ЖАС АППАРАТЫНЫҢ АУРУЛАРЫ Жас безінің қабынуы – (dacryoadenitis) дакриоаденит бірінші реттік ауру түрінде сирек кездеседі. Кейбір инфекциялық және паразиттер туғызатын ауруларда, жас безі орналасқан тұстағы жарақаттарда, көздің әртүрлі қабынумен өтетін ауруларында, құлақ түбінің лимфа түйіні қабынғанда, бастың қосалқы ауа қапшықтары қабынғанда екінші реттік ауру түрінде жиі байқалады.
Белгілері. Дакриоаденит жіті және созылмалы өтеді. Жас безінің терең орналасуына байланысты алғашында клиникалық белгілері анық байқалмайды. Ауру өршіп, іріңді қабыну басталғанда клиникалық белгілері айқын біліне бастайды. Алғашында көздің сыртқы бұрышының үстіңгі жағында томпайған ісік пайда болады. Ол сипағанда кедір – бұдыр (қалыпта жас безі қолға сезілмейді), сонымен қоса жоғарғы қабақ тұтас қабынып ісінеді. Ол аумақтың қызуы көтерілген. Қабақ аурушаң, конъюнктивадан аздаған ірің байқалады. Ауру асқынғанда жас безіндегі іріңдік (абцесс) қабақ терісі арқылы сыртқа немесе конъюнктва арқылы ішке жарылады. Осы кезден бастап біртіндеп қабақтың ісігі басылып, жас безіне дәнекер ұлпа өсіп бітеді. Жас безінің қабынуын, әсіресе іріңді қабынуын қабақтың абцессінен ажырату қажет. Қабақтың абцессі беткейлі, жайылмалы. Жас безінің қабынуы терең және аумағы шектеулі (ошақты). Қабақ тұтас қабынып ісиді. Қабынуға астыңғы қабақ та қоса шалдығады. Дакриоадениттің клиникалық белгілері қабақтың қатерлі зілді ісіктерімен де ұқсас. Қатерлі зілді ісіктер ұдайы өсіп, көлемінің ұлғаюымен, қабыну үрдісінің (оның ішінде іріңді) және аурушаңдықтың болмауымен сипатталады.
Емі. Ем уақытылы және дұрыс жасалса тиімді. Аурудың алғашқы сатысында жоғарғы қабақтың конъюнктивасы ішіне антибактерияльдық майлар (1% тетрациклин майы т.б.) салып емдейді. Қабақ терісінің жас безі тұсына Вишневскийдің майы, 5% ихтиол сияқты майлар жағылады. Егер қабыну қайтпаса қабаққа жылы компресстер қойылып, булау жасалады. Жарақаттан болған дакриоаденитте жарақатты емдеу керек. Егер жас безінде іріңдік пайда болса қабақ терісін тіліп, іріңін шығарып, дезинфекциялық дәрілердің ерітінділерімен жуып, ақ стрептоцитпен немесе септи – спреймен өңделеді. Ал жас безінің іріңдеп бүлінуі терең болса, онда ол операция арқылы тұтас сылып алынып тасталады (экстирпация). Бұл операцияның жағымсыз тұстары да бар. Жас безін сылып алып тастағанда жастың түзілуі толық тоқталады да конъюнктива мен қасаң қабық кебеді, бүлінулерге ұшырайды. Операция техникасы. Малды жығып (ұсақ жануарлар операция столына) байлап бекіткен соң жас безінің айналасына 0,5% новокаин сіңіріледі. Сонымен қоса оны ретробульбарлық кеңестікке де егеді. Маңдай жүйкесіне 2% новокаинмен өткізгіштікті тежеу анестезиясын жасауға болады. 10 – 15 минуттан соң көз шарасының бойымен оның орта тұсынан бастап көздің сыртқа бұрышына дейін тері, тері асты борпылдақ ұлпасы мен сірі қабығы тұтас тілінеді. Тілінген тері астынан жас безін тауып, оны қысқышпен ұстап, қоршаған ұлпалардан ажыратып, сылып алып тастайды. Операциялық тілікке тігіс салынады. Ары қарай асептикалық жарақат ретінде емделеді.
9 – шы сурет. Жас безін операциямен сылып тастау техника