Ахметова Ақнұр Төлепбергенқызы
Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
№47 орта мектеп МКМ
Алматы облысы, Іле ауданы, Байсерке ауылдық округі, Қоянқұс ауылы
Орыс сыныптарына қазақ тілін оқытудың жаңа әдістері
Қазақ тілі - мемлекеттік тіл. Сондықтан да орыс тілді мектептерде жүйелі оқыту үрдісін қалыптастыру бүгінгі күннің басты талабына айналып отыр. Мемлекеттік тілді оқытудың тиімді де ыңғайлы жүйесі мен құрылымын қалыптастыру әрбір мұғалімнің шеберлігі мен шығармашылығына байланысты. Оқу орыс тілінде жүретін мектептердегі қазақ тілі пәні мұғалімдерінің мақсаты – оқушылардың сөйлеу дағдысын дамыту, қарым- қатынас біліктілігін қалыптастыру, мемлекеттік тілді меңгеріп, сөйлеуіне жағдай тудыру. Бұл орайда қазақ тілін оқытудың озық технологиясын меңгеру – үлкен істің бастамасы.
Қазір білім саласында оқытудың жаңа технологиясы кеңінен қолданылуда. «Қазіргі заманда жастарға ақпараттық технологиямен байланысты әлемдік стандартқа сай жаңа білім беру өте-мөте қажет» деп, ел Президенті атап көрсеткендей, электронды оқыту әдіс-тәсілдерін мектеп өміріне енгізу – жаңа білім берудің бірден- бір шарты.
Оқыту технологиясы – оқу ақпаратын дайындау, өңдеу, әдіс-тәсілдерінің жиынтығы, ұстаздың шәкіртіне оқыту үрдісінде қажетті технологиялық және ақпараттандыру құралдарын пайдалана отырып ықпал ету тәсілдері. Оқытудың мазмұны мен оқыту әдістері өзара тығыз байланыста болу керек.
Бүгінгі күнгі ғылым мен техниканың дамуы қазақ тілін үйретудің жаңаша жолдарын талап етеді. Тәуелсіз Қазақстанның әр азаматы мемлекеттік тілде еркін қарым-қатынас жасауы керек. Ол үшін адамдармен қарым-қатынас жасау, яғни коммуникацияға түсуді үйрету қажет. Ф. Ш. Оразбаева өзінің «Тілдік коммуникация негіздері» атты еңбегінде: «Коммуникация – қарым-қатынас, араласу, хабарласу, байланыс деген сияқты мағыналарды білдіре келіп, адамдардың тіл арқылы сөйлесу процесін, тілдесу ерекшеліктерін, тілдің әлеуметтік мәні мен қоғамдық қызметін, адамдар арасындағы қарым - қатынасты, өзара түсінушілікті көрсетеді»,- деп атап өтті.
Ал осы коммуникацияны жүзеге асыру үшін қатысымдық тұлғаларды игерген жөн. «Қатысымдық тұлғалар – тіл арқылы қарым-қатынасты қамтамасыз ететін, белгілі бір орта мен араласу жағдайында жүзеге асатын, тиянақты ойды хабарлау және қабылдау қасиеті бар, ерекше деңгейге көтерілген тілдік тұлғалардың қатысынан тұратын, қарым-қатынастық мәні бар бірліктер».
«Шет тілдерді игерудің жалпы еуропалық құзыреттері: зерттеу, оқыту, баға» стандартында бұл «қатысымдық тұлғалар» - тілдік дағдылар деп аталған. Тілдік төрт дағды (айтылым, тыңдалым, жазылым, оқылым) оқушының сөйлеу әрекетін қалыптастырады.
Қазақ тілінің жаңа оқыту әдістері арқылы біз білім деңгейі, ой-өрісі дамыған, тіл арқылы өз ойын еркін жеткізе алатын, туындаған мәселелерді шеше білетін, шынайы өмірге бейім жаңашыл ұрпақ тәрбиелейміз.
Оқушылар оқылым, жазылым, тыңдалым, айтылым дағдыларын қалыптастыра отырып, еркін қарым-қатынас жасауға, сын тұрғысынан көзқарасын білдіруге, өз ойын жеткізіп, шешім қабылдауға дағдыланады. Қазақ тілінде берілген кез келген ақпараттарды тиімді қолдана отырып, өзіне қажетті мәліметті ала алады.
Қазақ тілін оқыту әдістемесі туралы сөз болғанда бұл мәселенің ішінен басқа ұлт өкілдеріне қазақ тілін оқыту мәселесін жеке бөліп қарастырмаса болмайды. Өйткені, қазіргі таңдағы көп жұмыс істеліп, жан-жақты қарастырылып отырған мәселе – орыс сыныптарында қазақ тілін оқыту мәселесі. Сонымен қатар, бұл мәселе тілдік коммуникацияның тікелей зерттеу объектісі бола келіп, қазіргі кезеңде өзекті мәселе болып отырған қазақша сөйлеуге үйретудің тиімді жолдарын табуға көмектеседі.
Орыс сыныптарында қазақ тілі сабағын жүргізу мәселесімен айналысып жүрген ұстаздар көп. Олардың әрқайсысы әр түрлі мәселелерді қарастыра келіп, қазақ тілін оқыту саласының дамып, жетілуіне үлес қосуда. Бұл еңбектердің авторлары Ш.Х.Сарыбаев, И.В.Маманов, Ғ.Бегалиев, С.Жиенбаев, Т.Аяпова, Ш.Бектуров, К.Сариева, А.Жүнісбеков, Ф.Р.Ахметжанова, М.Жанпейісова, Ф.Оразбаева, Қ.Бітібаева т.б.
Бүгін біздің алдымызда тұрған мақсат — өзге тілді оқушыларды қазақ тіліне үйрету ғана емес, сонымен қатар алдымызда отырған шәкірттердің Отанының қасиетін сезініп, оның алдындағы ұлт жауапкершілігін ұғынып, ол үшін басын бәйгеге тігер тәуекелге баруы болып саналады. Сол сияқты, барлық отандастардың отанымен рухани және материалдық тығыз байланыста болуы, өзі өсіп-өнген аймаққа деген сүйіспеншілігі патриотизмнің қайнар көзі.
Алдында аталып өткен авторлардың еңбегінің зор екендігін айта келе, өзімнің жұмысымда Ә. Жүнісбектің үндестік заңы технологиясы және Ф. Оразбаеваның қатысым әдіс технологиясын басшылыққа алып келемін.
Сонымен қатар, қазақ тілі сабақтарында қатысымдық әдісін қолданып, аймақтық компонентін кеңінен пайдаланамын. Неліктен қатысымдық әдіске тоқталдым? Мәселені дұрыс ашу үшін ең бірінші қатысымдық әдістің негізін құрайтын принциптерін көрсетейік. Ф.Оразбаева басқа ұлт өкілдеріне қазақ тілін оқыту барысында қолданылатын қатысымдық әдісті өзіндік принциптер арқылы ажыратады. Олар:
1. Тіке байланыс
2. Адамның жеке қабілетін ескеру
3. Сөйлесуге үйретуде жүргізілетін жұмыстардың түрлерін айқындау
4. Сатылап даму
5. Динамикалық өзгеру
6. Өзектілік
Қатысымдық әдісті пайдаланудың тиімді жолы – оның тіке байланысқа негізделіп, адамдардың тікелей қарым-қатынасы арқылы тілді үйретуді жүзеге асыруында. Тілді оқытуда үйренуші мен үйретушінің арасында бір-бірімен көзбе-көз кездесу, ауызба-ауыз тілдесу, яғни, тікелей қатынас болмаса, сөйлесім әрекеті де іске аспайды. Тілді үйретуге байланысты қандай бағыт-бағдарды таңдап алу керек, оған қатысты орындалатын жұмыстармен тапсырмалар қандай, оны іске асыруда бұл жұмыс түрлерінің алатын орны мен қызметі қандай дегенді анықтап белгілемей, алға қойған мақсатқа жету мүмкін емес.
Отан – от басынан басталады десек, туған облысымыздың, қаламыздың көрнекі жері, тарихы, атаулы оқиғаларын, айтулы адамдардың өмір жолдарын білгізудің мәні зор. 3, 4, 7-сыныптарда аймақтық компоненттерді «Қазақстан», «Менің қалам», «Менің көшем», «Менің отбасым», «Дүкенде», «Стадионда», «Дәрігерде», «Жыл мезгілдері» тағы сол сияқты тақырыптарды оқығанда әбден қолдануға болады. Аймақтық компоненттерді сабақта қолдануда қандай шаралар арқылы жүзеге асыруға болатынын сызба бойынша көрсетуге болады.
Тақырыпты қандай жұмыс түрлері арқылы ашуға болады?
— Диалог
— Викторина
— Карточкакмен жұмыс
— Сурет бойынша жұмыс
— Инсценировка
— Тест
— Экскурсия
— Оқушылардың шығармашылық жұмыстары «шығарма, тақпақтар,
альбомдар»
— Пән бойынша шығармашылық жұмыстар
— Интеграцияланған сабақтар
Енді осы тақырыптардың кейбіреулеріне тоқталайық.
Сабақта тілдік қатынас үш түрлі жолмен немесе қалыппен іске асады:
1. Жұптық
2. Топтық
3. Ұжымдық
Жетінші сыныпта «Жалпы есім және жалқы есім» атты грамматикалық және «менің қалам» атты лексикалық тақырыпты оқығанда карточкамен жұмыс екеуара сөйлесу тағы сол сияқты жұптық қалыппен жұмыс істедім. Карточкаларды әр жұпқа үлестірдім.
Үлгі: І Сөйлемнен жалпы есімді бір топқа, жалқы есімді екінші топқа бөліп жаз: «Өскемен қаласында көшелер кең, таза. Мен Өтепов көшесінде тұрамын» т.с.с. Бірінші оқушы оқиды, екіншісі тапсырманы орындайды. Осыдан кейін карточкалар екінші жұппен алмасып, бірінші оқушы жазады, ал екінші оқушы оқиды.
Үлгі: ІІ Екеу ара сөйлесуде тапсырманың желісі төмендегідей болады «Спросите друг у друга куда ты пойдешь отдыхать в ближайшие выходные? Употребите в вопросах и ответах жалпы есім и жалқы есім.»
Диалог мынадай үлгіде болды: Бірінші жұп:
— Сен жексенбі күні өзенге дем алуға барасың ба?
— Жоқ, мен жексенбі күні «Ботагөз» кинотетрына кино көруге барамын. Өзің ше?
— Мен жексенбі күні Іле тауларына шаңғы тебуге барамын.
Тілді топтық форма арқылы оқыту арнайы құрылған шағын топтарды қатысымдық әдістің қағидаларына бейімдеудің нәтижесінде жүреді. Топтық қалып бойынша бір адам кем дегенде екі не одан да көп адамдармен бірден қарым- қатынасқа түседі. Яғни сөйлесуші ойын, пікірін, атқаратын жұмыстың мақсатын бірнеше адамдарға қатар жеткізеді. Бұл қалып бойынша жұмыс сұхбат түрінде де, монолог түрінде де іске асуы мүмкін.
4- сыныпта «Қазақстан қалалары» тақырыбын алайық. Нәтиже сабағында сыныпты топқа бөліп, бірінші топқа: «Теледидар бойынша ауа райын болжау», екінші топқа «Аялдамада ауа райы туралы сөйлесу», үшінші топқа «Кеше экскурсияға бардық. Ауа райы туралы әңгімелеу», төртінші топқа «Телефонмен сөйлесу».
Бір қызығы осы топтық жұмыс барысында бірінші топ оқушыларының жауабына бүкіл сынып араласып, соңы ұжымдық қалыпқа ауысты. Себебі, оқушылардың назарын аудару үшін (тыңдап отырған) ситуациялық жағдаят тудырдым: Мынау тікелей эфир. Сендер әр қалада тұрасыңдар. Өздерің тұрған қаладағы ауа райын сұрауларыңа болады – деп едім, «Дикторлар» сөйлеп болысымен: «Кешіріңіз, Таразда ауа райы қандай болады?», «Өскеменде ауа райы қандай болады?» — деп әр жерден сұрақ қойып оқушылар сөйлесіп кетті. Жалпы ұжымдық қалып жұптық және топтық қалыптарда өзара біріктіреді деген Ф.Оразбаеваның пікірінің дұрыстығын осы сабақта өте айқын көріп, ұқтым.
Осындай сөйлесулерде оқушылардың өз Отанына, қаласына, көшесіне деген сүйіспеншіліктері, мақтаныштары дауыс ырғағынан-ақ байқалып, қуантады. Әрине, мұндай нәтижеге алдыңғы сабақтарды тиімді, тартымды өткізудің арқасында ғана жетуге болады.
Жазғы, күзгі, көктемгі каникулға әр тақырыпқа байланысты тапсырмалар беру тәжірибемізге енген. Бұл тапсырмалар оқушының оқыған-тоқығанын ұмытпауға жақсы ықпал етеді және тапсырманы шығармашылықпен, асықпай сапалы орындауына көп пайдасы бар. Тақырыптың өзектілігі негізгі бір сабақта орындалуы мүмкін, керісінше бірнеше сабақта, тіптен сабақтар жүйесіне, практикалық түрге де созылуы мүмкін. Мысалы, жазғы тапсырмалар: «Менің ең қызықты бір күнім», «Жазғы демалысым», «Менің қалам көктемде», «Жаздағы Алматының көшелері» атты тақырыптарда осы жүйелілікті байқауға болады. Оқушылар қай жерде демалғандарын айта келе Алматының табиғаты, демалатын орындарын сипатта жазып, фотосуретке түсіріп алып келеді.
Бұл да сабаққа қызығушылығын арттыруға, жауапкершілік сезімдерін дамытуға үлкен үлесін қосады. Сонымен бірге өз туған жеріне деген мақтаныш, махаббат сезімдерін одан әрі дамытады. Тілді үйретудің басты түйіні, кілті – қазақ тілінде сөйлесе білу, өз ойын жеткізе білу. Ол әрбір сабақта осы қарастырылып отырған аймақты компонентті тақырыбына тілдесе білуден басталып кез келген ортада пікірлесуге дейін жетеді. Сондықтан оқытудағы әр түрлі жұмыстар орталық өзектен пайда болып келіп, басты түйінге айналып соғып отыруы керек.
Барлық жұмыс түрлері тілдік материалмен салаларды тізбектеп оқыта берумен емес, олардың ішінен сөйлеуге қажетті ең керектілерін сұрыптап ала білумен, сөйлеу материалын танумен, оларды дұрыс қолданумен, сөйлеу әрекетінде тиімді пайдалана білумен де ерекшеленеді.
Жұмыс барысында нәтижеге қатысымдық әдіспен қатар, басқа да инновациялық технологиялардың элементтерін қолданамын, солардың жақсы нәтижесін оқушыларымның жетістіктерінен көріп келемін. Біріншіден, оқушыларым дыбыстық ерекшеліктерді жақсы меңгерген, яғни айтылым дағдылары жоғары. Екіншіден, ауызекі сөйлеу дағдылары жоғары. Күнделікті жұптап, топтап жұмыс істеудің нәтижесінде оқушылардың берілген тақырыпқа, соның ішінде бүгінгі өзекті деген аймақтық компоненттер тақырыбына сұрақ қоя білу, жауап беру дағдылары даму үстінде.
Үшіншіден оқушылардың пәнге деген қызығушылығы арта түсуде. Берілген тапсырмаларды қосымша шығармашылықпен орындап келген шәкірттерімді көргенде әрине қуанышым шексіз, сонымен қатар, сабағымның қызықты, тартымды өтуіне мұғалім ретінде барлық күшімді жұмсаймын.
Төртіншіден, шәкіртім Месхидзе Фериденің, Тазабекова Диьбардың, Пущак Светлананың, Таштемирова Самираның жүлделі екінші, үшінші орындардан көрінуі аталған жұмыстардың кішкене болса да нәтижесі деп түсінемін. Әрине мұнымен шектелмей, жұмысты одан әрі жалғастыру басты міндетім. Қорыта келе, іздену, тиімді әдістерді тауып пайдалана білу, сабақ барысында үнемі түрліше әдістерге сүйеніп отыру керек екендігін қазіргі таңда әр оқытушы түсінеді.
Ұлы ғалым Ахмет Байтұрсынов былай деген екен: «Жақсы мұғалім деген атқа түрлі әдістерді меңгеріп, соларды оқытуда қолдана білу арқылы ғана жетуге болады. Сонымен қатар, бірнеше әдісті меңгеріп қана қоймай, табанда өзі қажет әдісті тауып, пайдалана білу керек»
Достарыңызбен бөлісу: |