XIX ғасырдың екінші жартысында ресейлік көпестер Қазақстанда сауданың жаңа түрі — жәрмеңкені пайдалана бастады. Халқы сирек ұланғайыр жері бар, қатынас жолдары дамымаған, халқының дені көшпелі өмір салтында болған өлкеде жәрмеңкелер ірі сауданың қолайлы түрі болды. Тұңғыш жәрмеңке 1832 жылы Бөкей ордасында Хан сарайының жанынан ашылды. Өлке өмірінде жәрмеңкелер XIX ғасырдың 70-90 жылдарында үлкен рөл атқарды.
Қазақстанда сауда капиталының пәрмеңді түрде өсуімен сауданың тұрақты формалары: дүкендер, көтерме сауда қоймалары орнықты, олардың бәрі негізінен шеткері аудандарда шоғырланды, ал Орталық Қазақстанның орасан көп кең аумағында түрақты сауда пункттері мен жәрмеңкелер болмады. Бұл жерлерде тасымал сауда жасайтын көпестер қожалық етті.