Ахмет байтұрсынов бастаған алаш зиялыларының Әліпбиді өзгертуге қарсы күресі



Дата02.04.2020
өлшемі27,28 Kb.
#61401
Байланысты:
СТАТЬЯ Акжол

АХМЕТ БАЙТҰРСЫНОВ БАСТАҒАН АЛАШ ЗИЯЛЫЛАРЫНЫҢ ӘЛІПБИДІ ӨЗГЕРТУГЕ ҚАРСЫ КҮРЕСІ
Тлегенов А.Д., Е.А.Бөкетов атындағы тарих факультетінің 2-ші курс магистранты және Үштөбе ЖОББ ТМ (РО) КММ мектебінің тарих пәні мұғалімі

Ғылыми жетекшісі т.ғ.к., доцент Бейсенбекова Н.А.


Латын алфавиті енгізілгенге дейін өзге түркі халықтары сияқты қазақ халқы да төрт-бес ғасыр бойы араб алфавитін қолданып келді. Сол кезде КСРО құрамындағы жиырмадан астам ұлттардың Х ғасырдан ХХ ғасырдың 30 жылдарына дейінгі бай мұраларының көпшілігі осы жазу арқылы жазылды. Дегенмен араб жазуын халықтың бір бөлігі ғана, тек ескіше хат танитындар пайдалана алды және дәстүрлі араб алфавиті арнайы араб тіліне ғана шығарылғандықтан, оны түркі тілдеріне қолдану біршама қиындықтар туғызды. Осылайша ХІХ ғасырдың ІІ жартысынан бастап қазақ оқығандары, оның ішінде Ы. Алтынсарин тәрізді ағартушылар қазақтың ұлттық жазба әдеби тілін қалыптастыру үшін оның дыбыстық жүйесін дұрыс бере алатын жаңа алфавит қабылдауды, не қолданып жүрген араб графикасын қазақ дыбыстарының ерекшелігіне сай жетілдіру мәселесін көтерді [1, 195].

Араб әліпбиі қазақ халқының рухани өміріне, мәдениетіне, зиялы қауымның қалыптасуына ықпал етті. Әліпби баспа жұмысының жандануына игілікті қызмет етті. 1912 ж. А. Байтұрсынов араб әліпбиіне негізделген қазақ жазуына алғаш реформа жасады [2, 678].

Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ халқының 20 ғ-дың басындағы ұлт-азаттық қозғалысы жетекшілерінің бірі, мемлекет қайраткері, ақын, публицист, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы ғалым, ұлттық жазудың реформаторы, ағартушы... Оның «Әдебиет танытқыш» деген зерттеуі (1926) қазақ тіліндегі тұңғыш іргелі ғылыми-теориялық еңбек. Байтұрсынұлы әдебиет тарихына, теориясы мен сынына, методологиясына тұңғыш рет тиянақты анықтама беріп, қазақ әдебиеттану ғылымының жүйесін жасады... Ол – қазақ ғылыми тарихында ұлттық әліпби жасап, жаңа үлгі ұсынған реорматор. Байтұрсынов әліпбиі қазақ тілінің табиғатына бейімделген араб жазуы негізінде жасалды. Ол Қазақ Білімпаздарының тұңғыш съезінде (Орынбор, 1924), Түркітанушылардың бүкілодақтық 1-құрылтыйында (Баку, 1926) араб жазуындағы әліпбидің қажеттілігін, құндылығын жан-жақты тұжырыммен дәлелдеген ғылыми баяндама жасады. Бұл әліпби ұлттық жазудың қалыптасуындағы ірі мәдени жетістік болып табылады [3. 72-75].

Байтұрсынов әліпбиі туралы Ж. Қ. Тойшыбекова: «1912 жылы А. Байтұрсынов қазақ тіліне қолайсыз таза араб әрпін спецификалық қазақ дыбыстарын білдіре алатын әріптермен алмастыру арқылы алфавит құрастырып, оны «Жаңа емле» деп атады [4. 195] деп жазады. Профессор Е. Д. Поливанов өзінің «Основные формы графической революции в турецких письменностях СССР» атты мақаласында А. Байтұрсыновтың араб графикасына енгізген реформасын «ғажап» деп бағалады [5. 322-323бб].

Бұл жобада араб алфавитіндегі қазақ дыбыстарын білдірмейтін кейбір таңбаларды алып тастау, қазақ тіліндегі ы, е, и, о, у дыбыстарының әрқайсысына жеке таңбалар алу ұсынылды. Жобадағы тағы бір ерекшелік – түрік тіліне тән сингормонизм заңдылығын мейлінше пайдалану. Сөйтіп, Ақаң жөндеген жаңа қазақ алфавитінде бас-аяғы 24 әріп таңбасы болып шығады [6. 195б].

А. Байтұрсынұлының қазақ жазуына икемдеген араб алфавиті мектеп оқытушылары және басқа да қазақтың, татардың зиялы азаматтары тарапынан қолдау тауып, күнделікті өмірде қолданыла бастады. Осы алфавитпен «Қазақ» газеті (1913-1919), көптеген көркем әдебиет шығармалары шығып тұрды. Алайда бұл алфавит ресми түрде тек 1924 жылы Орынбор қаласында өткен қазақ-қырғыз білімпаздарының тұңғыш съезінде ғана қабылданды [7, 17б].

19-20 ғасырларда оқу-ағарту саласының 2 түрлі бағытта болуына байланысты (медреселер, орыс-қазақ мектептері) әліппелер де араб және орыс әліпбиімен жазылды. Қазақтың тұңғыш ағартушысы, педагог Ы. Алтынсариннің «Қазақ хрестоматиясы» (Орынбор, 1864), «Қазақтарға орыс тілді үйретудің бастауыш құралы» (Орынбор, 1871) оқулықтары тұңғыш рет орыс әліпбиімен жарық көрді. Алайда «Қазақ хрестоматиясы» сауат ашуға арналған әліппе емес, оқу мен жазуды меңгерген балалардың алған білімі мен дүниетанымын дамытуды көздейтін оқулық еді. Бұдан кейін А. Е. Алекторовтың, А. В. Васидьевтің әліппелері жарық көрді. Олар екі бөлімнен (қазақша және орысша) тұрды. Оның авторлары К. Д. Ушинскийдің басқа ұлт балалары орыс тілін саналы меңгеру үшін өзінің ана тілінде санат ашуы қажет деген қағидасын ұстанды. Бірақ қолданылған әліппелер қазақ тілінің дыбыстық ерекшеліктерін түгелдей бере алмады. 20 ғ. Басында халқының сол кездегі тарихына ой жіберіп, болашағын парасатпен бағдарлай алатын қазақ зиялылар қауымы өсіп-жетілді. Олар халықты сауаттандырып, өркениетті ел қатарына қосуға күш салды. Түркі зиялыларын біріктірген «Жәдитшілер ұйымының» бір топ мүшелері де қазақ мектептері үшін жаңа оқулықтар жазды. Қазақ балаларын оқу мен жазуға төте жолмен үйретуді көздеді. М. Нұрбаевтың «Әліппесі» (Уфа, 1910), З. Ерғалиұлының «Қазақ әліппесі» (Қазан, 1910), М. Малдыбаев пен Ж. Аңдамасовтың «Қазақша ең жаңа әліппесі» (Қазан, 1912), К. Сырғалиннің «Қазақша әліппе кітабы» (Қазан, 1913), т.б. осындай серпілістен туған алғашқы оқулықтар еді. Алайда бұл аталған оқулықтар кең қолданыс таба алмады. Ал ғұлама ғалым А. Байтұрсыновтың жаңа әліпби үлгісімен жазылған «Оқу құралы» (Орынбор, 1912) қазақ мектептерінің әліппеге деген сұранысына толық жауап берді. Онда шәкірттердің сөздік қорын барынша сауат ашу жұмысына тиімді пайдалану мақсаты көзделді. Қазақ тіліндегі сөздердің дыбысталу ұқсастықтары мен ерекшеліктері ескерілген ұтымды әдіс қолданылды. Сондай-ақ бір дыбысы ғана өзгерген сөздердің мағыналарын ажырату арқылы сөздің мағынасын нақтылау, қолдану дағдысын жетілдіру қалыптастырылды [8, 678б].

1925 ж. А. Байтұрсынов әдістемелік жаңалықтарды ескере отырып, қазақ бастауыш мектептеріне арналған «Жаңа Әліп-биді» ұсынды. Оқулық өз заманына лайық «Әліппе» жасау ісінің озық үлгісі болды. Әліппеде сауат ашумен бірге балалардың ойы мен тілін дамыту, байланыстырып сөйлеу дағдыларын жоғары деңгейде қалыптастыру мәселелері дидактикалық және әдістемелік тұрғыдан жетік шешімін тапты. «Жаңа Әліп-биге»: а) баланың өз атынан баяндалатын мектеп өмірі жайлы әңгімелер; ә) балаларды адамгершілікке, ізгілікке, тазалыққа тәрбиелейтін әңгімелер мол енгізілді. Жалпы, А. Байтұрсынов отандық білім беру ісі тарихында оқушылардың ойы мен байланыстырып сөйлеуін дамыту жұмысына зор мән берген, осы мақсатқа жетудің жолын нақты тәжірибе жүзінде дәлелдеген алғашқы қазақ ғалымы болды. Саяси себептердің салдарынан «Жаңа Әліп-би» 20-жылдардың аяғына дейін қолданылды. Мұнан кейін Т. Шонановтың «Жаңалық» (Әліппе, Қызылорда, 1929) және Т. Шонанов пен М. Жолдыбаевтың «Жаңа арна» (Қызылорда, 1927) әліппелері жарық көрді [8, 678-679].

Ахмет Байтұрсынұлының ұлылығы оның тек тұңғыш оқу құралын жазғанымен өлшенбесе керек, ең бастысы алғашқы оқулық тілінің терең халықтығында, сапалылығы мен біліктілігінде. «Біздің жасынан орысша я ноғайша оқыған бауырларымыз сөздің жүйесін, қисынын нағыз қазақша келтіріп жаза алмайды...Яғни қазақ сөзінің қисынын келтіріп, өз нақышында жазу үшін сол тілде сауатын ашып, дағдыланған абзал». Ғалым мұны көрегендікпен айтқан-ау. Қазіргі таңдағы тілдік жағдай бұған толық көзімізді жеткізіп отыр [9, 13б] деп баға береді А. Б. Салқынбай.

Байтұрсынов халыққа ғылым-білімнің қажеттілігін түсіндірумен ғана шектелмей, білім беру ісін жолға қоюға күш салды. Байтұрсыновтың «Оқу құралы» (1912) – қазақша жазылған тұңғыш әліппелердің бірі. «Оқу құралы» қазіргі әдістеме тұрғысынан әлі күнге дейін маңызды оқулық ретінде бағаланады. «Тіл құрал» атты оқулығының фонетикаға арналған бөлімі 1915 ж., морфологияға арналған бөлімі 1914 ж., синтаксис бөлімі 1916 жылдан бастап жарық көрді. Оқулық қазіргі қазақ тілі оқулықтарының негізі болып қаланды. «Тіл құрал» - қазақ тіл білімінің тарау-тарау салаларының құрылымын жүйелеп, ғылыми негізін салған зерттеу. Оның тілдік ұғымдарға берген анықтамаларының ғылыми тереңдігі, дәлдігі қазіргі ғылым үшін өте маңызды. Ол тұңғыш төл грамматикалық терминдерді қалыптастырды. Мысалы, зат есім, сын есім, етістік, есімдік, одағай, үстеу, бастауыш, пысықтауыш, шылау, сөз таптары, сөйлем, құрмалас сөйлем, қаратпа сөз, т.б. жүздеген ұлттық терминдерді түзді. Сондай-ақ Байтұрсынов практикалық құрал ретінде «Тіл жұмсар», мұғалімдерге арналған «Баяншы» деген әдістемелік кітаптар жазды. Ол – қазақ тілін оқыту әдістемесінің іргетасын қалаған ғалым-ағартушы.

Байтұрсыновтың ақын, аудармашы, ғалым-тілші, әдебиеттанушы ретіндегі ұлан-ғайыр еңбегң өз дәуірінде зор бағаға ие болды. 1923 ж. Байтұрсыновтың 50-жасқа толғаны Орынбор, Ташкент қалаларында салтанатты түрде аталды. С. Сәдуақасов, С. Сейфуллин, М. Әуезов, М. Дулатов, Е. Омаров сияқты замандастары баспасөзде мақалалар жариялап, Байтұрсыновтың қазақ халқына сіңірген еңбегін өте жоғары бағалады. Өмірі мен қызметіне, шығармашылығына ғылыми пікір-тұжырымдар айтылды. Әуезов Байтұрсынов туралы «Ақаңның елу жылдық тойы» деген мақаласында «...Кешегі күндерге дейін бәріміз жетегінде келгенбіз. Қаламынан туған өсиеті, үлгісі әлі есімізден кеткен жоқ. Патша заманындағы хүкіметтік өр зорлыққа қарсы салған ұраны, ойымызға салған пікірі... әлі күнге дейін үйреніп қалған бесігіміздей көзімізге жылы ұшырайды, құлағымызға жайлы тиеді» деп жазды. 1929 ж. шыққан «Әдебиет энциклопедиясында» (Мәскеу) Байтұрсынов тұлғасына «аса көрнекті қазақ ақыны, журналисі және педагогі. Ол қазақ тілі емлесінің реформаторы және қазақ әдебиеті теориясының негізін салушы» деген ғылыми әділ баға берілді. 1933 ж. шыққан М. Баталов пен М. Сильченконың «Қазақ фольклоры мен қазақ әдебиетінің очерктері» деген кітапшасында: «оның негізгі бағыты қазақ халқының қоғамдық-мәдени оянуына ықпал ету болды» деп Байтұрсыновтың қоғамдық қызметін қорытындылады. Кейінгі коммунистік идеология Байтұрсынов есімін ауызға алуға көп жылдар бойы тыйым салып, ол туралы сыңаржақ пікірлер айтылды. Саяси қысымның қаупіне қарамастан белгілі түркітанушы, академик А. Н. Кононов «Отандық түркітанушылардың библиографиялық сөздігі» деген еңбегінде (1974) Байтұрсыновтың толық өмірбаянын беріп, әлеуметтік-қоғамдық қызметін, басты еңбектерін нақты айтты. Оның қазақ әліппесінің авторы екендігі, қазақ тілінің фонетикасы, синтаксисі, этимологиясы, әдебиет теориясы мен мәдениет тарихы оқулықтарын жазғандығы көрсетілді [7, 75-76].

А. Байтұрсынұлы өзінің бүкіл саналы өмірінде қазақ жазба тілін дамытумен айналысты. А. Байтұрсынұлы жасаған әліпби қазақ жазуы тарихындағы ұлы жаңалықтардың бірі болды. Оның көне араб жазуына жасаған реформасының өте сәтті шығуы әрі сауат ашудың ең жеңіл де қолайлы, жетілдірілген түрі болып шыққанын ғылыми қауым бір ауыздан мақұлдады. Әліпби айтысы тек баспасөз беттерінде емес, алфавитті өзгертуге байланысты ұйымдастырлған Орынбор, Баку съездері мен жиналыстарда қызу жүрді. Құйтырқы саясат «Күншығыстағы мәдени революция» деген ұранмен және латын жазуын халықаралық, мәдени жетістіктің көзі ретінде дәріптеумен зиялылар арасына іріткі туғызып, екіге айырды.



Мұрағат деректері латыншылардың негізінен большевиктік идеяны жақтаушылар болғанын дәлелдейді. А. Байтұрсынұлы бастаған алаш зиялылары жиналыстарда ғылыми негізделген және жан-жақты дәлелді баяндамалар жасады. А. Байтұрсыновтың араб жазуын жақтаудағы негізгі дәлелдері - алфавиттің орнығып қалуы, қазақ тілінің дыбыстық табиғатына лайықталып, өзгертіліп, қазақ мәдениеті мұқтаждығын толық өтеп отырғандығы және оның дыбыс әдісімен оқыту ісіне айтарлықтай қолайлы болп шыққандығы. Сондай-ақ А. Байтұрсынұлы бұл алфавиттің полиграфиялық мүмкіндіктері мен экономикалық тиімді жақтарын да баса көрсетеді, жаңа сауаттанып келе жатқан халқымыздың қайтадан сауатсыз болып қалатындығына, араб графикасымен жазылған мұраларымыздан айрылып, тарихи санамыздың күңгірттенетініне де баса назар аудартады. Латыншылар келтірген араб жазуының қолайсыздығы, баспа ісіндегі материалдық және экономикалық тиімсіздігі, т.б. дәйектеріне А. Байтұрсынұлы нақты жауаптар беріп, реформаланған араб графикасының артықшылықтарын, латын әрпінің ешқандай өмірлік қажеттілігі жоқтығын дәлелдеп шығады. Дегенмен, әкімшіл-әміршіл жүйе қазақ халқын сан ғасырлар бойы тарихи жадын қорландырып келген жазу мәдениетінен айырды.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

  1. Тойшыбекова Ж. Қ. ХХ ғ. басында Қазақстанда латын алфавитіне көшу идеясының қалыптасуы //ҚазҰУ хабаршысы. Тарих сериясы, № 1 (136). 2005

  2. «Қазақстан». Ұлттық энциклопедия/ Бас ред. Ә. Нысанбаев. – Алматы: «Қазақстан энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1 т. 1998.

  3. «Қазақстан». Ұлттық энциклопедия/ Бас ред. Ә. Нысанбаев. – Алматы: «Қазақстан энциклопедиясы» Бас редакциясы, 2 т. 1993.

  4. Тойшыбекова Ж. Қ. ХХ ғ. басында Қазақстанда латын алфавитіне көшу идеясының қалыптасуы //ҚазҰУ хабаршысы. Тарих сериясы, № 1 (136). 2005

  5. Поливанов Е. Д. Основные формы графической революции в турецких письменностях СССР //Новый Восток, КН 23-24

  6. «Қазақстан». Ұлттық энциклопедия/ Бас ред. Ә. Нысанбаев. – Алматы: «Қазақстан энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1 т. 1998.

  7. Әбілқасымов Б. Алфавитті өзгертудің тарихын зерделесек... //«Қайнар» университетінің хабаршысы. - 2001. № 1. 15-21-бб.

  8. «Қазақстан». Ұлттық энциклопедия/ Бас ред. Ә. Нысанбаев. – Алматы: «Қазақстан энциклопедиясы» Бас редакциясы, 2 т. 1993.

  9. Нұрманова Ш. Б. Қазақ әліпбиінің өзгертілу тархы туралы //А. Ясауи университетінің хабаршысы, № 2, 2007, 323-326 бб.


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет