Бердібек Соқпақбаевтың балалар үшін танымдық мәні зор шығармаларының бірі «Жекпе-жек» хикаясы. Жазушының бұл шығармасы да қазақ әдбиетіне келген тың туынды. Өйткені, қазақ балалар әдебиетінде бұған дейін спорт тақырыбы мұндай деңгейге көтерілген шығарма болған емес. Бұл шығарма бокс жайлы жазылған. Ал бокс деген спорт түрі, қара домалақ қазақ баласына өте жақын десек артық айтқан болмас еді. Ауыл спортының, әсіресе бокстың дамуына үлкен төңкеріс жасаған, құрыштай шыныққан саңлақтардың дүркіреп шығуына соны серпіліс, ерекше серпін берген айтулы көркем дүние. Мұнда ауыл баласы, спортшы Мұрат Батырбаевтың спорттық өсу жолы, оның дарынды ұстазы Украин жігіті Николай Трофимовичтің қажымай-талмай жүргізген жемісті еңбегі көрсетілген. Бұл повестің басты кейіпкері селолық мектепте оқитын Мұрат болғандықтан, ондағы оқиға тартысы, сюжеттік желінің бәрі де соның іс-әрекетіне, табысына байланысты дамиды. Жасында әлжуас болып өскенмен, үзбей шынығу, ұдайы жаттығудың нәтижесінде спорт шыңына шыққан Мұраттың бейнесі арқылы жазушы арман жолында қиындықтан қашпау керектігін ұғындырады. Бердібек Соқпақбаевтың «Балалық шаққа саяхат» повесі – өмірбаяндық туынды. Онда автор өзінің балалық шақта басынан кешкендерін, сол кездегі дәуір шындығына орай кішкентай Бектас бейнесі арқылы елестетеді. Бектас жетімдік пен жоқшылық қасіретін көп көріп, жаншылып өссе де, онысына мойымайтын, қажырлы, өжет бала. Сабаққа алғыр. Жүгіру,секіру, суға малту жағынан да өзінен ересектерге есесін жібермейді. Бектастың мінезінде өткірлік, кейде оспадарлықта бар, бірақ оқуға зерек. Шешесі өліп жетім не жетіссін. Бір ғажабы – кісі есігінде жүріп оқыса да, Бектас екінші, төртінші класты мақтау грамотасымен бітіреді. Бойда қайрат, ойда көз, көңілінде жігер болған соң, бала тұрмыстың қандай азабына болса да төзімділікпен, өміршендікпен қарайды. Бектасты болашаққа сүйрейтін осындай оптимистік үміт-арманы.
Достарыңызбен бөлісу: |