Адамгершіліктің аты өшкен
Жәһилия кезеңіндегі Арабстанда адамгершілік атаулы жойылған. Нәпсіқұмарлық шегіне жетіп, құмар, зинақорлық, маскүнемдік, зұлымдық, ұрлық, зорлық, өтірік-өсек кең етек алған.
Әлі жеткен әлсізге әлімжеттік жасап, ұрып-соғатын, ойына келгенін орындататын. Әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ, адам өмірі ойыншыққа айналған. Күштінің айтқаны – заң, дәрменсіз дымын шығармайды. Адамдар мал тәрізді мойындарына қамыт кигізіліп, базарда сатылатын.
Әйелдердің көрген күні айуаннан төмен. Әсіресе, жас күңдер зорлық-зомбылықтың құрбаны боп жатты. Қыздарды сату, зинақорлыққа итермелеу қалыпты тұрмыс қажетіне айналған.
Құранда адам атын ластайтын бұл азғындық әрекеттер жөнінде былай делінеді:
“Жалған дүниені ойлап күңдерді, әсіресе намысын сақтауға тырысып баққандарды зинақорлыққа мәжбүрлемеңдер. Зорлықтың құрбаны болғандарға Аллаh - аса кешірімді әрі рақымды” (Нұр сүресі, 33-аят).
Надандықтың шегінен шыққаны сол, бір әйел бірнеше еркекпен бірге тұра беретін. Онысын үйінің шатырына белгі қадап жария қылатын.
Өгей шешелер күйеуінің дүние-мүлкімен қоса әкеден балаға мирас боп қалатын.
Шөл даланы мекен еткен арабтардың көбісі қыз баласы дүниеге келсе сұмдық санайтын. Әйелі босанған сәтте нәресте қыз болса, ешкімге тіс жарып айтпастан, көрсетпестен тірілей көміп тастайтын немесе терең құдықтарға лақтырып жіберетін. Бұл істерінің дұрыстығын өздерінше сылтау айтып дәлелдеген.
“Бұлар ертең өскен соң жезөкше болып, ар-намысымызды аяққа таптауы мүмкін. Бой жетіп жүзіқара болғанша қанша шығын шығарып, асырап-бағу керек. Оған шамамыз да жетпейді” деп ақталатын.
Кейде аналарының өздері-ақ босанар күндері таяғанда арнайы шұңқыр қаздырып дайындайтын. Сәби қыз болса, туылған сәтте әлгі шұңқырға тастап, үстін топырақпен жаба салатын. Бауыр еті баласын бәледей көріп одан құтылудың ең оңай жолын тапқандарына мәз.
Дүниеге келген мезетте өлтіре алмаса, бес-алты жасқа келгeнде әкелері қыздарын әдемі киіндіріп, қонаққа апаратын кісіше сәндеп ертіп шығатын. Сол бетімен айдалаға жетектеп апарып, алдын ала дайындалған орға жығып салып, шырқырап тырбынғанына қарамастан көміп тастайтын да ештеңе болмағандай оралатын.
Ал баласын өлтіруге қимағандар қалың жүн күпі кигізіп, қыз екенін жасырып, ауыл маңынан аулаққа қой, түйе бақтыруға жіберетін. Сөйтіп елдің көзінен тасалап ұстайтын.
Құран Кәрім арабтар арасында кең таралып, қалыптасқан айуандық әдет жайында былайша баяндайды:
“Олар қыз (балалы) болғанын естігенде ашуға булығып, жүздері қап-қара болып кететін.
Содан ұялып, ел-жұрттың көзінен тасаланады. Баланы тірі қалдырып (өмір бойы өзі) азап шеккені мақұл ма, әлде тірідей көміп көзін жойып біржола тынышталғаны дұрыс па? Неткен ауыр үкім десеңші?!” (Нахл сүресі, 58-59)
Жәһилия кезеңінде осы дәстүрді ұстанып, іштен шыққан шаранасын құрбан еткен, кейін исламды қабылдаған сахабалардың бірі пайғамбарымызға басынан өткен оқиғаны былайша әңгімелеген:
“Уа, Расулаллаһ!
Біз надандық дәуірін өткердік, сол кезеңнің үрдістерін орындадық, пұтқа табындық, бауыр етіміз – баламызды аяусыздықпен жер қойнына бердік. Менің де сүп-сүйкімді қызым бар еді. Қылығы да, тілі де тәтті еді, алайда мен оған қарамауға, мән бермеуге тырысатынмын. Сонда да қасымнан екі елі айырылмайтын.
Бір күні оны қасыма шақырдым, томпаңдап жүгіріп келді. Өзі жақсы көретін қызылды-жасылды көйлегін кигіздім де “Енді жүр менімен бірге, бір жерге барып келеміз” деп алдап ертіп шықтым. Былдырлап сөйлеп, мәз боп қуанып келеді. Біраз жер жүрген соң терең қазулы құдыққа келдік.
Екі қолынан ұстап көтеретіндей сыңай таныттым да, бар пәрменіммен құдыққа тастап жібердім. Сондағы құлап бара жатып “Әке-ее-е… әке-тайым…” деп құлын даусы шығып айқайлаған даусы әлі күнге құлағымнан кетпейді. ”
Екі дүниенің сұлтаны бұл әңгімені естіп, қатты егіліп жылады. Көздерінен аққан жас сақалын жуып, тарам-тарам етті. Сонан соң былай деді:
“Аллаh Тағаланың мейірімділігі кең, ондай қатыгездікті мұнан соң қайталамайтын болсаңыздар, жәһилия дәуіріндегі білместіктеріңізді кешірер. ”
Иә, жәһилия кезінде аты айтып тұрғандай, надандық пен жауыздық түгел дүниені тұмшалап алған-тын. Адам баласы руханият, мейірім-шапағат дегеннен жұрдай. Күллі әлемнің жаратушысына сеніп, иман келтірмеген жүректен не үміт, не қайыр.
Құдайдан қорықпаған ұждан, Аллаhтың азабынан үрейленбеген рухтан жақсылық шығуы мүмкін бе?!
Достарыңызбен бөлісу: |