2 Бүгін де күз аспаны күңгірт, айнымалы ала бұлт болатын. Абай мен Әйгерімнің бұл кезде тіккен үйлері «қоңыр үй» деп аталады. Күз кезінде тігілетін күзектік жай. Қазір сол үлкен «қоңыр үйдің» ішінде Абай мен Әйгерімнен басқа Зылиқа бар. Ол үй ортасына сары қидың отын жағып, үлкен қазан көтеріп, жаңадан сойылған тайдың етін түстікке асып жатыр.
Үй іші күзектің суық күндеріне бейімделіп жиналған. Биік төсек, жүкаяқтар жоқ. Мол жастық, қалың көрпелі жертөсек пен айнала тұтқан қалың текемет, түскиіз, кілемдер бар. Төр жақта сырмақ үстіне салынған арқар терісі, жүні ұзын сеңсең бөстектер жатыр. Іргеден жел соқпастай етіп қымталып-шымқанған жылы жайдың қонақ отыратын орындары да әрі жұмсақ, әрі сыз өткізбес қалың. Маздап жанған қидың оты қызуын үлкен үйге кең жайып, даланың салқынын бұл мекенге кіргізбей түр.
Таңертеңгі асты ішкен соң, жаңа жеңіл күпіні иығына жамылып, басына лақ терісі жеңіл берік киіп, Абай қалың кітаптар оқиды. Бұның қасында дағдылы Пушкин, Лермонтов мұралары мен Байрон, Гете томдары да аралас жатыр. Кітапты Абай бұл шақта көзілдірікпен оқиды.
Оның алдында, ымыртта Мағаш пен Дәрмен күндізгі дау-жанжалдан қайтып келген соң, көп кеңес болған-ды. Әуелі Абайға кіріп, бар кергенін екі жігіт кезектеп айтып шыққанда, Абай неғылардың бабын таппай, қатты толқыған.
Өз ішінен үндемей тынып, уланып ойланды. «Қандай жолға, не деген жөнге сыйғызады? Жоқ, жолды неғылсын бұл зорлық!» Ол — қазір де, елу жыл бұрын да, жүз жылдан ары да осыдан аумай, өзгермей жүріп келген жыртқыштық... Осыны толғай келгенде Абайдың есіне кешегі өзі айтқан Еңлік, Кебек жайы түсті. Ол қайғы мен бұл қайғы, ол зорлық пен бұл зорлық — екеуінде де бір тек бар, бөрілер заңы... Тек істеушілердің аттары ғана өзгереді, бірде — Кеңгірбай, бірде — Құнанбай, бүгін — Әзімбай. Тұс-тұсына қарай қиянатының алуаны ғана басқа. Не деген айықпас, қараңғы қара ну.
Тағы бір толқын ойда Абай «кетер ме еді осылардан», «бөгде бір ел-жұрт, дұрыс орта іздеп кетер ме еді?» деп ойланды да, өз ойына өзі мысқылмен қарады. «Жас шағымда соны етсем еді» деп орыс шаһарын, орыс қауымын еске алды. Бірақ жігер мол жас шақта кету түгіл, осы елден артық ел, осыдан артық қызық орта бар дегенді ойламаппын да. Ал енді ше? Енді өмірдің, жастың осылай өзгеруі ме!? Енді барды жұлқып тастап басқаша дүниеге кіріп, кірісіп кетем деуге мезгілім кеш тартыпты. Бірақ «не кетпей, не алыспай тағы отыра алмайсың» деп, шұғыл бір батыл ойға тақады да, «тегі, кету деген дұрыс қой, бірақ елінің ішінен кету емес, сол ел ішіндегі жақыныңнан шыққан жауыз топтан кету керек те, ел ішіңдегі жақының — көптен дос табу керек. Осыған жігерім, жүрегім бастау керек. Менің бекініп баруым керек» деп ойлады.
Үнсіз қалған Абайды Мағаштар тосып отыр екен. Енді жаңағы ащы ойдың бір шетін ғана шығарып, жастар күткен сөзін айтты.
— Жаттан шыққан, қаптап жатқан жауыз бен жауыздықты қайтіп тыясың. Қаскөйдің ең бір тынымсызы — өз қасында, бауырында отыр. Сол екеш соған да тайым салар салмағың жоқ. Қорлықпен өткен қу өмір! Жылаған ел, жылатқан бұл. Арасында қайғы-қасірет тартушы менмін дегені кімге дәрі, не жұбаныш! ? «Пішенді тасып аламыз» дегені дұрыс байлау. Орайы сол ғана. Дегенін орындаса, Әзімбайларға содан басқа сабақта, жауап та жоқ. Бірақ мен енді осы күзде, ел қыстауға қайтқанша Тәкежанмен жүзбе-жүз сөйлесетін болайын. Мынау елдің, қажырлы елдің дәл бұл ісін аяқсыз тастап болмайды!..— деген.
Осы байлаудың артынан Абай Мағаштарды босатқан-ды.
Кешке отауда, өз топтарының ортасында Мағаш пен Дәрмен күндізгі көрген Әзімбай ісін «Әзімбайдың иттігі» деп тұрып қатты сын, үлкен ызамен сөз еткен-ді.
Кәкітай сол әңгімеде кеше күндізгі Шұбарлардың мінін де еске алып, жиреніш білдірді.
— «Өлең шығаруыңызға залал етеді. Тәкежанға жіберіңіз» дегені қай бұлтағы соның?
— Рас айтасың, анық бұлтағы,— деді Мағаш та.
Екеуі де жалған, бояма мінез көрсе күйініп, сескенетін шыншылдығын аңғартты.
Ақылбай болса, Шұбарды барлық ішкі сырымен таныған екен.
— Ой, Шұбар айлалы есептен айрылған ба! Ол бұл істің арты көп түйінге соғатынын сол сәтте-ақ болжап сөйледі ғой. «Мен сонда-ақ айтқамын!» деп ертең басын Абай ағамнан әдейі аулақтап алмақ боп айтып тұр ғой. Тәкежан мен Абай арасында керіс туады.
Сонда тағы аралықта, тең артта қалмақ есебі емес пе? Абай мен Тәкежан араздығын іштей тілейді де, сырттай айламен алты қырдың астынан өршіте жүреді ғой, Шұбардың шықпастан баққан қақпаны — өмірлік қақпаны осы емес пе?
Өзге жастарға Ақылбай жер танытып ой салды. Бұ да Абайдың ішкі-сыртқы көп жарасының бірі тәрізді, айықпас дерт. Әзімбай ашық зұлымдық атты дерт болса, мынау — екі жүзді айлалы жабысқақ кесел. Анадан құтылып болмаса, мұның шырмауынан да айығып болмайды. Өйткені аты туысқан, өмір ұдайы кездестіреді, байланыстырады. Қашып құтылам десең қайда кетесің! Соның бәрінің үстіне Шұбар үнемі Абайды жағалап жүруден де талмайды. Қуып айдап салу және жол емес.
Мағаш осы жайларды ойлай түсіп, өзі де тұнжырап қалып еді. Артынша Дәрменнің көңілашар мінезі себеп боп, мәжілістерін басқаға бұрысқан. Сөзді еткен күннің ақындық жөніндегі кеңесіне арнасқан-ды.
Кеше Мағаштар әңгімесін естігелі түн бойы Абай аунақшып, күрсініп қапаға түскен. Қазіргі күн райы да күңгірт көңілдей. Адамды жүдетіп, тонап, ұдайы иықтан басып тұрғандай. Сол үшін де Абай, тым құрыса, қиялымен басқа өмірге, өзі сүйген басқаша көңіл мекеніне кетуге тырысады. Пушкинмен сыр қосып, жүдеген көңіл жұбаныш іздейді.
Әйгерім отқа жақындап отырғандықтан, өңі ажарланып, балқығандай қызара түскен. Үстіндегі қалың қара жібекпен тысталған пұшпақ ішігінің айналасына жалпақ құндыз ұстатқан. Ішігінің сәнін бұрама күміс түймеге орнатылған үлкен кесек маржандар ерекше ажарлап түр.
Басындағы кимешек шаршысы да ұқыпты сәнмен тартылған, кіршіксіз аппақ.
Бұл күнде тола түскен Әйгерімнің нұрын сәнді таза киімі, әсіресе, көркейткендей. Әйгерім Абайдың қыс киетін түлкі тымағын тігіп отыр. Абай кітап оқыса да, тыстағы күннің райын анда-санда шаңыраққа қарап, жиі барлайды. Таңертеңгі шайдан бері кіріп-шығып жүрген Зылиқадан екі рет:
— Күн қалай? Бұлт қалай? Күн ашылатын реңі бар ма?— деп сұрай берген.
Таңертеңгі астарын өзді-өз отауларында ішкен Мағаш, Ақылбайлар мен қонақтар енді ғана Абайдың үстіне келіп кірісіп жатыр.
Бұл ауылдың өз адамы боп кеткен дағдылы қонақтары: Ербол, Көкбай, скрипкашы-әнші Мұқа, Баймағамбеттер бөлек бір топ боп кірді. Бұл топ — Абайдың өз үйінің қонағы.
Дәрмен, Кәкітай және жас әнші Әлмағамбет болса, Мағаш отауының қонағы. Ербол Абайдың төр жағынан, өзінің дағдылы орнына кеп отырғанда, Абай одан да:
— Күн қалай? Айығып, ашылатын ба?— деп тағы сұрады. Көзінен көзілдірігін алып, кітап бетін жауып, енді үй ішіне көңіл бөлгендей. Әйгерім Абайдың жүзіне күлімсіреп қарады да:
— Абай-ау, жұт жылғы аязды күнді сұрағандай таң атқаннан бері қайта-қайта күнді сұрай беретініңіз қалай?- деп ақырын сыңғырлап күлді.
Абай Әйгерімге жалт етіп қарады да, сүйсініп тамашалағандай боп қалды. Әйгерімнің жүзі қазіргі сәтте ағы — ақ, қызылы — қызыл боп, нұрлана балқып тұр. Күміс қоңыраудай күлкісі де күн күйінен, көңіл кірбіңінен аулақ. Мамырдың ашық-жарқын көктем таңындай екен. Абай бұған қарап, күлген жүзін көп тоқтатып тұрып әзіл қатты:
— Рас-ау, мен күн райын көп сұраппын-ау! Оны сұрағанша, сенің жүзіне қарасам етті. Тыс қанша көріксіз болса да, қоңыр үйдің өз күні балқып түр екен ғой! Шұғыла атып тұрғанын қарашы, Ербол! Қандай күз жүдеткендей мына жүзді?— деді. Әйгерімнің өңі бұрынғысынан да қысыла қызарды. Сыпайы, ұяң үнді күлкісі естілді.
Күлкі аяғын Әйгерім Зылиқа жаққа бұрып, кірген қонақтарға қымыз әкелуге бұйырды. Жаңа көк дастарқан жайылды. Үлкен қамыс тегенеден сылдырмақты күміс ожаумен құйылған көп сары тостағандағы қымыз Абайдың өзінен бастап, үй ішіндегі қонақтың бәрін жағалады.
Күздің ақшыл тартқан қою қымызы бүгін ерекше жақсы ашыған екен. Салқын түндерде шала ашып, саумалдау боп тұратын бір қымыздар болушы еді. Бүгін олай емес, алғашқы тостағанды тамсанып ішкен қонақтардың бәрі де: «Бүгін қымыз жақсы ашыған екен!», «Нағыз қоймалжың, ұрып жығар қымыздың өзі екен!» десіп мақтаулар айтысады.
Асылып жатқан ет, маздап жанған от, қою қымыз — бәрі де қонақтар көңілін көтере түскендей. Абайдың бүгінгі мәжілісі күйлі мәжіліс болғандай.
Кешегі Еңлік пен Кебек жайы бұл жиынның әр адамына әр толқын ой салғаны бар. Абай үйіне келместен бұрын: Көкбай, Ербол, Мұқа, Баймағамбет осы жайды «ұраңқай» деген қонақ үйде жатып ертемен әңгіме етіскен-ді. Бұлар арасында Еңлік — Кебек уақиғасың Ербол жақсы біледі екен. Ол Кеңгірбай «ісін» Тобықтының аздығынан, әлсіздігінен істелген амалсыз бір байлау
деп баяндаған. Бұл үйдегілердің кеңесінде оншалық дау-дүдәмал болған жоқ. Өткеннің тек бір естегісі ғана боп баяндалған.
Осы жайдағы анық қызу кеңес кеше кеш бойында, бүгін таңертеңгі шайда да Мағаштың отауында қозғалған. Онда Ақылбай, Мағаш, Кәкітай мен Дәрмен - барлығы да, кешегі Абай мәлімдеген аз әңгіме айналасында көп ойлар, көп қиялдар, болжаулар айтысқан. Аяныш, жиреніштей, ыза-намыстай отты сезімдерге бой ұрып, неше алуан толқысқан-ды.
Қызу шабытты талас үстінде Мағаш пен Дәрмен бірталай желілі әңгімені еспелеп, дамытып ойласқан. Тек екеуінің де қиналып кеп тірелген, шеше алмаған бір жайы бар. Бұларға шешуі қиын түйін болып қалған Абай айтқан «өмір шындығы». Сол «шындықты тауып ашып, басым жырла» деген тәрізді еді аға ақын. Дәрмен осы жұмбақты шешемін деп бір болжау айтқан.
—Абай ағамның «шындық» дегені маған Кеңгірбай турасында нұсқалған сөздей сезілді. «Осы елдің әруағы болған Кеңгірбайды құр «жарықтық еді» деп, «басқан ізінен садаға» деп жырлама! «Шынды айт. Мінді сыры болса, оны да қосып, ашып айт» дегендей көрінді!—деген.
Еркіне салса Дәрмен Кеңгірбайды өзі естіген шын әңгімелер бойынша сынға салып, мінеп көрсеткендей. Мағаш осы жөндегі кеңестің дәл Кеңгірбай тұсына келгенде қиын бір тығырыққа тірелетінін көреді. Бұл ретте ол:
— Әуелі, шындық дегеннің өзі не? Көпшілік бас шұлғып, құптап жүрген жайды «шындық» дейміз бе? Солай деп білсек, онда Кеңгірбайдың жолына шырақ жағып түнегеннен басқа жоқ. Бірақ «шындық» тек көптің құптағаны ғана ма? Олай болмас. Жалпы «хақиқат» деген көптің айтқанын ғана қостаушы болмаса керек. Қайта сол көптің адасқанын ашып, тыңға бастайтын болса керек. Жә, сол хақиқат осы тұста неменеде?!— деп бір сауал қойған.
Ақылбай жай сөйлеп, шабан ойлайтын әдеті болса да, осындай жайларды өзгелерден тереңірек алып, түкпірлеп ойлаушы еді. Ол өзінің Ділдә даусына ұқсастау гүжілдеңкіреп шығатын салмақты үнімен жаңағы екі жас, іні-достарға көлденең бір сөз тастаған.
— Мен Кебек, Кеңгірбай жайы ғана емес, басқа бір ойдамын. Әуелі, осы хақиқат дегеніміздің өзі не? Мәңгі бақи һәр заман, һәр
ғалам, һәр бір қауымға түгел ортақ, айнымай тұратын хақиқат деген бар ма өзі, жоқ па?! Сол сияқты ғаделет, шафқат, зұлмат деген жайлардың барлығы бар заманға ортақ боп, өзгерместей боп шешілгені бар ма, сірә?!— деп, тоқтады.
Бұл сөздерді Кәкітай сүйсіне тыңдады.
— Ақыл аға! Осы айтқаныңыз, мен білсем, талай хакім, ойшылдардың да сан кітаптарында осылайша қойған сауалы сияқты. Дәл сізше айтып, күдікті сауал қойсаң онда бір есептен «бар заманға ортақ хақиқат жоқ» дер едік мысалы. Олай болса әділет те, зұлмат дегеніміз де әр заманда әр түрлі өзгерсе керек еді. Осының бәрі рас болса, онда кім біледі, Кеңгірбай заманында Кебектерді өлтіру, тіпті, зұлымдық емес те шығар. Бәлкім, сол заманның өз хақиқаты, өзінше ғаділеті сол жазаның өзін шафқатым деп білген шығар. Бұған не айтар едіңіздер?!- деп Мағашқа қарады.
Осы алуандас кеңесте бұлардың дауласуы, жарысып, ой жүгіртулері көп болатын. Кейде өздері айтысып кеп тоқтасады да, көбінше дау-дағдарыспен Абай алдына келіп, сонда бірге кеңесіп, бірдемеге келісетін. Кейбір жағдайларда бұлардың дауы жаңағы Ақылбай мен Кәкітай басып өткен сияқты қызық та, қиын да шытырманға соғатын. Сонда, әсіресе, Кәкітай айтқандай, кей кеңесте бұлар мұсылманшылық исламият қағидаларынан шалғай да шығатын. Мағаш біраз үндемей отырып, ойланып қалып еді. Енді Кәкітайға разылық жүзбен сүйсіне қарап сөйледі:
— Кәкітай! Сенің орысша сауатың бәрімізден артық ашылып келеді-ау өзі! Ақыл ағам бастаған сөзді сенің таратуың, әсіресе, орыс кітаптарындағы ойшылдардың аңғарына тартады. Дұрыстықтың өзі де көбінше сол жақта тиянақты шешіледі ғой. Бірақ мен исламият тұрғысынан қарасам...— деп күлді де,— екеуіңіз де күпірлікке аяқ бастыңыздар дер едім!— деді. Кәкітай тез ұғынды да күліп жіберді. Ол бұндайдан онша сескенбейтін сияқты, үрке қойған жоқ.
— Десең де! Бірақ өзіме айт тек! Көкбай мен Шұбардың көзінше айтып жүрме! Олар бұндай мәселені шархи кітаптар шеңберінен шыға сөйлесең тыжырынып, ашу шақырады!
Ақылбай «күпірлік» деген сөзден сескеніп қалды. Ол да өзінің мұсылманшылығын Мағаш, Кәкітайлардай емес, берік санайтын. Енді салмақпен баяу сөйлеп, ақырын ғана қоңыр үн қатып, Мағашқа наразылық айтты.
— Мағаш, «күпірлік» деп, сен мені қайда апарып тастадың!? Қалай сөйлесем де қыблам дұрыс деуші едім. Сен осы не айтып кеттің?— деп ойлана сөйлеп отыр.
Мағаш іле күлді де:
— Қыблаңызға шүбә қылмаймын, Ақыл аға! Бірақ жаңағы айтқаныңыз шын болса, қыбланамаңыз қисық көрсетіп тұрған сияқты!— деп мысқыл айтты.
Ақылбай әлі де түсінбей, Мағаш ойының соңын күтіп отырған сияқты. Ағасының жүзінен осы жайды түйген Мағаш тағы сөйлеп кетті:
— Мен сіздің күдігіңізге күдіктендім. Сіз: «Замандарда, қауымдарда, әр дәуір-дәуренде әр түрлі хақиқат болмай ма? Ғаделет әр түрлі түсінілмей ме? Зұлматты ұғыну басқа-басқа болмай ма» дедіңіз ғой. Уәлакин аят, хадіс осылай дей ме екен? Біз «пайғамбардың жолындамыз» дейміз. Яғни, жаңағы сіз айтқан хақиқат, зұлмат, ғаделет — бәр-баршасын құран мен хадісте айтылған түрде ғана түсінбей ме бар мұсылман? Егер олар өзгеріп отыратын болса, онда дініңіз де өзгермекке керек емес пе? Оның фарыз, сүндеті бар заман қауымына аумас, айнымас қағида болғанмен, келесі қауым үшін тозып қалмас па?! Сіздің өз сөзіңізден осы байлау шығатын сияқты. Бұлай болғанда ұрыспаңыздар, Ақыл аға, тағы айтайын, кей қауымға пайғамбар, тіпті, пайғамбар емес те, Әбужәһіл, тіпті, жаһил емес болып кетуге де болмай ма екен! ?— деді.
Кәкітай мен Дәрмен Мағаш ойының батылдығына, өткірлігіне қызығып қалды.
Ақылбай өз қиялының бір түйінін енді шешкен еді. Ол да Мағаштың ұшқырлығына сүйсінгенмен, іргесін берген жоқ.
— Біз, мұсылман ғаламы, бұл жайларды басқаша түсінеміз. Замана өзгереді, соған лайық тұс-тұсында нәби келеді. Тәурат, Забур, Инжил, Кәлем-шарифтей кітаптар келеді дейміз. Замана өзгеріп, қағида ауысып отырса да алланы тану, яғни тағрифолла мәңгі бақи ауыспайды деп білеміз!— деді.
Дәрмен Ақылбайдың да қиялап шыққанын қызығып тыңдады:
— Бәсе, Ақыл ағам неге алғызсын! Болмаса, Мағаш пен Кәкең қақпалап, қайда әкетерін де білмес едік,— деді.
Ақылбай енді көтеріле түсіп, інісін әзілдеді.
— Міне, Мағаш шырақ, бастығың әкең болып, өздерің қай қияны шарласаң ықтиярың. Бірақ өзгемізді мұрындығыңа іле кеткеніңді қой,— деп, әңгіменің аяғын күлкімен тоқтатты.
Мағаштың ойында одан ары айтарлық та дау бар еді. Ол: «Пайғамбардың өзінен бері қарай да сан ықылым ауысып, сан заман қауымдары құбылып, өзгеріп өтті. Адам баласының есею тарихы шын өніп-өскенде соңғы пайғамбар заманынан бері қарай қатты, өзгеріп өсті» деп ойлап еді.
Бірақ Көкбай, Шұбар, Ақылбайлар өздерінше иманына берік болып сөйледі. Сондықтан олардың шыңына жетіп, аса батырып айтуды Абай, Мағаш, Кәкітай үшеуі де көп машық етпейтін.
Бұдан арғы жайды олар өзді-өзі үшеуі ғана болғанда ашық, еркін сөйлесе алады. Мағаш соны ойлады да, үндемей қалды. Дәрмен болса, алғашқы өзі бастаған «шындық», «өмір шындығы» деген желілі ойдан үзілген жоқ. Ол мына үшеуіндей орысша, мұсылманша кітаптарды оқып, ұғып жүрген замандастарынан өзінің әзіргі біліп, тоқығаны аздығын ойлайтын. Сол себепті жаңағы құрбыларының таласқа түскенін аса қызығып тыңдап, іштен өз талабына олар таласынан жауап та күткен. Және бір жұбаныш ойды да ойлай отырды. Абайдың алды осылардай айналасы бұл үшін соншалық қадірлі, қызық орта болып, үнемі сүйсіндіре жүретін. Қазірде де ішінен: «Абай ғана емес, тек мына жастардың аузынан еститін сөзді қай қазақтың тобынан естуге болады?» деп ойлады.
Өзінің бұл күнде осы ортадағы еркін еркелік қадіріне де және Абайдың туған баласындай аса бір ыстық көретін дос-бауыры болғанына да көп жұбаныш еткендей.
Бірақ ол Еңлік, Кебек жайын жазуға бекінгендіктен «хақиқат», «шындық» деп аталған мағыналы, сырлы сөздер жөнінен әлі де жауап күтті. Сол жайда жолдастарына айтып та қалды.
— Бақастарың қызу да, қызықты да болды-ау! Бірақ менің алғашқы сөзім орай жауабын ала алмай, жесір қалды ма деп отырмын. Кебектер туралы кешегі Абай ағам айтқан, шарт қылған «шындық» немене еді? Соны шешеміз деп шетке кеттік. Тіпті, шығанға шығып кеттік!—деді.
Кәкітай жаңағы сөздерге енді қайта оралуды қисынсыз көргендей, қалжыңға сайды.
— «Аударыса-аударыса өртеңге шығып кеткенімізді білмей қалыппыз» деген біздің Әжекеңнің бір-екі мылжыңын айтқандай болдық,— деп Мағашпен қосыла күлісті.
Бірақ Дәрменнің қабағы мен көңілін Мағаш тез танушы еді. Оның шындап ойлап отырған жайы жауапсыз қалғанды лайық көрмей, Мағаш аз сөзбен Дәрменді тоқтатарлық бір жауап айтты.
— Сен іздеген «шындықты» бірге іздесеміз деп, біздің қалай-қалай жайылғанымызды көрдің ғой. Енді сол өзі айтқан «шындығын» ағамның өзіне шешкізейік!— деген.
Бұған Дәрмен бастап, барлық топ тоқтағандай болды. Осы кезде шай жиылған және Мағаштың әлгі бір кезде «ағам тұрып, шайын ішіп болды ма екен, біліп кел» деп жіберген жолдас жігіті, жас әнші Әлмағамбет жаңа қайта оралып келген. Ол:
— Абай ағам шайын ішіп болып, кітап оқып отыр. Ұраңқайда Ерболдар да шай ішіп болыпты. Кешегі сойылған ала тайдың қос
телшесі былқып асылып жатыр. Үй жылы, әңгіме-дүкен сонда. Енді өзгені неғыласындар! Абай ағамның түстігіне солай аяңдайық та!— деп, өзінің ақыл байлауын айтқан. Бұл үйдегі жиын Абай үйіне осыдан соң келген-ді.
Қымыз үстіндегі мәжілістің бір кезегі жаңағы Мағаш үйінде басталған ойшылдық, келелі кеңеске ауыса берді. Ол үйде болған сөздің барлығын Мағаш баяндап беріп еді. Абай Мағаш жүзіне қадала қарап, ұзақ тыңдап отырды. Тек Мағаш сөзін аяқтай бергенде, бұлар әңгімесін үзгендей, біраз дабыр-дүбір сырттан естіліп, Абай соған алаң боп, есікке қарап қалды.
Үй сыртына кеп түскен ат дүбірімен аралас, арсылдап үрген ит даусы келді. Сол иттерге айбар шеккен жүргінші дыбыстайды. Біраздан соң киіз есік көтеріліп ашылып, бір үлкен кісіге жол бергендей. Ол кісі кіргенше, үйге салқындап соғып жел де кірді. Қазан астындағы от қисая жанын, төрдегілерге сары қидың ащы көк түтіні шалқып жетіп, беймазалық жасады. Отырғандар бірі жөтеліп, бірі көзі жасаурап бетін басып қалысты. Неғылса, үйдегілер ажары жақсы әңгіменің желісін үзген келушіге ырза еместей, тыжырынып қарсы алған.
Аздан соң қонақ кірді. Ол сәлем бермей, үйдегілерден сәлем күткен бір үлкенірек аға, ағайын екен. Сағал көз, сары жүзді, үлкен қауға сақалды, бурыл тартқан қартаң кісі Жұман болатын. Абайдан басқаның бәрі оған даурыға сәлем беріп, дәл төрден орын босатысты. Әйгерім үлкен қайнаға келгенін көріп, сыпайы сызылып, орнынан тік тұрып қабыл алды. Жұманның қасында өзіне тартпаған талпақ қара баласы — Месқара бар екен. Абай мәжілістің шырқын бұза келген қонақты жақтырған жоқ. Ағасы болса да Жұман төрге кеп отырғанша, қадалған салқын көзін одан алмастан, жағалай қарап өтті.
Жұман - белгілі мылжың, берекелі сөзі жоқ, Абайдың ағайын ішінде ең бір нәрсіз көретін кісісі. Бұны Абайдың жақтырмайтынын Жұманның өзі де біледі. Бірақ оны елейтін Жұман жоқ.Ол кеше «Абайдың үйі қысырдың тайын сойды» дегенді естіген-ді. Сол жеткілікті. Күздің мынау жүдеу бүрсең кезіңде, үйде көп күтім болмай жүрген шақта, біреудің жылы үйіне барып, күздік қымыздан ішіп, семіз тайдың телшесін жеу — Жұман үшін ең үлкен істей. Сонымен таңертең тұрғаннан бері Абай үйінен түстіктің түтіні шыққанын күткен. Атын ерттетіп, өзіндей мылжың баласына Абай аулы жақты андытып та қойған. Қазір, міне, келгені де сол.
Тегінде, Абайдың қысқы, жазғы түстігіне үнемі шақырусыз, емеурінсіз, өз еріктерімен келіп, күні бойы Абайдың сөзін
тыңдағансып, ләм демей, үнсіз отырып, түстікті бірге жесіп алып, өз беттерімен аттанысын кете беретін көп кісілер бар-ды. Жас талапкерлер ынтасы бір бөлек болғанда, бұл адамдардың көбінің мақсат-мұраты да, іздейтіні де тек ет пен қымыз болады.
Жұман сондай келгіндердің анық өзі болғандықтан, бұл алуандас келді-кетті кісілерге Абай да көңіл бөліп, ілтипат қылмайды.Тек өзінің мәжілісі жарасқан адамдарды алаң етпесе болғаны. Қазірде де Жұмандар қымызға бас қойысымен Абай оларды ұмытты да, айтып отырған кеңесінің желісін қайта тауып, өз сөзіне кірісті. Бұның ойында отырған жаңағы Мағаш баян еткен «өмір шыңдығы», хақиқат жайы болатын. Алғашқы сөз Дәрменнен шыққандықтан Абай әуелі соны мүдірткен ойларға тоқтады.
— Ақын айтса, өмір шындығын айтсын дедік. Ол не деген сөз? Бұл туралы орыс хакімдері, ойшылдары ашып айтқан. Өлең сөз өмірдегі болып тұрғанды ғана айтпасын, оған шешу айтсын дейді. Яғни сын айту керек және өкім айту керек дейді. Жаңылмасам, осы Чернышевский пікірі болса керек. Мүбада, сіз өткен заманның Кеңгірбайдай ел әкімі туралы рауаят етпек болсаңыз, соған байланысты бүгінгі көпшілік күнде айтып жүрген «жарықтық», «әруақ» дегендей мағынасыз, нәрсіз сөздерді қайталамаңыз. Заман мінезінің шыңдығын ашып, сынап айтыңыз деген сөз!—деп, келелі ұзақ ойының кең өрісін ашты.
Бұл жөнінде «Кебек пен Еңліктің ат құйрығына тағылып өлтірілуі өзге түрлі шарасыздықтан емес, Кеңгірбайдың Сыбан, Матайдан пара алып, екі жасты сатқанынан» деп ашып айтып кепіл.
Абайдың қымыз үстіндегі ұзақ кеңесі үй ішіндегі саналы жастардың барлығын зор ықыласпен тыңдатып еді. Бұл кезде қымызға тойып қанған Жұман қазанның пісуі жақын болғанын күтіп, Абай сөзін тыңдауды қойған. Үнемі Зылиқа мен Әйгерімнің қозғалыс, қабақтарына қарап отырған.
Үй иесінің бұған ұғымсыз сөздері оны талай рет талдырып, қажытқан болатын. Кейде тамсанып қойып, кейде ұзақ-ұзақ қалғып та кетеді. Енді бір кезекте Абай өз әңгімесін жастар айтқан «хақиқат» деген жайға бұрған. Оған ауысарда:
— Бұ да келелі бір ұзақ кеңес!— деп бастап еді.
Жұман осы кезде баласына белгі етіп, жастық алғызды да, күпісіне қымтана түсіп, жантайып ұйқыға кепіл. Абай «хақиқат» әңгімесін бағанағы жастар қозғаған дінге байланысты жайға әкеліп, содан бастады.
— Әрине, «хақиқат» әр түрлі. Ислам діні өз хақиқатын бар мұсылман айтатын «иман» ішінде келтіреді. «Амантұ биллаһи
Уәмәләйкатиһи, уақ тубиһи, уәрсулуһ» дейді. Онысы сайып келгенде, «шындықтың» бәрі кәлем-шарифте айтылған да, болған деген маүзүғда. Өзгені қояйық. Жақында мен қарастырып өткен бір философтың құранмен бахас жасаған біраз сөздерін ғана сіздерге баян етейін,—дегенде, Көкбай тамағын қатты кенеп алды. Үлкен күдік еткен жүзбен Абайға қарап, «лайықсыз нәрсені айтады-ау» дегендей қадалып қалыпты. Барлық жас атаулы енді қымызды жиғызып, иіріле жақындасып, қызық мәслихат күтіп, Абайдың жүзіне телміре қарасты. Абай сөйлеп отыр.
— Сол философ айтады: «Ал біз иланайық, яғни құран жаратушы иенің бір ғана соңғы пайғамбарына өзі айтып берген сөзі болсын. Солай болатындықтан бұл адам баласының көп ойшылдары, ғалымдары айтқан сөздердің барлығынан да дұрысырақ, тереңірек болса керек. Ғылымның ғылымы, шындықтың шыны, ойшылдықтың ең жоғарғы өрі осында болса керек еді, ал бірақ осылай болмай тұрғаны несі?» дейді жаңағы философ.
«Үндістанда болған даналар, гректе болған ойшылдар кітаптарынан бұл кітаптың терең емесі несі?» дейді. «Хақиқаттың шешуі: Жаратушы кім? Ғалам дегеніміз не? Жан не нәрсе? Және адамның хақиқатты білуіндегі дерегі не?» Осыларға шешу айтса керек. Әлбетте, ең үлкен, ең дұрыс шешуді құраннан күтсе керек. Ал дұрыстығына келгенде, осы жайларға құран беретін жауап, бұрынғы-соңғы ойшылдар айтқан жауаптардан кем соққаны қалай? Бұның философиясы, сонау қытай мен монғолдар тұтынатын «буддизм» дінін жасаушы Шакия Муни кітаптарының философиясынан әлсіз. Бұның айтар ғылымы — ешбір сынды көтере алмайды. Философия ғылымы, астрономия, космогония және дүниенің жаралысы, адам ағзасының әрекет сырлары турасындағы ғылымдар бар — бәрі туралы құран баян ететін ойлар қарың ашырады. Күлкі де болып шығады, дейді!— деп бір тоқтағанда, Көкбай «астапыралла» дегендей, қабақ түйіп, төсін басты.
Ал Дәрмен мен Мағаш, Кәкітайлар өздері сүйсінген ойларын аша алмаса да, Абай айтқан жайларға соншалық ынтыға қызығып тыңдайды. Абай әлі сөйлеп отыр.
— Хатта, ол философ құран ішінде адам иланғысыз ертегілер де бар, ғылым, фарасат білген сау ақылды адамдар иланбайтын «жын, сиқыр» сияқтыларға балаша илану да бар дейді. Еске алыңыздаршы? «Әлем тәрәкейфә фаъъала раббукә би асхабиль филь» деген аят қандай еді? Яғни, «Тәңірі иеге күфірлік келтіргендіктен филь қауымына қарсы, ғажайып құстар келіп, әр адамның баласына тәңірінің қаһар тастарын тастап өлтіргені
кәні!» дейді ғой құранда. Осыған қалай илануға болады? Яки, және де күндегі бес уақыт намазда, мына Көкбай оқып жүретін құран дұғалығы бар. «Құл ағузі бираббил фәлақ миншәррима халақа, уәминшәри нәффәсәти филь ғуқад» дейді. Яғни, «раббыңнан сақта» деп сұра, сиқыршы кемпірдің шүберекке түйіп, әфсун оқып сиқырлап тастайтын пәлекетінен сақта деп тіле!» дейді. Бұл философ айтқандай, өзіміз осы күнде иланбайтын, бақсы-құшнаштың сандырағына иланғандықты көрсетеді емес пе? Міне, «хақиқат» деп жүргеніміздің кейбірі бара-бара осылай ойлай берсек, сиырқұйымшақтап барып, әлдене боп кеткені де бар!—деп күліп тоқтады.
Жас достардың көбі Абаймен қоса күлді. Көкбай бұдан арыға шыдай алмай, тысқа қарай тартты. Кәкітай мен Дәрмен оған күліп қалысты.
— Көкбай өзінің иманын ала қашты білем!— деп Мағаш та мысқылдады. Кәкітай барынша ашық-жарқын жүзімен Абайға әлі де жабыса түсіп:
— Абай аға! Көкбай қашса, қашқандай екен! Мына философыңыз алқымнан алып тұр ғой өзі! Бұнысы жөн болғанда, неміз қалды, неғып жүрген боламыз осы?— деп еді.
Абай қатты сылқылдап күлгенде, Жұман оянып кетіп, басын көтерген. Ол Абайды жақтырмай қарады. Қанталаған көзін қиыс бір тастады да, Абай жақтан басын теріс бұрды. Қазан астындағы от та өшіп қалыпты. Әлі күнге Абай сөйлеп отыр. Әлдеқашан піскен түстікті жеудің орнына, сезден жалықпай отырған Абайды Жұман ішінен қыжыртып жатыр. Абай Кәкітайдың қиналуын түсінде де:
— Көп философты оқысаң, бұдан да үлкен, бұдан да ащы шындықтарға ұшырасарсың. Бірақ одан жоныңды көрсетіп Көкбайша қашпай, не дейтінін білуге тырыс. Дінің камил екен, сол дін қызығына арқанды нық таңып алып, сонан соң тыңдай бер. Ойға салып сына да, талғай бер!
Тағы біраз ой үстінде Абай жастардың «шындық» жөнінде алғаш басталған сөзіне қайта оралды.
— Иә, сендер шындық жөнін ақын еңбегімен жалғас қозғап ендер. Ол — көп ойлайтын, үнемі есте жүретін жай. Жаңағы әңгімелеріміздің де бір иығы соған сүйенген еді. Көрдіңіздер, шыңдық әр заманда әр қауымда өзінше әр алуан өзгереді екен. Тіпті, алыс баяғыны, діндерді, ойшылдарды қарайықшы! Өзге емес, дәл тіпті, кеше мына Дәрмен мен Мағаш айтып келген зұлымдық, зорлықтың өзін ғана ойлаңдаршы!— деп сәл тоқтап еді.
Кәкітай әдеттегі шапшаңдығы бойынша түңіле сөйледі:
—Ойбай, Абай аға, соңда да шыңдық бар дейсіз бе! Әзімбайдың маңынан қаскөйлік, қорлықтан бөтен не шығушы еді?
Абай бұған сабырмен, шыншыл мысқылмен жымия қарады.
— Солай көріне ме? Ендеше, соның жаңылыс, сырт көрініс. Шындық әр заман емес, тіпті, бір заманның әр қауымның өздеріңде де әр алуан танылады. Зорлықшы Әзімбай, Тәкежандар өз айналасындағы әлсіз, амалсыз, қорғансыз көпке өздері ететін зорлығын — зорлық деп атайды дейсіз бе? Жо-оқ? Олар «осы менің жолым, сыбағам, Ырғызбайлығым» деп біледі. «Атам Өскенбай көп үстіне осылай салмағын салып өткен. Әкем Құнанбай және өзінің дегенін істеп өткен. Солай етпесем, мен олардың анық нәсілі болмағаным» дейді. Зорлық пен жауыздық, қасқырлық болсын маған десе... Бірақ оның берік ұстанған шындығы, сұмдығы — сол. Ал жапа көрген кедей ауылдарға соны «шындық» деп кім айтар! Бұлар шындығы — бас қорғау. Міне, осылардың бәрі де «шыңдық» жөніндегі ақын ойына арқау, азық емес пе? Өткенді жаз, бүгінді жерлеп шерле — бәрібір шындықты өмірмен өлше, әсіресе, халық ойымен, арман сынымен өлше! Мен айтсам осыған саяр едім. Кедейлер мұны маған «Тәкежанға бір бар» десе, екіншіден, «солар үшін алыс, тартыс! Жазған сөзің, айтар ақылың болса, бәрін ең алдымен осындайға арна!» дегенді айтады.
Сөйлей келе тапқыр ойы үдей түскен Абай енді тағы бір тың жайды еске алды. Екі алақанын кең жайып, даусын көтере сөйледі:
- Иә, рас-ау, шындық бір заманда жасаған әр қауымның тобыңда әр алуан болмай қайтеді. Тағы бір мысалға мен мынаны, Россияны, орыс халқын алайын. Соған осы өзіміздің қақ қасымыздағы Оразбай, Жиренше, тіпті, Тәкежандар қалай қарайды? Екінші жақтан қазақтың халқы не ойлайды? Оразбайларша Россия деген—ақ патша дегенмен барабар. Оған бағынышты, одан қорқады. Және оған жағына жүріп, өзіме не балама болыстық алсам, ұлық болсам, байысам, ал жау атаулымды оған жазалатсам дейді. Өзі сол Россияға да ішінен тіпті дос емес. Күні үшін аярлық етеді. Россия олар үшін осы-ақ! Ал халық атынан біз айтсақ, бүгінгі қазақ нәсілі үшін ендігі Россия кім десек, нені айтар едік?! Ол өздеріңізге мәлім кітаптарын, ой алыптарын былай қойғанда, ең алдымен, ұшы-қиыры жоқ өнер. Ол — сансыз көп шаһарлар, солар толған медреселер, ауруханалар, кітапханалар мен салтанатты сарайлар. Ол — анау Сібірге жеткен шойын жол, Ертісте жүзген пароходтар, үстіңе киім, қолыңа құрал-сайман, үйіңе бұйым-машиналар беріп отырған фабрика-заводтар, міне, осының бөрі де Россия ғой. Бұл
Россия ақ патшаны танысаң ғана сені танимын демейді. Бара білсең, ала білсең сені жатырқамайтын, «келе бер де үйрене бер!» деп отыратын Россия ғой! Халқымыздың адал ұлы болсақ, біз осы Россияны кімің деп түсіндіреміз? Әрине, досың дейміз. Шындық — халықтың тілегін тапқан шындық болсын. Ендеше, дәл осы себепті* досың орыс өнері деп түсіндіруіміз лайық. Әрине, бұл да Оразбайлар үшін шындық емес,—деп тоқтады.
Ербол Абайды дәл ұғына отырып, өзінің ескі досы бұл күнде қандайлық асыл ойларды батыл айтатынын аңғарды. Абайға сенген бойында, оның жаңағы ойларын барынша құптап отырып, бірақ сонымен қатар, өз ішінен қасындағы Көкбайға бір үлкен наразылық ойды да ойлап қап еді. «Оразбай, Жиреншелерге не сорым, оңаша сөйлеген бір күні жаңағы Абай айтқан жайлар туралы Көкбай да бір суық сөз сөйлеген. «Абайдың бір міні болса — ол аса орысшыл боп кеткені ғой, тек соларға ғана қарап отырмақпыз ба?» деген еді. Ербол жаңағы Абай сөзінің тұсында, сондағы Көкбай сөзін да еске алған-ды.
Бұнысы да тиянақты ой. Әсіресе, бүгіндей мәжіліс соңында қажет байлау сияқты. Әңгіме осымен аяқталды.
Енді біразда Жұманның көптен күткен қазаны түсіріліп, жұрт асқа әзірлене бастады. Қонақтар тегіс төрге отырып жатыр. Енді қынынан үлкен өткір сар пышағын алып қолына ұстап отырған Жұманның сөзге араласқысы келді. Ол бағанадан бергі Абай мінездеріне қыжалданған бетімен, ағалық еркіндік жасап, даңғырлап сөйлеп кетті:
— Осы қазақ иттің не оттайтынын білмеймін. «Жұман қырт», «Жұман қырт» деп маған ат қойып, айдар тағып алды. Соңымнан бір қалсашы. Егер көп сөйлейтін кісі қырт болса, кешелер дүйім елді жиып алып, күні бойы Құнекең жалғыз өзі сөйлеуші еді. Бүгін мынау Абай тап бір ет асым жапа-жалғыз өзі сөйледі. Көп сөйлеген қырт болса, анық қырт осылар емес пе! Менде осы не ақысы бар «қырт» деп қыр соңымнан қалмайтын!— дегенде, Абай қолын жуа алмай, әне бойымен селкілдеп, қатты сықылықтап күлді. Екі көзінен жас аққанша күлген. Бұның күлкісіне сыңғырлаған Әйгерім күлкісі де қосылды. Абай әл жия бере, Жұманға оқыс бір жауап айтты:
- Уәй, ақсақал?- деп күле түсіп,- қырт атану үшін көп сөйлеп әуреленудің қажеті жоқ. «Қатын, тышып алғаным ақыл болған екен» деген сөз де жетеді!- дегенде, үйдің іші ду күлді.
Бұның есіне Жұманның соңғы қыста өз үйінде отырып айтқан бір сөзі түскен еді. Жұман қыстыгүні таңертең дәретке шығып
келеді. Аздан соң күн бұзылып, қатты жел тұрып, ақ түтек боран болып кетеді. Сонда Жұман терезеге қарап қатынын шақырып алып:
— Уәй, қатын, сен білдің бе? Бағана ұлыжарықта отырып алғаным қандай ақыл болған, ә?!— депті.
Дастарқанға келген етті де кесе алмай, Дәрмен мен Кәкітайлар қайта-қайта күліседі. Ақылбай Абайдың төменгі жағында отыр еді, қатарындағы Әйгерімге салмақпен сыбырлап күліп сөйлеп жатыр:
— Жеңеше!
Ол Абайды әкем демейтін де,Әйгерімді шешем демейтін. Бірін «Абай аға», бірін «жеңеше» дейтін әдеті бар. Жасынан Құнанбай мен Нұрғаным қолында өскендіктен өзін солардың кенжесімін дейтін. Абайға іні есепті сөйлеп дағдыланған-ды.
Әйгерімге сыбырлаған әзілінде:
— Жеңеше-ау, мынау қайнағаң не деген өлерін білмес ақкөз еді! Мұрттай ұшқанын көрдің бе? Абай ағамның мысқылына ажалды кісі тап болсын да!— деп, Әйгерімді қоса еліктірді.
Әйгерімнің күлкісі қатты келсе де, қайнағаға күлуден именіп, қысыла қызарып, артындағы Зылиқаға бір нәрсе айтқан болады. Жұман аздан соң күлкіні ұмытып кеткен екен, етке сылқия тойын алды. Енді жас сорпаны үлкен сырлы аяқпен ұрттай отырып, басқа бір тың сөзге көшті:
— Маған күліп болдың ғой, түге! Енді тегіс күлкіңді тыятын сөзді мен айтайын! Жігітек неге құтырып жүр деп едім. «Бір ауылы әнеугүні Көлқайнардың үстінен күзекке көшіп келе жатқан болып, менің маядағы шөбімді жылқысына жегізіп кетіпті» деп едім ғой, Абай. Ырғызбай жерінің мұртын басуға Жігітектің батылы қалай барды? Содан бері ызам бар. Есем кетіп жүр демеп пе ем? Кеше «Әзімбай мен Жігітектің ана бір өңшең сіңірі шыққан көп кедейі неғып тілге келіп тіресетін болды?!» деп те таңғалып ем. Өздері, тіпті, бас құрасып, шуласып, бөрі көрген сиырдай мөңірейді дейді. Ырғызбайдың жуаны Әзімбай болғанда, Жігітектің сімілтірі солар екен. Кіммен кім шайқасады?— дегенде, Дәрмен күліп жіберді.
— Міне, тағы бір шындық керек болса. Дәл жаңағы Абай ағамның айтқаны!—деп қалды Кәкітай қостай қойып, бас изеп. Жұман Дәрменге қараған да жоқ.
Абай да әлдеқашан бұны тыңдамай, бетін теріс бұрып алған, оны да елеген Жұман жоқ. Өз сөзін келелі кеңесім көріп созып отыр.
— Әй, осының бәрінің түбі тегін емес. Жігітекті құтыртқан тағы бір желік бар деп ем. Міне, сол тегін болмады. Жігітекке тағы желік біте бастады. Бүгін соның неден бу алып жүргенін біліп кеп отырмын!— деп жатыр.
Абай бұл сөздерді жақтырмай, енді қабағын шытынып, мойнын теріс бұрып, амалсыз тыңдап отыр. Жұман даңғырлаған даусын көтере түсіп:
— Енді мені тыңда! Тындандар, міне, қаладан хабар есітіп отырмын. Жаңа біздің ауылдың шетіне соғып, таудағы Жігітекке қарай бір шапқыншы кетті. Сүйінші сұрап, қуанышы қойнына сыймай барады. Әулекіленіп барады. Әлгі Түсіптің Мадияр дейтін, ана бір қоңқақ мұрын қу немесі «сүйінші» дейді. Ақ түйенің қарны жарылды. Жігітектің жылаған жасын құдай иді. Көз жасымды тыятын арысым қайтты. Базарылым айдаудан қашып кепті!» деп иен өлкені шулатып, жосытып барады!—деді.
Мынау хабар үйдегілердің бәріне Жұманнан күтпеген оқыс, оқшау жаңалық болды. Абай елең етіп, Жұманға жалт қарап: «Не дейсің, не дедің? Мынауың шын болса, жақсылық хабар ғой!»— деді. Өзге жастар мұны қостап, таңданысып жатыр.
— Япыр-ау, бар екен-ау!
— Базекең тірі екен-ау!
— Келгені-ақ қанат қағып!
— Сау жетсе, қуаныш-ау мынау!— десті.
Жұман бұл үйдің қуанышын қостайтын көңілде емес. Өңге көп Ырғызбай сияқты, Базаралының қайтқанына бұнда түк те сүйсіну жоқ, қынжылу ғана бар еді. Ол өз ойын өзінше топшылап таратып жатыр.
— Тәкежан мен Шұбар болыс болып тұрса, елге келмек түгіл, елді түсінде де көрмес еді. Мына биыл Күнтудың болыс болғанын біліп, қажы баласынан ұлықтық кеткенін есітіп, ананы арқаланын келіп отыр ғой. Неменеңе қуандың, түге! Қызығым келді деп пе ең? Қызыл көз пәлең келгенін білерсің! Айттым да қойдым!—деді.
Абай енді бұған ашулана сөйледі:
— Жә, тоқтат, ақсақал! Қырық жыл достық болмаса, қырық жыл жаулық та жоқ. Базаралыдан алмаған өшің бар ма еді?! Келсе қайырлы болсын! Қадамы құтты болсын!—деп, Жұманнан жүз тайдырып, өзге дос жастарына қарады.
— Қаталдық пен қастықты Құнанбайдың өзге баласына бердік. Біз бұл хабарды қуанып қарсы аламыз. Елімнің арысы болатын. Мен деген жастар, ертең көбің аттанып, Семейге барып, алдынан шығыңдар. Менің тілеулестігімді, бауырлық қуанышымды
алдынан ала барындар! Байлауым да, бұйрығым да осы!—деп, бір-ақ түйіп тоқтаған еді.