Кенжебай АХМЕТОВ,
жазушы, драматург.
АЛТЫН БҰҒАУЛЫ АРЫСТАН
(тарихи драма)
Қ а т ы с у ш ы л а р :
Кетбұқа (1185-1260)
Келбұқа – Кетбұқаның ағасы
Қаныкей – анасы
Зейнуддин (1222-1296) – Кетбұқаның баласы
Шыңғысхан (1158-1227)
Бөрте
Төле (1193-1232)
Бату (1208-1255)
Құлағу (1217-1265)
Мөңке (1205-1259)
Бейбарыс (1223-1277)
Құтыз – көндігерлер (мамлюктер) сұлтаны
Аға-Шахин – бас уәзір
Ибрагим қазы
Бақсылар
Кетбұқаның жебеушілері
Жаушы
I Б Ө Л І М
Б і р і н ш і к ө р і н і с
1227 жыл.
Шыңғыс хан ордасы. Орда ішінде – Шыңғыс хан, Бөрте. Шыңғыстың тізесінде Құлағу отыр. Белінде кішкентай қылышы бар. Ауыр тыныштық.
Бөрте (шыдамай).
Қабақ баққан қарашыңды айтпайық, қасыңдағы қалаулыңнан безініп, төрт күн бойы нәр татпастан, ашық күнде аза тұтардай не көрінді?!.
Шыңғыс хан үндеместен, түнерген қалпы.
Бөрте.
Аяқ асты тапталған топырақты жер түгілі, екі аяқты байғұстар кеудесіне жасырған жанның иесіне айналдың. Қалауыңа жақса – қалдырдың, жақпай қалса – алдырдың! Көк аспанның құдіретімен жаралған жаһан жүзін еркіңше биледің! Ат тұяғы жетпеген ұлтарақтай жер қалса, ол – ертеңнің еншісі, ұлдарыңның үлесі. Төбеге көз тікпесең, төменгің түгел табынды! Ол аз ба саған, Темүжін?
Шыңғыс хан түнерген қалпы.
Бөрте.
Көк аспанның ықыласы түскендігі емес пе – қара жердің бетінде қарақұртша қаптаған пенде біткеннің көзін қалдырдың, көкірегін көмдің! Қазір олар құдіретті Көктен емес, өздеріндей жұмыр басты адамнан – Шыңғыс ханнан қорқады!
Шыңғыс хан (оқыс).
Иә! Қорқады! Қорқады!.. (Сабасына түсе) Неге қорқады?! Қалай ойлайсың, Бөрте?
Бөрте.
Қорқыныш – сенің қалауың. Қалған жұрт қабағыңды бақты, қалауыңды тапты.
Шыңғыс хан (өзіне–өзі).
Менің қалауым қорқыныш па еді?.. Тілі бар да, үні жоқ байғұс адам баласы Маған қан сапырған қаһарлы көптің бірі деп үрейлене жүгінбей, қол жетпес Көктің ұлы деп үміт ете жүгіргенін күтпеп пе едім? Үмітті көздеп ұмтылып, ақырында Үрейге айналдым. Сол ма еді менің мұратым?..
Бөрте Шыңғысқа таңдана қарайды.
Шыңғыс хан.
Ат жалын тартып мінгелі, алакүлік үстінде арпалыспен күн кешсем, алапамен жан бақсам, қайырынан күткенім – көрінгенге жем болған қалың тобыр Бірге ғана табынып, Бірге ғана бағынса деген Үміт болмап па еді?!. Жер-жаһанды жайлаған жан иесі бірін-бірі атжалманша талап жеп, аспан астын көн тулақша жұлмалаған дүрегейлерден құтылып, Бірегейдің қанатының астында құт күзетсе деп едім!.. Амал қанша, қарнын баққан адам баласы адасты!
Бөрте.
Бәлкім, өзің адасқан шығарсың!..
Бір сәт екеуі де үнсіз қалады.
Шыңғыс хан.
«Адастың» дейсің-ау... Жоқ, Бөрте! Аспан астын жайлаған жан иесі бір демменен тыныстаса, оларға одан артық не керек? Осы мақсат жолында белуардан қан кештім. Соның бәрі өзім үшін ғана ма?
Бөрте.
Қан қасаппен қонған бақ байырқалап қаларына кім кепіл?
Шыңғыс хан.
Мен! Мен – кепіл!.. Өткеніңді ұмытсаң, есіңе салайын... Күштінің қиянатынан көз ашпаған қияттың қайғысын ғана емес, қалың мұңғұлдың қасіретін арқалауға жаралған Есүкейдей баһадүрдің түбіне жабыға бұт арта білмес жамандар жетті. Есі шыққан Әуеліндей ананы есік баққан күң етуге құмартты, есі кіріп үлгермеген ұрпағын – мына Мені құл етуге құмартты. Қолыма білекшін, аяғыма кісен салды. Құлдықтың қандай екенін сырттан ғана баққам жоқ, аз ғана күн болса да, бастан кештім. Сол аз күннің ішінде еркіндіктің парқына көзім жетті. Құлдықтан құтыларыма көңілім сенді. Құтылдым. Құтылып қана қоймадым, өзгелерді құтқаруға ұмтылдым. Көксеген мұратыма көлденең келгенді қынадай қырықтым. Оларды мен жоймасам, олар мені жоятын. Амал қанша, қамытқа үйренген мойын қалыпты тірлік ете алмайды екен. Топас тобыр соны ұқтырды...
Бөрте (таңдана).
Қаншама жыл қасыңда жүрдім. Қысталаңды да, қуанышты да бөлістім. Кімді де болсын жан тартып, іш ашқаныңды көрмедім. Бүгінгі мінезің қуантудың орнына шошытып отыр, Темүжін?..
Шыңғыс хан.
Мен бүгін бір түс көрдім, Бөрте... Оянып кетсем, жас балаша дірілдеп, жанарымнан парлаған жас омырауыма құйылып, жылап жатыр екенмін...
Бөрте.
Түс – түлкінің тезегі ғой...
Шыңғыс хан.
Түсімде: саумалдай ақбоз ат мінген Жошы өзі де аппақ киініп, көкке самғап бара жатты. Бұйырсам да, жалынсам да, артына бір қайырылмады. Аспанға ұшып кете берді. Көк жүзінен көз айырмай, қанша қадалсам да, көре алмадым. Тек... дауысын естідім... Мені өзіне шақырды!.. Түсінбедім мәнісін...
Бөрте (өзін-өзі алдағандай).
Алтын айдарлы ұлыма құдіретті Көк аспанның көңілі құлапты! Абыройы асқақтайды екен Жошымның!
Шыңғыс хан.
Қайдам?!.
Екеуі бір-біріне тіктеп қарамастан, үнсіз қалады.
Бөрте.
Қарау ойға берілмейік, Кетбұқадай ақылманы тұрғанда, Жошыға төнер қатер жоқ!
Шыңғыс хан.
Кете ноянның Ашинадан тараған түркі екенін ұмытпа!..
Бөрте.
Қай тұсқа бет бұрсаң да, екі түмен жасақпен жаныңнан табылатын Кетбұқаның адалдығына шәк келтіруің орайсыз!
Шыңғыс хан.
Түбі жат түркі түгілі, қаны бір қарындастың да жусауы бірге болғанмен, жемсауы бөлек екенін есімнен қалай шығарайын?!.
Бөрте.
Көңілің секем алардай, серттен тайған қай жазған?
Шыңғыс хан.
Көптен бері бір күдік көлденеңдей береді!.. Күннен-күнге сейілудің орнына қоюланып барады!
Бөрте.
Ол не күдік, айтсаң етті! Бәлкім, жаның байыздар.
Шыңғыс хан.
Мен Ордаға оралғалы, Жошы төбе көрсетпеді-ау бірде-бір! Қоңыр күзде Керөлеңде ұлы-жіңгір той қылдым. Жошы ғана келмеді!.. Керуен тартып, кернейлеткен Кетбұқаны жіберді. Сөз ұстарын аттандырып, өзі қалыс қалардай, осал ма еді ол жиын?!.
Бөрте (шошынып).
Не деп тұрсың, Темүжін!? Өз балаңнан күдік алардай, не күн туды?!. Қисая тартқан қыңырлық емес, қисыны келмей қалғанын Кете ноян айтпап па еді өзіңе?!
Шыңғыс хан.
Ойы бөлек болмаса, одан бері Ордаға ат мойынын бұрудың орайы талай келмеп пе еді?! Сырғақтап, сырттап жүргені Кетбұқаның жетегінде кеткені боп жүрмесе, жарар да!.. Тізгін үзер тарпаңды бұғалықпен буып тастау уәжіп!
Бөрте.
Тарпаңың кім? Кетбұқа ма, Жошы ма?!
Шыңғыс хан.
Қылтадан баққан айлакер кәрі көкжалдай оңтайлы сәтті қалт қылмас Кете ноян қатерлі! Жолсыздықты жөн тұтқан Жошыдан жосық үйреніп, қалғандары күні ертең әр қиырға қиялай тарта бастаса, бәйгеге бас тіге жүріп тіктеген Ұлы мұңғұл Ордасының алдына есік баққан құл-құтан ат сарытар ермекке!
Бөрте.
Басалқы айтқан сөзім емес, әйтсе де көзсіз күмән орға жығар. Байыбына барғайсың!
Шыңғыс хан.
Бөріні қанша асырасаң да, тегіне тартпай тұрмайды. Инаң Білге тұсында өзіне-өзі би болған бұла күнін көксемейтін түркі жоқ. Түркілердің күндіз ойын, түнде түсін жаулаған сол арманнан Кете ноян қалыс дегенге кім сенер?!. Мұңғұл оғы мерт еткен Тайбұқа мен Бұйрық естен шықса да, Жебе ноян басын кесіп, маған тарту жасаған Күшліктің өлімін қалың түркі ұмыта қалды дегенге иланбайды көңілім!..
Төле келеді.
Төле.
Көңіліңіз сейілді ме, әке?
Шыңғыс хан (күрт өзгеріп, суық).
Айта бер!..
Төле.
Үш ұлыстан да хабаршы келді, қаған ием. Үгедей мен Сағадайдың ұлысы ұлғая түсіпті!..
Бөрте (шыдамай).
Жошыдан не хабар бар?
Төле.
Жошы ұлысынан құлжа қобызын арқалап Кете ноян келді. Жақ ашпады бірақта...
Шыңғыс хан.
Кірсін!
Кетбұқа кіріп келеді.
Шыңғыс хан.
Сөйле, Кетбұқа!
Кетбұқа үн-түнсіз отыра қалады да, «Ақсақ құланды» аңырата тартады. Бәрі күймен бірге алуан кейіпке түседі.
Шыңғыс хан (күй аяқтала бергенде).
Не дейт?!. Не дейт мынау сұңқылдаған пәлекет?!. Жошы!.. Жошым!.. Жошым-ай!..
Шыңғыс хан Кетбұқаға тесірейе қарайды. Кетбұқа қобызды ұстата береді.
Шыңғыс хан.
Әкет! Әкет!.. Жой көзін!
Шыңғыс хан теңселіп кетеді. Төле қобызды алады. Өзгелері демін ішіне тарта қалған. Өлі тыныштық.
Шыңғыс хан (оқыс).
Бату!.. Бату!..
Төле.
Бату Ұлытауда ғой, қаған ием...
Шыңғыс хан.
Бату!.. Бату – ұлыс иесі!
Төле (таңдана).
Бату ма?!. Жошының тұңғышы... Ортана ше?!.
Шыңғыс хан (сөзін бөліп).
Жоқ! Мұрагер – Бату! (Төлеге) Отжегенді Ұлытауға аттандыр! Батуды таққа отырғызсын! Ұлысқа ие болсын Бату!
Төле.
Мақұл, қаған ием!
Шыңғыс хан Кетбұқаға шаншыла қарайды. Көк бұқа бастаған жебеушілер Кетбұқаны айнала қоршай тұрады. Шыңғыс хан түнеріп кетеді. Құлағу түрегеледі.
Құлағу (Шыңғысқа).
Маған ұлыс бересің бе, Ұлы Боғда қаған?
Шыңғыс хан Құлағуға қадала қарайды. Құлағу міз бақпайды.
Шыңғыс хан.
Ұлыс қылышқа бітеді!.. Қылышыңды сайла әуелі!
Құлағу (қылышын суырып алып).
Қылышым бар, міне!
Бәрі Құлағуға қарап қалады. Әрқайсының көңілінде – әр қилы ой.
Шыңғыс хан.
Кете ноян! Үміт еткен Жошыма серік болдың. Адалдығыңа шәгім жоқ. Енді Құлағу... Ертеңінен үміт еткен немерем Құлағу... саған аманат! Аталық еттім. Бар!
Кетбұқа кетеді.
Төле (қызғанышын жасырмастан).
Бұл қалай болғаны? Құлағуға аталыққа жарайтын ер нояндар өзімізде аз ба еді!.. Дәріптейтіндей кім еді бұл Кетбұқа?!
Шыңғыс хан (сәл үнсіздіктен соң).
Ол түркі ғой... Түркі! (Төлеге) Сен де аттан!
Төле кетеді. Шыңғыс хан тұнжырап сала береді. Булығып отырған Бөрте сыңси бастайды.
Шыңғыс хан (Бөртені кеудесіне басып).
Сұр жыландай сұм ажал!.. Менің босағама да жылжып жеткен екен-ау!..
Шыңғыс хан жан-жағына секемдене көз жүгіртеді. Бөрте Шыңғысқа шошына қарап қалған.
Е к і н ш і к ө р і н і с
1227 жыл.
Даңғыра қағып, қобыз сарнатып, Шыңғыс ханға өлім тілеген бақсылар ойнағы. Ортада – мойнына ала белбеу асынып, көзінен жас парлаған Келбұқа шайқала теңселіп отыр.
Келбұқа (күңірене).
Уа, тәңірім! Көз жасымды көргейсің! Тілеуімді бергейсің!
Бақсылар (ұлардай шулап).
Уа, тәңірім! Бере гөр!..
Келбұқа.
Уа, тәңірім! Жолыңа құлжадай қошқар атадым!
Бақсылар.
Қабыл! Қабыл! Қабыл!..
Келбұқа.
Бұландай бұқа атадым!
Бақсылар.
Қабыл! Қабыл! Қабыл!..
Келбұқа.
Мауырдай бура атадым!
Бақсылар.
Қабыл! Қабыл! Қабыл!..
Келбұқа.
Суындай айғыр атадым!
Бақсылар.
Қабыл! Қабыл! Қабыл!..
Келбұқа (ашулана).
Қабыл!.. Қабыл!.. Қашан қабыл болады!?
1-бақсы.
Қабыл емей, немене? –
Кеудемдегі кер жылан
Түймедейін түйілді!
Төбесіне дұшпанның
Өлім желін үйірді!
Құла түзде көз арбап,
Құлан болып құтырды!
Темүжіннің текті ұлы
Қара жерге жұтылды!
Бақсылар.
Қабыл! Қабыл! Қабыл!..
2-бақсы.
Қабыл емей, немене? –
Шырқыңды алған Шыңғыстың
Шаңырағы шайқалды!
Аждаһаны аңдыған
Ажал бары байқалды!
Аңдағанға Ажалдың
Болмайды екен алмасы!
Маңдайына Тажалдың
Басылды өлім таңбасы!
Бақсылар.
Зауал! Зауал! Зауал!..
Қаныкей келеді.
Қаныкей (Келбұқаға).
Мойныңа ала белбеу сап, Тәңіріні мазалардай, не күн туды басыңа?!
Келбұқа.
Күннің бетін күргейлеп, қара түнек орнағалы қанша жыл?! Басымдағы бақ, құтымды қашырған Темүжінге өлім тілеп отырмын! Таң бозымен таласа айтқан тілеуім Тәңірімнің құлағына шалынар!
Қаныкей.
Өзгеге өлім тілегенше, аждаһаның аузына өзі аттанған бауырың Кетбұқаның амандығын тілесең етті!..
Келбұқа.
Өзекті жанға бір өлім...
Қаныкей.
Табыт қаққан тілеудің артында қайыр болмаушы еді! Қойсаң етті осыңды!.. (Бақсыларды нұсқап) Тарат мыналарыңды, шибөрідей шулатпай!
Келбұқа (бақсыларға).
Тара, түге!..
Бақсылар тайып тұрады.
Қаныкей.
Бірің қиырға, бірің шиырға тартып, ағайынды екеуіңе не жетпейді осы?
Келбұқа.
Қысқа борбай, қысық көз зәлім мұңғұл аярлықпен қолтығына су бүркіп, дәрібін асырғанға Кетбұқаның жанарын шел қаптаған сыңайлы!.. Жаманатқа қанша қимай тұрсаң да, көрер көзің болған соң, көңіл сенбей қалмайды екен.
Қаныкей.
Көңіліңді суытардай, неден жазды Кетбұқа?
Келбұқа.
Қарымта қайтар орайда қанына тартпай қалғаны қан қарайтып тұрған жоқ па Кетенің! Тұлымдымды құл қылған, бұрымдымды күң қылған хас дұшпанға қасқара шабу орнына, қабағын бағып, құдайдан емес, құланнан өлген Жошыға жоқтау айтып кеткені өзегімді өртеп тұр! Қара ормандай еліме өрттей тиген ата жауымның жоқтауын асырғанша, оңтайы келіп тұрғанда қалың елдің қамы үшін беркініп садақ асынбас па?!
Қаныкей.
Әй, балам-ай, босағадан арғыны көре алмай-ақ қойдың-ау!.. Кетбұқамның көздегені түпте ғой, түпте!..
Келбұқа (елеурей).
Мұңғұлдардың шаңырағында қобыз ойнар күн жетті! Тәңірінің көзі түзу дәл бүгін! Бассыз қалған Ордаға «Қаптағайлай!» қаптасақ, хас дұшпанда қарсы тұрар қайрат жоқ! Төрт мың сарбаз төтеп бере алмайды! Тізгін қолға тиеді! Ұлысқа ие боламыз!
Қаныкей.
Жүріп өткен жолында сорғалаған қан, сойқақтаған із қалған Темүжіннің жер қайысқан жасағы қарақұртша қаптаса, аспаның алақандай, жерің тебінгідей қуырылар! Жаққан отың ошағыңда тұншығар! Тізгін үзіп, түзге тартпай, жөнге көш!
Келбұқа.
Сөйлегенде аузыңа сөзің сыймайды, не қыл дейсің сонда?! Қарап жат та, қынадай қырыл деймісің?
Қаныкей.
Жоқ! «Ала дауыл кезінде тоз-тоз болған есіл ел есін жиып үлгерсін... Арыстанның аузында, шыңыраудың түбінде жатқан арман жарып шығар бір күні! Тек сол кезде жұла тартпай, жұдырықтай жұмыла алсақ, жарар еді!» – демеп пе еді кетерінде Кетбұқа. Секемінің мәнісін енді сездім... (Келбұқаға) Жә, Келбұқа! Жасың үлкен болса да, Кетбұқаның жолын бақ, кеңесіне құлақ ас! Ақ сүтімнің өтеуіне сұрарым осы ғана!
Келбұқа (ренішті).
Ардақтаған көсемі бұлың-бұлың арманның бұлдыр-бұлдыр көлеңкесін малданудан аспаса, ендігі найман жұртынан наркескен ұлдың туарына күпті көңіл сенбейді!.. Ел намысы жолында жаннан безген жампоздық Ер Күшлікпен бірге өліп, бақилыққа көмілген екен!
Қаныкей.
Ер тумайтын ел болмайды, Келбұқа! Бәтуалы бірлік жетпей жатады. Тәңірі сүйген Инаң Білге қағаннан қалған жұртты аждаһаның аранына бермеске белін буған Бұйрық хан мен Тайбұқаның қуаты Темүжіннен кем бе еді? Жеме-жемде жалт бұрылған Жамұқадай жалтақтардың кесірінен мерт болды. Білігінің асқанын жақыны түгілі, жат білген, тумысы текті Күшлік хан атажұрттан жырақта аяғынан алдырған абадандай алысып, күңірене күн кешті! Қара бастың қамын ғана күйттесе, қарақытай жерінде күйеу болып былқылдап, қайыната тарту еткен алтын тақтың буымен сайран ғұмыр кешуге ақылы кемдік етті ме? Жоқ, жат қолында таланған Найман сүме, Ақбалық, Тарсакенттей қонысты қалың найман баласының қолына қайтарсам деп алысып, жаннан безе алас ұрған болатын. Тамырында Тайбұқадай тарланның тарпаң қаны тулаған, бөрі мінез Күшліктің де түбіне алтыбақан алауыздық жетті ғой!..
Келбұқа.
Алалаудан өзің де құр алақан емессің-ау, шеше... Кетбұқаның ыңғайына жыққалы, ақиқатты бұра тартып әкеттің. Шындық басқа болатын.
Қаныкей.
Мен білетін, ел білетін ақиқат – осы ғана.
Келбұқа.
Жоқ, шеше! Күн түбіне көз тігіп, төрт қиырға қалауынша көш түзген, сайын дала төсінде салуалы боз ордасын қондырып, салқам-салқар тірлік кешкен жұртымның ашық күнде төбесіне жай түсіп, құба жонда құзғынға жем, құртқа азық болуының обалы – Гүрбесу ханым мойнында!
Қаныкей.
Тек! Инаң Білге қағандай ұлға жарық сыйлаған қасиетті анаға тіл тигізбе!
Келбұқа.
Өзің айтқан Инаң Білге қағанның жолын кескен Гүрбесу ханым болмаса, тозған қаздай тоз-тозымыз шықпас еді-ау бүгінде! Айбарынан аспан асты бөрліккен қаһарлы қаған өркөкірек шешенің: «Қоңырсыған иісті, қомыт–қомыт киімді байғұстарды қайтесің?!.» – деген менмен сөзінен аса алмады. Аждаһаның мойынын кесірткедей кезінде бұрап алу Бұқа ханға сол сәтте қазға тиген қырғидың ойынындай болатын... Амал қанша?!. Темүжінді пір тұтып, жалын тіктей бастаған мұңғұлдарды менсінбей, астамсудың ақыры буыршынды мұзға жықты!
Қуана дауыстап, Зейнуддин келеді.
Зейнуддин.
Әже! Әже!.. Көкем!.. Көкем келді!
Кетбұқа келеді.
Қаныкей.
Құлыным-ау, аман-есен жеттің бе?!. Күншығысқа қарай-қарай көз талды!.. Үркінші ойдан дерттенген көңіл шіркін алаңынан енді ғана айықты-ау!..
Кетбұқаны құшақтап, маңдайынан сүйеді.
Келбұқа.
Өзін таққа қондырған ұраңқай Тұғырыл қаған мен Бұқа ханды аямаған Шыңғыстың ойы қалай ойысарын біле алмай, у жұтқандай күй кештік!.. Келші бері, бауырыма басайын!
Екеуі төс түйістіреді.
Зейнуддин.
Көке!..
Кетбұқа Зейнуддинді қолтығынан көтере, маңдайынан иіскейді де, қайта түсіреді. Жанындағы қобызын береді.
Кетбұқа.
Бара ғой, балам. Құба-тегін бабаңның қобызына абай бол!
Зейнуддин кетеді.
Қаныкей.
Мен де кеттім. Жұртқа хабар берейін.
Кетеді.
Келбұқа.
Жасың кіші болса да, жолың үлкен, тіліңді айт! Хан Ордаңда не боп жатыр?
Кетбұқа.
Жошы ханды жер қойнына тапсырдық. Ұлыс билігі Батуға көшті.
Келбұқа.
Е-е!.. «Ендігі бас иеміз Бату болды, дәргейіне жығылып, бата беріп келдім» де!.. Жөн-ақ!.. Абайлағайсың, алайда! Бүгін «Нояным» деп арқадан қаққан ата жау күні ертең «Ендігі жоярым!» деп артыңнан атпасына кім кепіл?!
Кетбұқа.
Орайы келсе тобықтан қағып қалуға құмарсың–ау, бауырым!.. «Ежелгі жау ел болмасын» мен білмейді деймісің? Бұқа хандай білгесінен көз жазып, құт дарыған қонысынан айрылып, аңырап қалған қалың жұртты қайтермін?!.
Келбұқа.
Жауға баста! Қайқы қара қылышың болуға мен әзірмін!
Кетбұқа.
Қанжығадан қан кешіп, қалжыраған бұл елге қылыш емес, тыныс керек дәл қазір. Соны қалай ұқпайсың?!.
Келбұқа.
Паруанадай сандалып, аруанадай боздаған қарындастың көз алдында күйік болып жүргенше, ала балта қолға алып, ала күлік үстінде ата жаумен алыса ажал құшсам арман не!?
Кетбұқа.
Қан қасаптың қасіреті айықпастан, отқа айдап, елді қырам десеңші!
Келбұқа.
Айтпағың не сондағы? Шыңғыс ханның шылауына оралып, шырғасына шырмалу ма?!
Кетбұқа.
Жарасын жалап жазып алмай, бөрі апаннан шықпайды...
Келбұқа.
Апан аузын аңдумен артын майға бөктірген бөріңнен азу тісін ақситқан арыстанға атылып, ажал тапқан бөлтірігім ардақты!
Кетбұқа.
Бөрілікке жетпестен, бөлтіріктей қиылса, өзін-өзі өшіргені емес пе?!
Жанұшыра жүгіріп, Зейнуддин келеді.
Зейнуддин (ентіге).
Көке! Көке!.. Әжем... әжем... ана жақта!..
Кетбұқа, Келбұқа (шошына).
Не?! Не боп қалды?.. Дұрыстап айтшы, сен өзің!..
Зейнуддин.
Әжем!.. Ана жақта!.. Әжем!..
Кетбұқа мен Келбұқа Зейнуддиннің соңынан ілесе, жүгіріп кетеді.
Ү ш і н ш і к ө р і н і с
1227 жыл.
Дала. Өгіздің бас сүйегі ілінген сида тал. Кетбұқа шығады. Қолында – құлжа қобыз. Тал түбінде көкке қол жайып, дуа оқиды. Жанторсығын алып, ашады да, талды айнала қымыз құйып шығады. Малдас құра жайғасқан соң, қобызын аңыратып-аңыратып жіберіп, ара-арасында айғайлап алады.
Кетбұқа.
Уах-х!..
Ай мүйізді ақ қошқарым бастаған
Ақтылы қойым сенікі;
Қамыстай сүйір құлақты,
Қара меңді, мөлдір көз, боз айғырым бастаған
Боз ала жылқым сенікі;
Түсінен кісі түңілген қара бурам бастаған
Келелі түйем сенікі;
Қарағайдай мүйізі қарқарадай қайқайған
Ала бұқам бастаған
Мыңғырған малым сенікі!
Уах-х!..
Қасиетті көк бұқа!
Қаныкейдей анама
Алты ай бойы шүйліккен
Дертке дауа бере гөр!
Қобызын боздатып-боздатып жібереді де, орнынан алас ұра атып тұрып, зікір салған бойы өгіздің бас сүйегіне маңдай тірей, қалшиып қалады. Зейнуддин шығады.
Зейнуддин (мақтана).
Көке! Боз құнаныма бас білдіріп алдым! Өзім үйреттім! Қараңызшы, көке, мініп келдім!..
Кетбұқа Зейнуддинге бұрылып, жансыз жанармен тесірейе көз тігеді. Зейнуддин бір сәт аңырып тұрып қалады да, шошына шегіншектеп шығып кетеді. Кетбұқа бас сүйекке қайтадан бас сүйейді. Келбұқа шығады.
Келбұқа.
Ана балаға не көрінді? Алды-артына қарамай, құйынперен ұшып барады! Жазым болмаса жарар еді?!.
Кетбұқа мәңгіре бұрылады.
Кетбұқа.
Бала?.. Қандай бала?!.
Келбұқа.
Зейнуддинді айтам. Астындағы құнанын басқа-көзге төпелеп, ұшып бара жатыр ғой!..
Кетбұқа.
Зейнуддин?.. Ол қайдан жүр бұл жерде?!.
Келбұқа.
Не дейт?!
Кетбұқа бас сүйекке қайтадан бас сүйейді.
Келбұқа (өзіне-өзі).
Кейінгі кезде тірліктің қиюы қаша бастады-ау?!. Анамыздың жайы анау – тынысы бар демесең, тіршіліктің ізі жоқ. Ініміздің ісі мынау – бар мен жоқтың арасы. Көзі де – жат, сөзі де – жат бүгінгі. Басқасы басқа, қалың найман жиылып, «Ноқта аға» тұтып тұрғанда алашағын ала алмай, тоғыз тайпа жұрт алдында теріс таңба иеленіп қалғанымыз ұят болды бәрінен!.. Мәзбура-ана атымен ант беріскен жандардың арасында алақашпа бірі де жоқ болатын. Қанына тартпай, қарысып қалған – тағы өзім... Өз қолымды өзім қалай кесейін?!. Анамыздың айтқанына, ағайынның бейіліне жығылып, жасы кіші болса да, жолымызды бергенде күткеніміз сол ма еді!? Бері тартар жөн айтсам, кері кетер іс қылып, жігерімді құм еттің-ау, Кетбұқа!.. Әй, Кетбұқа-ай... Кетбұқа!..
Кетбұқа бұрылып қарайды.
Кетбұқа.
Қорқыт баба бұрылды! Құба-тегін қайырылды! Көк тәңіріне тәу еттім! Күн мен Айдан күш алдым! Көк бөріден нәр алдым! Ағаш – Ана, Су – Ана, Топырақ – Ана алғады! Айығады анамыз!
Келбұқа.
Қашан?
Кетбұқа.
Осында жеткіз! Жоқ! Өзім... өзім барамын!
Кетбұқа адымдай басып кетеді. Келбұқа соңынан ілеседі.
Т ө р т і н ш і к ө р і н і с
Киіз үйдің іші. Қаракөлеңке. Төрде Қаныкей жатыр. Бас жағында бір бақсы, екі иығының тұсында екі бақсы отыр. Кетбұқа мен Келбұқа кіреді. Түпкірден қылаңытып аппақ бейнелер – Кетбұқаның жебеушілері елес береді. Өгіз кейпіндегі жебеушілер ортасында Көк бұқа айрықша көрінеді. Үйдегі бақсылар бүрісіп қалады.
Кетбұқа (Келбұқаға).
Мыналар қайдан тап болған? (Бақсыларға) Босатыңдар бұл жерді! (Төрдегі бақсыға) Тәңірінің шұғыласы жолында көлденеңдеп неге отырсың!? Тұр, былай!
Бақсылар тайып тұрады.
Кетбұқа (Келбұқаға).
Сен де бар!
Келбұқа жақтырмаса да, кетеді. Кетбұқа Қаныкейдің басынан аяғына, аяғынан басына дейін алақан тигізбей сылап өтеді де, зікір сала бастайды. Зікір үстінде сөйлеп қояды. Жебеушілер қосыла билейді.
Кетбұқа.
Уах-х!..
Керөлеңнің көк мұзын
Сары майдай еріткен,
Кер биенің құлынын
Боз інгенге теліткен
Төбе-тәңірі, медет бер!
Уах-х!..
Құлжа қобыз боздатып,
Қара суды қақ жарған,
Қара тасты қақ тілген
Құба-тегін, медет бер!
Уах-х!..
Онон дария көбесін
Ойран қылып ойнаған,
Керөлең дария көбесін
Кездікпен кесіп ойнаған
Ежесе бақсы, медет бер!
Уах-х!..
Тумай жатып тулаған,
Туарында Қараспанды су алған,
Қара жерді құм алған,
Тірлігінде ажалымен арбасқан,
Атаның қадірін білмеген,
Ананың сүтін ембеген
Бақсы пірі – Қорқыт баба, медет бер!
Уах-х!..
Кетбұқа талықсып тоқтайды. Көк бұқа Қаныкейдің кеудесінен шұбарала жыланды суырып алады. Жебеушілер жыланды бір-бір буып, Көк бұқаға қайтарады. Көк бұқа Кетбұқаға береді. Кетбұқа жыланды Қаныкейдің басынан айналдыра, аластайды.
Кетбұқа.
Алас! Алас, пәлекет!
Ағып жатқан сумен кет!
Ұшып жатқан бумен кет!
Ала дауыл құммен кет!
Қарау пиғыл сұммен кет!
Жанып жатқан отпен кет!
Жауға атылған оқпен кет!
Алас! Алас, пәлекет!..
Кетбұқа жыланды сыртқа шиырып жібереді. Көк бұқа Қаныкейді басынан, басқа жебеушілер жан-жағынан қаумалай демеп, тұрғызады да, ығысып ұзай береді.
Қаныкей (үрейлене көзін ашып).
Құлыным-ай! Қасымда екенсің ғой!.. (Кетбұқаны құшақтап) Түс екен ғой көргенім!.. Ақсарбас! Ақсарбас атадым Тәңірге!..
Кетбұқа.
Жаның байыз таппастай, не көрдің, шеше?
Қаныкей.
Қаралы хабар арқалап, Қарақорымға сен кеткелі көңіл күпті, көз ашық. Түн баласы алаңдаумен ұйқы жоқ. Құр сүлдемді сүйретіп жүргеннен бе, әйтеуір, өзіңді аман көрген соң, әл-дәрменнен айрылып, қалғып кетіппін... Көк бұқаны жетектеген қасиетті Мәзбура-ана аян берді түсімде...
Кетбұқа.
Мәзбура-ана түсіңе енсе, жақсылықтың жоралғысы емес пе?
Қаныкей.
Жақсылыққа жоруға көрген түстің сыңайы нышан бермей тұрған жоқ па, балам-ау!..
Кетбұқа.
Түстің қалай болмағы – жорушыдан. Оңға жорып бағайын, не көрсең де, бұлжытпастан баян ет.
Қаныкей.
Өзіңді көрдім!.. Қамқа сауыт киініп, қайраған найза қолға алып, қорамсақты қадау оққа толтырып, қара күлік үстінде қара жолға бет түздің! Сол-ақ екен, тынып тұрған даланың тыныштығын тілгілеп, қара өгіздің терісімен қапталған қайың дабыл қағылды! Көмейіне көрбақа тығылғандай тұншығып, үрейлі сырнай үздікті! Омырауыма қадаған түймем бырт-бырт үзілді, көңілім нілдей бұзылды! Ғайыптан тайып тап болған Мәзбура-ана сол мезет: «Керегесін кере жайып, аты ұранға айналар Кетбұқадай ұлыңды ұзақ сапар күтіп тұр! Ақ тілеумен аттандыр!» – деді-дағы ақ сағыммен астасып ұзай берді. Соңынан сен де ілестің!.. Қайырылмадың артыңа!.. Сұм жүрегім содан секем алады!..
Келбұқа кіріп келеді.
Келбұқа (Қаныкейді құшақтап).
Қорқыттың ғой, шеше!.. Қарамаған бақсы, құшнаш қалмады! Алты ай бойы оянбадың!..
Қаныкей (түсінбей).
Жарығым-ау, не дейсің?
Келбұқа.
Шынымен-ақ білмейсің бе, шеше?! Кенеттен кесел жабысып, алты ай жаттың ес-түссіз... Кетбұқаның арқасында айықтың!
Кетбұқа.
Анамызды қасиетті Көк бұқа жебеді ғой!.. Көк бұқаны жібіткен екеуіміздің ақ-адал тілеуіміз емес пе?
Келбұқа тұнжырап қалады.
Келбұқа (Кетбұқаға).
Кешір! Құдіретіңе көз жетті! Басымды идім алдыңа! Күпір ойға бой шалдырып, адасып келген көкеңді кешіргейсің, бауырым!..
Кетбұқа (құшақтап).
Ел тұнығын лайламаса болғаны, аға мен іні реніші елеңдеуге тұрмайтын өткінші жауын емес пе? Алаңдама, көке!
Екеуі құшақ айқастыра тұрып қалады.
Қаныкей.
Ертағы мен Кертағыдай сән түзіп, жарасқан қос құлынымның осы сәтін көп көре көрме, Тәңірім!..
Зейнуддин келеді.
Зейнуддин.
Көке! Жаушы келді! Ордадан келді!
Жаушы келеді.
Жаушы.
Кете ноян! Боғда Шыңғыс нәсілі Бату ханның хабарына құлақ сал! (Пауза). Аспан тектес Ұлы қаған дүниеден озды!.. Бату хан Ордаға шақырды! Бала-шағаңды ала жүр!
Жаушы кетеді.
Қаныкей.
Түсімдегі көргенім өңімде кез болды ма!? (Кетбұқаға) Маңдайыңнан иіскеп, мауқымды басып қалайын, келші бері!
Кетбұқаны құшырлана құшақтап, тұрып қалады.
Қаныкей.
Құлыным-ай! Өзіңе
Жарық сәуле сыйларда –
Боз інгенше боздадым,
Боз биеше туладым!
Үт айында ұлыған
Арлан бөрі бүйрегін
Аш күзендей аңсадым;
Он айнала оралған
Ор жыланның етіне
Ешкіемердей еміндім;
Қара бұлтты қақ жарған
Қана бүркіт қанына
Қасқырдайын құмарттым;
Қалбаң-қалбаң жүгірген
Қара аюдың сүтіне
Сусамырдай сусадым;
Жонда жалғыз жорытқан
Жолбарыстың жүрегін
Көз құртындай көкседім!
Бәрін де ішіп, жеп едім!
Сонда туған сен едің!
Қай қиырда жүрсең де, Көк тәңірім қолдасын!
(Жерден бір шөкім топырақ алып, аппақ орамалға түйіп береді).
Тілеуімді топырақпен бірге түйдім, құлыным! Өзім мұнда қалсам да, жаным бірге өзіңмен! Орамалдан қол үзбе!..
Кетбұқа.
Берен сауыт кисем де, жүрегімнің тұсына қалқан етіп ұстармын!
Келбұқа.
Жолың болсын, бауырым!
Кетбұқа.
Елге ие бол, көке! Келінің мен Зейнуддинді Ордаға өзің алып келерсің. Мен аттанайын.
Зейнуддин (жыламсырап).
Көке! Мен ше? Мені қашан әкетесің? Қалдырмашы!..
Кетбұқа Зейнуддинді көтеріп алады.
Кетбұқа.
Қалмайсың, балам!.. Қалдырмаймын!..
Барлығы сыртқа беттейді.
Достарыңызбен бөлісу: |