Бұл жер қазақтарды 70 жыл бойы күтті Нәзір Төреқұловтың Жиддада жұмыс істегені Кеңес Одағы мен Корольдік арасындағы дипломатиялық байланыстардың ең бір жарқын беттері
болып табылады. Біздің атақты жерлесіміздің есімін Сауд Арабиясы әлі ұмытқан жоқ. Нәзір Төреқұловтың қызметі ғана емес, өмірі мен өлімі де екі елдің байланысына әсер еткен. Сауд королі Әбділ Әзіздің туған бауыры, Эр-Риядтың губернаторы Салман Бен Әбділ Әзіз ханзада 1996 жылы Қазақстанның Сауд Арабиясындағы ең тұңғыш елшісі ретінде қабылдай отырып, маған төмендегі жайттарды айтқан еді. «Біз Корольдіктегі Кеңес Одағының елшісі сіздің елден шыққанын және мұсылман екенін мақтан етеміз. Біз оның Мәскеуге
қайтып кеткеннен кейін атылып кеткендігінен хабардармыз. Бұл оқиға сол кездегі Сауд Корольдігінің негізін қалаушы король Әбдел Әзізді қатты күйзелтіп, Кеңес Одағымен дипломатиялық байланысты үзілді-кесілді үзуіне, жетпіс жыл бойы қайта жаңғыртуға себеп болады. Сталиндік режимнің түр- тұрпаты қанша қанық болса да, өз елінің елшісін атып өлтіруі біздің күйзелісімізді жұқарта алмады. Король Әбділ Әзіз, оның одан кейінгі таққа отырған бауырлары Сталиннің, Хрущевтің, Брежневтің, тіпті Горбачевтің Мәскеумен дипломатиялық байланыстарды қайта қалыпқа келтіру туралы өтінішіне құлақ аспай келді. Тек 1990 жылдардың бас кезінде Кеңес Одағы ыдырай бастаған кезде ғана осы қарар өзгерді.
Салман Ханзада аталған кездесуде қазақ жағының елшілік ғимараты үшін жер сұраған кезде «Елші мырза, сіздердің жерлеріңіз дайын тұр. Бұл жер сіздерді 70 жыл бойы күтті»деп жауап берген.