Ағылшын тілін оқыту – заман талабы.
Қай заманда болмасын адамзат алдында тұратын ұлы мақсат – саналы ұрпақ тәрбиелеу. Қазіргі Қазақстандық қоғам көпұлттық, көптілділік және көпмәдениеттілік жағдайда. Сондықтан осы қоғамға бейімделген көп тілді меңгерген мәдениетті тұлға қалыптастыру- өзекті мәселелердің бірі. Еліміздің Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «біз алдағы уақытта осы алған бағытымыздан таймай әлемдік биіктерді бағындыра беретін боламыз. Сондай биік белестердің бірі-Қазақстанның дүние жүзіндегі бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына кіруі. Ол мақсатқа жету үшін, ең алдымен, әрбір қазақстандық бәсекеге қабілетті болу керек» деген болатын. Сонымен қатар осы мақсатқа жету жолында тіл мәселесін сөзге тиек ете отырып, жаңа ұрпақ ең кем дегенде үш тілді біліп, қазақ, орыс және ағылшын тілдерін еркін білу тиіс екендігін айтты.
Елбасы жолдауында кез-келген орта білім беретін мектеп балаларының ең жоғарғы деңгейдегі шет тілін оқып үйренуіне жағдай жасайтындай дәрежеге қол жеткізуіміз керек делінген. Жалпы білім беретін мектептерде қазіргі таңда шет тілін меңгертуге аса мән беріліп отыр. Бұл үшін жетілдірілген әдіс шетел ғалымдарының іс-тәжірибелерімен танысу қажет екендігі ешбір дау туғызбайтыны белгілі.
Бүгінгі күні елімізде 12 жылдық білім беруге көшу қызу пікірталас туғызуда, оқытудың жаңа жүйесіне көшу әлемдік білім кеңістігіне енуді көздейтін заман талабынан туындаған мәселе. 12 жылдық оқу мерзімінде оқытуда жалпы орта білім беру мазмұнында қазіргі білім беру салалары сақталады: тіл мен әдебиет.
Қазақстанның білім беру жүйесінің әлемдік білім кеңістігіне біртіндеп өтуі жағдайында шетел тілдерін оқытудың рөлі артады. 12 жылдық білім беруге көшудің қажеттілігі бес жасар балаларды мектепалды даярлықтан өткізудегі мәселе жалпы білім беретін мектептерде баланың білім, білімдік сапасын арттыру, оқушылардың бір мезгілде үш тілде-қазақша,орысша және ағылшынша ауызекі сөйлеудің негізін игеруге жәрдемдеседі. Әрине 12 жылдық білім беру жағдайында ағылшын тілін оқыту әдістемесінің бірі ойын элементтерімен іс-әрекеттер арқылы оқыту. Ойын элементтері оқытудың бір түрі болып табылады. Бұл әдістің тиімділігі оқушылардың белсенділігін пәнге деген қызығушылығын, ынтасын артттыруында болып табылады. Сонымен қатар ағылшын тілін кеңінен білмейінше, ұлттың бәсекеге шынайы қабілеттілігі туралы айту қиын болатындығын ескерте отырып, барлық ата-аналарды балаларын үш тілде оқытуға шақырамыз. Шәкірттер қазақ тілін толық әдеби нормада меңгеріп, орыс тілі мен ағылшын еркін білу қажет. Ал ғалымдардың зерттеуінше, бала жас кезінде тілді қиналмай әрі еркін меңгереді екен. Осы ретте Білім және Ғылым министрлігінің ағылшын тілін бастауыш сыныптан бастап үйретуге назар аударуы-дұрыс талап. Бүлдіршін жаста меңгерілген білімнің іргетасы берік әрі мықты болмақ. Ал осы берік әрі мықты білімді санаға себелеп, жанға ұялататын әрине мұғалім. Ағылшын тілі пәні мұғалімдері қазіргі кезде ағылшын тілін оқыту сапасын жақсарту мақсатында тіл үйрету саласында әлемдік озық тәжірибелерді, жаңа технологиялар мен әдістерді барынша қолдануда.
5-6 жастағы балалардың негізгі іс-әрекеті ойнау іс-әрекеті болып табылады, сондықтан ағылшын тілін үйрету үшін мұғалім осы факторды ескере отырып әртүрлі ойындарды пайдалану керек. Ойындар арқылы мұғалім балаларға жаңа сөздерді,сөз тіркестерін үйрете алады. 7-9 жастағы балалар да ойнағанды ұнатады, бірақ оларды ағылшын тіліне оқыту үшін тек ойындарды ғана емес, әртүрлі тапсырмалар, жаттығуларды да орындатқызу керек. Ойын арқылы балалар шетел тілінде жеңіл қарым-қатынас жасай алады және ойын кезінде оқушылар шаршағандарын сезбей, әсерлене, қызыға отырып шет тілін тез үйренеді. Егер мұғалім ойынды тек балаларды көңілдендіруге, дем алдыру үшін ойнатса, одан ешқандай пайда жоқ. Ойын белгілі бір білім беруді мақсат етіп, ойналған кезде ғана нәтижелі болады.
Ойын дегеніміз:
іс-әрекет (тілдік)
зорлықтың, қыстаушылықтың жоқтығы
жеке адамға ғана тән іс-әрекет
коллектив арқылы тәрбиелеу және білім беру
баланың психикасын, ой-өрісін дамыту
қызықтыра отырып үйрету
Шет тілінде лото, карта, домино, жұмбақтар, кроссвордтар, байқаулар түрінде де, лингвистикалық ойындар, қолғап ойыншықтар, жануарлар, көкөністер т.б. түрінде де ойналады. Шетел тілін үйрету ойынының мынадай түрлері бар:
грамматикалық ойындар
фонетикалық ойындар
лексикалық ойындар
орфографиялық ойындар
рольдік ойындар
Шет тілі сабағының әр кезеңінде ойын элементтерін пайдалануға болады. Мысалы: сабақтың басында ұйымдастыру бөлімі кезінде алынатын фонетикалық рифмовка алған кезде, ал кәне кім мына өлеңді бірінші жаттап алып, маған айтып берер екен деп жарыс ойынын ұйымдастырса және эстафета таяқшасын дайындап алып барып, оны алда отырған оқушыға берсе, ал оқушы өлеңді айтып болып, келесі оқушыға берсе, балалар жарыса отырып өлеңді қалай жаттап алғандарын байқамай да қалады.
Сабақ процесінде ойын пайдаланылған кезде баланың миында Не істеймін? Қалай айтам? Қалай жеңем? деген сұрақтар тұрады. Шет тілін нашар білетін бала ойын басқалармен бірдей үйретіліп жатқан тілде сөйлеп, мен де басқалармен бірдей екенмін ғой, мен де біледі екем деген ойда болады. Психологтардың айтуы бойынша бастауыш сыныптардың балалары ойын іс-әрекетінен оқу іс-әрекетіне көшеді. Дегенмен, ойынның маңызы бұл жаста мол. 6-7 жастағы балалардың қызығушылығы мол, жаңа тақырыпты қабылдағанда әдемі, қызықты заттарға назар аударады, бірақ олардың назары тұрақсыз болып келеді. Балалар 2-3 минуттан астам әңгімесін тыңдай алмайды, сондықтан сабақ түсіндіргенде сұрақ-жауап тәсілін қолданған жөн. Бастауыш сынып оқушылары ұзақ отыра алмайды,тез шаршағыш болады, сондықтан 10-15 минут сайын ойындар, қимыл іс-әрекет жаттығулар өткізген жөн.
Мектептерде биылғы жылдан бастап мектепке дейінгі және бірінші сыныптан ағылшын тілі оқытыла бастады. Ағылшын тілін ерте жастан оқытудың мақсаты-оқушылардың ағылшын тілінде қарым-қатынас жасай алу негіздерін меңгеруі болып табылады. Ерте жастан ағылшын тілін оқыту оқушылардың коммуникативті даму біліктілігін арттырады, оқушылардың қызығушылығын оятуға мүмкіндік алады. Ал, әлемдік тіл ретінде бейресми түрде орныққан ағылшын тілін меңгеру ұлттың бәсекеге қабілеттілігін шыңдай түседі. Қазір ағылшын тілін білу-уақыт талабы.
Тілді меңгеру теориясына сәйкес бала тілді ересектерге еліктеу арқылы меңгереді, демек, мақсатты емес, бағытсыз, имитативті түрде үйренеді. Бала үшін ешкім де тіл ағымын бөлшектерге ұсақтап, тілдік үлгілерге мөлшерлеп, белгілі бірізділікпен реттеп, грамматика ережелерін түсіндіріп бермейді. Дегенмен, жүйелі дамып келе жатқан бүлдіршін бес-алты жас шамасында коммуникативті мәселелерді шешіп, өз бетінше әңгіме құрап, күрделі грамматиканы меңгереді, ал жеті-сегіз жас шамасында баланың сөйлеуінде құрмалас сөйлемдер мен көлемді мәтіндер пайда болады. Осы теорияға сәйкес екінші тілді де бала дәл осылай меңгереді.- мақсатты емес, ережелерсіз, имитацияға деген ғажайып қабілеттілігі арқасында. Бұған дәлел – баланың қостілді ортада өсіп, дамуы.
Психологиялық тұрғыдан бала 5 жастан бастап-ақ шет тілін түсініп үйренуге дайын болады.
Баланы ағылшын тіліне үйрету барысы сәтті болу үшін, баланың әрбір тілдік және тілдік емес (мимикалық) әрекетіне қарым қатынас мотивін (сарынын) жасау қажет. Ол үшін бала ағылшын тілінің тәжірибелік нәтижесін көруі керек, өйткені көп жағдайларда ол алған білімінің нақты қолдану мүмкіндігін түсінбейді. Бұл кемшілікті келесі принциптерге құралған жобалы әдістеме тәсілдері көмегімен толықтыруға болады:
практикалық нәтижеге жету үшін бағытталған нақты мақсатты тұжырымдамалау;
әрбір оқушының не топ оқушылардың тіл арқылы практикалық тілден тыс әрекетті орындауға бағытталған нақты тапсырма алуы;
оқушы алған тапсырмасын өз бетімен орындауы және қажет болған жағдайда мұғалім көмегінің болуы;
жұмыс нәтижесіне жетуде оқушы мен мұғалімнің өзара жауапкершілігінің болуы.
Балаға мұндай жағдайларды туғызса, шынында бала ересектерге қарағанда ағылшын тілінде сөйлеуді тез және нәтижелі үйренеді, бұған қоса баланың жас кезіндегі меңгерілген нәрсесі біржолаға есте нақышталады деген ұғым бар. Алайда шет тілді қарым-қатынас жасалуы тежелсе, баланың бұған дейін алған дағдылары жойылады, ал бұл дағдылар аясы ұзақ уақытқа жойылуымен бірге бірте-бірте алған тәжірибесі де нөлге дейін редукцияланады. Жоғарыда аталған шарттардың іске асырылуы есті психолого-педагогикалық әрекеттерді белгілейді, дәлірек айтсақ. оқыту барысындағы мұғалім мен бала арасындағы қарым-қатынас қызметі ұйымдастырылады.
1-сыныптан бастап ағылшын тіліне үйрету жұмысы – мұғалімнен аса жауапкершілік пен жұмыстың маңызды екенін түсінушілікті талап иететін фактор. Қазіргі техниканың молынан даму заманындағы еліміздің өркендеу жолында түрлі дипломатиялық қатынастарды нығайту үшін, жастардың шет елдерде білім алуы үшін, мейлінше көп тілді меңгерген білікті мамандарды оқытып шығару үшін ағылшын тілін үйренудің болашақта маңызы өте зор мүмкіндік екенін 1-сыныптан бастап-ақ бүлдіршіндерімізге түсінік беріп оқытқанымыз абзал.
«Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Мен қазіргі заманғы Қазақстандық үшін үш тілді білу – әркімнің дербес табыстылығының міндетті шарты екендігін әрдайым айтып келемін. Сондықтан 2020 жылға ағылшын тілін білетін тұрғындар саны кемінде 20 пайызды құрауы тиіс деп есептеймін» деп атап өтті еліміздің Президенті Н.Ә.Назарбаев.
Оқу процесінде жаңа технологияларды қолданудың маңыздылығы оқушыларды жан-жақты біліммен қаруландырып, олардың білімге деген белсенділіктерін арттыру, сабақты әр түрлі әдіс-тәсілдер арқылы қызықты етіп ұйымдастыру оқушылардың шығармашылық қабілеттерінің дамуына тікелей әсер етумен сипатталады. Елбасымыздың бекіткен тұжырымдамасы мен жолдауына жаңа қоғамды қалыптастыру үшін, саяси және экономикалық талаптарды ескере отырып, оқушыларды мәдениетке, ата-баба салтына, әдет ғұрпына, өз ұлтының ұлттық құндылықтарын игеруге, халықаралық қатынас мәселелерін түсінуге дайындауымыз керек. Ағылшын тілін бастауыш сыныптан бастап оқытудың артықшылығы әрбір балаға психологиялық ойлауына, ағылшын сөзіне көңіл аударуына, түсінуіне оң әсер ететіндігі, содан соң негізгі мектепте білімін берік нығайтуын, білім сапасын арттырып ағылшын тілінде қарым-қатынасқа түсіпе, ерте мәдениетаралық коммуникацияға мүмкіндік беретіндігінде.
Бастауыш сыныптарда тіл игеруде жаңа әдістерді қолдану қажеттігі туып отыр. Бұдан бұрынғы әдістерді қолданбау керек деген пікір тумайды. Қайта бұл жаңа методиканың дамуына негіз салады. Атап айтқанда әр түрлі сөйлемдерді меңгерту, қайталату, мәтіндерді оқыту, бірнеше қайтара естеріне түсірту тағы да басқа жұмыс түрлері оқушыны жалықтырып шаршатады. Сондықтан да ағылшын тілін игеруде ойын түрлерін пайдалану оқушының «басқап тілді үйрене алмаймын» деген сенімсіздігін сейілтіп тілді үйренуге ынтасын арттырады. Мысалы оқудың алғашқы кезінде оқушы тілдік материалдарды жеңіл меңгеріп кетуі мүмкін, ал бара-бара материалдың күрделенуіне байланысты оқушы әр түрлі қиыншылықтарға кездеседі. Ал бұған мұғалімдер дер кезінде көмек жасай алмайды. Қиыншылықтан тек сабақта ойын түрлерін пайдалану арқылы оқушының көзін жеткізуге болады. Әрине ағылшын тілін оқып, үйрену, бірден қалыптаса алмайды. Өз ана тілін әлі толық меңгермеген балаға ағылшын тілін үйрету оңайға соқпайды. Бұл кезде мұғалімге үлкен жауапкершілік жүктеледі. Бастауыш сыныптарда баланы ағылшын тіліндегі дыбыстарды дұрыс айтуға, буындарды, сөз тіркестерін, сөйлемдерді дұрыс меңгеріп негізгі грамматикалық категориялардан жалпы мағлұмат беріледі.
Бастауыш сыныптарда ағылшын тілін оқытуда ойын түрлерін пайдалану оқушының басқа тілді үйренуге деген ынтасын арттырады. Оқудың алғашқы кезінде оқушының тілдік материалдарды жеңіл меңгеріп кетуіне көмектеседі. Ағылшын тілін үйретуде алғашқы кезде балалардың көздерімен көріп, құлақпен ағылшын тілінде сөз тыңдау арқылы – тыңдау мен сөйлетуге үйрету керек. Түрлі-түсті суреттерді іліп ауызша оқылуын айтып, бала әріпті танымаса да сурет астына оқылуын жазу керек. Кабиенттегі бар заттарға, мысалы есікке DOOR, терезеге WINDOW, тақтаға BLACKBOARD, қабырғаға WALL, гүлге FLOWER-деп жазып іліп қойса, оқушы есікті т.б. көріп тұрып, оның қалай аталатындығын көреді, естиді, сонымен бірге ол әріпті танымаса да «есік» деген сөздің қалай жазылатындығын көзбен көру арқылы баланың есінде қала береді.
Мұғалім дарынды балалармен және үлгермейтін оқушылармен жекелеп жұмыс жүргізу керек. Мұғалімнің мақсаты мен міндеті: оқушыларды сауаттылыққа баулу; теориялық білімді практикалық жұмыспен ұштастыра білуге меңгерту; талдау жұмыстарын меңгерту; оқушының пәнге деген қызығушылығын арттыру; оқушының өз бетінше жұмыс істеу қабілетін арттыру; оларды ұлттық үрдісте тәрбиелеу; баланың білім деңгейін саралап, шығармашылық жұмысқа тарту; оқушыны білімге ынталандыру; мұғалім мен оқушының қарым-қатынасы, өзара сенім туғызу; оқушының жұмысына бақылау жасау, баға беру; әр оқушыға жеке әдіс амал қолдану.
Ағылшын тілін игеруде оқушымен бірге болатын сағат саны да үлкен роль атқарады. Әдепкі этапта аптасына үш рет айналысу керек. Үйретілетін материал бірінен кейін бірі жалғасын табатын болу керек. Бастауыш сыныптарда оқушының ойлау қабілеті төмен болады. Есте сақтау қабілеті әлсіздеу болады. Сондықтан бала тез есте сақтап қалу үшін сабақта ойын элементтерін пайдалану, рольдік ойындар, жарыстар, конкурстар, түрлі-түсті суреттер, музыка, әр түрлі қозғалыстарды қолдану керек. Оқушының ағылшын тіліне деген қызығушылығын арттырып, сабақты қызықты өткізіп, баланы шаршатып алмау керек. Сабақты жоспарлы түрде дайындаған дұрыс.
Бүгінде басқа елдермен тереземіз тең егемен ел болып отырғалы, Елбасының Қазақстан халқына жолдауындағы кешенді үш мәселенің бірі – жан-жақты білім беру болып табылады.
Ұлттың қабілеті, елдің өркениеттілігі оның білімділік деңгейімен айқындалатындығын ескере келе, 12 жылдық эксперименттің де негізгі мақсаты – мектептердің сапалы жаңа білім кеңістігіне ену жолдарын іс-тәжірибелік сынақтан өткізу болып табылады.
12 жылдық мектептің негізгі буынында оқушылар арасында кәсіби бағдар жүргізу жұмыстары жүргізілсе, жоғары сыныпта пәндерді кәсіби тұрғыда тереңдете оқып, жоғарғы оқу орындарына түсіп, оқуларына сапалы даярлау жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік жасалынады.
Осылайша олардың әлеуметтік дамуына, болашақ мамандықтары бойынша қажетті дағдыларды жинақтауына, еңбек рыногына бейімделулеріне, өз бетінше өмір сүруге дайындайды.
Әлемдік білім кеңістігіне кіру – білім жүйесін халықаралық деңгейге көтеруді талап етуінебайланысты, Елбасының бүгінгі күні жүргізіп отырған «Үш тұғырлы тіл» саясатының маңызы зор.
Мұндағы негізгі мақсат – еліміздің ертеңі болатын бүгінгі ұрпақтың үш тілді қатар меңгеріп, бәсекеге қабілетті, білімді азаматтар болып шығуын көздейді.
Ана тіліміз – халық болып жаратылғаннан бері, жан дүниеміздің айнасы, өсіп-өніп, түрлене беретін мәңгі құламайтын бәйтерегіміз болса, шет тілін оқып үйренуіміз жан дүние рухымызды байытатын, әлемдік білім кеңістігіне жол ашатын, бәсеке ғасырындағы қолымыздағы қаруымыз.
12 жылдық білім беруде шет тілін бастауыштан бастап оқытудың себебі де, осы болып отыр.
Білім негізі бастауышта қаланатындықтан, бастауыш сыныптан бастап, шет тілін оқытудың ең басты мақсаты – тілдің сапасын арттыру, яғни оқушыларға шет тілін сапалы түрде, бір-бірімен еркін қарым-қатынас жасай алу деңгейінде меңгерту талап етіледі.
Бұл талап эксперимент сыныбына сабақ беретін ұстаздарға жауапты міндеттер жүктейді. Сондықтан да, қай пән болмасын, әр ұстаз өз сабағына бей-жай қарамай, жаңа технологияларды қолдана отырып, сабақтың ғылымилығын арттырып, балаға жан-жақты білім беруді көздегені жөн.
Сондай-ақ, эксперимент сыныбында, ұстаз әр сабағын құруда өз тәжірибесін, шеберлігін кеңінен қолдана білу талап етіледі.
Ұстаздың қолындағы мықты екі қарудың бірі-терең білімі болса, екіншісі-сол білімін оқушы бойына, санасына жеткізетін, дарытатын әдіс-тәсілі болуы қажет.
Сондай-ақ, келесі бір тиімді жағы балаларға шет тілін, ана тілімен салыстыра отырып үйрету. Бұл баланың ой өрісінің дамуына себепші болады.
Достарыңызбен бөлісу: |