Ақжан Жақсыбекұлы Әл-Машани
Халқымыздың “Жақсы адам-қазына” деген нақыл сөзі бар. Сондай адамдардың бірі емес, бірегейі Ақжан Жақсыбекұлы Әл-Машани өміріне көз жіберсек, ол кісінің өте бір бай өмір кешкенін байқаймыз.
Байлық деген, біреу үшін ақша, біреу үшін дүние-мүлік. Әрі беріден соң, біздің жер астындағы қазба байлықтармызды ысырапсыз пайдалана берсек, қайтадан қалпына келмейтінін, сарқылатынын білеміз. “Сонда таусылмайтын қазына не?” – дегенде, ол – адам бойына ана сүтімен бітетін дарын. Дарынды адамдар күнделікті өмірде, қарым-қатынаста, жұмыста, үйде, түзде жан- жағындағы адамдарға бойындағы қабілеттің шуағын шашып жүреді. Сондай, өмірінің ақырғы сағатына дейін біздерге білім мен ғылымның, өнеге мен үлгінің нұрын шашқан, таусылмас қазына қалдырып кеткен академик, Қазақстан ғылымына еңбек сіңірген қайраткер, профессор Ақжан Жақсыбекұлы Әл-Машани еді.
Ақжан Жақсыбекұлы 1906 жылдың 2 қарашасында Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданында дүниеге келген. “Тұлпар аунаған жерде түк қалады” дегендей, Ақаң атышулы Машан бидің немересі.
Машан Жамантай төренің кеңесші биі, аузымен орақ орған шешен болған. Қазақ ұлттық техникалық университетінің түлегі, тау-кен инженері, қазақтың заңғар жазушысы Ілияс Есенберлин өзінің “Қаһар” атты романында Машан бидің атақты Ағыбай батырдың досы, Құнанбай, Құдайберді тәрізді адамдармен үзеңгілес, туыстық та қарым-қатынаста болғанын, қаз дауысты Қазыбек бидің досы болғандығын жазған. Құнанбай қажы мен Машан би жылына бір рет Қоянды жәрмеңкесінде бас қосып отырған екен. Осындай бір кездесуде атасымен бірге жәрмеңкеге барған бала Ақжан Шәкәріммен де кездескен. Ақаңның әкесі Жақсыбек Құранға жүйрік, сол кездердегі “Айқап”, “Дала уалаяты” атты газеттерді жаздырып оқитын адам болған. Ақаң алғаш әліппе тануды өз әкесінен, кейін кеңес мектебінен үйренген. 1924 жылы Қарқаралыдағы Әлімхан Ермеков негізін қалаған педагогикалық техникумға түсіп, Әлекеңнен, Ахаңнан (Ахмет Байтұрсынов) дәріс алған. Міне, осындай думанды шаңырақта, ойшылдардың ортасында жүріп, тәлім-тәрбие алған Ақжан Жақсыбекұлының ғұлама ғалым болмауы мүмкін емес еді. Ақжан ата бойындағы әділдігі, сабырлылығы, зеректігі, зерделілігі, ізденімпаздығы атадан балаға ұласқан сарқылмас қазынаның жалғасы деп білеміз.
Еңбек жолын өзі оқыған мектепте мұғалім болып бастаған Ақжан Жақсыбекұлы 1933 жылдың күзінде Семейдің геологиялық техникумындағы – дайындық курсында оқып, 1934 жылы Алматыда ашылған Қазақ тау-кен металлургия (қазіргі ҚазҰТУ) институтының алғашқы студенттерінің бірі болып қабылданады.
Институтта оқи жүре, ол Алматыдағы техникумдарда, курстарда сабақ берді. Қазақстандағы маркшейдер мамандығының негізін қалаушы, профессор П.А.Рыжов зерделі студентті 1939 жылы аспирантураға алып қалады.
Ол ғылыми еңбегіне жер қойнауының геометриясын өзек етіп алды. Бұл екінің бірінің тісі бата бермейтін тың тақырып еді. Кертартпа ғалымдар ғылыми жаңалыққа күдікпен қарады. Алайда Ақанның диссертациясындағы кен орындарын зерттеудің жаңа әдісі Қазақстанның көптеген кен орындарында байқаудан өтті. 1940 жылы геологиялық-барлау ғылыми экспедициясын басқарып жүрген аспирант Ақжан осы жаңа әдіс негізінде Ақбастау-Қосмұрын алтын кен орнын ашты. Сөйтіп, кендердің жер қойнауында түзілу заңдылықтарын ашуда алғаш рет жер қойнауы геометриясының әдістерін қолдануы геология мен тау-кен саласында ғылыми жаңалық болды.
1946 жылы Ақжан Жақсыбекұлы Мәскеу қаласында “Кендер құрылымын жер қойнауын геометрлеу әдістерімен зерттеу” тақырыбына докторлық диссертация қорғады. Ғылыми жұмыс үш мамандықтың (геология, механика және тау-кен ісі) түйісінде жүзеге асқан болатын. Сөйтіп, үш ғылым саласының түйісуіне тау-кен ісінде жаңа ғылыми бағыт – “геомеханика” дүниеге келді.
А.Машанов жетекшілігімен жүргізілген геомеханика саласындағы ғылыми жұмыстардың өрісі кеңейіп, жас ғалымдар саны көбейе түсті. Геомеханикалық зерттеулерді жүргізуде, Ақжан Жақсыбекұлы – ең алдымен, кен орнының табиғи геологиялық жағдайын және қатты денелер механикасы мен физикасының негіздерін зерделеу арқылы адамзаттың инженерлік қызметінің нәтижесінде пайда болған жасанды ортаның геологиялық, кернеулі жай-күйін білуге және ашылған тау жыныстарының әртүрлі тереңдіктеріндегі физикалық-механикалық қасиеттерін анықтауға басты көңіл аударды десек, ол КСРО-дағы геомеханика ғылымының негізін салушылардың бірі және Қазақстандағы геомеханика мектебінің іргетасын қалаушы.
А.Машановтың геология, геомеханика саласындағы ғылыми еңбектері, көп жылдардағы далалық, өндірістік, ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелері бүгінде еліміздің жоғарғы оқу орындарының тау-кен мамандықтарына геомеханиканы жаңа ғылыми пән ретінде оқу үрдісіне енгізуге негіз болды. Ол тау-кен саласындағы ғалымдар ішінде алғашқысы болып “Геомеханика” пәнінің мақсаты мен мазмұнын тұжырымдады. А.Машанов көптеген ғылыми кітаптар жазды. Солардың ішіндегі “Механика массива горных пород”, “Введение в геомеханику”, “Основы геомеханики скально-трещиноватых горных пород”, “Геомеханика”, “Устойчивость бортов карьеров бассейна Каратау” сияқты монографиялық еңбектері осы саладағы іргелі зерттеулер қатарына жатады. Бір айта кететін жәйт, оның еңбектері “Маркшейдерлік іс” ілімінің отаны Германияда неміс тілінде жарық көрді. Бұл оның ғылыми мектебінің халықаралық деңгейде мойындалуы еді.
Қазақстанның алғашқы техника саласындағы интелегенттерінің алдында ғылым мен техниканың жалпы мәселелерімен қатар, ұлттық инженерлік-техникалық әдебиеттер жазу қажеттігі тұрды. Сол кездері А.Машанов тау-кен атауларының тұңғыш сөздігін, жоғары оқу орындарына арнап қазақ тілінде көптеген оқулықтар даярлады. Мәселен, “Кристаллография, минерология және петрография” атты кітабы соңғы ғасырдағы алғашқы және әзірге жалғыз оқулық болып есептелінеді.
А.Машанов ғылыми-техникалық білімді көпшілікке кеңінен насихаттаушы. Оның қаламынан туған “Жанар тау”, “Жер сілкіну”, “Таулар қалай құрылды”, “Жер сыры”, “Ғажайып ошақ басында”, “Табу” сияқты кітаптары көпшіліктің ықыласына бөленді.
Ол ғылымның сыр сандығын біртіндеп ашып, інжу-маржанын, талғаммен терген жан. Ғалым “Кісіліктің өлшемі – білімділік, сондықтан да барлық ғылымдар тарихын жақсы білу керек” деген қағиданы біздерге айтудан жалықпады және өзі де өмірінің соңғы сағатына дейін ғылымды сүйіп, ұлы ғалымдарды құрмет тұтып кетті.
Осы саладағы Ақжан Жақсыбекұлының баға жетпес, ерлікке пара-пар келетін, еңбегі – ұлы бабамыз Әл-Фарабидің қазақ топырағында туып қана қоймай, қаны түркі екендігін дәлелдеудегі, оның еңбектерімен ұрпағын сусындату және насихаттаудағы теңдессіз қызметі. Ақанның арқасында Әл-Фараби сынды ұлы ғұламаның рухы, есімі өз Отаны қазақтың қара топырағына қайта оралды. Бұл жолда жер жүзі елдерінің кітапханаларында шашырап жатқан Әл-Фараби еңбектерін жинап, 1969 жылы бабамыздың Дамаск қаласынан бейітін тапқан да Ақаң еді. Ұлы бабамыз Әл-Фарабидің мәңгі мекені – Баб ас-Сағир зираты басындағы көңіл-күйін, ішкі сезімін біздерге жырдай қылып айтушы еді және оны өзінің “Әл-Фараби және Абай” атты кітабында жазып та кетті. “Қабір басында көз жасымды тыя алмадым, қабіріне бас иіп тұрып, бір шөкім топырағын орамалымның шетіне түйіп алдым да, құранның өзім білетін сүрелерінің бірін ағытып қоя бердім” дейтін. Ақаңның бабамыздың басында тұрып шығарған өлеңі де бар:
Түркістан, Шам арасын жақындатқан бабамыз
Басыңа келді ұрпағың, ақылды, дария данамыз.
Араб, парсы, түрікте Сізді білмес жан бар ма?
Басқалар да таниды тарихқа көзін салғанда.
Зират – айлап басыңды
Елден іздеп келген ем.
Тәбәрік етіп бір уыс
Топырақ алдым мен сенен.
Мағауия мешіті,
Сан ғасыр бастан кешірген.
Қасыңда әлі тұр екен.
Дар ас-Салам ол мекен.
Торқалы мекен тоғысқан
Тоқсан тарау жол екен.
Сізге де мекен болыпты
Ел басын қосқан сол мекен.
(23 қыркүйек 1968 ж. Дамаск.
“Әл-Фараби және Абай” кітабынан, 40-бет)
Ақаңның үйіндегі кітапханасында сирек кездесетін кітаптар көп еді. Солардың бірі – Иоган Кеплердің “Аспан музыкасы” деген кітабын оқып отыра, Ақжан Жақсыбекұлы Кеплердің жазғандарының бірсыпырасы Әл-Фарабиден алынғандығын анықтады. Осы мәселеге байланысты А.Машанов 1984 жылы Кувейтте шығатын “Әл-Фараби” журналына “Орта Азияның мәдениет шамшырақтары” атты мақала жариялап, онда өз пікірін дәлелдеді. Кейіннен осы мақала төңірегінде жарық көрген пікірлерде белгілі ғалымдар “Әл-Машани мырза өз көзқарасын толық дәлелдеді” деп жазды. Міне, содан бері “Әл-Фарабиді ашқан Әл-Машани” деген сөз тіркесі жалғасып кете берді. Әл-Машани деген атақ Ақаңның өзіне де ұнағандығы соншалық, “Ай арысы” және “Геомеханика” атты кітаптарында авторы Әл-Машани деп өз қолымен жазып кетті.
Жалпы, Әл-Машани 200-ден астам ғылыми мақалалар, 10 монография, 5 оқулық және 8 ғылыми көпшілік кітаптар жазып, артына өшпес мұра қалдырған ғалым. Осы еңбектері арқылы ғалымның кемеңгерлік қырлары жарқырай көрініп, есімі елге мәшһүр болды.
Әл-Машани қаламынан ұлы бабамызға арналған “Әл-Фараби мұрасын зерттеу туралы”, “Шығыстың Аристотелі”, “Әл-Фараби еңбектерін қазақ тіліне аудару туралы”, “Әл-Фараби”, “Орта Азия мен Қазақстанның ұлы ғалымдары”, “Әл-Фараби және Абай” сияқты көптеген кітаптары жарық көрді.
Әл-Фараби мұраларына арнап осындай еңбек жазып жүрген және 1978 жылы Әл-Фарабидің 1100 жылдық мерейтойына арналған халықаралық конференция өткізуге көшбасшы болған Ақаң әлем оқымыстыларын өзіне тәнті етті. Жетпісінші-сексенінші жылдары Әл-Машани қаққан дабылдан кейін Түркістандағы Ахмет Ясауи кесенесінде, Отырар, Арыстанбаб тарихи қорымына мемлекет тарапынан көңіл аударыла бастады. 1985 жылы ғалымның өзі Түркістанға барып, Отырар мұражайының ашылуына атсалысты. Ол Қазақстан Республикасы мен шет елдердегі Әл-Фараби мұрасын зерттеушілердің алғашқы ғылыми кеңесшісі болды.
Абай атамыздың 150 жылдық тойы тұсында жазылған “Әл-Фараби және Абай” атты кітабы өзінің мән-мағынасымен, ойшылдық, талдау болжамдарымен аса құнды, халқымыздың мың жылдық мәдени тарихының үндестігін зерделеген еңбек. Ақжан Жақсыбекұлы Абай дүниетанымын, ғылымның бастауы орта ғасырлық, араб, шығыс елдерінде жатқандығын, оның көш бастаушысы ұлы бабамыз Әл-Фараби болғандығын, сөйтіп екі дананың арасын жалғастырар ғылымның даңғыл жолын баяндаған, сонау мың жылдан астам уақыт өткен Әл-Фарабиден кейін, оған ой өрісі жақын. Парасаты кең, ойшыл Абай екенін дәлелдеген.
2001 жылдың 12 қазанында Оңтүстік Қазақстан облысының сол кездегі әкімі Б.Сапарбаевтың қолдауымен халықаралық деңгейде Әл-Фарабидің 1130 жылдығы аталып өтті. Әкім бекіткен арнайы сыйлық және Әбу Насыр Әл-Фараби атындағы сыйлықтың №1 куәлігі артына мол мирас, өшпес іс қалдырған Әл-Машаниға берілді.
Әл-Машанидің ғылымға қосқан зор үлесін және ғылыми педагогикалық қызметін жұртшылық пен Үкімет жоғары бағалады. Ол Ленин, Еңбек Қызыл Ту ордендерімен, көптеген медальдар және Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің Құрмет грамоталарымен марапатталды. Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ жанындағы жаратылыстану гуманитарлық институтына Ақжан Әл-Машани есімі берілген.
Әл-Машани барлық ғылымдардың басын біріктіруші – ислам дініне, мұсылманшылыққа, ислам философиясына ден қойған ойшыл ғалым. Ол ғылым мен ислам діні байланысының сырын ашқан, “екеуін бірінен-бірін айыруға болмайтынын”дәлелдеп кеткен.
“Алдаспан” тәуелсіз журналының бас редакторы Қазтай Әбіш тоқсан бір жастағы Әл-Машаниден (қайтыс боларынан бір ай бұрын) сұхбат алған болатын. Сонда журналист соңыңыздан ерген інілеріңізге, шәкірт балаларыңызға өсиет етер аманатыңыз қандай – деп сауал қойғанда, Ақаң былай деген болатын: “Кісіліктің өлшемі – білімділік. Қазақ жастары тек білімге ұмтылулары керек. Тәуелсіз мемлекетіміздің тұтқасын ұстау үшін де білімді болуы керек. Ал бар ғылымның тоғысар арнасы, зәулім шырқау шыңы – қасиетті Құран кітабын оқуды аманат етемін. Ислам діні – ең таза, ғылымға негізделген. Исламның бір үлкен парызы – ғылым. Ата-бабаларымыз қастерлеген сол дінді қадірлеп, имандылыққа бет бұрған ұрпақтарымның ертеңгі өмірі арайлы болатынына сенемін”.
Бұл айтылғандардың барлығы Ақаңның “Исламның ғылыми негіздері” атты қолжазбасында баяндалған.
Міне, осындай артында өшпес мирас қалдырған ойшыл – ғалым Әл-Машаниден алар тағылым мол.
Авторы: М.НҰРПЕЙІСОВА, техника ғылымдарының докторы, профессор. Б.ТӨЛЕУОВ, техника ғылымдарының кандидаты, доцент.
***
Қазақ халқының ұлы ғалымдарының бірі Ақжан Машановтың туғанына биыл – 100 жыл. Республиканың ғылыми жұртшылығы бұл шараны кең ұйымдастырып өткізуде. Алда оны ЮНЕСКО-де атау күтіп тұр. Ұлы ғалымның еңбегі, азаматтығы, ұстаздығы, басқа да қырлары жайлы жазылып жатқан мақалалар да аз емес. Соларға қосымша мен оның ұстаздығы жайлы сөз айтуды парыз санаймын.
Ақаң – менің ұстазым еді. Елуінші жылдары негізгі қызметін тау-кен (кейін политехникалық институт болған) институтында атқаратын ол КазПИ-ге келіп, география факультетінде геологиядан сабақ берді. Бізге де уақытын көп бөліп, лекциясын өз институтының бағдарламасымен жүргізді. Менің сол кездегі алған геология туралы білімім, геологияның толып жатқан салаларымен таныстырып, сол салалар бойынша сол кісімен бірге жүріп, экспедицияға шыққаным менің геология ғылымына деген құштарлығымды оятып, Жердің қалыптасу заңдылығын білуіме үлкен жол ашты. Ақаң экспедиция кезінде Е.Д.Шлыгинмен таныстырды, ол кісі де геологияның үлкен ұстазының бірі еді ғой. Н.Г.Кассиннің еңбектерін оқытты. Георгий Цареевич Медоев бізге “Табиғи динамика” дейтін пәннен сабақ берді. Олардың оқыған лекцияларын біз аузымыз ашылып, соншалықты бір қызығушылықпен тыңдаушы едік. Әсіресе, Ақаң жер астының ғажайып сырын фантастикалық романдай түсіндіретін. Содан мен геологияны жақсы оқып шықтым. Институтты бітіріп, аспирантурада оқып жүрген бір кезімде Ақаң кездесіп қалып: “Ей қыз, сен қолың бос болса, бізге келіп практикалық сабақ өткізші, менің уақытым жетпей жүр”, – деді. Ұстазымның сөзін жерге тастамай, политехникалық институтқа келіп, аз уақыт Медоев пен Ақаңның практикалық сабағын жүргізгенім бар. Ол кезде қазақша дәріс оқу деген ұғым жоқ, бәрі орысша. Ақаңа айтам: “Біз ауылдан келдік, біздің “произношенияларымыз” келмей жатады ғой” десем, “Жоқ, сен анау практикумды жаттап ал, содан кейін мен өзім тексеремін”, – дейді.
Мұның бәрі болашаққа, жастарға деген сенім екен ғой. Білімге сусап жүрген жастарды бауырына тартып, үлкен ғұлама ғалымның оларға ұсынған тәрбиесі екен. Менің бүкіл ғылыми жұмысыма ақыл берген, жеке мақалаларымды оқып баспаға ұсынған да Ақаң. Айтқаным Дауленова деген менімен бірге оқыған дос қызым болды, Қазақстанда бірінші рет физикалық географияны оқытудың методикасы жайлы диссертация қорғады. Соның ғылыми жетекшісі де Ақаң еді.
“Кристаллография” дейтін пәннен де бізге алғашқы мәлімет берген Ақаң. Ол бүкіл геохимияның, физиканың, қазіргі кен орындарынан алынатын қазба байлықтардың негізгі физикалық құрылымын түсіндіретін пән. Ақаң бізге осылар жайында әңгімеледі. Қазіргі педагогикалық институттарда мұндай пәндердің аты да аталмайды. Сол кезде Ақаң ғылым салаларын жеке-жеке бермей, ғылым табиғатының тұтастығын сақтап, бірімен-бірін ұштастырып, өзі туралы кейін деректі фильмде көрсетілгендей, кубиктің әрбір қырында қандай мағына барлығын математикалық жолмен түсіндіретін. Ақаңмен замандас, саяси көзқарасының салдарынан Алматыға жер ауып келген, атақты астроном, қазіргі Астрофизика институтының негізін салуға еңбек сіңірген Бухман деген астроном болды. Сол екеуінің бізге берген білімі күні бүгінге дейін бойымызда ғылымның негізгі жүйесін салып берді деп түсінем. Ақаң үзіліс кезінде шықпайды, отырады, қасына барып жаңағы ертегідей қызықтап айтқан әңгімелерін тыңдағымыз келеді. Тағы бір айтатын нәрсе – қарапайым адамдар алтынның, күмістің, платинаның, уранның қайдан шыққанын білмейді ғой, жер қойнауына біреу салып кеткендей, ана жерде анау бар, мына жерде мынау бар дейді. Солардың қалыптасу заңдылығын Ақаң бізге тақтаға сызып тұрып түсіндіретін. Менің Ақаң оқыған лекциялардан жасаған конспектім осы уақытқа дейін бар. Ақаңдай ұстаз болу, білім, ғылымды балалардың басына құйып беретіндей етіп Ақаңдай ұғындыру екінің бірінің қолынан келе бермейді. Өзіміз де ұстазбыз ғой, “45 минут” уақыт ішінде әрлі-берлі сөйлеп, шамамыз келсе, қолтығымызға папкамызды қысып, шығып кетуге тырысамыз. Ақаң балалардың білмегенін білдіруге ұмтылатын. Ғылымға құштарлықты оята білетін. Әлем кеңістігінде ғарышқа ұшу, я болмаса атмосфера қабаттарының құрамын білу ол кезде біз үшін жұмбақ дүние болатын. Соның қандай екенін Бухман екеуі үйретті. Бухманның астрономиялық лабораториясы бар. Біз соған үйіліп-төгіліп барып, аспан әлемін көріп қызықтаймыз. Күн системасындағы планеталарды қараймыз. Маған ұстаз ретінде, менің болашағыма, жалпы соғыстан кейінгі ұрпақты үйретуде Ақаңның сіңірген еңбегі өте зор. Кейде қанша білімдар болсаң да, уақыт талабынан аса алмайтын, істегеніңнің барлығын ортақ ойлы етіп көрсеткің келетін уақыттар болады. Өзінің біліміне тиянақты, сөзіне тұрақты, құбылысты қазақтың ұлттық дәстүрімен, кең жазира даласының тарихымен байланыстыра түсіндіретін Ақаңдай бірде-бір адам жоқ.
Ақаң жайында, ұстаз ретінде айтқанда, жастарымызды тәрбиелеуде ұстамдылық, шыдамдылық танытып, білмегенін білдіруге тырысатын ұстаздардың болғаны маған соншалықты ой қалдырады. Кейде біле қоймаған жастарға зекіп жатамыз, болмаса ептеп түсімізді суыта қоямыз. Ақаң қашанда бірқалыпты баяу, істеген ісіне қанық. Аспирантурада оқып жүргенімде Ақаң мені Мәскеуге академик А.А.Григорьевке жіберді, “Сен қызым, ерінбей, отбасыңды қоя тұрып, Мәскеуге барып, сол кісімен ақылдасып, тақырыбыңды белгілеп келші”, – деді. Сөйтіп, Мәскеудегі үлкен ғалымдармен танысуыма, араласуыма да Ақаңның үлкен септігі тиді. Мәскеудегі Ақаңның достарының бірі А.Л.Яншин деген үлкен ғалым-геолог болды. Ол кісімен кездесіп, сөйлескенімде ол Ақаңның жайын сұрап, сәлем айтатын. Қазақстан табиғатының жұтаңдау мәселелерін қозғайтын. Ол ғалым Қазақстанды зерттеген, біздің атақты геологтармен байланысты, соның ішінде А.Абдуллинмен жиі пікірлеседі екен. Ғылыми нәтижелерінің қорытынды еңбегінің ішінде Арал экологиясына үлкен орын берілген.
Жақында ғана Ресей Шоқанның 170 жылдығын атап өтті. Мен барып, сол шараларға қатысып қайттым. Ақаң – қазақтың Шоқаннан кейінгі жердің тарихына, қазақтың табиғатының сырына кең көзбен қарай білген ұлы геолог ғалымы.
Аспирантураны бітіріп, кандидаттық диссертация қорғағаннан кейін Ақаңмен көршілес болуды тағдыр жазды. Бірде маған кездесіп қалып, “Ей, қызым, осы Сирияға барсақ қайтеді. Сен ана күйеуіңді үгіттесеңші, Сирияға бір сапар жасап қайтайық” – деді. “Жарайды, қашан”? “Мен ұйымдастырайын”. Содан қазіргі үлкен мемлекет қайраткері, белгілі жазушы Әбіш Кекілбаев бар, барлығы 15 шақты адам болып, біз Сирияға жол тарттық. Ақаң қазақша да, орысша да әдемі сөйлейді. Қыпшақ, араб тілдеріне жетіктігін сол Шам шаһарында ғана білдік. Осы жолы ол әл-Фарабидің зиратын іздеп тапты. Ақаңның айтуы бойынша, Шам шаһарын айналдыра салған қорғанның кіші қақпа, үлкен қақпа деп аталатын қақпалары болған екен. Әл-Фараби кіші қақпада алдындағы қорымда жерленіпті. Бұл мәліметтерді жергілікті адамдарға Ақаңның өзі айтып, ақыры қорымды тапты. Зиратты аралап, үлкен арабист ғалымды көмекке алып, Ақаң зиратты бірінші болып ашты. Біз куә болдық. Басына белгі қойып қайттық.
Сол күні арабтар қонақасы үстінде біздің тегімізді сұрастырды. “Әл-Фараби – қыпшақ қой, оған қандай қатыстарың бар?”, – деп сұрады. Ақаң оларға қыпшақтар туралы, олардың бізбен байланысы жөнінде айтты. Кеңес өкіметінің кезі еді, қиын уақыт қой, әрқайсымыздың соңымызда тыңшыларымыз бар, бірақ сонда да Ақаң банкетте қыпшақтың тарихы жайлы 10 минөттей сөйледі. Сонда Шам шаһарының бір үлкен ғұламасы: “Сіздердің екінші қыпшақтарыңыз бар бізде, мүмкіншіліктеріңіз болса алып барамыз”, – деді. Ол Бейбарыс сұлтан еді. Ақаң бізге айтпай жүріп, әл-Фарабимен қатар Бейбарысты да іздеген екен. Біз Арабия шөлін аралап өтіп, “Краке-де-Шевелье” деген сонау көне дәуірден күні бүгінге дейін архитектуралық ансамблі жақсы сақталған зәулім сарайда болдық. Таудың басына салынған зәулім сарай алыстан қарлығаштың ұясындай көрінеді. Бір жағы – Жерорта теңізі, бір жағы Арабия шөлі, еш жағынан жау көрінбей келіп басып алатын емес. Зәулім сарайды кезінде крест жорықшылары салған екен. Соны Бейбарыс сұлтан ғана алыпты. Маңдайшасында оның аты алтынмен жазылыпты. Бұл да біздің абыройымызды көтеріп тастады. Сол сапарда біз 12 күндей болдық. Сириядағы Кеңес Одағының елшісі Н.Мухитдинов еді. Ақаң оған келгенде жолыққан. Қайтарда Мухитдиновқа қайтып барып, бірқатар жазбалар алды. Әл-Фарабиді біз батыс елдерінің аудармасы арқылы алып оқып жүрміз ғой. Ақаң әл-Фарабидің еңбегін араб тілінде, парсы тіліндегі жазбалары арқылы таныған еді.
Ғұлама, үлкен ғалым болу – біреудің әкеліп бере салатын дайын асы емес. Оған ізденумен бірге, қанымен келген дарын керек. Ақаң туған Қарқаралы маңы – үлкен білім ошағы, ағартушылық, демократиялық идеяның тараған жері. ХХ ғасырдың басындағы орыс шаруаларының көшіп келуі, қазақ жерлерінің отарлануы да осы жерден басталған. Ахмет Байтұрсыновтың ағартушылық ойлары осы жердің топырағында өнген. Әлихан Бөкейхановтың, Міржақып Дулатовтың азаттық туралы ойлары, 1905 жылы революциялық қозғалысқа қатысуы осында өткен. Әлімхан Ермеков осы жерде педтехникум ашқан. Ақаң – солардың жалғасы еді. Ол да оқуын Қарқаралы техникумында бастап, Семейде, Алматыда жалғастырған. Ақаңның атасы Машан би кезінде Арқадағы атақты адамдардың бірі болыпты. Қазыбек би Машан өлгенде: “Машан, Машандай ұл туғанша қашан” деп айтыпты дейтін әңгіме бар. Бұл да Ақаңның аруақты ортадан шыққанының белгісі.
Ақаң намаз оқиды, дінге берілді, Ақаң өйтіп кетті, бүйтіп кетті деген әңгімелер де кезінде көп болды ғой. Бірақ үлкен тұлға, ғалым есебінде Ақаң өз сенімін, ар-ұжданының қалағанын істеді. Өмірі қиын жағдайда өтті. Қуғынды да, шетқақпай жасауды да аз көрген жоқ. Қазір 15 жастағы бала астына “джип” мініп, қолына долларын ұстап, ел менікі, жер менікі дейді, ал Ақаңдар ұйықтаса ұйқысы қанбаған, ішер тамағы болмаған, қазақтың кең жазиралы құмдауыт даласын зерттеумен өмірін өткізіп, білім мен дінді ұштастыра отырып, қазақтың ұлағатты ойын дамытқан данышпан ғалым болды. Әрқашанда ғылым бар жерде білім бар, білім бар жерде тәрбие бар, тәрбие бар жерде азаматтық бар.
Азаматтыққа не жатады? Азаматтық деген елінің қамын ойлаумен келеді. Ақаңның бір өзі үшін өз білгені өзіне жетер еді. Бірақ Ақаң еліне, жұртына, кейінгі ұрпаққа үлкен азық боларлық жаңа ғылымның, тың білімнің негізін салып кетті. Мен қайда жүрсем де, Ақаңа бас июмен жүремін.
Біз әлі әрбір қазақ өзінің ана тілінде ойын жеткізіп сөйлейтін дәрежеге жеткен жоқпыз. Кейде біз жаңа атау іздеуге құмармыз. “Оралмандар” деген атау таптық. “Оралман” деп жүргеніміз – кешегі қиыншылық жағдайда уақыт талабына байланысты елден кеткен өзіміздің қандасымыз ғой. “Оралман” деп оларды кемсітпеу керек. Егер терминология жөнделмесе, бұрынғыша атала берсе, оның баласы да “оралман” болып кетуі мүмкін. Ол “кірме” деген сөз. “Жаңа қазақ” деген атау да қолдан жасалған. Ақаң орыс тілін жетік білу үстіне, қазақтың керемет майталман тілімен сөйлеген уақытта бір адам мін таппайтын еді.
Егеменді ел болғалы қазақ тілін игеру, жетілдіру жайлы көп айтылып жүр. Сол қиын кезеңнің өзінде де Ақаң қазақ тіліне техникалық терминдерді ғылыми тілге қалыптастырудың көш басшысы болды.
Мамандығы жағынан Ақан – маркшейдер еді. Ол политехникалық институтта ұзақ уақыт “Маркшейдерлік іс және геодезия” кафедрасын басқарды. Қазақстанда мұндай маман көп емес.
Ақаң тек қана маркшейдер, геолог емес, ол қазақ ұғымында палеонтологияның, минерологияның, кристаллографияның, стратиграфияның негізін салған адам. Жер ғылымының жаңа саласы – геомеханиканың негізін қалаушылардың бірі. Оның “Кристаллография, минерология және петрография” деп аталатын оқулығы кезінде осы салада білім іздеушілердің ғана емес, табиғат сырына қызығушылардың қолынан түспейтін кітап болды. Әрі жазушы, әрі табиғат сырын терең түсінетін философ-ғалым ретінде ол көп еңбектерін ғылыми-көпшілік кітапханасына арнап жазды. Оның “Жер құпиялары”, “Жерде тіршілік қалай пайда болды?”, “Жер сілкінісі”, “Жер қойнауына саяхат”, “Таулар қалай түзілген”, т.б. кітаптары қызық хикаядай оқылады, табиғат құпиялары мен сыры жайлы оқырмандарға көп мәлімет береді. Ғалымның еңбектерінде өзі ашқан Ақбастау, Қосмұрын, Жосалы пайдалы кен қазбалары жайлы да, Торғай алқабының геологиялық құрылысы туралы зерттеуі де, Жезқазған мыс рудасы бассейнінде жер қойнауының геомеханикалық әдістерін қолдануы жайлы деректер де мол. Осының бәрінде ол табиғатқа, жер байлығына қазақ халқының көзімен қарады.
Кейде теледидардан бізде “ұлттық идеология” бар ма деп сұрап жатады. Біреулер “Ұлттық идеология жоқ, біз жаңа қоғам орнатып жатырмыз, ол – идеологиясыз қоғам”, дейді. Ал қазіргі қазақ ғылымында, оның бүкіл болмысында, әдет-ғұрпында Ақаң салып кеткен ұлттық идеология “аңқып” тұр. Сондықтан мен өз қолым бір нәрсеге жетсе, ол үшін Ақаңа қарыздар сезінемін. Кейінгі кезде экологиямен айналысып жүрмін. Сол салада жазған оқулықтарым Ақаңның берген білімінің жемісі деп ойлаймын.
Қазір эколог емес адам жоқ. Арал теңізінің апатты жағдайға айналуы тек қана антропогенді жағдай емес, сонымен қатар оның геосинклиналды қозғалмалы зонада жатуынан. Табиғаттағы циклдік өзгеріс 50 жылда, 100 жылда қайталанып отырады. Ел осыны түсініп отырған жоқ. Мен бүгін осы тұрғыдағы теріс ғылыми пікірлерге Ақаң қалай қарар еді деп ойлаймын. 1908 жылы жазған Л.С.Бергтің “Аральское море” деген монографиясы бар. Одан басқа “Высыхает ли Средняя Азия” деген атақты мақаласы (1905) басылған. Онда табиғаттағы циклдік өзгерістер туралы кең айтылған. Ақаң бізге геологиядан сабақ берген уақытта циклдік мәселеге көп мән бере айтатын еді. Іле-Алатауын мысалға ала отырып, оның қозғалмалы алап екенін, сейсмикалық аймаққа жатуының жағдайын түсіндіретін. Жалпы, ғылымның дамуына комплексті түрде қарайтын, оны жан-жақты ұлттық тұрғыда түсіндіруші, ұлттық мағынада өзінің жазира даласының байлығын дәріптеуші ғалым еді Ақаң. Сондықтан болашақ мамандарға, ұстаздарға жастарға қамқор болуды, зекімеуді, ерінбей үйретуді ұсынамын. Ядролық апатты аймақтардан келіп жатқан балалардың бірі түсінсе, бірі түсінбейтін жағдайлар болады. Оның үстіне ауыл балалары орыс тілін де жетік білмейді. Сондықтан жастарға кешірімділікпен қарап, жақсы маман даярлап, ұлтжанды болу — Ақаң дәстүрін жалғастыру деп ұғам.
Ақаң көпшіл еді, жастарды жақсы көретін. Оған ғалымдар да, ел адамдары да, дін өкілдері де көп келетін. Бәрін ризалықпен қарсы алатын. Сол Ақаң сүйген жастар өмірін ғылымға арнаса, бір адам 10 адамға дұрыс білім, тәрбие берсе, ол 10 адам 100 адамға таратады. Ақаңның көрген қиыншылығы, оның ғылым жолындағы азапты өмірі, білім-өнерге құмарлығы бәрі де жастарға үлгі. Ұлы ғалымның адалдықты ізденуі – осының бәрі адамның адам болып, ғылымға да, елге де, жарға да, студенттерге қызмет етуге ұмтылуында жатыр.
Ақжан ағаның алыптығы да осында – еліне, жеріне ақ-адал еңбек етуінде.
Әлия БЕЙСЕНОВА, академик.
1. Ғылым насихаткері
Жасыратын несі бар, қазақ журналистикатану мұхитында “ғылыми публицистика” архипелагы шынымен де ешбір зерттеушінің “аяқ баспаған” жері. Бұл ақауымызды, бір жағынан, жалпы баспасөздің тарихын да, теориялық қағидаларын да зерттеуге енді-енді ғана “бел шеше” кіріскенімізді сылтауратуға болар. Екінші жағынан, ғылыми публицистика зерттеушісінен осы заманғы күрделі де іргелі, нақтылы жаратылыстану ғылымдарының кешегі тарихы мен бүгінгі қым-қиғаш, табанда адам ойына кіріп болмайтын, “бас айналатындай” жаңалықтарынан мол мәлімет талап ететін объект. Амал не, мұндай “ғылыми капитал” журналист-зерттеушілеріміздің бәрінің бірдей бойынан табыла бермейді.
... Дегенмен, өткен ғасырдың бас шенінде қазақтың озық ойлы қаламгерлері осы ғылыми публицистикаға “нар тәуекел” жасағанын білеміз. Аталмыш саланың алғаш “шылбырын ұстаған” Сұлтанмахмұт Торайғыров дер едік. Оның жыр тілімен зергерлеген “Адасқан өмір” дастанындағы ІІ бөлімнің “Сыр тапсам дүниеден ашылмаған...” деп басталатын соңғы екі тарауы тұнған ғылыми (кей тұстары фантастикалық) публицистика екенін айту керек. Алайда, классик ақын үшін осы жанрдағы шыққан ең биік Алатауы “Социализм” ғылыми-публицистикалық эссесі.
...Тарихшы, әдебиетші, лингвист әмбебап Х.Досмұхамедұлының ғылыми публицистика әлеміне сіңірген еңбегі – бір төбе. Осы пікірге көз жеткізу үшін оның медицина, гигиена, биология, табиғаттану тақырыптарына арналған ғылыми-танымдық публицистикасына тыңғылықты зер салса жетіп жатыр.
... Профессор Т. Кәкішевтің: “Саттар Ерубаев қоғамдық өмірде болып жатқан өзгерістерге немқұрайлы қарамай, өзін толқытқан ойды, орынды пікірді көркем тілмен шебер суреттеп берген публицист болды. Публицистика оның басқа да шығармаларына тән қасиет еді. Саттар журналистиканың ірілі-уақты жанрының бәрінде де қалам тартты” дегені біздің есімізде. Сол дарынның “Менің құрдастарым” романынан да, “Келесі соғыс туралы” фантастикалық новелласынан да ғылыми публицистиканың көптеген желілерін таба алар едік.
... Ал “Абай жолының” авторы өткен ғасырдың 20-шы жылдарында қазақ арасына ғылыми идеяларды неғұрлым ұғымды әдіспен тарату турасында отыз шақты мақалалар жазған. Семей оқытушылар семинариясында өзімен бірге парталас Жүсіпбек Аймауытовпен бірлесіп жазған тұңғыш “Қазақтың өзгеше мінездері” деп аталатын қаламалды мақаласынан бастап, М.Әуэзов ғылыми публицистика проблемасына қайта айналып соға бергенін байқаймыз. “Осы күнгі біздің көп мұхтажымыздың ішінде ең ірісі – ғылым...” Ғылым тіліне қазақ сөзі жетпейтіні, жететін болған күнде де, аршылып арналмағаны анық. Қандай тілге бай жұрт болсын, ғылым жолына түсе бастағанда, тілі кемшілік қылып, не түрлі болып аламыштанатынын” сынаған. “Ғылым анайы топырақты білмейді, еркін, отансыз, анасыз зат” деп есептеген болашақ классиктің өзі “Философия жайынан” және “Япония” деген ғылыми-публицистикалық эсселер жазған еді.
Қазақ ғылыми публицистикасының осы нарқасқаларының туындыларымен таныс болды ма, жоқ па – оны біз біле бермейміз, алайда, өзінің шығармашылық шабытының арқасы ма, Қазақ Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Ақжан Машанов ХІХ ғасырдың екінші жартысында ғылыми-публицистика әлемінің босағасын “Жер астына саяхат” кітабымен аттады. Автор оның жанрын “Ғылыми-фантастикалық әңгімелер” деп белгілегенмен, оны құнттап, зерттей оқып шыққан адам оның басым бөлігі геологияның, Жер мен космостың ара қатынасын, халық ауыз әдебиетіндегі кейбір сюжеттердің аспан денелерімен байланыстылығын қызықты хикаядай шежірелейтін ғылыми публицистика сарынымен жазылғанын ажырата алар еді.
Ертеректе, нақтылап айтқанда, 1996 жылдың 26 шілдесінде “Заман-Қазақстан” газетінің тілшісіне берген интервьюін Ақжан Машанов: “Бұл адамды мен зерттеймін, осы жолға түсем” деген берік байламға келдім де, Қаныш марқұмның алдына кірдім ғой. Мені білетін, жақсы көретін. Тауда, экспедицияда талай бірге жүргенбіз. “Қаныш аға, – дедім, – әл-Фараби сияқтанған дүние жүзі білетін ғалымды біздің білмей отырғанымыз масқара, намыс емес пе?! Мен осы кісіні іздеймін...” – деген сөйлемдермен бастаған екен.
Содан бергі А. Машановтың ғылыми-шығармашылық бір мұраты “Екінші ұстаздың” орнында қалған қыруар баға жетпес мұрасын зерттеу, саралау, қалың оқырманға қаймағын бұзбай жеткізу болды. Сол ерен еңбегінің алғашқы жемісі – “Әл-Фараби” тарихи-деректі кітап.
Сол кездегі Ғылым академиясының президенті, академик Ш. Есенов кітапқа алғысөз жазған. Онда: “Бүгінгі таңда Қазақстанда Фарабидің “қайта тууына” көп қайрат жұмсап жүрген еңбеккер ғалым Ақжан Машанов өзінің көп жылдық еңбегінің жемісі ретінде осы “Әл-Фараби” атты кітабын ұсынып отыр... Оқушыны өзіне қызықтырарлық тартымды әңгіме-аңыз, ғылыми дерек, батыл гипотезалар кездеседі. Соның бәрі қосылып келіп әл-Фараби туралы түсінікті молайта түседі. Халықтық ілім-білімді кең қамтыған, берерлік мағлұматы мол, көп нәрселерге жаңаша қарауға шақыратын, қиялды қозғайтын қызғылықты туынды”, – деп, жоғары баға берген.
Кітаптың басты тұғыр-пікірлерінің бірі: “Ғылым болсын, дін болсын, саясат болсын – бәрі де адамның өміріне байланысты туған нәрселер ғой. Адам білгенді адам неге білмесін. Олай болғанда, осылардың бәрін де қалдырмай білу керек. Білгенде, олардың бір ғана үзіндісі емес, бастан-аяқ тегіс адақтау керек”, – деген қағида. Осы қағидатты ұстанған шығарманың бас қаһарманы өзінің алдында өткен геометр, астроном, оптик, метеоролог, медик, психолог, сазгер Әбу Юсиф ибн Исхақ әл-Киндидің жаңалықтарын публицистік жалынмен қорғай білді. Ал “ғалымдар арасындағы талас-тартыстар, дау-жанжалдар кейде бір болымсыз, мағынасы аз нәрседен бойын аулақ салды.
Автор тек қана Фараби келбетін төңіректеп қалмайды. Сонымен қоса, қабат асыл тастарды жіктеп, саралау, әр алуан “сиқырлы” сандардың құпиясын ашу, адамның мәдени қадамының әліппесі мен санның қарым-қатынасын ажырату, жыл қайыру аңыздарын баяндау, Нысан абыз хақындағы әфсаналар мен әлемнің жеті ғажабын сипаттау тағы да қыруар құпияларды ақиқат публицистік арынмен өрнектейді.
А.Машановтың ендігі бір оқшау дүниесі – “Табу” хикаяты. Автор тек өзіне тән “шығармашылық елгезектігімен” оқырмандарын жер беті, планетаның төменгі қыртыстары былай тұрсын, космосқа “алып кетеді”. Ол Қорқыт атамен “кездестіреді”. Тағы да айналып-үйіріліп Фараби феноменіне соға береді. Мұның бәрін кітаптағы бас кейіпкер – Маңғаз ұстаз: “Менің айтар сөзім... жаттанды, жасанды, жалған сөз емес. Иесі жоқ жетім сөз емес... Сөздің асыл тегі оның терең тарихында. Ғылымның да шыққан көзі сонда. Білім бұлағының бастауы – ана тілің... Ғылымның, білімнің, өнердің, өмірдің басы осында”, – деген дәйектемеге тірейді. Мұндағы “ғылым” да, “тіл” де ғылыми публицистиканың жұлын тұтасы екенін зерделі жан білсе керек.
Астрономиялық аңыздар, олардың ертегілермен кіндіктес екендігінің фантастикалық дәйектерін А.Машановтың Ж.Машановамен “тізерлесіп жазған” “Ғажайып от ошағында” деген ғылыми-публицистік кітабынан табар едік. Бұл кітапта қазақ халық ауызекі әдебиеті және де басқа шығармалардағы аспан хақындағы болжамдар, даналық есептер, археологиялық қазбалардан табылған ежелгі дүниелер, халықтардың космологиялық ұғым-танымдарының шығу, даму хикаялары, Орталық Азия мен Қазақстанның, тіпті, күллі Шығыс аймағындағы мәдени мирастар “Екінші ұстаздың” зерттеулерінің дәйектемелерін негізге ала әңгімеленеді. Бұлардан да А.Машановқа тән сол баяғы ғылыми-публицистикалық мәнер мен екпін айқын байқалады.
Ғалымның көзі тірісінде жарық көрген соңғы дүниесі “Ай арысы” – Ғылым жаңалықтары” кітабы. Мұнда, негізінде, коммунистік атеизм қаншама жылдар бұғау салып келген алхимия, астрология секілді ғылым салалары жөніндегі оңды көзқарастар қайта жаңғырылды. Автор: “Әл-Фараби алхимия негізін бүкіл ғаламның жаратылуымен, оның әрі қарай дамуымен байланысты өте кең мағынада қараған. Ал бұл ғылым тар ішті, өзімшіл, күншіл, надан адамдардың қолына түссе, олар оны сол адам ниетіне бейімдеп алады. Қысқасын айтқанда, Әл-Фараби шындық іздеген ғалымдар үшін алхимия ғаламның сырын шешетін, сол арқылы ғаламның Жаратушы Иесін тану, соның жолымен жүру үшін, алхимия – өзін-өзі мадақтау құралы”, – деп жазған. Осы алхимия – біздің журналистика үшін тың тақырып.
Жоғарыда шолу-пікір білдірген кітаптардан да басқа, әр кезде газет-журналдарда жарияланған “Әл-Фараби, Кеплер, Галилей және Ислам”, “Әл-Фарабидің Нұрнамасы” тәріздес жарияланған қыруар мақалалары да ғылыми публицистиканың негізгі миссиясын айқындай түсері хақ.
А.Машановтың ғылыми-публицистік шығармашылығын зерттеу шарасын әлі қолға алып мандытпағанымыз белгілі. Мұны қарастыру – күн тәртібінде тұрған мәселе. Өйткені, оқымыстының көп томдық шығармалар жинағын шығару қолға алынды. Ол Ақпарат және мұрағат комитетінің мемлекеттік бағдарламасы бойынша жүзеге асырылуда. Арнаулы редакторы және құрастырушы – проф. Ш. Әбдіраман, атқарушы редактор – Г. Садықованың қолдарынан бүгінгі таңда 4 томы жарық көріп үлгерді. Оларға “Әл-Фараби” романы, “Әл-Фараби және Абай”, “Жер құрылысы”, “Қазақстанның тас-қола дәуірі мирастары”, “Тасқа түйілген тарих” секілді уникум-туындылар енген. Оларды кешенді түрде, егжей-тегжейлі зерттеу шаруасы әдебиеттану мен ғылымтану салаларына серт деп білеміз.
Замандас ғұлама ұстазымыз: “Ұлы философ Гегельдің: “Апыр-ау! Фарабидің асқазаны қандай мықты! Оның қорытпаған ғылымы жоқ!” – деген аталы сөзге айналған пікірін ол қайталаудан жалықпайтын. Енді бүгіндері сол айтқанын әл-Машанидің өзіне бағыштаған ұтырлы болар.
2. Ғылым қиялгері
“Ғылыми тас” – ескі шығыс тілінде “фан тасы”. Батыс елдерінің грек тілінен алып жүрген “фантастика” сөзі осымен байланысты.
Кез келген тілдегі әдебиет үшін уникум боп табылатын фантастика жанры “бесіктен белі шықпай жатып-ақ” өзіне бағышталған “жылы сөз” есіткен еді. Ол – Ыдырыс Мұстамбаевтың: “Фантастика кенже қалған, ұйқыда қалған қазақ ұғымын кеңітеді, оятады”, – деген пайымдауы. 1912 жылы Семейде Тайыр Жомартбаевтың “Қыз көрелік” аталатын романына қатысты жазылған рецензиядағы аталмыш пікір – бір жарым ғасырға жуық уақыт өткенмен, біз үшін өңін өзгертпеген лебіз.
Алайда, содан бергі ондаған жылдар бойы қазақ әдебиетіндегі қиял әлемін айшықтауға жаралған сала хақында “жұмған аузымызды” ашпай келіппіз. Сол “үнсіздік атмосферасын” 1958 жылғы соңғы санында “Жұлдыз” журналы “бұзды”. Әзірше әдебиет зерттеу ауылында атын біреу біліп, біреу біліп жарытпайтын, Қазақ Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, профессор Ақжан Машанов “Қисынды қиял да – әдеби жанр”, деп шынында да жар салған. “Біреу біліп, біреу біліп жарытпайтын” дегеніміздің “жаны бар” сөз. Өйткені, сол мақаладан бір жыл бұрын автордың “Жер астына саяхат” аталатын әңгімелер кітабы жарық көрген. Сонда күллі қазақ басылымында тұңғыш рет “ғылыми-фантастикалық” деген грифті ұшырастырғанбыз. Міне, содан кейін жалпы арман, қиял әдісімен жазылатын туындылар жөнінде өзінің теориялық пайымдауларын ұсынғаны осы болатын.
Салғаннан-ақ ақиқат оқымысты: “Әрбір талаптың басы қиялдан басталады. Олай болғанда, “өнер” атты, “білім”, “ғылым” атты ұлы істердің алғашқы адымы қисынды қиял болмақ”,– деп, мәселенің басын ашып алады. Осы алғашқы сөйлемдерінің ішінде “қисынды қиял” деген анықтаманың өзі бізге ой салса керек. Әзірше көп-аса құлықсыздау қарап, өзіміздің шығармашылық шаруашылығымызда игілігімізге жұмсауға салғырттық танытып жүрген “қисынды қиял” сөз тізбегін тұтастай жанрымыздың термині есебінде қабылдауымызға да болар.
Бұған автордың өз қисыны: “Біз “қисынды қиял” деген атауды әдейі қолданып отырмыз. Өйткені, бұл сөздер “ғылыми фантастика” деген ұғымның дәл баламасын бере алмаса да, сол ұғымға жанасатын тәрізді... Әңгіме ешбір негізі жоқ, бос сандырақ, қисынсыз қиял жөнінде болмай, негізі бар қисынды қиял, ғылыми фантастика жөнінде болмақ. Ал негізі жоқ, бос қиялды – қиял демей, “қияли” деген лайық сияқты”.
А.Машанов сосын қисынды қиялдың идеялық өзегі бола алатын, болуы тиісті іргелі ғылымдар турасында салиқалы деректер береді. Мақаланың ақыр-аяғы автор таныс болуы екіталай Ы.Мұстамбаевтың әлгі пайымдауын виртуальды қолданғандай. “Біздің айтпағымыз – қазақ әдебиетінде әлі күнге дейін ғылыми-фантастикалық тақырып өріс ала алмай келді. Оқушы жұртшылықтың ақыл-ойын өрістетерліктей, халық қиялын жетелеп, ғылымға баулитын... көркем шығарма жазу – республика жазушыларының назарында болуға тиіс мәселе”,– деумен аяқтайды.
Әдеби сыншы З. Серікқалиевтің “Болжал батыл болсын” тақырыпты проблемалық мақаласын А.Машановтың пікірінің ықпалынан туған деп білеміз. Себебі, мұның жалпы концепциясы сарындас болып келетін тұстары жетерлік. Сыншы: “Қазақ әдебиетінде ғылыми-фантастикалық шығармалар туатын мезгіл пісіп-жетті. Ғылымифантастика жанрының дамуына, өсіп-өркен жаюына қажетті алғышарттардың, мүмкіндіктердің бізде қазір бәрі де бар”, – деп мәлімдейді.
Содан бір тоқсан өтер-өтпесте “Әңгіме фантастикалық жанр туралы” мақаласымен А.Машанов әлгі шаруаға қайта оралды. Бұл жолы осы салада дүниеге келген туындыларымызға ептеп шолу жасай отырып, алдағы тіршілікте жанрды одан әрі өркендете түсуге жағдай толық туып отыр деп біледі. “Ұшан-теңіз табиғат байлығымыз бар; жалпы мәдениет пен әдебиеттің өркендеуі арқасында ғылымға бой ұрғандық талап бар; ғылыми фантастиканың қазақша үлгілері салына бастады. Осылардың барлығы –қажетті болып отырған ғылыми фантастикаға негізгі фундамент” санаған.
Осы дәйек-тұжырымын А. Машанов өз шығармашылығында ұсынақты да тұрақты кәдеге асыра білді. Әлгінде айтқандай, қазақ әдебиетінде “ғылыми-фантастикалық” деген айдарды тұңғыш пайдаланған автордың “Жер астына саяхат” кітабы оқырмандар қолына осыдан тура жарты ғасыр ертеде тигеніне мақтана алар едік. Оның аңдатпа-аннотациясында жазылғандай, “Қазақстанның түпкір-түпкірлерін түгел аралаған табиғатқұмар жастарды әңгімелеу арқылы Жердің жаратылысын, табиғатын ұзақ ғасырлар бойғы өзгеріс-құбылыстарының заңдарын, ескі өмірдің қалай өзгеріп, жаңадан қалай дамитынын ғылыми тұрғыдан қарап, қызық етіп баяндайды”.
Кітап жарық көрген кезінде З. Серікқалиев жинаққа бірсыпыра сын таққаны бар. Ол “Ғылыми-фантастикалық әңгімелер” дегенге күдікпен қараған-ды. “Автор мұнда жаратылыс байлығын игеру арқылы адам баласының ертеңгі биік асуы жайында, ертеңгі күннің шындығы жайында қияли болжам жасаудан гөрі, нақты фактілерге мейлінше молырақ сүйеніп, жалпы ғылымға аян, жалпы ғылым ашқан ортақ жорамалдар негізінде белгілі ақиқаттар шеңберінен шыға алмаған”, – деген.
Шынында да, сыншы ескерткендей нәрселер туындыда қылаң беретіні рас. Алайда, кітап өз объектісін тамаша білетін және сол ғылыми әлеуетін қызғылықты тілмен, күтпеген бұлтарыстармен жеткізіп бере алатын қаламгер қолынан шыққан, оның біраз жерінде халықтың қиял-ғажайып сюжеттеріне сүйеніп, қазіргі ғылым түсініктемесімен қайта берілген ғылыми-фантастикалық әңгіме-шегіністер мол. Автордың “фантастика” атауын қоюына сол шегіністер толық шығармашылық құқық береді деп есептейміз.
Оқырманның көз алдынан фантастикалық шегіністерден Күннің Үшінші планетасының қалай пайда болғаны жөнінде ұсынған жаңа версия, осыдан 900 миллион жылдар шамасында Жердің “басынан кешірген” эралары жөніндегі болжамдар, жеті қат көктегі аспан денелерінің атаулары түу баяғы ертегілердің нысандарынан алып қойылған деген қисынды қиялдар, жасанды жолмен алтын алу әдісі т. б. қыруар ғажайыптар өтіп жатады, өтіп жатады...
Әсіресе, соңғы кездері байсалды зерттелу үстіндегі алхимия ғылымына автордың көбірек назар аударғанын аңғарамыз. Қаншама ғасырлар бойы жүздеген емес-ау, мыңдаған экспериментатор-оқымыстыларды әуре-сарсаңға салған, коммунистік жетпіс жылдық ғасыр тұсында күлкіге, сайқымазаққа айналған, тіпті қудалауға түскен алхимияға бүгінде оң қабақ көрсетіп отырғанымыз белгілі. Ал осыдан толайым жарты ғасыр ертеде автордың: “Адам баласы әр түрлі заттардың атомдарына әрекет жасаудың арқасында өзіне керек элементін тауып алып отыратын болады. Алхимияның қиялы сол еді. Олай болса ол қиял іске асуына көп уақыт қалған жоқ”, –деген көрегендігіне куәгерміз.
Осы жерде ғылым тарихына жүгінсек, алхимия – ежелден қиял объектісіне айналған сала. “Алхимияның негізін қалаған мысырлық Тота құдай” деп құрметтеген. Ол еврейлерде – Мизраим (мысырлық), гректерде – Гермес Трисегист есімімен айғақ, “тәңірінің құпияларынан хабардар ұлы ғұлама” деп есептелген.
Алхимияның “қыр соңына түсушілер” – қарапайым темір-терсектерден алтын-күміс жасауға талпынғандар. Олар Қытайда біздің эрамызға дейінгі 133-шы жылдың өзінде белгілі болған. Ол жөніндегі әңгіме-қауғаны сол тұстағы Чия мен Чен екеуінің есімдерімен байланыстырады. Билеуші Чияға қаржы кәттік қылғанда, алхимик досы Чен қара тас немесе кірпішті майдалап ұсақтап, химиялық жолмен әрекеттеп, нағыз керекті күміс жасап берген деседі...
Ақиқатынан аңызы әлдеқайда басым жатқан осы асыл металдар алу әдісі құр фантастиканың тақырыбына телінетіні дақпырт па екен? Жоқ, олай емес. Көптеген елдердің билеп-төстеушілерінің өз тұстарында шығарған жарлық, пәрмендері металдарды трансмутациялау (басқа кейіпке айналдыру) мүмкіндігіне күдік келтірмейді.
Оған мысал – Лондондағы Британия мұражайының тиындар мен металдар бөлімінде алхимия алтынының үлгісі бар. Оның анықтама-сипаттамасында: “Полковник Макдональд пен доктор Колкхьннің қатысуымен 1814 жылы қазан айында қорғасын оқтан алхимик Бупорданың өңдеп шығарған алтыны” деп жазылған...
Ол аздай Венадағы өнер тарихы мұражайында да алхимияның ғажап олжасы сақталған. Каталогта ол “Алхимия медальоны” аталған. Қарамы –47х37 см, салмағы – 7 кг, тұрқы – ұзынша металл. Және де: “Оның үстіңгі үштен бір бөлігі – күміс, қалғаны – таза жасанды алтын”,– деп куәландырады мұражайдың ресми қызметкерлері. Осы деректер А. Машановтың кітабындағы бір тарау қиялдың қисындылығын дәлелдеуге септігін тигізер деп ойлаймыз.
А.Машанов көркемсөз әлемінде бір кітаптан екіншісіне “ауысарда” алдыңғысынан бөлек, басқаша пішін, стиль, композиция қарастыруды әдетке айналдырған екен. Оның ендігі бір дәлелі – “Табу”. Автор оған “ғылыми фантастика” деген тақырыпша қойыпты. Алайда, біздің ойымызша, шығарманы “ғылыми-фантастикалық трактат” мәртебесінде қарастырған дұрысырақ. Себебі, туындыда әдеби-көркемдік мотивтерден гөрі ғылыми жорамалдар, гипотезалар жалпы шығармадағы басқа компоненттерден басым жатыр. Оның үстіне “Табуды” әдебиетімізде мүлде бой көрсетпеген “фантастикалық трактат” саласының беташары есебінде қабылдағанымыз да ажарландыра түсетін шығар.
Кітаптағы Маңғаз, Болат, Абжад, Шәкіл, Қисабек, Ноғайлы және басқалар – қаламгер көкейіндегі бүкіл ғылыми-фантастикалық идеяларды оқырман зердесіне ұялатар зымыран-жеткізгіштер дер едік. Бұлар қосарласып ғарышқа саяхат шегіп, қиын-қыстау жағдайларға да тап болады. Жер астын бойлай қазып, таңбалы тастар да тауып ала береді. Сонау ықылым заманнан мына бүгінге жеткен аңыз әфсаналардан ғылыми-фантастикалық тұжырымдар қарастырады, аналогтар іздестіреді. Сөз иіні келгенде бірден айта кеткен абзал, автордың көне көз аңыздар мен бүгінгі ғылыми-техникалық прогресс, жаңа технологиялармен жарыстырып салыстырған тұстарындағы көптеген болжам-тұжырымдары тәнті қылмай қоймайды.
Планета мен галактика кеңістігі, яғни Әлемге – Жердің және Жерге Әлемнің ара қатынастары, сыбайластықтары. Қаншама миллиондаған жылдар бойы күллі Галактиканың бізге жасаған жан-жақты ықпалы. Сол виртуальды ықпал-әрекеттің арқасында олардың өнер мен әдебиетімізде (тасқа қашалып салынған өрнек-ою бейнелер, сызбалар, ауызша жеткен әфсаналар т.б.) және ғылымымызда (аспан денелерін Жердегі символдармен атау үрдістері т.б.) көрініс табуы.
Шығарманың басты кейіпкерлерінің бірі – Шәкілдің пайымдауынша, “Әлемнің тірегі, дүниені құраушы бес тек бар”. Бірінші: Жер тектес заттар – текше-куб, яғни алты жақты “гексаэдр”; екінші: Жер тектес заттар — сегіз жақты “октаэдр”; үшінші: от тектес заттар – төрт жақты “тэтраэдр”; төртінші: су тектес заттар – жиырма жақты “икосаэдр”; бесінші: бәрін құраушы жұлдыз тектес заттары – он екі жақты “дэдекаэдр”.
Міне, туындының өн бойындағы хикаялар мен пікірталастар, негізінде, осы ұғымдар төңірегінде қозып отырады. Осы тұста автордың тағы бір “оң жамбасына түсетін” идеясы – әлгі айтылған заттардың бірін екіншісінен, екіншісін үшінші, төртінші, бесіншісінен бөле-жара қарастырмайды. Оларды, өзара жігін жазбай, толайым, тұтастай кешенді түрде қамтиды. Бүкіл табиғаттың осылай біртұтас екендігін, олар өзара ұдайы, тынымсыз әсер жасаумен болатынын қиялгер-оқымысты дәлелдеп шығады.
“Табу” бірі сұрақ қойып, екіншісі жауабын беріп немесе өзара пікір таласына түсетін, соның арқасында ғылымдағы тағы бір құпияға фантастика көзімен қарап, дәйектеме айтатын мынандай тараулардан тұрады. “Маңғаз ұстаз”, “Фан тас”, “Жердегі нысаналар”, “Аспан жолында”, “Көтерімді Жердей бол”, “Өзіңді біл алдымен”, “Ғажайып сапар”, “Отырар сәулесі”.
Алғашқы алты тарауда басынан аяғына дейін фантастикалық идеялар көктей өтіп жатса, соңғылары бірсыпыра ерекшеленіп тұр. “Ғажайып сапар” мен “Отырар сәулесі” тарауларында осы заманның жас қаһармандарын көрмейміз. Олардың басты тұлғалары – аты аңызға айналған Қорқыт пен “екінші ұстаз” әл-Фараби. Фараби жөнінде сөз басқа. Оның ғұлама оқымысты екеніне ешкімнің таласы жоқ. Ал Қорқыт ше? “Жеңіл ұғып, желік іздегендер” Қорқытты тек Желмаяның белінде көреді. Автор, міне, өз шығармасында Қорқыт проблемасына басқа тұрғыдан келеді. Туынды жастарды ғарыштың ғажайып саяхаттарына шақырады, тыңдаушыларына қызықты космологиялық заңдылықтарды ашады, көне заманнан бергі астрономиялық жыл санауларға үйретеді.
Әлгінде бір айтып кеткен пікірімізді тағы да қайталағымыз келеді. Бұл шығарманы таза көркем туынды есебінде қарап, мұның бойынан соған қойылатын талаптарды түгелдеп жатудың қажеті жоқ. Өйткені, бұл шын мәніндегі ғылыми-фантастикалық трактат.
Жалпы, “Табу” – қазақ оқырмандарына бүгінгі таңда, әсіресе “жоғары технологиялар заманы” сөз тіркесін көбірек аузымызға алып жүрген уақытымызда қажет. Ол небір қызықты ғылыми мәліметтер мен эстетикалық нәр берері сөзсіз.
Автордан:
ЮНЕСКО тарапынан ғасырлық жасы аталып жатқан “қарамат” (өзінің өте ұнататын сөзі) құбылысымыз – Ақжан әл-Машанидің, “жанрлас ағаның” дүрмек тойында оқылған “ғылыми-творчестволық құраным” – осы.
Достарыңызбен бөлісу: |