Дайындық бөлім тыңдаушыларына Жамбыл Жабаев шығармашылығын оқыту
Мәтбек Нұрсұлу Құрманбекқызы, ф.ғ.к.,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
ЖОО-ға дейінгі білім беру
факультетінің аға оқытушысы
Қазақ әдебиеті пәні бірыңғай ұлттық немесе кешенді тестілеу сынағын тапсыратын талапкерлердің таңдау пәндерінің бірі болып табылады. Тест мазмұнында орта мектептің 5-11-сыныптарына арналған қазақ әдебиеті оқулығының материалдары қамтылған. Жыр алыбы, ХХ ғасырдың Гомері атанған Жамбыл Жабаев шығармашылығы орта мектеп бағдарламасында төмендегідей мазмұнда қарастырылып келеді: 5-сыныпта ақынның «Өтеген батыр» дастанынан үзінді берілген; 7-сыныпта «Аттандыру», «Алғадай туралы әрбір ой», «Атаның әлдиі» өлеңдері; 8-сыныпта «Жаныс ақынға», «Патша әмірі тарылды» өлеңдері мен «Сұраншы батыр» дастанынан үзінді; 9-сыныпта «Кәдірбайдың төбеті», «Шағым», «Ата жаумен айқастық», «Жайлау», «Ленинградтық өренім» өлеңдері оқытылады. 10-11-сыныптарда ақынның шығармашылық өмірбаяны кеңірек қамтылып талдау жасалынады.
Ақынның дүниеге келуі, өскен ортасы, ақын болып қалыптасуы, айтыстағы шеберлігі, жыршылығы, шығармаларының тақырыптық аясы, заман шындығын жырлауына назар аударылады. Дайындық бөлімдерінде орта мектеп түлегімен қатар, шетелдік қазақ диаспорасы өкілдері де білім алады. Мектеп бағдарламасындағы материалдарды қайталай отырып, Ұлттық тестілеу орталығы дайындаған қазақ әдебиеті пәні бойынша оқу-әдістемелік құралдардағы тапсырмалар бойынша да жұмыстар жүргізіледі.
Оқулықта берілген негізгі мәселелерге назар аударылады. Хронологиялық кесте жасалынады.
1846 жыл
|
Шу өзенінің бойында, Жамбыл тауының бауырында дүниеге келген
|
1846-1945 жж.
|
Жамбыл Жабаевтың өмір сүрген жылдары
|
1881 жыл
|
Құланаян Құлманбетпен айтысып жеңеді
|
1913 жыл
|
«Өстепкеде» өлеңі – Алматыда ашылған Романовтар әулетінің үш жүз жылдық мерейтойына арналған көрмеде төре, әкім, байлардың жағымпаз, жалтақ қылығын сынап шығарған өлеңі
|
1916 жыл
|
Ұлт-азаттық көтеріліске арнап «Зілді бұйрық», «Патша әмірі тарылды» өлеңдерін жазады
|
1924 жыл
|
«Қазақстан тойына» өлеңі жарияланған жыл
|
1936 жылы
|
Мәскеу қаласына тұңғыш рет барады
|
1936, 1938, 1939 жылдары
|
қатарынан үш ірі орденмен марапатталады
|
1939 жылы
|
Жамбыл «Құрмет белгісі» орденімен марапатталады
|
92 жасында
|
Жамбыл Кавказға сапар шегеді: Ш. Руставелидің «Жолбарыс терісін жамылған батыр» дастанының 750 жылдық мерекесіне қатысады.
|
1941жылы
|
Ж.Жабаевтың атақты өлеңі – «Ленинградтық өренім» жарық көреді
|
1941 жылы
|
«Өтеген батыр», «Сұраншы батыр» дастандары үшін Мемлекеттік сыйлық беріледі
|
1945 жылы
22 маусымда
|
Жүзге аяқ басқан шағында дүниеден озды
|
Жамбыл Жабаев шығармашылығына арналған төмендегідей кестені толтыру тапсырылады [1]:
Өлеңдері
|
«Шағым» – 15-16 жасындағы жазған өлеңі;
«Кедей күйі» – аш-жалаңаш, жоқшылық тұрмыстағы кедейдің халі бейнелеген;
«Алғадай туралы әрбір ой» – өз баласына арнаған өлеңі (жоқтау жыры);
«Мәңке туралы» – бір болысты әжуалап жазған сатиралық өлеңі;
«Ленинградтық өренім» – саяси лирикаға жататын, Отан қорғау тақырыбында жазылған жыры;
«Артықша туған азамат» – толғау түрінде жазылған;
«Аттандыру» – бата түріндегі туындысы;
«Жалғызбын деп жүрмесін» туындысы – Әбдірахман дүниеден өткенде Абайға жолдаған көңіл айту өлеңі;
«Амангелді» – азамат соғысы батырының ерлік бейнесін суреттеген өлеңі;
«Кәдірбайдың төбеті»; «Атаның әлдиі»; «Өсиет»
|
Жамбыл жырлап, кейінгі заманға жеткізген жырлар
|
«Көрұғлы», «Манас», «Мұңлық-Зарлық», «Шахнама», «Қыз-Жібек», «Едіге батыр» т.б.
|
Дастандары
|
«Өтеген батыр», «Сұраншы батыр» (Жетісу қазақтарының ХІХ ғасырдың орта тұсында Қоқан басқыншыларына қарсы күресін суреттеген) дастандары
|
Жамбыл айтысқан
ақындар
|
Айкүміс, Бөлектің қызы, Бақтыбай, Құлмамбет, Сарбас, Досмағамбет, Шашубай, Бөлтірік т.б.
|
Ұлттық тестілеу орталығының қазақ әдебиеті бойынша оқу-әдістемелік құралының тапсырмаларына назар салсақ, кей тапсырмалар ақын шығармаларынан үзінділер беріліп, қай өлеңінен берілгендігін анықтау тапсырылады. Мысалы, «Оқымаймын молдадан, Екі иығын қомдаған, Бала келсе сабаққа, Жем аңдыған дорбадан» («Шағым»); «Заңғойдың болысы пысық келеді, Мұрындары пұшық келеді. Екі арада ептеп жерінде Көздерін қысып келеді»(«Мәңке туралы»); «Пірім бар жыр нөсерін аспанға атқан, Сұңқардай саңқылдаған ер Сүйінбай» («Жамбылдың Құлмамбетпен айтысы») [2].
Тест тапсырмаларының мазмұнында Жамбыл Жабаевқа қатысты пікірлер мен дәйексөздер де біршама беріліп жүр. Атап айтқанда, «Сүйінбай туралы естелігінде:«Өлеңді тыңдаушының көкейінен кетпестей етіп айт. Сенің өлеңдерің жеке адамдардың емес, бүкіл халқымыздың игілігіне арналатын болсын. Әділ сөйле, адал бол!» – деп айтқан адам – Ж.Жабаев; Жамбыл қай кезде айтып еді: «Наградталған мен емес, қазақтың халық поэзиясы» (Еңбек Қызыл Ту ордені берілгенде); «Сіздің жүрегіңіз ешбір қартаймайды, жігіттің жүрегіндей болып келеді», – деп Жамбыл туралы айтқан – А. Нексе; «Жазық кең дала менің Отаным болды. Мен киіз үйде өстім. Сол кездегі барлық қазақ балаларындай мені де көшкенде бесігіммен алып жүрді» (Жамбыл); «Жұрт біздің екей руын мазақтап: «Екейде елу бақсы, сексен ақын» деген ат аз ба? Сексен бірінші болып қайтесің?» – деп Жамбылға айтқан – әкесі; Ж.Жабаев туралы: «Жетісу ақындарының алтын діңгегі»деп айтқан – М.Әуезов; Әдебиеттегі Жамбыл Жабаев туралы айтылған пікір – «ХХ ғасырдың Гомері»; «Халық поэзиясының алыбы, XX ғасырдың Гомері» деп бағаланған ақын – Жамбыл; Жүз жыл жырлаған жүректің иесі – Жамбыл; «Жүз жыл өмір кешкен ақында неше жүз жылдар өнері мен шеберлігі түйіскен», – деген пікірді айтқан – М. Әуезов.
Ақынның өмірі мен шығармашылығының кейбір қырлары жөнінде де сұрақтар қамтылған: «Кедей отбасында дүниеге келіп, жоқшылық тұрмысты көп көрген ақын»; «Жасында оқудан бас тартқан суырыпсалма ақын, майталман айтыскер, жырау әрі жыршы»; Жамбылдың сүйікті ұлының есімі (Алғадай); Жамбылдың шәкірті (Кенен); Жамбылдың ұстазы, Жамбыл өзінің пірі ретінде санаған ақын (Сүйінбай); Жамбыл бастаған халық поэзиясының көрнекті өкілдері (Н. Байғанин, К. Әзірбаев, Н.Бекежанов); Жамбыл өлең арнаған украин ақыны (Т. Шевченко); Қазақстан жазушыларының І құрылтайында Жазушылар одағына мүшелікке қабылданған халық ақындары (Жамбыл, Нартай, Кенен); Жамбыл: «Жата алмаймын төсекте, жаным қалай жайланат?» деген жолдарды айту себебі (соғыстың зардабын уайымдағандықтан); Жазушылардың бүкілодақтық ІІ сьезіндегі баяндамасында А.Сурков атап көрсеткен Жамбылдың қай поэзиясының тақырыптары (соғыс кезіндегі өлеңдері) т.б.
Тыңдаушыларға Жамбыл Жабаев шығармаларын оқып, негізгі мазмұнын, идеялық-тақырыптық мәнін түсіну, қосымша әдебиеттермен жұмыс тапсырылады.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың: «Егер біз Жамбыл даналығын тәу етіп, ұлылығын ұлағат тұтып жатсақ, оның басты себебі – Жамбыл арманының адамзаттық арман аңсарымен ұласып жатқандығында. Сондықтан да қазақтың Жамбылына адамзаттың Жамбылы ретінде құрмет көрсетіп, өлмес рухының алдында басымызды иеміз», – [3] дегеніндей Жамбыл Жабаев шығармашылық ғұмырнамасының білім алушылар үшін тағылымдық мәні зор.
Пайдаланылған әдебиеттер
1. Қабдолов З. Қирабаев С., Әдібаев Х. Қазақ әдебиеті: Жалпы білім беретін мектептің қоғамдық-гуманитарлық бағытындағы 11-сыныбына арналған оқулық. – Алматы: «Мектеп» баспасы, 2007. – 368 б.
2. Қазақ әдебиеті пәні бойынша оқу-әдістемелік құрал. – Астана: «Ұлттық тестілеу орталығы» РМҚМ, 2010. – 112 б.
3. bilimdiler.kz > kazakh_tili > 6351
Резюме
В статье рассматриваются проблемы преподования слушателям подготовительного отделения творчества народного поэта Жамбыла Жабаева. Анализируется содержания заданий по творчеству поэта.
Ключевые слова: поэт, состязание импровизаторов, поэма, импровизатор, литература.
Достарыңызбен бөлісу: |