Абай жолы. 1 кітап



бет26/70
Дата06.05.2023
өлшемі7,5 Mb.
#176199
1   ...   22   23   24   25   26   27   28   29   ...   70
Байланысты:
Абай-жолы


1

Базаралы елге келгелі бір айдай уақыт өтті. Бұл кездерде оған амандаса келіп, қуаныш білдірген ағайын көп. Аталас жақын ауылдар той істемек болысқан. Бірақ үйінің, жақын туысының жүдеулігін көрген Базаралы той-топыр жасатқан жоқ. Алғашқы он-он бес күн бойыңда оны Жігітек ішіндегі туыстары ертелі-кеш ауылдан-ауылға шақырып, қонақ етісті. Келісін, амандығын қызықтасты. Бір Жігітек емес, қонақ етіп, қуанысқан Бөкенші, Көтібақ, Көкше де аз болған жоқ.
Ырғызбай ішінде Базаралы тек Абай аулында қонақ болып қайтқан. Абай Базаралыға өзі барып көрісіп, амандасып, бір күн, бір түн қасында болған.
Кейін Базаралының ет-бауыр жақындарынан он шақты кісіні қоса шақырып, өз аулына әкелген.
Әйгерімнің кең, жылы үйінде Базаралыдай сый қонақты үлкен ықыласпен күткен ажар бар. Кілемдер тұтылып, әсем оюлы сырмақтар жазылыпты. Абай айналасындағы жас-жаранның бәрі де Базаралының әңгіме, әзіліне, қас-қабағына қарап құрақ ұшады. Сағынған достар бейілін танытады. Күндізгі түстік үстінде Абайдың сұрауы бойынша Базаралы үзік-үзік әңгімелер айтып отырды. Өзі көрген жерлерді, елдерді сөйлейді. Бірақ шеккен жаза, көрген азап жайып мына көптің алдына салмады. «Бейнет кештім, қажыдым» дейтін емес..
Кешкі отырыста Абай мәжілістің бетін өзгертті. Өз ішінен: «Базаралыға кешегі ауыр күндерін еске ала беру қиын шығар. Қайта, соны ұмыттырғандай алаң болса, сол тәтті болар» деп ойлады да, жастарға ән-сауық жөнінен тілек білдірді.
Осыдан соң Базаралы да жадырай түсіп, Көкбайға домбыра ұсынды.
Көкбай домбыраны бегелендеп ұстады.
— Базеке-ау, бүгінде мен әннен шығып қалғам. Және мына отырған Мұқа, Әлмағамбет деген әншілер қысында, тегі, әнді қор қылмайын деуші едім ғой!—деді.
— Жоға! Жаңа әншіні ести жатамыз да!— деп, Базаралы домбыраны еріксіз ұстатты.
Абай да Базаралыны қостады.
— Көкбай, бүгін Базекеңнің алдынан алып шыққан шашу — ән болсын!.. Бір сен емес, осы үйдегі өнерпаздың бәрі айтады. Бастай берсеңші!—деді.
Өзге әнші жастар «өнерпаздың бәрі айтады» дегенде Әйгерімге қарасты. Көптен оның әнін естімегендіктен сағынысқандай.
Енді аз уақытта Көкбай ән созып кетті. Сонда Біржан айтқан асыл ән... «Созады Біржан даусын қоңыр қаздай» деп нақыстай берді. Жұрт дәл осы әнді өзге өнерден гөрі сирек айтатын. Көкбай сақтап қалған ән ішіндегі бұның даусына, салмағына, қабілетіне лайық ән осы екен. Жақсы мәнмен сән беріп, әсем айтып шықты.
Базаралы Көкбай тоқтағанда, қатты сергіп, көтеріліп қылғаңдай.
— Па-а деген!— деп, біраз қуана сүйсініп отырды.— Сонау бір жақсы басталған жазда... жарқыраған күндерде келген... болған екен-ау!..— деп барып күрсініп қалды.
Алысқа кеткен шақ та күйзелтеді. Дәурен өтіп, жас жетіп келеді. Ол ғана емес, мына тұста Базаралы Оралбайын ойлап қылғаңдай. Біраз уақыт басын төмен салып, сөніп, сынып қылды.
Осы кезде домбыраны Мұқа алды да, үй ішін тегіс елең ет-кізіп, сергітердей боп, шырқап кетті. Ерекше таза, күшті, мөлдір үн анық әнші өнері келе жатқанын паш етіп тұр. Ол биік бастау соңынан әсемдеп тұрып Абай өлеңі «Айттым сәлем, қаламқасты» созады. Сөз Базаралы көңілін жаңағы кейістен алаң етерлік анық ынтық, ынтызар сөзі. Жалынды назға толы. Әнші үш қыйырмасын айтып тоқтайын деп еді, Базаралы тоқтаттырмады.
— Айт, жаным, айт!.. Бәрін айт!— деп, бір өленді тегіс айтқызды.
Мұқадан соң Әлмағамбетте Абай өлеңі мен әнін созды. Ол — «Көзімнің қарасы». Бәрі де мына қоңыр жүдеу күзден маужыраған мамыр күніне, көңіл күншуағына созылады.
Базаралыға да сезімтал Абай қыуымы ем тауып, сынығын сылап тұрғандай.
— Майдай жағып барады-ау!.. Көңіл жарасын қуғандай! Май сылаудай дәрім ғой мынау?.. Дәрменім ғой!..— деп, Базаралы ынтыға тыңдап отыр.
Ендігі бір кезекте Базаралы өз қолымен домбра ұсынып. Әйгерімге бұрылды.
— Қарағым, осы шер-шеменнің бәрін айтқызып жатқан сенің бір өзің демейін...— дегенде, үйдегілер күлісіп қылды.— Бірақ өзіңнің жынысың ғой мұны айтқызған... Енді сені тыңдамасқа шарам бар ма? Айт, сәулешім!— деп, сонша жақын аға, туыстай еркелетіп айтты.
Әйгерім ду етіп қызарып қалды да, сыпайы күліп жіберді.
— Мен көптен ән айтпай кетіп ем ғой, Базеке!
— Жоқ, Әйкежан! Базаралы айтпағанынды білмейді, айтқаныңды ғана біледі. Айт, айналайын!— деп, тағы да жақсы өтінді.
Аздан соң Әйгерім «Татьяна» әнін айтып жөнелді.
Әлі де сонау бір күндердей барынша сырлы нәзік, терең толқумен айтады екен. Үй іші жым-жырт қатып, ұйып тыңдады. Базаралы Абайдың бұл айтылған өлеңінің бәрін де білмеуші еді. Ол шетке кеткен соң туғандар екен. Қасыңдағы Көкбайдан жабыса сұрап, әр өлеңнің әнінің мәнін, жөнін ұғынып отыр. «Амал жоқ, қыйттым білдірмейді» Әйгерімге де түгел айтқызып шықты. Ешкім бұйырмаса да, бүгінгі кеште Абай достары «е» дескендей тек қана Абай сөздері мен әндерін айтты.
Базаралыға анық үлкен соны сый. Ел жаңғырып, ел өнері түлеп өсіп, жаңарып кеткендей. Ол енді Абайға қарап:
— Япро-ой, қылай өзгерген! Ән мен сөз қылай өзгерген! Сондай сырлы, соншалық жан-тамырымды солқылдатқан қаңдай сөздер!.. Түу!.. - деп, бас шұлғып, үндемей тамашалап барып:— Өлең мен ән ырысын тауыпты-ау, Абай!.. Өнеріңнен айналайын!— деді. Келесі бір кезеңде Мағаш Дәрмен өлеңінің жайын сөз етті:
— Дәрмен Еңлік пен Кебек жайын біраз жерге әкелді ғой, аға! Соны бір тыңдаса болмас па?— деді.
Кәкбай, Ербол да өздерінің көз алдында, осы күзде Абай тапсырған жайды естеріне алып, Дәрменнің дастанын тыңдамаққа бейімделді.
Абай Дәрменді барлап қарап отырып:
— Бітірмесең де бастағаның мақұл екен. Аздап айтып көресің бе?— деді.
Дәрмен іркілген жоқ. Сұлу жүзді, қиылған қара мұртты, ақ сұр жігіт домбыраны шешен сарнатып отырып-отырып барып, жортып бастап кетті. Үлкен қара көздері сәл қанталай түсіп, шабыт отын маздатады. Ширақ, сергек қайратына ызалы жүрек оты араласқан, әділет жоқшысы туғандай. Жас, асқақ ақын жаңа сазға бой ұрған. Бұл — кәрі заманға жаңа буынның сынын айтатып, кекшіл қыран нәсіліндей. Бір жағы Абай ұясынан, тағы бір тегі әділ қазы — халықтан шыққан. Бар жылаулардың жаңа жоқшысы.
Ол дастанын әсем туған халық қызы Еңлікті көріктеп, мадақтаудан бастаған. Атасы кәрі Ықан Хан тауының бауырында
адал, момын, еңбекпен күнелткен әзіз жан. Екі абзал кәрінің ұлы да, қызы да өзі боп, сыпайы өскен Еңліктен сөз кетеді.
Шыңғыстың қыс басындағы көркі. Аңшы, мергендер, жортуылдар — күнделік аңыз тудырған қайратты, өнерді, қастық, араздықты да баян етеді. Ерлік қасиетпен атақ-абырой тапқан азаматты да ауызға алады. Жалғыз, ойшыл, сабырлы сұлу Еңлік құлағына бір ерекше асыл жанның аты күнде жетеді. Ол бұның қиялын қытықтайды. Түн ұйқысын аша бастады. Сондай бір шақтарда, ақпанның басында, бүркеп жауып тұрған қарлы борасын ішінен бір белгісіз жан келді. Кешіккен жолаушы жалғыз екен. Қолында томағалы қыраны, қанжығасында қызыл тағы, жаңа осы апақ-сапақта алғызған түлкісі.
Жігіт қарлы боранда, беймезгіл шақта бөтен ауылға келсе де, күңгірт жолаушыдай емес, ашық-жарқын, жақсы дос жүзімен келді. Жабырқау үйге жадыраған күлкі, аң туралы қызу әңгіме, орамды әзіл, жайдарылық ала келді. Еңлік жігіттің қызу нұрлы жүзіне сүйсіне қарап, күлімсірей көз тігеді. Қайта-қайта қарағысы келеді бұл жанға.
Сол кезде жігіт Ықан қартқа өз жөнін айтып кеп, атын мәлім етті. Кебек!.. Кебек осы екен!.. Отқа жақын отырғандықтан аңғарылмады. Бірақ қыздың жүзі жігіт атын естігенде ду етіп қылды. Жүрегі де су еткендей, белгісіз бір сезім лебі шарпып өткендей... Ет жүрек сәт суына қалып тулағандай!..— дей беріп, әнші, еркін ақын домбыраны баяулата бәсендетіп кеп, дастанын үзді.
— Жеткен жерім осы еді, Абай аға!
— Алда, жігіт-ай! Тым құрыса, бір табан бастырып тоқтатсаң нетті! Қанымды қыздырып кеп, осыншама мысымды құртып тоқтармысың!— деп, Базаралы кінәлай қарап отыр.
Мағаштар да ынтығудан өкініп қалысты. Абай Дәрменге көп уақыт қызыға қарап отырды. Дастанды анық ұнатқандай жүзі бар. Бірақ байлауын басқаша айтты.
— Екі ғана жайды айтам, Дәрмен. Қызды айту, қызықты айту тек құмарлықты қоздырмасын. Ақ жүрекке қанат бітіріп, ойды алысқа создырсын. Екінші — бұрынғыны, бүгінді айт! Жұрт көмейінде жұмарланып түйілген тас түйінді айт. Әкіміне өкімін айт жұртының... Халық атаулы арғы-бергі хан-бегіне қарғыс ойлап жүрсе де, айта алмай келген. Соны жеткіз!.. Жылаған жас, елдің жасымен жыласын. Парашылды, зорлықшылды, қиянатшылды таңбала!— деді.
Жастар тегіс ойлана тыңдап қап еді.
— Абай аға, ол кезең алдында тұр ғой Дәрменнің. Айтатыны сол болар!..— деп, Кәкітай ғана сөз қатты.
Дәрмен осы сөзді құптағанын бас шұлғып білдірген еді.
Базаралы да Абай сөзінің төркінін тез ұғынды. Өзінше шешті
— Зорлықшының, өктем әкімнің арамын аш дегенің маған қандай жағады десеңші, Абай-ау!
— Бұл тұста Кеңгірбай ісі ашылатын боп отыр-ау!— деп, Кәкітай ескерте сөйледі.
— Е, алыстағы Кеңгірбай, қасындағы Құнанбай ғой. Бірін айтса, бірі аман қалар дейсің бе? Атам Кеңгірбай еді деп кейін басар деп пе едің айтқанынан!— деп, Базаралы салқын, салмақты сөз тастады.
— Бәсе, бүйтпесе Базекең бола ма?— деп, Абай Дәрменге қарады да,— міне, заман үні, ендігі сапалы буын үні деген осы!.. Ақын артқа қарап табынбай, алға қарап қыбла тапсын!—деді.
Осы соңғы отырыс, мәжілістер кезінде бір-екі рет Базаралы өзінің айдаудағы кездерінің кейбірін еске алды. Бір орайда адамгершілік, достық көмек деген жайлар сөз болғанда, Базаралы осыған мысал етіп, өзінің орыс баласынан көрген адамгершілігі мен достық көмегін мысалға келтірген.
— Мен қашуға бекінген соң, орыстың екі қартаң каторжнигіне сырымды айттым. Бірі — Керала деген, орыс крестьянынан шыққан қарт емендей кісі болатын. Екіншісі — оқыған, ақылы көп дана адам, Сергей деген кісі. Осы екеуі қол-аяғымды буған көлеткі шынжырды—қаңдалды өз қолдарымен кескілеп, талқандап берді. «Азат құсындай ұшып жет, сахараңа сәлем апар» деді. Менен оларға тиер тебен инедей пайда жоқ. Зарар мен қатер болса таудай еді. Осындай саудасыз достықты көрдім. Бұны не деп айтуға болады?— деп бір тоқтады.
Үй-іші алғыс айта түсіп, ынтыға тыңдады. Базаралы орыс халқынан көрген жақсылықтарын осыдан соң көп таратып айтты. Абай оның қашып шыққан жол бойында кездескен орыс халқы жөнінде сұрап еді, Базаралы бұл туралы да алғыс аралас сөйледі.
— Үркіттен бері ылғи орыс ішімен қаштым ғой, сонда сенгенім де, сүйенгенім де крестьяндар тұратын ұсақ қалалар болды. Ол қаланың жақсы үйлі, бай қорасына жоламауды төсіл еттім. Сорлының сырын сор кешкен біледі ғой. Кеш бата қаланың ең шетіндегі, ең кедей үйінің терезесін қақтым-ақ болды, күнде келіп жүрген жатын үйімдей қабыл етеді, жайымды ұғады, тілегін қосады. Кәрі-жасынан тегіс бір адамгершілік, дос көмекті көресің. Алда жүретін жолды оздері айтып, жөнелтіп отырады. Кейбір қатер бар сапарда күндіз үйіне тығып тынықтырып қойып, ымыртта, түнде қатерден өткізіп жібергендері де болды. Сондай есептен тыс көмек-достық көрген сайын қанатым жетіліп отырғандай болды,— деді.
Базаралының бұл алуандас әңгімесін Абай мен жастар тобы соншалық сүйсіне, қызыға тыңдасқан еді.
Содан соң ән-күй қайта кезек алып, ендігі кеш, келер күндер бәрі де шат сауықта өтіп еді.
Бірақ бұл аз ғана қызық күндері айнала дүниеден мүлде бөлек. Мезгіл ішіндегі кішкене бір аралдай. Дауылды күні лайланған суық жайқын көбік атып толқын ұрса, ортасында кішкентай көк жасыл арал қандай көз тартар еді. Бұл да сол есіз көл ішіңде көздей ғана бір мекен екен.
Бұл кездесуде ел жөнінен, шаруа қамынан Базаралының Абайға айтпағы тек Әзімбай мен даулы болған жеті ауылдың жөні болатын. Дәл жүрер кезде Базаралы Абайды оңаша алып шығып, осы сөзді қысқа ғана қозғағанда, Абай барлық жайды білетінін айтты. Базаралының тыңнан қосқаны, сол ауылдардың пішенді тасымай отырған бөгелісі туралы болды. Әзімбай үйгізген маяларды енді тасығалды жатқанда, «Базаралы қайтып кепті!» деген хабар келіпті. Ол жеті ауыл Базаралыға туыс жағынан да жақын. Және Әбді, Сержан сияқты жігіттер мен Келден қарт мұнымен аса тату дос, ниеттес жандар екен. Солар «Базаралының келіс сапарына қарсы алдынан жанжал алып шықпайық!», «Күз үзақ қой, тоса тұрайық» депті. Және Абайдың Тәкежанмен сөйлескен соңғы сәлемін тосады екен. Базаралыға Абайдың ендігі, соңғы сәлемін есітіп кел деп тапсырыпты.
Абай әлі Тәкежанға кездескен жоқ-ты. Оның ауылы алыс күзекке үзап шырқап кетіпті. Енді қоныстың жақындаған шағында Абай неғылса да барып сөйлесіп, арылған сәлемін Базаралы мен Келденге айтып жібермек болды.
Сол жолда Абай Базаралы үйінің сауын, сойыс жағын да аңғарған. Астына мінер атының жоғын да біліп еді. Кейін Базаралы қайтқан соң, оның үйіне он шақты сойыс малын айдатқан. Және өзінің мінуіне арнап бұл өңірде сирек кездесетін, маңдай жақсы, темір қара көк ат жіберткен болатын. Сауырының көз-көз теңбілі бар, жоны төңкерген тегенедей, сұлу қара кек атты Абай бір дос-жар адамынан қалап алған-ды. Тұрқы ұзын, бойы биік қара кек ат Базаралының тақымында екі есе көркейген. Арғымақтай теңбіл қара көктің үстінде нардай, бағлан жігіт отырғанда, айналада жүз кісі, мың кісі болсын бәрінен Базаралының шоқтығы асып тұрады. Маңында жүрген бар қазақтың ортасында өзі бір шоқы тәрізденеді. Базаралының ат үстіндегі осындай оқшау көркі, көрінісі де оның ат-атағына сүйсінген момын көпшілікке бір аңыздай болды. Әзілқой құрбының бірі базаралыға астындағы аты туралы қалжындаған:
— Базеке! Бұл өңірде жоқ мынау бір көк арғымақ өзіңмен ере келді ме?! Болмаса, кетеріңде Шыңғыстың тасына байлап кетіп пе едің? Қайдан алдың бұл көкті ?- деген болатын.
Базаралы сыр бермес, тартымды мінезіне салып, «пәленнен алдым» демейтін.
Бірақ сыртқа сыр бермеу үшін осылай доңайбат жасағанмен, Базаралының іші тыныштық таппады. Қалың құста басқандай. Ел қыдырудан босаған соң, Базаралы еңді үйінде отырып, өзінің де, жақындарының да күйін таныды. Соны білген сайын күрсінуі молайып, жабығып, жадай түседі.
Бұл күнде қайғылы әке Қаумен де жоқ. Ол былтырғы қыста ұзақ ауырып жатып қаза тапты. Үш бірдей арысы — үш ұлынан тегіс айырылған соң, қалың құста басып, қатты шөгіп кетіп еді. Бірде-бір баласына «туған жерден бір уыс топырақта бұйырмады» деп қамығатын. Ол былтыр қайтыс болар алдында үш күн бойы Оралбай мен Базаралы атын аузынан тастамады. «Жетем, қазір жетем, жан балам!» деп жатты. Дәл үзілер шағында сол сөздерін ақырын, сыбырмен бастап, ернінің үнсіз қыбырымен аяқтаған. Шерлі ата Базаралыны да, көптен хабарсыз кеткен соң, өлдіге санап, көз жұмыпты.
Оның өлімін өз әйелі Өдектен оңаша сұрап білгелі, Базаралы бір күн бойы жанға тілдеспей, күңгірт тартып үнсіз қалған.
Қазір күздің өзі де көңілді көтертіп, қабақты жадыратарлық емес. Қарашаның ортасы ауған кезде дала да тозған. Үй ішінен де жылу кеткен. Бірде жел, бірде лайсаң, беймазалық асқан кез. Көптен бері күтімі жоқ қоңыр үйдің үзік-туырлығында жыртық та мол. Іргеден соққан желге де төтеп берер лыпа жоқ. Жауын жауса тамшы ағып, түн суығы мен күндізгі жел соқса жүдеу үй қоса азынайды. Бүгінгі баспанасы аса бір көріксіз, сорлы мекенге айналған.
Жігітектің ең шеткі күздеулерінің бірі - Шөптікөлде отырған аз үйді Қаумен аулы Ералыны жайлайтын жатақтардың қыстауларына жақын еді. Бүгін таң атқалы сол жатақтардан әдейі Базаралыға оңаша көріспек боп қарт Дәркембай келген. Базаралының үйіңде ескілікте екі дос өзгеше бір оңашалықта ұзақ әңгімеде оқшау күңкешті. Базаралы әуелі. өзінің үйі менен жақындарының күйін шолып, мұндап өтті. Көрші үйден азын-аулақ тобылғы, көкпек жиып әкеп шай қойып, қатқан-құтқан ет асып жүрген жүдеу жүзді әйеліне қарап отырып, Базаралы алғашқы әңгімесін содан бастаған.
- Қаншырдай қатып, күнқақты болған үсті де тозған, өзі де тозған келінің — Өдек мынау! Келсең, ашпа жалап, күйін шағып, бұл жылайды. Жалғыз баласы Сары болса, сыйдиған бойы бар, қурайдай қатқан. Шоқпыт тымақ, шойқима етік сыбағасы болыпты, жалға жүре ме, неғылады? Менен бұрын айдауға кеткен Балағаз онда өлді! Қатын-баласы торғайдай тозып, ол кетіпті. Жалын жастық күнінде «лап етіп» жанғандай боп, Оралбайым шығанға шығып, ол кеткен-ді. Бірімізді жау айдаса, бірімізді даурыға дау айдады. Намыс пен өнер Балағаздан да, менен де Оралбайда мығым болса керек еді. Оралмасқа о да кетті. Қай сайда қалғанын да білген жоқпыз. Осының бәрін ойласам, Қаумен тұқымында бұ құдайдың алмай қылған өші жоқ екен дедім. Ағайын, әділіңді айтшы! Осы менің жайымды ойласаң тұмсығың тасқа тигендей болған жоқпа!? Бұзықтықтан, жауыз, жексұрындықтаң тарттым ба? Жоқ, әділет керек. Олай емес едім ғой! «Көнбеймін, табанының астында тыпыр етпей жата алмаймын. Басымды аларсың, бірақ жүрегімдегі жалғыз шағым жігерімді алмайсың. Намыс отымды сөндіре алмайсың» деп, қасарысып өлісіппіз. Енді, міне! Бақсам, бір Қаумен емес! Айналада, ойдым-ойдым аралдай боп, байлығына, барлығына мәз болған кей атқамінер пысықты, малға бөккен арамтамақты қайтейін. Ол, өзің білесің, баяғыдан менің туысым да, татуым да емес болатын. Өзіндей, өзімдей елді айтам. Елдік санасы жыртық киім, қара лашық ішінде де сөнбей жанған жақсы елімді айтамын! Бүгін күңіренсем, «және сол» деп күңіреніп отырмын. Сол көптің көзіне көк шыбын бұрынғыдан да мол үймелепті ғой! Арманды қартым! Шерменде інің айтса, соны айтадыда!—деп, Базаралы көптен оңаша ойлап түйіп жүрген ойының бір желісін осылай таратқан.
Бұл шақта сақал-шашы ғана емес, қабақ түгіне шейін ақ араласып, тікие сояуланған Дәркембай насыбайын иіскеп, ауыр ойлы есті басын изей түсіп отыр. Кәрі көзінің көреген, сергек оты әлі де ошпеген.
Ұзақ өмірде көпті көрген көненің сыр үстінде ұмытпас мінезділігі бар. Базаралының онсыз да жүдеу қабақпен айтқан үй жайын ол қозғаған жоқ. Бұның әуелгі айтқаны — бүгінгі байығандардың жайы. Базаралы кеткелі әкімдікпен, айла-тәсілмен, саудамен мол байлықтар тауып кеткендер бар. Бір
Тәкежанда қазір сегіз жүз жылқы бар екен. Жиреншеде сегіз жүз, Оразбай мың бес жүзге жеткізіпті. Абыралы, Күнту, Жақыптар — бәрі де бұл күнде «мыңғырған бай» атанады. Ал жатақ атаулы болса, оның саны бұрынғыдан да молайып, көп ортасын кедейлік кернеп барады. Осы жайды шола отырып, дәл өздерінің күйіне жеткенде, Дәркембай мысқылдай сөйлеп кетті:
— Көргенің — сол көрген, Базаралы. Сен көшіп жүргенің туралы ғана айттың. Әзір көріп отырғаның сол ғой! «Отырған жақсы, жер емшегін емген жақсы, жауға жалынғанша, қара жерді тырмала!» дедік. ¥шы-қиыры жоқ әлі тілек, әлі үмітпен, баяғы өзің тастап кеткен күйде қырық үйлі, қыруар үйлі жатақ болып сорлап, біз де әзер келеміз. Рас, бір тәуірім, жалынып, емініп жатқаным жоқ. Жоқшылығыммен, ит қорлық бейнетіммен, «тұзы сор, еңбегі еш» қам-қарекетіммен болсам да, әйтеуір, жат үйдің босағасында емеспін. «Өлсем, өз шоқпытыма арқамды орап өлем» деген азын-аулақ алданышым бар. Бірақ не керек! Мойнымда қарғыс қамытымдай бір жоқшылық — баяғы жоқшылық. Еңбекке өнім жоқ, қорлыққа өлім жоқ. Сонымен, «жатақтық», «жоқшылық» дегенің, өлмелі өгіздің басына ілінген мойынағаштай үзақөмірімізге сүйретіліп келеді. Желкем жауыр, әукем тозып, сірі болды. Көптің күні осылай, күл боп кетіп барады!—деді.
Бұл да сөз аяғын Базаралы тоқтаған сағаға әкеп сарықты. Әңгіме арасында өз жайының бір ғана жүбанышын айтты.
Баяғыда Базаралы жас шағында білетін осы Дәркембайдың інісі Көркембай бар еді. Ол ерте күнде ішкі жаққа, орыс ішіне жалға жүріп кеткен болатын. Базаралы кеткен соң, сол Көр-кембай өлер шағында ылдидан, орыс ішінен Дәркембайға сәлем айтқан екен. «Көзім тіріде бір көрісіп қалайық!»— депті. Дәр-кембай барып жатқанда, сол інісі қаза болыпты. Өлерінде жалғыз баласы мен өлмелі кемпірін «қолыңа ал!», «елге алып кет» деген екен. Содан қалған жалғыз бала Дәркембайдың ендігі тынысы мен куаты боп жүр екен. Ол Дәрмен еді.
Бұл жігіттің тағы бір сырын ашып, Дәркембай өзі сырлас Базаралыға баян етті. Дәрмен Көркембайдың өз баласы емес екен. Ол баяғыда Құнанбай өлтіретін Қодардың немере інісі боп шықты. Көгадай баласы екен. Сонау бір жылдарда Құнанбай Мекеге жүрерде Дәркембай қасына ертіп барып Құнанбайдан есе сұрауға апарған бала Қияспай дейтін осы Дәрмен екен ғой. Қияспай деген лақап атты «қыңыр» деп мінеп, бір көлденең ағайын қойыпты. Өз аты Дәрмен екен. Сол жетім баланы
Дәркембай өзінің інісіне апарып бала ғып беріші: әрі ағайынның баласы, әрі Көркембайда ұл жоқ болған. Оның үстіне, Дәрмен бала соншалық зерек, ыстық жас болған соң Көркембай біржолата өз баласы етіп кетіпті. Дәркембай да оны ендігі жалғыз бір көзіндей көреді екен.
Дәркембай кейін сол жалғыз жігіт — Дәрменді өз қолымен әкеп Абайға қосыпты. Қазір бір жағы жатақта, бір жағы Абай қасында жүріп еттірлік етеді екен.
Базаралы Дәрменді көргенін айтты. Оның өнеріне жұрт сүйсінгенін, әсіресе, Абай ден қойып отырғанын еске алды. Дәркембайға бұл сөзді Базаралыдан есту сыйдай көрінді.
— Басында домбырамен былғақтаған, ойсыз, талапсыз сауықмасы ма деп ем! Енді бақсам, келген сайын Абай сөзін айтып келеді. Өзі де Абайдың ізінде, жолында сияқты. Сонысына ішім жылиды!—деді.
Базаралы жақында Абайдың Дәрменге айтқан өсиетін еске алып:
— Дәке, ініңе Абай үлкен сөз айтты-ау! Өзге іні-балаға айтпаған сөзін, артпаған үмітін Дәрменге арнап, соған артып отырды бір сөздің кезегінде... Сонысы маған қатты жақты!.. Абай, тегі, Құнанбайдың Абайы емес, халықтың Абайы бопты ғой мүлде! «Халық болғанда, жылаулар халықтың қысынан табылсам» дейтін бопты. Сонысына Дәрменді қанатқұйрық еткендей. «Бір үлкен өлең мен үлкен өнер айт! деп баулып отырғанын көрдім,— деді.
Дәркембай тағы да көңілдене түсті.
Енді бір кезекте Базаралы қалада өзін қарсы алған Оразбай, Жиренше, Бейсенбі, Күнтудай байларды да еске алып сырласты.
— Көп күндер орталарына алған болды. Ертелі-кеш бірі «ақылым» деп, бірі «нақылым» деп құлағыма қайдағыны құймаққа тырысты. Аңғарсам, бәріңде жатқан бір мүлде бар екен. «Басын тауға да, тасқа да соққан Базаралы емес пе еді. Барған жерінен артық жамандық таппас. Осыны тағы шүйлеп салайық» деп, мынау сайлау жөнімен өздері арбасып жүрген таласына енді мені жекпек тәрізді. «Құнанбай баласында сенің кегің болса, біздің де өшіміз бар. Кегің кеткен Құнанбай балаларын осы бетіңмен бір соғып қал, соқтығып қал!» дейді. Менің қолыммен от көсемек болады. Бүгін өзіңмен оңаша сөйлескенде, осылардың осынысына не десем екен, неғылсам рауа деп, ақыл қосайын деп ем. Бұндайды ойлағаның бар ма, қартым!?— деді.
Дәркембай көп іркілген жоқ. Ол Базаралыға тоқтау салған жоқ. Қайта қайрау айтқан сияқты. Бірақ әуелден басып айтқаны:
«Тек шиырынды, сырыңды соларға қоспа! Олар өзегін берген болсын-ақ! Бірақ қыл мойынға тақағанда сені тастап, сытылып, ойнақтап шығады. Өз таразыларын бағады» деген. Осы ойын таратып келіп:
— Қайратың болса, қажырың жетсе қамырығың бір халқыңмен болсаңшы. «Істеме» демеймін! Сенің қасың бұл күнде өзара жаулық үстінде әлсіреп отыр екен. Сондай қайрандап тұрған шағында қақсата бір ұрып қалсаң, ол осал болмайды. Бірақ сол ісінді де халықпен істе. Тек кеңесінді жатқа қоспа, жанкүйер жақыныңа, өзіндей өзегі талған мұндасыңа қос!— деді.
Базаралы осы тұста жеті ауылдың Тәкежаннан көрген қорлығын еске алды.
— Жер менен жердің түгі зор сордың түбі еді ғой, Дәке! Құнанбайдан да қалың елдің көрген қатты тепкісі бір жағынан жерге тірелуші еді ғой! Бұл күнде Құнанбай өлсе де, Құнанбайлық құрымапты. Қайта өршіп, өрбіп, құныға түсіпті. Тепкі емей немене, ана жеті ауылдың көргені!?
—Атама! Еске алсам зығырым қайнайды. Әбдінің орағы Әзім-байдың қылтасын қырықса, рауа ғой деп ем! Жылаулар ел дегенім сол, солар. Жоқтасаң соны жоқта. Жағаласып жарғылассаң сондай сорлаған сансыз көп үшін аранда. Әзімбайдың зорлығын естігенде, бар Шынғыстың іші-тысындағы сай тасына дейін шулаған жоқпа? Соққы-тепкі көргеннің бәрі жағасын ұстап,тісін басты ғой,— деді.
Дәркембай жеті ауылды жақтай отырып, намысы бар азаматқа бетсілтегендей.
Базаралының қазіргі Дәркембайдан алған ку ат сөзі оған қанат бітіргендей. Қайратты ер енді қалжың тәрізді бір ой тастап сөйледі:
— Ақылың ақыл-ақ! Бірақ маған тағы бір ой келеді. Осы кез ел мойнындағы еркелерің бірімен-бірі белдесіп, жамандасып жүрген кез екен ғой. Солардың желіктіргең бетімен соқтыққан кісі болайын. Дәл оздерінің ұяласының біріне қалтыратқандай, қатты бір соққы сермейін, Дәке! Тұра тұр, Дәке! Мен ақылды осы сенің қасында отырып таптым ба деп отырмын! Тек аз ғана аял болсын. Не көрмеген басым! Телі-тентегің «бір сойқанды бастауға дәл осы дәмнің үстінде бекінді» деп біл, Дөке!—деді де, Базаралы дастарқаннан бір түйір ірімшікті алып, ант ырымен жасағандай болып, аузына салды.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   22   23   24   25   26   27   28   29   ...   70




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет