаш пен Кәкітай Абайға қосылып, Дәрменнің оқыс қылығын сүйсіне түсінді. Таңданып, тамашалай қарасады. Дәрмен ұзақ өлеңді түгел айтқан жоқ. Ынтық жүректердің күліп тұрып, жан берердей үзіліп айтқан арманды шерлерінен теріп, таңдап айтты. Төрт ауыз жоқтау айтты да, жүдеп күрсініп, тынып қалды.
Абай ақырын ғана атын бұрды. Семіз қоңыр төбел ат жай ғана басып, тізгін соза бас изей түсіп, жүріп келеді. Өзгелер де қозғалған. Топ катар келе жатқан. Орталарында екі қаршыға дүр-дүр сілкіністі. Екеуі де жүргіншілердің алдыңғы жағына қадала қарап, қомағай көздерінен ұшқындаған шабыт шашады.
Әлі де желісі үзілмеген ой соңында келе жатқан Абай жастарға тағы бір сөз тастады:
— Жә, сол Еңлікті буындырған арқан түйінінде тұншығып кеткен шер бар емес пе еді? Ең болмаса бүгінгі күн осы мола мен сол жүрек сырын ел-жұртқа дат ететін шақ жетпеді ме?! Еңлік үнімен қыз жүрегі сыр айтса, Кебек тілімен ұл арманы, ер ашуы, ұлан жоқталса болмас па?! Ақынсыңдар ғой. Мынау күздің түнерген күнінде, түңілткендей күй мен саз келеді ескіден! Мен айтсам, шабытты тек шаттықтан таппай, елдің, ердің күйкі жүдеу күйінен де таппақ шарт! Жыр шындықпен туысса, шыңнан аққан бұлақтай алыс өріс табады. Ендеше, осы естіген, көрген жайдан жыр туғызса нетеді? Қызығатының бар ма?— деді.
Абайдың аңғарын жақсы түйген Дәрмен, бір байлауға бекініп те қойған екен. Сонысын енді айта бергенде, бұның алдына түсіп Шұбар сөйлеп кетті:
— Абай аға, дәл осы жайды мен жазамын!
Өзінен бұрын айтушы болса да, Дәрмен тоқтаған жоқ:
— Абай аға, менің аузымдағы сөзімді Шұбар айтты. Мен де жазамын!
Шұбар жақтырмай, тыжырынып күле түсті:
— Сенің аузындағы сөзіңді айтқам жоқ. Өзімнің ойымдағы байлауымды айттым. Сенің жазатыныңды менің айтатыным не? Өзім айттым, өзім жазам!
— Жоқ, мен жазам!
— Сен емес, мен жазам,— деп екі жігіт жарыса таласып, қызу үстінде тоқтай алмағанына Абай бастаған барлық топ қызығып қалды. Дәрмен өзінің дәлелін ойланып алып, көпшіліктің төрелігіне шаққысы келді:
— Екеуміздің таласымызға байлауын көп айтсын. Бірақ мен осы жайды жазатынымды Шұбардың сөзбен айтқанынан бұрын жаңа зират басында әнмен айтып қойғам жоқ па?!— деп еді. Бұнысын Мағаш мақұлдап, бас изеді. Шұбар ол сөзді қағытып, қалжың етті.
— Рас, жеңер ақынға бұл сөздің де орайы бар шығар. Бірақ әділетіңді өзің айтшы, Дәрмен! Сен ол жерде өз жаныңнан бір ауыз сөз айттың ба? Абай ағамның өленің ғана айтпадың ба? Ал жазамын дегенді бұрын айтқан менмін.
— Сен тілмен айтсаң, мен ділмен, жүрекпен айттым! Сол Абай ағамның ғашықтық өлеңін өлі әруақтарға бағыштап айтқан жерде-ақ сазым менен сезімім соларда екенін танытқам! Тәңірі-ай, біз ақын емеспіз бе? Үнемі сөзбен ұғындырып беру керек пе, емеурін де жетпей ме?!—деп Дәрмен тағы да ұтықты дау бастады.
Бұл екеуінің таласына Ербол даурыға күліп келе жатқан. Енді ол екі жігіттің сөзін бөлді. Өзі алдағы қыраттау бір тұсқа көз салып келе жатыр еді. Қазірде сығырая түсіп күн салып қарап, бір нәрсені болжап алды да, үнді даусымен көтеріле сөйледі:
— Уәй, жігіттер! Сендердің өлең жазамын деп қырқысқан таласың тіпті жақсы. Қандай қанібет! Бірақ осы жерде кімнің жазатынына билікті мен айтайын ба?!— деп сәл тоқтай берді. Екі жігіт:
— Айт! Айтыңыз!— десіп кідіре қалды.
— Айт десең, мынау! Сонау қазотының қалың жерінде, анау қыратта бір топ дуадақ отыр. Қаршығаларың көріп келеді. Қазір алыс та болса, екеуің де құстарыңды сол тұрғыға қатар жіберіңдерші! Шабыттың бәйгесін шабыт айырсын!—дегенде, Абай «бәрекелде» деп Ерболды тез қостады. Ербол соңғы кесімін тағы айтты. Дуадақ жайы айтылғалы аңшы жігіттер ақырын сөйлесуді белгі етіп, іркіліп қалған-ды. Ербол да дуадақтың сақтығын еске
алып, енді ақырын ғана, дабырсыз айтты:
— Кімнің құсы бұрын барып дуадақ ілсе, Еңлік-Кебек жыры сонікі болсын!
Топ иіріліп тұр еді. Шұбар мен Дәрмен билікке тоқтаса қалды.
— Болды!
— Жарайды!
— Ал жібердік!— десіп, топтан алға таман жырыла бере, құстарын серпіп-серпіп жіберісіп қалды. Шұбар осы арада екі құстың ентелей кеткен ажарларына қарай сала Абайға бұрылды. Енді асыға сөйледі.
— Ал, Абай аға! Осы билік байлау ғой!
Көкбай:
— Құстар ынталы кетті. Қазір, қазір сын,- деп шабуға ыңғайланып еді, аңшылар «шаппа, шаппа» деп шапқызбай тоқтата берді.
Абай бұл жерде бар топқа ойда жоқ, бір оқыс сабыр көрсетті.
— Ерболдың байлауы дұрыс! Бірақ менің тағы бір шартым бар. Құстарың ана дуадақты барып ілгенше,бір-бір ауыз тың өлеңді екеуің шауып келе жатып, қатар айтындар!— деді.
Бұл кезде барлық аттылар желе жөнеліскен. Шұбар мен Дәрмен Абайдың екі жағына шығып алған. Абайдың жаңағы байлауын Шұбар тез қостады.
— Жарайды, Абай аға, қаршыға жайында ма?
Барлық жастар саят қызығына қызумен берілсе де, Абайдың ендігі ақындық бұйрығын анталай тосты.
Абай Шұбарға қарап:
—Жоқ, қаршыға емес! Сын болған соң қысас сын болсын. Мен қапысыз шапшаңдықты тілеймін. Тапсыратыным,— деп саспай анық етіп, жарыс өлеңнің жайын айтты.— Қысқы аязды түнде, гуілдеп соққан жел үніне күй қосып, кәрі әже немересін қандай сөзбен жұбатады? Соны шапшаң жыр етіп беріңдер. Ал айт!—деді.
Шұбар Абайға қалта қарап, қиналғандай түңілді.
— Абай аға! Мынауыңыз сын емес, жаза ғой!—деп еді. Дәрмен осы кезде қатар жортып келе жатып, Абайға естірте, оқыс шапшаң өлеңді айта жөнелді. Шұбар өз сөзіне тыңдаушы құлақ таппағансып, әдейі іркілгенсіп үнсіз қалды.
Мына талас — қаршығалар таласынан да төтенше. Барлық жайы еріксіз көңіл аударғандай күйге айналды. Көпшілік қаршығаны қойып, мұндағы шабыт қаршығасының қанат қағысына қадалды. Дәрмен жұрттың тегіс ықылас аударғанын танып, желе-жортып, шапшаң өлеңді соқтырып келеді. Абай ақсия, сүйсіне күлігі, тымағын қолына алып, Дәрменге қарай қисая құлап, тыңдап қапты. Шабытты ақын жосыта жырлап келеді:
Талай да талай шапшаң бар шығарды,
Үлгі етер, шапшаң жырым қаршығамды.
Ақ түтек, ың-шың у-шу аяз түнде
Көрі әже дәл былай деп зар шығарды:
Қорқытпа менің баламды,
Гулей соққан ақ боран!
Балам әже қойнында,
Келе алмайсың сен бұған!
Ұйқысынан айырма,
Кезе бер есіз даланды.
Ұйықта, бөпем, оянба,
Әлдилеймін баламды!
«Әлди, бөпем, әлди-ай»—
Деп жырласын кәрі ана!
Ұйқыға барсын сол бала,
Тілесе тағы жырласын
Жүз жыл бойы сол ана...-
деп, көзін алға қарай тастап жіберіп, сүйсінген жұрттың барлығына естірте, өлеңнің соңын айтады.
Қаршығам жемін іліпті,
Абай аға, бері қара!
Дәрмен енді атына қамшы басып, құйықтыра жөнелді. Абайдың Дәрменге анық сүйсінген жолы осы еді.
— Бәсе! Шіркін, ақын болсаң осындай бол!—деді.
Өз ішінде осы Дәрмен деген інісін «Абайға шәкірт етіп, жолдас етем» деп әкеп қосқан қарт Дәркембайға қазір Абай алғыс айтып келеді.
Барлық топ енді түгел шапқан күйінде құстардың соңынан кетті. Озып барған Мағаш еді. Лақтай бір дуадақты сары ала жүнін жарқылдатып басып қалған бір қаршығаның үстіне ағызып жетті де, тымағын бұлғап, арттағыларға айқай салды. Кейінгілер де тақау еді.
—Дәрмен! Дәрмен! Шүйінші! Еңлік жыры сенікі,—деді Мағаш.
Дәрмен шауып келе жатқан күйінде атынан домалай түсіп, құсына ұмтылды. Мағаш пен Ақылбайлар да, қағілез, шапшаң Баймағамбетте осы құстың үстіне үймелеп қалысты. Бөлек жерде жалғыз ғана Шұбар өз құсына айналып жүр. Ол дуадақ олжаланған көрінбейді. Мынау топ Дәрменнің дуадағын Ерболдың қанжығасына байлап, енді түгелімен Шұбарға келді. Ол жерде жүресінен отырып, қаршығасын етегімен қоршалай бүркеп апты. Бұндағы жайды өзгеден бұрын Көкбай түйген екен. Енді Шұбарға қарап, қарқ-қарқ күледі.
— Масқара! Шұбардың құсы дуадақ ілудің орнына, дуадақтан жапа шегіп, қорлық көріп қалыпты ғой!— деді.
Шұбар қаршығасын амалсыз жұртқа көрсетіп, қолына алды. Бұл қыранның үсті су, үрпиіп қалыпты. Көкбай Шұбармен қатты қалжыңдасатын әдетіне басып:
— Басына дуадақ саңғып кетіпті. Апырай, жақсы талап үстінде мынау жаман шәулінің ырымы қалай жаман еді, Шұбар!—деп тағы күлді. Шұбар сөз қатпаса да ызаланып, Көкбайға салқын көз тастап, сырт айналып, атына міне берді. Абайдың Шұбарға жаны ашығандай болды.
— Олай деме, Көкбай! Қаршыға өзге жаман құс емес, ашу мен намыстың жиын оты өзіңде де мол. Не жаманат болса, өз басына,— деп енді топқа бұрылды.
—Ал бірақ жыр Дәрмендікі. Дәрмен, сен жазасың!— деді.
Әлі де шабытты, желікті Дәрмен енді балаша бір қуаныш білдіріп, астындағы ақ бедеуін өзі дағдыландырып үйреткен қалпына салып, шаужайлап, тебінгенде ақ бедеу мұның қуанышын қостағандай шапшып, қосаяқтап шаншылып тұрып қалды. Шаңқан боздың үстінде Дәрменнің қуанып, ақсия күлген жүзі қызықтырғандай. Жас жалынын атқандай. Қолындағы көк қаршығасы да болаттай жалын ойнап, талпына ұшып, шабытқа тіленеді.
Осы кезде күздің баяу күні көтеріле түсіп, қызғылт сәуле берді. Шапшыған ақ бедеудің үстінде талпынған қаршыға ұстап, күліп тұрған нұрлы жігіт қызғылт күннің шұғыласына малынды.
Әрі шабыт шалған, әрі күн шұғыласы шалған, шапшыған жігіт Абай көзіне ақ мәрмәрдан ойылған, әсем біткен тас тұлғадай көрініп еді.
Жаңағы көркем бір сәтке сүйсініп езу тартқан Абайдың сол көңілді шағы айығып болғанша, қатты келе жатқан ат дүбірі естілді. Бар жолаушы шұғыл бұрылып сырт қарады. Абай атымен бұрылды.
Асығыс, суыт жүріспен келе жатқан жалғыз атты жүргінші енді ғана желісін бәсеңдетіп, тақап қалды. Астындағы. бөдес қоңыр құнанның омырауы, құлағы, көзіне шейін тер басқан. Кең жүгеннің сағалдырық тоға басы шылдырай түседі. Еңгезердей балғын қара жігіттің екі аяғы кішкене құнанның тілерсегін соғады. Қою қара мұрты тықыр біткен, өткір, кішілеу көзді жүргінші Әбді дейтін Жігітек екен.
Алыстан-ақ Абайға тура беттеп, өзгелерге қарамастан тек Абайдың өзіне ғана арнағандай боп:
— Ассалаумәликім, Абай аға!— деді.
Жігіттің енді сұрқыл тартқан жүзі мен қанталай түскен көзінен Абай ашу-шағым тәрізді ажар аңғарды. Өзінде тығыз жұмысы барын да байқағандай.
— Уәғалайекүмәсәлем! Е, жігіт, неғып суыт келесің?- деп, Абай дағдысы бойынша жүргіншінің ісін тез білмек болды.
Әбді байыпты мінез көрсетіп, әуелі Ербол сияқты өзге үлкендерге қарап, қысқа ғана амандасып алды. Сонан соң Абайға тік қарап тұрып сөйлеп кетті.
— Абай аға! Тығыз жұмыспен, арызбен келдім. Өзіңізге келдім. Мына бір жаман құнаныммен арттарыңыздан жортқалы кәп болып еді. Ісім асығыс болса да жеткенім осы!
— Қандай іс, сөйлеші!— деп, Абай жігітке қадала қарап тұр.
— Ісім өз басымдікі ғана емес, жеті бірдей ауылдікі. Сол ауылдардың бар жаны боп, сізге жұмсап отыр. Біз мына Әзберген, Шүйгін судағы жеті ауыл Жігітекпіз!
— Білем ғой.
— Сол жеті ауыл бүгінде қатты зорлық пен қорлық кәріп тұрмыз. Зорлықшы — Әзімбай!— дегенде, Абай қабағын шытына түсті.
Әзімбай деген көкауру, қыңыр кесел боп өсіп келе жатқан. Ол және Абайдың інісі аталады. Ара ағайын емес, Әзімбай айыпты болса, Абайдың ары бірге қысылады. Бұ да қоса жауапкердей сезінеді. Осыны ойлап тұрып Абай өзінің қалай күрсінгенін де аңғармады. Әбді болса, Абайдың қабағы мен демінен өз тараптарын танығандай болды. Сөйлеп түр:
— Бар пішендігіміздің қақ жарымын тартып алып, орғызғалы жатыр. Осыны алдыңғы жыл, былтыр — екі жыл зорлап алып кеп, енді міне биыл, үшінші жыл, тағы орақшысын әкеп салып отыр. Өткен жылдарда да жанымызға батып еді. Онда бірақ әр ауылды бөлек-бөлек алдап-сулап аунатып жеді. Қысқы азығымыз, аз ғана пішеніміз болатын. Өзімізде мал болмаса да, қыс ортасында әлді-малды ауылдардан күтімге арық-тұрағын алып барып жемшөп беріп, тым құрыса, ас-суымызды айырушы ек. Сұрау жоқ, келісу жоқ, келеді де бас салады жыл сайын. Бүгін осы қорлық еттен өтіп, сүйекке жеткен соң, бар жеті ауыл боп бірлесіп кеп, бағана наразылық айтып ек. Айдап шықты Әзімбай! Содан соң бір жақта оның орақшылары, бір жақта біздің кедей-кепшік боп жанжал-керісте тұрмыз,— деп, болған жайды баяндап кеп, Әбді енді шынымен ширықтырған қорлық, қиянат, жуандық жайына ауысты.
— Абай аға, міне осындай жылаулар жайымен келдім. Азулы, аямасқа жем боп жатқан жұртың жіберді. Жеті ауылдың жоқ-жігіті, аш-арығы жұртың емей немене? Жақын отырған көршісіміз. Бірақ ең жырақтан шапқан жаудан да жаман. Жыл сайын, ай сайын, кейде, тіпті, күн сайын көргеніміз бір тепкі. Көз ашылар бар ма, сірә, бұл дерттен!?— деп қайнай сөйлегенде, кесек жүзіне діріл кіріп, көздері да намыскер ызадан жасаурап кетті.
Шұбар қасындағы Көкбайды түртіп:
— Заржағын қарашы!—деді.
Жігітті жақтырмай, мұрнын шүйіріп тұр.
Абай Әбдіні бар ынтасымен түсінгендей, оның отты тілді кескініне сүйсініп қарап қапты. Әбдінің намысын, барлық осындай көп, момын жазықсыз қалың ел намысындай сезінді. Бірақ ішінен «көз ашылар күнді сен көксегенде, мен күңіреніп іздесемші!» деп, сәт ойланып қап еді. Енді шапшаң сергіп, екі жағындағы топқа сөз тастады. Ширығып, қатаң үнмен сөйлеп кетті.
— Ей жұрт, мынау көрінеу қиянат қой... Бас салып бақыртып, тонап жатқан деген осы емес пе жарлы менен жазықсызды?— деп жолдастарының жүзіне қарап өтті.
Өзгеден бұрын Шұбар сез қатты:
— Бұлар — Тәкежанның көршісі. Бірде тату, бірде араз көрші сыбайластың әдеті емес пе? Сол Тәкежанның өзіне жіберсеңіз жетпей ме!
Абай Шұбарға қатты қадалып, тіксіне қарады.
— О қалай дегенің? Тәкежанға барса, кезі кермей отыр ма? Оның өзімен даулы боп, бізді ара ағайын көріп, пана тілеп кеп отырған жоқ па?
— Тәкежан сізге ренжиді ғой. Оның арты тағы беймазалық, тағы дерт... Өзіңізге ауыр ғой. Тағы да өлең, өнер, тыныш еңбек — бәрі қалады ғой, содан қорқам!
— Ой, өйтіп, жұрттың көз жасынан тығылып туған өлең адыра қалсын! Өнесі!?— деп Шұбарға Абай ызалана қарады.— Жыртқыштық, қорқаулық, жауыздық қиянатты көргенде сендердің сезетінің мен айтатының осы ма? Бүйтіп ақын болмай-ақ қал!
— Мейліңіз, ендеше!— деп, Шұбар сызданып тоқтап қалды. Абай ашулы үнмен енді әмір ете сөйледі:
— Мағаш, Дәрмен! Бар екеуің! Мына Әбдіге еріп тез жетіндер сол жанжал жерге. Айт Әзімбайға, тоқтатсын орақ салғанын. Жылатпасын мынау елді!- деп кесіп-кесіп бұйрық айтты.
Мағаш пен Дәрмен сол жерде Әбдіні ертіп ап, жорта жөнелісті. Абай күйікті бір ашумен түйілді де, ендігі жолда үндемей томсарып жүріп кетті.
Мағаштар жеткенде Әзімбайдың сегіз орақшысы жеті ауылдың жалпақ паегін кертіп жеп, кеміріп келеді екен. Дағдыдан тыс кеш шабылған пішендік тығыз, бойшаң шыққанмен қазіргі күзге бурыл тартып қапты. Осы паектің шетін бастырып, орақшыларға қарай тартып келе жатқанда Дәрмен:
— Пішен өзі қуаң тартып қапты, неғып ерте ормай кешіккенсіңдер?!—деді.
— Біздің қыстауларымыздың үстінен көп ауыл күзекке қарай көшіп өтеді, солардың малынан сескеніп жер қорумен күн кештік қой. Көшкен елдің қалың селін өткізіп жіберіп, енді осыған орақ салармыз дегенде, мынаған кездесіп тұрғамыз жоқ па? Көріңдерші мынау таландыны! «Ара ағайын арамызға билік айтсын, тұра тұр, тым құрыса» деп сендерге жөнеліп ем. Жайратып жатыр, әнеки! Әмір бар ма, тыйым бар ма Әзімбайға. Өзінің зорлығынан зор жол бар ма?— деп Әбді тістене түсіп, кейіп келеді.
Жеті ауылдың он шақты адамы да осында топтанып түр екен. Бұлардың арасында бірер бурыл сақал қарттан басқа Сержан, Асқар сияқты ұзын бойлы, кесек денелі атпал азаматтар да көрінеді. Бар кедейдің жүздерінде ызаға толы түйілген ашу, қарсылық бар. Әзімбай өзі де осында екен. Ол жалғыз, ат үстінде.
Семіз бұйра торы аттың ауыздығын алып, оттата жүріп, орақшыларын өкшелеп жағалайды. Үстінде қалың күрең шапаны бар. Желбегей шапанның жауырыны, белі қопсып, делиіп, күжірейе түскен. Сырт жағынан Әзімбай дүңкиіп, алпамсадай көрінеді. Зар өтпес те кәр өтпес топас жуан бітімі бардай байқалды Мағашқа.
Бұлар орақшылар мен Әзімбайға жете берді. Бөлек топталған кедейлер де кеп Мағаштармен жылы амандасты. Жүздерінде сәл үміт оянғандай. Жігіттерді Абайдың жібергенін де тегіс аңғарып, өздеріне сүйеніш тапқанға шын дәмеленген тәрізді.
Мағаш Әзімбайға ашық, турашыл еркін ажармен сөз қатты.
— Е-е, Әзімбай, неғып жатырсың бұл? Мына көп кедей көршіңмен қиталасып жатқаның қалай?
— Неғылыппын бұларға? Далада қалған керексізін алғаным ба?
Кедейлер бір ауыздан дауласа кетті.
— Неге керексіз?
— Кім айтты керексіз деп?
— Біз ормаймыз, сен ора ғой деп қашан айттық?— деп Сержан, Асқар, Әбділер қатулана сөйледі.
Әзімбай қалың қызыл қабағы мен суық бітік көзін әр кедейге оқша қадап қойды да, Мағашқа сөйледі:
— Оттай береді бұлар. Мен ора бастаған соң «өз керегім еді» деген боп, бәлсініп тұр ғой шегінен, аузындағысын алғандай қып. Көрінеу оңбаған қазақшылық. Өздері ормайтын даланың тегін түгін бұлдамақ маған. Болмаса, осы қара суыққа дейін пішен ормайтын ел көріп пе ең?
Әбді бұл өтірікке шыдамай, ашына сөйледі:
Ормайтын болса, өзің неге орып тұрсың! Біздің шабан-шардақ, кешеу қимылдайтынымызды біліп және куә болатын көп елді өткізіп жіберіп, әдейі бүгін біз пішенге шыққалы жатқанда соқтыққан жоқсың ба? Тоқтат, мырза, мына орақшыңды!.. Сөзге кел!
— Сөзге, жолға кел! Тоқтасын орақшылар!— деп Сержан да ентелеп тұр.
Әзімбай ақыра жөнелді:
— Тоқтамайды! Бұйрық айтпақсың ба маған?.. Аш көзіңді!..
— Тоқтайды... Тоқта! Әй, орақшылар, тоқта былай!—деп, Әбді атынан түсе қалды.
— Тоқтама, түгі... Ора бер! Көрейін мен бұдан келген керді!— деп, Әзімбай қамшысын сығымдап алды. Осы кезде Әбді мен Сержан, Асқар үшеуі «е» дескендей ытқып барып, орақшылардың жолына қарсы басып тұрыса қалды.
— Жеріміздің түгі етіміздің түгіндей, бұны орсаң, өзімді қоса орасың, қоса жайрат, мінекей!— деп Әбді шапанын жұлып тастап, балғын денесі мызғымай, ең шеткі озғын орақшының алдына нық басып тұрып алды.
Алдыңғы орақшы Тәкежан аулындағы жесір кемпір Иістің Иса деген жалғыз баласы, сом денелі, кесек жүзді жігіт еді. Ол енді орағын көтеріп тоқтай қалды.
— Тоқтама, ор!— деп, Әзімбай ат үстінен тепсініп әмір етті.
Иса бұл әмірді тыңдаған жоқ. Соған қарап қатарындағы екі
орақшы да Сержан мен Асқардың алдына жете бере тоқтап қалды. Әзімбай ақырғанда бұдан жасқанып, тоқтамай ора берген жуан жоталы қара сақал жылқышы ғана болды. Өзгелер Әзімбайды тыңдамай, тоқтаған бойда тұр. Әзімбай енді алғаш тоқтаған Исаға омыраулап кеп боқтап жіберді.
— Неге алмайсың тілімді?
Иса мызғыған жоқ.
— Ей, мырза, сен айтты екен деп, кісі өлтірем бе? Бұ да өзімдей сіңірі шыққан кедей...—дей беріп еді, Әзімбай тағы қатты боқтап кеп, қамшымен тартып-тартып жіберді. Исаның өткір көзі жарқ етіп Әзімбайға жалт қарады да тістеніп, қатуланып тұрып орағын шетке қарай лақтырып жіберді.
— Ормаймын! Өлтірмеймін, өлтірсең, қанқұмар өзің өлтір!— деп тұрып алды... Әзімбай енді қара сақалды ақыра шақырып ап, Әбдінің қарсысына салды да:
— Ор, аяғын қырық! Қарсыласатын неме ғой!—дегенде, қара сақал бет бұрмастаған орақ сілтеді. Әбдінің табанына тақай берді.
Мағаш пен Дәрмен ат үстінен ұмтылып кеп, қара сақалға қатар дауыстады.
—Тоқта!.. Ей, сен неғылған есуассың?—дей беріп еді. Осы кезде Әбді атқып кеп қара сақалдың орағын дәл жүзінен көлденең баса қалды да, бір сәттің ішінде орақты жұлып алды. Сол ашулы екпінмен орақты шарт сындырып, сап жағын көлденең ұстап тұра қалды. Неден болса да тайынар емес. Енді орақшылар тегіс тоқтап еді. Өйткені тағы бір сәт орақ сілтесе, анық қалың төбелес басталғалы түр. Сержан мен Асқар да алдарындағы орақшылардың орақтарын тартып-тартып алыпты да, Әзімбайға қарсы айбат шегіп көтеріп апты.
Дәрмен мен Мағаш енді қатты айқайлай кірісті.
— Тоқта, түге! Қырыламысың? Сөзге кел екі жағың да. Әзімбай, тый мыналарыңды!.. Әбді, сен де таста орақты!— десті.
Әбді мен жолдастары мына сөзге ден қойып, орақтарын жерге түсірді, бірақ тастаған жоқ еді. Әзімбай қанын ішіне тартып сазарып тұр...
Мағаш енді әдейі жай салмақты, сабырмен сөйледі. Мұнысы жаңағы ақырысқан айқайларын су сепкендей сөндіре берді:
— Ей, жұрт, мені орталарыңа Абай жіберді... «Ұғынысып келісіп, жанжалсыз шешсін» деді дауларын. Ең алдымен, Әзімбай, саған жұмсады. «Етпесін зорлығын, алса сатып алсын, ақылап алсын, келісіп алсын. Зорлығын қостамаймыз» деді. Ағайын сөзі осы! Ұғыс, келіс мынау елмен!..
Мағаштың жай айтса да зіл салмақты айтылған сөзінен соң Әзімбай да амалсыз тартынып қалды. Бірақ қыңыр, қиястығынан, қорқау озбырлығынан кайтқан жоқ. Енді сонысын қолмен болмаса да, сөзбен, даумен танытты.
— Абай айтса, айтсын. Ара ағайын боп киліккенін теріс демеймін. Бірақ Абай менің ағам болса, Тәкежан менің әкем... Абай бұл пішенді «шаппа» деп бұйырса, әкем «шап!» деп бұйырып, мені әдейі осы пішен үшін қалдырып кетті. Өзі болса көшіп кетті. Тәкежан менің әкем болса, сенің де әкең, Мағаш, Абайдың да ағасы. Бұйрық осыныкі...
— Теріс бұйрық, зорлық бұйрық емес пе? Соның өзін тоқтат деп жұмсап отырған жоқ па бізді саған Абай!
— А, теріс дей ме?! Ендеше, Абай сонысын ана ағасына өзі айтып, өзі әдейі соны тоқтатсын.
— Сен ше? Сен о жақты тоқтатқанша ора бересің бе?
- Ора бермекпін. Мен бұйрық орындаушымын, ол — әке
бұйрығы. Әкенің бұйрығынан өзің шығушы ма ең, Мағаш?
Шықпайсың! Мен де сондай ендеше,.. Маған сені жұмсағаны да теріс Абайдың. Мұнда жұмсамай, Тәкежанға жұмсасын. Сөзім осы, басқаны білмеймін. Мен мына пішенді орғызамын, болды!— деп қалған сөзді тыңдамай, тебініп жүріп кетті. Мағаш пен кедейлер ғана қалып еді.
Енді Жігітектің бурыл шалы Елден үнсіз дағдарыста қалған топқа бір-ақ қана байлау айтты.
— Жә, жігіттер, сөз бен істі таныдық қой. Мағаш шырақ, бар-ды көрді ғой көзің? Көрді! Тек осыны түгел Абайға жеткіз. Тілегіміз сол ғана, ал Әзімбай дегенін істесін. Орсын, үйсін маясын... Ал біз ертең өз қорамызға тасып аламыз. Орақшыларына шығарған ақы-пұлын, шығынын төлейміз! Байлау осы емес пе?!—деп айнала қарап еді, бар тобы тегіс бекініп бас шұлғып:
— Осы!..
— Осыдан басқа жоқ!
— Болды десе болды!— десті.
Әбді ғана қатуланған ашуынан айыға алмай тұрған бойында аса бір ауыр арман тастады.
— Әттең, көз ашылар күнім жоқ, білек қарын бір жазып, сан жылғы қорлыққа ер ашуымен басар ем... Қайран Базаралы-ай, күнің өтті-ау... Сен болсаң, тым құрыса, адал жолыма арам қанды қатар төгісіп қалар ем-ау! Азаматым-ай, арманда кеттің-ау!— деп отыра кетті. Шолақ орақтың сабына мандайын сүйеп, қатты буған ызалы намысынан басын төмен тұқыртып алды. Енді үнсіз күрсініп, сілейіп, түйіліп қалғандай.
Мағаш бұл топқа көп сөз айтқан жоқ.
— Әмір-құдірет өтпейтін дүлей Әзімбайды сендердің көзің көрсе, біз де көрдік. Бар көргенді Абайға айта барамыз. Сәлем, байлау сөздеріңді де жеткіземіз. Бірақ тек жауап сәлемі келгенше алаңдамай тұра тұрындар!—деді.
Кедейлер үндеген жоқ. Айтар қарсылықтары да жоқ еді.
Мағаш пен Дәрмен бұлармен қоштасып бұрыла берді. Әзімбайдың орақшылары шұбыра басып, түстікке кайтып барады екен. Дәрмен Исаны жақсы білуші еді. Енді соған бұрылып тоқтады да, дос ажармен
— Азамат екенсің ғой, Иса! Қадір-қасиетіңді жаңа таныдым ғой. Малшы болса да итаршы болмаған кедей жақсы! Адамшылық еттің ғой!—деді.
Иса әлі ашулы болатын. Қысқа ғана жауап қатты:
— Сол жауыз айтақтайды деп ит болушы ма ем! Қылып тұрғаны қып-қызыл зорлық және мені күнәкар етпек. Әбдідей
азаматтың қара тырнағын сындырғанша, өзім өлсемші!- деп жүре берді.
Мағаш пен Дәрмен өздері де Әзімбайдан жиренген наразылыққа толып, көргендерін Абайға тез жеткізбекке асығып шапқылай жөнелісті.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   18   19   20   21   22   23   24   25   ...   70




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет