Аграрлық сектор ауылсыз дами ала ма?



Дата20.07.2020
өлшемі44,47 Kb.
#63356

Дала мен қала.- 2013.- №47.- 21 қараша

Тәкебаев Қ.



Аграрлық сектор ауылсыз дами ала ма?

Бүгінгі күні Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың өз қарамағындағы жауапты салалардың тізгінін ұстап отырған лауазым иелеріне міндеттеумен беріп отырған тапсырмасының артар жауап­кершілігі мен алып жүрер жүгі аса сал­мақты екенін халық та жақсы біледі. Бір жағы маң-маң басып марғаулыққа са­лы­нып кеткен басшылардың қолынан келгенше қоншынан басып бара жат­қаны Елбасымызды бей-жай қалдыра алмағаны халықтың тарапынан қа­нағат­танарлық сезімін туғызды. Онысы өте құптарлық жай болды. 

Жақында еліміздің Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков Қазақ Ұлттық аграрлық университетіне арнайы келіп, ауыл шаруашылығы ауқымында болып жатқан жайларға байланысты ашық дәріс өткізді. Бұл шараға университеттің оқытушы-профессорлар құрамы мен студенттер, сонымен қатар онлайн режімде Жәңгірхан атындағы, Сәкен Сейфуллин атындағы аграрлық университеттердің және Шәкәрім Құдайберді атындағы мемлекеттік университеттің ұжымы мен студенттері және де ауыл шаруашылығының сан салалы мамандары қатысты. Министрмен басқосу барысындағы кез­десуді Қазақ Ұлттық аграрлық универ­сите­тінің ректоры, ҚР ҰҒА академигі Тілектес Исабайұлы Есполов ауыл шаруашылығына қатысты көңілінде жүрген көрікті ойларын көпшіліктің назарына ұсына отырып, үлкен жиынды әсерлі әңгіме желісімен ашып берді. Бұдан кейін сөз алған министр Асылжан Мамытбеков жаңару мен жасампаздық жолын­дағы ауыл шаруашылығы ауанын шетінен рет-ретімен жиналған қауымға бастан-аяқ баяндап жатты. Нақтылы дәлелдерге сүйен­ген ол ауыл шаруашылығындағы орын алып жатқан реформалардың игілікті нәтижелері бар екенін бүкпесіз ортаға салды.  Дәл қазіргі уақытта халқымыз азық-тү­лік­ке өз қажеттілігін 80 пайызға дейін қамта­масыз етуге қол жеткізген екен. Бұған келтіре кетер дәлелдер баршылық. Мәселен, орташа есеппен алғанда, жылына 15,5 миллион тонна астық өндіріп, орташа есеппен алғанда оның 6 миллион тоннасы экспортқа жібе­ріліп келеді. Бұл ойлап қараған адамға оңай көрсеткіш емес. Осындай құлшыныс пен ұмтылыстың арқасында әлемдік экспорттаушы елдердің алдыңғы топтағы оныншы қатарына, былайша айтқанда сапына кі­ріппіз. Министр соңғы 12 жылда ілгері­леушілік қадамдарының бар екенін қадап айтты. Осы уақыт аралығында жалпы өнім көлемі 4 есеге ұлғайып отырғандығын, өткен жылы 2 триллион теңгедей көңіл өсірерлік көрсеткішке жеткенімізді айта келіп, оған тәптіштеп тұрып тоқталды. Мұнда өсімдік шаруашылығы өнімінің өндірісі осы ке­зеңдер ішінде 3 есеге, мал шаруашылығы өнімінің өндірісі 5 есеге дейін артып отырған­дығын ашық түрде айтып өтті. Аталған мерзім ішінде атқарылған жұмыстар аз емес көрінеді. Бұған қатынасушылар кәміл сенді. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы өнімдері экспортының көлемі былтырғы жылы 3 миллиардтан астам АҚШ долларын құрап, одан бұрынғы 2011 жылдың деңгейінен салыстырмалы түрде қарағанда 60 пайызға көтеріліпті. Сол сияқты 2009 жылдан бастап өткен жылға дейінгі аралықта былай қойғанда, 2012 жылы шағын шаруашылық және фермерлік қожа­лықтардағы мал басының саны 20,1 пайызға өскендігі бұл бағытта өрлеу барын көрсетеді. Осы жерде қателікпен артық санап жіберген 1 миллион малды қоспағандағы көрсеткіш шығар деп түйін жасауға әбден болады. 

Бүгінгі қойылып отырған талаптарға сәйкес ауыл шаруашылығын дамыту барысында мемлекет пен үкімет тарапынан ке­ңінен қарастырылған алуан түрлі бағ­дар­ламалар мен жобалардың өмірге жолдама алып жатқанынан жан-жақты құлағдар еке­німіз анық. Олардың да жүктер жауап­кершілігі жоғары. Солардың қатарындағысы «Сыбаға» бағдарламасы ірі қара малының жалпыламалық санынан аналық мал басы­ның үлесін 2009 жылдағы 37,2 пайыздан өткен жылы 43,9 пайызға дейін өсіріп, өр­кендетуге айтарлықтай сәтті қадамдар жа­сағаны ап-айқын көрініп тұр. Бұл қуанарлық жай. Осы жерде министр тілге тиек еткен мына бір жайды айта кетпесе болмас. Өткен жылы ауыл шаруашылығының негізгі капиталына құйылған инвестициялар мөлшері 22 пайызға (133,9 миллиард теңгеге) өскендігі де тегін болмаса керек. Ашығына келгенде ауыл шаруашылығына тартылған инвестицияның көлемі мен мөлшері экономиканың басқа салаларына тартылған инвестицияның көле­мінен көп-көрім көтеріңкі болып тұр. Осыған байланысты айтылып жатқан ашық сындарды да бүгіп қала алмаймыз. Оның ауылды жа­рылқап отыра алмай келе жатқаны да жасырын сыр емес. Еліміздің 40 пайыздан астам халқын қамтып отырған ауыл тірлігінің тынысы кімді болса да ойландырмай қоймайды. Азық-түліктің ішінен елдің еңсесін тіктейтін ет өнімдері емес пе? Алдағы 2016 жылға қа­рай экспортқа жылына 60 миллион тонна ет шығару нақтылы белгіленіп отыр. Осыны орындауға, бір сөзбен айтқанда қол жеткізуге мүмкіндіктер көзі бар ма? Бұл жағынан қазақстандықтардың беларустардың талапқа сай келмейтін малына тәуелді болып отыр­ғаны ақыл-ойға сыя бермейді. Бұған ми­нистрдің берер жауабы нарыққа әкеп тіре­леді. Келер жылдары іс-әрекет қандай болады? Халық осы жағынан жанды жауап кү­туде. Оны уақыт көрсете жатар.

Асылжан Мамытбековтың басты көңіл бөлгені мал шаруашылығында болып жат­қан өзгерістер. Ол қазақтың ақбас ірі қара­сының басын көбейту, оның тұқымын барынша асылдандыру. Алдағы жылдан тауарлы сүт өндіруді де жедел түрде қолға алатын сияқты. Қазіргі қажетіне пайдаланып отырған сүттің жасандылықтың шылауынан шыға алмай келе жатқанын ешкім де жоққа шығара алмайды. Халықтың мұны анық та қанық көріп отырғанына көз жұмып қарай алмаймыз. Бұл орайда министр жоғары талап қойылатын техникалық регламентті күшейту қажеттігін қолданылатын ретіне қарай баяндап берді. Ол айтқаны ойға қонымдылығымен көңілден шықты. 



Дәрісі біткеннен кейін Асылжан Мамытбеков қатынасып отырған әр тараптағы адамдардың қойған сұрақтарына жауап беруге де дайындығының жақсы екенін көр­сетті. Ауыл шаруашылығында айтылып келе жатқан әлеуметтік мәселелердің әлі күнге тиянақты шешімін таппай келе жатқанынан да министр жалтара алған жоқ. Оның нақты дәлелі «Дипломмен – ауылға!» бағдарла­масының жанды мысал боларын да жасырмады. Жастардың бұл бағытта бүгінгі күнге дейін сенделісте жүргенін ашына айтқан адамдарды ол сабырлы қалпымен сабасына түсірді. Бұл мәселеге әлі де тікелей ықпал жасайтынына жұртшылықты сендірді. Оның берген уәдесі қалай боларын уақыт көрсетіп береді деген үміт жетегінде қалды қалың қауым. Министр сонымен қатар жұртқа жағымды жаңалық та жеткізді. 2012 жылы конкурстық процедуралардан өткен ЖОО-ын үздік бітірген 10 түлек министрліктің орталық аппаратына жұмысқа қабылда­ныпты. Олардың қабілеті жетерлік кадрлар екеніне ол ризашылық сезімін білдірді. Алдағы уақыттарда олардың қатары бұдан да көбейе түссе, нұр үстіне нұр болар еді ғой. Халықтың тілеуі осы болды.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет