Кетбұқа – Аталық би
Кетбұқа – Құлағуды жас кезінен күйшілік өнерге, шешендікке, батырлыққа тәрбиелеген ұстаз, сол заманның тілімен айтсақ, Құлағудың аталығы.
Құлағу – Шыңғыс ханның немересі, Төленің ұлы. Өзінің 120 мың әскерінің басына Кетбұқа Аталық биді қоюы Құлағудың оған сенгендігінің белгісі. Ешбір шешімді Кұлағу Кетбұқамен ақылдаспай шешпеген. Таяу Шығыс және Орталық Азияның шығысында Құлағу тұсында Ильхандар мемлекеті құрылды. Ильхан дегеніміз – Елхан, яғни Ұлыс ханы. Кетбұқа сол уақытта Ильхандар мемлекетінің Елата – Аталық биі болған, яғни Елатасы. Қазақ шежіресіндегі Елата, міне, осы Аталық би. Құлағу, Кетбұқа құрған Ильхандар мемлекетіне қазіргі Иран, Ирак, Кіші Азияның Шығыс бөлігі, Түркіменстан, Әзірбайжан, Армения, Ауғанстан кірген. Кипр корольдігі, Транузит мемлекеті, Грузия Ильхан мемлекетіне тәуелді болған.
Артында мол мұра қалдырған, тарихта да ізі іріленіп жатқан Кетбұқа бабамыздың еңбектері Иран, Сирия, Қытай, Франция елдерінің де архивтерінен табылуы мүмкін. Франция архивінде Акро қаласының командоры, тамплиер рыцарьлер орденінің ұлы магистрі Жерар де Редформен Кетбұқаның келіссөз жүргізіп, бітімге келген тарихи құжаттары сақталынған. Бұлардың барлығы Кетбұқа бабамыздың тарихи іздері. Бұл Батыстың Шығысқа қараған тәуелді кездерін меңзейді.
Тарихшылар Кетбұқа ноянның соңғы сағаттарын тәптіштеп жазып қалдырған. Бір деректер бойынша, соңғы жауынгері қалғанша соғысқан Кетбұқа ноян атынан құлап, қолға түсіп, Құтыз сұлтанның қолынан қаза табады.
Айн Джалут – Палестинадағы Назарет қаласының маңындағы елді мекен. Байсан қаласының солтүстік-батыс жағында, Джалут өзенінің бойында орналасқан. Осы елді мекенде 1260 жылдың 3 қыркүйегінде мәмлүк әскері мен Кетбұқа ноянның түмені кездеседі. Тең емес шайқаста артқа шегінетін жол жоқ екенін түсінген Кетбұқа бабамыз әскерін алып, шайқасқа шығады. Әскер алдында тұрып, Білге Тоныкөк бабасындай лепті үнімен мәнерлеп ғибрат айтып, көтеріңкі сарынмен үндеу тастап, алға ұмтылады. Бұл кезінде Білге Тоныкөктің бүкіл түркі еліне қарата айтқан ғибратты жырымен сарындас болып жатыр:
«Мен – білге Тоныкөкпін.
Алтын қойнауын асып келдік,
Ертіс өзенін кешіп келдік.
Көп (екен) деп неге қашамыз?!
Азбыз деп неге қорқамыз?!»
Елін ел етіп, қағанын қаған етіп, барша мұратына жетіп барып, асыл абыз бұл дүниеден армансыз өтті. Ол өзінің бағасын, тарихтағы орнын өзі тасқа қашап жазып кетті!
«Тәңірі жарылқады! Бүкіл түркі халқына қарулы жау келтірмедім. Атты әскер жолатпадым. Елтеріс қаған жауламаса, оған еріп, мен де жауламасам, елім, халқым жойылар еді. Оның шабуылының нәтижесінде, менің де шабуылымның нәтижесінде еліміз қайта ел болды. Халқымыз қайта халық болды. Өзім қартайдым, ұлық болдым. Қандай қағанат болмасын, оның халқының арасында оңбаған болса, онда ол халықтың қанша соры бар десеңші! Түркі Білге қағанның еліне арнап тасқа жаздырған мен – Білге Тоныкөкпін!» – деп еліне өсиет еткен болатын.
Міне, осылай ел алдында екпінмен ақыл-өсиет айту, асқақтата сөйлеу дәстүрін ұстанған Кетбұқа бабамыз бірнеше ғасырдан кейін: «Мен – ұлы даланың ұлы биімін. Ешқашанда жеңілген жоқпын, жеңілмеймін де. Артымда елім тұрғанда мен асқақтай түсемін», – деп бұл фәниден мәңгілік бақиға өтіп еді.
Бабалар рухы өлмесе, аруақтана асқақтап, ұрпақтарын қолдап, мерейін аспандата түсетініне сенемін. Елдік пен мемлекеттік өре ауыл мен ру деңгейінде қалмауына кепілдік еткенде ғана, Қазақ тарихы бұрындағыдай алтын нұрмен сәулеленіп, әлемдік тарихтан өз орнын алады.
Өскелең ұрпағымызды өз қанымыздағы тасқынды ерліктермен, бабадан қалған тарихи ерекшелігімізбен, кешегі керемет жан кешулерімізбен, Кетбұқадай ұлы тарихи тұлғаларымызбен баулуды ұмытпайық, ағайын.
Қазақ болып, ұлтын сыйлап, «Мен – ұлы қазақтың ұрпағымын!» деу – ұлы бақыт.
Іргелі де ынтымақты ел болуды аңсаған Кетбұқадай бабаларымыздың асыл арманы Тәуелсіздік еді. Кезінде «Кетбұқадай билерден кеңес сұрар күн қайда?» деп Доспамбет жырау мен Махамбет ақын да қазақ елінің бостандығы аңсап өткен болатын.
Уақыт жылжып, сегіз ғасыр болса да, Кетбұқа бабамыздың «Сақ болғын, ұрпағым, сақ болғын» өсиеті біздің санамызда. Сондықтан да, Кетбұқа жырау бір елдің тұлғасы емес, барша түркіге ортақ тарихи тұлға екенін ұмытпайық!
Ғылыми экспедиция аясында Қырғызстан Республикасының Ош ауданында, Қызылорда, Түркістан, Шымкент қалаларында болып, Кетбұқа бабамыз туралы біраз тарихи деректер жинастырып қайттық.
Түбі бірге туысқан түркі халықтарының бәріне ортақ данышпан тұлға Кетбұқа бидің қалдырған өсиеті мен мәдени мол мұрасы қазіргі уақытта қырғыз, өзбек, башқұрт, қарақалпақ, хакас, ноғай елдерінде көптеп кездеседі. Ақпан айының басында Қырғыстанның Ош өлкесіне барғанда, көзіміз осыған молынан жетті. Қырғыз Республикасының Ел әртісі, профессор Баяков Фархидин Кетбұқа бабаның «Ай-ханым», «Кетбұқа», «Сынған Бұқа» күйлерін орындап: «Кетбұқа бабамыз қырғыз-қазаққа ортақ, осыны ұмытпайық. Біздің қалада мекемелерде, мектеп, балабақшаларда Кетбұқа бабамыздың «Сақ болғын, ұрпағым, сақ болғын» өсиеттері жазулы тұр. Соны әрқашан есімізге тұтамыз, қадірлейміз», – деп тебірене сөйлей келе, Кетбұқа бабамыздың мына бір сөзін айтқан еді:
Туғанынан кетіскен келімсекке жем болад,
Бауырынан бөлінген бөрілерге жем болад,
Ағайынан айырылған арамзаға жем болад,
Жалпақ елден бөлінген жат-жауларға жем болад.
Келімсектер табылар, ағайын-туыс табылмас?,
Алым-Алаш табылар, кіндік жұртың табылмас.
Міне, бұл – кезінде Кетбұқа бабамыздың бөлінген елді біріктіріп, жыртылғанын жамап, бірлікке шақырып, бас қосу мақсатында айтылған өсиетінің бір ұшқыны. Осындай өсиет сөздерін жинастырып, ел кәдесіне жарату біздің ортақ парызымыз», – деп қырғыз ағайындар ағынан жарылды.
Түркістан қаласына арнайы іссапармен барғанымызда ұлтжанды азамат Нәлібай Дәрібаевтың бізге тілек ретінде:
«Біз едік Кетбұқадан таралғандар,
Ел басқарар ұл шықса, таңқалмаңдар.
Қазақ тілін аман алып қалған бабамның,
Түсінгендер, бейітіне зиярат етіп барыңдар.
Кетбұқадай кемеңгер би, хан, ноян, жырау және әулие қасиетті бабамыздан асқан Алашта адам бар ма? Аруағы жай таппай, біздерді қолпаштай қолдап, осыншама артында ұрпақ қалдырған Кетбұқа бабаны келер буын ұмытпауы үшін жырақта жатқан жерінен топырағын елге әкелуге Алла бізге жазсын. Әмин!» – деп тебірене жазып, «Асыл аталар» кітабын сыйлаған еді. Сол кітапта жазылған:
«Алашта, қазағымда кім бар еді,
Шыңғысханға қарсы келіп сөйлеген.
Өлімін Жошы ханның әкесіне
Естірткен «Ақсақ құлан» күйіменен.
Артында жақсы жанның із қалады,
Өлген соң жақсылардан сөз қалады.
Артыңнан іздейтұғын жан болмаса,
Ұрпаққа өсиет боп не қалады», – деген Нәлібай ақынның осы бір өлеңі әлі құлағымда.
Шымкент қаласындағы «Айғақ-Медиа» мекемесінің бас директоры Әбіш Дулатбек бауырымыздың бастауымен арнайы құрылған топ Кетбұқа бабамыздың қаны тамған Израиль мемлекетінің Айн-Жалут жерінде, кезінде Египетті басқарған сұлтан Әл-Мәлік Әл-Әділ Зайн ад-Дин Кетбұқа Әл-Мансури бабамызға қатысты тарихи орындарда болды.
Әл-Мәлік Әл-Әділ Зайн ад-Дин – Кетбұқа бабамыздың ұлы.
Тарихшы Ал-Юнини Аш-Шайх Кутбуддин өзінің «Аз-зил ала мрат аз-заман» атты еңбегінде Айн-Джалут шайқасында Кетбұқаның өлімі, ұлының тұтқынға түскені туралы былай деп жазады: «Түркілер Баалбекті құрсауға алғанда Кетбұқа ноянды көрдім. Жалбыраған ұзын, жұмсақ сақалды, кейде оны құлағына іліп қоятын әдемі қария. Салтанатты, өктем. Қамалды көру үшін мешітке кіріп, мұнарасына шығады. Кетбұқа ноян Құтыз сұлтанның әскерін жеңемін деп ойлайды. Құтыз әскерінің оң қанатын тас-талқан етті, алайда Құдай жеңісті мұсылмандарға береді. Осы шайқаста Кетбұқа ноян қаза тауып, ұлы тұтқынға түседі. Әдемі жігіт екен. Құтыздың алдына әкелгенде одан: «Әкең қашып кетті ме?» – деп сұрайды. «Ол ешқашан қашпайды», – деп жауап береді ұлы. Біраздан соң Кетбұқа ноянның денесі өлгендердің ішінен табылады. Әмір Ақұш аш-Шамсидің қолынан қаза тапқан екен. Баласы оны көргенде қатты жылап, жоқтау салады. Құтыз сұрауға алған ол: «Кетбұқа – түркілердің бақыты еді, енді олардың бағы тайды», – деп жауап қайырады.
Жоғарыда тарихшы жазғандай, 1260 жылы Кетбұқаның ұлы Зайн ад-Дин тұтқынға түседі. Әл-Мансур әмірдің қарамағында, кейін Қалауын сұлтанның, одан кейін оның ұлы Ал-Ашраф Халилдің қызметінде болады. 1293 жылы 14 желтоқсанда Ал-Ашраф Халил қарсыласы Байдар әмірдің қолынан қайтыс болады. Осы уақыттан бастап, Зайн ад-Дин Кетбұқаұлы найф ас-Сұлтан лауазым қызметіне дейін көтерілген. Сол уақыттағы мемлекетте аса мәртебелі екі адам болған. Біріншісі – Зайн ад-Дин Кетбұқа Әл-Мансури наиб ас-Сұлтан, ал екіншісі – Алам ад-Дин Санджар Шуджай уәзір. 1294 жылы ан-Насир Мұхаммед тақтан түсіп, оның орнына Кетбұқа ұлы Зайн ад-Дин тағайындалады, толық аты Әл-Мәлік Әл-Әділ Зайн ад-Дин Әл-Мансури деп аталады. Зайн ад-Дин Кетбұқа өте діндар, ислам дініне берік. Меккеге барып, қажы атанған. Қасиетті әл-Ақса мешітінде және Мұхаммед Пайғамбар (ғ.с.) аяқ ізі басылған қасиетті орынға барып, тәуәп еткен. Софылық іліміндегі бірнеше мектептерді қолдаған.
«Өмірден ешкім еш нәрсе арқалап кетпес, тек ол дүниеге мәңгілікке сауап істермен барған абзал», – деген ойды мақсат тұтқан Кетбұқа ұлы Зайн ад-Дин ал-Мансури исламға көп істермен белгілі.
Зайн ад-Дин Кетбұқа ал-Мансури бабамыздың өмір жолдарына байланысты зерттеу жұмыстары алдағы күндері де жалғаса бермек. Осы шағын жолдардан Кетбұқа бабамыздың ұлы Зайн Ад-Дин өмірінен бір ғана үзікті беріп отырмыз.
1293-1297 жылдары Египеттің 11-ші сұлтаны Әл-Мәлік Әл-Әділ Зайн ад-Дин Кетбұқа Әл-Мансури. 1229 жылы туып, 1303 жылы қайтыс болғаны тарихтан белгілі. Кезінде тарих ғылымының докторы, профессор Мұхтархан Оразбай Тегеран қаласы мұрағатынан Кетбұқа күйшінің тарихи суретін тапқан болатын. Сол кезде бәріміз де Кетбұқа бабамыздың тұлғасын көріп, қуанып едік. Осындай қуаныш барлық қазаққа ортақ деп білемін. Тарих ғылымдарының докторы, профессор Мұхтархан Оразбай «Кетбұқа күйшінің тарихи суреті табылды» атты мақаласында: «Бұл сурет, тарихи жазбалар қорын ақтарып жүрген кезімде, ұзақ уақыт Иран мұражайларын ақтара зерттеп жүргенімде, кездейсоқ көзге шалынды. Тарихи жазбаларды көне парсы тілдерімен салыстыра зерттеу барысында, 1990 жылдары ойламаған жерден тарихи қордан табылды. Тарихи мұрағаттар ішінде «рәсім Кетбұқа найман» деген көне парсы жазулы папкада сақталған жерінен таптым.
Кетбұқаның сол мұражайда сақталған көп суреттері ішінде қазақ ұлтының тарихи домбырасын қолына ұстаған, қазақтың қаптал қара шапанымен түсірілген мына суретінің орны айрықша еді. Басындағы сол кезге, тарихи дәуірге тән, тарихи ерекшелігі бар, асыл аң терісінен жасалған дөңгелек тарихи найман бөркі, қолындағы тоғыз пернелі үкілі қазақ домбырасы, кімді болса да өзіне баурап әкетеді. Оң қолының домбыраны кеудесіне киелеп мінгізіп, қастерлеп қамтып ұстауы, сол қолының пернелерді дөп басып, қос шектерді қуалай безілдете мәнерімен басуы осы суретте өте нанымды түрде бейнеленген деуімізге болады. Жас мөлшері де тарихи деректерге сәйкес келеді».
Тарихшылардың назарына осы сурет Кетбұқа бабамыздың ұлы Зайн ад-Дин ал-Мансури болуы тисті деген болжамды ұсынғымыз келеді.
Жоғарыда айтқан, Шымкент қаласынан шыққан ынталы топ Кетбұқа, Зайн ад-Дин бабаларымыздың іздері қалған жерлерде болып қайтты.
Ынтымақ пен бірлік ұранымыз,
Бауырластық қорғанын құрамыз біз.
Бабаларға ел болып ниет қылдық,
Ас беріп бұйырсын деп құранымыз, – деген оймен Кетбұқа бабамыздың соңғы қаны тамған киелі жерден топырақ алып келді. Кетбұқа ұлы Зайн ад-Дин Кетбұқа із салған Аль-Акса мешітінде болды.
Кетбұқадай батырды жастайынан әскери ойындар мен сайыстарға тәрбиелеген – «Күндей күркіреген даусы жер жарғандай» шежірелік Өкіреш-шал атанған Көксау Сауырық батыр, жазу-сызуға үйреткен – Тататұнға ғалым, шешендік, жыраулық, сазгерлік өнерді Кетбұқа бабамыздың бойына құйған – Құбатегін жырау.
Осындай «Сегіз қырлы, бір сырлы» өнері бар Кетбұқадай кемеңгер Ұлытауда құрылған хандықтың әлеуметтік заң жобасын жасаған. Бұл заңда ата-баба өмір кешкен Атамекенді Жерұйық деп білу, оны қорғау, жер-суды ысырап етпей, белгілі тәртіппен пайдалану, дау-жанжалдарды ақылға салып, халықтың көкейіне қонарлықтай шешу, кінәлілердің тиісті әділ жазасын беру сияқты қоғамдық маңызы зор мәселелер қамтылған болатын.
Қалың әскердің екі қанатын оң қол және сол қол етіп бөлу, жиындарда тәртіп сақтап, рет-ретімен отыру, ас-той үстінде мүше беру, шүлен тарқату сияқты дәстүрлі тәртіптердің бәрі Корқыт атадан басталып, Кетбұқа бабамыздай кемеңгер би құрған Аталық заңға ұласты. Кейін Кетбұқа бабамыздан бастау алған осы әлеуметтік заң-жобалары жойылып кетпей, «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», Әз-Тәукенің «Жеті жарғысына» жалғасты.
Қорыта келгенде, қазақ ұлтының Кетбұқа бидей тарихи ұлы Зайн ад-Дин ал-Мансури тұлғалардың қазақ елінің елеулі мақтаныш тұғырында ұрпақтан-ұрпаққа жететін алтын әріптермен жазылатын күн туса, нұр үстіне нұр болар еді.
Өзімізді өзгелер танығаннан кейін, солар арқылы өзімізді танудан гөрі, өз тарихымыз бен тарихи тұлғаларымызды өзіміз зерттеп, зерделеп, қадірлеуді үйренетін уақыт жетті.
Елбасы бастауымен «Тарих толқынындағы халық» бағдарламасы қабылданып, көптеген іс-шаралар қабылданды.
«...Қазақстан халқы ұлы тарихтың иесі атануға лайық...» – дейді Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев.
Аты қазақ тарихында ғана емес, ұлы тарихта орны бар Кетбұқа жырауға арнап, Жезқазған-Ұлытау төрінде кешенді ескерткіш тұрғызу туралы көптеген ұсыныстар түсіп жатыр. Осы кешенде қазақ халқының тәуелсіздік жолындағы сан ғасырлық күрес тарихы, ұлт тағдыры шешілген қасиетті жерлер, ұлттық тұлғалар, Кетбұқадай ел қорғаған батыр бабаларымыздың бейнелері көрініс табады деген ойдамыз.
Қазақ халқының ғана емес, бүкіл түркі тектес халықтардың данышпан атасы, ақылгөйі, қыл қобыздың мұңды үнімен халқымыздың басынан кешкен қайғы-қасіретін бейнелеген Кетбұқа бабамыз мәңгі ұмытылмайды. Ол өзінің «дүниеде мәңгі жасайтын ешнәрсе жоқ, бәрі де өткінші» деген пәлсапасын жалғастыра келіп, мынадай өлең жолдарымен толықтырған:
«Бұл – келімді дүние, кетімді дүние,
Ақыры оның өлімді дүние, өтімді дүние.
Абыздарың фәниден көшсе бір күні,
Сен де өтесің бұл дүниеден – біл мұны!»
«Қазақтың Кетбұқасы» қоғамдық бірлестігін
құруға арналған баяндама мен жарияланған
материалдар негізінде арнайы жазылған мақала.
Кенжебай Ахметов,
Қазақстан Педагогика ғылымдары
академиясының мүше-корреспонденті.
Кетбұқадай билерден кеңес сұрар күн қайда?
Бұл – он сан ноғай бүлініп, Ордалы жұрт ыдырап, кешегі еңселі елдің тозғындаған тобырға айнала бастағанын көріп, берекесі қашқан жұртты бір арнаға тоғыстыра алмай, амалы таусылған дулығалы Доспамбет жырау айтқан сөз. Бүгінде қос қазақтың бірі жатқа айтатын сөз. Ал, осы сөздің айтары не, аманаты қандай?
Отыз жылдай ғана ғұмыр кешсе де, бүкіл Дешті Қыпшақ даласының кешегісі мен өз тұсындағы тірлігі жайынан мол хабардар болған, Стамбұл мен Бақшасарайды көзбен көріп, мұсылманшылық жолына да молынан қанығып үлгерген, ес білгеннен бастап-ақ, ел тірлігіне араласқан жауынгер жыраудың әйгілі толғауын:
«...Кетбұқадай билерден
Кеңес сұрар күн қайда?!
Еділдің бойын ен жайлап,
Шалғынына бие біз байлап,
Орындықтай қара сабадан,
Бозбаламен күліп-ойнап,
Қымыз ішер күн қайда?!» – деп түйіндеуінің сыры неде?
Доспамбет жыраудың аңсары – мамыражай тірлік, берекелі бейбіт өмір. Ал, ондай өмірдің үлгісі – Кетбұқа бидің тұсында болған өмір. Ал, қалың жұрттың қамсыз тірлік кешуінің кепілі – Кетбұқадай билердің кеңесіне жүгіну. Іштен іріп, сырттан қыспақталып, ағалы-інілі бір-бірімен қырқысып, бітіспеске бет түзеген жұртының басын қайта біріктіре алмай, көкейдегі арманын сөзбен сауған Доспамбеттің Кетбұқаны аңсауы заңды еді. Неліктен?
Өйткені Доспамбет жырау тірлік кешкен ХVІ ғасырдың алғашқы ширегінде Ноғайлы жұртының басына түскен ахуал мен ХІІІ ғасырдың алғашқы ширегінде түркілер, оның ішінде найман жұрты басынан өткерген жағдай өте ұқсас еді.
Тарихшы ғалымдардың зерттеулеріндегі нақты уақытқа қатысты жекелеген деректерде аздаған айырмашылықтар болғанымен, кезеңнің жалпы бейнесін жүйелей көруге болады. Енді сол бейнеге зер салып көрелік.
Түрлі себептермен бір кездегі бірлігінен жаңылған түркі жұрты қайтадан тұтасуға ұмтылып, ХІІІ ғасырдың алғашқы жылдарында Шығыс Түркістаннан Жетісу, Оңтүстік Сібір өңірлеріне дейінгі аралықты қамтитын Моғолстан мемлекетінде бас біріктірді. Алайда монғол билігіне келген Шыңғыс хан бұл мемлекеттің күшеюіне мүмкіндік бермеді. Толық бірігіп үлгермеген ел аумағы Шыңғыс ұрпағына үлестірілді. Соның ішінде Моғолстанның солтүстік бөлігі Жошының еншісіне бұйырды. Жалпы, Жошы ұлысы Ертістен батысқа қарай созылып, Жетісу мен Хорезмнен Саксин мен Бұлғарға дейін қамти, бүкіл Дешті Қыпшақ даласын алып жатады. Ал, Жошы хан Кетбұқа өмірінде маңызды орын алатын адам екені белгілі. Демек, Жошы билігі тұсында осы өңірлердің бәрінде де Кетбұқа есімі жақсы танымал болғаны даусыз.
Жошының ақылман аталығы, Шыңғыстың нояны атанған Кетбұқа Доспамбет толғауында неліктен «Кетбұқа би» ретінде аталады? Мұның сырын дұрыс бағамдау үшін Кетбұқа өмір сүрген уақыттың алдында болып өткен тарихи маңызды кейбір оқиғаларды ескеру ләзім.
Найман жұртының мемлекет ретінде көшпелілер кеңістігінде ықпалды күш иеленген кезеңі Инаң Білге билік құрған ХІІ ғасырдың соңғы ширегі еді. Соның бір дәлелі – Темүжінді Шыңғыс ханға айналдырған екі ханның бірі керей Тұғырыл, енді бірі дәл осы Инаң Білге болуы. Бір кездегі ықпалды күштің тарих сахнасынан ығысуына аңғалдық пен менмендік жетті. Қуаты үстеле түскен Шыңғыс әуелі Тұғырылды жойды, ал Инаң Білге өз ажалымен дүниеден көшті. Екі ұлы Таян мен Бұйрық бір-бірінен алшақтап кетті. Себеп әкеден қалған тақ билігі еді. Осыны пайдаланған Шыңғыс тұтастығына сына түскен жұртты қол астына қаратуға асықты. Әуелі Бұйрық ханға ілескендер талқандалды, ханның өзі де мерт болды. Арада екі жыл өтер-өтпестен, Таян ханның жұрты да монғолдарға бас иді, ханның өзі шайқас үстінде қаза тапты. Шешесі Гүрбесу Шыңғыс ханның тұтқынына түсті. Таянның жаужүрек ұлы Күшлік өзіне ерген жұртты бастап, Алтайдан аса, Ертіс бойына ауды. 1208 жылы оларға Сүбедей жасағы шабуылдап, күші аз Күшлік қарақытайлар иелігіндегі Жетісуға ығысып, сол өңірдегі наймандар мен меркіттерді топтастырып, монғол қолына қарсы күресін жалғастыра беруге ниеттенеді. Сол уақыттағы тарихи жағдайлардың өзгеруіне байланысты, қарақытай гүрханының әскері де Күшліктің билігіне көшеді. Күшлік хан билігінің қуаттана бастағанын байқаған Шыңғыс хан қапысыз қамданған қалың қолға Құбылай мен Жебе ноянды бас етіп, оған қарсы аттандырады. Қанқасап соғыстың соңы Күшлік қолының жеңілуімен аяқталады. Осылайша, Шыңғыс ханға қарсы тұруды мақсат етіп, он алты жылға (1202-1218 ж.ж.) созылған күрес те тынады.
Шыңғыс хан барша монғолдың билеушісіне айналған 1189 жылдан 1218 жылға дейінгі аралықта отыз жылға жуық уақыт жатыр. Осы аралықта Инаң Білге, Бұйрық, Күшлік хандар билік құрып, соңғы екеуі Шыңғыс ханмен шайқасып өткен екен.
Ал, осы оқиғалар Кетбұқа тағдырында қандай із қалдыруы мүмкін?
Тарихшылардың басым бөлігі ден қоятын 1185 жылды Кетбұқа дүниеге келген жыл (1190 жыл деп есептейтін пікірлер де бар) деп алсақ, Таян хан дүниеден озған 1204 жылы ол 18-19 жас шамасында болады. Әрине, біз он алты жылға созылған күрестің ортасында Кетбұқаның болған-болмағанын айта алмаймыз, алайда осы тайталастың себеп-сырына, қалай ширығып, қалай аяқталғанына Кетбұқаның қанық болғанына да шүбә келтіре алмаймыз. Ендеше, елдің амандығын, жердің бүтіндігін сақтау үшін жер қайысқан қолға қарсы шығумен мақсатқа жете алмасын, керісінше, қанды қырғыннан аман қалған жұрттың өзі жоғалып кетуі мүмкін екенін Кетбұқа түсінбеді деп ойлауға бола ма? Жоқ, Кетбұқа ел амандығы үшін, қалған жұрттың өсіп–өнуі үшін басқа жол іздеу қажеттігін, күннен-күнге күш алып келе жатқан Шыңғыс хан әскеріне қарсы тұрмақ болу ажалға арандаумен бірдей екенін ерте бағамдаса керек. Сол себепті де ел амандығы үшін өзінің және өзіне ерген екі түмен сарбаздың басын бәйгеге тігуді жөн санаса керек. Осылай еткенде ғана, өзі мен өз серіктерін кепіл ету арқылы ғана, туған елін қырғыннан сақтап қалуға боларын, туған жеріне тыныштық әкелерін білген.
Ал, елдігінен де, билігінен де айырған Шыңғыс ханға кектенуі өршіп тұрған жұртты бір келеге келтіріп, бір уәжге жүгіндіру Кетбұқаға оңай соқпағаны анық. Оның Доспамбеттей өр мінезді жыраулардың бас иер піріне айналып, «Кетбұқа би» аталуы да осы тұстан өрбісе керек. Кетбұқаның билігі – кейінірек етек жайған жесір дауы, жер дауы түйткілдерін шешуден де салмақты билік. Кетбұқа – би, би болғанда да, қалың жұртты қаһарымен емес, алға озған ойымен, алды-артын кемел пішкен парасатымен жүгіндірген би. Қазіргі түсінікке бейімдей айтсақ, бейресми билік иесі, аса ықпалды саясаткер, сын сағаттардағы өзгерістерді өз елінің пайдасына шебер шеше білетін дипломат. Демек, дүние жұртын дүрбелеңге салған Шыңғыс ханның Кетбұқаға айрықша пейіл танытуының негізгі себебін де осы тұстан іздеу абзал шығар. Осы тұрғыдан келсек, Кетбұқаның Шыңғыс хан сарайындағы ықпалды нояндардың бірі болуы, монғол қолына қосылып, жорықтарға араласуы – қара бастың қамын күйттеген яки атақ-даңқ іздеген әрекет емес, ел амандығын сақтау үшін жасалған бірден-бір амал.
Кетбұқа есімі аңыздан да, тарихи жазбалардан да ұшырасады. Аса танымал аңыз – «Ақсақ құлан» күйіне байланысты. Аңызда айтылатындай, балқытылған қорғасын қаралы хабарды жеткізген адамның аузына емес, домбыраның шанағына құйылады. Неге? Аңызда бұл сұрақтың жауабы да бар. Дегенмен, жауапты тарихи жағдаймен байланыстыра іздесек, «күйші басқа адам емес, Кетбұқа болғандықтан да, жазадан аман қалған-ау» деп ой түюге болар еді. Өйткені Жошының өлімі 1227 жылдың оқиғасы. Бұл уақытта Кетбұқа Шыңғыс ханға да, ен Даланы жайлап жатқан түркі жұртына да аса ықпалды тұлғаға айналып үлгерген. Ал Шыңғыстың дүниені дір қақтырған қалың әскерінің басым бөлігі түркі текті сарбаздардан құралған. Қанша қайғы жұтып отырса да, Шыңғыстың бұл жағдайды ескермеуі, аңызда айтылатындай, бір ауыз сөзге жығыла кетуі орайсыздау сияқты. Әсілі, сол бір ауыз сөзді негізгі ойын бүркемелеу үшін ұтымды пайдаланған болар. Әлбетте, біздің бұл ойымыз үзілді-кесілді пікір емес, солай болуы да ықтимал деген көзқарас қана.
Ал, тарихи зерттеулердегі Кетбұқаға қатысты пікірлер Шыңғыс хан мен оның ұрпақтары жасаған жорықтармен сабақтаса көрінеді және алғашында Жошының өліміне байланысты айтылады. Дегенмен, бұл «Кетбұқа мен Жошы 1227 жылы ғана қарым-қатынас жасады» деп ой түюге негіз емес. Жошы ұлысының Ұлығ биі, Жошының Аталығы атану үшін бір жыл тым аздық етеді. Сондай-ақ, Аталық атану үшін өз тәрбиесіне берілген адамның өміріне бала кезінен араласуы қажет. Өйткені өзі елге жөн сілтеуге жарап қалған жанға керегі – Аталық емес, ақылшы, кеңесші. Осы тұрғыдан қарасақ, 1211-1215 жылдары Қытайды жаулау соғыстарына қатысқан Жошының қасында Кетбұқаның болуы мүмкін екенін де жоққа шығаруға бола қоймас. Бұл жылдары Кетбұқаның жасы – 26-30-дар шамасында. Мұндай жас аралығы – сол уақыт үшін ақыл мен қайраттың нағыз келісім тапқан шағы.
Жошы қазасынан соңғы Кетбұқа өмірінің біраз уақыты тағы да белгісіздеу боп қалады да, ХІІІ ғасырдың елуінші жылдарынан басталатын оқиғалармен байланысты қайтадан аталады. Яғни, Мөңкенің ұлы қаған сайланып, ендігі жорықтардың бағыт-бағдары айқындалып, Құбылай Қытайға қарай, Құлағу Иерусалимге қарай аттанатын боп шешілген Құрылтайдан кейін, Кетбұқа тарих алаңында көріне бастайды.
Сонда, Кетбұқадай әйгілі тұлғаның ширек ғасырға жуық өмірі қалай өтуі ықтимал? Бірінші болжам – Жошы ұлысына қарасты өз жұртының ортасында елдің тірлік-тынысын бағыттап, біріге түсуіне, берекелі өмір сүруіне жол сілтеп, ақылман ақсақалға айналуы мүмкін екендігі. Әйткенмен, тұтастай Жошы ұлысының Ұлығ биі атанған тұлғаны Шыңғыс хан нәсілінің жиырма бес жыл бойы назардан тыс қалдырып, жаймашуақ тірлік кешуіне мүмкіндік беріп қоюы қисынға сия қоймайтын сияқты.
Екінші болжам – Бату (Батый) ханға байланысты. Ғалым Тұрсын Жұртбай «Дулыға» кітабының екінші кітабында: «...Ұлы құрылтай 1253 жылы Онон өзенінің жағасында өтетінін, сонда қаған сайланатынын естіген Батый ата мекенге жол жүруге шұғыл дайындалды. ...Жолай қыпшақ даласын кесіп өтіп, Ұлытаудағы әкесі Жошы ханның күмбезіне мінәжат қып, Ұлығ би Кетбұқа ноянды өзімен бірге құрылтайға ертіп әкетті», – деп жазады. Назар салсақ, Кетбұқа ноянның Ұлытаудан Батумен бірге аттанғанын байқаймыз. Осы тұста: «Бәлкім, Кетбұқа мен Бату Ұлытауға да бірге келген болар?» деген бір сұрақ туады көңілде. Әзірге кесіп айтар жауап жоқ. Сондықтан келесі сұрақтар көлденеңдейді: «Өзіне тәлім көрсеткен жанды Жошының өзі өз баласына Аталық етсе, оның несі қисынсыз? Әйтпесе, өз әкесінің сенімді серігі, ақыл қосар Аталығы болған жанды Бату өзіне кеңесші, ақылшы етсе, оның несі қисынсыз?» Әрине, мұның бәрі әзірге болжам, ойға қозғау салар сұрақтар ғана. Уақыты жеткенде, бұл сұрақтардың жауабын тарихшы азаматтар тиянақтап бере жатар. Соған сенеміз.
Әзірге белгілісі – осы Құрылтайдан кейін мұсылман елдеріне жорыққа аттанатын Құлағудың жанына, Батудың кеңесі бойынша, Кетбұқа ақылшы, кеңесші ретінде қосылады. Кетбұқаның қосылуы – Құлағу әскерінің қатарына екі түмен түркі текті сарбаз қосылды деген сөз еді. Осылайша, Құлағу ақыл-ой, көреген тактика жағынан ғана емес, әскери күші жағынан да салмақтана түскен болатын. Бұл шешім қабылданған кезде Кетбұқа жасы жетпіске қарай бет түзеген, көргені көп, түйгені мол, кемел ойлы қарт еді.
Кетбұқаның кеңесі бойынша, бұл жорыққа үш жыл бойы қапысыз әзірлік жасалады. Әйгілі Л. Гумилев жазуына сүйенсек, «Мал өрісін қалың әскердің ат тұяғы таптамас үшін алдын ала жасақтың жүретін жолы белгіленіп, ел-жұрт көшірілді. Өзендерге көпір салынып, бекет-бекетке азық-түлік қоймасын ашты. Қытайдан қамал бұзатын қару-жарақ жасайтын қолөнершілер шақырылды. Асықпай қозғалған әскер 1256 жылы ақпанда ғана Әмударияның сол жақ жағалауына өтті. Оның есесіне, 1257 жылы Ирандағы исмаил әулетінің барлық қамалын жермен жексен етіп, 1257 жылы қаңтарда Бағдатты алды». Құлағудың бұл жорығы кезінде неше алуан оқиғалардың қоса-қабат жүріп жатқаны белгілі. Дегенмен, шешуші оқиға 1260 жылдың жазында болды. Мысырға қарсы шайқасқа дайындалып жатқан Құлағу Мөңкенің қайтыс болуына байланысты Қарақорымға оралуға тиісті болады да, әскердің басым бөлігін Иранға орнықтырып, Палестинада өзінің екі түмен жасағымен Кетбұқаны қалдырады. Міне, осы кезде соғыссыз бітіспейтінін білген Мысыр жасағы Құтыздың бастауымен 1260 жылдың 26-шілдесі күні шабуыл бастайды. Құлағу әскерімен бірнеше рет майдандасып үлгерген Құтыз қолы сол жылдың 3-қыркүйегінде Палестина жеріндегі Айн-Жалуд қамалы түбінде Кетбұқаның қосынына шабуыл жасайды. Кетбұқаның әскері жеңіліс тауып, оның өзі тұтқынға алынады және Құтыздың қылышынан ажал табады. Орайлы тұста айта кетелік, осы оқиға кезінде әкесімен бірге қолға түскен Кетбұқаның баласы Зейнуддин 1294 жылы Мысыр тағына отырып, Мысырда билік құрған түркі нәсілді он бірінші сұлтан болды. Оған қорған болған әйгілі Бейбарыс сұлтан еді.
Жалпы, Кетбұқа өмірінің Құлағу жорығына қатысты тұстары көзіқарақты қауымға жақсы таныс. Дегенмен, кей жағдайларда деректі жеткізу барысында эмоцияға бой алдырып қоятын сәттер де кездесіп қалатыны жасырын емес. Мәселен, 1260 жылы жасы 75-ке жететін Кетбұқаның Құтызбен жекпе-жекке шығуы қандай қисынға сыймайтыны анық қой. Ал Кетбұқаның өлімді де қасқая қарсы алғанын көрсеткісі келген адамға Л. Гумилевтің тура осы сәтті сипаттайтын тұстарын тауып алып, оқуға кеңес берер едік. Өйткені тарих эмоцияны емес, дәлелділікті, нақтылықты, шындыққа сәйкестікті құнттайды.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, Түркі жұртының ХІІІ ғасырдағы аса танымал тұлғасы Кетбұқа елді біріктіруші би, жаужүрек батыр, көреген қолбасшы, аңызға айналған күйші болуымен бірге, емшілік дарыған қасиеттілігімен де ерекшеленеді.
Өз дәуірінде Түркі жұртын түгендеуді, басын біріктіруді, біртұтас ел етуді аңсап өткен Кетбұқадай ерлердің арманы еліміздің бүгінгі өмірінде шындыққа айналды. Ендігі мақсат – ырзығына ынтымақ бұйырған еліміздің бірлігін нығайтып, берекеге жол аша беру. Берекелі бірліктің қадірін көрсететін бірден-бір Ұлы ұстаз – Тарих. Ал тарихқа ден қою Ұлы тұлғаларымыз бен ел басынан өткерген оқиғаларға таңданып, тамсанумен шектелмей, тағылым алуға, өткеннің бары мен жоғын саралай танып, бүгін мен ертеңнің игілігіне жаратуға ұласып жатқаны абзал. Бұл – Сіз бен бізге ортақ парыз.
«Мысты өңір» газеті, №1 (1309), 14 қаңтар 2014 жыл.
Достарыңызбен бөлісу: |