Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті, «Биология және география» кафедрасының аға оқытушы, биология ғылымдарының кандидаты
Абдраманова Гульмира Бостановна
Cыныптан тыс жұмыстар арқылы оқушыларға тәрбие беру
Қазіргі кездегі қоғамның барлық даму кезеңінде және бүгінгі білімді жаңалау, білім берудің ұлттық үлгісін жүзеге асыру жағдайында мектеп мұғалімдері өз үлестерін қосып отыр. Мұндай мектептердің жұмысы бүгінгі таңда заман сұранысын болашақ талаптарымен ұштастыра отырып, қазіргі жаһандану жағдайында жеке адамды қалыптастыруға, дамытуға бағытталған.
“Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасында” орта білім берудің мақсаты жылдам өзгеріп дүние жағдайларында алынған терең білімнің, кәсіби дағдылардың негізінде еркін бағдарлай білуге, өзін - өзі іске асыруға, өзін-өзі дамытуға және өз бетінше дұрыс, адамгершілік тұрғысынан жауапты шешімдер қабылдауға қабілетті жеке тұлғаны қалыптастыру деп көрсеткен.
Осындай күрделі мақсаттың жүзеге асуы білім берудің үздіксіздігін қамтамасыз ету жағдайына байланыстылығын да көрсетті. Республикада бұл міндеттердің шешу жолы білім берудің қосымша дамыту бағдарламаларында айқындалады. Сондай -ақ “ҚР тәлім тәрбие тұжырымдамасында” үздіксіз тәрбиенің негізі – ұлттық тәлім тәрбие деп қарастырады. Мұнда әрбір халықтың тәлім -тәрбиелік мұрасы - мәдениеттің құнды бөлігі немесе қазақ халқының педагогикалық ой -пікірлерін бүкіл оқу тәрбие жүйесінің тірегіне айналдыруды көздейді.
Осыған орай, мектепте оқушыларды тек сыныпта ғана тәрбиелеп және қалыптастырып қана қоймай, сыныптан тыс жұмыстарда да тәрбиелеу қажеттілігі маңызды болып отыр.
Сыныптан тыс жұмыстардың мазмұны – оқушының теориялық білімін кеңейтіп, толықтыра түседі және оқушылардың жеке қабілетін дамыта түседі.
Оқушылардың сыныптағы және сыныптан тыс әрекеттерінің кірігуі қоршаған орта туралы біртұтас түсінік қалыптастыруға, теория мен практика арасындағы байланысты қамтамасыз етуге, оқу-тәрбие үрдісін құруда және оқушы тұлғасын қалыптастыруда үйлесімдікке жетуге, мұғалімдер мен сынып жетекшілерінің педагогикалық шеберліктерін жетілдіруге, мұғалімдер мен оқушылар арасындағы ынтымақтастықтың дамуына ықпал етеді.
Қазіргі мектептердегі оқу мен тәрбиенің кіріктірілуі мына төмендегі жұмыстар арқылы жүзеге асады:
- базалық кәсіпорындарда, табиғат аясында, мәдени мекемелерде, мұражайларда мектептен тыс сабақтар ұйымдастыру;
- оқушыларды дамыта оқыту үшін әртүрлі жастағы дарынды балалар топтарын құру;
- таңдауы бойынша еркін сабақтар, оқу пәндері бойынша сайыстар мен олимпиадалар жүргізу;
- оқу бағдарламаларына сай қосымша арнаулы сабақтар өткізу;
- кіріктірілген және пәнаралық оқу сабақтарын жүргізу.
Оқушылардың сыныптағы сабақ үстіндегі және сыныптан тыс әрекеттерін кіріктіру бірыңғай педагогикалық жүйе құруға бағытталған, ондағы әр құралдар тәрбиелік және білімділік міндеттер кешенін шешуге көмектеседі.
Мектеп басшыларынан, мұғалімдерден кәсіби икемділіктері мен шығармашылық қызметте, басқаруда ақпаратты қамтамасыз ету, талдау, жоспарлау, ұйымдастыру әрекетінде біліктілікті талап етеді. Яғни, мектеп жағдайында егер мұғалімдер оқушылардың қызығушылықтары мен сұраныстарын ескеруді көздеген болса, онда атқарылатын жұмыстардың түрлері оқу пәндері мен сыныптан тыс жұмыстың мазмұнын, мақсат-міндеттерін кіріктіре алатын болады [1]
Қазіргі кезде оқыту мен тәрбие беру үдерісінде сабақтан басқа сыныптан тыс жұмыстардың орны ерекше. Білім мазмұнын әлемдік оқыту жүйесіне теңестіру, сонымен бірге қазақ халқының ұлттық ерекшелігін ескере оқытудың маңызы артуда [2].
Оқушылардың білімін дамыту жолдарының бірі ретінде сыныптан тыс жұмыстарды ұйымдастыру мәселелерін Р.Ж.Қоянбаев [3], З.Абилова [4], К.Б.Бозжанова [5], Е.Омар [6], С.Нұрмағанбетов [7] т.б. зерттеу еңбектерінде қарастырады.
Сыныптан тыс оқытуды ұйымдастырудың бірнеше формалары бар: Олар: оқу-саяхат, топ-серуен, үйірме, клуб жұмысы, ертеңгілік, ғылыми жұмыстар, іскерлік ойындар, диспуттар, байқау, көрмелер, олимпиадалар, пәндік апталықтар, декадалар, айлықтар т.б. жатады. Биологиядан факультатив сабақтарының негізгі мақсаты оқушылардың білімдерін тереңдету кеңіту, пәнге деген оқушының қызығушылығын дамыту, қабілетін дамыту, биологиямен өз бетінше жұмыстар атқаруға талғамдары мен
қызығушылықтарын ояту, шығармашылықтары мен белсенділіктерін тәрбиелеу мен
дамыту болып табылады.
Биологиядан сабақтан тыс жұмыстарды ұйымдастыру әдістемесіне жүргізілген
талдаулар факультативтік сабақтар мен олипиадалар өткізу мәселесімен ғана шектеледі.
Бүгінгі ақпараттық қоғамда өмір сүруге лайық жан - жақты дамыған жеке тұлғаны
қалыптастыру үшін мектепте оқытылатын пәндер бойынша оқушының шығармашылық
қабілетін дамытатын әртүрлі сабақтан тыс жұмыстар ұйымдастыру қажет екені белгілі.
Білімділік қызметі оқу әрекеті секілді басымдылыққа ие бола алмайды. Ол сабақтан тыс тәрбие жұмысында тәрбиелік және дамытушылық қызметті нәтижелі іске асыруда көмекші рөл атқарады. Соған орай сабақтан тыс тәрбие жұмысының білімділік қызметі ғылыми білімдер жүйесін және оқу біліктілігі мен дағдысын қалыптастыруды көздемейді, керісінше балаларда белгілі бір мінез-құлық дағдысын қалыптастыратын ұжымдық өмірді, қарым-қатынас мәдениетін т.б. үйретеді.
Сабақтан тыс тәрбие жұмысының дамытушылық қызметінің маңызы ерекше. Ол белгілі бір әрекетке байланысты оқушьшардың психикалық процестерін, оқушыларды жеке-дара қабілеттерін дамытуды көздейді. Соған орай баланың жасырын қабілетін анықтау, бейімін, қызығушылығын дамытуды мақсат тұтады. Егерде оқушы бір нәрсге қызығушылығы болса, онда мұғалім сол сұрақка қатысты қосымша қызықты мағлұмат беріп, оқуға қосымша әдебиет ұсынып, оған жағдай туғызып, сонымен бірге оны қызығушылығын арттырады.
Қорытындылай келе, оқыту барысында оқушылардың сыныпта алған білімін дамытып, оны ары қарай жетілдіруде сыныптан тыс жұмыстардың маңызы зор. Сыныптан тыс жұмыстардың оқушылардың белсенділігін арттыруда, өзіндік көзқарасының қалыптасуында, білімін жетілдіруде бірден – бір маңызды тәрбие құралы екендігін көреміз. Сыныптан тыс жұмыстарды дұрыс ұйымдастырған жағдайда оқушылар бойында ұйымдастырушылық, белсенділік дамиды. Бағалы моральдық қасиеттер қалыптасады. Белсенді өмір сүру негізі салынады. Осыған орай оқушы бағдарламада белгіленген білімді игеріп қана қоймай, жан – жақты ізденіп, ой - өрісін дамытады. Сыныптан тыс оқыту оқу мен тәрбие саласындағы барлық жұмыстарды әрі дамытып, жалғастыру мақсатын көздейді. Оны жүзеге асыру жолында мұғалім ең озық әдістерді таңдап алып, оны іс жүзінде пайдалана білуі қажет. Бұл шаралардың бәрі мұғалімнен көп ізденісті күтеді. Сыныптан тыс оқытуды жүйелі түрде ұйымдастыру, адам тәрбиесіне айтарлықтай үлес қоса алады.
Әдебиет:
1. Герасимова Т.П., Коринская В. А. Методы и формы организации обучения. М.; 1994.
2. Бөлеев Қ., Бөлеева Л.Қ. Болашақ мұғалімдерді 12 жылдық мектеп оқушыларына ұлттық тәрбие беруге дайындау тұжырымдамасы. Тараз: ТарМПИ, 2011. 10 б.
3. Қоянбаев Ж.Б., Қоянбаев Р.М. Педагогика. - А.: Атамұра, 2002.
4. Абилова З. Оқушыларға кластан тыс жұмыстарда эстетикалық тәрбие беру. –А.: Рауан, 1976.
5. Бозжанова К.Б. Оқушылармен кластан және мектептен тыс жұмыстар жүйесі. /16-лекция/. – А.: Мектеп, 1980.
6. Омар Е.О. Қазақстандағы мектептен тыс мекемелердің қалыптасуы және дамуы (1917-1990 жж.) п.ғ.д. дисс. автореф. Алматы, 2002.
7. Нұрмағанбетов С., Овчинникова Р. Мектептегі кластан тыс жұмыстар. – А.: Мектеп, 1969.
Достарыңызбен бөлісу: |