Қабыршақты блефарит. Қабақтың көбіне созылмалы өтетін қабынуы.
Белгілері.Қабақтың жиегі қызарып, қышып, көздің ішкі бұрышына көпіршікті сұйық жиналады. Жануарлар қабынған қабағын әртүрлі заттарға, ал ит, мысық, терісі бағалы аңдар аяқтарына үйкелеп, қасиды. Сөйтіп оны асқындыра түседі. Қабақтың жиегі ісініп, қалыңдап, онда оңай сыдырылатын қабыршақ пайда болады. Көзден жас ағып, көздің қабақтары сығырайып әрең ашылады. Кірпіктердің біршамасы түсуі мүмкін. Асқынса қабақ пен көздің көптеген қабынумен өтетін (қабақтың терең қабынуы) зілді ауруларына ұласады. Сондықтан уақытылы емдеу қажет.
Емі. Алдымен аурудың себебін жою керек. Көздің қабағы, әсіресе оның жиектері жылы 3 % бор қышқылына, 1 % ас содасына немесе 1 :5000 фурацилин ерітіндісіне батырылған мақта – мәрлі тампонымен сүртіліп тазаланады. 1% тетрациклин майы күніне 2 рет жағылып 5 – 7 күн емделеді. Бұдан басқа кітаптың соңындағы қосымшада берілген дәрілерді қолданады.