Тәшен ЕСІМСЕЙІТҰЛЫ,
еңбек ардагері, қарт ұстаз.
БАБАЛАР ӨНЕГЕСІН ҰМЫТПАЙЫҚ
Қазақ елінің тарихи әлеуметтік даму кезеңдеріне зер салар болсақ, Найман ата балаларының елдің қалыптасу, өсу, өркендеуіне елеулі үлес қосқанын білеміз. Тарих қойнауынан суыртпақтап сыр сүзсек, Найман елінің бір бұтағы Бағаналы ұрпақтары да қазақтың қазақ болып қалыптасып, мемлекет болып құрылуы жолындағы игілікті істердің бел ортасынан орын алып келгені аян. Оған дәлел. Сұлтан Сүтбаевтың «Кетбұға баба – ұрпақтары құрметіне лайықты тұлға» мақаласы («Мысты өңір», 25.10.13 ж.) және «Орындай алсақ ой – дұрыс», – деген бір топ оқырмандардың пікірі дәлел болады («Мысты өңір», №46, 22.11.13 ж.).
Әрине, тарих сахнасы ғасырлар шымылдығымен сан рет ашылып, сан рет жабылғаны баршамызға белгілі. Ескінің жаңарып, жаңаның ескірген кездері де аз болған жоқ. Кешегі кеңестік жүйенің пайдасыз саясаты кезінде басқа да ұлттар мен ұлыстардың қатарында қазақтар да өздерінің шығу тегін, ата дәстүрін, тілі мен дінін де ұмытуға айнала бастады. Осыдан тарихтың шындығы өзгертіліп, өзінше бір сипатпен айтылып келді. Сан ру, тұтас тайпа жерінен, елінен безіп, жат елге, жат жерге қоныс аударды.
Егемендіктің таңы еркін атқаннан кейін елдің зиялы қауым өкілдері өздерінің түп негізіне зер сала бастады. Әр ата өзінің негізінен сыр шертетін рулық шежірелерін жарыққа шығара бастады. Әлкей Марғұланның зерттеулерінде, Шоқан Уәлихановтың еңбектерінде «Манас» жырындағы Ер Қосай, Ер Үрбінің шыққан тегі Найман екені, оның ішінде Ұлытау, Кішітау бойын жайлаған Бағаналы балалары екені дәлелденген. Шежірелерде Ер Үрбінің баласы Шоштан екені айтылады. Ер Шоштанның маңайында мыңды бастаған батыр да, жүзді жусатқан шешен де болған. Дүниені түгел жаулап, ат жетер жерді бағындырған Шыңғыс ханның қалың қолы да осы өңірде болған. Қазақ батырлары Жошының заманында бейбіт бітім мен достық қарым-қатынаста болғанын тарихшылар жазып жүр. Әлемді аузына қаратқан Шыңғыстың сүйікті ұлы Жошының өлімін естірту оңай ма?!. «Баламның өлімін естірткеннің көмейіне қорғасын құямын», – деген Шыңғыстың әмірінен қаймыққан елді тығырықтан ұлы жыршы әрі күйші Кетбұқа ноянның алып шығуы аңызға айналған.
Бір тайпа елді қаһарлы ханның құрығынан құтқарған Кетбұқа кейін Алтын Орданың хан кеңесшісі, ақылгөйі болғаны белгілі. Жошының ұрпағы Құлагудың уәзірі дәрежесіне көтеріліп, онымен бірге теңіздің арғы бетіндегі Израилді жаулап алуға барады. Осы Құлагу әскерінің құрамында аты мен аспабына дейін жез құрсанған, жез сауытты, жез оқты Бағаналы батырлары бөлек жүргенін тарих шежіресі жазып кеткені белгілі. Алғаш рет Батыстағы Қоқан хандығын басып алғанын Бағаналы әскері, Кетбұқа қолы екенің бірі білсе, бірі білмейді. Ерлікті ұрпаққа үлгі еткен, елдің туын жоғары ұстаған ерлер қай заманда да аз болмаған. Тарихта «Ақтабан шұбырынды» деген атпен есте қалған 1723 жылғы жоңғар шапқыншылығында қалмақтардың қалың қолы тағы да осы Ұлытау бөктерінде алғаш рет жойқын тосқауылға тап болған. Қарадан шығып, хан сайланған Бағаналы Барлыбай ханның қол астындағы мың сарбазды бастаған Шұбыртпалы Жаулыбай жоңғарларға бірінші рет соққы берген. Руы да, ұрпағы да Сандыбай атанған Сандыбайдың әкесі Төлек батырдың ерлігі көзге түскені сол жоңғар шапқыншылығы кезіндегі оқиғаға тікелей байланысты.
Патшалық Ресейге қараған қазақтың тірлігі мен тұрмысының қай қабатында болса да, ел билеген батырлардың, тілінен бал тамған ақынның атқарған ісі аз болған жоқ. Атадан балаға мұра болып, татулық пен ізгілікті, туыстық пен тілестектікті серт ұстаған Бағаналының балалары төрт босағаның тұтастығына, беріктігіне атсалысты.
Тіней Оразай, Оразайдың Ахметі, Ахметтің Мұртаза, Мұстафасы, Сандыбайдың Ердені мен жауқашты Кәдір биді, Бабыр мен Шегірді, қос батыр Есенқабыл, Есенбекті ұрпақтары үлгі тұтады. Кешегі кеңестік жүйенің кезінде де Бағаналының балалары бабалар салған салт-дәстүрінен ауған жоқ. Ұлытау ұлылық пен ізгіліктің, татулықтың мектебі саналған үлгілі істерді көрсете білді. Жер жүзіне соғыс өртін тұтандырған неміс-фашист шабуылына қарсы шайқаста жауға қаламы мен қаруын қатар ұстаған Бұлқыштың Бәубегінің ерлігі бүгінде азаматтықтың айқын, өшпес ерлігіне айналды.
Елдің тірлігі мен бірлігіне, еңбекті алға бағдар еткен Берденнің Мыңбайы, Айтуардың Жарылғабы, Мышанның Бәкені, Мендібайдың Тұрысбегі, Омардың Ғазизы, Кентайдың Қасымханы Социалистік Еңбек Ері атанды.
Ғылымды меңгерген, елге есімдері танылған Шарманның Төрегелдісі, Сейітжанның Камалы, Байқоңырдың Өмірханы, Қаратайдың Мұханбетжаны сынды азаматтары туған жердің қасиетінен нәр алып, Бағаналының қанынан жарылған.
Бүгінгі Дербес, Тәуелсіз Қазақстанның көрікті де, келісті көшінің бел ортасында өнері мен еңбегі, табысы мен тартуы мол Бағаналы балаларының да керуені көш бастап келеді. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл», – деген атам қазақ. Бабамыз Кетбұқа жөніндегі бастама сөз жүзінде қалып қоймай, іске асуы үшін Ұлытау – Жезқазған азаматтары, сонымен қатар Жезқазған қаласының және Ұлытау ауданының әкімдері қолға алса, баба алдындағы парызымыз орындалар еді.
«Мысты өңір» газеті, 29 қараша 2013 жыл.
КЕТБҰҚА БАБА – ТАРИХИ ТҰЛҒА
Әлеуметке арнау сөз
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев ұсынған Мәңгілік Ел идеясы – халқымыздың сан ғасырлар бойы аңсаған асқақ арманының, асыл мұратының жарқырай көрінуі. Көңілдегі арманның Ұлы идеяға айналуына Ел Тәуелсіздігінің арқасында ғана қолымыз жеткені де ақиқат.
Кешегі арман, бүгінгі мақсат, ертеңгі өмірді ұштастырған Мәңгілік Ел идеясын іске асыру үшін Ұлы істер қажет. Ұлы істердің ұйытқысы – бірлік. Сөз бірлігі ғана емес, ой бірлігі, іс бірлігі қажет.
Теңіздің тамшыдан құралатыны сияқты, Қазақ Еліне ортақ Ұлы істер де кең байтақ жеріміздің әр аймағында, әр ауылында атқарылатын ұлғатты істерден түзіледі. Ұлағатты істер кешегі күннен тамыр тартып, бүгінгі елдің қолымен атқарылып, ертеңгі ұрпақты келесі биіктерге жетелей алатын мақсаттарды көздеуі абзал. Ойға алған істің маңызы сыртқы түрімен емес, ортақ мақсатқа қосқан үлесімен айқындалады. Мақсат – бірлік арқылы Елдің бүгіні мен ертеңін кемелдендіре беру.
Қалың елдің тұтастығын нығайта түсуде, кемел күндерге жетелеуде Ел тарихының, ел тағдарында өлшеусіз істер атқарған тарихи тұлғалардың алар орны айрықша. Тарихи тұлға – ұлттық мақтаныш қана емес, бүгінгі бізге, ертеңгі ұрпаққа өнеге болар тағлымды жол.
Тарихи тұлғаны тану арқылы Еліңді танисың, Өзіңді танисың. Тарихи тұлғаны ардақтау арқылы Еліңді ардақтайсың, Өзіңді ардақтайсың. Тарихи тұлғаны өнеге ету арқылы Өз ұрпағыңның келешегіне жарқын жол нұсқайсың.
Біздің Елдік тарихымыз кемеңгер даналардан да, қаһарман ерлерден де, халқын қызғыштай қорыған билік иелерінен де, ерен жүйрік өнерпаздардан да кенде емес. Елі үшін шыбын жанын шүберекке түйе ғұмыр кешкен ұлы тұлғалар қазақ даласының барлық өңірінен де табылады. Олар қай өңірде туса да, қай дәуірде жасаса да, барша қазақ баласының ортақ мақтанышы, Қазақ Еліндегі әрбір азаматтың ұрпағына өнеге етер тұлғасы болып қалары анық. Сол дарабоздардың қай-қайсы да ешбір елдің ерлерінен, даналарынан кем емес. Өкініштісі – осынау Ұлы тұлғаларымызды өзіміздің де әлі күнге тереңдеп тани алмай жүргеніміз.
Қилы-қилы замандарды бастан кешіп, қысталаң-қыспақты жолдардан өткен халқымыздың тарихындағы Ұлы тұлғалардың бірі – ХІІ-ХІІІ ғасырлардағы ел тағдырын шешуде өлшеусіз еңбек сіңірген Ұлық би Кетбұқа.
Ел билеудегі даналығы мен көреген қолбасшылығы сай келген, болмысына құдіретті сөз бен киелі күйді тел дарытқан Кетбұқадай кемел тұлғаның өмірі бүгінгі қазақ баласының тағдыры сынға түскен алмағайып уақытта өтті. Кетбұқа – тағдыры қыл үстінде тұрған елінің амандығы үшін бәйгеге басын тіккен Ел перзенті. Кетбұқа – өз Елінің алдындағы перзенттік парызын адал атқарған Ер.
Ал бүгінгі Елдің парызы – Кетбұқадай Ерлерін ұлықтай білу, ұрпағына ұлағат ету болса керек. Ел амандығы үшін, Ел бірлігі үшін, Ел ертеңі үшін қанын да, жанын да аямаған Кетбұқадай Ерлердің тағлымды жолын жалғастыру болса керек.
Тарихи тұлғаларымызды асқақтату арқылы өткенімізге тәу етеміз, ертеңімізге жол ашамыз. Ұлағатты тарихымыз бен Мәңгілік Елдің болашағын жалғастыратын алтын көпір – бүгінгі уақыт, бүгінгі Сіз бен Біз.
Осы мұратты діттеп, кемел ойлы Кетбұқаны тереңдей танып-білу, тарихи істерін санада жаңғырту, ұрпаққа ұлағат ету, арман-аңсарының іске асуына үлес қосу мақсатында «Қазақтың Кетбұқасы» қоғамдық бірлестігі құрылған еді. Аз ғана уақыт аясында атқарып үлгерген істері де бар, алдағы жоспарлары ауқымды, мақсаттары да айқын.
Ел тарихының ерен тұлғасы – кемеңгер Кетбұқаның тағлымды өмірін Мәңгілік Қазақ Елінің ұрпақтарына ұлағат етуді мұрат еткен Елдік істердің басы-қасында бірге болайық, әлеумет.
Үлкенді-кішілі қиындықтар келеді-кетеді, Елдік істер ғана мызғымайды. Ендеше, ортақ мақсаттан оқшау қалмайық.
Қаражігітов Апбаз – Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі;
Мұқанов Өмірбек – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, медицина ғылымдарының кандидаты, Жезқазған қаласының Құрметті азаматы;
Әшірбеков Шахмұрат – Ұлы Отан соғысының ардагері;
Қожамсейітов Сағындық – қоғам қайраткері, Жезқазған қаласының және Ұлытау ауданының Құрметті азаматы;
Әлиакпаров Мұханбет – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт қайраткері;
Әбеуов Балтабек – Қазақстан Журналистер одағының мүшесі;
Асансейітов Шахман – еңбек ардагері, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, Ұлытау ауданының Құрметті азаматы;
Ілиясов Нығмет – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген металлургі, «Қазақмыс» корпорациясы Ардагерлер кеңесінің төрағасы;
Тоқтамысов Мүслім – Халықаралық «Экология» академигі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты;
Жанботаев Досжан – Қазақстан Республикасының Халық артисі;
Шамбұлов Тағанбай қажы – еңбек ардагері;
Еңсебаев Көбейсін – Жезқазған қаласының Құрметті азаматы, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты;
Исатаева Күлзейнеп – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген дәрігері, Жезқазған қаласының Құрметті азаматы;
Жұмажанова Нурия – Қазақстан Республикасының білім беру ісінің озаты, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, аға мұғалім, Қ.Сәтбаев атындағы № 7 мектеп-лицейдің директоры;
Дүйсенов Бағдат – «Қазақмыс» корпорациясы Ауғанстан ардагерлері одағының төрағасы.
«Мысты өңір» газеті, 14 наурыз 2014 жыл.
Әлжаппар ӘБРЕЗОВ,
еңбек ардагері, Президент Н.Назарбаевтың
Алғыс хатының иегері.
ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ҰЛЫ ПЕРЗЕНТІ
Ертеден Ұлытау өңірін мекен еткен Бағаналы наймандар бұл жерге қашан, қалай келді деген сұрақтар – тарих ғылымында әлі талай зерттеуді талап ететін мәселе.
Бүгінгі күні ата қонысына айналған өлкеге Бағаналыларды бастап әкеліп, орнықтырған Ұлы би, қаһарман қолбасшы, құдіретті күйші, жыршы – Кетбұқа.
Қарт шежіренің айтуына қарағанда, Найман бабадан – Белгібай, одан – Төлегетай, Сүгірші, Шүйінші туады. Сүгіршіден – Бағаналы, Балталы, Ергенекті тарайды. Ал Найманның інісі Наймантайдан – Елтай, одан Серікбай өрбиді. Серікбайдан – Кетбұқа, Келбұқа шығады.
Кетбұқа 1185 жылы Алтай өлкесін мекендеген Найман елінде дүниеге келген. Оның өмір жолы қым-қуыт жаугершілік, шапқыншылық заманда өткен. Найман елінің тақ мұрагерлері Таян мен Бұйрық ханзадалардың алауыздығының салдарынан мемлекет әлсіреп, болашақ Шыңғыс ханның шабуылына шыдамай, Найман мемлекеті 1204 жылы құлады. Шапқыннан аман қалған халықтың қалған бөлігін сақтап қалу үшін Кетбұқа Шыңғыс ханның қол астына өткен. Көп бағыныштының бірі боп қалмай, уақыт өте келе, көшелі ойымен Шыңғыс ханның өзі де санасатын санаулы тұлғалардың қатарына енген. Соның айқын айғағының бірі «Монғолдың құпия шежіресінен» көрініс тапқан. Осы «Шежіреге» сүйенсек, Шыңғыс ханның 95 ноянды мыңбасылыққа тағайындаған тізбесінде Кетбұқа ноянның есімі халық арасындағы дағдылы атауына сәйкес Кете ноян деп келтірілген.
Шыңғыс хан әр ханның, әр қолбасының қасында жөн білетін данагөй, көпті көрген бір кеңесші болсын деп жарлық шығарғаны мәлім (Т.Жұртбаев. «Дулыға»). Осы жарлыққа сәйкес, Шыңғыс хан Жошыға Кетбұқа бастаған үш ноянды ақылман-кеңесші етіп тағайындаған («Құпия шежіре»). Осыдан бастап Кетбұқа Жошының барлық жорықтарына қатысып, ақыл-кеңесін беріп отырған.
1219 жылдың күзінде Шыңғыс хан өзіне бағынышты халықтардан жойқын әскер құрды (Э.Хара-Даван дерегі бойынша, 230000 жауынгер). Жошы әскерінің құрамында Кетбұқа ноянның Найман руларынан жасақталған екі түмені (20000 сарбаз) де болды. Олардың аттарына Бағаналы, Балталылардың бақан, балта таңбалары басылған еді (С.С.Уолкер. «Чингиз хан»).
Шыңғыс хан 1221 жылдың қаңтарында ұлдары Жошы, Шағатай, Үгедейге Үргенішті жаулап алуға әмір етеді. Қаланы олар ұзақ уақыт ала алмады. Осы тұста Жошы мен Шағатайдың арасында келіспеушілік туындайды. Келіспеушіліктің басты себебі, қоршаудағы қаланы Шыңғыс хан бұйырғандай, жермен-жексен ете қиратпау және Сыр бойындағы басқа қалаларды да күйзеліске ұшыратпауға байланысты еді. Өйткені бұл қалалар келешекте Жошы ұлысына берілуге тиіс болатын.
Бұл хабар Шыңғыс ханға да жетіп, ол Жошы мен Шағатайды әскерге басшылық жасаудан шеттетіп, үш армияның да қолбасылығын Үгедейге жүктеді. Әскер басшылығынан ығыстырылғанына ренжіген Жошы өзіне тиесілі әскерін ертіп, Арал теңізінің солтүстігі мен шығысын қамтып жатқан Далаға бет түзеді. Осы Ұлы Далаға беттеген Жошы қолы ішінде аттарына бақан, балта таңбалары басылған Кетбұқа ноянның әскері де бар болатын.
Жошы ат басын Ұлытауға тіреді. Сонымен, Бағаналы, Балталылар Ұлытауға Кетбұқа басқарған әскер сапында келген еді. Бұл – 1223 жылы болған оқиға. Бұл – Бағаналылардың Ұлытауға бірінші келген кезеңі.
Шыңғыс хан жаулап алған жерлерін ұлдарына үлестіргенде, байырғы Дешті Қыпшақ даласы, Арқа төсі Жошыға қарады. Жошының ордасы алғашында Найман кере – Шыңғыстауға қонып, кейін Ұлытауға көшірілді. Жошы, ең алдымен, өзіне өмірлік құтты қоныс ретінде Арқа төсін таңдады (Қ.Ахметов. «Ұлы Даланың Ұлытауы»). Осылайша, Ұлытауда алты алаш бірігіп, Жошы бастаған Алтын Орда (алғашында – Ақ Орда) хандығын құрды. Жошы хандығының бас биі, ақылгөй-кеңесшісі болып Кетбұқа сайланды (Т. Зәкенұлы. «Көк бөрілердің көз жасы»). 1227 жылы Жошы құлан аулап жүріп қаза тапқанда, әкесі Шыңғыс ханға күймен естіртіп, кейін Кеңгір өзенінің бойында күмбез тұрғыздырған да осы Кетбұқа болатын.
1253 жылы Ұлы қағандыққа Мөңке сайланды. Осы Құрылтайда Иерусалимдегі соғысты аяқтауға ұйғарым жасалды. Ол бағытқа ханзада Құлағу басқарған әскер баратын болып, Бас қолбасшылыққа Кетбұқа тағайындалды. Құлағу әскерінің құрамында Кетбұқаның өз қандастары – наймандардан жасақталған 2 түмен (20 мың) сарбаздан тұратын қолы да болды.
Көшпелілер дүниесінің әлем таныған білгірі Лев Гумилев «Қиял патшалығын іздеу» деп аталатын кітабында Кетбұқа ноянның «Сары крест жорығын» егжей-тегжей баяндаған. Жан-жақты ойластырылған жорық үлкен нәтижеге жеткізді. Бағдат пен Месопотамия жерінің көп бөлігі монғолдар және олармен одақтас армяндардың қол астына көшті. 1259 жылы көктемде монғол әскері Газа түбінде тұрды. Бұл кезде мұсылмандардың паналайтын жалғыз жері Мысыр боп қалған еді. Ал Мысыр елі 1250 жылдан бастап қыпшақ мамлюктерінің билігінде болатын.
1250 жылы 2 мамырда мамлюк Бейбарыс өзінің сенімді серіктерімен бірігіп, бүліншілік шығарып, сұлтан Тұран-шахтың сарайын басып алып, таққа мамлюк-түркімен Айбекті отырғызады. Оған қызғаншақ әйелі у беріп өлтірген соң, 1259 жылы сұлтан тағына мамлюк Құтыз отырады.
Соғысуды монғолдардан кем білмейтін мамлюктер ел іргесіне тірелген жаумен ең соңғы демдері біткенше шайқасуға бел буады. Негізі, мамлюктер де Ұлы Дала перзенттері еді. Әскери таланты жағынан қыпшақтар Құтыз бен Бейбарыс монғол әскерінің қолбасшысы Найман Кетбұқадан кем соқпайтын.
Шайқас алдында Мөңкенің өлімі туралы хабар алған ханзада Құлағудың монғол әскерінің көп бөлігін өзімен бірге ілестіріп, Монғолияға аттанып кетуіне байланысты мамлюктер сан жағынан әлдеқайда басым боп қалған еді. Сондай-ақ, іргеде шабуылға дем беретін Мысырдың тұруы да мамлюктердің стратегиялық үлкен артықшылығы болатын. Бұл кезде монғол әскері соғыс зардабынан күйзелген Ирактан аттанған еді. Бұған дейін Кетбұқа баһадүрге Сирияны, Халеб, Дамаск, Харран, Урфу, Амид және басқа да аймақтарды алу оңайға соқпаған болатын.
Сонымен қатар, монғолдардың одақтасы – христиан крестшілер бұрынғы одақтасынан сырт айналып, Құддыс қаласының түбінде мамлюктерді зор құрметпен күтіп алып, өздеріне азық, аттарына жем-шөп берді. Мамлюктер монғолдардан олжа болатын жылқыны рыцарларға арзан бағамен сататын болып, тиімді сауда келісімін де жасап үлгерді.
Соғысқа мұқият дайындалған, саны жағынан басым мамлюктер ұзақ жол мен толассыз шайқастардан қажыған 20 мың ғана сарбаздан тұратын монғол әскерін 1260 жылдың 3-қыркүйегінде Палестинадағы Айн-Жалуд деген жерде талқандады. Ұлы дана, Ұлы қолбасшы Кетбұқа мамлюк сұлтаны Құтыздың қолынан қаза тапты. Талай шайқастарда жеңіліп көрмеген Наймандар Айн-Жалудта ауыр соққыға ұшырады (Қ.Сәки. «Сұлтан Бейбарыс»). Осы шайқаста Кетбұқаның 15 жасар ұлы тұтқынға түсті. Арада екі ай өткенде Құтыз өлтіріліп, сұлтандық Бейбарысқа көшті.
Құлағу жеңіліске себепші болдың деп Шам билеушісі Слахуддин Юсефті кінәлап: «Мысыр елінде мамлюктер аз, айтарлықтай күштері жоқ, – деп алдадың. Сенің сөзіңе сеніп, мен аз әскер жіберіп, жеңіліске ұшырадым», – деп, қасындағы нөкерлерімен қоса бастарын алды (Қ.Сәки).
Осы соғысқа қатысқандардың кейінгі тағдыры туралы Л.Н.Гумилев: «Жерлес, қандас халықтар түбі өзара тіл табысар деген ойға келген Құлағу өз еліне қайтуға мүмкіншілігі жоқ, Палестинада соғысып жатқан әскеріне мамлюктер жағына өтуге бұйрық берген», – деп жазады. Оның осы ойы ақиқатқа айналып, Кетбұқаның тұтқынға түскен ұлы Зейнуддин Кетбұқа 34 жылдан кейін, 1294-1296 жылдары, Мысырға сұлтан болған (И.М.Фильштинский. «История арабов и халифата 750-1517 г.г.).
Монғолдардың араб жеріне қосымша жіберген әскерін сұлтан Бейбарыс бастаған мамлюктер 10-желтоқсанда Хомс түбінде тас-талқан етті. «Туған жері – Арқаға оралуды ойлаған наймандардың бір бөлігі жолшыбай Арменияға соғып, Хетум патшаның қошеметін көрген» – деп, өзінің «Армения тарихында» жазған тарихшы Киракос Гандзакеци (1200-1271 ж.ж.): «Құтыз сұлтанның әскерінен 1260 жылы жеңіліс тапқан Ұлы қолбасшы Кетбұқа өз ортасында зор құрметке ие еді», – деп Ұлы ноян туралы естелік қалдырған.
Тарихшы М.Тынышбаевтың еңбегінде наймандар Ұлы Жібек жолымен жүріп отырып, Хорезмге жетіп, 1320-1330 жылдары шайбандықтарға қосылды деп жорамалданады. Сол наймандардың ұрпақтары Жолым би, Құлмұхамед би, Қобыз-Найман, Назар би, Ахметәлі-аталық, Шахғазы би, Жалмұхамед би өзбек жерінде билік жүргізді деп көрсетілген. Шахғазы би дүрмен еді делінген. Бұл ру Ұлытау өңіріндегі Бағаналылардың Ақтаз тайпасының құрамында бар.
Өзбек хандығындағы тақ таласының салдарынан наймандар да жапа шегіп, 1625 жылы Сыр бойын жағалап, Арқаға түбегейлі қоныс аударады (М.Тынышбаев).
Бұл – Бағаналы наймандардың Ұлытауға екінші келуі болатын.
Осы наймандар алғашқыда «Кетбұқа руы» деп аталған. «Кетбұқа –– Орта жүз, Найман тайпасының руы. Ол көбінесе «Бағаналы» деген атпен мәлім» (ҚСЭ., V том, 406-бет).
Бағаналыларды Ұлытау өңіріне қоныстандырып, Ақ Орданың (кейіннен – Алтын Орда) шаңырағын Жошымен бірге көтеріскен Ұлы баһадүр, Ұлы би, Ұлы жырау Кетбұқа бабамыздың ел тарихындағы өнегелі өмірі жан-жақты зерделеніп, әділетті бағасын алып, бүгінгі уақытта да, келешекте де ұрпаққа ұлағат боп қалуға тиіс. Бұл бағыттағы игілікті істердің бірі Жезқазған қаласында Ұлы Даланың Ұлы перзенті Кетбұқаның кемел тұлғасына лайық ескерткіштің орнатылуы болар еді деп ойлаймын.
Тоғанбай қажы ҚҰЛМАНОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
КЕТБҰҚА БАБА
Ұлытаудан аққан тарам-тарам өзен суы әлемнің қай тарапына қаншалықты жетсе, ұландары да сонша шартараптарға барып, Кетбұқадай абызға тартып, ел есімін ұлықтады. Реті келгенде айта кетерлік бір жайт, Кетбұқа баба есімі халық қалыптасқан, яғни ауыз-екі айтылу ретімен қазақи ұғымға лайық «Кетбұқа» болып қала бергені жөн. Әйтпесе, кейінгі кезде «Кетбұға» болып қалыптасу етек алып барады. Бұл біріншіден, ғалым Л.Гумилевтің жазуына сай бейімделуден басталса (ол жарықтық және сол сияқты шетелдік ғалымдар қазақта «ғ» әрпі барын, өзіндік тұлғалар қалыптасқанын қалай ескере берсін, қайта долбарлап келтіргеніне шүкіршілік қой), сондай-ақ, М.Тынышбаевта да (оны да бір білгіш «әріптен қаріпке» түзеткен шығар) сол сияқты әріп қатесі ғой: «Кетбұқа – аңыз бойынша көне замандағы қазақтың ең ұлы абызы...»
Екіншіден, ғылыми тілде сөйлетуді қолайлы көргендіктен әрі көнеге бет алдыру үшін қажет-ақ шығар. Бірақ, ол «жатжұртқа иек артсақ, жаман болмаспыз» деген кешегі кеңесшілдерге еліктеу сияқтанып тұрады. Ғалым Тұрсын Жұртбай: «...киелі хайуанаттардың атын кісінің есіміне қосып айтатын ежелгі түркі дәстүрі бойынша «Кетбұқа» атанды» [16].
Сонымен қатар, шет елдіктер қазақтың қазіргідей дербес мемлекет, тәуелсіз тұтас ел болғанын, онымен қоймай, әлемдегі жетілген елдердің алдыңғы санатында болуға ұмтылған қарқынды қимылына іші жыли қояр ма? Осыны неге пайымдамаймыз? Қазақ халқынан шыққан ұлы тұлғаларды, ғалымдарды, ойшылдарды, шет елдегі билеген кемеңгер басшыларды оп-оңай мойындап, атағы әлемге жайылған данышпандарымызға мойын ұсына қояр деп елді несіне алдарқатамыз? Одан да, елдігімізді нығайтатын кез келген шарапатты іске қолдау жасап, ілгері алып кетуге талпынуымыз керек қой. Ендеше, сондай бір игі істегі – «Кетбұқа бабамызға ескерткіш орнату» қажеттігін «Қазақ әдебиеті» газетінде көтерген Алдияр Әубәкіровтің бастамасы құптарлық:
«ХІІ ғасырдағы бірден-бір кемеңгер қолбасшы – Кетбұқа», – деп жазады Л.Гумилев (Л.Гумилев. «Черная легенда» кітабы, 56-бет). Мәмлүктер соңғы демдері қалғанша шайқасуды жөн көрді. Себебі, құлдықтың қамытын киіп, құл базарларында жанды мүлік есебінде тұрғанша, өлгеніміз артық десті. Әскери таланттылығы жағынан қыпшақ ұлдары Құтыз бен Бейбарыс Найман Кетбұқамен дәрегейлес болатын.
1260 жылы жазда моңғолдың Сириядағы билеушісі Кетбұқа ноян отыз мыңдай жасағымен (20 000 қиралас, 10 000 ғайтон) Баалбекте қауіпсіз жағдайда тұрады.
«3 қыркүйек 1260 жылы, – деп жазады Л.Гумилев, – Кетбұқа моңғол атты жасақтарымен және қосымша армян, гүрші ғаскерлерімен Айын Жолыдты Назарет түбінде қарсы алды».
Ұлы бабамыз жайлы жазуда қазақ қаламгерлері де қарап қалмады. Т.Жұртбаевтың «Дулыға» (ІІ том) «Кетбұқа», М.Мағауиннің «Қобыздың сарыны» кітаптарында және зерттеуші ғалымдар Шәкәрім Құдайбердіұлы, М.Тынышбаев, А.Сейдімбеков, т.т. еңбектерінен айқын аңғарамыз.
Спорт және туризм академиясының ректоры, зерттеуші ғалым К.Закариянов «Тюркская сага Чингиз хана» деген еңбегінде «Атақты қолбасшы Кетбұқа есімі мәңгілікке Наймандар шежіресінен Елбасшысы ретінде (ұраны – Жарылғап) ойып тұрып орын алады (К.Закариянов «Тюркская сага Чингиз хана», 73-б.). М.Оразбай жазбасына сілтеме жасап (225-б.), қолбасшы Найман Кетбұқа Шыңғыс ханның немерелері, кіші ұлы Төленің балалары Құбағұл мен Құбылайдың дәріскерлері әрі тәлімгерлері ретінде көрсетеді.
Әлемдік энциклопедияларда және интернетте Кетбұқа бабамыз жайлы мағлұматтар көптеп кездеседі. Алайда, қайда жерленгені туралы ешқандай дерек жоқ. Қалам ұстап отырған бұл пенделеріңіз де соңғы жиырма шақты жылын осы жайтқа арнап, бұл күндері ақиқаттың ақ арқанының бір ұшын ұстағандай.
Сөйте тұра, неге екені белгісіз, мәз біреулер «Кетбұқаның әкесі Жошы маңындағы көне мазардағы Домбауыл» деген долбарды тықпалап жүр. Оның негізсіз екенін, әрі Домбауыл туралы ой-тұжырымымды, яғни ол мазардағы тұлға Түрік қағанатының үшінші қағаны Мұқан болуы мүмкіндігін «Имандылық кеңістігі» кітабымда таратып жазғанмын. Мені елең еткізген деректің бірі – Камал Абдрахмановтың «Хан батыры Қаракерей Қабанбай» деген кітабындағы Кетбұқа ноянның Израил елінің тарихынан орын алғаны. «Мұса пайғамбардың мінәжатханасында ап-анық, айқын да ашық түрде «1249-1260. Кетбұқа» деп жазылғаны, яғни он жыл сол елде билік жүргізгені (Камал Абдрахманов. «Хан батыры Қаракерей Қабанбай» кітабы, 31-бет).
«Жоғарыдағы зерттеушілердің еңбектеріне жетпіс-сексен пайыздан сілтеме жасай отырып, менің аңғарғаным – Бағаналы (Терістаңбалы) ұрпақтарының Ұлытау өңірінде, Ұлан ауданында, Семей қаласында (Жоламан бөлігі) және Төртқара Бесқарағай ауданында тұруы, ғұмыр кешулері. Бұл деректер ақ патшаның офицері Андреевтің жазбаларында да бар. Кетбұқа Терістаңбалы ұрпақтары жайлы өзінің «Присоединение Казахстана с Россией» деген еңбегінде Краф та жазған. Енді мен Найман атамыздың басқа руларына көңіл бөлмей, тікелей таңбалап көрейін. Найман – Домбауыл, Кетбұқа, Мәмбет, Рысқұл, Ақтана, Ақтағыс, Боқбасар, Шоқай, Күшік, Көжек, Қожагелді, Есіркеп, Жарылғап, Айтқұл, Сарықұл, т.б.
Терістаңбалы ішінде «Жарылғап» ұрпақтарына ұран болған, ту ұстап, тұлпар мінген батыр. Осы Терістаңбалы, Жарылғап, Айтқұл, Сарықұл – жиыны елу алты адам – Әбілхайыр ханмен бірігіп, 1738 жылы (4-6 тамызда) Ресейге қосылуға келісім жасасып, қол қойысқан.
Назарет қаласы, мен онда болған емеспін. Бабамыздың қай дінде болғанын білмеймін, білгім де келмейді. Менің білетінім – Кетбұқа ноянның сол маңда, біріншіден, қазақ халқының әрі Найманның мүддесіне деген сенімі үшін, екіншіден, сол шақтағы моңғол қағанының мақсаты үшін шәйіт болғандығы. Ол – жат елде билігін емін-еркін жүргізген жалғыз бабамыз. Бейбарыс Кетбұқа нояннан кейін сұлтан болған (К. Абдрахманов. «Хан батыры Қаракерей Қабанбай», 30-бет). Менің ойымша, Өскемен, Астана қалаларында бабамызға ескерткіш қойылу керек-ақ («Қазақ әдебиеті» газеті, «Кетбұқа Ноян жайлы бірер сөз», Алдияр Әубәкіров, Шығыс Қазақстан облысы, Ақсуат ауылы, 28.08.2009 жыл, 11-б.).
Осы жерде тағы бір мәселенің ұштығы шығып қалады. Ол – Кетбұқаның бабалары Бағаналы мен Балталы жайлы мәселе. «Егемен Қазақстан» газетінде «Махаббат мұнарасы» деген мақалада философия ғылымдарының докторы, профессор Ғарифолла Есім «Балталы, Бағаналы» ұғымы туралы түсінікке мынадай пікір айтады: «Екі қыз – Ай мен Таңсық неге өздерінен қалып бара жатқан елді «Балталы, Бағаналы» деп атаған? «Балталы, Бағаналы» жер аты емес, елдің өмір сүру формасының образы. Бұл жерде тұрмыс киіз үй емес, ағаштан салынған, ағаш дуалы бар үйлер көп болған. Балталап, боратып, ағаштан үй салу, оның ауласын тік бағаналармен қоршауды қыздар «балталы, бағаналы» деп образға айналдырған. Мәселе – үй салудың технологиясында. Балталап үй салу дәстүрі көшіп келген, Аягөзде болмағанға ұқсайды. Бақалы, Балдырғанды ел дегенге келсек, ол туралы жоғарыда В.Трепавловтың еңбегінде айтылды (108-б.). Ембінің (Жемнің) Су аяғы құрдым деген аумағында таяз Ақкөл, Қаракөл деген болған. Саяз көлдерде бақалардың, балдырғанның мол болатыны белгілі».
Бірақ, Ұлытау төңірегін мекендеген, сонау Жем, Жайық өзендерімен қоян-қолтық араласып жатқан жалпақ ел – Бағаналы мен Балталы елінің тарихтан алынып тасталуы қалай болмақ? Жырдағы оқиғаны қисса еткен ақынның бірі Жанақ Жайлыбайұлы осы елдің өкілі ғой. «Ол Сарыаталық, Тауасар руынан шыққан, Ұлытаудан көшіп, Аякөздегі Сыбан Наймандарға барып тұрып қалған» [17]. Сондай-ақ, Ақселеу Сейдімбековтің «Күңгір-күңгір күмбездер» атты зерттеу еңбегіндегі «Жауыртау... Жоқ, Теміртау» дейтін тарауы осы «Қозы Көрпеш – Баян сұлудың» жүріп өткен жер атауларының сырына арналған. Онда: «...Халық өзі ат қойған атамекенінің атауын өзі ғана өзгерте алады...» деген сөз бар [18]. Тарақты Ақселеудің «Балталы, Бағаналы ел, аман бол» шежіре-зерттеу кітабында да нақты дәйектеме ретінде келтірілген мұрағаттық құжат та бар: «Төрт Төлекетайдың ұрпақтары қазір Семей, Жетісу өңірінде... Сөйтіп, Кетбұқа мен Келбұқа ұрпақтары Ұлытау мен Шу өзенінің арасын ертеден қоныс етіп келеді» (Материалы по киргизскому землепользованию, 9-том, С.-Петербург, 1905 г.). «Мәселен, Шығыс өңірінің шежіресінде Бағаналыны Сүгірші ұрпағынан таратады. Ал Ұлытау төңірегінде тараған шежірелерде біраз айырмашылық бар», – деп анық жазылған (Тарақты Ақселеу. «Балталы, Бағаналы ел, аман бол», шежіре, 93-94 б.б.). Мұндағы талассыз жай – Қарабай мен Сарыбайдың Орта жүз бен Кіші жүзге ортақ кейіпкер екендігі. Сондықтан оны әркім өзіне етене жақындастыру қамына кірісіп, онсыз да өмірден аз құқай көрмеген елдің береке-бірлігіне дүрбелең тудырмауын ескерейік.
Енді жоғарыда келтірілген Қаныш Имантайұлының «әлгібір сөзіне» қайта оралайық. Онда «шежіреге сүйенсек» деген сөз қыстырғаны анық аңғарылады, демек, шежіренің бір тармағындағы оқиғалар, Найманның тарихы – сонау Ноғайлы заманынан да әрі жатқанына жол сілтейді. «Найман елі – Қытай тарихында ХІІІ-ІХ ғасырда белгілі болған. Оқыран өзенінің басы Мұңғолдан Ертіске дейін қоныстанған. Найман руының алғашқы патшасы Нарқыш Таян, Инаш қаған, Бұқа хан, Табұға, Бұйрық хан және үлкен рулардың басшылары Тоқпан, Елата, Өкіреш, Кетбұқа, Төлекетай, Сүгірші болған», – деп жазады («Найман Қаракерей Жаңбыршы руының шежіресі» кітабынан, Алматы, 2001 жыл). Сондай-ақ, мұнда Найман-Төлекетай-Қытай- одан Төртуыл, Қаракерей, Сармырза, Матай, Садыр туатыны көрсетілген. Сол сияқты, онда келтірілген деректе Найман атаның Құлманай деген жиырма жасар баласының он бесінші ғасырда қайтыс болып, Қызеней анамыздың ақылды шешімімен бүгінгі ұрпақтың аман қалғаны айтылады. Алдын ала кешірім сұрай отырып, Шәкәрім қажының «Шежіреге несіне таласасың?» дегеніне біз де тоқтаймыз, десек те, әлгі бір сөздердің қисынға келетін-келмейтін тұстарына қисынды пікір білдіре кетпекпіз. Пікір талас көбіне «Найман ру ма, әлде тайпа ма, әлде патшалық па?» дегенге саяды. «Найман тарихы ілгеріректен бе, әлде баласы қайтыс болғаннан соңғы тірліктен ғана бастала ма?» деген сауалдар төңірегінде өрбиді. Пікірталастың өзі осыған орай әрқилы құрастырылады. Егер ХV ғасырда тоқсандағы Найман атамыз Қызеней анамызды алып, одан туған бала он жетіге толғанда оны Жезетек анамызға әперіп, Сүгірші туса, одан Төлекетай ұрпағы өсіп-өнсе, уақыт қай кезеңге келіп қалғаны? 1185 жылы туған Кетбұқа атамыз қайда қалды? Қайсыбір деректерде кезігетін Қаражал-Жәйрем төңірегіндегі Қытай атамызды қай кезеңнен іздейміз? Бағаналы мен Балталыны қай ғасырға телиміз? Осы ретте тағы бір ой қылаң береді. Ол бір көрмеге момақансып теңіздей толқыған ойнақы дүние осындайда тұңғиық екенін аңғартып алды. Ал біз оған имандай сенеміз. Шындығында, бұл фәниді бекерден бекер жалған деген бе?
Орайы келгенде Бағаналыдан тарайтын Қожас тұқымы жайлы бір әңгімені де ортаға сала кетейік. Әрідегі Түркі қағанаты кезінде Қаптағай бабамыз бен оның балалары өмір сүргенін тарихтың өзі баян етеді. Елі үшін еңіреп туған Еділ патшаның (Атилла) Ұлытаудан аттанғанда әскерінің оң қанатын Ойбас батырға, сол қанатын Қаптағай батырға басқартқаны жайлы деректердің көп ұзамай-ақ ғылымда өз орнын алар кезі алыс емес. Қыпшақтың ұраны – «Ойбас», Найманның ұраны – «Қаптағай» екені, ел ішінде «Ойбайласам, Құдай жоқ, Ойбастасам, Қыпшақ жоқ» деген сөз барын көпшілік қауымның білетініне күмәнданбаймын. Еділ кезеңіне көз жүгірткен жан «Гүн державасының «Құдайпатшасы» – Еділ батырдың (оның шамамен 410 жылдары туып, 453 жылы) Бургунд королінің қызы Илдионаның қолынан қастандықпен қаза болғанын біледі. Француз тарихшысы А.Тверри «Атилла тарихы» атты еңбегінде Еділді былайша жоғары бағалайды: «Атилла есімі адамзат тарихындағы ұлы адамдар – Александр Македонский мен Юлий Цезарьдің қатарынан орын алады». Ендеше тарихымызды тарылтып, шежіре өрісін тым келте қайырмайық. Ол – кең сахарада елеулі орны бар Ұлы халықтың өмірі. Демек, осыншама кең байтақ қазақ даласын ұрпағы үшін жанын қиып қорғаған ұлы бабалардың өмір жолы. Мұнда олардың табан ізі мен өнегелі іс-қимылы тұнып жатыр. М.Тынышбаев, Н.Мыңжанұлы және Т.Жұртбай: «Кетбұқа – теріс таңбалы Найманның ноқта ағасы» десе, Н.Мыңжан: «Кетбұқа – найманның ел көсемі, ел атасы және Байбұқа мен Бұйрық (Бүйрек), Күшілік ханның әкесі Инанғ-Білге-Бұқа қағанның тұсында өмір сүрген әйгілі Құба тегін жыраудың шәкірті», – дейді. Ш.Әбеновтің «Қорқыттың қобызы» кітабындағы: «Құба тегін Қорқыттың қобызын ұлы күйші Алтайда жүргенде мұра еткен адам деген аңыз бар» дегеніне назар аударсақ, Қазақ Совет энциклопедиясының 8-томында: «Найманның ХІІ ғасырдың аяғында өмір сүрген ақыны Құба тегін «Наймандар осы Инанғ-Білге билік еткен кезде гүлденіп өсті, қарақытайлардан бостандықты жеңіп алды», – деп жырлағанын жазады. «Моңғолдың құпия шежіресінде» Кетбұқаның жыраулық қасиетіне, мақалдап сөйлейтін шешендігіне назар аудара келіп, оны Тоныкөк абызбен байланыстырып, «Түркі қағанатының данагөй абызы Тоныкөктің он алтыншы Тата Тұнға найманның Таян ханына ақылгөй бас уәзір әрі хатшы болғанына тоқталады. Кетбұқаның кеңесімен Жошы ханның әкесі Шыңғыс ханға ашық қарсы шығып, өз билігі тұсында елге еркіндік бергені тарихтан белгілі. Мұны, кәне, тарихи кезең емес деңізші?! Ақтаз ата болса, Найман бабамыздың түп аталарының бірі болуы мүмкін екендігін жазғанын Әлкей Марғұланның еңбектерінен көпшілік о бастан-ақ құлағдар.
Найманның шөпшегі саналатын Ұлан батырды айтпағанда (Ауғанстан жерінде ұрпақтары бар дейді), белді ұрпағының бірі – Төлекетайдан тарайтын, Матайдан туған Қаптағайдың елеулі тұлға болғаны жиі ауызға алынады. Найманның ұраны «Қаптағай» екені белгілі, тегін адам руға ұран болмасы тағы бар. Ал бағаналылықтар жауға «Қаптағайлап» шабатынын ескеру керек. Құланбай Қыпшақбайұлы «Сандыбай» атты жыр толғауында:
Руға ұран болған Сандыбайым,
Аямай берген бағы бір Құдайдың.
Балталы, Бағаналы – нәсілі Найман,
Пір тұтқан елдері едің Қаптағайдың.
...Жерлерде екіталай ерегіскен,
Пір тұтып, көмек күткен Қаптағайдан.
...Сандыбай аттанғанда «жатқан» жауға
Шапқанда асуы жоқ асқар тауға,
«Қолда, – деп, – Ер Қаптағай, батыр бабам»,
Сиынған медет сұрап Қаптағайдан, – деп толғайды.
Ақын Құланбай Қыпшақбайұлы – Бағаналы, Қожас атадан тарайды, Елтүзердің тікелей ұрпағы, Байназар руынан шыққан. Жырдағы Төлек батырдың баласы Сандыбай (аға сұлтан Ерденнің әкесі) Елтындыдан тарайды. Демек, ақын – Елтүзердің, батыр – Елтындының тікелей ұрпағы. Екі шалдың баласы. Ендеше, олар көненің көзі бола тұра, сыр білмеуі мүмкін деуге ауызым бармайды. Сонымен, Қапшағайдың үшінші ұлы – атақты тарихи тұлға Ертарғын («Батырлар жырындағы» Ноғайлы заманының белгілі батыры). Жоңғар батыры Домбауылды жекпе-жекте жеңіп, он екі күн қырғын салып, жауды жайпаған Ертарғынның келбеті жырда былайша сипатталады:
Күн шыққанда қараса,
Болған екен тамаша.
Қырылып жауы батырдың,
Өзі қапты оңаша.
...Қара Ноғай биіне
Аман-есен келеді,
Ханы, биі, мырзасы
Иіліп сәлем береді.
Осы жыр желісін нанымды баяндайтын қариялардың айтуынша, мерейі тасып, жауды жеңіп, Қырымның ханы Ақша ханның қызы Ақжүніс анамызды алып, елге оралғаннан соң, Ақназар деген ұл сүйеді.
Сол Ақназардан туған екі бала – Елтүзер мен Елтынды, шежіре бойынша, Қожастың әкелері. Демек, Ақселеу ағамызда айтылған аңыздың толық нұсқасы осыған саятын тәрізді. Ендеше, олжаға қалған Аққыз апамыз – Ақназар баласы болса керек, яғни Қырымның ханы Ақша ханның жиені, Ақжүніс анамыздан туған болып шығады. Оны іздеп барған інісі – Елтынды, яғни Ертарғын батырдың немересі.
Бірақ, мен бұл тұстан төре тұқымына қиылысар (бұл – төре болудан қашқалақтап, сылтау іздегендік емес) еш себеп-салдар таппадым, яғни Ежен ханға ұрпақ болар деректі атаған жанды кезіктірмедік. Қазақта айтылатын Ноғайлы елі – Ескі Ноғайлы – Алтын Орда, кең мағынада қарастырылса, Жошы ұлысы. Кейінгі Ноғайлы – Ноғай Ордасы (Маңғұрт жұрты), Үлкен Ноғай, Кіші Ноғай, Қырымлы Ноғай болып бөлінетінін еске сала кетейік. Тарихи деректерде кезігетін Ноғай Ордасы билеушісі Жүсіпке, сондай-ақ, Қазақ ханы Хақназарға қатысты (1548-1549 жылдарды қамтитын) әңгімеден кейде қазақ жыраулары тарихи батырлардың соғысын «қызылбасты», «қалмақпен» ауыстырып жырлайтыны барын байқадық. Ауызекі тілде желдей жүйткитін әңгіме тарихи дерекке келгенде тұсалып қалатыны бар. Сондықтан ғылыми еңбектерге жүгіне отырсақ, тарихтың қай тұсына соғарымыз белгілі болмақ. Сонымен Ер Тарғын батырды қай кезеңге жатқызамыз? «Алтын Орда ыдыраған кезде «Ер Тарғын», «Орақ Мамай», «Ер Қосай» сияқты тарихи батырлар бейнесі халықтың ерекше құрмет тұтатын тұлғаларына айналған» [19]. Нақтысы, Ер Тарғын батыр – Алтын Орда ыдыраған кездегі танымал тұлға. Тарихтан белгілісі Шыңғыс хан өзінің жаулап алған аумағын балаларына бөлгенде, Жошыға тиесілі – Жошы ұлысы атанды. Ол оң және сол (Жошының үлкен ұлы Орда Ежен басқарды, Дешті Қыпшақтың шығыс бөлігінде билік жүргізді) болып, екі әскери қанатқа бөлінді. Кейін Батый жері – Алтын Орда, Орда Ежен жері – Ақ Орда атанды. «Ақ Орданың жері Ертістен Сырдарияның орта ағысы Сауран қаласынан Аралға дейін, Ұлытау өңірі, Сегіз ағаш, Қараталдан Түйсенге (Тюменге) дейінгі аймақтар мен Жент, Баршынкент қалаларын қамтыған» (С.Жолдасбайұлы. «Ежелгі және орта ғасырдағы Қазақ елінің тарихы», 230-б.). Сөйтіп, Ақ Орданың салтанат құрған уақыты 240 жылға жуық мерзімді алады. ХІV ғасырдың екінші жартысында Ақ Орда біржола Алтын Ордадан бөлініп, Орыс ханның тұсында мүлде оқшауланады. Бірақ, тарихтағы Жошының үлкен ұлы Орда Еженнің де, Ақ Орда ханы Сасы Бұқаның баласы Ерзен ханның да (В.В.Бартольдтің «Аноним Искендира» атаған Муин ад-дин Натанзидің кітабында да Ерзен де өте діндар адам болған деседі) Қожас баласына уақыты сәйкес келмейді. Ерзен хан Отырарда, Сауранда, Жент, Баршынкент, т.б. қалаларда мешіт салдырған, Сығанақ қаласында жерленген. Сандыбайдың Ердені олардың құрметіне қойылған ба, жоқ па? Ол басқа әңгіме.
Сонымен, көңіл тоқтатар нақты дерек, яки тарихи шын әңгіме болса, Қаныш Имантайұлы бертіндегі бір мақалаларында кеңейтіп баяндар еді, біз де бір қараға ілігер едік. Демек, сөз астарын «өзің аңда» деп, сірә, бізге арқа сүйеген тәрізді. Сол себептен де ол сайқал саясат құрығына кімдер іліккендігі жайлы мағлұмат бергенге ұқсайды. Бұл мәселе туралы біздің іздестіріп білген айғағымыз осы. Негізі сөзді «тисе – терекке, тимесе – бұтаққа» деп айта салу зор күнә! Ол елдің ынтымағын бұзады. Қай тарихты салаласақ та, Қожас балаларының атамекені Ұлытау төңірегінен бастау алады. Олар сол өңірде өсіп-өнген!
Достарыңызбен бөлісу: |