Абай жолы. 1 кітап



бет25/70
Дата06.05.2023
өлшемі7,5 Mb.
#176199
1   ...   21   22   23   24   25   26   27   28   ...   70
Байланысты:
Абай-жолы


4

Құнанбай баласы емес, Құнанбайға қарсы алысқандардың әкім болып шыққаны Базаралыға анық сеп болғаны даусыз. Күнту болыс болысымен-ақ шетке шапқан «шүйінші» және тамыр-таныс, құдандаға кеткен сәлем хабар айдауда жүрген Базаралыға да жеткен. Арада өткен айлар саны бұл күнде есеп емес. Не болса да «Кебін киген келмейді, кебенек киген келеді» дегендей. Базаралы жолдағы бар бейнетті басып озып, өктеп келіп жеткен еді.
Ұзақ жолдан үздіккен Базаралы Семей қаласына келгенде өз үйіне жеткендей боп, бар дүниесі кеңи берді. Қалада бұл кезде күзем жүні мен киіз, тері-терсегімен базаршылай келген ел жолаушысы көп болатын. Күзектен Шыңғысқа, алыс қыстауға қайтатын кез де тақау. Қалаға да елдің қонысының жақын келетін шағы осы. Тобықтының күзектерінен шыққан түйелі, арбалы керуендер Семей қаласының «ар жақ», «бер жақ» атанатын екі жағасындағы қазақ үйлеріне мол-молынан кеп, асықпай киіз-кепшегін сатып жүр. Базардан ұн, шайын, бұл-бұйымдарын және де асықпай алып жатқан кездері. Осы ретте Жігітек, Бөкенші керуендері жататын үйлердің барлығында бір күңде: «Базаралы аман-сау кепті» деген, шүйінші тілеген хабарлар қаланың ішін кернегендей боп, көпке тегіс тараған.
Қазіргі шақта Базаралы келгелі бір жұмадай болса да, оны қала ішінде қарсы алған көңілдес ағайын күндіз-түн қонақ етеді.
Қаумалап, қоршап, мәз-мереке етісіп жүр. Жылап көріскен, құшақ қауышқан қалың қарындас арасында жырлап көріскен шешен ділмар да аз емес.
Осы аз-ақ күннің ішінде Базаралы айдау, азаптың бәрін үйіп-төгіп, бекем бойынан бір-ақ серпіп тастағандай. Жүдеген жүзіне айлар мен жылдар салған жудеу таңба да тез айыға бастады. Ақшыл сарғылт жүзіне енді қайтадан қызғылт қан жүгіргендей. Ұзын, қоңыр сақалына араласқан күміс ренді ақ талдар ғана айқын көрінеді. Бірақ нұрлы, жылтыр жүзінде өлі кәрілікке жеңгізген, жасыған ажар білінбейді.
Базаралыны қалада қоршаған жиынның оқшау бір тобы бүгінгі кеште Жиренше пәтерінде. Бас жатақтағы Үдері деген саудагердің үйінде. Базаралыдан басқа Жиреншенің достары: Оразбай, Бейсенбі, Абыралы бар. Және орталарында өз қолдарымен сайлаған әкімі, Шыңғыстың болысы Күнту да отыр. Жұрт көңілін көтерер «жаңа пері» — Сыбанның жас ақыны Әріп те бар. Алтындай сары сақалды, кең қызыл жүзді, келбетті жігіт Әріп бүгін түстен бергі отырыста арғы-бергіден көп өлеңді жосыта айтқан. Қазіргі сөз Оразбай бастаған бір жайға соғып еді.
Базаралыға ентелей түсіп, көзіне көз қадап, «осынымды ұмытпа» дегендей етіп Оразбай салмағы ауыр, мәні көп сөздер айтып кетті.
— Алысыңнан тілеп ұшып сен жеттің. Кеткенінде қанаты қайырылып қалған елің бар еді. Ол тек мынау тұрған Жігітек қана, мынау отырған «жертабан» Бейсенбі ғана емес-ті. Сен жарға жығылғанда, исі Тобықтының бір қанаты бірге басылып қалған-ды. Алыстық! Алладан медет келді. Мұндағы досыңның ежелгі жауыңмен терезесі теңеліп, бойы өсті. Білемін, астыма түссе де «жеңілдім», «жығылдым» деп қалмайды. Жығылып жатып та аяғымды шайнаудан тайынбайды. «Жағаласқан жан сақтау, жалынған жан сақтау емес» екенін бәрімізден бұрын білген, ұққан сен едің. Мынау есе тиіп тұрған бір күннің өзінде болса да, қару мен қимылдың барлығын баршамыз өзді-өзі тұсымыздан жұмсамасақ, жер қабамыз әлі де, «Құнанбайдың құрығынан Құдайдың құрығы шолақ па!» деген күдікті біз ойлағалы көп заман. Ес жиған сайын бір-бірлеп, әрқайсымызды бұтарлап тауысады. Мына Күнту қолында мөр тұрғанын бел қылып, кейбір еліміз Шыңғыс болысынан Мұқырға, Бұғылыға қағазымызды ауыстырмақпыз. Біреуміз сыртынан алып, жабыла қапсыру үшін жартылай сыртта отырғанымыз дұрыс деп жүрміз. Бұ да жауға қарсы ойлап жүрген қамымыздың бірі!— деді.
Базаралыны соңғы екі-үш күн бойында қоралай қоршап жүрген осы топ бір отырыста Жиреншенің, тағы бірде Бейсенбінің немесе Күнтудың аузымен, бүгін міне, Оразбай аузымен жаңағыдай орағытқан тұспалдарды айта жүрген. Базаралы Оразбай сияқтылардың: «Құнанбаймен алысайық, шыдасайық, жаулықты ұмытпайық»- дегенді айта жүріп, бір жағынан басқа болыстарға шығып кеткісі келетінін түсінбейтін. Және анығында, ұнатпай да жүрген. Қазір өзінің турашыл ашық бетімен сол көңілін дағдылы әзіліне сүйеп, айтып та салды.
— Уәй, Оразбай... «Алысамын» деген сөзің жақсы. Алысқаның одан да жақсы. Бірақ осы алысатын аюыңның тұяғы мен аузы бар жағына Жігітек пен Жиреншені ғана жіберіп, жон жағын өзің ала бергің келе ме?» Амандау жағында мен бола тұрайын» дейтінің бар-ау осы! Өзге сөзің ұнағанда, тек ұнамайтының осы-ау!— деп, көшің айтпайтын шыңдығын ашып тастады. Турашылдығымен де, өткірлігімен де сүйсіндірді.
Тегінде, өзі болыс болып жүрсе де, «күндердің күні боп, орнымнан тайып қалатын болсам, жығылар жағым әзір тұрсың» дегендей, басқа болысқа шығып кетуді ойлап жүргеннің бірі — Күнтудың өзі. Басқа болысқа шығып кетуге Шыңғыстың он екі ауылнайынан приговор керек. Соны Күнту Оразбайға әзірлеп бермесе де, өз тобы үшін бар мөрді, приговорды жинап, қалтасына қатты басып жүрген.
Бірақ қазір Базаралының сөзі бадырайып кеп басқа соққандай Оразбай мен бұның өзін тапқандықтан, Күнту жауап айтуға тура келді. Ол да Оразбайдың жаңағы айтқан сөзін қатты қостайды. Құнанбайларды ұра беріп, бұқтыра берсе, әсіресе, жеңе берсе, бұның болыстығының бауы берік боп тұра беретіні айқын. Ол жағынан да, Оразбайдың ұранын бұдан артық құлшынып, қостайтын кісі болмасқа тиіс. Тек жаңағы Базаралы айтқандай, күдік көпке жайылса, ол жақсы ат емес. Оның арты ұлғая берсе, тіпті, жарықшақ шығуға да болады. Сондықтан алыстан келген Базаралыдан өзінің мөр әзірлеп жүрген шындығын жасыра түсіп, жалтара сөйледі.
- Базеке, Оразбайдың жаңағы айтқаны қайда-а, ол алты қырдың астында жатқан алыстағы бір әрекет қой! Күндердің күні үшің, сонау түптің түбінде, қыл мойынға тақалған бір кезеңде кейбіреуді әдейі сөйтіп, екі шетке өзіміз шығарып қоямыз дейміз. «Жаулықтың екі қабырғасын сүйеп отыратын екі босаға жасаймыз ба» деген бір есеп қой! Ойлансаң, оны әзің де аңғарасың. Көптің көңіл қосын, сыр қосын отырып, байлаған ортақ есебі ғой!— деді.
Бұны Жиренше де, Абыралы да қостап кетті. Екеуі: «Онысы рас!», «Анық жай осы!», «Сырдың түбі сол!» деп құптасып, мақұлдасқан.
Ендігі бір кезде сөзді Жиренше түйді:
— Базым, не керек! Ер кеудеде «кек» деген өлексе боп шіріп кетсе, сол қорлықта! Тұяқ серпер күнім болса, сол осы-ақ! Не көрмедім, не кешпедім!? Мың асқанға бір тосқанның шағы кеп тұрған сәтім осы-ақ! Сілтер семсер бар болса, қалай сілтесең де «қапы кеттім» дейтін күнім емес, тек сол ғана!— деп тоқтаған.
Базаралыны бұдан былайғы бір қимылға шүйлеп, қайрап салудың анық сөзі осы. Базаралы бұ тұста салқын түспен қолын бір сілтеп:
— Жетті ғой, Жиренше!— деді де, тоқтап қалды. Кең мандай, қайратты жүзі көкшіл тартты. Реңіне ыза шыққандай.
Бұлар Базаралыны тартыс-таласына алмақ болады. Жақсылық үшін емес, халықтың қамы, көптің көз жасы үшін емес. Тек өз бастарының мөр мен шен, алым мен жем жөніндегі таласы үшін серік етпек. Құзғындар таласы боп кеткен айла-тәсілдерінің сойыл-шоқпары етпек болады Базаралыны.
Ұзақ жылдар айдауда, қол-қиялы байлауда жүрген Базаралының басынан қандай қапырық ойлар өткенін бұлар қайдан білсін? Біліп те неғылсын! Базаралының ол күндердегі удай ашығын ойы да бұлармен, бұндайлармен табыстырар ой емес-ті. Ол жылағанды, жаншылғанды, күні күңгірт көпті ойлаумен өмір кешкен. Жүрегінің басынан удай боп төгілген шер болса, оның бәрі бұл отырғандар туралы ой емес. Сонау елде, бір аяғы жерде жатқан, мұңы айықпас елі туралы болатын. Қазір оны бұларға айтқаннан да пайда жоқ. Осыны ойлаған Базаралы ішіне көп сырын бүкті де, шешілген жоқ.
Оразбайға Базаралының бұл ажары жақпай қалды. Ол қыңыр мінезіне басып, қиястана сөйледі:
— Е-е, сөйтіп, біз айтқан алыс жолы жақпады. ал,—кекесінмен күле түсіп:— Өзің жүрген жақтан өзін тауып келген жол бар ма деп үміттенейін десем, оған да батылын бармайды!— деп күліп қойды.
— Неге бармайды батылың?— деп, Базаралы аз тандана қарады.
— Е, онда не жақсылық бар деп үміт етейін. Орыстың айдау-матауында жүрген жазалысының бәрі анық бұзықтар болу керек. Ақ патшаның қарғысына ұшыраған телі-тентек. Олардың жолы, өнегесі адамды бұзатын ең азғын жол шығар. Қазақ баласы үлгіні айдаудағы, каторгідегі орыстан алып не жетісер дейсің. Ол түгіл,
діні басқа болғандықтан ақ патшаның өзінен де үлгі алмаймыз, тек күш-құдіретіне ғана бойсұнамыз ғой. Соны ойлап, ол жақтан сен алыс жолын үйреніп келген жоқсың ғой, бізді де неге бір тыңдамайсың деп отырғым жоқ па!— деді.
Базаралы шешілгісі келмей, мысқылмен күлді де:
— Сөйтіп, айдалып барғанның бәрі кісі өлтіріп, керуен талағандар дейсің ғой.
— Орысты айтам!— деп, Оразбай күле түсіп жалтара берді.
— Е, орыста өз Құнанбай, Тәкежан, Оразбайынан қуғын жеп барған Базаралылар жоқ дейсің бе!?
— Бәрібір ондайлар болса да, солардың жолы сенің жолың емес, неғыласын,—деп, Оразбай Базаралының алдын кесе сөйледі.
Базаралы өзі көріп-білген сан өнерлі, оқымысты, әділет жолында алысқан орыстарды және адал тартыс жолында жазаға ілінген сан орыс кедейін еске алса да, бұл жерде сөз шығын қып айтқысы келмеді.
Тек, тамсанып ап, мойнын Әріпке бұрын, оқыс байлау етті:
— Бәрінен де өзіңдікі жөн. Тек, әніңді ғана салшы, жігіт!— деді.
Тобықтымен үнемі бақ бәсекесі болып жүретін көрші Сыбан
бар. Оның ішінде Жанкөбек, Салпы дейтін рулары Тобықтының Олжай, Ырғызбайындай аталы, асқақ жер. Содан шыққан Әріптің Тобықты ішіндегі Құнанбай тұқымымен алыстан арбасарлық өштігі, бәсекесі болады. Жас шағында қалада орысша оқыған, бұл кезде ел мырзасы болып, ән түзейтін, өлең жазатын сылқым, серілеу жігіттің өзі осы. Ол бағанадан Оразбай, Жиренше мәжілісінде Тобықтының мынау адамдарының әр түрлі аужайын бұлжытпай бағып, барлап отырған.
Базаралы олардың Әріп үшін қызықты болған сыр сөздерін ұзақ өрістетпей, оқыс бұрып салды. Барлық жайды танып отырған жүйрік жігіт енді ойнақыланып, күліп жіберді. Сөйте сала, домбырасын безілдетіп кетті. Сырт қарағанда ол қабілетті жиынның келелі бір кеңесін бұзып кеткендей болды. Шырық бұзғандай.
Бірақ айтып кеткен өлеңі шешендікпен төгіле бастағанда-ақ айлалы ақынның осы мәжіліс үшін Оразбайша әрекет етіп отырғаны байқалды. Қызара балқыған алмас жүзді жігіт аумас көзін Базаралыға қадап отыр. Жарым кеудесін сырлы домбырасымен қоса сый қонаққа бұрып ап, әндете түсіп, соқтырып кетті:
Шығып ең амандасып келмес белге,
Оралып өнеріңмен қайттың елге.
Тілеген ел дұғасы жібермеді,
Айналып аққу құстай қондың көлге,-
дей жөнелгенде, Оразбай, Жиреншелер желіге қостады. «Уә, солай!», «Соқ солай!», «Бас осылай, бас!», «Бәрекелді!» десіп жатты. Құлақ қақпай, сілтідей тынған жиын ортасында ақты-бозды төкпе ақын домбыраны сирек қағып, жосып отыр:
Жасында шепті бұздың жаудан қашпай,
Ер-ақ болып өсіп ең, адам аспай.
Балағаз, Базаралы қатар шықтың
Бірігіп тұлпар аттай, тізеңді ашпай!
Ер едің тұлпар кетпес тақымыңнан,
Қатты қайсар кетіп ең ақылыңнан;
Тірі сынап секілді жұрт қозғалды,
Кім опа көрер дейсің жақынынан?!
Мұзбалақ қыран едің бұлғын ілген,
Көргеп құрбың сағынды ойнап, күлген.
Жаманды атылса да, кім жоқтайды,
Ердікі қиын екен халық білген.
Бар еді кей мінезің жел ескендей!
Әр ісің аңыз еді, ел көшкендей!
Тұлпар ең арда күрең жауға түскен
Үстіне сегіз жігіт мінгескендей...
Қорықпаушы ең кездесем деп киесіне,
Жауыңның қызықпадың түйесіне,
Жасыңда үйірсек деп естіп едім,
Шауыпсың өш айғырдың биесіне,—
деп жіберген жерде Жиренше Оразбайдың санын шымшып, сықылықтап, қызарып, үні өшкенше күліп қалды. Үй ішінде бұл сөзді түсінбеген жан жоқ. Нұрғанымды білетін, Құнанбайға өші-кегі бардың бәрі де дәл осы арада бүркіті түлкі алғандай мәз болысып, жымың қағысты.
Жалғыз Базаралы ғана қатты зекіп, ашулы ажар танытты. Ақынның домбырасын қағып қалып:
—Тек! Тантымай сөйле! Былғама Нұрғанымды! Қаңқуға қимас қадірлім болатын!- деп, үй ішіне тегіс зекінгендей қарады. Жұрт күлкісі сәтке жым болды. Бірақ айлакер, тақыс ақын бір танауынан күле түсіп, қымсынбай қайта түзеліп, тағы соза жөнелді. Тағы да алғашқы айлалы есебінің арнасына түсті:
Арғы атаң би Кеңгірбай, әкең Қаумен,
Себеп боп елді таптың денең саумен.
Жеті қойлық бестімен орай болдың,
Алысқан сеңгір едің-ау талай таумен!—
деп барып тоқтағанда, жаңағы тыйылып қалған жұрт қайта құжынады. Тағы да көп сүйсінген мақтау алғыстарын айтысты.
Жалғыз өлең сөз емес, талай түрлі, сырлы-қырлы арбасудың талас сөзіне қатты ысылған айлакер ақын жаңағы айтып шыққан өлеңімен бұл үйдің ішін түгел таң қылғандай. Айтылған сөздің бар сырын бұлжытпай таныған жүйрік, зерек Жиренше енді Әріптің жүзіне сәл ғана сығырая қарап, ақырын ғана сылқ-сылқ күледі. Оқта-текте бір сөз тастап, шым-шымдатып тіл қатады.
- Кер асқақтың сөзін-ай! Құйқылжыған қырын-ай! Айтуын білсе, ақын сөз кәпір де, түлкіге түсер қырандай! Құйқылжып құйылады-ау!— деп қояды.
Шынында, Әріптің бастауы мен аяқтауында екі түрлі сыр болды. Әуелде Оразбай бетімен Базаралыны көтеріп, шындап: «Бара соқтық!», «Кегіңді ал!», «Іркілмей соқ!» дегендей, өшіктіріп, қайрап алған. Кейін өлең үстіңде Базаралыдан кеудеге соққандай қаққы көріп қалған жерде тақыс ақын қолма-қол құбылды. Өзінің де іргелі ел, жуан ата баласы екенін сездіре, сыздана сөйледі: «Бір кезде сеңгір болсаң да, бүгіндегі сенің құның жеті қойлық бестімен тең екенін жасырмаймын. Мен саған жағынушы емеспін, қытығыма тиіп кетсең, қауып алатын азуым да бар» дегендей бір қыр да көрсетті. Бірақ бұл соңғы жайды ұзаққа созбай, қысқа ғана түйіп, келте қайырып тоқтаған.
Базаралы да мына жиынның ақылы мен ақынын барламай қалған жоқ. Ішінен осы сияқты зәр аралас қошемет-құрметті ұнатқан да жоқ. Үн қатпай сазарды да, өз ішінде жұмылып қалды.
Дәл осы мәжілісте, кешке тақау мезгілде ойда жоқ бір топ қонақ келген еді. Бұлар — Оразбай, Жиреншелер салқын қабақпен қарсы алған Құнанбай аулының жастары. Абай жіберген жастар. Солар үй ішіне кіре бере даурыға қуанып, ұмтыла көрісіп:
- Қайран Базекем!
- Асыл ағекем!
- Ардақты арысым!
- Қош келіпсің еліңе!
- Келісің құтты болсын!
- Қадамың құтты болсын, Базеке!— деседі.
Базаралы орнынан тұрғанда, оны кезек-кезек құшақтап, төс соғысып амандасын жатқандар Көкбай, Шұбар, Ақылбай, Мағаш, Ербол сияқты кісілер болатын. Бұл топтың басшы ағасы есепті Ербол Базаралының саушылығын, келіс-барысын сұрап алғаннан кейін өздерінің де мәнін айтты.
Орамды тілді Ербол баппен жақсы айтады. Абайдың «достық», «жақсылық», «ақтық» жолындағы ниеті мен сәлемдеріне өмір бойы айнымай, таза тілхат, делдал болып келген Ербол бұл жолы да Базаралы мен Абай арасының достығын ыстық, тәпі сөйлеген.
Базаралы Ерболды тыңдап отырып, осы жиындар ортасында бірінші рет босағандық көрсетті. Екі-үш тамшы жас та ағызып жіберді. Сөзбен жауап қатқан жоқ, бірақ жаңағы қалпы үй ішіне байқалмай қалған жоқ. Базаралыға арналған Абай жүрегін осы жұрттың бәрінен артық сезіп, білетін Мағаш та қазір қалтасынан орамалын алып, көзін басып жылап отырды. Үй ішіне ұзақ орнаған үнсіздікті Көкбай мен Шұбар кезек сөйлеп, әрең бұзғандай болды. Біраздан соң Базаралы өзі де шешіле түсіп, Абайдың саушылығын сұрастырды. Бұл жоқта қаза болған Құнанбай жөнінде көңіл айтты. Енді біразда үй ішіне үлкен сары тегене толы қымыз келіп, асжаулық жайылғалы жиын жүздері жадырай бастап еді.
Базаралының алдынан Құнанбай балаларының шыққаны бұндағы жұрттың бәріне ойда жоқ оқыс істей көрінген. Іштерінен арамза долбарлар ойлап жатса да, Оразбай, Бейсенбілер де дәл мына жерде Базаралыны қарсы алып отырған Абайды кекете алмады. Бұлар Базаралы жөнінде бар Құнанбай тұқымына сенбейтін. Өздері қолынан айдатқан Тәкежан, Ысқақ, Майбасарлар Базаралы келе қалса, «тыныш келеді» деп ойламайды. Оның келгенін тілеу былай тұрсын, осы Оразбайларға жеткен сыбысқа қарағанда, Тәкежан мен Майбасар «Базаралы келді» дегелі жыландай жиырылыпты деп естіген.
Қолында болыстық болып, әмір-құдірет тұрса, ұлыққа «Базаралы қашып келді», «Қашқының мынау» деп көрсетуден де тайынар түрі жоқ. «Әлде де кім білсін, қала ұлығымен бұрыннан ілігі бар, кешегі болыс болған Құнанбайлар көрсетіп те қоймас па екен!» деп Оразбай, Жиренше күдік айтысқан. Ондай қауіптерінің шет жағасын Базаралыға да сездірген. Бұлардың маңына келіп-кеткеннің бәріне бөлек бір хабар таратысқан. «Базаралы бұл келгенде патшалықтың кеңшілігімен ағарып, құтылып келіпті» дескен лақапты әдейі кең жаятын.
Құнанбайлар болса, елде жатып, «келді» дегенді естігенде, шынымен жаман ойласты. Тәкежан, Майбасар, Ысқақ болып
ақылдасып, «қайта көрсету», «қайта ұстатып жіберу» жайын ойласқан. Осы жұмысты орындауды қалаға кетіп бара жатқан Шұбарға тапсырып та көрген. Бірақ Шұбар ағайындарының бұл ойын Абайға келіп айтқанда, ол Шұбардың сөзіне қатты ызаланған болатын.
— Маған айтып келгенше, «қайтеміз» деп арсыз сөзді алға салғанша арам сөйлеген ауыздарына соғып келсең етті! «Солай етіп кеп отырмын» деп маған мәлімдесең нетуші еді!— деп, Шұбардың өзін де кінәлаған. Және сол сырға сәл де болса ойысқаны үшін, әдейі істелген жазадай, Шұбардың өзін де Базаралының алдынан шығуға қосты.
Сонымен бұл келіп отырған топтың өзге Құнанбаймен ортағы жоқ екенін білмек керек. Жаңағы Ерболдың баппен айтқан байыпты сөздері — Абай сәлемі, Мағаштың көз жасы — бәрі де Базаралыға сол бір сырды қапысыз анық түйгізді. Үлкен тостағанмен қарбыта ішкен қаланың қою қымызы енді бойға тарады. Тұманды жеңіл мастықтай қызуға айналды. Сол кезде Базаралы бүгін күн бойы отырыстан өзгеріп, өркештене көтерілді. Бұрынғы дағдысындай кейде суырылып, кейде сапылдап сөйлеп кетті. Кейбір көргенін әңгіме етіп те қояды. Өткір әзіл күлкісін де отырғандарға онды-солды кезек айтып отыр. Бір кезде Әріп ұстап отырған домбыраны одан өз қолымен алып, Көкбайға ұсынып: «Ән салшы!» деп бұйырды.
Көкбай да шабытты ақын< Алғашқы сөзде Базаралыға амандық айтуды өзінің қарызы біліп, жанынан шығара сөйлеп кетті. Тынысы кең, боздағандай зор үні бар Көкбай өз өлеңін ұзақ үнмен шырқап айтып отырды. Жақсы тілеу, дат-құрмет, қуанышты тағзым — бәрі де үлкен сыпайылықпен тәтті айтылған еді. Бір кезде Көкбай Базаралы күйінің ұлық көзінен бүркеулі болуын сездіреді. Патша ұлығы қырына алған кісінің жолы қиын екенін де аңғартады. Бірақ халық қалтқысыз сүйетін ері боп отыр Базаралы. Оны да айтпай отыра алмайды. Осындай ой мен жайларды түйе келіп, өлеңің мағыналы бір ауыз сөзбен токтатты.
Халқыңа абыройың әлі дардай,
Келбетің қырық бұт тартқан қара нардай.
Ішімнен тілеуіңді тілемесем,
Тұрмын ғой жарияға аузым бармай!—
деп түйді. Патшалық жасостарының әрекеттерінен хабары бар Көкбай бұл тұста өзге жұрт түсінбесе де, өзі үшін айта кеткендей
қылып, патшалық цензурасына да тұспал жасады. Көкбай өлеңі мен әсем әндері бағанағы Әріптің айлакер өлеңіндей емес, мәжілісті жақсы жадыратты. Содан ары өзге кіші ақындарға жол бермей, осы отырыстың лайығы сол дегендей боп, Абай өлендерін айтып кетті. Көкбай бұл күнде әншілікті қойып, жазып айтатын ақын боп алса да, қазір бұрынғы дағдысын еске алды. Бар сөзін анық етіп салмақтап, Абайдың «Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат» деген өлеңін ұзақ айтып еді.
Базаралы алғашқы бір ауыздан-ақ Абай сөзін аңғарып, қатты ден қойып тыңдап отыр.
«Арзан, жалған күлмейтін, шын күлерлік,
Ер табылса жарайды, қылсаң сұхбат!»—
деген жерде Базаралы бас изеп, Әріп ақынға көз қиығымен салқын қарап өтті.
Жалғыз қымбат қонақ Базаралы үлкен ілтипат жасаған жырға Оразбайлар тоқтау сала алмады.
Бірақ Жиреншемен екеуі де жастықтарына жантайып, өзара күбірлесіп кетті... Іштерінен Абай сөзінің бұлар алдында айтылғанын ұнатқан жоқ.
Көкбай бар өлеңді түгел айтып тоқтағанда, Базаралы ойланын отырып сөз қатты:
— Абайдың бұл айтқаны да жақсы екен. Сенің ұғынып, жұртқа жайғаның да қандай ғанибет!—деді.
— Бұнысын не дейміз? Өсиет болғаны ма?— деп, Жиренше басын көтерді.
— Абай да осы жер ортасына жеткен жоқ па еді? Жастың, жігіт-желеңнің сыңқыл-сылтыңына килікпесе болмады ма?— деп, Оразбай бір танауынан күлді.
Базаралы бұларға аз кекесінмен күле қарады.
— Ей, Оразбай, ағаның ініге ақыл-өсиет айтуы да айып болды ма? Білгеніңді бүгіп, тапқаныңды тығып, көрге бірге әкетпекпісің? Алдыңғы жақсы артқы жасқа тәлім айтпаса, ел болғаның қайсы?—деді.
Оразбайдың мына жиын алдында дауласқысы келген жоқ. Қолын сілікті де:
— Е-е, бопты... Тәлім болса жарады, тәйтік шығып жүрмесе! деп, жұмбақтап, күдіктеніп тоқтады. Бұл кезде Базаралыға еті үйреніп айтқан сөздер Мағаштан, Шұбардан, Ақылбайдан да кезек шығып отырған. Осындай бір орайда Базаралы айдауда кездескен
бір орыстар жайын еске алып еді. Шұбар оған оқыстан бір сауал беріп қалды:
— Базеке! Орыспен көп араластың ғой. Орыс тілін біліп қайттың ба? Жоқ па!?— деп еді.
Базаралы бұған қарап, жалт бұрылды. Үлкен нұрлы көзі үйреншікті ащы мысқыл отымен жана түсіп, лезде жауап қатты. Шұбардың жүзіне жарым денесін бұрып алып:
—Е, шырағым! Өзімнің көкмилығым болмаса, тәуір-ақ орысша білетін жерге жібердің ғой!— деп салды. Ызасы да, әзілі де бір-ақ төгілгендей. Мылтық атылғандай жарыла шыққан мысқыл еді. Ажалдай тап басты. Әрі тез, әрі тапжылтпастай мығым соққы. Үйдің іші амалсыздан ду күлді. Тек кекесінмен айтпай, қалжың үшін айтқанын танытып, Базаралы өзі де қатты күлді. Шұбар да мысы құрыса да еріксіз күлген.
Кейін жиын тарқарда Абай жіберген інілер ренжіп кетпесін деп, далаға Базаралы әдейі ере шығып, жақсы қабақпен ырза қош айтысып, өз көзінше барлық топты аттандырып салды.

КЕК ЖОЛЫНДА



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   21   22   23   24   25   26   27   28   ...   70




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет