Абай осы күнгі Семей облысындағы Шыңғыс деген тауды жайлаған Тобықты руының ішінде, 1845 жылы туылған. Абайдың өз әкесі Құнанбай, оның әкесі Өскембай, үшінші атасы Ырғызбай. Бұлардың барлығы ру ішінде үлкен үстемдік жүргізген.
Абай әкесі Құнанбайдың 41 жасында туылған. Ақынның өз шешесі – Ұлжан. Әкесі Құнанбай көп қатынды болған. Үлкен әйелі – Күңке. Бұдан туған баласы Құдайберді. Екінші әйелі – Ұлжан. Ол Құнанбайдың інісі Құттымұхамбетке айттырылған қалыңдық екен. Інісі өлген соң келінін алған. Ұлжаннан туған балалары: Тәңірберді, Ыбырай, Ысқақ, Оспан. Үшінші әйелі – Айғыз. Одан Қалиолла, Ысмағұл деген балалары бар. “Атадан алтау, анадан төртеу” дейтін Абай өлеңінің мәні осы. Төртінші әйелі – Нұрғаным. Бұдан бала болмаған.
Абай шығармашылығы – әдебиеттің, мәдениеттің ауқымынан анағұрлым асып кететін ғажайып құбылыс. Абай шығармасында әлеуметшілдік сарынның жаңа ағымын, туып-өсуін ең алдымен әзірлеген жағдай – сол кездегі көпшілік қоғам тұрмысының өз қалпы болды. Сол өз ортасының не күйі бар, неге мұқтаж екенін көппен бірге сезіп мұң еткен ақын, енді сондайлық әлеуметік мазмұн сарынды сыртқа шығаратын жол, үлгі, өнеге іздейді. Осылайша іздену жолында жүргенде, өз қауымындай қоғамдардың ортасынан шығып елге сапалы еңбек етіп өткен ағартушы, мәдениетті, либерал, бұқарашыл ақындардың ізін, жолын көреді. Сонымен Пушкин, Лермонтов, Салтыков, Крыловтың еңбектеріне үңіледі. Міне, Абайды Европа мектебімен, орыс әдебиетінің классик дәуірлерімен жанастырып, қабыстыратын өткел осындай қоғамдық тарихи өткел болды. Орыс классиктерімен Абайдың жалғасы әр алуан. Батыс Европа мен орыс жазушыларының көпшілігін ол ең әуелі көп оқып, тексеріп өтеді. Өзінің білім алып, дүние тануына солардың шығармаларын азық етеді. Осы ретпен оқып шыққан ақын-ғалымдардың ішінде Батыс Европаның Гетесі, Шекспир, Шиллер, Гейнесі, Байрон, Бальзак, Беранжесі де болды. Ол кездегі білім өнерлердің мол қоры осы Батыс Европада екенін аңғарып, сол жақтың ақындарын ғана емес, неше ауан философ, білімпаздарында зерттейді.
Абай аудармалары. Абай кезінде қазақ арасында аударма ісі жөнді дамымаған болатын. Әйтсе де, ұлы ақын өзінің шығармашылық тәжірибесінде әрдайым орыстың озат мәдениетіне сүйенгендіктен, өзі сүйсіне оқып, үлгі-өнеге тұтқан классик ақындарды қазақшаға аудармай отыра алмаған. Абай аударма ісіне арнаған өмірінің 15 жылында үлкенді кішілі 53 шығарманы орысшадан қазақшаға аударған. Сонда ол А.С.Пушкиннің “Евгени Онегин” атты өлеңімен жазылған әйгілі романның 7 үзіндісі, М.Ю.Лермонтовтан 28 шығарма, И.А.Крыловтан 11 мысал, басқа ақындардан 7 өлең аударған.
Абай аудармаларын А.С.Пушкиннің “Евгени Онегиннен” бастасақ, себебі бұл ақынның осы саладағы алғашықы қызметі, алғашқы адамы. Абай бұл романды түгелдей аудармаған. Бәлкім ондағы орыс қауымының сол кездегі өмірін жан-жақты көрсететін көптеген жайлар ақынды қызықтырмаған болар. Ақын қаншама дарынды бола тұрса да, бірден “Евгени Онегин” тәріздес күрделі және классикалық ғажайып шығарманы меңгеру оңайға түспесте еді. Сонымен қатар сол замандағы қазақ ортасындағы мұндай кемел туындыны терең түcінетін жұртшылық табу қиын екеніне күмән жоқ. Сондықтан да Абай жалпы көпшілікке түсінікті екі жастың басындағы ғашықтық жайды ғана алды да оны бір-біріне тең пәк жастардың, сәтсіз махаббаты түрінде сипаттады. Бұл тұрғыда Абай өзбетінше аударсада ол түп нұсқадан алшақ кеткен жоқ. Ондағы өзекті мәселелер ақынның шебер тілімен көркем аударылған.
Абайдың екінші сүйіп аударған ақыны – М.Ю.Лермонтов. Eң алдымен қазақ ақынының Лермонтов шығармаларымен жете таныс екенін және оның жеке өлеңдерімен бірге кейбір поэмаларынан да үзінділер аударғанын көреміз. Мұндағы екінші бір жаңалық, Абай аударма өнерін жақсы меңгеріп, оның көркемдік сапасы мен түп нұсқаға дәлдігін айтарлық дәрежеге көтере білген.
М.Ю.Лермонтовтың әйгілі поэмасы Демоннан немесе оның басқада шығармаларынан үзінділерді қазақшалағанда Абайдың көздеген мақсаты түсінікті сияқты. Ол, ең алдымен өз көңіл күйін білдіретін, сонан соң оқушы жұртшылыққа қатты әсер ететін, өнеге болатын жолдарды аударды. Ақын аудармада мәселе жол санын сақтап, орны орнын ауыстырмай сол күйінде беруге тырысу емес, түп нұсқадағы ақынның ойларын бұзбай, көркем теңеулерімен айшықты мәселелерін орыс классигінің өзіне тән шешен де шебер сөйлете білу деп санады. Мысалы “Теректің сыйын” аударған кезде Лермонтов текстін әрі қысқартқаны, әрі алшақ кеткені байқалады. Ол Леронтовта 77 жол болса, Абайда 2 есеге қысқарған.
Абайдың Пушкин мен Лермонтов шығармаларын аудару тәжерибиесінен туған бір қызықты құбылыс, ол кейде бір өлеңнің басын аударып келе жатады да, кенет өз тақырыбына көшеді де, өзінше толғап кетеді.
Абайдың тағыда ерекше көңіл бөліп аударған адамы, орыстың атақты мысалшылы – И.А.Крылов. Cол бір кезде аударма жұмысы жолға қойылмай тұрған кездің өзінде Крыловтың “Қарға мен түлкі” мысалын тұңғыш тер Ыбырай Алтынсарин аударған болатын, содан кейін Абай молырақ еңбек етіп оның 11 мысалын қазақшалады.
Крылов мысалдарының ішіндегі жақсылық пен жамандықты, ізгілік пен жауыздықты, адамгершілік пен ар-намысты, надандық пен топастықты сөз ететін тәрбиелік мәнді шығармаларының қазақ ағартушыларын қызықтыратындығы айдан анық. Сондықтан Абай Крыловтың сол кездегі орыс өмірінің ұсқынсыз жақтарын шенейтін сатиралық шығармаларға бармай, оның өсиетшілдік бағыты басым мысалдарын аударған. Абай Крылов мысалдарын шебер аудара тұрсада екі жағдайда тұп нұсқадан алшақ кеткен. Біріншісі: мысалдың озіне тән ерекшелігін сақтамай оны әншейіндегі өлең түрінде аударған. Екіншісі: кейде Крылов текстінен ауа жайылып, өз тарапынан қортынды жасап отырған.
Жоғары да аты аталған орыстың үш классиктерінен басқа, Абайдың аудармасы бойынша қазақ әдебиетіне кірген тағы да алты шығарма бар: “Тұтқындағы поляк жандаралының сөзі” (Адам Мицкевичтен), “Сұрғылт тұман дым бүркіп” (романс, сөзі А.Дельвигтікі, музыкасы М.Глинканікі), “Қорқытпа мені дауылдан”(И.Буниннен), “Қалқам-ай, мен үндемей жүремін көп” (авторы белгісіз, Лермонтовка таңылып келген өлең), “Мен көрдім ұзын қайың құлағанын” (И.А.Крыловтан), “Жүректе көп қазына бар, бәрі жақсы” (Я.Молонскийден). Бұл аудармаларда Абай өзінің шеберлігін, көп жағдайда терең түсініп, дәл аударатындығын көрсеткен.
Абай аударған шығармалар атауларына тоқтала кетсек.
1882-1885 жылдары - “Кең жайлау – жалғыз бесік жас балаға”, “Бородино”, “Әм жабықтым, әм жалықым өлеңдарын аударды”.
1887-1889 жылдары - “Онегиннің сипаты”, “Таниянаның Онегинге жазған хаты”, “Онегиннің Татиянаға жауабы”, “Онегин сөзі”, “Онегиттің татиянаға жазған хаты”, “Ленский сөзінен”, “Онегиннің өлердегі сөзінен”. Осы аудармалары А.С.Пушкиннің “Евгени Онегин” шығармаларынан алынған.
1892-1893 жылдары - “Тұтқындағы поляк жандаралының сөзі”, “Сұрғылт тұман дым бүркіп”, “Ай, сенейін, сенейін”, “Көңілім менің қараңғы. Бол, бол ақын!”, “Қараңғы түнде тау қалқып”, “Өзіңе сенбе, жас ойшыл”, “Қорқытпа мені дауылдан” атты аудармалар жасаған.
1894 жылы – “Қайтсе жеңіл болады жұрт билемек?”, “Тұтқындағы батыр” аудармасы.
1895-1896 жылдары – “Рахат, мені тастап, қоймадың тыныш”, “Ғашықтық іздеп тантыма”, “Ой”, “Қанжар”, “Альбомға” деген аудармалар жазған.
1897 жылы – “Босқа әуре болп келдің бе мұнда?”, “Менің сырым, жігіттер, емес оңай”, “Дұға”, “Қасиетті дұға” шығармаларын аударды.
1898 жылы – “Қалқам-ай, мен үндемей жүремін көп”, “Теректің сыйы”, “Жолға шықтым бір жым-жырт түнде жалғыз”, “Шайтан”, “Мен көрдім ұзын қайың құлағанын”, “Емен мен шілік”, “Қазаға ұрынған қара шекпен”, “Жарлы бай”, “Есек пен бұлбұл”, “Шегіртке мен құмырсқа”, “Әншілер”, “Ала қойлар”, “Қарға мен түлкі”, “Бақа мен өгіз”, “Піл мен қанден”, “Есек” атты мысалдарды қазақ тіліне аударған.
1899 жылы – “Жалау”, “Жартас”, “Жүректе көп қазына бар, бәрі жақсы” өлеңдерді аударды.
1900-1901 жылдары – “Көңілдің күйі тағыда”, “Күнді уақыт итеріп”, “Асау той, тентек жиын, опыр-топыр”, “Вадим” атты шығармаларын аударды.
Достарыңызбен бөлісу: |