Абай жолы. 1 кітап



бет28/70
Дата06.05.2023
өлшемі7,5 Mb.
#176199
1   ...   24   25   26   27   28   29   30   31   ...   70
Байланысты:
Абай-жолы


3

Қыстаулық жерін үнемдеп, алыс күздеуде алғашқы қар жауғанша тырысып отырған Тәкежан аулы Мұсақұлдағы қыстауға енді тақап келген. Анада Абай келіп сөз қылған Жігітек ауыл-дарының пішен дауы енді бірталай даңға айналды. Абай өз туысқанын айтқанына көндіре алмаған соң: «Тәкежанның істеп отырғаны зорлық. Мен арылдым, айтқаныма көндіре алмадым. Бұл өктемдікке қандай жауап етсең де рауа. Есенді жоқтай біл, ағайын» деп, Әзбеген, Шүйгінсуда отырған Жігітектің он шақты кедей аулына өзінің сәлемін айтқан. Сонымен жаңағы ауылдар Тәкежан шаптырып, үйгізіп қойған он шақты мая пішенді өзді-өзі қыстауларына тасытып алған.
Осы жайды Мұсақұлға тақап келгенде естіген Тәкежан бір түнде ат шаптырып Ызғұтты, Майбасар, Ысқақтарды шақыртып алып, тентек кеңес құрып, қыңыр байлау жасаған.
Жігітек айтқанын істесе, бұл да сонда ашу үстінде айтқан зорлық сертін осы кеңес бойынша орындауға бекінді. Сөйтіп, елдің бәрі қыстың шеті ілінген соң тегіс қыстауларына қонып алса да, Тәкежан аулы тың сылтау тауып, қыстауға баруды кейінге қалдыра тұрды. Соңғы көшкенде тура жаңағы Шүйгінсу, Әзберген сияқты қоныстарды қыстап отырған он ауыл Жігітектің дәл қыстауының үстіне барды. Солардың жеріне қалың қойын, түйе, сиырын қаптата жайып, баса қонғалы көшіп келді.
Көш алдында Тәкежан, Әзімбай, Майбасар бар-ды. Қас-тарына он шақты ер-азамат, нөкер ертіпті. Қалың көптің қонатын орнына кеп, топтанып тұр. Жігітектің кішкене шым қоралары аяғының астында қалып бара жатыр. Аз ғана ауылдардың қыс талшық ететін, иек астындағы болымсыз ши қорықтарына қалың қой мен түйе, сиыр жапырлап кеп түмсық салды. Кейбір қора-лардың аласа қоршау артындағы маяларына бос түйелер, қоңқақ мүйіз үлкен сиырлар артыла тұра қалып, қарбыта асап жатыр. Бұншалық өктем зорлықты күтпеген момын ауылдар қазір біріне-бірі жүгірісіп, жалғыз-жәутік тай-тулағын мінісіп, шапқыласып әбігерге түсті. Аздан соң Жігітек ауылдарынан бас құрап аттанған он шақты салт атты Тәкежан аулы жүгін түсіріп, кереге жая бастаған кезде сол зорлықшыл ауылға қарай беттеді.
Жігітектің бұл жиынының ортасында Базаралы бар. Тәкежан-дар әлі үй тігілгенше, тобын жазбай, ат үстінде мал аралап жүр.
Жігітек тобын бастап келген Базаралы байбалам салып, бақыра-шақыра келген жоқ. Ол тартынған салмақпен сөйледі. Зілі бар сараң тілмен тың қуатты көрсеткендей.
— Жә, Тәкежан мырза! Бұл істеп тұрғаның қысас екені мәлім ғой. Қорқып, бұққан Жігітекті тағы да бұқпа торғайдай басынан асыра тас лақтырып, бұқтыра түсіпсің. Онсыз да жаны ашымас құдайын тағы да таныта түсейін деп тұрсың ба? Жоқ, әлде, жерін жеп, шөбін шашып, жарты лашық жаман үйлерін үйелменімен құртайын деп тұрсың ба? Шыны, мынау қай қылығың?— деді.
Тәкежан қамшысын ердің қасына көлденең салып, екі қолын сол қамшы сабына таянып, үзеңгісін шіреніп тұрып, Базаралыны жер қылардай кекесін жүзбен қарады. О да қысқа сөйлемек.
— Қаумен баласы, сенің қыстауыңа қондым ба? Өз аулың анау, Шыңғыста емес пе? Дел осы жерде сенің қылшығың құрыды ма?
Базаралының сұрауына жауап бермей, бұ да сұрау берді.
— Ағайыным, жанкүйерім, «өртесем де ара түспе» дейсің бе?! Саған да, бұған да ағайын екем, ара сөз де айтқызбайсың ба?
— Өзіңе тимеген екем, ендеше қактықпа, ағайын! Жайыңа тұр, килікпе!
— Жылатсам да, талап жесем де үн шығарма, тұяқ серіппе дейсің бе?
— Сенімен сөйлесер жауабым жоқ. Шешендікке, қаныпезерлікке Базаралымен жарысам деген бәсім жоқ! Жеңсігім де жоқ. Ағайын, аулақ тұр дедім, аулақ бол!
— Бар сөзің осы ғой, Тәкежан мырза! Зорлығыңа, содыр-сойқаныңа жауап та бергің келмейді ғой!
— Келмейді, уә, келмейді!
— Бермейсің ғой жауапты!
— Бермеймін саған!
— Шын бермейсің ғой, Тәкежан!?
— Бермеймін, бермеймін!
— Жә, жепі! Сен де үш қайырдың, мен де үш қайырдым. Жетер шекке жетіскен екенбіз! Енді бүдан былайғы іске, кесір мен кеселге біз айыпты емеспіз. Опық жесең, өзің жерсің! Атадан ұл боп туғаным шын болса, түнығынды бір шайқармын, Тәкежан! Екі ту мақ жоқ болса, екі өлмек те жоқ, Еркек болсаң, осы арадан көіппей отыра бер!— деді.
Қатты ашумен қайнаған үлкен көзін Тәкежан мен Май-басардың бетіне кезек-кезек қадайды. Талайдағы ызалы сөздерін қатты айқайлап тұрып айтып-айтып берді де, «тарт бермен!» деп, тай-байтал мінген кедей-кепшігін ертіп жүріп кетті.
Тәкежан аулы Базаралының ереуіл сезіне былқ еткен жоқ. Қар екі жауса да, үй іргесін шыммен көмдіріп алып, тағы да ықтырмасын құрғызып қойып, күндіз-түн демей ауылдың пішені мен қорығын аямастан жеді де отырды. Түн баласында сол жыртық шоқпыт қоралардың азын-аулақ қыстық отыны, қиларын длғызадаг. Әзімбай мен Қаражан кейбір содыр жігіттерін жіберіп, түйелей артқызып, ұрлатып та алып отырды. Соның орайына, күңдіз-түн бай үйлерінің оты үзілмей, маздапжанады.
Бір қазаның үстіне бір қаза кедей ауыдарды ұлардай шулатты. Тәкежанның осыңдай бишараларды алқымымынан алып, бақыртып отырғаны бүкіл Шүйгінсу Құнанбай қорығы, Қарауыл, Балпаң
елдеріне түгел жетті. Шыңғыстағы қалың Жігітекке де түн асқың сайын дүңкілдеп, сұмдық зорлық хабары естіліп жатыр.
Дәл осы екі-үш күн ішінде Базаралды белгісіз бір жаққа жоқ болып кетті. Шүйгінсудағы жылаулар елдің он шақты жас азаматын өзімен ілестіріп ала кеткен сияқты.
Кетер түнде осы жігіттерге қоса, Қарауыл бойын қыстайтын Жігітектің көп кедей ауылдарынан және отыз шақты жігітті шақыртты. Бір түн отырып, төрттен, бестен жиып алып, барлығына бір түрлі іс тапсырған.
- Қолда бар «бүт артар» жалғыз болса, сонынд мің де, Миялы, Байғабылдағы жатаққа жетіндер! Сол арадан басталатын бір жорық бар. Талайдан зығырымды қайнатқан, арманым болған бір жорық. Осыны, сендердей, өзімдей кедей жорығы, кек жорығы, арты не болады деп сұрама! Ортаңа ажал уысынан, арыстан аузынаң құтылып, қайта оралып Базаралы келгенде, «еңді етегіңнен ұстап өлермін-ау» деген серттерің болатын. Оларынды үмытқам жоқ, ер серті деп түсінгем де ұсташам! Соған бекінген тәуекелің рас болса, сарапқа салар күнім туды. Атым жаман деме! Сәйгүлік мінгіземін. Қаруым—қара сойылым жоқ деме. Сенен бетер жылап жүрген жатақ бар. Қолыңа қос сойылды солар қуанып отырып ұстатады. Тек осы сыр бірде-біреуіңнің аузыңнан шетке шашау шықпасын. Жігітектің анау Бейсенбі, Әбділда, Үркімбай, Жабай аулы сияқты қалтырауық байларының құлағына тимесін! Екінші сөзім—тобыңмен беттеме! Екіден, үштентүн-түн сайын жоғалып кет те, сол жатакқа барып жет! Абылғазы екеуміз алдарыңнан тосамыз!—деп сөзін түйген. Бүдан ары не істейтінін, кімге қалай соктығатынын жігіттерге айтқан жоқ.
Тәкежанмен көш адында қағысқан күні Абылғазы екеуі осы әрекетті істеген де, із-түзсіз тартып кеткен.
Қазір сол Базаралы мен Абылғазы Дәркембай қасында отырып, үзақ-үзақ сырлар ақтарысады, мұндар айтысады. Жігітек кедейлері Базаралы беттеткен бағытпен төрттен, бестен топ-талып, жатақ ішіне келіп, әр үйлерге, оңаша ауылдарға жайласқан. Базаралыдан әмір күтіп жатқан. Бірақ бар жігіттүгел келіп болмағандықтан, Базаралының белгісіз ісі әлі аз күн аял күтіп, іркіліп тұрған-ды.
Дәркембайдың кішкене жер үйіңде, пеш жанында отырып үш сырлас шерткен әңгімелер өр саққа кетеді. Қазіргі күндерде бұлар аш-тоғын да елемейді, Дәркембайдың кемпірі істеп берген қара көже ең қымбат, дәмді астарындай.
Бүгін әр түрлі әңгімені өзі қозғап, толғана шертіп отырған Базаралы ғана. Оның ендігі кеңесінде үнемі бір еріске шалқып,
бір сағаға құйып жатқан ой мен есеп бар-ды. Қырық жігіт қимылына бағыпталған көмек әңгіме тәрізді. «Осы іске неліктен бекіндім» дегенді аңғартқандай. Ендігі Базаралы Тәкежан қылығын сөйлемейді. Тіпті, Тобықты ішінің бәлесін де айтпайды. Ол исі қазақ көріп білген жай да емес.
Базаралы каторгада өзімен жолдас болған бір қарт орыстың хикаясын баяндайды.
Ақ сақалы беліне түскен, қалың түкті қабағы көк бурыл мұртындай боп көзіне жеткен. Өткір шүңірек көк көзі, суық қасы көк сүңқар қанатындай жаба біткен жан екен. Бойын Базаралы әз бойынан қарыс ұзынн дейді. «Жиырма жыл айдауда жүрсе де, әлі де екі иығына екі кісі мінгендей. Төсі де төңкерген астаудай. Өзім көрген адамның нары сол!» деп, Базаралы каторгадан тауып қайтқан досы «Керала» деген орыс мужигінің жайып баяндады.
Ішкі Россия жерінде, орыста да сан Құнанбай, Тәкежандар иттен де көп, бықып жатады екен ғой. Өздерін ақсүйек, алпауыт деседі. Солардың қол астында қалың мужик кәдімгі малындай, құлы мен күңі болады. Тілесе, қолымен дүрелеу, жақтырмаса, заты жаман малдай айдап сату, ұлын — құл, қызын күң ету бар екен. Байға берген қыздың еншісіне, құданда, тамыр-жекжаттың қалауына атадан баланы айырып, анадан қызды айырып, кәдімгі тай-құнандай жетектетіп жібереді екен. Осыларды айтқан Керала «өз байым Педоттан, өз көргенім» деп, тағы бір сорақыны айтты. Көрші баймен тазы ит жарыстырып, Педот күндес болады. Сол орайда біреудің жүйрік итін аламын деп саудаласқан екен. Ал Кераланың он тоғызда жасы бар бүлдіршіндей қарындасы болады. Жаңағы тазы ит иесінің сол қызға көзі түсіп сұрағанда, Педот баспа-бас айырбасқа салады. Қыздыңтигелі жүрген жігіті жасық екен, ара түсе алмай қалыпты. Екі бай Педоттың сарайында түнде арақ ішіп, мас болып, жаңағы жас қыз Аксиньяны мазағына алып отырады. Керала сонда намысқа шыдамай, еркектік бір іс етіпті. Терезеден түнде кеп бағып тұрса, тазы итке қыз айырбастап алған қорқау бай Аксинья қызға қорлыған жасап, арын жазалай бастаған көрінеді. Сорлы қыздың кәрі қорқаудан жаны үркіп, шырылдаған екен. Терезеден бағып тұрған Керала балтаны жіберіп ұрып, жаңағы байды жаралап, қан құстыра жығыпты да, тәуекел ғып тас жұтыпты. Орыста «Қызыл қораз» дейтін болады. Мужик орта-сында кекті болған байдың үй-мүлкін өртегенді айтады. Жаңағы бай үйінің төрт бұрышына кәресін мен қарамай құйып, әзірлеп тұр екен. «Бір істеп қалған соң, әйтеуір, басым кетті ғой, не де болса ата-бабам, қарындасым. анам атаулынын қан кектерін ала
өлейін» деп, байдың бар дүкенін, үй-мүлкін, қара-қорда қызынасын түгел лау еткізіп, есі шығып талып қалған қарындасын арқалап алып, қалың меңіреу қарағайға қашып кіріп кетіпті.
Сонымен бір жарым ай бойы тоғай ішінде қашып жүріп, бір бай емес, атыраптағы талай байлардың үйлерін өртеп, шетінен банкрот қыпты. Үзындағы өшінің, қысқадағы кегінің бәрін алыпты. Бір жолы он, бір жолы он бес кісі боп алпауыттар қамағанда, тек жалғыз ғана темір шоқпармен шетінен сілейте ұрып жығып, екі рет құтылып кеткен екен. Үшіншіде қапияда пат-шалықтың қарулы солдаты кеп, үстіне қаптай құйылып, қол-аяғын бұғаулап, түтқын етіпті. Анау жараланған бай өлімші боп, барып-барып ақыры жазылыпты. Бірақ қисық мойын, шолақ қол боп жазылыпты дейді.
Кераланы әуелі өлім жазасына бүйырып, артынан кешірім еткен боп, «өмір бойы, өле-өлгенше каторгада, тар зындан, тас қамауда шіріп өлсін» деп бүйырыпты. Сол Керала, жаңағы өздеріңе мен түсін айтқан аппақ шал, елу бес-ақ жастағы адам дегенде, бағанадан ынтыға тыңдап отырған Абылғазы:
— Алда бақыр, есіл ер-ай!— деді.
Дәркембай да тамсанып, басын изеді.
— Сорлы жазған! Ер жолы осы да.
Базаралы тағы айтып кетті:
— Міне, биыл отыз жыл каторгада, ер өмірін ер кегіне құрбан етіп, алысуға шыққанда өзі жиырма бес жастағы қыршын екен. Жапа-жалғыз басы әрі жалаңаш құр қол, жаяу. Сол күйінде намыс таяғын іркілмей сермепті де, жастығын мол қылып алып жығылыпты!— деп, бір әңгімесін түйген еді.
Керала өз басынан кешкенін ғана емес, отыз жыл бойында талай этапта, талай каторга орындарыңда, шынжыр астында күн кешкен өзіндей сан сорлыны көрігпі. Соңда өзі алдыңғы бір буын ғой... Ал кейін осы соңғы жеті-сегіз жылдар ішінде де нелер қыршын жас, жаңа буындардан шыққан ер крестьяндар да сол каторгаға тіпті көп келіп жатты-ау!
Жер жөнінен қысым, таршылық-тапшылық көргеңде, қалың крестьян төреден, жуан қожадан, жерлі байдан көреді екен. Солармен, тіпті, патшалықтың өзімен де алысқа шығып, сорлаған кедей крестьян атаулы жыл сайын, ай сайын алысып, қырқысып жатады екен ғой. Міне, соларды бастаған сан ерлердің де топ-топ болып, Сібірге каторгаға түскенін көрдім. Бұлардың алысы мүлде бөлек. Жекелеп шарпыспайды. қалың ел боп соқтығады екен жауларына. Көп шерлерін, сырларын тыңдадым. Айызым қанды, не керек.
«Мың бір түн» мың бір түн емес, «Бактажар» бақтажар емес, анық «Бақтажар да», «Мың бір түн де» шіркін, сол есіл Керала әңгімесі еді. Әр әңгімесін мен де жадымда тұттым. Бәрі де жаңағы Кераладай, өз тұсындағы Тәкежаннан жапа шеккен, опық жеген өңшең Базаралы, Балағаздар көрінеді. Бірақ сонда Құнанбайдың тізесімен қуылып барып, жаңағылардың әңгімесін естігенде, үнемі өкінішім қалмаушы еді. Мені сонда жүргенде «елден кеттім-ау!» деген қайғы емес, күні-түні сүйегімді кемірген бір өкініш боп еді. «Аяқтағы суға ағып өліппін-ау!», «Кеткенде түк бітірмей, текке кетіппін!», «Тым құрыса, біреуіне естен кетпес бір соққыны, тәубесін есіне түсіре, неғып соғып кетпедім!» деп, өзімді-өзім қинаушы ем» деп тоқтаған.
Дәркембай мынадай үлкен сүре әңгімені барлық ерекше ауыртпалығымен таңырқап тыңдады. Өзіне түсінікті күйдің соңынан туған әділ ашуға бұның да барлық ереуілші жүрегі қоса қызып, қозғаңдай болды. Ер кегін алған өжет кедейдің батыл ісіне барынша сүйсініп тыңдайды. Көп тәжірибелі басын изей отырып, кейде үнсіз, ұзақ күледі. Базаралы әңгімесін бітіргенде, ол бір қызық ойын қысқа түйді.
— Маған бұл жайдың бәрін текке айтып отырған жоқсың ғой! Мені де, мына Абылғазыны да түйсіндірмей отырған жоқ бұл айтқандарың! Өзіңе де бұл қайрау сөз ғой. Осының бәрінен мен не түйдің десеңші!
Базаралы мен Абылғазы екеуіне сұрғылт ренді ер көзін қадап отырып, езу тартып бір сөз тастады.
— Есіңде болар-ау! Осындай мұнды бұрын да көп айтушы едік қой. Бірақ айтып-айтып, мұндап-мұндап қоятынбыз. Біріміз ай-дауға, біріміз байлау-матауға күңірене жүріп, көне беретінбіз. Қазақтың асауы не! Құрығы ұзын қулардың бұғалығы мен ноқтасына бәрібір басымыз ілінетін де кететұғын. Осы бір-ақ нәрсені түйсең екен! Кіжінуің көп, килігуің жоқ, мені қартайтқан өкініш осы еді. Бүгін де со ма? Сол болса, «күлге шөгіп, көтеремнен тұрмай қалған кәрі Дәркембай, сол шоккен күйінде жата бер» деші! Жоқ, ісің болса енді бір істеп қалшы. О, семсерінді бір сілтеп өлші!— деген.
Бұның соңғы сөзінің тұсында Базаралы мен Абылғазы шіміркене сүйсініп, сылқылдап күлісіп отырды. Базаралы Дәркембайдың бір сөзін әсіресе қуаттап, қайталап айтты.
— «Кіжінуің көп, килігуің жоқ...» Қандай сөз? Төбемнең тап басып, дәлін айтқан сөз-ау!- дегенде, Абылғазы да қостады.
— Сөз ғана дейсің-ау! Табандап тұрып, тебеден сойылмен ұрғандай емес пе? Салмағы қандай?— деп, біраз отырды да:— Қой,
Базеке! Мынандай сынның артынан айтылатын сөз қалған жоқ. Тек жинал, атқа қонайық! Жол болсын, ниет қабыл болсын!— деп, ширыққандай атқып тұрды.
Бұл өңірде сөзі мен ісі ілесе жүретін, кейде, тіпті, «ашу алды, ақыл соңы» деп, қарулы ісін сөзінен де алға сала жүретін кісі — Абылғазы. Базаралы ниет еткен істің қайратты қимыл ын бастау өзінің сыбағасы екенін ол анғарып жүрген. Еңді аттанатын мезгілді дәл атағандай болды.
Бұл кезде түн ортасы болған екен. Үшеуі де ширақ қозғалып, шапшаң киініп, тысқа шықты. Абылғазы айтқан жаңа сапарға шал Дәркембай екі жолдасын өз қолымен аттандырды.
Кішкене қораның қабырғасында кештен сүйеулі тұрған екі қара шоқпарды Дәркембай өз қолымен жігіттеріне әперді.
— Енді қайтып бір сермелмей, менімен бірге семіп, солғандарың ғой!— деп жүруші ем. Осы танда, тым құрыса, бір сермеліп, көптен кеуіп қалған ашуым, осы екі шоқпардың салмағымен бір ғана шықсыншы. Ал жолдарың болсын! Тарт жортуылыңа!—деді.
Тебіне жөнелген екі азаматының артынан Дәркембай ұзақ қарап тұрып қалды.
Байғабылдан, көп жатақ ішінен, әр қыстаудан дәл осы шақта тағы талай аттылар жосыта шығысқан еді. Жиыны қырық шамалы сойыл, шоқпар ұстаған, сын жорықты бетке алған ер-азамат оң-түстікке тартқан. Сары жогамен, жолсызбен оқшау-оқшау жол жү-ріп кеп, Ақеспе деген Бөкенші күзегінде түгел жиналып, бас қосты.
Олар тоқайласқанша, қыстың таңы да атып келе жатты. Кешелер қылаулап жауған қар өткен түнде қалындап түскен екен. Аттың шашасынан келеді. Биылғы қыстың «жолдас қары» боп, тұтас түскен көрінеді. Жиып жұртқа қазіргі ниет, барар бет мәлім. Ендігі сөз қысқа-қысқа әмір, бұйрық түрінде ғана айтылу керек. Соны айтып келе жатқан Абылғазы.
— Жиының қырық бес жігіт екенсің. Бұның бесеуі жатақтың азаматысыңғой. Қазір жол болып, дегеніміз орындалса, жатақтың жігіттері, сендерге айтамын! Біздің кебімізге еріп, сонау Шыңғысқа созыпмай-ақ қойындар! Қолдарыңа тигенді алындар да, тезінен жатағыңа қайт! Үй сайын, әрбір лашығыңа шейін үлес бер де, қалған істің артын күтіп, тып-тыныш отыра бер!— деді.
Жатақтың бес жігітін қасына бөлек шақырып алып, кейінгі үлестің жөнінен тағы біраз ақыл айтып, бұлармен сөзін бітірді.
Осыдан кейінгі бұйрық бергені қалған қырық жігіт болатын. Аттың маңдайын алдарындағы қоңыр адырға, Шолпанға қарай
бететіп қойып, қатты бұлаңқұйрықпен жортып келе жатып, Абылғазы қырық жігітті екі топқа бөлді. Он бес жігітті Базаралы мен өзінің қатарына алып, әмір беріп келеді:
— Сен он бесің соғыспайсың. Тек малды қуғынға саласың! Үлкен қара жолға. Ойқұдықты қиып түсесің де, Ералыны, Арқалықты басып, Кіші Орданың тұмсығына қарай тартасың! Алды-артыңа қарама. Тек, жосытып қуа бер! Арттарыңнан біз де жетеміз. Ұқтыңдар ма?— деп, қатты айқайлап, айнала бір қарап
алды.
— Уа, ұқтық!
— Дегенің болсын!
— Болды, жетті!— дескен ширақ үндер, шапшаң жауаптар естілгенде, Абылғазы сақылдап күліп жіберді.
— Е, бәсе! Солай айт! Ширақ айт! Ақша қарға аунап шыққан қайсар тағыдай ширығып қапсыңдар ғой бүгін, тегі!
Осыдан соң өзге жиырма бес жігітті қатарына шақырып алды. Бұлардың мінген аттары ірікті. Өздері де өншең сүйекті, балғын денелі атпал азаматтар сияқты. Кейбіреулерінің білегіне ілген, үзеңгіге ілген емен сойылдары қақтығысып, сатыр-сұтыр етіседі. Бұларға Абылғазы айтқан бұйрық — соғыстың жайы.
— Сендер соғысқа кіресіндер! Түтқында азамат қалдырушы болмаңдар, өліп түспесең, оңайшылықпен жығылып түспе жау қолына! Ал зәу-сайтан сонда біреу-міреу түсе қалса, қасықаағы қалғаның іліп әкетуге тырыс. Бұл — бір де! Жауды жайратқанда, тіл кететін болмасын. Типыл етіп қырындар! Бұл — екі! Жығылған жаудың босаған атын әсте қалдырып кетіп жүрмендер! Бұл — үш! Қуғын соғыс басталғанда тізенді айырма, «айрылмас-айрылмас» деп отыр! Өздерің соқтықсаң, үмар-жұмар тобыңмен соқ. Жаудың шығандаған бірен-саран өршігені болса, араңды ашып жіберіп, ортаңа түсіріп алып қарақұстан, самайлықтан сілейте соқ. Бүгін танда ес жимайтын етіп, қан құстырып кетіндер! Тағы бір сезім — астарыңа мінгенің кедейдің жалғыз-жалғыз қу шолағы ғой. Жол бүгінгі, жау биылғы ғана емес. Кішкентай толас бола қалса, қолға тиген жылқының ішінде ат, айғыр, бедеу бие болады ғой. Төл аттарынды соған ауыстырып, шапшаң мініп-мініп алындар!—деді.
Алғашқы топ жігітке тағы айтып еткен және бір жайы болды:
— Соғыс, қуғын қатты болмаса, алдарыңа түскен малды беталды қатты қуып айдамандар. Өз керектеріңе жарайтын дүние болса, бүйырса, соны ысырап қылма. қан-жыны араласып кетсе, малда береке болмайды,— деген
Қатты жортып келе жатып, бар жігітіне Абылғазының атап берген бұйрығы осы.
Базаралы бұл жорық үстінде өздігінен сөз айтқан жоқ. Осы жұрттың маңдай алдында оның тап өзі келе жатқаны жетеді. Жора-жолдастары оған алакөңілсіз сенеді. Барлық осы жорықтың бастауы да және кейін болар бар кезеңі де Базаралыдан тыс қалмайтынын бұл келе жатқан қырық жігіт біледі. Өйткені әрқайсысымен жеке-жеке сөйлесіп, осындай еркек сыпатына келтіріп, намыспен сілкіндірген Базаралының өзі
Жігіттер мақсұт еткен суық сапар енді ұзаққа созылған жоқ.
Бір қалыпты жүріспен Жөкең құдығы деген қоныстың аяқ жағын кесіп өтіп, Шолпан тауының бауырыңдағы екі-үш қырқалан асып жібергенде, жортуылшылар мақсұтты жеріне тақап қалды.
Соңғы бір кезеңге Базаралы, Абылғазы бастаған жиырма атты сыдыртып шыға келіп еді. Осы белдің етегінен Шолпанға қарай ендеп жайылып жатқан қалың жылқы көріне кетті. Жылқы шетінде, әр тұсында топтанып жүрген, сойыл ұстаған көп аттылар бар екен. Жылқышылар жене кейбір мал иелері де болу керек. Бұл жайылып жатқан қалың қос жылқы — Абылғазыға бар есебі белгілі Тәкежан жылқысы.
Бел үстінде Абылғазы арттағы тобын тосып, шоқтай үйіріп жинап алды. Тап ортада жалғыз өзі. Астындағы бусанып тұрған, танау қаққан ақ боз атын айнала жалт-жұлт бұрып, шиыршық аттырып тұр. Дәркембай берген қара шоқпарды қолтығына қыстыра, аспандатып, тік көтеріп алды.
— Жә, жігіттер! Мынау алдында жатқан — кекті жауың Тәкежанның қосы! Сегіз жүз жылқысы жатыр осында. Осы малды қазір тігерге тұяқ қалдырмай, тік көтере алып кетеміз. Мойнына түйіп, айдалатын малға өз аттарыңның шылбыр-тізгінін қосып жіберіңдер! Ерттеулі ат, айғырларды қосарғаал! Мықты болса, лезде мініп-мініп алындар. Әнебіреу қурайларын шошайтқан еркексымақтардың астарындағы аттарынан да бір тулақ қалмасын! Ал енді, жортуылдың жолы болсын! Осы қара нөпір тобыңмен қара бұлттай төніп көр. Кедей жорығының жолы болсын, тарт! Ұрып таста! Ұрып таста!— деді де, ақ боз атқа қамшыны басып-басып жіберді, «кеу-кеу» деп, жауға тиердегі қайратты ерлер сүренін салып, жосыта жөнелді.
Күпсек қар ағыза шапқан көп аттың тұяғынан ақ боран боп, аспанға атқуылдады. Барлық жұрттың «кеу-кеу!», «қапта-қаптаа!» деген айқайы мен ақ сойылдарын сатырлатып, қағысып шапқан ағыны етекте жатқан жылқыны қатты үркітті.
Әлі қылшығы құрамаған, бусанып көрмеген семіз жылқы, сараң байдың қалың шоғыры шетінен үркек, асау болатын. Түңде бөрі, күндіз ұры араласып көрмеген, жоны төңкерілген құр асаулар енді тай-құнанына шейін құйрықтарын шаншып алып, осқырып, құйықтыра жөнелісті.
Жылқыға Абылғазы қолы жетіп араласқанша, мың сан тұяқтардың құшырлы серпіндерінен ұшқан қиыршық қар енді бүкіл өңірді ақтүтек етті. Қатты боран соққынына айналдырып жіберді. Абылғазының жігіттері өзінің екі тобынан жаңылған жоқ. Он бес жігіт жылқының соңына түсті. Олар ағызған бойларында айқай-сүренің үзбей отырып, кесірлі асауларды шошыта қиқулады. Шолпанның қоңыр адырына қарай қалың жылқыны құтырта қуып барады.
Абылғазының өз қасындағы жиырма бес жігіт бастық аға айтқандай тобын жазбай, бұның қатарында бөлек түйіліп келе жатыр. Бұнда да қалың айқай басымдап шығады. Жұмарланып төгілген ашу селі, қарабарқындап құйылып келгенде, алдынан жиырма шақты аттылар «қайт, қайттап» қарсы шапты.
Қалын шидем киген, үлкен сеңсең тымақтың үстіне күләпара бастырып, өне бойды жылы киіммен шымқап тастаған жылқышылар екен. Астарына мінгендері жарау аттар емес, төңкерілген ту биелер. Және көбінше ұзынн жалдары көзін жапқан, тізелеріне дейін төгілген құр айғырлар екен. Терлетпей, аяндап жүрген семіз сәйгүліктердің жал-құйрықтары қырауланып, кекілдері шалбастанып тұр. Адам мінетін үйреншіюі көлігі тәрізді емес. Қысқа қарыс жүні үзарған, түрі суық тартқан көліктер бөтенше бір жайындар тәрізді.
Жылқышылар арасында Тәкежанның жалғыз ұлы Әзімбай бар еді. Өз қолында сойылы жоқ, киімі де өзгелерден бөлек. Түлкі тымағы бар. Томар бояумен боятқан жаңа сеңсең ішігі бар. Қызыл жүзі мен қалың қызыл қабағы салқын күнде сазара барбиып, ісініп тұр. Абылғазылар тау басына шыққан жерде-ақ, бұл топтың жау екенін Әзімбай алдымен аңғарған. Жылқышыларына айқайлап әмір еткен:
— Мынау тегін емес, жау! Ал жандарынды сал! Өліспей мал беріспе! Алысып қал!—деп ақырған. Өзі де бір жастау жылқышы-ның қолынан ұзын сойылын жұлып алған-ды. Қазір жылқының соңынан шапқансып, қорқынышын жасырмақ болған малыіы атау-лының барлығын ол әке-бабадан боқтап, қайта қайырып алды.
«Жылқы емес, жауың мұнда келеді» деп, Абылғазыларға қарсы шапқан.
Енді екі топ ағындап ұмтылысқан бетінде, тобылғылы шұбарда, жазық майданда қарсы келіп қақтығысты. Шауып келе жатқан Базаралы Әзімбайды елдің алдымен танып, Абылғазыға айқайлады.
— Тәкежанның қу жалғызы қарсында келеді! Жылқышыдан ес кетсін! Орайға келтір, әуелі өзіне серме!— деп қалды.
Сол кезде көп аттының ортасында алға шықпай, тығыла шауып келе жаіқан жаны тәтті бай баласы дәл Абылғазы мен Базаралыға маңдай алды қарсы кеп қалды. Екеуінің де сойыл сілтегені сол Әзімбай болып еді. Бірақ бай ұлының екі жағында келе жатқан еңгезердей екі жылқышы бар. Бірі жирен қасқы айғыр, бірі қара төбел айғыр мінген. Әзімбайды қорғап, осы екеуі қабатсойыл сілтеді.
Абылғазы мен Базаралы жас күндерінен ат үсті соғыстың тәсілін үлкен өнердей үйреніп өскен-ді. Сәтті бағатын, қапысы жоқ екеуі алғашқы сойылдарын кісінің басына сермеген жоқ. Жаңағы екі жылқышының өздеріне қарай төнген сойылдарын қағып-қағып жіберісті.
Дәркембайдың қара шоқпарымен Базаралының батыр қолы оқыс қағып ұрғанда, бір жылқышының сойылы шарт сынып, аспанға ұшты. Абылғазы ұрған жылқышының сойылы қолынан мүлде ұшып кетті. Әзімбай осы қарбаласты пайдаланып, Базаралыға оқты көзімен ата қарап, айғайлап жіберді.
— Базаралы, жерге қақпай тынбаспын!— деп қалып, Базаралыны қақ басқа қатты ұрып жібрді. Боқтап та қалды.
Бірақ Базаралыны бұл ұрып қалған сәтте, өзінің де самайынан Абылғазының қайта сілтеген шоқпары зіл қара тастай қатты кеп соқты. Қолындағы сойылы сол сәтте сылқ етіп жерге түсті де, Әзімбайдың өзі аттың шылбыр, тізгінін тастап жіберіп, шалқалап сілейіп қалды.
Қабақ қақпай қадалып ұмтылған Базаралы енді тебініп кеп, жирен айғырлы жылқышы мен Әзімбайдың екі арасынан ағындап кіре берді. Байдың ұлын жағадан темірдей қолмен бүре қармап алып, ат сауырына қарай жұлқа жөнелді. Ашулы қолында ендігі Әзімбай қаңбақтай жеңіл көрінді. Оны аттың сауырына түсіре сүйрете кеп, шалқайтып апарып омырауындағы қолды босата берді де, тұмсығы мен көзінен сүргілей қойып жіберіп, жерге лақтыра тастап кетті.
Әзімбайдың ақтанкер атын Базаралының артында келе жатодн жігіттер іліп алып кеткен екен. Базаралы артына бір айналып қарағанда, жаңағы жығылған орнынан тұрмай, серейіп қалған Әзімбайды көрді.
Жылқышына ендігі қайрат етіп жүрген қара төбел айғырдағы қарасақал екен. Базаралы соған қарсы кездескен еді. Қолына тың сойыл алған жылқышы өз сойылын тағы бұрын сермеп жіберді. Бірақ Базаралы оның соққысына қарамастан, өзі көздеген тізеден қарулы жылқышыны қатты ұрып қалды. Жау сойылы Базаралының иығынан тигенде, бұның сойылы талмау жерге, тізеге мықтап тиген екен. Қалың киімді, қауқиған үлкен денелі, қайсар жылқышы қазір қанатынан оқ тиген үлкен қара құстай көрінеді. Ортасынан опырылғандый боп, қара айғырдың үстінен қалбаң етіп, бір-ақ құлады. Базаралы бұнымен көп алысармын деген еді. Мынаның оп-оңай ошарылып құлағанын көргенде, сүйсінгеннен күліп жіберді.
Абылғазының үрдіс ұрған қара шоқпар зілінен бұл кезде үш жылқышы үмар-жұмар түскен-ді.
Әрбір жортуылшыға өз сыбағасындай жеке-жеке келген жылқышылар бар-ды. Әзімбай мен жирен айғыр, қара айғырдағы қосбасылар жығылған соң, өзге жылқышының көбінен ес кетіп қалды. Жығылғаны жығылып, ендігі қалған тобы селдіреп, қаша бастаған. Сол кезде Абылғазы әзінің сенімді көретін жігіттері — Ержан, Қоске, Шаянбай дегендерге қатты бұйрық етті. Жаудан түскен сенімді ат, айғырларды шапшаң ауыстырып, соларға мінгізді. Әзімбайдың ақтанкеріне балуан жігіт Мес дегенді мінгізді. Сөйтіп алып тапсырғаны:
— Қашқан жылқышыдан жан аман құтылмасын! Бәрін де қырып-жойып түсіріндер. Аттарын алып, шетінен жаяу қылдырыңдар! Мандағы елге хабар жетпейтін болсын. Қайрат қыл, соңғы қайрат!—деп, қашқан жылқышылардың соңынан өзі бастап қалың бір топты ертіп алып, қуа жөнелді.
Базаралының қасында бес-алты кісі қалған. Бұл арада майдан біткен соң, ол топ жылқының соңынан шаба жөнелді.
Қыстың қысқа күні түс шағына жеткенде, барлық жылқышы түсіріліп, ат атаулы алынып, Абылғазының айтқаны түгел орын-далып болған-ды. Бұл кезде жылқыны айдаған жігіттер Шол-паннан асып, Ойқұдықтан өтіп, Ералыға жеткен. Жылқыларды жайлап бөгелген Абылғазы тобы енді кеп жетті. Сегіз жүз жылқыдан, Абылғазы айтқандай, бір тай қалмаған екен. Енді Базаралы мен Абылғазы Байғабылдан қосылған жатақтың бес жігітін шақырып алды.
«Ең алдымен еншіні сендерге береміз» деп, жатақтың қырық үйіне арнап, қырық құр аіты бір бөліп шығарды. «Екі үйіне бір сойыс» деп, жиырма ту биені және бөлді. Жігіттерді қайта
қайырарда соңғы рет қастарына алып тұрып, Базаралы Дәркембайға сәлем айтты.
— Артқы күнді көріп алармыз. Көбінің де, азының да жауабы бір. Қолымменен еттім, мойнымменен көтеремін. Жасқанбасын қалың жатақ бауырым. Мынау қырық атты қыс бойы қалаға пішен тасып, көлік етсін. Осы аттардың майымен ұн, шайын айырсын. Ал мынау ту биелерді сойып алсын да, ашығып отырған қызыл қарын жас бала, кемпір-шалына талшық етсін!— деп жөнелтті.
Қалған жылқының барлығын қалың түн ортасында қырық жігіт әулі Шүйгінсуға жеткізген. Үйқыда жатқан Тәкежан аулының іргесінен айдап өткен. Сол түннің ішінде бар жылқыны кедей-кепшік ауылға Базаралы тізгін ұшынан үлестіріп берді. Бір шеті Шүйгінсудан, Әзберген, Балпан, Қарауылдан басталып, қалың Шыңғысқа шейін, тіпті, сыртқы асу аузындағы Көлденеңге шейін қыстап отырған ауылдардың барлығына Тәкежан жылқысы түгел шашылып тарады. Кей ауылға төрт-бестен тиген ту бие, құнан-тай, семіз жабағылар бар. Таратумен бірге Базаралы мен Абылғазы қатты бұйрық та жолдады.
— Бұл жылқы баласын бірде-бір ауыл мал қылам деп ойламасын! Мал болып сіңбейді, ас болып сіңеді. Осы түн ішінде түгелімен қырып, қып-қызыл қасап қып тастасын! Шапқаным — Тәкежан, ойлағаным, тапқаным — аш-арық елімнің бір күн де болса тоқтығы. Бұл істі істеген жалғыз мен, Базаралымын! Жарлы-жақыбай жасқанбай, қолына тигенді сойсын да алсын!— деген.
Қыстың басы — көшпелі қазақ аулында, тегі, он екі ай ішіндегі ең ауыр кездің бірі. Малдың ағы біткен. Егінді өзі екпейтін ел қыстың қамын толық етіп, керуенін шығарып, ішерлік астығын да қамдап алмаған кез. Қыс қойнына кіре бере соғымын сойып алып, соның тері-терсегін базарларға апарып, айырбас жасап, ұн, шайды сонда алады. Қазір соғым да сойылмай отырған шақ. Өйткеңі күн бірде суыса, бірде қайта жылынып қап, соғым еті қатпай жасыңқырап кетеді. Және әлі қар бекіп, қатты аяз басталған жоқ. Соғым малы жазғы тойынына әлі де болса май қосып, қызыл қосып, семіре түседі. Сөйтіп, соғым союға ерте. Сонымен шаруаның әр есебі елдің бәрін шегіншектетіп отыр. Күн санап, қиыңдыққа шыдап отырған уақыт. Байдың үйінің өзі болса да, «қысқа әлсіз болар-ау» деген кәрі-құртанды сояды немесе көбең тойыны бар, еті ояз малды сирек сойып, әр нәрсені аужал етеді. Ел өзінің осы кездегі аштыққа шыдауын «тісті тіске қойып отырған шақ» деп атайды.
Сондай жүдеу-жадаулықта отырған ашпа-жалап елдің ортасында Тәкежандай қалың ел жек көретін байдың малын Базаралының әкеліп беруі — дер кезінде келген.
Елдің осындай шағы мен көп кедейдің қамын аса жақсы білетін Базаралы Тәкежан жылқысын түгел шапқанда, қалың елден қаншалықалғыс алатынын біліп істеген. Айтқанындай, түн асып, ертеңгі күн бесінге жеткен шақта Шүйгінсу, Қарауыл бойы, мол Шыңғыс қойнаулары түгелімен Тәкежанның қалың қос жылқысын түп-түтас, қызыл жоса қан қылып, қырып салды.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   24   25   26   27   28   29   30   31   ...   70




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет