«Бала кезде үш жастан он екі жасқа дейінгі аралықта әр адам өзінің рухани дамуына қажетті нәрсенің бәрін де ертегіден алады. Ертегінің рухани тәрбиелік мәні зор. Ол балаға рухани ләззат беріп, қиялға қанат қағып бітіретін, жас баланың рухының өсіп жетілуіне қажетті нәрсенің мол қоры бар рухани азық.»
Атақты педагог Сухомолинский
Халқымыз балаға деген ыстық сүйінісін, жұмсақ лебізін, жылы жүрегін, тәтті қиялын өлең-жырмен жеткізген. Жас нәрестенің дүниеге келуін қуаныш еткен. Баланы жұбату, ойнату, тәрбиелеу, мақсат-тілектер өлеңмен, жырмен, көркем сөзбен айтылған. Ал, халық ауыз әдебиетін жастайынан естіп өскен бала, өсе келе оны сүйіп оқып, қызыға тыңдайтын болған. Балалар әдебиеті бала тәрбиелеудегі халықтық педагогикамен тығыз байланысты. Ауыз әдебиеті балалардың даму ерекшелігімен, психологиясымен жанасудан туған. Олай болса, халық ауыз әдебиеті – халық педагогикасының тынық мұхиты.
Халық ауыз әдебиетінің ең бір саласы – ертегі, ертегілер өте ерте заманда, тіпті жазу, сызу болмаған кездің өзінде ақ туған. Бұларды халқымыз күні бүгінге дейін ұрпақтан ұрпаққа ауызша жеткізіп келеді. Балалардың тілін дамытуда ертегілерді әңгімелеу, оны кейіптендіру, баланы сөйлемді байланыстырып сөйлеуге үйретеді. Көркем әдебиет сабағында алдыма қойылған мақсат: баланың ертегіні байланыстыра сөйлеу дағдыларын жетілдіру, ертегінің мазмұнын дұрыс түсініп, грамматикалық жағынан дұрыс байланыстырып, жүйелі әңгімелеп беруге үйретуді, алдыға қоямыз. Тіл байлықтарын арттыру мақсатында және оқылған ертегінің мазмұнын толық қабылдау негізінде күннің екінші жартысында осы оқыған ертегіні кейіптендіреді. Мысалы: «Ақымақ қасқыр», «Мақта қыз бен мысық», ертегілерін. Олар өздерінің қалаған ертегілерін кейіптендіреді, сөздерін жатқа айтып отырып, өзі қалап алған кейіпкерлердің көңіл-күйін, іс әрекетін беруге тырысады.
Балалардың ой-өрісін дамытуға, қиялын шарықтатып, тіл байлығын молайтуға ауыз әдебиет үлгілері – ертегілер, жұмбақ, жаңылтпаштардың, халық ойындарының тигізетін пайдасы ұшан-теңіз. Әрине, ауыз әдебиеті үлгілерімен балаларды таныстыру үшін алдымен оқытылатын материалдың көлемін, мазмұнын анықтап алу керек. Материал мәтіннің мазмұны балаларды қызықтыратындай, жалықтырып жібермейтіндей шағын болу керек.
Ертегінің өзіндік құрылысы, көркемдік ерекшелігі бар. Қандай ертегіні алсақ та, ол белгілі бір сюжетке құрылады, оқиғаның желісінің басталуы, аяқталуы, өзіндік шешімі болады. Ертегі баяу басталып, оқиға желісі күрделене түседі. Әсіресе адам өміріне байланысты іс-әрекет өткір сықақ-мысқылмен беріліп, бала сезімін селт еткізіп, күлкіге мәз етеді. Бала жағымсыз кейіпкердің жексұрын әрекетінен бой тартып жақсылыққа құмартады. Ертегінің әр жақты сырын қызықты, тартымды, бала санасына лайықтай жеткізу айтушының шынайы шеберлігіне тікелей байланысты.
Балабақшада ертегі оқу сабақта және сабақтан тыс уақыттарда өтіледі. Оқу жұмысы баланың жас ерекшелігіне орай жоспарланады., ауызша әңгімелеп беру тәсілі қолданылады, оқығанды тыңдату және әңгімелеп беру қатар жүргізіледі. Мұндай мақсат – ертегіні ауызекі әңгімелеуге төсілдіре отырып оқылғанды шыдамдылықпен тыңдай білуге үйрету.
Сонымен қатар сахналық қойылым әр балаға қуаныш, ұмытылмас әсер сыйлайды, оның көркемдік талғамын, еліктеуі мен қиялын дамытады.
Мектепке дейінгі жасөспірім баланы тәрбиелеумен дамыту ісіне байланысты мақсаттарды шешуде сахна ерекше рөл атқарады.
Балалар бақшасында өтілуге тиісті көркем шығармалардың көбі әсіресе қосымша өтілуге тиісті шығармалар көрсетілген әдістердің біріне сай инсценировкалау мүмкін.
Бірінші кезеңдебалалар ұжым болып, (жалпылама) ертегі мәтінін ауызша айтады.
Екінші кезеңде ертегінің барлық кейіпкерлері үшін оқып шығу бір балаға ғана ұсынылады.
Үшінші кезеңде балалар бірнеше шығармашылық тапсырмаларды орындайды. (қуаныш, қорқыныш, сезімдерін көрсете білуі және т. с. с).
Төртінші кезеңде рөлдерге бөліп, ертегіні оқу жүзеге асырылады. Сондай - ақ ғалымдар сахна іс - әрекетінің тиімділігі көбінесе балалардың бейнелеу шығармашылығы сабақтарының кешенді болуына байланысты екендігін айқындады. Сәндік безендіру шығармашылығы үрдісінде балалар ойлану, ойын дамыту және қиялдау мүмкіндігіне ие болады, мұның бәрі орындалатын бейнелердің мәнді болуына қолайлы әсер етеді.
Балалардың танымдық ынтасын дамыту педагогтардың ұйымдастыру шеберлігіне тікелей байланысты.