Абай жолы. 1 кітап



бет42/70
Дата06.05.2023
өлшемі7,5 Mb.
#176199
1   ...   38   39   40   41   42   43   44   45   ...   70
Байланысты:
Абай-жолы


3

Осыдан бір күн бұрын Қарамоланың басына Оразбай да кегі түскен-ді. Ол көп кісі ертігі, сауын, сойыс малдарын айдап, үйлер көшіріп келіп орнаған.
Абайдан Қарамолаға қарай бір күн соң шықса да, ол асығып, суыт жүріп, бір күн бұрын кеп түсті. Қарамола шербешнайынан Оразбайдың ентелеп күткен есептері көп. Ең үлкен мүддесі — осы жолы қырда қазақ, ойда ұлық жаулығын жиып келіп, неғылса Абайды мерт қылу жолында.
Солайша қызынып, піирығып күткен жиынға кешігіп шы-ғуының да себебі бар-ды. Жақында Ералыда Құнанбай балала-рының арасында Оспан мұрасы туралы болып жатқан тартыс ар-қылы Тәкежан бұның қолына кеп тие ме деген үміт есебі бар-ды.
Өз аулында жатып, тыным алмай тың тындап, Тәкежан мен Абай арасы ашық араздыққа шыққанын тосқан. «Бүгін», «ертең» деп, Тәкежан да байлаулы жауап бере алмай, Орабайды Қарамолаға жүргізбей, тоқтатып отырған.
Ақыры Абай мен Тәкежан келісім таппай, алшайысып кетті. Көптен «Оразбай аулына аттанамын» деп жүрген Әзімбай соңғы күндерде шынымен сонда барды.
Бұны Оразбай мен Демеу алғаіп келген кеште-ақ оңайіа алып отырып, сыр сұраған. Бірақ Құнанбайдың айлакер, жуан, тәкаппар немересі Оразбайдың ентелеп, жабысып сұраған сырларының көбін түгел ашып салған жоқ. Сараң, сырдаң ғана сөйлеп, аз ғана сырдың ұшығын берген.
Онысы: «Абай Тәкежан мен Ысқақты өкпелетті. Айласын, абыройын өткізіп, Оспан үйінің мүлкін, Мұрасын өз уысынан
шығармай, басып қалды. Жолы үлкен болса да, Тәкежан момындығынан жаза шекті. Әзір тиісті сыбағасын ала алмай, Абайға ренжіді де, сөзді тоқтатты» деп баян еткен.
Бұның ар жағындағы ішкі тайталас, тартыстың біреуін де Әзімбай айтқан жоқ. Бірақ Оразбайға керегі сездірілді
Тәкежан Абайға өкпелепті. Ендеше, ол араздыққа басқаны. Абаймен араз қырбай болса, түбінде Оразбайды табатыны бұрын да шешілген. Әзімбай осы хабарды әкеліп отыр. Оның үстіне бұл ауылға өзі келіпті. Бү да аз сыбаға емес.
Оразбай Әзімбайды бағып, аузынан шыққан сараң сөздің барлығын көңілімен де, жалғыз өткір көзімен де жүтып отырды. Рас, аз сөзді, тартпа жігіт бұның жетектеп сөйлеткісі келген жайларының көбіне баспады. Соны аңғарған соң, Оразбай Демеу мен Әзімбайды оңаша калдырды. Өзі күн батар кезде атқа мініп, желі басына, қалың жылқының Қарасуға қаптаған селіне барып араласты. Тынымсыз қозғалысқатүсті.
Доға жал, кең сауыр, қояндай аппақ боз, аяңшыл аты кешке жақын лыпыл қағады. Қасына ешкімді ертпейді. Жалғыз өзі ашқарақ арлан бөрідей арлы-берлі сабылып, тыным ала алмайды. Ойда жүр.
Оразбайдың «мындарының» көбі қылаң болатын. Жүртқа айдын, мақтан үшін бұл бай жазды, күзді күндер бие байлатқанда салқар ұзақ желі қаққызады. Жүзге жуық құлын байлатады. Барлығы да боз биелер тобы. Жылқысының ішіндегі кәбі ат-айғыр, мама биелер, дөнен, бестілер, өмірі жүген-құрық көрмеген шу асаулар болады. Сол жылқылары шетінен үркек, қашаған. Көп тағыдай жосып жүретін, айдынды асаулар.
Әз малының ортасында арнаулы мақсүтсыз сабылып жүрген Оразбай есеп ойлайды. Ақ боз аттыңтоқым-көпшігі де аппақ. Өзі болса жеңіл ақ репстен кең, жұқа шапан киген. Басында жұқа ғана ақ қоян бөркі бар. Үндрейіп, семіп қалған соқыр көзін анда-санда ақ қоян бөркімен сығып, сүртіп тастап, өзін-өзі қамшылағандай қиналып ойланады.
Ішінде қуаныш есебі де жүр. Ол мұны қыздырып, қоздыра түскендей. Жаулығы мен кегі бар Құнанбай емес, бұл күнде бір Абайға төніп, қадалып алған.
Әрине, тірі болса, оның жарғыласып, жағаласатын жауының бірі Оспан болар еді. Аса кекшіл, қайсар, қатал Оразбай «жаулықты ұстаса Құнанбайша ұстану керек» деп білетін. Сондағы кешпес кегі қазір Абай басына түйілгендіктен, ол соңғы екі-үш жыл бойында Абайдың басына үнемі тор құрумен болған.
Қалада талай ұлық пен тілмаштар Оразбайдан сан айғыр үйірі жылқыларды шығындатып, параларды жеген.
Қарамола шербешнайына Оразбайдың сол жақтан құрған торы, мойын созып барып жатыр. Оның үстіне, бүкіл Семей оязы мен осы шербешнайға келетін Өскемен, Зайсан ояздарының жуан содырының бәріне де Оразбайдың тор шырғасы созылып жетіп болған.
Сияз құрылатын өлкедегі Керей, Матай болыстары, байлары, қажылары «Оразбай» деп, осыны ауызға алатын болған. «Ылди бойы» деп аталатын Ертістің арғы-бергі жағасындағы Уақ, Бура, Найман, Бәсентиіннің де бай-бағландары Оразбаймен соңғы жылдар табысып, ауыз жаласып қалған. Қаланың көп сомалы байларынан да Оразбайдың құда боп, тамыр боп, мол алық-берікке араласып алған жандары көп. Ал қырды алса, бес болыс Тобықты көлеміндегі елдің жарымынан артығы бұл күнде Оразбайдың уысына келіп түскен.
Осындай алыстан торлаған шептің түйілетін жанды жері енді Құнанбай аулына келіп тірелген. Абайды қамаған жаулықты тағы бір кезек «өзінің аулынан, аталас бауырынан шығарсам» дегенде Оразбай ішкен асын жерге қоятын. Тәкежанды Абайға араз етіп, оны үй ішінен қадалтып қойса, Оразбайдың айлакер есебі бойынша Абайдың тақыр қолтығына кезеліп оіырған қазаның оғы сол болмақ,
«Түрт сайтан!» деп, Оспан мұрасының әңгімесіне Оразбайдың ынтыққаны осыдан. Бүгін сол арқауы да қолына келіп тиіп отыр. Енді аянбастан, аялдамастан қимылдау керек.
Осыдан бірер күн бұрын, Қарамолаға өзімен тізе қосып, айдынды боп бару үигін бірнеше жуандарды шақырған. Ақ киімді, ақ боз атты Оразбай қалың жылқы суға қанып, түнгі өріске кеткенше аттан түспей, жалақтап жүрді.
Жалғыз көзі бағанадан шолып жүр. Бұның аулына топ-тобымен кеп түсіп жатқан кісілер бар. Абыралы, Молдабай, Жиренше, Байғұлақ сияқты өңшең салмақты серіктері болу керек. Қонақтар Оразбайдың үлкен үйінде, кешкі шайды алдарына ала бастаған кезде ғана, Оразбай өзі де кеп аттан түсті.
Бұның аулына келген ел жу андарын қарсы алып, қабақшырайы-мен, күтім бейілмен ырзалап жүрген пысық інісі Ыспан бар екен.
Көселеу ақ сұржігіт Ыспан Оразбай келгенде, орнынан тұрып, оның қолынан қамшысын, бөркін алып, жоғарыдан орын босатты.
Осы түн бойында Оразбай мынау сырлас жуандарының бәріне Абайды жамандаумен болған.
— Қазақ Ыбырайды «әділ» деп, «ақылды, кемеңгер» деп адасуын қоя ма? Көр, міне, «әділ Абайдың» істеп отырған арамдығын. Өзге қазақты қойып, бір ата, бір анадан туған Тәкежан, Ысқақты қан қақсатып отыр. Ол екеуін мұрадан бір жолата құр алақан қалдырып, Оспан мүлкінен, Құнанбайдың қара шаңырағынан қуып шығып, бардың өзін бір өзі таргып басып алыпты. Әділі осы ма? Жақсысы осы ма? Бүгінгі тіріге, кешегі өткен өліге, келер нәсілге — бәр-бәріне арамдығын, зорлығын түгел өткізіп огырған жоқ па? «Оспан мұрасы Абайдың абыройын айрандайтөгер!» деп ем, айтқаным болды. Елді азғырып, кешегі жақсы Құнанбайдың артын аздырып, үй іші бір ұяның берекесін тоздырып отырған Абай осы. Кімге қиянат жасамай отыр? Ата жолынан өзі де азды, тіліне, өсиетіне, соңына ергеннің де бәрін аздырып-тоздырып отыр!— деп, үлкен айыптар тағып, екіленіп, есіп сөйледі.
Бұның Оспан мұрасы турасында айтқан сөзі мұнда отырған қонақтарына естілмеген тың сөз екен. Молдабай салқын қабақпен Оразбайға қырыс көз тастап, «бекер айтып отыр-ау!» деп ойлады. Осы сөз шын болса, ол да Абайды өзінің іштей жек көретін қызғанышы, бәсекесі бойынша айыптауға әзір.
Абыралы, Байғұлақ та естімеген екен. Тек еміс сыбысты Жиреншенің ғана білгендей тәрізі бар. Молдабайдың іштен ойлаған күдігін Абыралы, Байғүлақтар сыртқа шығарып айтып қалды.
— Осы хабар рас па екен?
— Осы айтып отырғаның шын ба, Оразеке!?— десіп, қатар сұрасты.
Оразбай айналаға тіксіне қарап, жүзіне шыншыл, турашыл кісімсінген ажар жиып, қатаң сөйледі:
— Е, өтірік айтып мені қара басып па? Құдай бар ғой! Мына дастарқан үсті... Осы сөздің шындығына иманым кәміл!— деп салды.
Осыдан соң шайдан кейін ұзақ ішілген қымыз үстінде, кеш піскен құлын етінің кезінде де Тобықтының жуан содырлары бар айыпты Абай басына үйіп-төгіп жалалап, қаралаумен болды.
Қымыз үстінде бір кезек әңгімеде: «Осы Абайды қазақнеге жақсы дейді? Бұның аузына қарап, алыс-жақынның бәрі неғып ұйып қалды!» деген сөз туды. Соны өзі түкпірлі, ойшылдау кісі Байғұлақ бастаған-ды.
Оразбай оған қабақ тыржитып, қолын сілкіп, теріс қарады. Мазасыз ойы көп, орамды Жиренше болса, Байғұлақтың жаңағы
сөзін жауапсыз қалдырғысы келмеді. Күле отырып, кекете мысқылдап, байлау айтты:
— Е, Абайды «кемеңгер» деп жүр, «шешен», «данышпан» деп жүр. Бізді болса, оның басындағы сол алтын шоғын қызғанған «білімсіз надан» деп қойған жоқ па!—деп, Оразбайдың қытығына тиіп, өзінің мысқылшыл мінезіне басты.
Оразбай ыза мен кекесіннен ширығып, шоршып түскендей болды:
— Кемеңгерлік... Арам емес пе! Білгір болып не біліпті?! «Ата жаман, әке жаман, қазақтың қара жолы жаман» деген білгірлік бола ма? Немесе «болыс жаман», «би мен бай бүзақы», «дін үйректен мола-сопы жаман» деген білім бола ма?! Нәсілді—атадан, халықты — ежелгі ата-баба жолынан аздырып, адастырып отырған «данышпандық» көрдің бе? Өнер шашып отырған жоқ, зәр шашып, түнығымды лайлап, жер өртеп отыр демейсің бе, ол арам қатқыр «данышпандық, білгірлікті!»— деді.
Жиренше әлі де үнсіз күліп, жауырынын құйқылжыта қозғалтты. Оразбайды шапқа түртіп, тулата түспек.
— Е, бірақ осынынды үғынған қазақты, кәрі-жасты көрмей бара жатқан жоқпыз ба? «Абай сөзі» деп, ала қағаз таны-ғанның бәрі де қойны-қонышына соның ана бір тақпақ, су-дырлақ сөзін тығып алып жүр! Осы бала-бауырдың бәріне сенің сөзіңнен бұрын, соның сол жер өртегіш сөзі жетіп жат-са қайтесің, Оразеке! Ал осынымды өтірік деші, кәне?— деп жағалай қарады.
— «Абай өлеңі, Абай сөзі» дегенді бала-шаға түгел оқып, әнші-домбырашы түгел айтып келе жатқаны бар ғой. Түгел әуендеп, ел ішін кернеп келе жатқан бір бәле бар екені рас қой!— деп, Абыралы да күдік айтты.
Оның өзін Абайдың мысқылдап, әзілдеп айтқан өлеңі осы биылғы жыл құлағына жетіп, Абайды сырттан жазғырып жүретін.
Бұның сөзін Оразбайдың інісі Ыспан да қостады:
— Оразеке-ау, жуандықпен, мықтылықпен елемеген боласың! Бірақ сол Ыбырайыңның сөзі тап биыл жазда өзіңнің анау отауында отырып, сабақ оқыған немерелерің, інілеріңнің кітабынан да шыққан жоқ па? Өзіңіз сонда қалай бүлініп едіңіз, есіңізде ме!?— деп күліп қойды.
Оразбай бұл түста тағы да катуланып, томырықтана сөйледі. Белгісіз біреудің әкесін де еске алды.
— Осында бір сөлмірейген Жуантаяқтан молда алып едім, балаларға иман үйрет, намаз білдір, қол хатын үйрет деп алсам,
өзі бір есі жоқ дәндүріс болу керек. Тегі, көп оқып, көп тесілген кісінің миы ашып, ауысып кететіні көп қой осы! Миы ашыған бір көк ми екен. Бұ не оқытып жатыр деп, бір күні үй жанында тыңдап отырсам, балаларды маңыратып, Абайдың бір тантыған сөзін жаттатып отыр. Болысты мазақ қылады. Осы мына Молдабайды айтқаны ғой деймін,—деп, үндемей отырған Молдабайды қағытып, кекесінмен күліп қойды.
— Ел билеген жақсының бәрін ластап, былғапты да қойыпты. Қолымда қамшым бар еді. Жынымның түскені сонша, жаңағы Жуантаяқ молданың жоны-сыртын сойып-сойып, сол күні жаяу айдап тастадым, итті!— деп, осы мінезін үлкен үлгі етіп сөйледі.
— Тантытпай тыйып жүру керек. Ел ағасы халық ортасына келген қаскөйлікпен алыспас болса, азбағанда не болады? Әр заманның өзінде бір әзәзіл шығады демеп пе еді? Абайды жақсы деп жүрмісің? Ол — «жақсылық» деген жалған тон киген, бұл заманның азғыны. Мен алысқанда, осының әзәзілдігінен елдің кәрі-жасын сақтаймын деп алысып жүргем жоқ па? Мына дастарқан үсті, одан басқа Абайдан мал алайын, олжа түсірейін деп жүрмін бе? Өз басымды ақтайын, қорғайын деп жүрмін бе! Ата-бабам жолы үшін «соның жауы деп» алысып жүрмін. Көрерсің ертең тап осы менің айтқанымды анау ақ патшаның ұлығына шейін айтады. Өрдегі қазақ пен ойдағы қазақ түгел торығып айтады. Ояз осы жолы қағаз жіберіп, Абайды шақыртып отыр ғой. Тілмашынан хабар алдым. Ол өзі менің тілеуімдегі адам. Сол айтыпты: «Менің аңғаруымша, ояз бен одан арғы ұлықтардың да Абайға кәрленуі мығым көрінеді. Осы жолы Абайың жел қуған қаңбақтай жер аударылып, төңкеріліп кетер» депті. Біз Қарамолаға сол Абайдың айдалғанын көзімізбен көріп, артынан топырақ шашып қалғалы барамыз. Мен соған аттанамын, жарандар!—деді.
Қонақтың көбі Оразбай сөзін үнсіз құптап, бастарын жиі изей түсіп тындаған еді. Тек Жиренше ғана жандғы Оразбайдың соңғы айтқанын тың бір сөзбен бекіте түспек болды:
— Ел жақсысы мен ұлықтар бірігіп, осы жолы Абай басына анық бір тықырлы таяп тұр екен! Енді мен бір нөрсені айтайын. Дәл осы жолы Абайға әруақтың да қарғысы тимей қалмас!— дегенде, Оразбай Абыралы екеуі де Жиреншеге жалт-жалт қарасты.
Жиренше қабағын суыта түсіп, өзін ширықтырған ызамен сөйледі.
— Кеше осылай аттанарда дәл Шұбардың аузынан тағы бір сұмдық сөз естідім. Шұбардың өзі, тегінде, Абайды жағалап жұргенмен, кіресілі-шығасылы адам. Кеше сол Абай аулынан ашуланып қайтқан бір себебін айтты. Тегінде, Абайдың аулы жын ойнағы ғой. Айдалған орыс па, ақ патаіаның дұспаны ма! Әнші-ыржаңшы, қиқым-сиқым ба — бәрі манында, бір ұя боп оралып жұреді ғой. Соның біреуі — әне біреу Дәрмен деген бірдемесі, жаңағы Оразбай айтқандай, ыртаң-жыртаң өлеңсымақ шығарыпты. Сонда Қабекенді, әруақты бабам Кеңгірбайды «пара алған, өз күшігін әзі жеген, қасқыр, қабан» деп, масқаралап сөйлепті дейді. Шұбар соны есітіп, жағасын ұстап келді. «Түңіліп қайттым, Абай езі де қаңғып адасып жүр. Өзгені де құтыртып, әулекі етіп болыпты» дед келді. Көріндер ме, мінеки!— деп, Жиренше әлі де түсін суыққа салып отыр.
Оразбай тағы да көтеріліп, қайнай сөйледі:
— Көріп отырмын! Үлды атадан, қызды анадан, халықты қасиетті бабадан, атам қазақ жолынан адастырып бара жатқан азғынның озі! Қолдан келсе барынды салып, аластап, айдағаннан басқа жоқ!—деді.
Осындай байлауға барлық достарын, үзеңгі жолдас серіктерін иландырып, ертіп алған Оразбай келер күні, таң қыландап келе жатқанда алыс сапарға жол тартқан.
Отыз-қырықтай ел жуандарынан, жігіт-желеңнен нөкер ерткен Оразбай өз аулынан шығысымен қатты жүріске салып, суыт кетті. Араға бір-ақ қонып, Қарамолаға Абайдан бір күн бұрын келіп түскенде ол және де бір есеп ойлап келген. Түстік мезгіл бұрын барса да, Абайдан бұрын өзге ел жуандарының анысын аңғарып, аузын ала бермек. Абай туралы бұрын сыр тартып, әр сатыда сөз байласып, ниет танытып жүрген өзіндей содырлы сайқалдың көбімен аужай түйіспек.
Өзі алдын ала кәшіртіп жіберген екі үлкен үйге алғашқы күн құлын, еркек қой, бағландар сойғызып, бір топ қонақ ша-қырған. Онда жиналған адамдары тек Семей оязының қыр болыстарынан келген ниеттес, сыбайластары болатын. Келесі күні Қарамолаға жиылған болыс, би, бай, жуандар арасында таңертеңнен-ақ ауызға «Тобықты Оразбай байдың» аты көп алына бастады.
Сол күні түсте Оразбай ту бие сойғызып, өз үйлерінің қасынан, Аршалының болысы Рақыштың аулынан алғызып, тағы да екі үлкен аппақ үйлер тіккізді. Сабалап қымыз екелдіріп, сабылтып жігіт-желең жүргізді. Түс кезінде түрілген семіз боз
биені ұзын бұғалық, тар ноқтамен қылғындырып әкелді. Бүгін жиылған көп достарының алдында бата тілетіп, көлденең тартқызды.
Қасындағы Тобықты жуандарының жасы үлкені Байғұлақ еді. Содан бата тілетті, бозқасқа сойғызды. Бүгін кешегі қонақтарының үстіне Семей оязының қала маңындағы болыстарын, Ертіс бойының болыстарын шақыртыпты. Оның үстіне, Өскемен, Зай-сан ояздарының осы жәрмеңкеге келген көп жуандарын, бай-бағландарын да қоса шақыртқан. Өрдегі Семіз Найманнан Құрбан дейтін бай-жуан бар. Ертіс, Алтай төрінен, Қаратай елінен келген Ережеп шақыртылыпты. Керей, Матайдың, Мұрын, Сыбанның да толып жатқан мырза, төрелері осында. Барлығын қонақ еткен — бір Оразбай.
Ол бүгін де киімді жұпыны киініші. Үстіндегі ақ шапан, басындағы ақ қоян бөркі ауыспаған. Бірақ төр алдында өзі отырып, бурыл араласқан сояу талды, ұзын қара сақалын сипай отырып, әрбір сөзді батыл, қатал үнмен өзі бастап сөйлейді. Кеше де, бүгін де «бір облысқа жуық елдің дау-шары, ақы-пұлы, момындардың есе-сыбағасы» деген сөздерді бұл топ сәйлеспейді.
Анығында, осы шербешнай қалың ел, көп бүқараның сан жүздеген жылаулар арыздары бойынша шақырылыған шербешнай болатын. Оразбайдың үйіне жиналған дәл осы отырған жуандардың содыр-сойқанынан туған талай үрлық, барымта, неше алуан зорлықтар, кісі өлімдері де болысқан-ды. Бірақ қаза мен жазаны шеккен бұлардың өзі емес.
Енді анық әділет таразысы құрылып, ел арызы тындалатын болса, дәл осы сере түскен мырза-жуанның өздерінің көбі жауапкер, айыпкер болар еді.
Үш ояздың начальниктері келеді. Семей облысының әскерлік жандаралы болады. Ол ұлық не бұйырып келеді, бұларға мәлім емес. Бірақ осындайда бірін-бірі оққа байлап бермес үшін шеп тұтастырып жатыр. Бозқасқаның қанымен, сорпасымен татулық табысады. Шербешнайды өз бастарынан аман атқарып жібермек.
Бұлардың аузы бірігіп алса, ұлық кәрі қадалса да, қағазына іліндере алмайды. Осымен алыстан, қабақпен сыр танысқан көп алаяқтар Оразбайдың бозқасқасына әрқайсысы өз ішінен сақ есебін ойлап келген.
Қымыз, ас үстіндегі қысқа кеңестерінде жаңағыдаи түпте жатқан түйіндерін бұлар ашқан жоқ. Бір үйге бас қосып, бір бақырдан сорпа татысқаны «жепі, болды!» деп біліседі. Бұл шербешнайда бұлар бірін-бірі жамандамайды, жараламайды.
Қайта бірі кетіп бара жатса, өзге бәрі бірігіп соның жолында алысып, сіресіп көреді.
Сөйтіп, осылардың есебі біріккен кезде ел есесі, көп момын-ның көптен жүрген арызы, мұңы тағы да бүктемеге түсіп, елеусіз, ескерусіз қалатын жайы бар.
Оразбай қонағындағы жиын ертеңгі күн келетін ұлықтар жайып, олар қасына еріп шығатын қазақ төресі, тілмаштар жайын сөз қылысты.
Енді бір кезекте Оразбай өзінің қыңыр, қияс, қаскөй мінезі бойынша орайын тауып отырып, әңгіменің бетін Абайға бұрып алды.
Құнанбай баласы Ыбырайдың жайын бүкіл Семей облысы түгел біледі екен. Оның сөзі, өсиеті жетіп жатқан елдер де көп. Абайдың атын Оразбай алғаш ауызға алғанда қонақта отырған ел жуандары емес, жай момындау ақсақал, бірен-саран бөгде жандар сүйсініп еске алғандай болды. Бірақ Оразбай әңгімені тезінен теріске бұрып жіберді. Әуелі: «Абай ұлықтың теріс хатына ілініп тұр» деп, өздері ұлықшыл, жағымпаз, дәрежеқұмар болыс-төрелерді бір түршіктіріп алды.
- Семейдің оязы кәрін тігіп, шақырту жіберіп, Абайды осында алдырып отыр. Облыс соты көп іспен тергейтін тәрізді. Және, әсіресе, жандарал кеңсесі қатты ашулы, кәрлі дейді Абай басына. Осы жолы Абай мерт болмаса неғылсын! Ертең осы бәріміздің шарай тобымыздың алдында жауап алатын түрі бар деп, жандарал мен ояз кеңсесінің тілмаштары бізге сәлем жолдапты!— деді.
Бұл айтылған сөздеріне қарағанда, Оразбайдың өз басы жау ма, қалыс ағайын ба? Қандайлық көңілмен айтып отырғанын білдірмек емес. Бірақ кейіннен бір-екі айналыс сөзде жуандар ішінде, Абай үшін қынжылатын ажар көрсеткені болмады. Қайта бәрінде де Абай басына, оның абЫрой-атағына қызғаныш ойлаған қыжал бардай. Осыны аңғарып, кейбіреулерінің үшқындаған сөздерін тындап алған соң, Оразбай енді өзінің бетін ашты.
Абайды ақ патшаға қарсы деп те жамандады. Елді мүсыл-маншылық жолынан, ата заңынан аздырушы деп те кінәлады. Қазақ жолымен келіп, өзге жуандар бұл күнге шейін естімеген тың жаланы тағы жапты. Онысы Құнанбай балаларына ортақ болып қалған мұраны Абай өзге туыстарына бермей, тартып алыпты. Қазір сондай зорлық етіп отыр!—деген сөзге сайды.
Осыған жалғастыра Абайды сараң, қарау, дүниеқоңыз етіп те көрсетті. Соның айғағы деп: «Әкесі Құнанбайға ас бермегенін
қайтесің!» деп те салған. Бұл жөнге келгенде, барлық жуандар жамырасып сөйлеп, Абайды бір ауыздан кінәлады.
Қымызға қызып алған Сыбанныңтәкаппар бір төресі қолына домбыра алып тыңқылдатып отырып, бір ауыз өлең де айтып салды:
Сәлем де Ыбырайға, бөлем еді.
Ас беріп Құнекемді елемеді.
Ел жиып ағайыннан алғыс алса,
Аз ғана шығасыдан өле ме еді?—
деп тоқтағанда барлық топ қарқылдасып, мәзденіп кұлісіп қалды.
Бұл төре Абай сияқты Қаракесек Бошанның жиені болатын. «Бөлем» дегенде, соны еске алып айтқаны. Өлеңінің аяғын ұйқастыра алмай, «өлер ме еді» деген сөзді әдейі «өле ме еді» деп айтқаның өзінің ерен тапқырлығындай танытты.
Сол бір олақ сөзін, әсіресе, қатты даурығып айтып, елден бұрын өзі тарқылдап кұлген-ді.
Абайды жамандасу жолында демдері қосылған жуандардың ішінен бір кезде Керей — Рақыш одағайлап шықты.
— Осы әкеден бала артық туа ма?— деп, жұртқа айнала қарап, жауап күткендей.
Көпшілік «әкеден бала аргып тумайды» дегенге бейім сияқты.
Рақыш сол аңғарды түйіп келіп, Оразбайдың ынғайына қарай ықтап отырып, Абайды жамандап кетті.
— Ал, ендеше, осы Абай, кешегі мұнарадай болған, қалың қазаққа бірдей абыройы бар Құнанбайдан өзін «артық тудым» деп отыр ғой. Көзі тірісінде әкеменен жағаласып, жарғыласып өтіп еді. Өлген соң да сол әкенің атақ-даңқы аспасын деп, өзі басып отыр. Ас бермегені сол емес пе!? Ол әкеден қалған мал-мүлікте өзге тең туған туыстың үлкені, кішісі бар біреуіне де берместен қараулық етіп, тағы өзі басып отыр. Осының өзі-ақ ата мен баланың арасында заманның азып, бұзылып бара жатқанын көрсетіп отыр! Көр топырағы жасырынбай жатып, әкесіне азғындық қиянат жасады. Және осыны асқақтықпен істеп отыр!— деді.
Оразбай бұл сөзді іліп әкетті:
— Бәрекелді, дұрыс айтады Рақыш, «Қалың қазақ арасына сөзім жайылып жатыр, мені сынамайды. Мен не істесем де жол болады» деп, елдің ежелгі қарыз-қағидасын бұзады. Жаман жаманшылық етсе, оны тыятын талқы бар. Ал осындай өзі
«жақсымын» деп шығып, өзі жаман жора оастап отырған, кешеп шын жақсының бауырынан шыққан ел бұзар азғынға не істеу керек? Тым құрыса, осы отырған өздеріндей ел жақсысы осындайларды арадан аластамас болса, жақсы болғаны қайсы, касиеті қане?- деп, талай бәлені төндіріп кеп тоқтады.
Сонымен бозқасқаға шақырылған барлық жуан, ұлық пен атқамінер атаулының бәрінің алдынан Оразбай өз ниетін танытып, өтіліп алды. Бұның ендігі есебі бойынша осы жиында болған адамдармен әр жерде оңаша делдал жүргізіп, оқшау-оқшау сөз байласу ғана қалды. Бүгінгі жиынның табысы мол. Үш-төрт дуанның жуан атаулысы Абайды қорғап, оған ара түсіп, бір ауыз үн қататын тәрізі жоқ.
Екінші, ертең ұлыққа Оразбай бастап арыз-шағымды молайтып берсе, осы отырған топтың талай адамы оңаша тергеуде Оразбайды қостап шығатыны даусыз.
Үшінші, осы көп өлкеден жиылған барлық бай-бағланның арасында Оразбай найза басы боп көрінуге жарады. «Оразбай — бай» деген. «Оразбай — ендігі Тобықтының үлкен сөзін ұстаған, әлді-белді жуаны» деген атақ пайда болды. Оның үстіне, осы Оразбай қаланың тілмаштарын да паралап алып қойған. Ол жағынан да ілік-жілігі көп, кірер есікті, шығар есікті білетін айлалы, алғыр, мықты болып көрінуге жарады. Ертең ұлық алдында Абайдың қол-аяғын буып беруге Оразбай айнала құрсау салып, қоршау жасап отырғандай.
Қонақтарын таратын, кешкі салқында тысқа қымыз сапыртып, ішіп отырған Оразбайдың көңілінде өзі құрып қойған тордың барлығына дән ырза болған тоқмейілдік бар.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   38   39   40   41   42   43   44   45   ...   70




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет