Біріншіден, қазақтың толыққанды ұлт санатында болатынына, яғни оның өзіндік «Мен» (қазақ) дегізерлік қасиеттерін сақтау мүмкіндіктерінің бар екенін фактілермен дəлелдей отырып оқыту — парыз. Отаршылдықтың ауыр зардаптарына қарамастан, аса тегеурінді этномəдени сананың сақталуының қайнар көзінің бірі дəстүрлі өмір салтының, тарихи маңызы терең талданып, оқу барысында берілуі қажет. Екінші, тарихпен қатар өріліп келе жатқан дəстүрлі құқықтың ел билеудегі, мемлекет пен қоғам үшін атқарар қызметінің ұлт болып ұйысуындағы ролін, нақты мысалдармен оқыту білім берудің ұлттық үлгісінің негізіне айналуы шарт.
Əлемге ғылымы-білімімен атағы жайылған Эллада, Рим, Вавилон, Мысыр, Қытай, Парсы жазба мұрасы, мəдениеті, əдебиеті жəне заңнама ережелері бар мемлекеттермен көрші отырып, сан мəрте экономикалық, мəдени, саяси байланыс орнатқан, империялық пиғылды сол елдердің бұғауына түспей, ел мен жерді қорғау мүддесі үшін жəне оның дəулетін молайту жолында, оларға қарсы əскери жорыққа шығып, ата-бабаларымыз көшпелі мемлекетті басқарып, жауына жем болмай, оларға өз үстемдігін жүргізді. Оның дəлеліне «Күлтегін» жырындағы мына өлең жолдарына назар аударған дұрыс.
Қаның судай ақты,
Сүйегің тау боп жатты...
Бек ұлдарың құл болды...
Пəк қыздарың күң болды...
Тізеліні бүктірдік,
Бастыны еңкейттік...
Еліміз қайта ел болды,
Халқымыз қайта халық болды
Міне, осы ерлік пен ездік, соғыс пен бейбітшілік, құлдық пен тəуелсіздік жайында жазылған тарихи жыр жолдарында ұрпақ үшін ұлтымыздың болашағына қажетті тағылым жеткілікті, яғни ұстаздың осының мəнін терең талдап оқытқаны дұрыс.
Достарыңызбен бөлісу: |