Қожа қанша қиқар болғанымен, жаны таза арманшыл бала. Төртінші мен бесіншіде жүргенде-ақ ақын болуды, ақынға жақын болуды, жазушы болуды, арман ете бастайды. Оның бұл үміті елін, жерін, өлке табиғатын жанындай жақсы көретін патриоттық ұшқыр сезімдерімен тоғысып жатады. Жас кезінен Отан жайлы осылай ойлануы – баланың патриоттық тәтті сезімінің ояна бастағанын байқатады.
Бердібек бала психологиясын өте шебер де нанымды суреттейді. Қожа мінезінде, оның істерінде, балалық қылығында ешқандай жасандылық жоқ. Повестегі сүйсінерлік бір жай – аз да болса, мектеп пен ата-аналар байланысының суреттелуі. Осы бір көрініс ұжымдық күштің, ұжым ықпалының балаға етер әсері арқылы жақсы нәтиже беретінін байқатқан. Балалардың осындай типтік образдарын жасап беруі арқылы Бердібек творчествосының жаңашылдығы, көркемдік шеберлігі, прогресшіл, идеялық-эстетикалық мәні, халықтығы мен ұлттық ерекшелігі айқын ашылып, әсерлі көрінеді. Өйткені, Соқпақбаевтың есімі көзі тірісінде-ақ әрбір мектеп баласының жүрегінен мықтап орын алған болатын. Шығармашылық жолын балаларға арнап өлең жазудан бастап, «Пионер» (қазіргі «Ақ желкен») журналының белсенді авторы болды. 1950 жылы «Бұлақ» деп аталатын өлең жинағын шығарған. Кейіннен балалар мен жасөспірімдерге арналған прозалық шығармаларын жазды. Оның балаларға арнап жазған туындылары балалардың ғана емес, үлкендердің де сүйіп оқитын шығармаларына айналды.
1967 жылы балалар мен жасөспірімдерге арналған фильмдердің Канн қаласында (Франция) өткен халықаралық фестивалінде жазушының сценарийі бойынша қойылған «Менің атым Қожа» фильмі арнаулы жүлдеге ие болған. Ол тек балаларға арнап шығармалар жазып қойған жоқ, сонымен қатар жасөспірімдерге арнап «Бозтөбеде бір қыз бар» атты пьеса, «Өлгендер қайтып келмейді» атты роман, «Гауһар» атты повесть және тағы басқа да жиырмаға жуық кітаптарын шығарды.
«Жас Бердібек көз көргендердің айтуына қарағанда, жас кезінің өзінде-ақ ешнәрсеге жасымайтын, ешнәрседен жасқанбайтын отты, өжет болған екен. Ол сыйлауға, сыйласуға өте жақсы еді. Бірақ талғампаз болатын. Кейде тым кіділеу, тым кірпияздау көрінетін. Ал шын жаны жақтырған адамға, көңілі сенген кісіге ақжарқын да адал болатын. Екі сөйлемейтін, өтірік айтпайтын. ..» - бұл, жастайынан бір ауданда бірге өсіп, кейіннен дәм-тұздары жарасып, жазушымен сыйлас болған қарт қаламгердің жан тебіренісі.
Бердібек Соқпақбаев – Кеңес үкіметінің «қылышынан қаны тамып тұрған» кездің өзінде тек өз жүрек қалауымен оқырмандарына жалғандықтан қашып шынайы шындықты жеткізе білген жазушыларымыздың бірегейі. Балалар өмірін шынайы сүйіспеншілікпен бейнелейтін хикаялары мен әңгімелерін жас та, қарт та, қазақ та, басқа да құмарта, қызыға оқиды десек еш артық айтқандық емес. Бердібек Соқпақбаев кейіпкерлерін қолдан жасамаған. Оның кейіпкерлері – өзі. Жазушы шығармаларын бірінші жақтан жазады. Яғни, шығарманы бас кейіпкер әңгімелеп отырады.
«Менің атым Қожа», «Балалық шаққа саяхат», «16 жасар чемпион» және тағы басқа шығармалары жазушының тұтас өмірін көрсетпегенмен бөлшек-бөлшек тұстарын қызықтыра өмірге әкелген болса, ал мына «Өлгендер қайтып келмейді» романы жазушы жаратылысын тұтас тұлға етіп береді. Шығарманың ел ойынан шығатын шынайы жүзі тек қана шындық жазудан тұрса ол сол шығарманың шырайлылығын берсе керек. Осы тұрғыдан алғанда Бердібек ағамыз жоғарғы ойдың ортасынан ойып тұрып өз орнын алып және сол қасиетімен халық есінде, қала берді әр ұрпақ есінде мәңгі қалған адам.