Абыз тұЛҒА, АҢыз тұЛҒа кетбұҚа жауапты редакторы



бет4/15
Дата25.12.2016
өлшемі4,04 Mb.
#5232
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   15

Мұрат ӘБУҒАЗЫ

КҮЙ АТАСЫ – КЕТБҰҚА

Қазақ тарихында Кетбұқаның есімі қабырғалы би, ержүрек батыр, дәулескер күйші ретінде белгілі. Әйгілі «Ақсақ құлан» күйінің авторы. Осы уақытқа дейін Кетбұқаның өмір сүрген кезеңі жөнінде әртүрлі деректер айтылып келеді. Белгілі ғалым-зерттеуші Ақселеу Сейдімбектің «Қазақтың күй өнері» атты еңбегінде: «Атадан балаға жалғасып жеткен ауыз әңгімеде де, жазба деректерде де Кетбұқа Шыңғыс ханның замандасы ретінде мәлім. Яғни, шамамен 1150-1230 жылдар аралығында ғұмыр кешкен адам. Ауызша-жазбаша деректерде Кетбұқа ұлы жыршы, дәулескер күйші, көріпкел бақсы, тіптен Шыңғыс ханның хат таныған шежірешісі ретінде баяндалады», – делінген. Осы мәлімет энциклопедияда, басқа да дереккөздерде  жиі ұшырасады. Тарих ғылымдарының докторы, профессор Мұхтархан Оразбайдың «Қазақ әдебиеті» газетінің 2007 жылдың қараша айының № 45 санында «Кетбұқа күйшінің тарихи суреті табылды» атты мақаласында келтірілген деректерге сүйенетін болсақ, «Кетбұқа шамамен 1195 жылдары қазіргі Ертіс өзенінің бойында дүниеге келген. Ол 1260 жылы қыркүйек айының 3-і күні  Палестин жерінің солтүстігіндегі Айын-Жалут деген жерде соғыста қаза болған. Кетбұқа – түрік текті найман руынан шыққан аса ірі тұлғалардың бірі. Ол Шыңғысханның сүйікті немерелерінің бірі Құлағу ханның ең жоғарғы әскери қолбасшыларының бірі болған. Шыңғысхан ұрпақтарының батысқа жасаған ұлы жорығында көзге түскен дара әскери қолбасшы, құдіретті батыр». Бұл деректерге қарағанда, «екі Кетбұқа болған ба?» деген сауал еріксіз туындайды. Себебі бұл келтірілген екі мәліметтерде Кетбұқаның өмір сүрген уақытында едәуір алшақтық байқалады. Шыңғыс ханның 1162-1227 жылдар аралығында өмір сүргендігі тарихтан аян. Бірінші дерекке қарайтын болсақ, Кетбұқаның жасы Шыңғыс ханнан үлкен болып шығады. Тарихи деректерге сүйенетін болсақ, 1202 жылы Шыңғысхан Найман мемлекетін жаулағанда  Кетбұқа жеті жастар шамасындағы бала  болған көрінеді. Тарихи тұрғыдан қарағанда, екінші келтірілген дерек шындыққа жанасады.  Кетбұқаның 1260 жылдың қыркүйек айының 3-ші жұлдызында Палестин жерінің солтүстігіндегі Айын-Жалут деген жерде соғыста қаза болғандығы жөнінде Египет, Араб және Парсы елдерінің тарихында да айтылады. Кетбұқаның тарихи суретін  Иран мемлекетінің Тегеран қаласының тарихи мұражайларының қорларының бірінен тарих ғылымдарының докторы, профессор Мұхтархан Оразбай тауып әкелген болатын. Тарихи мұрағаттар ішінде «ресім Кетбұқа Найман» деген көне парсы тілінде жазылған құжатта қазақтың үкілі домбырасымен отырған бейнесі салынған. Кетбұқаның суреттегі жас мөлшері Парсы елін бағындырған кезге сәйкес келетіндігін профессор М. Оразбай тарихи дәйектерге сүйене отырып дәлелдеген. Осы уақытқа дейін Кетбұқа Шыңғыс ханның баласының өлімін домбырамен, кейбір кезде қобызбен күй тартып естірткен деп айтылып келсе, ендігі табылып отырған  тарихи деректер Кетбұқаның домбырашы екендігін айғақтай түсті. Ал, қазақ даласында сақталған аңызда Кетбұқаның есімі әйгілі «Ақсақ құлан» күйімен тығыз байланысты болып келеді. «Ақсақ құлан» десе – Кетбұқаның, Кетбұқа десек – «Ақсақ құланның» қосарлана айтылатындығы белгілі. Қаһарлы Шыңғыс ханның заманының тірі куәсіндей болып жеткен «Ақсақ құлан» қазақтың күй тарихындағы ескі күйлердің бірі болып саналады. Күйдің аңызы бойынша Шыңғыс ханның баласы Жошының қазасын естіртуге байланысты болса, кейде Жошы ханның баласы аң аулап жүріп мерт болғанда осы қайғылы хабарды күймен естірткен болып айтылады. Көршілес Қырғыз халқында «Кетбұқа» деген елдік күй бар және күйдің аңызында Шыңғыс ханның баласы Жошы ханның өлімін күймен естірткен деп келеді. «Ақсақ құлан» күйіне қатысты Маңғыстаулық күйші Мұрат Өскенбаевтың айтуы бойынша аңыз былайша баяндалады:

«Бұрынғы өткен заманда Жошы деген хан болыпты. Оның сенімді бас уәзірі бар екен. Жеті жыл жер бетін шарлап, алыс сапардан оралған оны Жошы хан шақыртып алып, көрген-білгенін сұрапты.

– Саруалдың арығы деген жерде көп ордалы құландар жатыр екен. Соның ішінде киелі ақсақ құлан бар екен, оған ешкім жоламайды. Өзіне тиген адамды құлан не теуіп, не таптап өлтіреді, әйтеуір, ажал қармайды екен. Сол ордалы құланды көрдім, – дейді уәзірі.

– Оу, ақсақал, мен адамды жылқы не құлан теуіп өлтіреді дегенге сенбеймін,– дейді сонда Жошы ханның қасында отырған баласы. Содан ол қырық жігітке келіп: – Уәзірдің айтқан жеріне біз де барып, көзімізбен көріп қайтайық, – дейді. Қырық жігітті көндіріп, құлан жайылып жүр екен. Ханның баласы қызыл шекпенін киіп, мылтығын қолына алады да, құландарға қарай жүреді. Сонда көп құланның ішінен бір ақсақ құлан үйірінен бөлініп шығып, одағайлап келіп жер тебініп, пысқырып қалғанда айналаны қап-қараңғы тұман басып кетеді. Мергендер бір-бірінен көз жазып қалады. Бір кезде тұманның арасынан: «Қу шақайлыдан қаша жүріңдер, қызыл шекпендінің үстін баса жүріңдер» деген бір дауыс естіледі. Жігіттер тұман сейілгеннен кейін қараса, құландар да, ханның баласы да ізім-ғайым жоқ болып шығады. Олар үш күн бойы іздеп жүріп хан баласының жалғыз шынашағын тауып алады. Үстінен шұбырып өткен көп құлан оны таптап кеткен екен. Мергендер елге келеді. Баласын жоғалтқан хан қайғыдан қан құсып, басын көтермей жатып қалады. «Кімде-кім менің алдыма балаң өлді деп келетін болса, соның құлағына қорғасын құямын», – деп жарлық етеді. Мұны естіген халық ханға баласының өлімін естіртуге қорқады. Сөйтіп, ел-жұрт мұның еш амалын таба алмай, дал болады. Сонда ноғайлыдан шыққан Кербұқа деген домбырашы тәуекелге бел буып, хан сарайына келеді. Ол келе, домбырасын тарта бастайды. Сонда домбыраға алғаш салғаны құланның жүрісі екен. Хан басын көтерместен жата береді. Домбырашы әрі қарай толғайды. Домбыра «Балаң өлді, Жошы хан» деп күңіренеді. Сонда хан басын көтеріп алып:

– Әй, сенің тартар күйің емес, менің естір күйім емес екен бұл, «Балаң өлді, Жошы хан» деп тұр ғой мына күй, – дейді. Сол уақытта Кербұқа:

– Тақсыр-ай, балаңыздың өлгенін өзіңізден естіп тұрмын, – дейді.

– Өз қолымнан өлтірер едім, әттең, мынау сөз тауып кетті-ау. Бәлен жерде айдаһар жылан бар. Домбырашыны соның алдына апарып тастаңдар, – деп әмір етеді хан. Кербұқа:

– Тақсыр, оған да құлдық, тек домбырамды өзіме беріңіз, – дейді.

Ханның нөкерлері оның қолына домбырасын беріп, аяғына кісен салып, айдаһардың алдына апарып тастайды. Айдаһар адамды көріп, жұтайын деп қасына келгенде, Кербұқа оның алдына отыра қалып, күй тартады. Сонда айдаһар күй біткенше тыңдап жатқан екен. Күй аяқталған соң ініне кіріп, ат басындай алтынды домбырашының алдына домалатып әкеліп тастайды. Кербұқа алтынды құшақтап еліне қайтады. Ол ханның қаһарынан да, айдаһардың аузынан да осылайша аман құтылып, мұратына жеткен екен».

Мұндағы күйшінің айдаһардың алдына барып күй тартып, ат басындай алтын алып қайтып, мұратына жетуі қазақтың ежелгі аңыз-әфсаналарында кездесетін мифологиялық сарындармен астасуынан, оқиғаны әсірелеп айтудан туындаған болуы керек.

Тарихи деректер бойынша «Алтын топшы» кітабында: «1223 жылдары Орта Азия елдерін Шыңғысхан өзіне түгелдей қаратып, Самарқанд қаласында тұрады. Үш ұлын жинап, ақылын айтып, Монғол үстіртіне қайтып кетудің қамына кіріседі. Сол кезде, үлкен ұлы Жошы қайтып келмей қояды. Шыңғысхан ашу шақырып, Жошыны шақырып келуге үш дүркін шабарман жібереді. Бұл арада Жошы аң аулап жүріп тосыннан мерт болады. Жошының өлімін ешкімнің Шыңғысханға естіртуге жүрегі дауаламайды. Осы кезде атағы жер жарған күйші Кетбұқа: «мен Жошының өлгенін ұлы ханға естіртем», – дейді. Сол бойынша, Қаһарлы Шыңғысханның алдына барып «Ақсақ құлан» атты күйін шертіп береді. Шыңғысхан күйді әбден естіп болып, ауыр күрсінеді: «еһ, Жошы өлген екен ғой» деп басын салбыратып, қамығады», – деп жазады. Демек күй аңызында да, тарихи деректің арасында аса алшақтық жоқ, ортақ сарын Шыңғыс ханның баласы Жошының қазасын естіртуге байланысты болып келеді. «Ақсақ құлан» күйі Қазақстанның Алтай мен Маңғыстау түбегіне дейінгі байтақ далада дерлік тартылып, күні бүгінге дейін жеткен. Монғолияның Баян-Өлгей қазақтарында, еліміздің Шығыс Қазақстан, Семей, Сыр бойы, Ақтөбе, Орал, Атырау, Маңғыстау өңірлерінде «Ақсақ құлан» күйінің бірнеше нұсқалары бар. Күй теріс бұрауда (квинта) орындалады. Кетбұқаның өзінің тартқан нұсқасы дәл сол қалпында жетті деу қиын. Қазақ күйлеріне импровизациялық үрдіс тән екендігін ескеретін болсақ, 800 жылда күйдің түрлі нұсқаларының пайда болуын табиғи құбылыс деп қараған жөн. Бірақ бір нәрсенің басы ашық, ол «Ақсақ құлан» күйін алғаш шығарып, орындаған Кетбұқа екендігі анық. Тарбағатайлық домбырашы Бағаналы Саятөлековтың, Сыр бойының күйшісі Нәби Жәлімбетовтың, Маңғыстаулық күйші Мұрат Өскенбаевтың орындауындағы «Ақсақ құлан» күйіндегі ортақ сарын «Балаң өлді, Жошы хан» деп келетін естірту ретінде домбыраның сөйлейтін тұсы. Дей тұрғанмен де, домбырашы Қамбар Медетовтың жеткізуіндегі нұсқасын айрықша айтуға болады. Біріншіден, бұл көне жәдігердің қазақ арасындағы төрелерде сақталуы. Төрелер Шыңғысханның ұрпақтары болып саналатындығы белгілі. Екіншіден, басқа күйлерге қарағанда бітімі, құрылымы, әуені жағынан оқшау сарындағы туынды. Күйдің әуенінен түркі-монғол сарыны байқалады. Әсіресе, үстіңгі ішектегі бурдон тәрізді құдіретті, күңіренген сарыннан ескіліктің лебі еседі. Күйдің шығу тарихына, әуеніне қарағанда, «Ақсақ құлан» түркі-монғол халқында ертеден келе жатқан адам казасын естірту жанрында шыққандығын байқаймыз. Бүгінгі күні «Ақсақ құлан» домбырашылардың репертуарынан берік орын алған күйлердің бірі. Кең тарағандығы соншалық, бұл күйді орындамаған домбырашы некен саяқ деп айтуға болады және бірнеше озық варианттары бар. Қазақстанның Халық артисі, майталман домбырашы Рүстембек Омаров, КСРО Халық артисі, дирижер, күйші-композитор Нұрғиса Тілендиев, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі домбырашы Қошқарбек Тасбергеновтың орындауындағы нұсқаларын айрықша атауға болады.

Кетбұқаның «Ақсақ құланнан» басқа «Нарату», «Терісқақпай» деген күйлері болғандығы жөнінде деректер бар. «Нарату» атты күй әйгілі күйші Абылда да бар. Бұл жөнінде академик А. Жұбанов «Ғасырлар пернесі» атты еңбегінде былай дейді: «Нарату күйі туралы тағы мынадай аңыз бар. Онда бұл күйді шығарған Абыл емес, Кербұқа деген күйші дейді. Нарату жаудың қолының көптігін көріп, сескенейін дегенде Кербұқа «Нарату» күйін тартып, оның рухын көтерсе керек. Айта кетуіміз керек, Кербұқаның «Наратуы» – Абылдың «Наратуынан» тіпті өзге күй». Осыған қарағанда Кетбұқаның «Нарату» деген күйі кейінгі заманға дейін тартылып келгенге ұқсайды, өкініштісі бүгінгі күнге жетпей қалуында.

Кетбұқаның аты көршілес қырғыз, қарақалпақ фольклорында да кездеседі. Сонымен қатар Кетбұқаның есіміне байланысты да әртүрлі пікірлер бар. Кейде Кербұқа деп те айтылады. Қырғыздарда Кетбұқа болып келеді. Ата-бабаларымыз ертеде аңдарды кие тұтқандықтан, Кетбұғы болуы мүмкін деген де жорамал бар. Ежелгі наным-сенім бойынша, жетіқабат жерді көк өгіз немесе көк бұқа мүйізімен тіреп тұрады деген түсінік бар екендігі белгілі. Сол дәуірдегі Найман ханының аты – Байбұқа. Осыған қарағанда Кетбұқа болуы да әбден мүмкін. Дей тұрғанмен де, Кетбұқа атауы халық арасына кең тарағандықтан, осыған тоқтаған жөн болар деп ойлаймыз.

XV ғасырда Доспамбет жыраудың, XIX ғасырда Махамбеттің:



«Кетбұқадай билерден,

Кеңес сұрар күн қайда» – деп жырға қосуы, «Ақсақ құлан» күйінің 800 жыл бойы халық жадынан өшпеуі Кетбұқаның қазақ халқының сан қатпарлы тарихында орны айрықша екендігін байқауға болады. Әлемді дүр сілкінткен Шыңғыс хан құрған империяның ең ірі әскери қолбасшысы дәрежесіне жеткен  тарихи тұлғалардың бірі, күй атасы Кетбұқаның есімі ел есінде мәңгі жасай бермек.


Қайрат СӘКИ,

арабист-мәмлүктанушы

АЙН ДЖАЛУТ ШАЙҚАСЫ

Айн Джалут – Палестинадағы Назарет қаласының маңындағы елді мекен. Байсан қаласының солтүстік-батыс жағында, Джалут өзенінің бойында орналасқан. Осы елді мекенде 1260 жылдың 3 қыркүйегінде мәмлүк әскері мен Кетбұқа ноянның түмені кездеседі. Құтыз сарбаздарының саны қырық мыңдай, Кетбұқа ноян әскері шамамен он мың болатын. Хулагу әскерінің үш мыңын армян, грузин жасақтары құрайды.

Һиджраның 658 жылы рамазан айының 15-күні, яғни 1260 жылдың 3 қыркүйегінде таңертең екі жақ шайқас алаңында бетпе-бет келеді. Мұңғұл әскерінің алдында ақ боз ат мініп, мұңғұл әдеті бойынша екі қолына екі қылыш ұстаған қолбасы Кетбұқа ноян шығады. Қарсы жақта шұбар ат мініп, Құтыз сұлтан тұрады.

Тарихшылар шайқас мұңғұлдардың ұранымен басталды деп жазады. Әл-Мақризи: «Мұсылмандардың жүрегінде үлкен қорқыныш бар еді», – дейді. Мәмлүктер де дабыл қағып, шайқасқа кіруге белгі береді.

Кескілескен ұрыстан соң Құтыз мәмлүктері мұңғұл әскерінің сол қанаты мен ортасынан бөліп, сол қанатын толық қоршауға алады. Сөйтіп, сан жағынан аз мұңғұл әскері екіге бөлініп, қоршауда қалады. Мұңғұл жаяу әскерін мәмлүк атты әскері қуып жүріп қырады. Сол күні мұңғұл әскері талқандалып, жеңіс мәмлүктерге бұйырады. Талай шайқастарда жеңіліс дәмін татып көрмеген мұңғұлдар Палестина жерінде жусап қалады. Құтыз сұлтан аттан түсіп, намазға жығылады, сақалын жас жуып, жауды жеңіп, аталарының кегін қайтаруға күш берген Құдайға ризашылығын білдіреді.

Тарихшылар Кетбұқа ноянның соңғы сағаттарын тәптіштеп жазып қалдырған. Бір деректер бойынша соңғы жауынгері қалғанша соғысқан Кетбұқа ноян атынан құлап, қолға түсіп, Құтыз сұлтанның алдына әкелінеді. Құтыз оған: «Жазықсыз адамдардың қанын төккен, ұлы батырларды өтірік уәделермен, ақсүйек отбасыларын жалған сөздермен алдаған оңбаған, ақыры орға түстің бе?!» – дейді. Кетбұқа ешбір тайсалмастан: «Уақытша жеңіспен өзіңді алдама. Менің өлімім туралы хабар Хулагу ханға жетісімен, ол теңіздей буырқанып, мұңғұл әскері Әзірбайжаннан Мысыр қақпаларына дейінгі жерлерді таптап шығады. Мен туғаннан ханның құлымын, сен секілді иемді өлтіріп билікке ұмтылған жоқпын», – деп жауап береді. Ноянның басы шабылып, Каир көшелерімен алып жүреді. Кейін қала қақпаларының біріне ілінеді.

Енді бір деректер бойынша, Кетбұқа шайқаста қаза табады. Тарихшы Тәңірберді: «Кетбұқа ноянның татарлар арасындағы орны ерекше еді. Оның сөзі, батырлығы және ісі әрдайым есепке алынып отыратын. Ол ержүрек, батыл, нағыз соғыс шебері еді. Парсы жерін және Иракты жаулап алған Кетбұқа ноян болатын. Хулагу хан оған толық сенетін, ешқашан қарсы келмейтін, сөзін жерге тастамайтын. Кетбұқаның шайқастары туралы таңғажайып әңгімелер айтылатын», – деп жазады.

Ал, Кутбуддин әл-Юнини: «Татарлар Баалбекті құрсауға алғанда Кетбұқа ноянды көрдім. Жалбыраған ұзын, жұмсақ сақалды, кейде оны құлағына іліп қоятын әдемі қария. Салтанатты, өктем болатын. Қамалды көру үшін мешітке кіріп, мұнарасына шығады. Кетбұқа ноян Құтыз сұлтанның әскерін женемін деп ойлады. Құтыз әскерінің оң қанатын тас-талқан етті, алайда Құдай жеңісті мұсылмандарға береді. Осы шайқаста Кетбұқа ноян қаза тауып, ұлы тұтқынға түседі. Әдемі жігіт екен, Құтыздың алдына әкелгенде одан: «Әкең қашып кетті ме?» – деп сұрайды. «Ол ешқашан қашпайды», – деп жауап береді ұлы. Біраздан соң Кетбұқа ноянның денесі өлгендердің ішінен табылады. Әмір Ақұш аш-Шамсидің қолынан қаза тапқан екен. Баласы оны көргенде қатты жылап, жоқтау салады. Құтыз сұрауға алғанда ол: «Кетбұқа – татарлардың бақыты еді, енді олардың бағы тайды», – дейді. Шынында солай болады. Иран елхандары қанша тырысқанымен, мәмлүктер оларға беріспейді. «Мәмлүктерге қарсы шайқастарда мұңғұлдар бірде-бір рет жеңіске жете алмады», – деп жазады.

Араб тарихшылары мұңғұлдардың жеңілу себебінің бірі ретінде Ұлы Ханның өліміне байланысты Хулагудың Қарақорымға сапар шеккенін алға тартса, ортағасырлық мұсылман тарихшылары оған кереғар мәліметтерді келтіреді. Олардың айтуы бойынша, Хулагу хан ол кезде Тебриз қаласында болған. Әл-Юнини: «Мұңғұл әскерінің Айн Джалут жерінде талқандалуы сол кезде Кіші Азияда Тебризде отырған Хулагу ханның ашу-ызасын тудырады. Ол империяның шығыс жағындағы иеліктерін кеңейткені үшін өзін Ұлы Хан сайлайды деген сеніммен құрылтайға қатысуға аттанады. Бірақ Тебриз қаласына келгенде Құбылай Ұлы Хан болып сайланғандығы туралы хабар келіп жетеді». Ұлы ханды сайлау батыс иеліктердің хандарының қатысуынсыз өткендіктен, Шыңғыс ханның шешімі Яссысының талаптарына қайшы келіп тұрса да, ағасына деген құрметі үшін Хулагу аталған шешімді қабыл алады. Ол Дамаскіге қайтып бара жатқан Шам билеушісі Салахуддин Юсефті жарты жолдан қайтарып алады. «Мысыр елінде мәмлүктер аз, айтарлықтай күштері жоқ деп мені алдадың. Сенің сөзіне сеніп, мен аз әскер жұмсап, жеңіліске ұшырадым», – деп қасындағы нөкерлерімен қоса бастарын шабуға әмір береді. Баласын қоса өлтірмекші болады. Алайда, Хулагудың жұбайы Тоқыз қатын баланы өлімнен арашалап алып қалады».

Бейбарыс сұлтан 1260 жылы Айн Джалут шайқасы болған жерге «Жеңіс белгісі» деген атпен әйгілі болған ескерткіш тұрғызады. Бұл жеңіс құрметіне тұрғызылған бірден-бір ескерткіш болып табылады. Айн Джалут шайқасы Ислам тарихындағы өте маңызды шайқастардың қатарына жатады. Мұңғұлдар бірінші рет күйрей жеңіліп, Кетбұқа ноян бар әскерінен айырылады. Хулагу кек қайтармақ болып, жаңа жорық жасауға ұмтылғанымен, сол кезде қалыптасқан жағдайға байланысты бұл ойын жүзеге асыра алмайды. Айн Джалут шайқасынан кейін мәмлүктер тек Мысыр жерін ғана емес, Евфратқа дейінгі аймақты түгел билейді. Аюбидтер тұқымының билігінен кеткен иеліктерді біріктіріп, Мысыр мен Шам елін бір орталыққа бағындырады. Араб тарихнамасы Айн Джалуттағы мәмлүктердің жеңісі ислам әлемін ең қатерлі қауіптен құтқарып қана қоймай, ірі мұсылман мемлекетін сақтап қалды деп бағалайды. Сонымен қатар осы шайқас екі ғасыр бойы Таяу Шығыста бірден-бір өктем күшке айналған мәмлүктерді саяси сахнаға шығарды.


Қайрат Сәки. «Құтыз сұлтан» // «Парасат» журналы,

7, 2001 ж. 21-22 б.




С.Г. КЛЯШТОРНЫЙ, Т.И. СУЛТАНОВ

УЛУС ДЖУЧИ

(отрывок)

...С притязанием на государство, независимое от центра империи, первым открыто выступил Джучи, что явилось причиной столкновения между отцом и сыном. Джузджани в своем «Табакат-и Насири», написанном в 1260 г., передает следующее. Джучи настолько полюбил Кипчак, что решил избавить эту страну от разорения. Мой отец, Чингиз-хан, потерял рассудок, сказал он своим приближенным, так как он губит столько земель и изводит столько народу; потому он, Джучи, хочет убить Чингиз-хана во время охоты. Чагатай, узнав об этом коварном плане, рассказал отцу, который велел тайно отравить Джучи. Иная версия столкновения между сыном и отцом приводится в «Сборнике летописей» Рашид ад-Дина (начало XIV в.). Чингиз-хан, пишет он, поручил Джучи покорить «северные страны, как-то: Келар, Башгирд, Урус, Черкес, Дешт-и Кипчак и другие области тех краев». Сын не исполнил поручения отца. Чингиз-хан крайне рассердился и вызвал сына в свою орду (ставку). Тот ответил, что его постигла кручина болезни и он не может отправиться в Монголию. Между тем, один монгол из племени мангыт, прибывший из западных границ империи, рассказал, что–де видел Джучи на охоте у «одной горы». «По этой причине воспламенился огонь ярости Чингиз–хана, и, вообразив, что Джучи, очевидно, взбунтовался, что он не обращает внимания на слова отца», он послал против него Чагатая и Удегея с войском, намереваясь идти вслед за ними; в это время пришло роковое известие о кончине Джучи.

Дата смерти Джучи у Рашид ад-Дина не указывается; согласно источнику XV в. «Шаджарат ал-атрак», он умер за 6 месяцев до смерти отца, т.е. в феврале 1227 г. В этом же сочинении содержится поэтический рассказ о том, как Улуг-Джирчи, который был приближенным и одним из великих эмиров двора, сообщил Чингиз хану известие о смерти его старшего сына. Чингиз-хан в ответ Улуг-Джирчи будто бы произнес тюркский джир:


Кулун алган куландай кулунумдан айрылдым

Айрылышкан анкудай эр улумдан айрылдым.
То есть:
«Подобно кулану, лишившемуся своего детеныша,

я разлучен со своим детенышем,

Подобно разлетевшейся в разные стороны стае уток,

я разлучен со своим героем сыном».
Когда от Чингиз-хана изошли такие слова, все эмиры и нойоны, находившиеся в ставке, встали, выполнили обычай соболезнования и стали причитать. Через 6 месяцев после смерти Джучи-хана, пишет автор «Шаджарат ал-атрак», Чингиз-хан также распростился с миром.

По ранним источникам, Джучи был похоронен на Верхнем Иртыше; по преданию, приведенному автором XVI в. Хафиз-и Танышем, гробница Джучи находилась в Центральном Казахстане, в бассейне Сары-Су, близ речки Сарайлы, несколько севернее речки Терс-Кендерлик.

Джучи имел много жен и наложниц. Как об этом передают достойные доверия повествования, читаем в источнике, у него было около 40 сыновей и от них «народилось несметное количество внуков». В «Сборнике летописей» Рашид ад-Дина приводятся имена 14 сыновей Джучи в следующем порядке: первый сын – Орда, второй – Бату, третий – Берке, четвёртый – Беркечар, пятый – Шибан, шестой – Тангут, седьмой – Бувал, восьмой – Чилаукун, девятый – Шингкур, десятый – Чимпай, одиннадцатый – Мухаммад, двенадцатый – Удур, тринадцатый – Тукай-Тимур, четырнадцатый сын – Шингкум. В «Муизз ал-ансаб» приводятся имена 18 сыновей Джучи. Вот начало этого списка: Орда, Бату, Берке, Эсен, Буре. При этом говорится, что Берке, Буре и Беркечар (десятый сын), все трое родились от одной матери по имени Султан-хатун, а матерью Орды и Эсена была женщина из рода конграт (имя её не приводится).

После смерти Джучи из всех его сыновей второй, Бату (Батый), был признан войсками на западе наследником отца, и этот выбор был утвержден Чингиз-ханом. Нарративные источники XIII-XIV вв. упоминают об этом лишь вскользь; некоторые подробности вопроса содержат более поздние источники. Так, у Абу-л-Гази приводятся два рассказа. Согласно первому, Чингиз-хан, услышав о смерти Джучи, крайне опечалился. По окончании траурных дней, он сказал своему младшему брату Отчигину: «Отправляйся в Дешт-и Кипчак и второго сына Джучи-хана, Бату, по прозвищу (лакаб) Саин-хан, возведи на отцовский престол». Когда Бату узнал о том, что к его орде (ставке) приближается Отчигин, выслал для встречи его своих сыновей и младших братьев, а вслед за ними и сам выехал для встречи высокого гостя. Встретились. По прошествии трех дней Отчигин, соблюдая все обычаи, посадил Бату на отцовский престол. По случаю коронации устроили большой пир (той). В это время из ставки Чингиз-хана прибыл нарочный с известием, что хан умер. Второй рассказ короткий. Когда Джучи заболел и умер, говорится в нём, Чингиз-хан был ещё жив; он вызвал к себе в орду своего внука Бату, по прозвищу Саин-хан, и сказал ему: «Прими на себя власть отца и отправляйся в земли, которые хотел идти он»; когда Саин-хан собирал войско для похода, умер и Чингиз-хан.

Подробный рассказ о передаче верховной власти в Дешт-и Кипчаке Бату приводится в «Чингиз-наме», написанном в XVI в. В Хорезме Утемишем-хаджи. Этот рассказ интересен для нашей темы во многих отношениях; приведем его с сохранением терминов и отдельных выражений автора «Чингиз-наме». Когда умер Джучи, пишет он, между двумя старшими братьями – Орда-Эдженом и Бату – произошел спор, кому из них быть главой улуса; каждый хотел уступить престол другому. Для разрешения спора о власти два сына Джучи, родившиеся от одной матери, и 17 сыновей, родившиеся от других матерей, все вместе отправились к Чингиз-хану. «Великий» дед, принимая царевичей, велел поставить три юрты (ургэ): белую юрту с золотым порогом (алтун босагалы ак ургэ) для Саин-хана (т.е. Бату), синюю юрту с серебряным порогом (кумуш босагалы кок орда) для Эджена (т.е. Орда-Эджена), серую юрту со стальным порогом (болат босагалы боз орда) для Шибана; для Тукай-Тимура он не поставил и крытой повозки (телеген).

Таким вот образом Чингиз-хан отличил Бату от остальных своих внуков, и вопрос о наследнике Джучи был решен окончательно. Его братья подчинились ему, весь народ изъявил покорность ему.


С.Г. Кляшторный, Т.И. Султанов. «Казахстан. Летопись трёх тысячелетий». Алма-Ата, «Рауан», 1992. стр. 184-187.


Зира НАУРЫЗБАЕВА,

Таласбек ӘСЕМҚҰЛОВ

Құрметті оқырман!

«Кетбұқаның соңғы жорығы» атты мақаланы өзіңіздің назарыңызға ұсынып отырмыз. Кезінде бұл мақала «Таңшолпан» журналында орыс тілінде басылған. Содан кейін Ғаламторға (Интернетке) қойылды, ТМД көлемінде және шетелдегі орыстілді оқырмандарға белгілі болды. Лондон, Париж т.б. қалаларда тұратын отандастарымыз, қазақтың және жалпы көшпенді өркениеттердің тарихы мен мәдениетіне ықылас-пейілді басқа да жұрттардың оқырмандары бұл еңбекке өздерінің зор ризашылығын білдірді. Аталған мақаладағы бұрын беймәлім болған деректер әлемдік ғылыми айналысқа түсті.

Алдын-ала ескерткіміз келетіні – бұл шағын зерттеу болашақта қазақ тілінде жазылатын Дәстүрлі (Көне, Ілкі) Дүние тарихы жайындағы толғаныс – кітаптың кіріспе тарауы ғана.

Содан бері оннан астам жылдай уақыт өтіпті. Әлбетте, біздің Шыңғыс ханға, сол кездегі тарихқа, ұлы қағанның ерлік істеріне, жаһандық саясаттың қыр-сырына деген көзқарасымыз көп өзгеріске ұшырады. Бұрынғы Кеңестік тарихи ғылымда қалыптасқан мифтерді теріске шығара алатын дерек сол кездің өзінде-ақ қолымызда болған. Алайда біз ең әуелі орыстілді әлеуметтің мінезіндегі басты міндердің бірі – көшпенді, оның ішінде қазақ мәдениетіне деген астам көзқарасты нысанамызға алған едік. Ойымызша, біз діттеген жерімізден шықтық. Енді, көлденең шаруаға мойын бұруға еш мүмкіндігіміз болмаса да, көптеген оқырмандарымыздың өтініші бойынша мақаланы тәржімалап, өзіміздің сүйікті газетіміз «Алматы ақшамына» жариялап отырмыз.

Келелі пікіріңізді күтеміз, оқырман.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   15




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет