(«Кетбұқа баба – ұрпақтар құрметіне лайықты тұлға», «Мысты өңір», 25 қазан 2013 жыл).
С. Мырзатов, Ж. Кенбаев,
З. Әбдіғали, Б. Мәнібаев,
Т. Қожақпаев, Н. Шегірбаев,
Жезқазған қаласының тұрғындары.
Сұлтан Сүтбаев ағамыздың мақаласын оқып, ол кісінің орынды мәселе көтергеніне риза болдық. Шынында да, Кетбұқа бабамызды қастерлеу, оның рухына құрмет белгісі ретінде ескерткіш тұрғызу бастамасын ешкім де теріс демейтіні ақиқат. Өйткені, Кетбұқа ұлы даламыздың даңқын әлемге танытқан айтулы тұлға екендігін табасыз. Біздер сонау замандарда-ақ қазақтың атын шығарған атақты адамның өзіміздің жерімізден, елімізден шыққанын аса қатты мақтаныш етуге қақылымыз. Бастама – өте оңды бастама. Енді бұл ой сөз жүзінде ғана қалып қоймауы үшін бәріміздің бірлікті тірлігіміз қажет.
Жаукен Бәйішев,
ардагер педагог,
Жезқазған қаласының Құрметті азаматы.
Орынды айтылған ой кімнің тарапынан болса да, қолдау табады емес пе? С. Сүтбаев ақсақалдың бабаны құрметтеу турасында жазған мақаласын оқып, қуанып қалдық. «Міне, нағыз ақсақалдық сөз, елдің рухын көтеретін, кейінгі ұрпаққа жақсы жол көрестетін бастама» деп риза болдық. Елін сүйген, халқының айбары бола білген бабамыздың өр рухына арнап ескерткіш орнату қазіргі, ертеңгі ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеудің тамаша үлгісі болатыны сөзсіз. Тәуелсіздіктің ұлы мүмкіндіктерінің бірі – тарихымызды түгендеу, ұлтымыздың ұлы тұлғаларымен табысу десек, Кетбұқа бабамызды осыған дейін ескере қоймағандығымыз дұрыс емес еді. Енді сол жіберілген кемшілікті түзейтін уақыт жеткен секілді. Көтерілген бастамаға жалпы халық болып қолдау танытуымыз керек. Өйткені Кетбұқа баба – біздің ұлы мақтанышымыз.
«Мысты өңір», 22 қараша 2013 жыл.
Амандық Рахұлы,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
«Қазақтың Кетбұқасы»
қоғамдық бірлестігі құрылды
Өткен сенбі күні Жезқазғанда ұлт тұлғасы Кетбұқа баба қоғамдық бірлестігі мен арнайы қор құру туралы қалың көпшілік қауым қатысқан құрылтай жиналысы өтті.
Жиналған жұртшылық алдында академик Қ. Сәтбаев атындағы тарихи-өндірістік мұражай директоры Кенжал Балкенов «Кетбұқа Аталық би – түркі халқының ұлы тұлғасы» деген тақырыпта толғамды баяндама жасады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Сирия мемлекетінде барған іссапарында «Кетбұқа бабамыз – түбі түркі жұртына ортақ ұлтымыздың тұлғасы», – деп толғана айтқан пікірін алға тарта сөйлейді баяндамашы. Аты аңызға айналған Кетбұқа жыршы, Кетбұқа күйші, Кетбұқа би, Кетбұқа қолбасшының болмысын тарихи деректерге сүйене отырып, жамағатқа әсерлі жеткізді. Сондай-ақ, сөз кезегін алған Қазақстанның құрметті геологы Сұлтан Сүтбаев, Жезқазған мен Ұлытаудың құрметті азаматы Сағындық Қожамсейітов, журналист Көбейсін Еңсебаев, филология ғылымының кандидаттары Ғазиз Ештанаев, Кенжебай Ахметов пен басқа азаматтар да Кетбұқа туралы жан-жақты әңгіме өрбітіп, тарихи тұлғаны құрметтеп, ұлықтайтын шараларға ұйытқы болу Жезқазған-Ұлытау өңірі халқының абыройлы борышы деген тоқтамға келді. Жезқазған қаласы әкімінің орынбасары Бейбіт Аханов та өз сөзінде қоғамдық бірлестіктің жұмысына әкімдік тарапынан қолдау жасалатынын білдірді.
«Кетбұқадай билерден
Кеңес сұрар күн қайда?» – деп Доспамбет жырау бекерге жырламағаны белгілі. Кетбұқа – тарих сахнасына Найман мемлекетінің Шыңғысхан соққысынан күйреген тұсында шыққан тұлға. Тарихшылардың жазуы бойынша, Моңғол империясы мен Найман мемлекетінің арасындағы 16 жылға созылған жауласуының ақырғы шайқасы 1218 жылы қазіргі Самарқанд облысының Сарыкөл маңында болған. Қағанның қаһарынан қаймықпаған Кетбұқа бұдан 7-8 жыл өткен соң өзін мойындатып, Шыңғысхан империясының ең жоғарғы лауазымы ноян дәрежесіне көтерілгені де көп нәрсені аңғартса керек. Қазақ халқының тарихын зерттеген ғұлама ғалым Мұхамеджан Тынышбаевтың «Қазақ халқының тарихына қатысты деректер» еңбегінде оның Найманнан шыққан ұлы абыз, қазақтың сыйынатын пірі екені айтылған. Белгілі археолог ғалым Әлкей Марғұлан болса: «...XII ғасырда жасаған атақты жырау «Ақсақ құлан» – «Жошы хан» күйін орасан көп халықтың ортасында тартып беріп, музыка үнінің кереметін танытқан Аталық жырау (шын аты – Кетбұқа, кейбір жерде Кербұқа) еді» – деп тамсанып жазғаны тағы бар. Кетбұқаның «Нар идірген», «Күйдім-жандым», «Ақсақал» атты күйлері туралы да аңыз әңгімелер көп. Тарихи тұлға жөніндегі зерттеу деректерін Ақселеу Сейдімбековтің «Балталы, Бағаналы ел аман бол», Тұрсын Жұртбаевтың «Кетбұқа» тарихи әфсанасынан, Қуаныш Ахметовтің «Ұлы даланың Ұлытауындағы» «Кетбұғы – кемеңгер бабамыз» шығармасынан көруге болады.
Аты аңызға айналған тұлғаны одан әрі зерделеу, есімін жаңғырту, сондай-ақ, қаланың қақ ортасынан еңселі ескерткіш орнату мәселесі көтерілді. Осы мақсатта «Жезқазған аймақтық «Қазақтың Кетбұқасы» қоғамдық бірлестігін» құру туралы ұсынысты көпшілік қауым бірауыздан қолдады. Соған орай, Жарғысы бекітіліп, «Кетбұқа» қоры құрылды. Барлығы 11 адамнан тұратын басқарма мүшелері және қоғамдық қордың төрағалығына рухани істердің жанашыры болып танылып жүрген азамат Төлеген Бүкіров сайланды.
«Мысты өңір» газеті, 29 қараша 2013 жыл.
Бағдат Қазкенов,
журналист.
Кетбұқа – қазаққа ортақ ұлы тұлға
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бостандық таңы атқан тұстан бері қарай тарихымызды түгендеп, жоғалған жәдігерлерімізді жандандыруды басты міндет етіп қойды. Осы бағытта тарихи тұлғаларды елге, жастарға көрсету қолға алынды. Елін жаудан азат еткен батырлардың, қазақтың басын бір арнаға біріктірген хандардың, елге билік айтып, сөз еткен билердің есімі елге оралып, олардың ерлігін ұрпақ мақтан тұтуда. Ықылым заманда Арқаның адырлы белінде дүниеге келген Кетбұқа бабамыздың да тарихтағы тағылымын ұрпаққа тәлім етсек деген бастамалар көтерілуде.
Келер 2014 жылы әз-бабаның туғанына 830 жыл толмақ. Осы атаулы мерекеде Жезқазған аймағының игі жақсылары Кетбұқаның есімін ұрпақтар санасына сіңіруде бірқатар іс-шараларды қолға алып отыр.
Қос қаланың зиялы қауымының өкілдері өткен сенбі күні Жезқазғандағы С. Қожамқұлов театрын бетке алды. Ондағы мақсат – ұлы тұлғаның құрметіне Арқа аймағындағы азаматтар қандай үлес қоспақ деген мәселені талқылау.
Ұлты үшін ұлы еңбектермен ел есінде қалған абыздың торқалы тойына дайындықтың барысын пысықтау үшін жиналған көпшілік «Қазақтың Кетбұқасы» республикалық қоғамдық бірлестігін құруды қолдап, оның Жарғысын бекітті. Қордың басқарма төрағысы мен мүшелерін сайлады.
Қорды құрудағы мақсат – қазақ билерінің көшбасшысы Кетбұқаның асқақ бейнесін тұғырға қондырып, ескерткіш орнату. Оның өз дәуірінде қоғамға қосқан еңбегін зерттеп, зерделеу.
Құрылтай жиынды Жезқазған аймағы бойынша еңбек қатынастарын реттеу бюросы бөлімінің басшысы Төлеген Бүкіров ашып, жүргізіп отырды. Тарихи тұлғаның кім болғандығы жөнінде жұртшылыққа таныстыру үшін сөз кезегін алған өлкетанушы Кенжал Балкенов «Кетбұқа Аталық би – түркі халқының ұлы тұлғасы» тақырыбында баяндама жасады.
– Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Ұлы тұлғаларды білмейінше, бірде-бір дәуірді дұрыстап тану мүмкін емес. Адам тарихының айнасынан біз тарих көшінің жүрісін ғана аңдап қоймаймыз. Оның рухын, тынысын да, сезінеміз. Сондықтан да халқының, елінің алдындағы өздерінің перзенттік парызын айқын да анық түсінген, қандай қиын-қыстау жағдайда да оны адал орындаудан жалтармаған адамдар қай дәуірде өмір сүрсе де, дүйім жұрттың нағыз азаматы болып қала бермек», – деген болатын.
Ал, Сирия мемлекетіне барған арнайы іссапарында Елбасы қазақ еліне қатысты тарихи тұлғалардың осы ел үшін жасаған еңбектерін бағалай отырып: «Кетбұқа бабамыз – түбі бір түркіге ортақ ұлы тұлға», – деп толғана айтқан болатын.
Осындай ұлт тұлғаларының алтын әріпті тұғырындағы қазақ тарихындағы бетке ұстар ұлы жырау Кетбұқа Аталық биді мақтанышпен айта аламыз. Көне қазақ әдебиетінің көрнекті тұлғасы Доспамбет жырау:
«Садақ толған сайгез оқ
Масағынан өткізіп,
Басын қолға жеткізіп,
Кетбұқадай билерден
Кеңес сұрар күн қайда?!» деп көкірегі қарс айырыла жырласа, 19-ғасырдың аламан батыр-ақыны Махамбет ұстазы Доспамбет жыраудың сөзін жалғастырып:
Кетбұқадай билерден
Ақыл сұрар күн қайда?!
Бізді тапқан ананың,
Асыраған атаның
Қолын алар күн қайда?! – деп жырлайды.
Асан қайғы, Қазтуған, Доспамбет жырау, Махамбеттей ақындар ұлы тұғырға көтеріп жырлаған Кетбұқа би туралы біз не білеміз? Кетбұқа бабамыз Жошы ханның қырық батырының бірі ретінде қазақ-қырғыз тарихында айтылады. Қырғыздармен шайқаста ерлік көрсеткен Шыңғысханның мыңбасы Бағары Нұқы батыр туралы деректер «Монғолдың құпия шежіресінде» келтірілген. Міне, осы Бағары Нұқы батыр Кетбұқа жырау деген дерекке сабырлықпен қарап, зерттеуіміз қажет. Бір сөзбен айтқанда, Алаштың мемлекет қайраткері Кетбұқа бабамыз – кезінде Палестина жерінде Құлағу Елханымен бірге өз саясатын жүргізген Елатасы.
Осындай ұлт тарихында терең із қалдырған көреген саясаткер, шебер дипломат, мемлекет қайраткері, сәуегей әулие Кетбұқа жырау біздің ой-санамыздан өз орнын толық алды деп айта аламыз ба?
Мағыналы өмірін Сарыарқадай даласында жауын тізгіндеумен өткерген Кетбұқа жыраудың есімі Лев Николаевич Гумилевтің зерттеулері арқасында ғылыми айналысқа түсті. Оның «Этнос және Жер биосферасы» атты кітабының бір тарауы Кетбұқа бабамызға арналған.
«Алты арыс ел Ұлытауға жиналып, Кетбұқаны Ұлығ би сайлады», – деп Тұрсын Жұртбаев өзінің тарихи әфсанасында жазады.
Өтпелі дәуірлер керуенінде көмескіленіп, ғасырлар тоғысымен заманалар ауысымында ұмыт болуға айналып бара жатқан тарихты іздемеу, Кетбұқадай ұлы тұлғаларымызды зерделемеу бар деректердің жоғалуына апарып соғатыны аян.
Сондай құндылықтардың бірі «Таңбалы тас» – Кетбұқадай бабаларымыздан қалған ұлы мұра. Барлық қазақтардың басын бір халыққа біріктірген Майқы би, Кетбұқа жырау, Дай шешен, Қотан би қазақ шежіренамасының негізін қалаушылар деп барлық шежірелерде көрсетіледі. Кезінде «Ердің ері, егеудің сынығы» деп Кетбұқадай батырды Ұлытауға аттандырады. Елдің игі жақсылары, оның ішіндегі Майқы би: «Қаратаудан әрі қарай асыңдар, Ұлытау, Кішітау деген таулар бар. Қаракеңгір, Жездікеңгір, Құдайберді деген жерге барып, ірге тебіңдер. Ақ найзаның ұшымен, әділ биліктің күшімен ел болуды, жұрт болуды ойлаңдар», – деп батасын берген екен. Ұлы бидің батасы қабыл болып, еңселі орда құрылып, тасқа таңбаларын қашатып, ант беріскен жер – Ұлытау.
Сол Ұлытаудағы Таңбалы Нұра жерінде үш жүздің таңбаларын тасқа қашатқан – Майқы би мен Кетбұқа бабаларымыз.
Шыңғыс заманының тірі куәсіндей болып жеткен «Ақсақ құлан» қазақтың күй тарихындағы ескі күйлердің бірі болып саналады.
Осы уақытқа дейін Кетбұқа Шыңғыс ханның баласының өлімін домбырамен, кейбір кезде қобызбен күй тартып, естірткен деп айтылады. Қазақ даласында аңыздарда Кетбұқаның есімі әйгілі «Ақсақ құлан» күйімен тығыз байланысты болып келеді. «Ақсақ құлан» десек – Кетбұқаның, Кетбұқа десек – «Ақсақ құланның» қосарлана айтылатыны белгілі.
«Ақсақ құлан» күйі Қазақстанның Алтай мен Маңғыстау түбегіне дейінгі байтақ далада дерлік тартылып, күні бүгінге дейін жеткен. Монғолияның Баян-Өлгей қазақтарында, еліміздің Шығыс Қазақстан, Семей, Сыр бойы, Ақтөбе, Орал, Атырау, Маңғыстау өңірлерінде «Ақсақ құлан» күйінің бірнеше нұсқалары бар. Тарбағайталық домбырашы Бағаналы Салтөлековтың, Сыр бойының күйшісі Нәби Жәлімбетовтың, Маңғыстаулық күйші Мұрат Өскенбаевтың орындауындағы «Ақсақ құлан» күйіндегі ортақ сарын – «Балаң өлді, Жошы хан» деп келетін естірту ретінде домбыраның сөйлейтін тұсы.
Өнер саласының зерттеушілері Кетбұқа жыраудың халық арасындағы кең тараған күйлеріне «Нар идірген», «Күйдім-жандым», «Ақсақал», «Жошы хан», «Ақсақ құлан» , «Жылан қайыс», «Ел бірлігі» күйлерін жатқызады.
Кетбұқа бабамыздың қобызда тартылатын «Ел бірлігі» атты күйін қырғыз ағайындарымыз ұлттың алтын қорына кіргізгенін естіп, біз қуанып қалдық. Бабамыздың тағы бір мұрасы табылғанына. Бабамыздың аты бізге жауынгершілік жолдармен қатар, құдіретті күй әуендерімен жетіп отыр.
Осындай Кетбұқа бабамыздың күйлері, артында қалған мол мұралары қырғыз, қарақалпақ, өзбек, татар, ноғай әдебиет қорларында бар екенін сенімдіміз. Осындай мұраларды іздестіру іс-шаралары Елбасының бастамасымен қабылданған «Халық – тарих толқынында» бағдарламасына енгізсе дейміз, – дейді баяндамашы.
Ұлы тұлғаны ұрпаққа танытудағы тың бастаманы көтерген Қазақстан Республикасының құрметті геологы, Шет ауданының құрметті азаматы Сұлтан Сүтбаев, техника ғылымдарының кандидаты Мүсілім Тоқтамысов Кетбұқаның өз дәуіріндегі ерлік істерін тарихи дерек бойынша сөз етіп, оны ұлықтаудың сәті туғанын жеткізді. Жарыссөзге шыққан филология ғылымдарының кандидаттары Ғазиз Ештанаев, Кенжебай Ахметов, ҚР Жазушылар одағының мүшесі Төкен Әлжантегі, Жезқазған қаласының құрметті азаматы Сағындық Қожамсейтов, Қазақстан Республикасының Халық артисі, С. Қожамқұлов атындағы театрдың директоры Досжан Жанботаев және т.б. азаматтар ескерткіш орнату бастамасын қолдайтындықтарын жеткізді.
Бұл бастамаға еліміздің түкпір-түкпірінен қолдау хаттар да келіп түсіп жатыр. Республика көлемінде жүзеге асқалы тұрған ауқымды шараның Жезқазған аймағынан бастау алғанына ризашылықтарын айта келе, өзге өңірдегі ақсақалдар мен атпал азаматтар ниеттестіктерін білдіріпті.
Жиынның негізгі бөлімінде қор құру, оның Жарғысын бекіту мәселесі шешімін тауып, қоғамдық қордың басқарма төрағасы болып Төлеген Бүкіров сайланды.
Ұлтын ұлы мұратқа жетелеп, қазақтың азат болуын аңсаған Кетбұқа бабаның атындағы қор өз жұмысын бастады. Қордың атқарар міндеті ауқымды. Тек ескерткіш қана орнатып қоймай, нар тұлға жайында сыр шертетін еңбектер жариялау, мәдени-спорттық іс-шаралар ұйымдастыру, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуді көздейді.
Тарихта өзіндік орны бар Кетбұқаның ерлігін дәріптеуде атқарылар істе ұлт болып ұйысып, қоғам болып қолдау көрсетсек, баба алдындағы ұлы құрметімізді білдірген болар едік. Бастау алған шараның нәтижелі болуына барлығымыз үлес қосайық, ағайын!
«Шарайна»,
БАСТАМАҒА ҚОЛДАУ БІЛДІРЕМІЗ
Досжан ЖАНБОТАЕВ,
Қазақстан Республикасының Халық артисі.
Орынды бастаманың нәтижелі болуы үшін ең әуелі елдің бірлігі керек. Бірлесіп атқарған істің ғана қиюы қаша қоймасы анық. Тарихта аты аңызға айналған Кетбұқаның Арқа аймағында туғанын мақтаныш ете отырып, қазаққа ортақ бабаға көрсетілер кұрметіміздің бірі – ескерткіш орнату мәселесін қызу қолдаймыз. Сан ғасырға есімі өшпей жеткен Аталық би – Кетбұқаның ерлігін актерлік шеберлігіме салып, образын көркем сомдауға тырысқан болатынмын. Оның образын сахнада сомдау үлкен абырой мен міндет жүктеді. Алайда, сол ұлы бабаның бейнесін алып шыға алдым ба, әлде жоқ па, ол жағын халық таразылайды. Біз тек сол тарихи тұлғалардың өз кезеңдеріндегі бейнесін жас буынға танытуды көздедік. Ал бүгінгі бастаманың жөні мүлде бөлек. Бірнеше жылдан бері айтылып келе жатқан мәселенің мәнісі бүгін ашыла түскендей болды, бұл игі шара да өз жемісін берері хақ.
Октябрь БАЙТАСОВ,
Жезқазған қаласының тұрғыны, еңбек ардагері
Тағы бір ұлы тұлғаны жаңғыртуға ұмтылыс жасаудамыз. Сол ісімізге жаратқан жар болсын. Ежелгі аңыздардан оқып-білген ер рухты бабамызды ұрпақ санасында қалдыру үшін аймақта ескерткіш орнату мәселесі дер кезінде қозғалды. Тарихтағы тұлғаларды сәтінде еске алып, еңбегін елемесе – ұрпаққа сын. Сол сынды жете түсінген азаматтардың бастамаларына қос қаланың ақсақалдары да қолдау көрсетеді.
Жиын барысында күй оғыланының «Сақ болған, ұрпағым, сақ болғын» өлеңі оқылды. Бүгінгі қоғамда болып жатқан құбылыстарды осыдан 800 жыл бұрын жырлаған Кетбұқа бабаны көреген, дана демеске амалымыз қалмады. Дипломатиялық қатынастардағы мәселелерді би ретінде шешіп, еліне көз алартқан жауға қарсы оқтай атылып, өз қоғамының ащы шындығын жырға қосқан дара дарын иесіне қандай құрмет көрсетсек те, артық етпейді.
«Мысты өңір» газеті, 22 қараша 2013 жыл.
Тағанбай қажы Шамбұлов,
Жезқазған қаласының тұрғыны,
еңбек және тыл ардагері.
Қазақтың КетБұқа биі
Егемен еліміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Қазақстан – 2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауында «Біз бәріміз бір атаның – қазақ халқының ұлымыз. Бәріміздің де туған жеріміз біреу, ол – қасиетті қазақ даласы. Бұл дүниеде біздің бір ғана Отанымыз бар, ол – Тәуелсіз Қазақстан» деп өте орынды атап айтты. Шынында да, біздің бәріміз де бір атаның – қазақ халқының ұлымыз. Біздің Отанымыз біреу екені рас. Ол – Тәуелсіз Қазақстан екенін барша әлемге мақтана айта аламыз. Еліміз біреу, жеріміз біреу. Тарихымыз да, тағдырымыз да ортақ. Тәуелсіздіктің таңы атқанға дейін қаншама қиын-қыстау қасапты жолды бастан өткердік. Ардақты ақынымыз Жұбан Молдағалиев «Мың өліп, мың тірілген» деп бекерден-бекер айтқан жоқ. Жоғалып кетудің алдында қалып, сөніп бара жатып қайта жанып, алаулаған ақ таңға жеттік. Ақтабан шұбырындыдан аман қалған қазақтың тағдырына зер салсақ, тек халқымыздың ардақты ұлдары ұлттың отын өшірмей шаңырағын сақтап қалудың жолында жанын аямай күрескені ақиқат. Бірақ, оны кешегі кеңестік жүйе кезінде ашық айтуға, тарихымызды таразылауға еш мүмкіндік болмады. Ұлттың өткені мен кешегісі туралы ой қозғағандардың аты өшіріліп, атылып, айдалып кетіп жатқанда, кім өткенін іздеп әуреге түседі. Міне, сондай қиын шақта да ұлттың ұлдарының өнегелі істері ауызекі әңгімеде ара-тұра айтылып қалып жүретін. Сондай әңгімені бала кезімізде де үлкендерден естідік. Кейін сол естігендерімізді сана сүзгісінен өткізіп көрсек, тарихымызға қатысты керекті, құнды деректер алдымыздан шыға келетінін көз көрді.
Солардың бірі – бүкіл қазаққа ортақ бір әңгіме сол, ол «Ақсақ құлан» күйінің шығуына қатысты дер едім. Аңыз десек те, түбінде шындық жатқан бұл әңгімеде жер жүзіне аты жеткен Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошының қазасын естіртуге байланысты сөз болады. «Кімде-кім Жошы жайлы жайсыз хабар жеткізсе, көмейіне қорғасын қорытып құямын» деген Қаһанның әмірінен ел қаймығады. Себебі белгілі. Кім Жошының өлгенін айтып, өлгісі келеді. Ал, айтпаса, жалпы халыққа қырғын келуі де мүмкін.
Міне, осындай алмағайып, қиын шақта хан алдына домбырасын өңгере келіп, жосылтып күй төгіп, аңыратты, зарлатты, ащы өксікті ортаға салғанда шыдай алмаған Шыңғыс: «Жошы өлді болмасын!» – деп өкіріп құлап түседі. Сонда күйші жігіт: «Дат, тақсыр өзіңіз айттыңыз», – дегенде, «Оны маған жеткізген мына қара домбыра, соның шанағына қорғасын құйыңдар!» – деп әмір береді. Осылайша, ханға ұлының өлгенін жеткізген «Ақсақ құлан» күйі кең даланы шарлап кетеді.
Бүгінгі қазақ еліндегі ең көне күйлердің бастауында тұрған осы «Ақсақ құлан» күйі халықтың қымбат рухани қазынасына айналды. Мәңгілік мұрасы болып сан ғасырлардан бері күмбір-күмбір етіп, құлақ құрышын қандырып, тарихымыздан сыр шертіп келеді. Бірақ, біз осы уақытқа дейін, «осы күйдің шығарушысы кім?» деген сауалға кешегі кеңестік идеологияның әсерімен халықтың ішіндегі бір белгісіз күйші деп жауырды жаба тоқып, қоя салып, сылбыр жауапқа қанағат тұтып келдік.
Сөйтсек, ол күйдің авторы белгілі екен. Танымал ғалымдар Тұрсын Жұртбаев, Ақселеу Сейдімбек жазбаларында «Ақсақ құлан» күйінің авторы Кетбұқа би деп нақтылап көрсетілген. Ал, Кетбұқа би кім дегенде, ол белгілі тұлға Найман ұлысының бас батыры, Шыңғыс ханға қарсы шайқаста бет қаратпаған алапат күштің иесі Домбауылдың ұлы болып шығады. Шыңғыс әскерімен кезекті бір шайқаста Домбауыл үлкен ұлы Кел-Бұға екеуі қолға түседі. Ал, бұл кезде оның екінші ұлы Кетбұқа Шыңғыс әскерінің көрнекті тұлғаларының біріне айналған. Домбауылды Шыңғыс хан өз қасына алып, оң тізесіне орын береді. Ал, оның екі ұлы Кел-Бұқа мен Кетбұқа Жошының қосынын басқарады. Осылайша Домбауылдың өзі және оның ұлдары Шыңғыс ханның қанды шеңгелінен бүгінгі Қазақ деп аталған халықтың негізін сақтап қалады. Осы үшін де біз оларға құрмет көрсетуіміз ләзім.
Әсіресе, Жошы қолының бас сардары атанған Кетбұқаның қазақ халқының басын құрап, осынау сахарада емін-еркін өмір сүруіне, жоғалып, жұтылып кетпеуі үшін төккен тері, жұмсаған жігері орасан зор деп білеміз. Ұрпағым деп атқа мінген Кетбұқа қолбасшының мәңгілік мекені Иерусалимде деген мәлімет бар.
Өз кезінде Кетбұқа га уан (мыңбасы) Сирияның билеушісі болып тағайындалған. Дала перзенті Кетбұқа ноянды Мәмлүк атанып кеткен Бейбарыс сұлтан да қадірлеген. Бейбарыс өзінің жан жолдасы Құтызды қандасы Кетбұқаны қапылыста өлтіргені үшін өз қолымен о дүниеге аттандырды дегенді тарихшы ғалымдар жазып, айтып, көрсетіп жүр. Кең даланың перзенттері бірін-бірі өкпеге қиса да, өлімге қимаған. Дала дәстүрін олар сақтай білген. Бүгінде Бейбарыс есімі елімізде еркін айналысқа енді. Ал, ерлігі де, ел үшін атқарған еңбегі де тұрғыластарынан бір саты кем емес, қайта оқ бойы озық тұрған Кетбұқа есімі ескерусіз келе жатқаны қалың ойға батырады.
Халқымыз «ерлік ұмытылмайды» деп бекер айтпаған. Бүгінгі ұрпағы, қазақ елінің әр азаматы Кетбұқа ноянды келешекте мәңгілік есте қалдыру үшін оған өзіне лайықты құрмет, қошеметін жасауы тиіс. Оны келешек ұрпақ жасайды деп кейін ысырып қоюдың реті жоқ. Бүгінгідей тәуелсіз елдің таңы шырайланып атып тұрғанда, Көк туымыз көкте желбіргенде, Елбасымызды дүниежүзі таныған шақта әлемге аты жеткен Шыңғыс ханның шылбырынан тартып тоқтатып, қазақ деген ұлтты ұстап қалған Кетбұқаның еңбегі ескерілуі керек-ақ. Оған ескерткішті алтыннан қойсаң да артық емес. Бірақ, Жез қаланың жезі де алтынға бергісіз емес пе?! Бабаны ұлықтап, ас беріп, дұға бағыштап, рухын еске алып, ескерткіш ашып жатсақ, қазақ халқының мерейі бір өспей ме? Тәуелсіз еліміздің болашағы үшін де ұрпақтар сабақтастығы үшін де елі үшін еңбек еткен ерен ер Кетбұқа биге тұлғасы биік, тұрпаты бөлек ескерткіш ашсақ деген бір ой көңілді түрткілей береді. Әрине, ол бір адамның қолынан келетін іс емес, оған жергілікті билік өкілдері, қоғамдық ұйымдар мен зиялы қауым, ақсақалдар атсалысса, абыройымыз арта түсер еді. Осы бір ойды ортаға салуды көптен ойға алып жүр едім. Бұған сіз не дейсіз, ағайын?!
«Сарыарқа» газеті, 22 қараша 2013 жыл.
Дүйсенбай қажы Ахметов,
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген дәрігері,
КСРО Денсаулық сақтау ісінің үздігі,
Жезқазған қаласының Құрметті азаматы.
ҰЛТЫН ҰЛЫҚТАҒАН ҰЛ
Қазақ халқының тарих сахнасынан өзінің орнын алуы оның ұлтын сүйген ұлдарының ерен ерлігі мен ақыл-ой, күш-қайратының арқасында қалыптасқанын ешқашан да ұмытпауымыз керек. Жер жүзін түгел билеген деген атқа ие болып өткен кешегі Шыңғыс ханның тұлпарының тұяғының астында қаншама ұлттың тарихы тапталып қалды. Қайсыбір тайпалар тіптен жойылып та кетті. Қанды қырғын шайқаста қарсы тұрғанды тізерлеткен Шыңғыс хан билігі жолында тұрғанды таптап өткені рас. Осындай зобалаң кезде қазақ халқы да жоғалып кетуі әбден мүмкін еді. Тек оның текті ұлдары дұрыс саясат ұстап, салиқалы жол таңдай біліп, ұлтты сақтап қалды.
Сол кездегі азуын айға білеген Шыңғыс ханды тоқтатып, тізгіндей білген Домбауыл батырды Кеңестік кезеңде туралап айта алмадық. Оның екі ұлы Келбұға мен Кетбұқаны да танып білмей келдік. Кеңестік саясат ұлттың осындай ұлағатты ұлдарын бүгінгі ұрпағынан ажыратудың сан түрлі жолдарын ойлап тапты. Тіпті, Домбауыл кесенесінің басына оның өмір сүрген кезеңінен әлдеқайда алыста қалған кезеңді белгілеп қою, Келбұға мен Кетбұқаның туған жылдарын ғасырдан әрмен ысырып тастау кімге қажет болды екен деп айта алмаймыз. Ол белгілі.
Еліміз егемендік алғаннан кейін оң-солымызға көз салдық. Елбасымыз, тәуелсіз елдің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев халқымыздың тарихын тереңнен сүзіп қарауға, өзімізді өзіміз тануға мол мүмкіндік берді. «Мәдени мұра» бағдарламасы өмірге келді. Елбасының арнайы тапсырмасы бойынша еліміздің бас хатшысы М.Тәжин тарихқа жаңаша көзқараспен қарауды ұсынды. Осының бәрі қазақ халқының төл тарихын төрге шығаруды көздейді.
Міне, осы орайда Шыңғыстың аузынан қазақ ұлтын бөлек алып қалған Келбұға мен Кетбұқаның ерен ерлігін бүгінгі ұрпақ білгені жөн. Кетбұқаның ағасы Келбұға туралы да кейінгі мәліметтерде кеңінен айтылып келеді. Өз заманында Тата-Тұнға сынды ғаламат ғалымнан тәлім-тәрбие алып, бірнеше тілді меңгерген Келбұғаның қазақ халқының қалыптасуына қосқан үлесі зор.
Ал, оның інісі Кетбұқа саясаткерлігімен, қолбасшылығымен, шешендігімен, күйшілігімен, ақындығымен әрі теңдесі жоқ батырлығымен танылған жан. Шыңғыстың ұлы Жошының қалың қолының Бас сардары болған Кетбұқа ірі-ірі жеңістердің көшбасында тұрған қолбасшы. Құлағудың әскерімен бірге Иерусалимге дейін өтіп, сол жақта билік құрып, қазақ даласының тәлім-тәрбиесін, дәстүр-салтын да өзімен бірге ала барғандығы бүгінгі зерттеуші, тарихшылардың дәлелдерімен айқындалып отыр.
Палестинаны билеген жылдары тарих жылнамасында көрініп тұр. Сол жақта қазақ сахарасының қос ұланы Бейбарыс сұлтан мен Кетбұқаның кездесуі де кездейсоқ емес. Қазақтың қос батыры елдің тұтқасы болатын. Заманында алдына жан салмаған қос батырдың ерлік істері дала перзенттерінің осал емес екендігін дәлелдеп берді. Демек, Кет-Бұқаның ерлігі, ел үшін төккен тері тегін кетті дей алмаймыз.
Басқасын былай қойғанда бүгінгі қазақ ұлтының керемет мақтанышына айналған «Ақсақ құлан» күйінің өзі неге тұрады?! Осы тұрғыдан келгенде, қазақ күй өнерінің бастау бұлағы да Кетбұқадан басталып тұрған жоқ па?! Ерлік, елдік мәселесі де Кетбұқа салған жолдан адаспай бізге жеткені аян. Оның сыртында осынау алып даланы бүгінгі ұрпаққа шып-шырғасын шығармай мұраға қалдырып кеткен де Кетбұқа бидің кепілдігі емес пе?!
Дала дегенде, оның өмір сүрген жері бүгінгі мына біз отырған жез дариялы Жезқазған, ұлт ұясы Ұлытау өңірі екені жазба-деректерде жақсы сақталған. Көне деректерге көз салсақ, «Кетбұқа көші» Көктеңізді жайлап, Ұлытауды қыстаған дегенді оқимыз. Бұл – тегіннен-тегін айтылмаған сөз. Кетбұқаның әкесі Домбауылдың мазары Жезқазған қаласынан 54 шақырым жерде тұр. Сол жерде Жошы қонысы болған. Әйгілі Ордабасар қаласы заманында гүрілдеген. «Шөп те шығатын жерден шығады» дегендей, бүгінгі Жезқазғанның жазық даласында сол ерлердің тұлпарының тұяғының ізі әлі бар.
Сөз арасында Кетбұқа би жөнінде бірнеше рет айтып өттік. Батыр бабамызға қатысты деректерді атақты Л.Н. Гумилевтің шығармаларынан тауып оқуға болады. Ғұлама ғалымның жазбаларында Кетбұқаның ұрпағы бүгінгі Жезқазған, Ұлытау аймағында, Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданында күні бүгінге дейін өмір сүріп келеді деген мәлімет бар. Ендеше елдігімізді сақтап қалуға ұлтымызды ұйымдастыруға ерекше үлес қосқан бабамызды ұмытпауымыз керек қой. Сөз басында айтып өткен Бейбарыс бабамызға Атырау бойында ғажайып ескерткіш ашылды. Ондағы мақсат ұлттың ұлын ұрпағы ұмытпасын дегендік. Демек, Кетбұқаның да қазақ халқының бас құрауына, өз алдына Орда болып ту көтеруіне қосқан үлесін ештеңемен де өлшеп салыстыруға келмейді.
Батыр бабамыздың атын ардақтап, рухын қастерлеп, қадірлеу – біздің міндетіміз. Осылай десек, Домбауылдың екінші ұлы Кетбұқа баһадүрдің де ерекше ескерткіші ел ортасында бой көтерсе артық па?!. Халқым деген ұлды ұлықтасақ, ұлтымыздың өскендігінің, өркендегендігінің белгісін аңғарамыз. Тәуелсіздік алғанда осы жолға халқының басын біріктіріп, ұлт қып ұйытқан жанға бүгінгі қазақ ұрпағы қарыздар десек, артық айтқандық емес.
Бір рудың ғана емес, тұтас ұлттың ертеңі үшін жанын да аямай тер төккен Кетбұқа Домбауылұлының келер жылы, яғни, 2014 жылы туғанына 830 жыл болады деген бір деректі көз шалып қалды. Оның нақтылығын зерттеп жүрген ғалымдар айтар. Әйтсе де, 830 деген сан бекерден-бекер тілге тиек болмаған шығар деп ойлаймын. Олай болса Кетбұқа баһадүрдің атын ардақтап, ұрпаққа үлгі етіп таныстыру үшін елдік істі қолға алсақ, абзал болар. Оған оның бүгінгі ұрпақтары – қазақ елінің ұл-қыздары түгелдей үлес қосып, жүкті жұмыла көтерсе керек. Бұл елдігіміз үшін қажет. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының бізге айтып, ұсынып отырғаны да осы емес пе?!
Ұрпаққа өнегелі істі үлгі етуіміз керек. Халқын ойлаған қаһармандарын құрметтеуіміз қажет. Оған бүгінде мүмкіндік бар. Тәуелсіз елдің ұландары ортақ іске үлес қосқаны абзал.
«Сарыарқа» газеті, 22 қараша 2013 жыл.
Достарыңызбен бөлісу: |