Абыз тұЛҒА, АҢыз тұЛҒа кетбұҚа жауапты редакторы



бет11/15
Дата25.12.2016
өлшемі4,04 Mb.
#5232
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   15

IІ Б Ө Л І М

Б е с і н ш і к ө р і н і с
1251 жыл. Онон жағалауы. Ұлы қағанның уақытша Ордасында Мөңке жалғыз. Таққа сүйене, ойланып қалған.

Мөңке.

Жасын ата жауардай түйіліп келген қара бұлт қалайша оңай тарқады?.. Сыры неде?.. Ұлы қаған ұрпағының ішінде осы таққа отырудан ұрлана үміт етпегені бар ма еді?.. Жоқ қой, жоқ! Кеше де, бүгін де!.. Бірақ бәрі Ұлы Боғда қағаннан қалған тақтан бас тартты?!. Қандай сыр бар бұл жерде?.. Қатерлiсi Бату еді, ол да менің ығытыма жығылды. Тіпті Ұлы билікке жанталаса ұмтылған Күйіктің басын алып, маған жол ашқан да – сол! Бату! Ол неге бейіл бере қалды?.. Әлде... «Соғыссыз таңы атпаған Күйіктің жанын алғанда, сенің жаныңды алақанда ойнату өз қолымда» деген емеурiн бе?!. Сенері кім сондағы?.. Кім?!. Бауыры Берке ме?.. Әлде Құбылай ма?.. Құбылай!?. Жоқ, мүмкін емес! (Оқыс) Кетбұқа! Кете ноян! Екі түмен сарбазы қашанда сақадай-сай тұратын Кете ноян! Ұлы Боғда қағанның алдында айыл жимаған Кете ноян! Жошыны жолдан тайдырып, қаған әке қаһарына қарсы қылық танытардай тарпаң мiнезге баулыған да – осы, Кетбұқа! Жиырма бес жыл бойына Батудан ірге айырмай, қосынын қатар қондырып, қоңсыласа жүргенде, діттегені басқа оның! Қатер ол! Қатер!.. Бату ханның өзі де түптен тартқан жылым ойлы Кетбұқаның жетегiнде жүрмесін!.. Ұлы Шыңғыс қағанның өзі шырғалап ұстауды қош көрген жоқ па оны?! Кетбұқа – қатер!.. Айыру керек! Бату мен Кетбұқаны айыру керек!



Құлағу келеді.

Құлағу.

Жаһангер Шыңғыс ұрпағына лайық қарекет қылдық бұл жолы! Разымысың, Ұлы қаған?



Мөңке (астарлы).

Атамыздың тағына лайық мұрагердің бірі сенсің, Құлағу!..



Құлағу.

Тірлігімде алдыңды кесе қоймаспын, алаңдама, бауырым!



Мөңке.

Сенемін, сенем! Төле қаған ұлдары біріне-бірі қас қылмасын білемін. Бірақ бізден басқа да Шыңғыс қаған ұрпағы жер басып жүр. Ұмытпа! Қанымыз бір болса да, қамымыз бөлек. Қарындастың бүгінгі қабағына мәз болмай, қарекет қылмақ жөн шығар!



Құлағу.

Қарекет дейсің, қарекет!.. Жер қайысқан қолменен Құбылай кетті Шығысқа! Суретке сиынған Құбылай пұтқа тәуәп еткендердің етегін түре қуалап, Ұлан дарияға тірідей ағызар! Құтырынған бурадай буырқанған Құбылай хас дұшпанның қанына ат суармай тоқтамасы ақиқат! Қарекет деген осы емес пе! Осы ғой!



Мөңке.

Оның рас. Құбылайдың қаһарына іліккендер шыбын жанын қоярға жер таба алмай, жаннан кешер өздері-ақ!



Құлағу.

Батысыңды Бату жайғады! Қазір мен аттанамын! Күншығысқа құнжыңдап, топыраққа тоңқаңдаған мұсылман біткенді мұрнынан тізіп, қойша айдармын күні ертең!



Бату мен Кетбұқа келеді.

Бату.

Арындамай, ақылға салған жөн болар. Аптықпа, Құлағу! Әміршілерінің алауыздығы таусылмайтын Димашық пен Бағдатты алуың оңайлау тиер! Алайда көз ашқалы көргені соғыс болған Мысыр көндігерлерін бағындыру осал соқпас!



Мөңке.

Бұл не сөзің, Бату!? Құлағудың айбар-даңқы асып кетер деп қызғанудан саумысың?!.



Құлағу (шарт етіп, Батуға).

Абыройым асар болса, аспанға қол жайып тілеу етіп алмаспын! Алдаспанның жүзімен, көк сүңгінің ұшымен қан шайқап жүріп алармын! Кесе тұрма жолыма! Кесірге жазып жүрерсің!



Кетбұқа.

Құлағу ноян! Сабыр ет! Бату ханның айтқаны – жанашыр аға ақылы. Мұсылмандар жұртына жасалар жорық алқындыны көтермес! Алды-артын бажайлап, келеге сала отырып, асықпай әзірленген абзал.



Құлағу.

Ажалыңнан басқаның тез тынғаны абырой!



Мөңке.

Жөн айтады Құлағу! Айбарынан ай жасқанған алдаспанға мұсылман не, кәуір не?! Бәсi біреу бәрінің – қара басы қарынына бағынған, шуылдаған көп қарға! Көкті тілген қыранның көлеңкесі-ақ жетеді шыбын жаннан бездіруге оларды!



Бату.

Ықты-жарға қарамай, асыға аттанғаныңда, алдыңнан күтіп алары – абыройсыз ажал болып жүрмесін!



Кетбұқа (Батуға).

Албырт жастық аңғырт келмек. Сабыр айлаңыз, хан ием!..



Мөңке (мән бере).

Кемеңгер Шыңғыс бабамыз «Қабақ бағар қарашым» деп қомсынбай, Сүбедей мен Жебенің қатарында қадірлеп, «Нояным» деп зор тұтқан Кете ноян сабырға шақырады... Арыныңды бас, Бату қаған!



Құлағу (Мөңкеге ілесе).

Иә, иә.., Кете ноянды тыңдайық, Бату ноян!



Бату (ашуын ірке).

Кетбұқаның кеңесінің жаны бар. Өгей жұрттың жоғын жоқтап, сойылын соғып жүргенін мұңғұлдардан көретін Мысыр көндігерлері бұрын-соңды кезіккен дұшпаныңның бірі емес. Өз ішінде біріне-бірі иілмей, қалт кеткеннің мойнына қылыш үйіріп жатса да, жат жұрттық жау қолына бірін-бірі бермейді. (Құлағуға қарап) Мендік мақсат – атақ та емес, даңқ та емес! Ұға білсең, ағайынның дәрібіне алданбай, түпті көзде! Даңқ – түпте! Түпте! Ұлы Боғда бабамыз бәрімізге аманатқа қалдырған арманға қол жеткерсек, абырой да, даңқ та сол, мен үшін!



Мөңке.

Жалғыз сен ғана емес, бәріміз үшін де!.. Бәріміз үшін, Бату! Бүкіл Шыңғыс қаған ұлдары үшін!..



Бату.

Олай болса, қаржасудың қажеті қанша дәл қазір?!



Мөңке.

Бізге қояр кінәң не? Әлденеден есең кеткен адамдай, ығырта келген өзің ғой!..



Құлағу (Батуға).

Төле қаған нәсілін төмен тұтқан түрің бе?! Шаңырақтың түп иесі Төле екенін ұмытпа! Төлеңгітің біз емес!



Кетбұқа (Мөңкеге).

Уа, Ұлы қаған! «Тозған қаз топтанған қарғаға жем болады», тоқтатсаң етті егесті!



Мөңке (Кетбұқаға).

Арыстандай ерлердің әзілі де сырт көзге қан майданмен бара-бар. Алаңдама, Кетбұқа!..



Құлағу.

Ағайынды-қарындас керіске барса да, теріске бақпайды. Көлденеңнен килікпей, аңысын бақ та, артын күт!..



Бату (екеуіне).

Айналып келіп сыртқа тебе берердей, Кете ноян не жазды? Жатыры бөлек демесең, жат мінезін көрген жерің бар ма еді?



Мөңке.

Атасына еркелемес ұл болмас, еркелікті көтергеннен көргенді ата құл болмас! (Батуға) Ұлы Боғда бабамыздың назары түскен Кетбұқа Құлағудың аталығы екенін қалай ғана ұмыттың, Бату қаған? Ата мен бала арасын алыстатып жол жатса, сол жолдың бір басында өзің тұрсың. Оны да есте тұтарсың...



Құлағу (Мөңкеге).

Сөз жығасын қай жағына қисайтқалы барасың? Бұлтаңдатпай, ашып айтшы бетіңді!



Мөңке.

Кешелі бері ойланып, (шамалы пауза) мұсылман жұртын бетке алар сарбаздардың тізгінін Кете ноян қолға алғанын жөн көрдім!



Құлағу.

Қылжақтама, Мөңке! Орда бұзар отыздағы кезі емес, сақалына сары шіркей балалар сәтін күтіп, күрсінумен күні озған кәріні қасыма ертсем, дұшпан түгілі дос күлер!



Бату.

Тіліңді бақ, Құлағу! Кете ноян атқа мініп, қарсыласқан дұшпанның қабырғасын қақыратып жүргенде, сен жылқының қабырғасын қажалайтын тісің шығып жетпеген тұлымдының бірі едің!



Құлағу.

Бұл жарлықтың түп–төркіні аңдалды!.. (Батуға) Аужайыңды байқадық!.. «Өзім болмасам да, көзім болсын» дейсің ғой! Жоқ, Бату ноян! Әлдекіммен бөлісер жартыкеш бақты қанағат тұтар мен емес, тұтасымды көпе-көрінеу жармалауға көне алман!



Кетбұқа.

Уа, Ұлы қаған! Уа, нояндар! «Құлақ асар жан болса, құлдың да айтар сөзі бар» дегенді қалай ұмыттың? Бөлісе алмай жатқаның Кетбұқаның басы болса, сөз тізгінін қолға бер!



Мөңке (жақтырмай).

Ұлы қаған жарлығы тезге түскен кез бар ма?!



Бату.

Бағзы күнде құдіретті Шыңғыс бабам кеңесіне ден қойып, Жошы әкеме Дешті Қыпшақ жеріне шеру тартқан күннен бастап серік болған Кете ноян сөзіне құрық салмай, құлақ асқан жөн болар!



Мөңке.

Бір-біріңді шапқа түртпей, шыдас берсең, несі бар? Тыңдайық Кете ноянды!..



Кетбұқа.

Ұлы қаған! Нояндардың сөздерінде шындық бар. Көк аспаннан жаралған Шыңғыс қаған бір кезде Жошыдайын тектіге ақылман ғып жіберді. Дешті Қыпшақ даласында меркіттерді талқандаудан басталған жол талай-талай қан майданда сыналды. Сыналды да шыңдалды. Ақылманнан ағайынға айналдық. Жошы қаған қол астына қараған қалың елдің тұрағын қайырлы жұрт жасауға ниеттенді. Сол ниетпен Сығанақты кіндік шаһар жасадық. Ұлытау мен Кішітауды жайладық. Бөрі басты, қыл құйрық ту көтеріп, Орда тіктік. Соның бәрін бастан бірге өткердік. Одан бергі өмірім Бату қаған қасында өтіп келеді. Бату қаған бас болған жорықтардан қалыс қалған кезім жоқ. Енді бүгін, Құлағу ноян айтқандай, кәрілікке тірелдік. Ол да шындық. Қартайғанда Құлағудай ноянның ерлігіне еншілестік еткенім ерсі болар. Сақалға ақ кіргенде, Құлағудай жас арыстанмен жарысқаным жөн болмас. Бату қаған қош көрсе, атамекен жайлауыма оралам.



Мөңке.

Тірлік күйттеп, жан бағам де!..



Бату.

Кете ноян! Аспан куә, арамызда ала пиғыл болған жоқ. Бүгінге дейін бөлінбей, бүтін болдық. Мен айтар сөз – біреу ғана. Қасымда қалсаң – қойным ашық, қайтамын десең – жолың ашық!



Құлағу.

Мен айтар сөз де – біреу-ақ! Аталықтың ақылына зәру емен. Өз қолым өз аузыма әлдеқашан жетіп қойған...



Мөңке (шамырқанып).

Боғда бабам өсиетінен бұра тартып, әрқайсың әр қиырға жұла қашардай, сендердікі не сөз бұл?! Өсиеттен қасиет қашқан жоқ әзір! Кейінгіге қалғаны – аспан текті бабамыздың айтқанын бұлжытпастан орындау! Біліктің қанша болса да, билік – біреу! Білігің асып тусаң да, бағынасың билікке! Солай дейді Өсиет! Дүниеден көшкен Ұлы қаған Үгедейдің орнына Құрылтайдың құп көргені – Мен! Билік – менде! Айтқаным – айтқан! Жорық тізгіні – Құлағуда, әскер тізгіні – Кете ноянда! Жорыққа қамданыңдар! Сөз тәмам!



Кетбұқа бұйрықты ұққанын аңдата, болар-болмас бас иеді де, кетеді.

Құлағу Мөңкеге қадала қарайды.

Мөңке.

Бату қаған жорықтары шыңдаған екі түмен түркі қолы саған ереді. (Мән бере) Кете ноян қасыңда жүрсе, түркі жұрты түгелдей тілеулесің! Оны да ескер, Құлағу!



Бату.

Жадыңа тұт, Құлағу, қара тобыр қайыр күткен жәутеңкөз жетім сияқты. Маңдайынан сипасаң, мәз болып, қабақ түйсең жым болады. Кекшілдігі және бар. Бағынғанды бастан сипа, бағынбаса басын ал!



Құлағу ішкі ашуын тістене іркіп, суық жымияды.

А л т ы н ш ы к ө р і н і с
1260 жыл. Мысыр.

Бейбарыс, Аға-Шахин. Екеуі де іштей алаңдаулы.

Аға-Шахин.

Атабек Құтыз кешікті ғой?!



Бейбарыс үндемейді.

Аға-Шахин.

Қалай ойлайсың, әмір, осы келісіміздің ақыры қайырсыз тынып жүрмес пе екен?..



Бейбарыс.

Іргеде мұңғұл тұрғанда, қастандыққа бармайды.



Аға-Шахин.

Құтызға сену – қашанда қауіпті! Күні кеше әмір Ақтайдың алдауыш сөзге арандап, ажал құшқанын ұмытқаның ба?!.



Бейбарыс.

Ақтай әмірдің өлімі Айбек сұлтанның бұйрығымен болған. Сұлтанына бағыну – атабектің міндеті!



Аға-Шахин.

Қолпаштаушы қауымы «Әл-малик әл-мансур» атағанға мәз болған балақан Әли сұлтан атын малданғаны болмаса, билік тізгіні Шажарадүр ханымда екендігін менен жақсы білесің. Шажарадүр билік үшін қойнындағы Айбек сұлтанды да аямаған.



Бейбарыс.

Ханымға менен келер қатер жоқ. Ол да мұны біледі.



Аға-Шахин.

Дегенмен де, Қалауынның қосынын ерте келген жөн еді!..



Құтыз келеді. Қасында Ибрагим қазы.

Құтыз.

Күтіп қалдың ба, әмір Бейбарыс? Қыр көрсету емес, мұңғұлдардан елшілер келіп, кідіріп қалдық. Мейманасы тасыған Құлағудың не жазғанын білемісің? (Ибрагимге) Оқы! Құдайын ұмытқан Құлағудың бізге, жау көрмесе жылаған көндігерлерге не жазғанын оқы!



Ибрагим қазы қолындағы шиыршықталған хатты оқи бастайды.

Ибрагим.

Сұлтан Әли, атабек Құтыз, Мысыр жұрты! Біліңдер! Біз – Көк аспанның қаһарынан жаралған жердегі жауынгерлерміз! Сендерге хат жазып, әділеттік сақтап отырмыз. Бұл – сендер текке қырылмасын деп ескерткеніміз, оятқанымыз. Бізбен соғысқандар өкінген, қарсыласпақ болғанның басы айрылған мойнынан. Алдымыздан кесе өтпей, жанына сауға сұрағандар құтылған. Бағынғанның басы – аман, тіршілігі – ырзықты. Біздің білеріміз – бағындыру, жердің жүзін азғындықтан арылту! Жылағанды аямаймыз, жалынғанға жан ашуды білмейміз. Дәл қазір сендерден басқа көздегеніміз жоқ. Қарсы келсеңдер – құрыдыңдар, өздеріңді өз қолдарыңмен құртпаңдар.

Алдарыңда жалғыз-ақ жол, ол – бас ию! Жауапты көпке созбаңдар, асығыңдар! Дабылдатып, атқа қонып қойған соң, бізден рақым таппайсыңдар! Бастарыңа бәле болып түсеміз, қонысыңда қаңыраған жұрт қалады!

Құтыз (Бейбарысқа).

Естідің бе?! «Бас и» дейді бізге! «Бағын» дейді! Көті майлы Салахуддин Юсуфтің қорқақтығы кесірінен Шам шаһарын ұрыссыз алғанға көңіліне жел кіріпті тас құдайлы мұңғұлдың!



Аға-Шахин.

Құлағудың қол астына берілген Шам ғана ма жалғыз-ақ?.. Бағдатты, Мияфарикин мен Насибинді, Хиран мен Раһаны, Бира мен Харимді қайда қоясың?



Құтыз.

Мейлі! Соларыңның бәрін қоссаң, бір Мысырға тең емес! Мен тіріде Мысыр бағынбайды!



Бейбарыс.

Елшілерге осы сөзді айттың ба?



Құтыз.

Жоқ! (Қылышын суырып алып) Мынаны айттым! Едіреңдеген елшілерді бастап келген қысықкөзді қақ айырдым! Қалғандарын көндігерлер жайғады!



Аға-Шахин (шошына).

Елшілерді өлтіру – шариғатқа қайшы емес пе, атабек?!



Құтыз.

Намысымнан жоғары қояр нәрсе жоқ! Тас құдайға табынған мың кәуірдің баласы мұсылманның тырнағына тұрмайды! Солай ма, Ибрагим қазы?



Ибрагим.

Әлбетте, атабек!



Құтыз.

Міне, (Ибрагимді мегзеп) менің шариғатым! Пайғамбардың жолын қуған ғұлама қазы Ибрагим!..



Бейбарыс.

Елшілердің өлгенін Әли сұлтан біле ме?



Құтыз (мысқылмен).

Әли сұлтан!?. Танауынан су көшкен боқмұрынды «сұлтан» деп!.. Мұңғұлдардың бет-ауызын көргенде-ақ, борбайын сулап қойған ол!..



Аға-Шахин.

Әли бала болса да, кешегі Айбек сұлтанның көзі емес пе? Тіл тигізгенің қалай, атабек?



Құтыз.

Әспеттердей, Айбек сұлтан кім еді? Тураншахтың жесірі Шажарадүр ханымның жанарына ілігіп, көрпесін бүлкілдетті демесең, бар болғаны сұлтанға тартар табақтың тұздықшысы емес пе?!



Бейбарыс.

Аңыс аңдалды, атабек! Бірақ, әскер сенде болғанмен, билік – Әли сұлтанда. Сұлтан бұйырмайынша, әмірлер аттап баспайды. Не дейді Әли?



Құтыз.

Әли – аяққа оралғы. Жолдан алып тастау керек баланы! (Бейбарысқа) Мен өзіңді сондықтан да шақырдым...



Бейбарыс.

Қанды қылыш бол дейсің ғой!



Құтыз.

Жоқ! Өлтірмейміз ешкімді. Уақытша шеттетеміз биліктен! Думиятқа апарып, мұнараға қамаймыз. Бар болғаны – сол ғана. Қылыш түгілі, қол былғанар іс емес... Құлағуды құртқан соң, ала берсін билігін. Таласым жоқ ол кезде.



Аға-Шахин.

Басқа әмірлер бұл ісіңе не дейді?



Құтыз.

Әмірлерге керегі – бұйрық берер сұлтан ғой... Сұлтан табылады! Қазіргі қауіп – Құлағу! Қарсы қайрат қылмасақ, гүл жайнаған Мысырды күл қылады Құлағу! Соғысу керек мұңғұлмен!



Аға-Шахин.

Әмірлермен ақылдасқан жөн шығар? Бәлкім, олар келісімді құп көрер?..



Құтыз.

Бағдаттайын шаһарды шаңға көміп, өртке орап, Мустансир Біләл халифаны ел-жұртының көз алдында тепкілеумен өлтірген Құлағудан қайырым күтер мен емес! Басымды тіктім бәйгеге! Ол аз болса, есім кірер-кірместен, ат артына өңгеріп, құлдыққа сатқан мұңғұлда тіріде кешпес кегім бар! Еңсемді жазған кезімде тағы да құлдық қамытын кигізбекке құмартқан мұңғұлдарды мұрнынан тізіп, құлбазарға шығармай, жаным тыншу табар ма?! (Бейбарыс пен Аға-Шахинге) Сен де! Сен де! Осылардың ойранынан ата-жұрттан адастың! Ата-енеңнен айрылдың! Қарындастан көз жаздың! Оны қалай ұмытарсың?! Кек қайтарар күн туғанда, күмілжуге жол берсең, жер басып жүру не керек?!



Үнсіздік. Құтыз екеуіне алма-кезек көз салады.

Аға-Шахин.

Қан майданға мен дайынмын, атабек! Баста жауға!



Құтыз (Бейбарысқа).

Неге үндемейсің, әмір Бейбарыс?!



Бейбарыс.

Соғыстан соң Әли сұлтан Думияттан оралады дегенге сене алмай тұрмын, атабек!..



Құтыз (астарлы).

Оралуы қажет пе?!. Құтырынған мұңғұлды тәубасына түсіріп, жеңіс туын желбірете, мен – сұлтан, сен – атабек боп шерулете жеткенде, кім іздемек Әлиді?!.



Бейбарыс Құтызға сынай қарайды.

Аға-Шахин.

Жаса, Құтыз сұлтан! Жаса, Мысырдың жаңа сұлтаны Сейфуддин Құтыз бин Абдулла ат-Турки! Жаса, атабек Бейбарыс!



Жаңғырыққан дауыстар іліп әкетеді.

Жаңғырыққан дауыстар:

  • Жаса, Құтыз сұлтан!

  • Жаса, атабек Бейбарыс!

  • Жаса, Құтыз сұлтан!

  • Жаса, атабек Бейбарыс!..

Құтыз.

Естiдiң бе, Бейбарыс? Мынау елге керегі – емшек сүті аузынан кеппеген бала сұлтан емес, қарайған жұртқа қалқан болар қаһарман. Ол қаһарман – мен! Және сен!



Аға-Шахин (Бейбарысқа).

Рас, атабек! Аңыс бағып қайтеміз?! Сұлтанаттың тізгінін қолға алуға Сейфуддин Құтыз лайықты! Қанды азуын білемдеп, іргемізге сүйкенген ата дұшпан – мұңғұлға бастасын Құтыз! Құтылар жау болар ма екен сол кезде?! Көкірегінде булыққан уытты кек жүрегіне құдірет, білегіне қайрат қосқан көндігердің әрқайсы он мұңғұлға татиды. Қыдыңдаған қысық көз, жалба тымақ мұңғұлды қынадай қырады! Жусандай орады!



Бейбарыс.

Құтыз сұлтан! (Құтыз бейіл бере жымияды). Мұңғұл қолы жайында жансыздар не жеткізді?



Құтыз (жарқын).

Бетіміз – ашық, қадам – бір, орағытпа не керек?.. Құлағудың даярлығы қапысыз. Сарбазының саны бізден көп артық. Бірақ бізге қолайлы ілгешек бар ішінде...



Бейбарыс.

Ол не қылған ілгешек?



Құтыз.

Кетбұқа! Құлағудың атабегі Кетбұқа! Түбі түркі!..



Аға-Шахин.

Алла жар боп, Кетбұқаны бас қылып, түркі қолын түгел бұрып әкетсек, Құлағудың қырық құрау әскері өзегіне құрт түскен емендей іріп түсер еді!..



Бейбарыс (сеніңкіремей).

Алыстағы ағайыннан жанындағы жатты жақын тұтпаса!..



Құтыз.

Олай етсе, өз обалы өзіне! Жақынымен қанжығада қауышар!..



Үшеуі бір-біріне үнсіз қадала қарап қалады.

Бейбарыс.

Жүздесуге кім барады?



Құтыз.

Сен! Серігің – Аға-Шахин...



Бейбарыс екеуіне көз қадай қарап өтеді. Құтыз жанарын тайқыта, суық күлімсірейді.

Бейбарыс.

Не тұрыс? Біз аттанайық.



Үшеуі де кетеді.

Ж е т і н ш і к ө р і н і с
Түн. Әредік найзағай жарқылдап қалады.

Кетбұқа, Бейбарыс, Аға-Шахин сөйлесіп келеді. Сәл кейініректе – Зейнуддин. Бәрі тоқтайды.

Кетбұқа.

Ойыңды ұқтым, Бейбарыс...



Бейбарыс оның қабағын баға қарайды. Аз-кем үнсіздік.

Аға-Шахин (шыдамай).

Не айтасың?! Түбіміз – бір, жау – ортақ. Жолымызды біріктірсек, орайы сол емес пе?



Кетбұқа.

Артта қалған қалың ел қынадай қырылсын дейсің бе?! Ел обалын арта алмаймын мойныма. Не де болса, шайқас шешсін!



Бейбарыс Кетбұқаның сол қолынан ұстап, алтын білезігіне қарайды.

Бейбарыс (мән бере).

Арыстандай Кетбұқаны жіпсіз байлап тұрған алтын білезік қой бұл!.. Мұңғұлдың алтын бұғауы!..



Кетбұқа (шамырқана).

Сенің білегіңдегі кімнің бұғауы, Бейбарыс?!



Бейбарыс жауап қайырмастан, өз білегін ойлана сипалап, үнсіз қалады. Аға-Шахин де дағдара, білегін сипалайды.

Жарқ-жұрқ найзағай ойнайды. Бір бұрыштан садағын кезенген адам көрініп қалады. Кетбұқаға қарай жебе атылады.

Кетбұқа.

Аһ!.. Зейнуддин, сақтан!



Бейбарыс.

Аға-Шахин! Баланы қорға!



Аға-Шахин Зейнуддинге ұмтылып, кеудесімен жаба құлайды.

Шалт қимылдаған Бейбарыс қанжарын суырып алып, садақты адам жаққа лақтырады. Өкіре құлаған адам дауысы естіледі.

Аға-Шахин дауыс шыққан тұсқа ұмтылады.

Аға-Шахиннің дауысы.

Мынау... Ибрагим қазы ғой!?



Жүрек тұсынан жебе қадалған Кетбұқа тізерлеп қалған. Бейбарыс жақындап, сүйемелдейді.

Кетбұқа.

Бейбарыс!.. Балама... Зейнуддинге... бас-көз бол!.. Аманат!..



Кетбұқа анасы берген аппақ орамалды қойнынан алып, құшырлана иіскеген күйі үзіледі. Зейнуддин қатулана қараған бойы үнсіз жақындап, әкесін екінші иығынан сүйемелдейді, көзін жұмғызады.

Бейбарыс.

Ел амандығы үшін өз басыңды бәйгеге тіккен Ер едің! Жер қойнында еркін жат, арыстаным!..



Кетбұқаның білезігін шешіп алып, алысқа лақтырып жібереді.

Зейнуддинді бауырына баса, өз білегіндегі білезікті сығымдай ұстаған күйі мұңая ойланып қалады.

Диктор дауысы.

Арада бір жыл өткенде, 1260 жылы, Рукнуддин Бейбарыс сұлтан Мысыр тағына отырды. Ал, 1294 жылы Кетбұқа ұрпағы Зейнуддин Мысыр билігін қолға алды. Ол Мысырда билік құрған түркі нәсілді он бірінші сұлтан болды.

Жазмыштың бұйрығымен жат жұртқа қызмет қылу маңдайына жазылған арыстандай Ерлердің жанына тыншу таптырмайтын жалғыз ғана арман бар еді. Ол арман – өз Елінің азаттығы, өзінің еркін Еліне қызмет ету болғаны анық.

С о ң ы
21.04.2004 – 19.05.2004,

Жезқазған.

Көбейсін ЕҢСЕБАЕВ,

ақын, Қазақстан журналистер одағының мүшесі.

КЕТБҰҚА – КӨСЕМ БАБАМЫЗ
Қол бастаған Кетбұқа,

Көсем десең, жарасар.

Қиын сәтте сөз тапқан

Шешен десең, жарасар.

Қара қылды қақ жарған

Биім десең, жарасар.

Қылқобызда сарынын

Күйім десең, жарасар.

Қас батырлар ішінде

Ірім десең, жарасар.

Өсиет айтқан өркенге

Пірім десең, жарасар.

Ұлытаудың ұлары,

Ұлы десең, жарасар.

Тұғырда тұрса ескерткіш,

Тірің десең, жарасар.

Тоныкөктің түлегі,

Текті десең, жарасар.

Із қалдырып артына

Кетті десең, жарасар.

Қанат қаққан қияға

Қыран десең, жарасар.

Ұлық сөзі ұрпаққа

Ұран десең, жарасар.

«Жар астында жауың бар,

Сақтан!» деген бабаны,

«Ел сенімін ерлерің

Ақтар» деген бабаны

Жүрегінен жыр ұшқан

Абыз десең, жарасар.

Кетбұқадай бабаны

Нағыз десең, жарасар!




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   15




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет