Глоссарий Абстракция – заттар немесе құбылыстарды зерттеу мақсатындағы оның белгілі бір белгілері мен қасиеттерін ойша бөліп алу.
Адаптация – сыртқы орта заттары мен құбылыстарының ерекшеліктеріне сезім мүшелерінің бейімделуі.
Ассоциация – психикалық құбылыстардың өзара байланысы.
Авторитарлық (биліктілік, бұйрықтылық)- адамның жеке тұлға ретінде өзге адамдарға демократиялық емес ықпал жасауға бейімділігін көрсететін мінездемесі.
Агрессиялық (жаулық, өшпенділік)- адамның өзге адамдарға қатысты зиянын тигізуге, қолайсыздықтар туғызуға талпынған мінез-қылығы.
Акцентуация – адамның өзгелерден ерекше белгілі бір психологиялық қасиетін не белгісін бөліп көрсету.
Альтруизм – адамды өзге адамдарға ақысыз көмек көрсетуге итермелейтін мінездік сипат.
Аморальдылық – қоғамның моральдық негіздерін қабылдамау, адамгершілік ережелерге нигилистік қатынас, жеке адам мен әлеуметтік топтардың рухани құлауы. Аморальдылықтың шеткі көріну нысанына цинизм – қоғамның барлық мәдениетіне, оның рухани құндылықтарына деген жеккөрушілік қатынас пен әлеуметтік негіздер мен мұраттарды мазақ ету жатады.
Апатия – немқұрайдылықтың, селқостықтың психологиялық қалпы. Түрткілер мен мүдделердің әлсіздігі, айнала қоршаған шындықтың оқиғаларына деген немқұрайдылық,көңіл-күй селқостығы.
Астения – жоғары шаршау мен тітіркенгіштіктен көрінетін жүйке-психикалық әлсіздігі.
Аутизм – адамның қалыпты ойлау барысының ауыруға, психотроптық дәрілерге немесе ойлау логикасының дамымауына байланысты бұзылуы. Өзіндік реттелудің төмен мүмкіндігі, адамның арман мен қиял әлеміне жиі кетіп қалуы тән.
Аффект — қысқа мерзімдік күшті эмоциялық қозудың қалпы.
Әлеуметтік адаптация – даралықтың әлеуметтік орта жағдайларына бейімделуі.
Бағдарлаушы рефлекс – зейіннің шоғырлануы, күштері мен қорларын жинақтау сияқты жалпы белсенділіктен көзге түсетін ағзаның жаңа стимулға деген реакциясы.
Вербальдық – адамның дыбыстық сөзіне қатысты.
Гипноз – нандыру арқылы адамның санасын уақытша ажырату, өзінің мінез – қылығын еріктік қадағалаудан азат ету.
Дағды — көп қайтара қайталаудың (жаттығудың) негізінде қалыптасқан, әрекеттің элементтерін саналы қадағалауды азайтуымен сипатталатын жартылай автоматтандырылған қимыл.
Деперсонализация (жеке басын жоғалту) – адамның өзін қайталанбас даралық ретінде сипаттайтын жоғары психологиялық және мінез – қылықтық сапаларын уақытша жоғалтуы.
Депрессия – адамның белсенділігін төмендететін рухани күйзелу мен ұнжырғасы түсу жағдайы.
Ес (жад) – адамның алуан түрлі мәліметтерді есте ұстауы, сақтауы, қайта жаңғыртуы мен тануы.
Жедел ес (жад) – міндетті шешуге, әрекетті болмаса операцияны орындауға керекті уақытқа ғана мәліметті сақтау үшін қажетті естің түрі
Жеке бастың сипаты — жеке басқа тән мінез — қылық пен ойлауды көрсететін жеке адамның тұрақты қасиеті.
Идентификация – бір нәрсені болмаса біреуді танудың, объектіні бұрынғы қалыптасқан бейнемен салыстырудың процессі.
Интеллект – адамның ақыл – ой қабілеттіліктерінің жиынтығы.
Инфантилизм – ересек адамда балалық мінез – қылықтың өзгешеліктерінің сақталуы және көрінуінен, өзіндік сынның төмендігінен, эгоценризмнен, өзге адамдардың өзіне қамқорлық жасауына деген жоғары талаптар қоюдан көрінеді.
Катарсис – тазару. Адамда күшті эмоциялық күй кешулерден кейін туындайтын рухани жеңілдікті бейнелейтін психологиялық термин.
Коммуникация — әлеуметтік өзара әрекеттің мәндік жағы. Адамдардың бір бірімен араласуы, хабар алмасуы және өзара әрекеттесуі.
Конфабуляция – жалған еске алулар.
Қабылдау – адамның миға сезім органдары арқылы келіп түскен хабарларды алуы мен қайта өңдеуінің процессі.
Қажеттілік – адамның қалыпты өмір сүруі үшін керекті бір нәрсеге деген мұқтаждығы
Құндылықтар – адамның өмірдегі ерекше бағалайтын және үнемі ұмтылатын жағдайлары.
Мимика – адамның қабылдаған, елестеткен, ойлаған, еске түсірген жағдайларына деген қатынасын немесе қалпын көрсететін бет мүшелерінің қимыл – қозғалысы.
Мораль – мәдениетті адамның қоғамдағы мінез – қылығының ережелері, шектері мен қағидалары.
Пантомимика – адамның мәнерлі дене қимылдарының жүйесі.
Перцептивтілік – қабылдауға қатысты құбылыс.
Психика – барлық психологиялық құбылыстардың жиынтығын бейнелейтін жалпы түсінік.
Психологиялық кедергі – адамға ойлауға және өзін адамдар ортасында дұрыс ұстауға кедергі келтіретін ішкі бөгет.
Рефлекс – ағзаның кез келген ішкі немесе сыртқы стимулдың әрекетіне беретін автоматты жауап реакциясы.
Сензитивтілік — әлсіздігіне байланысты бір бірінен сәл ғана айрықшаланатын стимулдарды дәл қабылдап, ажырата алудан және таңдамалы түрде көңіл аудару қабілетінен көрінетін адамның сезім органдарының сезгіштігі.
Сенсибилизация – белгілі тітіркендіргіштердің әсеріне байланысты адамның сезім органдарының сезгіштігінің артуы.
Статус – адамның топтық қатынастар жүйесіндегі орны.
Темперамент – адмның психикалық процесстері мен мінез – қылығының динамикалық сипаттарының жиынтығы.
Фанатизм — адамның бір нәрсеге шамадан тыс еліктеуінің нәтижесінде өзінің мінез — қылығын қадағалауының төмендігінен, еліктеу объектісі туралы пікірлерінің сындарсыздығынан көрінеді.
Флегматик — адамның темпераментінің типі ретінде төмен қозғалғыштықпен, қимылдарының баяу ырғағымен, нашар дамыған экспрессиясымен сипатталады.
Фрустрация – аданың өзінің сәтсіздіктерін терең сезінуі, үміттерінің қирауы мен тұйқтыққа тірелу сезімдерінен көзге түседі. Фрустрацияға, қиыншылықтарға деген табандылықты толеранттылық деп атаймыз.
Холерик – адамның темперамент типі ретіндде жоғары қозғыштығымен, ұстамсыздығымен, қимылдарының жылдамдығымен және көңіл — күйінің айқындылығымен сипатталады.
Эгоцентризм – адамның санасы мен зейінінің тек өзіне ғана шоғырланып, айналасындағы оқиғалар мен адамдарға көңіл аудармауы.
Эмпатия — өзге адамның эмоциялық қалпын жете түсіне алу қабілеті. Эмпатияның болмауы аяусыз зорлық қылмыстардың жасалуының негізгі алғышарттарының бірі.
Экстраверсия – интроверсия – жеке бастың сыртқы объектілер әлеміне болмаса өзінің субъективті әлемінің құбылыстарына бағыттылығына тәуелді дара — психологиялық ерекшеліктерінің сипаттамасы.
Эйдетикалық ес – бейнелерге, оларды ұзақ сақтау мен қайта жаңғыра алуға байланысты көрінетін көру есі.