Абайдың ақындық мектебі



бет1/2
Дата09.12.2021
өлшемі46,15 Kb.
#78643
  1   2
Байланысты:
Абайдың ақындық мектебі


Абайдың ақындық мектебі
Абайдың ақындық мектебі – оның кейінгі әдебиетке әкелген жаңашыл дәстүрлері мен сол әдеби үлгі-өрнектерді жалғастырып, дамытушы ізбасар ақындардың әдебиеттегі орнын айқындайтын, сол арқылы кемеңгердің тағлым беруші ұстаздық қырын танытатын қазақ әдебиетіндегі ерекше құбылыс.

Абай дәстүрі біз сөз етіп отырған ақындық мектепті де ішіне сыйғызып жіберетін кең ұғым. Абай дәстүрі оның қасында жүрген шәкірттерімен шектелмейді. Қазақ әдебиетіндегі Абайдан кейінгі көрнекті тұлғалардың барлығы дәтүр жалғастырушылар десек, С.Торайғыров, М.Жұмабаев, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Б.Майлин сынды әдебиет қайраткерлері осы лектің алдыңғы толқыны ғана. Демек, кең мағынада алғанда дәстүр жалғастырушылардың бәрі дерлік Абайдың ақындық мектебініңөкілдері болып табылады. Алайда, Абайдың ақындық мектебі деген ұғымды нақтылап, оның маңайындағы ақын шәкірттерімен байланысын алып қарастырғанда, ақындық дәстүрден де басқа, ұстаз бен шәкірт арасындағы күнделікті қарым-қатынастардың нақтылы көріністері бой көрсетеді.

Ұлы Абайдың маңайына шоғырланған талантты жастар туралы айта келіп Мұхтар Әуезов былай деп жазады: «… Ондай ақын төртеу. Оның екеуі Ақылбай, Мағауия – Абайдың өз балалары, мұның екеуі де 1904 жылы Абай өлген жылы өлген. Қалған екеуі Көкбай, Шәкәрім. Осы төрт ақын Абайдың толық мағыналы шәкірттері».

Абай мектебі деген ұғымды екі мағынада алып қарастыру бар. Бірі - кең мағына, яғни Абайдан кейінгі қазақ поэзиясы өкілдерінің дені ақынның әдебиеттегі дәстүрін ұстанушылар, демек поэзия жолындағы шәкірттері. Екінші - мектеп ұғымы тар, әрі нақты мағынада. Бұл тұрғыдан келгенде Абаймен күнделікті қарым-қатынаста болған, ақынның алдын көріп, тәрбиесін алған ақын шәкірттерге қатысты айтылады. Жалпы «Абайдың ақындық мектебі» концепциясына қатысты 1950 жылдардағы даудың негізгі себебінде саяси астар жатқанмен, әдеби айтыстың өршіп кетуінің екінші бір себебі «Абайдың ақындық мектебі» деген ұғымға қай тұрғыда келу керектігінің нақты межесі анықталмағандығында да жатыр. Дәлірек айтқанда әлгі кең мағына мен тар мағынада қарастырудың ара жігі сақталмай, араласып кетті. Тағы бір әсер еткен фактор «ақындық мектеп» деген батыс пен орыстың әдебиетіндегі ұғымды Абай мен оның айналасындағы ақын шәкірттерге қатысты қоданудан барып туындағанын да ескерте кету керек.

Абай мектебі деген ұғымды екі мағынада алып қарастыру бар. Бірі - кең мағына, яғни Абайдан кейінгі қазақ поэзиясы өкілдерінің дені ақынның әдебиеттегі дәстүрін ұстанушылар, демек поэзия жолындағы шәкірттері. Екінші - мектеп ұғымы тар, әрі нақты мағынада. Бұл тұрғыдан келгенде Абаймен күнделікті қарым-қатынаста болған, ақынның алдын көріп, тәрбиесін алған ақын шәкірттерге қатысты айтылады. Жалпы «Абайдың ақындық мектебі» концепциясына қатысты 1950 жылдардағы даудың негізгі себебінде саяси астар жатқанмен, әдеби айтыстың өршіп кетуінің екінші бір себебі «Абайдың ақындық мектебі» деген ұғымға қай тұрғыда келу керектігінің нақты межесі анықталмағандығында да жатыр. Дәлірек айтқанда әлгі кең мағына мен тар мағынада қарастырудың ара жігі сақталмай, араласып кетті. Тағы бір әсер еткен фактор «ақындық мектеп» деген батыс пен орыстың әдебиетіндегі ұғымды Абай мен оның айналасындағы ақын шәкірттерге қатысты қоданудан барып туындағанын да ескерте кету керек.

Әдебиеттану ғылымында әдеби мектеп ұғымы жалпы мағынада алынып, оның аясында ағым, бағыт, ұйым, топ, бірлестік категориялары да қарастырылады. Орыс зерттеушісі В.И.Кулешов «бағыт», «ағым», «мектеп» ұғымдарын біртектес ұғым ретінде қарайды....[1]. Ағым-бағыт пен мектеп бір ұғымның аясында немесе синонимдік қатарда қоланыла беретіні тағы бар. Көркемдік әдіс туралы пікір білдіруші  Л.Тимофеев пен С. Тураев былай дейді: « ...мы говорим о художественных методах как наиболее общем понятии, о направлениях и о течениях как о его различных историко-литературных проявлениях и о школах и группах как наиболее частных его формах» [2, 90-б.]. Абайдың айналасына шәкірт жинауы әлемдік әдебиеттану үрдісінде табиғаты жағынан әдеби топ, үйірмелерге жақын. Мәселен, әдеби үйірмелерге төмендегідей анықтама беріледі: «Литературные кружки, творческого объединения литераторов на почве единства взглядов, интересов, направления творчества. К ним относятся также литератуные салоны и «вечера»...» [3, 192-б.]. Әдебиеті әлі де ауызша үлгідегі Абай заманындағы ақын маңына шоғырланған әдебиет өкілдері белгілі бір ағымның тууына себепкер болды деп нақты айту қиын. Бұл тұрғыда М.Әуезов былай деген: «Әрине, қазақ әдебиеті сол күнде баспа жүзіне шығып, сол күнде оқушы тауып отырарлық жайға жетсе, Абай айналасынан, Абай мектебінен шыққан ақындар түгелімен Абайдың ізін баса шыққан үлкен әдебиет ағымын көрсеткен болар еді» [4, Б.155-156].

Ал енді, әлем әдебиетіне көз жүгіртсек, әдеби мектеп атауына жақын әртүрлі әдеби үйірмелер, бірлестіктер мен салон-клубтар ертеден-ақ болған. Олардың бәріне анықтама беріп, тоқталып жату мақаланың мақсаты емес. Әйтсе де, біразын атап өтейік. Мәселен, ертедегі үнді елінде санскрит әдебиетінің ірі өкілі Ашивагхошидің ақындық мектебі жөніндегі деректер бұл құбылыстың тарихын тереңге әкетеді. Он бірінші ғасырдағы Әзербайжан әдебиетіндегі Ширвани мектебі, ХІІІ ғасырдағы Италиядағы алғашқы ақындық мектептердің бірі - «Сицилия мектебін» Джакамо де Лентино басқарған. XVI ғасырдағы франция әдебиетіне үлкен бетбұрыс әкелген Жан Дораның (1508-1588) «Жұлдыз» деген ақындық мектебі болған. Әдебиет пен театр өнерінің қосындысынан туған XVIІІ ғасырдағы «Испан классиктері» мектебін атауға болады. «Геттинген алқабы» (Геттингенская роща), «Көлді мектеп» (Озерная школа), Ресейдегі «Арзамас» атты әдеби ұйым, «Жасыл шам» (Зеленая лампа) әдеби-саяси үйірмесі, Франциядағы «Парнас» ақындар ұйымы тағы-тағылар. Әр мектептің, ұйымның ұстанған бағыты, мақсаты бар. Әрқайсысы қоғамдағы түрлі жағдайларға байланысты туып, өз міндеттерін атқарды. Бірінің ғұмыры ұзаққа барды, екіншілері қоғамнан, халықтан қолдау таппай немесе тағы басқа жағдайлармен тарап кетіп жатты.

Ал, нақты ұстаз бен шәкірт арасындағы байланыстарға келетін болсақ, қазақ әдебиеті, одан бұрын жалпы түркі әдебиетінде тарихында Абайға дейін де ондай құбылыстардың болғаны анық. Әл-Фараби сияқты ойшылдардың маңайына топтасқан шәкірттері болған. Ахмет Иассауи ұстазы Арыстан бабты ерекше құрметтеп жырына қосса, кейіннен Иассауидің өзінің сопылық мектебі оның қасына көптеген шәкіртер үйірді. Кейінгі әдебиетте Жамбылдың пірі Сүйінбай болса, Ақмолла ақынның ұстазы - башқұрттың Маржаниы.  Кез-келген ақын ұдайы ұстазының қасында жүрді демесек те, алдындағы ақыннан үлгі алары хақ. Абайдың да нағыз ақындық биікке жетуіне алдымен маңайы, ортасы ықпал етті. Ең алғаш қара өлеңнің уызын өз ауылындағы Байкөкше, көрші Сыбан еліндегі Дулат, Қарқаралыдағы Шөжелерден татты, асыл сөздің маржанын ел ішіндегі би мен шешеннен естіп, кеудесіне тұндырды. Кейін өзі игерген орасан білім мен өнерді елге тарату үшін қасына талантты шәкірттер жинап, тәрбиеледі. Алдындағылардай емес Абайдікі неше өнердің сәулесін шашқан бір қауым өнерлі жасты тәрбиелеген нағыз әдебиеттің мектебі болды. Және ол мектептің қазақ әдебиетіндегі атқарған қызметі орасан, тарихтан алар орны ерекше.

Қашанда орысқа, одан батысқа қарап бой түзеп үйренген, қалыптасып қалған евроцентристік көзқарастар бізді ең әуелі «Абайдың ақындық мектебі» деген концепцияны қабылдауға жүрексіндіргені жасырын емес. Өйткені, әлем әдебиетінде шәкірт тәрбиелегендер некен-саяқ кездескенмен, дәл Абай сияқты бірнеше ақынның басын құрап, тақырып беріп, өлең жазғызып, жазғанын ортаға салып талдап, түзеп дегендей шын мәнінде  осындай әдеби іс жосығын (процедураларды) жүзеге асырғандары кемде-кем. Өзімізге етене жақын орыс әдебиетіне назар аударсақ, А.Пушкин де, М.Лермонтов та әдеби мектеп ашып, шәкірт тәрбиелемепті. ХІХ ғасырдың 50-жылдарында орыс әдебиетіне Н.Гогольдің әсері зор болғаны белгілі. Әйтсе де, «Біз Гогольдің «Шинелінен» шыққанбыз» деген кейінгі қаламгерлердің қанатты сөзі жазушының тікелей шәкірттері емес, оның дәстүрін жалғастырушылардың айтқаны екенін естен шығармау керек. Сол себепті орыс әдебиетінде кең өріс алған «Гогольдік бағыттың» өзі - мектеп дегенде әуелде біз айтқан кең мағынадағы мектеп, яғни, әдеби дәстүрге жақын дүние. «Ұлы» халықтың бетке ұстар ақын-жазушыларында кездесе бермейтін тікелей әдеби қарым-қатынастың айғағы болған ақындық мектеп, ақын шәкірттер қазақ әдебиетіне, оның ішінде Абайға тиесілі болуы кеңестік танымның қалыбына сыя бермеді. Осы арада ғалым Т.Кәкішевтің төмендегі ойы өте орынды айтылған: «Еуропа мен орыс әдебиеттеріндегі құбылыстардың бәрін қазақ әдебиеті қайталауы, солардың ізімен жүруі шарт емес, тіпті қажет те емес. Бірақ көркемдіктің жалпыға ортақ заңдылықтарын игеріп, шын кәсіби жолға түсуге міндетті. Өрелі әдебиеттерден бой тасаламай, пайдалысынан үйрену барысында еш уақытта өз ерекшелігімізден көз жазбауымыз керек» [5, 55-б.].

Қасына шәкірт ертіп, көркем дүниені қалай жазу керектігін ежіктеп отырмағанмен, шын таланттың әдебиетке өзінің дәстүрін әкелетіні ақиқат. Жаңағы Пушкин де, қара сөзден қаймақ қалқыған Николай Гоголь де, біздің Абай да сондай ақындардың қатарында. Орыс сыншысы Н.Чернышевский: «Гоголь өзінің данышпан жазушылығымен ғана емес, сонымен бірге әдеби мектептің - орыс әдебиетінде мақтан бола алатын бірден-бір мектептің атасы болуымен бағалы» [6, 20-б.] ,- деген екен. Орыс әдебиеттану ғылымында «Гогольдік бағыт» (Гогольевское направление) деген термин қалыптасқан десек, бұл кейінгі Гоголь дәстүрлерін ұстанушылардан бөлек, сонау ХІХ ғасырдың 50-жылдарында дүниеге келген. Орыс жазушысы өзінің журналистік ағымдағы шығармалармен ұлттық әдебиетте белгілі бір мектеп қалыптастырды дегенімізбен, Абай сияқты нақты қаламгер тәрбиелеп, тақырып беріп, жазғанын сынап отырмағаны белгілі. Гогольдікі дәстүр, бағыт болады да, Абайдікі ұстаз бен шәкірт арасындағы тікелей қарым-қатынастың көрінісін байқататын тура мағынасындағы мектеп болады. 1951 жылы Әуезовтің «...Можно ли сомневаться в том, что у Абая была сформированная им среда за 60 лет его жизни? По-моему, нельзя сомневаться. И вопрос о школе его сейчас ставиться лишь, как о школе в узком смысле, а не ставиться вопрос о влиянии его на всех последующих поэтов и на всю последующую казахскую литературу. Это последнее обьемлет очень широкое понятие ясное и простое. Речь идет о людях, которые окружали его, были около него непосредственно и в той или иной мере были творческими личностями. Но, одно дело учитель, другое - ученик. Пусть они не стали талантливы, как Абай (так было на самом деле). Пусть ими созданы произведения гороздо менее значительные, чем Абаем... Однако, учениками они были» [7, 119-б.] ,- деген пікірін ескерсек, Абайдың ақындық мектебі дегенді осы тура, тар мағынасында алып қарағанда ғана Абайдың ұстаздық қарекеті айқындала түседі.

Елуінші жылдары «Абайдың әдеби мектебі» концепциясының зиянды деп танылып, әдебиет тарихынан аластатылуының бір себебі «мектеп» деген ұғымның өзі әр-түрлі мағынада қарастырылғандығында жатыр. Қ.Мұхамедханұлы диссертациясының тақырыбы ғана емес, жалпы «Абай мектебі» деген атау түп-тамырымен өзгертіліп, Абайдың ұстаздық қыры көлегейленді. 1959 жылы қазақ әдебиетінің негізгі проблемаларына арналған 5 күндік ғылыми-теориялық конференция өтті. Осы арада назар аударуымыз керек, әлгіндей кең көлемде әдебиетке арналған конференция бұған дейін де, кейін де болмағанын ескерсеңіз қалай деген күнде де сол кездегі әдебиетке деген назардың қаншалықты салмақты болғанын байқай беріңіз. «Об основных тенденциях и направлении казахской литературы 80-90-х годов ХІХ века» деген тақырыпта баяндама жасаған М. Сильченко «Абай мектебі» туралы былай дейді: «Неясным, вызывающим разноречивые толки, остается до сих пор вопрос о так называемых «абаевских традициях» в казахской литературе. В дискуссии 1951 года была отвергнута концепция поэтической школы Абая... Из-за неясности и неразрешенности проблем традиции и влияния, понятий о школах и направлениях в общесоюзной науке, и у нас возникают затруднения в трактовке этих проблем. Есть неоспоримые факты, которые, тем не менее, трудно обьяснить научно. Бесспросно, что Абай имел много последователей»,- деп Абай шәкірттеріне тоқтала келіп: «Нам надо отказаться схоластических толков и споров по этому вопросу уже потому, что в истории нет и не было такого случая, чтобы литературное направление или школа объединяли писателей, поэтов совершенно идентичных по своим общественно-эстетическим воззрениям и творческой манере», - деп, Абай мектебі өкілдерінің шығармашылық мұралары батыс пен орыстың әдеби бағыт, әдеби мектепке қоятын талабына, дәлірек айтқанда «аға ұлт өкілдері» шығарған анықтамаға сай келмейтіндігін тілге тиек етеді.

Жалпы болмысты, соның ішінде әдебиетті белгілі бір қалыпқа салып машықтанған кеңестік жүйе әдебиетіміздің ұлттық ерекшеліктері мен Абайдай дарынның оқшау қасиеттерін ескермеген-ді. Сөйтіп, Сильченконың түйіні мынау: «Отказывались от термина «школа Абая», мы ввели понятие поэтического окружение Абая. Следует прямо сказать, что оно не соответствует действительному положению вещей. Ведь для истории литературы важны не пассивные отношение, а творческое взаимодействие поэтов, писателей одного исторического периода, единого в своей основе направления. Поэтому разрешите предложить на обсуждение понятие, принятое и в истории русской литературы,- «поэзия (или поэты) абаевской поры» [8, Б. 128-129]. Осы мәселеден кейін Абай айналасындағы шәкірттерге қатысты «мектеп» ұғымы алынып, Абайдың өз айналасына тигізген әсері, әсіресе нақты істелген тағылымдық қарекеттері тұмшалана берді.

Саяси қысымның салдарынан Абайдың шәкірттерінің мұрасын ғылымда қорғауына мүмкіндік ала алмаған Қ.Мұхамедханұлы 1959 жылы диссертациясының атын ғана емес, идеясын өзгертуге тура келді. Абай шәкірттері деген ұғым еріксіз ақынның төңірегіндегі ақындар деп ауыстырылды. 1951 және 1959 жылғы екі диссертацияның құрылымында айтарлықтай өзгешеліктер бар. Саяси сынның салдарынан кейінгі еңбек біраз қысқарған. Алдыңғысында Турағұлдың аты аталмаса да бірнеше өлеңдері мен аудармаларына шолу жасалса, кейінгі диссертацияда ол жоқ. 1951 жылғы еңбектегі даудың үлкені Көкбай Жанатайұлына, оның «атышулы» «Сабалақ» дастанына байланысты болғандықтан, Абайдың қасында 25 жыл дос болған, талантты ақын Көкбай да кейінгі еңбегіне енбей қалды. Сөйтіп, Шәкәрімсіз, Көкбай мен Турағұлсыз, ал бар ақындардың өзі тек «советтік шеңберге» сиятын шығармалары арқылы танылып, бір сөзбен айтқанда, құйрық-жалы күзеліп, Абай мектебі ғылымда қорғалып шықты. Оның өзінде Қ.Мұхамедханұлының бірбеткей табандылығының, төзімділігінің арқасында. Сөз арасында айта кетуіміз керек, 2005 жылдан бастап шыға бастаған зерттеушінің көп томдық шығармалар жинағына ғалымның 1959 жылғы екінші қорғаған диссертациясы ғана енген. Қайталау делінген бе, 1951 жылғы еңбек жинаққа енбеген, тек Көкбай туралы тарау ғана 1959 жылғыға қосылған. Кеңестік сүзгіге іліне қоймаған, кезінде үлкен айтыс тудырған 1951 жылғы еңбекті де жинаққа кіргізсе, көп томдықтың салмағы артпаса, кемімейтін еді. Абай мектебімен қоса

М.Әуезовтің 1950 жылы жарияланған «Ақын аға» романы да сынға ұшырап, жарыққа шықпай жатып жойылды. Бұл жайында арнайы мақалада сөз еткен болатынбыз (қараңыз: Керуен, 2009, №3) ...



Бүгінгі таңда Абайдың әдеби ортасы тақырыбын сөз еткенде біз төмендегідей түйінді мәселелерге баса назар аударуымыз керек. Өткен ғасырдың 40-50 жылдары Абай мектебі деген ұғым әдебиетке келгенде оны кең мағынада, әдеби дәстүр аясында қабылдау және тар мағынасында ақынның айналасындағы күнделікті тәрбиесін көрген шәкірттеріне қатысты зерттеу ғылыми ортаны екіге жарды. Екі түрлі айтылған пікірлерді сол кездегі кеңестік идеология сәтті пайдаланып, өршітіп, үлкен дауға айалдырды. Методологиялық жағынан дұрыс бекімеген ақындық мектеп концепциясының төңірегіндегі дау-дамай Абай айналасындағы шәкірттердің өз дәрежесінде зерттелуіне үлкен кедергі болды. Жалпы қазақ әдебиетіндегі Абай дәстүрін жалғастырушылар мен Абайдың маңайындағы шәкірттерін нақты бөліп көрсетпеген соң, мектеп өкілдерінің саны әр зерттеушінің өз пайымы бойынша белгіленіп, бірде артып, бірде кеміп отырды. Абай мектебін сынға алушы С.Мұқановтың: «Сонымен, 1934 жылы Әуезовтің мақаласында төрт адамнан ғана құралатын «Абай шәкірттерінің» тізіміндегі адам саны 1951 жылы жиырма бес-отызға жетеді» [9, 59-б.] ,- деген пікірімен келіспеу қиын. Олай дейтініміз, Абай мектебі мәселесін маңайындағы шәкірттерімен байланыста қарайтын зерттеушілер пікірінің өзі бір тоқтамға келе алмады. М.Әуезов Абайдың ақын шәкірттері ретінде Ақылбай, Мағауия, Көкбай, Шәкәрім, Әріп, Әсеттерді атайды. Абай шәкірттерінің негізгі зерттеушісі Қ.Мұхамедханұлы 1951, 1959 жылдары қорғаған диссертацияларында Ақылбай, Мағауия, Көкбай, Шәкәрім, Әріп, Әсет, соларға қосымша Халиолла, Кәкітай, Мұхамеджан, Бейсембай, Баймағамбет, Мұқа, Әлмағамбет, Әубәкір сияқты өнерпаздар бар барлығы он үш адамды жатқызады. Шәкәрім мен Турағұлдың ол кезде «халық жауы» боп үлгерген кезі, ал Көкбайды шәкірттер қатарына қосқаны, ең үлкен «саяси қателік» болып, соңы үлкен дауға айналғаны белгілі. Қ.Мұхамедханұлы кейінгі «Абайдың ақын шәкірттері» кітабына Ақылбай, Мағауия, Турағұл, Кәкітай, Көкбай, Уәйіс, Әсет, Әріп, Мұқа, Әубәкір, Тайыр Жомартбаев, Баймағамбет, Иманбазар, Әрхам сынды ақындарды кіргізеді. Бұл кітабына Шәкәрім енбегенмен, «Абай мұрагерлері» еңбегінде Абай шәкірттері ретінде зерттелген. Сонда, ұзын-саны - он бес шәкірт. Абай шәкірттеріне Е.Ысмайлов Ақылбай, Мағауия, Кәкітай, Әубәкір, Нарманбет, Әбсалық, Көкбай, Әріптерді Абайдың тура шәкірттері деп, ал Абайдан үйренген деп Сұлтанмахмұт, М.Ж.Көпеев, С.Дөнентаев бастатқан он бір ақынды атайды [10, 8-б.]. Ғ.Сералиев деген «Қазақ халқының данышпан ақыны» деген мақаласында: «Оның (Абайдың Е.Б.) школасынан қанаттанған: ақын Ажар, Кемпірбай, Мәшһүр-Жүсіп, Шортанбай, Жүсіпбек қожа, кең даланы күңіреткен әнші Әсет, Біржан сал, ақын, домбырашы, скрипкашы, музыкант Ақылбай, гармоншы, скрипкашы Әбдірахман (Абайдың баласы) - міне, бәрі де Абайдың шәкірттері» [11] ,- деп мүлде қиыс кетеді. Абай мұрасын зерттеуші ғалым Ә.Жиреншиннің өзі Абай шәкірттерін көрсетуде бір тоқтамға келе алмайды. Зерттеуші «Абай и его русские друзья» [12, Б.100-123] деген орыс тіліндегі еңбегінде он сегіз өнерпазды атап, соның алтауына тоқталса, бір жылдан кейін жарық көрген «Абай Құнанбаев» деген монографиясында Абай шәкірттерінің саны 21-ге жетіп, оның жетеуін кеңірек сөз қылған. 1951 жылғы Абай шәкірттеріне жасалған соққыдан кейін Ә.Жиреншин Абай шәкірттерінің санын күрт азайтып, «Абай және орыстың революционер-демократтары» кітабында: «Абай тұсында ақыл-ойы, көркемдігі Абайдан аспағанмен де соның ұлы дариясынан нәр алған өз балалары - Мағауия, Ақылбай, Әубәкір, замандастары - Көкбай, Баймағамбет, Әріп тағы сол сияқты бір Абай елінің өзінде ғана он-он бес ақын болған» [13, 240-б.] ,- деген пікірінде жалпылық басым. Ғалымның Абайдың ақын шәкіртіне үш қайнаса сорпасы қосылмайтын Нұрлыбек, Байкөкше, Төлеу, Ағашаяқ, Қиясбай, Көрпебай, Ырсалды сияқтыларды атауы Абай шәкірттеріне нақты меже қоймаудан барып туған пікір. Көріп отырғандай ақыны ғана емес әнші, күйші, тоғызқұмалақшы сияқты өнер иелерінің барлығын бірдей Абайдың ақын шәкіртіне тели салуға жол берілген.

Абай маңындағы өнерлі топты кей зерттеушілер ақындар және ақын еместер деп бөлді. Кейінгілерді Абайға шәкірт болған, бірақ артына ақындық мұра қалдырмағандар деп қарастырды. Абайдың қасына ақындармен бірге әнші - Мұқа, Әмір, Мұхамеджан, күйші - Біткенбай, ертегіші - Баймағамбет Мырзаханұлы, Көрпебай, Құду сияқты тоғызқұмалақшы-дойбышылар, Ағашаяқтай циркші, Қиясбайдай күлдіргі, балуан тағы басқа өнерпаз топ жиналғаны аян. Оларды Абайдың шәкірттері деп атағаннан гөрі Абай айналасындағы өнерпаздар деген сыйымды сияқты. Абай жанындағы жастарға тек өлең жазуды үйретіп қана қойды деу аздық. Кемеңгер ақын өнердің қай түрін де жүрегімен құлай сүйіп, соған ебі бар жастарды жебеп, үйретуге қолқабыс еткен. Бір ғана Шәкәрімді алайық. Жас кезінде кездік соғуды үйренгеніне қатты көңіл бөлсе, музыкаға ебі барын байқап, Керей руынан атақты домбырашы Біткенбайды алғызады, орыстың мергеніне таныстырып, аңшылықтың қыр-сырын, инженер орысқа ертіп жер өлшеуді үйретсе, орысша білетін Нүрпейісті қолында ұстап, Шәкәрімге тіл сындыртады. «Абай жазу еңбегімен қатар қазақтың қол өнеріне де көңілін бөлді, халықтың ою-үлгі, ағаштан, сүйектен әшекейлеп жасаған төсек, ыдыс-аяқ, күмістен сырға, білезік, жүзік соғу жұмыстарына да көптеген үлгі-өнегені өз еліне таратуға себепкер болды» [13, 76-б.] ,- деген Ә.Жиреншин ақынның кавказдықтардан алтын-күміске өрнек салуды ауылдағы ұстаға үйреттіргенін, Қарқаралы жақтың ертоқымын ұнатып, шеберіне сондай ер жасатқанын жазады.

Абай шәкірттерін мынау ақыны, мынау ақын емес басқа өнердің иесі деп екі топқа жіктеу айтқанға оңай көрінгенмен, әр шәкіртіне жекелей үңілсеңіз кез-келгенінің бойынан бірнеше өнер табылады. Ал, Абайдың шәкірттері, оның ақыны қайсы, өнерпазы қайсы соны анықтау керек десек, ол өте күрделі мәселе. Тек бірді-екілі өлеңі жеткен Кәкітайды ақын шәкіртке қоса аламыз ба? Сондай-ақ, шайқы Қиясбай да өзінше ақын немесе Мұқа әнші де тәп-тәуір өлең жазған. Ақылбайдың ақындығымен қоса әншілік өнері тағы бар, оған шебер музыканттығын қосыңыз. Көкбай мен Шәкәрім туралы да осыны айтуға болады. Бұларды шәкірттің ақынына жатқызасыз ба, әлде әнші шәкірттерге ме? Міне, осындай нақты анықтамалық қалыпқа сия бермейтін мәселелерді ескере отырып Абайдың айналасын шартты түрде екі топқа бөлеміз. Біріншісі - Абайдың ақын шәкірттері, екіншісі - Абай айналасындағы өнерпаздар. Ақын шәкірттері дегенде Абайдың қасында жүріп, ақындық талабын ұштап, қазақ әдебиетінің тарихында өзіндік орны бар әдебиет өкілдерін айтамыз. Олар Абайдың өз балалары - Ақылбай, Мағауия, Турағұл, немере інісі - Шәкәрім, ақынның қасында жиырма бес жыл жолдас болып жүрген Көкбай, жас та болса Абайдың шаңырағында болып, тәрбиесін көріп рухани ықпалында болған Әубәкір Ақылбайұлы мен Әрхам Ысқақов. Әйтсе де, кейінгілеріне Абай тақырып беріп, үлкен шығармалар жазғызып үлгермеді. Өйткені Әубәкір 23 жасында, Әрхам 19 жасында Абайдан айырылып қалды. Кейбір зерттеушілер «екінші топтағы» деп атап жүрген Уәйіс, Әріп, Әсет, Мұқа, Иманбазар, Баймағамбет Айтқожаұлы сынды ақындар да - Абайдан тікелей тәлім алған шәкірттер. Барлық ақын-шәкірттің саны - он үш. Бәлкім бұл тізімге біреу қосар, я кемітер, мәселе онда емес, біз тек Абайдың тікелей рухани тәрбиесінде болып, көбі ұстазының тапсырмасымен өлең-жыр жазған үлкенді-кішілі ақындарды атадық. «Екінші топтағы» ақындар деген пікірлер әрине олардың ақындық деңгейіне қарай емес, ұстаз Абаймен арасындағы байланысқа қатысты айтылған-тын. Бұл арада руға байланысты бөлу деп те түсінбеу керек. Бүгінгідей техника мен компьютердің дамыған заманы емес, Абай заманында ұстазбен күнделікті байланыста болатын ақындар, сөз жоқ, өз ауылының Тобықты елінің ақындары. Түптеп келгенде туған-туыс, жақын-жұрағаттары. Өткен ғасырдың 50-жылдары «өз ауылының ақындарын жинап, мектеп қалыптастыруға бола ма?» деген күдіктің, күмәннің мәні осында жатқан еді. Қалай деген күнде де Абай өз ауылында ақындық мектеп қалыптастырды. Ал, Әріп, Әсет, Уәйіс сияқты басқа елдің ақындары Абай ауылына келіп-кетіп, кейде тіпті айлап, апталап жатып Абай мектебінің өкілі атанды. Десек те, бұларды Абайдың қасында үнемі болды дей алмаймыз. Ұстазға кеп өлеңін сынатып, яғни сынақ тапсырып, қажетті тапсырмасын алып ауылына қайтатын бүгінгі күннің қашықтан оқитын студенті сияқты. Сол себептен ұстазбен арадағы байланысының сәл өзгешелігіне орай бұл ақындардың кей зерттеушілер тарапынан «екінші топқа» жатқызылуы сондықтан. Бірақ, бұл ақындық деңгейге қатысты жіліктеу емес-тін.

Енді бүгінге дейін ғалымдар мен зерттеушілердің Абайдың ақын шәкірті деп таныған кейбір әдебиет өкілдерін не себепті Абайдың тікелей тәрбиесін көрген деген ақын шәкірттердің қатарына қоспағанымызды түсіндіре кетейік. 50-жылдары Қ.Мұхамедханұлы ақын шәкірт ретінде атаған Кәкітай Ысқақұлы - Абайдың ең жақын туысы ғана емес, өнерлі шәкірті, бірақ ақын болмаған адам. Қ.Мұхамедханұлы «Абайдың ақын шәкірттері» кітабында «Тілім, саған айтайын» және «Көзімнің нұрысыз» деп басталатын екі өлеңді Кәкітайдың атынан жариялаған [14, Б. 24-26]. «Абай жолындағы» ақын шәкірттердің жарыса өлең құрағанда Кәкітайдың төрттік жырды:

Бірің тоңып,бірің оң, жұмысым жоқ,

Ойына түк кірмейді Кәкітай шоңның, - деп түйетіні бар. Осы көркем шығармадағы бір ауыз сөзден басқа Кәкітайды ақын дегізетін басқа шығарма өкінішке орай бізге жетпеген. Кәкітаймен қатты араласқан Ә.Бөкейханұлы да Кәкітай туралы мақаласында «Кәкітай ақын еді» демейді. Әрине, табан астында бір-екі ауыз өлең шығарып айту сол кездегі қазақтың екінің біріне тән, ал Абай қасында жүрген Кәкітай өлеңнен мүлде алыс болды дей алмаймыз. Кәкітайдың ұлы Әрхам былай дейді: «1919 жылы Совет өкіметінен қашқан «колчактың» әскерлері Кәкітайдың кілетіндегі 3 абдыра жиған кітабын, жазған еңбегін және Абайдың көп материалын өртеп жіберді. Сондықтан Абай өмірі туралы жазғандары жарық көрмей жоғалды» [14, 182-б.]. Кәкітайдың Абайға қылған еңбегі өлшеусіз. Әйтсе де, Абай шәкірттерінің бәрін зорлап ақын қылуды ғылым көтермейді. Кәкітайдың Әбішке жазған екі хат-өлеңін есепке алып, Абайдың ақын шәкірті деуге келе ме? Кәкітай - Абайдың тәрбиесінде болған ең жақын адамы, оның абайтануға қосқан үлесі де мол. Ақынның жоғалуға шақ қалған өлеңдерін жинап, ғылыми мәнді алғы сөзімен Петербордан бастырып шығаруы Кәкітайды абайтану ғылымының негізін салушы етеді. Одан артық бағаның Кәкітайға керегі жоқ. Қ.Мұхамедханұлы атаған Әлмағанбет Қапсәләмұлы - ақын емес, ерте әкесі өліп, Абайдың қолында өскен, кейін бірнеше музыкалық аспаптарда ойнайтын әнші, музыкант, «Абайдың әншісі» деген атаққа ие болған адам. Сол себепті ақын ретінде кейінгі кітабына  Қайым Әлмағанбетті енгізбеген.

Елуінші жылдарда Қайымның Абай шәкірті деген адамдарының бірі - Халиолла Құнанбайұлы. Халиолла ақын емес дегеніміз қиянат болады. Ол - ақындықты қумағанмен жазған өлеңдері бізге жетпеген трагедиялық тұлға. Екіншіден, Халиолланың өлеңдері табылған күннің өзінде ол Абайдың ақын шәкірті болмайды. Абайға алғаш орыс пен батыстың әдебиетін таныстырған Халелді Абайдың әдеби ортасының ірі өкілі десек оңды болмақ.

«Абайдың ақын шәкірттері» кітабына еніп, Абай шәкірті атанып жүрген ақынның бірі - Тайыр Жомартбаев. Т.Жомартбаевты Абайдың шәкірті деуден гөрі, Абай дәстүрін ұстанушы ақын дегеніміз қисынға келетін сияқты. Тайыр 20 жаста болғанда Абай дүниеден озыпты. Осы аралдыққа көз жүгіртейік. 1884 жылы Көкбай ауылында (Мұқыр өзенінің бойында) дүниеге келген Тайыр Көкбайдың  медресесінде оқиды. Одан кейін Семей қаласына оқуға кетеді. Ауыл молдасынан оқыған кезде, яки Көкбай медресесінде болған уақытында  Абай ауылына барып, ақынмен кездесуі ықтимал. Бірақ, жас шәкірттің Абайды бір-екі көруі немесе аз уақыт мәжілісіне қатысуы Т.Жомартбайұлын Абайдың ақын шәкірті ете алмайды. Тайыр - Абайды өлеңге қосқан, кемеңгер ақынның дәстүрін берік ұстанып, тағылымдық поэзиясын жалғастырушы қазақ әдебиетінің айтулы өкілдерінің бірі. Т.Жомартбаев - Абайдың емес, Көкбайдың алдынан сабақ алған талантты ақын десек, оның тұлғасы әсте кішіреймейді. Қайта Абай іргесін қалаған ақындық мектептің шәкірт - Көкбайлар арқылы керегесі кеңейіп, өркендеп жатқанының айқын көрінісін аңғартады.

Осы арада айта кету ләзім, Абайдың ақын шәкірттерінің бәрі бірдей биік дәрежедегі ақын болған жоқ. Абайға жетпегені хақ, алайда әрқайсысы өз дәрежесінде ұстаз талабынан шығуға күш салды, дәстүрін жалғастырды, дара соқпақ тауып дамытуға тырысты, сөйтіп қазақ әдебиетіне өзіндік із қалдырды.

Абай мұрасын зерттеуші Ә.Жиреншин Абай еліндегі және сол елге жақын тағы бір топ өнерпазды шәкірт - ақындар тобына нақақ қосып жібереді. Мәселен, Нұрлыбек Баймұратұлы қазіргі Шығыс Қазақстан облысы Бесқарағай ауданында дүниеге келген ақын, Абай дәстүрін жалғастырды дегенімізбен, Абайдың қасында болмаған. Төлеу Көбдікұлы Абаймен жақсы араласқан Қуандық Сабырбайқызынан туады. Абайды бірнеше рет көрген, ақынға арнаған өлеңдері, естелігі бар. Десек те, бұл айтылғандар Төлеу ақынды Абайдың шәкірті ете алмайды. Ә.Жиреншин атаған Байкөкше Балғынбайұлы Абайдан көп үлкен адам. Халықтың бай ауыз әдебиетін оның ішінде «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» жырын алғаш Абай өз ауылының ақыны Байкөкшеден естіген. Жасынан ерекше құрметтеп, есейген шағында Байкөкшені қасына ертіп жүрген. Өткен тарихтан сыр тартып, Абай Байкөкшеге жыр айтқызып, сол көлемді мұралардың жұрнағы бүгінде ел аузында сақталған. Сондықтан, біз Байкөкшені Абайдың шәкіртінен гөрі ақынның қасында жүрген жыр серігі деп танығанымыз абзал.

Абай қасында жүрген өнерлі адамдардың бірі - Ағашаяқ. ХІХ ғасырдың соңы ХХ ғасырдың басында Ағашаяқ атанғандар бірнешеу болған. Біздің сөз етіп отырғанымыз Абай елі - Мұқыр болысында туған әнші, күйші, ақындығы да бар сегіз қырлы өнерпаз Берікбол Көпенұлы Абайдың қасында жүріп ән-өлеңдерін ел арасына таратқан. Ағашаяқтың ақындығынан гөрі әншілік өнері басым болған өнерпаз. Алуан түрлі цирк ойындарының шебері Абайдың өнерпаз серігі десек жарасымды. Сондай, өнерпаздардың бірі - шайқы Қиясбай  да ел ішіндегі келеңсіздікті мазақ етіп, қашанда тосыннан тауып айтар ойлы сөзімен Абайға жағып, қасында болған жан. Бірақ ақын шәкірті емес. Абайдың мұңлы да, ойлы жүрегіне күлдіргі ісімен, қияңқы сөзімен дәру бола білген досы. Ал, Көрпебай Боранбайұлы Абайдың замандасы, досы, шебер тоғызқұмалақшы, ақындыққа еш қатысы жоқ.

Міне, абайтанушы ғылымдардан бастап, әдебиет зерттеушілері, жай пікір айтушылар түзген Абайдың маңайындағы ақын шәкірттеріне қысқаша шолу жасай отырып, өз ойымызды ортаға салдық. Қорыта айтсақ, бұл тақырыптың зерттелуіне мұрындық болған Қ.Мұхамедханұлынан басқа пікір айтушылар ақын шәкірттерді көрсетуде біршама ауытқуларға жол берген. Нақты анықтаманың жоқтығы, екіншіден Абай айналасы тақырыбымен таныс болмағандық, ақын мен өнерпаз арасына шек қоймау сияқты кемшіліктердің зерттеушілер тарапынан болғандығын айта кету керек.

Абай айналасы тек ақындармен шектеліп қалды деуге келмес. Абай тек ақындық өнерге баулушы ғана емес, жалпы бойында қандай өнері бар жастарды қасына үйірді. Ән-күй, құсбегілік, атбегілік, тоғызқұмалақ, дойбы өнерін үйренушілер мен балуан, желаяқтар Абай маңынан өнер тапты, бойындағысын шыңдады. Барлық өнердің қас шебері болды десек Абайға берілген артық баға болар еді. Бірақ, білгенін үйретіп, білмегенін алыстан іздеп, әнші шақыртып, дойбышыны бір қыс қонақ етіп, ағаш шеберіне ат-шапан пұлын беріп дегендей өнер іздеді, жанындағыларды баулыды. Сондықтан да, Абай шәкірттерінің саны біз тізімдегеннен әлдеқайда көп болуы заңды. Ол шәкірттер - Абайдың өнер мектебінің шәкірттері.

Мейлі, Абай дәстүрін жалғастырушылар дейік, Абайдың ақын шәкірттері дейік, Абай жанындағы өнерлі топ дейік осылардың барлығы - Абайдың әдебиетте үлкен мектеп қалыптастырғанының айғағы бола алады. Әуезов алғаш Абай мектебі туралы сөз қозғағанда айтқан: «Сол шақта тексеру, зерттеу нәтижелерінде, ғылымдық дәл, мол деректер талданып болған кезде, бәлки Абай шәкірттері, Абай мектебі дейтін көлемнің өзі де кеңейіп, молайып, Абай шәкірттерінің қатары да көбейе түсер» [7, 118-б.] ,- деген пайымы ақиқатқа айналып, бұл тақырыптың зерттелу ауқымы біздерден үлкен нәтижелер күтуде.

Ақылбай – Абай айналасындағы шәкірттердің ішіндегі ең таланттысы. Бірде ауылына келген Долгополовқа Абай өзі туралы да, балалары туралы да сын айтуын өтінгенде, ол Ақылбайды: «Жай ұғады, шабан қозғалады. Бірақ ұққаны мен алғанын қайтып жоғалтпайтын өнімі бар талант иесі. Тек онысын су түбіне кетіріп жүрген – жалқаулығы» дегенді айтады. Ол «Дағыстан» («Кәрі Жүсіп»), «Зұлыс», «Жарақ батыр» атты поэмалар жазды. Әуезов 1923 жылы «Сана» журналының 2,3-сандарында Абайдың жарияланбаған өлеңдернің қатарында «Зұлысты» да бастырды. «Дағыстанның» үзіндісі 1918 жылы «Абай» журналының 5-санында жарық көрген. Қанша дегенмен Ақылбай Абайдың ықпалынан кете алмады, оның әсері оған орыс ақындарын өз бетінше оқыттырды. Пушкин, Лермонтовты оқуы Кавказ тақырыбына барғыздырды, екіншіден, бұған Абай себепші болды. Ақылбай 1904 жылы Семейде Абайдың қырқын берген күні қайтыс болады.

Мағауия әдебиет тарихында Абайдың ақындық дәстүрді бойына мол сіңірген ақын болып қалыптасты, нәзік лирикалық өлеңдер шығару, сюжетті поэмалар жазуды әкесі Абай ақынның өнегесінен алды. Абайдың ақылының арқасында бірнеше поэма жазады. Поэмалары: «Еңлік-Кебек», «Абылай», «Медғат-Қасым». Өз махаббаты үшін күресіп, құрбан болған Еңлік пен Кебекті келер заман жастарына үлгі етіп жырлайды.

Сол кездегі өнерлі жастар осы поэманы жаттап алып, тағы бір поэма жазды. Ол «Еңлік-Кебек» жайындағы қоспа поэма болды. Бұл поэмада Кеңгірбай бидің бейнесін шебер көрсете білген. Еңлік-Кебектің өліміне себепкер биді кінәлайды. Осылайша, образдарды бейнелеуде, өткеннің қараңғылығын сынауда адамгершілікті ең үлкен мақсат етіп қойған Мағауияның поэмасы өз уақытындағы бағалы еңбек болды.

Көкбай – он-он бес жасынан айналасына өткір тілді, өжет, суырып салма ақын ретінде таныла бастайды. Шәкірттерінің ішінде Абадың өлеңдеріне аты кірген жалғыз Көкбай болса, ұстазына ең көп жыр жолдарын арнаған да сол («Семейге Абай келсе бізге думан», «Абайдай ұлы тумағы болар ғайып», «Абайдан сабақ алдым бала жастан», «Жаннатта жаның болғыр Абай құтып», т.б. өлеңдері). Оның «Дүтбайға», «Күлембайға» сияқты өлеңдері Абай үлгісіндегі сыншылдық сипатта жазылған. Көкбайдың «Сабалақ», «Құлынды», «Қандыжап», «Ғаділ патша қиссасы», «Арон Рашид қиссасы»дастандары белгілі. «Сабалақ» дастанын мезгілі, мазмұны, кейіпкерлеріне қарай үш дәуірдің адамдары туралы жазылған үш бөлімді жеке жырлар ретінде қарастыруға болады. Дастанның алғашқы бөлімі Абылай ханға арналған «Сабалақ» жыры болса, екінші бөлімі – Абылайдың бір топ ұрпақтарына арналған «Төрт төре» жыры, үшіншісі Наурызбай батыр жайында жазылған «Наурызбай-Фатима» атты ғашықтық жыр. Көкбайдың ақындық дарынына М.Әуезов жоғары баға берген. Көкбайдың өлеңдері мен айтыстары «ХХ ғасырдағы қазақ поэзиясы» (1985), «Айтыс» (1988, т.2), «Абайдың ақын шәкірттері» (1994, 2-кітап) жинақтарына еніп, ол туралы зерттеу мақалалар ұжымдық монографиясы (1988) мен Қ.Мұхамедханұлының «Абайдың ақын шәкірттері» (1994) кітабында жарияланды.

Шәкәрім Құдайбердіұлы (1858-1931) – ақын, жазушы, философ, тарихшы, композитор. Абаймен замандас әрі інісі, әрі ол негізін салған реалистік әдебиеттің жалғастырушысы. Оның «Жәрдем» баспасынан «Қазақ айнасы», «Қалқаман-Мамыр», «Жолсыз жаза яки кез болған іс», «Еңлік-Кебек», «Үш анық», «Мұсылмандық шарты», «Ләйлі-Мәжнүн» т.б. шығармалары жарық көрді. 1978 жылы Ленинградта шыққан «Поэты Казахстана» деген жинақта Ш.Құдайбердіұлының бірқатар өлеңдері орыс тілінде басылды. Үлкен жинағы 1988 жылы «Жалын» баспасынан жарық көрді. Абай тәрізді Шәкәрімнің де ақын ретінде ұсақ-түйек міндерді сынаудан бастап өз кезінің күрделі әлеуметтік мәселелерін көтеруге дейінгі аралықтағы терең ойлары, парасатты тұжырымдары сайрап жатыр. «Ескіден қалған сөз теріп», «Сәнқойлар», «Қалжыңшыл қылжақпас», «Еріншек», «Құмарлық», «Бір салмойын сал келер» сияқты өлеңдерінде ақын замандастарының бойындағы ірілі-уақты кемшіліктер сыналады. Шәкәрім надандықтың негізін осылардан көреді. Өз халқының мүддесін көздеген ақын оның бойындағы жағымсыз қасиеттерді жұртқа жария етуші ғана емес, солардың үкімін айтушы да бола білді. Әшкерелей отырып, өз үкімін айтады, айналасына ой тастап сөйлейді. «Ашу мен ынсап», «Шаруа мен ысырап», «Анық пен танық», «Ер қоспақ пен сөз сөйлемек», «Дүние мен өмір», «Мақтау мен сөгіс», «Міндеу мен күндеу» сияқты бірқатар өлеңдерінде Шәкәрім айналасына сын көзбен қарай отырып, заманның шынайы суретін жасайды. Халық тағдыры – Шәкәрім Құдайбердіұлы жырындағы арналы тақырып. Бұл тұста да ол Абаймен сабақтас, үндес.

Абайдың ақын шәкірттері өз шеберліктерін шыңдап қана қоймай, ұстазының ұлылығын да барған сайын асқақтата түсті. Абай айналасындағы ақындық ортасының ең басты қасиеті де, міне, осы бірліктен, идеялық, көркемдігі жоғары шығармашылық тұтастығынан көрінеді.





Достарыңызбен бөлісу:
  1   2




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет